Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
Солтүстік әулеттер тарихы жылнамасындағы түрк тектес халықтарға тиесілі мәліметтер

19.09.2019 6218

Солтүстік әулеттер тарихы жылнамасындағы түрк тектес халықтарға тиесілі мәліметтер

Негізгі тіл: Шималий сулаләр тарихи

Бастапқы авторы: ғалымдар тобы

Аударма авторы: Айдар Әбішев

Дата: 19.09.2019

Кіріспе сөз

 

          Қолыңыздағы кітап – Қытайдың 24 әулеттің тарихында, оның ішінде «Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасындағы Орта Азияға қатысты материалдарды қамтитын жинақ. 

          «Солтүстік әулеттер тарихында» 386-618 жж. кезеңіндегі Солтүстік Вэй (соның ішінде Шығыс Вэй және Батыс Вэй), Солтүстік Ци, Солтүстік Чжоу және Суй әулеттерінің ғұн, сянби, жоржан, қаңлы, түрк және басқа да көшпелі халықтармен қарым-қатынастарының 233 жылдық тарихы жазылған. Шығарма жалпы саны 100 бөлімнен тұрады, авторы Ли Яншоу.

          Ли Яншоу Сяңчжоу ауданынан (қазіргі Хэнән өлкесі Әняң ауданы) шыққан, Таң әулетінің алғашқы кезеңінде өмір сүрген. Ол Білім сарайының ғалымы, тексеруші-бек мекемесінің бас дәптершісі, сарай жылнамашысы мансаптарын атқарған. Таң патшасы Тайцзуңның Чжэнгуән жылдары «Суйнама», «Алдыңғы бес әулеттің баяны» және «Цзиннама» жылнамаларын жазуға қатысып, көптеген еңбектерді көріп, мол деректер жинақтаған. Бұл оны «Солтүстік әулеттер тарихын» жазу үшін пайдалы шарт-жағдаймен қамтамасыз еткен.

          Ли Яншоудың әкесі Ли Даши Солтүстік Ци және Суй әулеттерінде қызмет атқарған. Қытай оңтүстік және солтүстік патшалықтарға бөлінген уақытта әрбір әулет өз тарихнамасын жазып, бір-бірін жамандаған. Оңтүстік әулеттер солтүстік әулеттерді «өрім шашты бөтен жұрт» десе, солтүстік әулеттер оңтүстік әулеттерді «аралдық жат жұрттар» деп атаған. Оның үстіне, әрбір әулет өз тарихын егжей-тегжейлі, ал басқа әулеттердің тарихын үстірт жазған. Тіпті тарихи фактілерді бұрмалаған жағдайлар да болып тұрған.

          Бұны байқаған Ли Даши «У және Юэ елдерінің жылнамасындағы» жыл атауына еліктеп, «Солтүстік әулеттер тарихын» жазуға бекінген. Алайда шығарманы аяқтауға үлгірмей дүние салған. Ли Яншоу әкесінен қалған түпнұсқаның негізінде әуелгі жылнамалық тәсілді ғұмырнама-баяндау тәсіліне өзгертіп, осы тарихи шығарманы аяқтау үшін жапалы еңбек сіңірген. «Суйнама», «Алдыңғы бес әулеттің баяны» және «Цзиннама» жылнамаларын жазуға қатысқан ол солтүстік әулеттердің тарихымен аса жетік таныс еді. Ол 16 жыл уақытын сарп етіп, 659 ж. «Солтүстік әулеттер тарихын» ойдағыдай жазып бітірген. Ли Яншоу осы шығарманы «Вейнама», «Солтүстік Цинама», «Чжоунама» және «Суйнама» жылнамаларының негізінде жазса да, оған жоғарыдағы төрт еңбекте жазылмаған көптеген тарихи деректер енгізген. Оның үстіне, Ли Яншоу аталған шығармалардың авторлары секілді артық бет-беделіне қарауды немесе жасыруды ойламаған. Сол себепті, «Солтүстік әулеттер тарихы» тарихи фактілерді ап-анық көрсеткен.

          Шығыс Цзин әулеті дәуірінде Кейінгі Ляң билеушісі Ли Гуаң, Батыс Ляң билеушісі Ли Суң Батыс өлкедегі бас қорушы-бегі немесе Батыс өлкенің әскербасысы лауазымдарын құрып, Батыс өңірдің істерін шешті.

          386 ж. сянбилік Тоғбат Гуй Қытайдың солтүстігінде Вэй патшалығын құрды. Солтүстік Вэй әулеті Қытайдың солтүстігін біріктірген соң, оңтүстік пен шығысқа әскер тартып, бүкіл Қытайды бірлестірмекші болды. Сол себепті, Батыс өңірге одан әрі көңіл бөлінді. Қош, Кингит, Кроран және Батыс өңірдің басқа елдерінің сәлемдері мен ұлпандары қабылданғаннан бөлек, Батыс өңірге көп рет елшілер жіберіліп, жергілікті елдермен достық байланыстар қалпына келтірілді және дамытылды. 439 ж. Пишамшан (Кроран), Қош, Кингит, Күсән (Кучар) және Сулы (Қашғар) секілді елдер Солтүстік Вэй патшалығының астанасы Пиңчеңге елші жіберіп, бағынатынын білдірді. Содан кейін Солтүстік Вэй әулетінің санғұны (генералы) Хән Бани «Батыс өңірді қорғаушы әскербасы» етіп тағайындалып, Пишамшанда жайғастырылды. Ол «жергілікті халықтан Орталық жазықтағы уәлиет-аудандармен бірдей алым-салық жинады». Солтүстік Вэй әулеті астананы Лояңға көшіргеннен кейін, Батыс өңірден келетіндер үшін шаһарда Батыс сарайын салды. «Батыс сарай орналасқан жердің көше-қақпалары ретті, тал-шыбықтар саясын жайып тұратын», молынан жанданған еді. 577 ж. Солтүстік Чжоу әулеті Солтүстік Ци әулетін құлатып, Қытайдың солтүстігін біріктіргеннен кейін, Вэй әулетінің жүйесін жалғастырып, Батыс өңірдегі елдермен белгілі тәуелділік қарым-қатынастарын сақтады. Оның ішінде, Қочо мемлекетінің Орталық жазықпен байланыстары одан әрі қоюланды. Қочо билеушілерінің барлығы дерлік Орталық жазықтағы әулеттердің атақ-мәртебелерін қабылдап келген-ді.

          581 ж. Солтүстік Чжоу патшалығының саяси және әскери құқықтарын қолында шоғырландырған бас уәзір Яң Цзян сегіз жастағы патша Цзиңдиді тақтан түсуге мәжбүрлеп, өзі патша болып, Суй әулетін құрды. Кейін Суй патшалығы Оңтүстік Чэн әулетін жойып, Қытайдың бірнеше жүз жылға созылған бытыраңқылығын аяқтады. Суй патшалығы Батыс өңірді жаулау және басқару саласында да белсенді ықыластылық көрсетті. Мысалы, «Батыс өңірдің әскербасысы» лауазымы һәм Пишамшан, Черчен, Ивирғол аймақтары құрылды. Лауазымдар бөлімінің жанама-бегі Пи Цзюйге Батыс өңірдің саяси, экономикалық, мәдени ахуалдарын, өзен-тауларын, көлік қатынастарын, әдет-ғұрыптарын біліп, «Батыс өңірдің карталы естелігін» жазу туралы жарлық түсірілді. Хуажуң-ханша Қочо билеушісі Чү Бояға, Сини-ханша Батыс Түрк қағаны Исанаға ұзатылды. Сол себепті, Батыс өңірдің жергілікті билеушілері топ-тобымен елші жіберіп, «ұлпан» тапсырды. Олардың Орталық жазықпен арадағы байланыстары одан әрі нығайды.

          «Солтүстік әулеттер тарихы» Қытайдың солтүстіктігіндегі Вэй, Ци, Чжоу, Суй төрт әулет тарихының негізінде жазылды. Осы еңбекте баяндалған тайпалар көп, оқиғалардың ауқымы мен аясы кең, көрсетілген жергілікті халықтардың өкілдері мен мансап аттары да қыруар, олардың тілдерінен дыбыстық аударма сөздер және жергілікті халықтарға тән заттардың атаулары да ерекше көп. Олар осы тарихи шығарманы аудару, түсініктеме беру һәм редакциялауда зор қиыншылық әкелді. Ғалымдарға байырғы халықтардың жер, мансап атауларын немесе кісі есімдерін аудару, жергілікті елдердің тілдерінен дыбыстық аударма сөздерді және оларға тән нәрселердің атауларын шешу, әрбіреуіне түсініктеме жасау үшін көптеген жапалы еңбек сіңіруге тура келді. Оның үстіне, баяндалған тарихи оқиғалар күрделі, қамтылған тарихи кезең ұзын болғандықтан, нағыз есімдер мен атауларды аудару барысында сол уақыттағы тарихи болмысқа негізделген түрде әртүрлі тәржімалауға тура келді.

                                            

 

Шынжаң университеті

Филология институтының Орта Азия мәдениетін

 зерттеу бөлімінің Ежелгі реттеу-зерттеу кеңсесі

2002 ж. 3 тамыз

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Солтүстік әулеттер тарихы

(24 әулеттің тарихындағы Орталық Азияға

қатысты материалдардың түсініктемелі жинағы)

 

 

1. Вэй патшалары туралы естелік (І)

 

          Патша Пиңвэннің1 есімі Тоғбат Юлу, дене бітімі келіскен, қуатты, ақылды кісі еді. Пиңвэннің 1-жылы (317 ж.) сиыр жылы еді. 2-жылы Лю У2Шофаңда3 бекініп, батыс аймақтарға шабуыл жасады. Патша Пиңвэн оларды қатты жеңіліске ұшыратты һәм батыста үйсіндердің4 жерін, шығыста Уцзи5 елінің батыс жерлерін өзіне қосып алды. Оның уысындағы әскер-сарбаздар 100 түменге жетті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 6-бет)

 

          Деңго 4-жылы (389 ж.) 1-айда Вэй патшасы Тайцзу қаңлы6 тайпасына шабуыл жасады.

          Деңго 5-жылы (390 ж.) 3-айда Вэй патшасы Тайцзу (Тоғбат Гуй) батысқа жорық жасап, Лұғұн көліне7 дейін барып, қаңлылардың ұйғыр тайпасын шабуылдап, оны ауыр жеңіліске ұшыратты.

          Сол жылы 10-айда Вэй патшасы Тайцзу (Тоғбат Гуй) Лаңшән (Бөрітау) тауында8 қаңлылардың дукин тайпасына қарсы жорық жасап, оны жеңді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 12-бет)

 

Деңго 6-жылы (391 ж.) қыста 10-айдың 25-күні солтүстікте жоржандарға9 жорық жасалды. Оларды Гоби шөлінің оңтүстігіндегі Шаңшән тауының10 етегіне дейін қуып жеңді.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 13-бет)

 

          Деңго 9-жылы (394 ж.) қысқы 10-айда жоржан билеушісі Саллан11 өз қауымымен бірге батысқа қашты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 14-бет)

 

          Тянсиң 2-жылы (399 ж.) 1-айда қаңлыларға қарсы кең көлемді шабуыл жасау жөнінде қолбасшыларға бөлек-бөлек бұйрықтар берілді:

- Чаңшән бегі Тоғбат Цзюн12 үш бағыттағы жасақтармен Чаңчуәннен13 шығыс жолмен аттанды;

- Гаоляң бегі Тоғбат Лэчжэн14 және басқалардың жеті бағыттағы жасақтары Нючуәннан15 батыс жолмен аттанды;

- Патша Тайцзу алты бағыттағы жасақтарды орта жолмен бастап, Борандария өзенінің солтүстік-батысынан аттанды.

2-айдың 1-күні барлық бағыттағы жасақтар бірігіп, қаңлының 30 шақты тайпасын жеңді. Өзге үш қолбасшыны бастаған Вэй бегі Тоғбат И16 солтүстік-батыс жақтан 1 мыңнан астам шақырым жол жүріп, шөлді кезіп, қаңлының ибур секілді жеті тайпасын жеңді. Олар Нючуәнге қайтқан сапарда Бошән тауына келген кезде, шайқастың нәтижелерін естелік ретінде қалдыру үшін мәңгі тас орнатты. Тұтқынға түскен қаңлы қауымына Нәнтайдың оңтүстік жағына Бұғы бағын салдырды. Осы бақ солтүстікте Ұлы қорғанға (Ұлы Қытай қорғаны), шығыста Байдеңға17, батыста Сишән тауына дейін ұласып, ауқымы ондаған шақырым құраған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 19-бет)

 

Тянсиң 4-жылы (401 ж.) Батыс Ляң патшалығының билеушісі және Учжао бегі Ли Хао18, Солтүстік Ляң патшалығының билеушісі Журчи Монсун19 елші жіберіп, Солтүстік Вэй әулетіне ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 21-бет)

 

Тянсиң 6-жылы (403 ж.) 11-айдың 11-күні Вэй патшалығының санғұны И Вэй қаңлыларды жеңіліске ұшыратты. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 22-бет)

 

          Юңсиң 2-жылы (410 ж.) көктемде 1-айдың 1-күні жарлыққа сәйкес, Вэй патшалығының Нәнпиң ұлығы Чжаңсун Суң20 солтүстіктегі жоржандарға жорық жасап, Гоби шөлінің оңтүстігінде әскери қоныс орнатып, жасақтарын жайғастырды. Жазда 5-айда Чжаңсун Суң және басқалар Гоби шөлінен қайтқан кезде, жоржандар оларды Нючуәнға қуып келді. 19-күні патша Тайцзуң солтүстікке қарай жорыққа шықты. Осы хабарды естіген жоржандар қашты, патша ақсүйектермен бірге Цәнхэбэйге21 қайтты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 26-бет)

 

          Шэнжуй 1-жылы (414 ж.) 12-айдың 1-күні жоржандар солтүстіктегі шекаралық аймақтарға баса-көктеп кірді. 11-күні Вэй патшасы Тайцзуң ақсүйектермен бірге солтүстікке жорыққа шықты. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 29-бет)

 

 

1. Патша Пиңвэн (平文皇帝) – сянби қолбасшысы, Вэй әулетінің ата-бабаларының бірі. 137 ж. қолбасшы болған ол бес жылдан кейін қастандықпен өлтірілген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-6-беттер)

 

2. Лю У (刘武) – Оңтүстік Ғұн тәңірқұтының ұрпағы, Білге-хан Чубтің немересі, солтүстік қанат қолбасшысы Лю Миннің жиені, тайпа басшысы. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3062-бет)

 

3. Шофаң (朔方) – аумағы қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районындағы Хуаңхэ өзенінің оңтүстік жағын қамтыған ежелгі аймақ.

(бір томдық «Цы’юән», 802-бет)

 

4. Үйсін (乌孙) – әуелгіде Тіләнтау (Келентау, қазіргі Циляншән) және Дунхуаң аралығын мекендеген ежелгі тайпа. Б.з.д. 161 ж. шамасында Іле, Текес өзендері мен Ыстықкөлдің төңірегіне көшкен. «Солтүстік және оңтүстік әулеттер» кезеңінде (420-851 жж.) Памирдің солтүстігіне көшкен. 

(бір томдық «Цы’юән», 1041-бет)

 

5. Уцзи (勿吉) – «Солтүстік және оңтүстік әулеттер» кезеңінде солтүстікте өмір сүрген халықтардың бірі.

(бір томдық «Цы’юән», 209-бет)

 

6. Қаңлы (高车) – «Солтүстік әулеттер» кезеңінде солтүстікте мекендеген елдің бірі. Кейін түрктерге бағынған.

 (бір томдық «Цы’юән», 1893-бет)

 

7. Лұғұн көлі (鹿浑海) – қазіргі Моңғолиядағы Харгилин деген жердің оңтүстігіндегі көл.

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-кітап, 54-бет)

 

8. Лаңшән тауы (狼山) – Бөрітау немесе Лаңцзюсюй тауы (狼居婿山) деп те аталады. Қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районындағы У'юән ауданынан солтүстік-батыстағы Хуаңхэ өзенінің солтүстік жағалауындағы тау.

(бір томдық «Цы’юән», 1884-1085-беттер)

 

9. Жоржандар (蠕蠕) – әуелгіде Шығыс ғұздардың тармағы болған ежелгі тайпа. «Солтүстік және оңтүстік әулеттер» кезеңінде Гоби шөлінің солтүстігіне көшкен. Олар құрған биліктің орталығы Чжаң’е ауданының солтүстік жағында болған. Су мен жем-шөптің соңынан көшіп жүріп, мал өсірумен шұғылданған. Оңтүстік әулеттер және Солтүстік Вэй әулетімен қарым-қатынастар жасаған. Кейін түрктерге бағынған.

(бір томдық «Цы’юән», 281-бет)

 

10. Шаңшән тауы (商山) – қазіргі Шэнси өлкесіндегі Саңсян ауданының шығыс жағындағы тау.

(бір томды «Цы’юән», 841-бет)

 

11. Саллан (社仑) - Солтүстік Вэй патшалығы кезеңіндегі жоржан қағандарының бірі. Ол батыл болғаны себепті, оның кезінде жоржандар бір мезгіл қуатты болған. Өзін Дуфа-қаған деп атаған. Юңсиң 2-жылы (410 ж.) Вэй патшасы Тайцзуң жорық жүргізген кезде, ол жолда қашып жүріп өлген.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3250-3251-беттер)

 

12. Чаңшән бегі Тоғбат Цзюн (常山王遵) - Солтүстік Вэй әулетінің негізін салғандардың бірі болған Дай билеушісі Чжаочэңнің (Тоғбат Шицзян) бесінші баласы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 565-567-беттер)

 

13. Чаңчуән (长川) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Чахар Оң қанатының Арқа хошунының оңтүстігіндегі жердің атауы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 549-бет)

 

14. Гаоляң бегі Тоғбат Лэчжэн (高凉王乐真) - Гаоляң бегі Тоғбат Гудың немересі, бектің мұрагері болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 546-бет)

 

15. Нючуән (牛川) - қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Көкқұт (Хухэ-Хото) қаласының шығыс жағындағы жердің атауы.

(бір томдық «Цы’юән», 1702-бет)

 

16. Вэй бегі Тоғбат И (卫王仪) – Дай билеушісі Тоғбат Шицзяннің немересі. Вэй патшасы Тайцзудың заманында Вэй бегі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 561-562-беттер)

 

17. Байдең (白登) – қазіргі Шэнси өлкесі Датуң қаласының шығыс жағындағы таудың аты.

(бір томдық «Цы’юән», 1171-бет)

 

18. Учжао бегі Ли Хао (武昭王李蒿) – Циңцзи деген жерден шыққан. Тағы бір есімі - Ли Сюәншең. Цзин әулетінің Луң'ән жылдарының ортасында Дунхуаң мен Цзюцюән аудандарында орнығып, Ляңчжоу билеушісі болған. 17 жыл билік құрғаннан кейін қайтыс болған. Учжао-ваң – өлгеннен кейінгі есімі.     

(«Қытайдың кісі есімдерінің сөздігі», 438-бет)

 

19. Журчи Монсун (沮渠蒙逊) – Лушуй деген жерден шыққан. Ныспысы Журчи, ғұндардың ұрпағы. Лу Гуаң Ляңчжоудың билеушісіне айналған кезде, Журчи Монсун оның қарамағында мансапты болған. Кейін Солтүстік Ляң патшалығының билеушісі Дуән Ені өлтіріп, өзі патша болған.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3082-3083-беттер)

 

20. Нәнпиң ұлығы Чжаңсун Суң (南平公长孙嵩) – Солтүстік Вэй патшалығының бастапқы кезеңінде өмір сүрген белгілі мапсапты. Вэй патшалары Тайцзу мен Тайцзуңның қол астында қызмет етіп, Нәнпиң бегі және Бейпиң бегі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 805-807-беттер)

 

21. Цәнхэбэй (参合陂) – қазіргі Шәнси өлкесі Яңгао ауданының оңтүстігінде болған аудан.

(«Цыхай» энциклопедиясы, 1094-бет)

 

 

2. Вэй патшалары туралы естелік (ІІ)

 

          Шигуаң 1-жылы (424 ж.) 8-айда 60 мың адамдық жоржан атты әскерлері Юнчжуң1 уәлиетіне басып кіріп, мансаптылар мен бұқараны қырғындады және талан-таражға салды, Шеңлэні2 басып алды. Патша Шицзу атты әскерлерімен жорық жасаған еді, дұшпандар шегінді. 9-айда патша астананың шығыс жағында әскери шеру өткізіп, солтүстікке жорыққа шықпақшы болды.

          Қыста 12-айда Пиң'яң бегі Чжаңсун Хән3 және басқалар жоржандарға қарсы шабуыл жасауға жөнелтілді. Соғыс арбалары және атты әскерлер Цзошән тауына жеткен кезде, жоржандар солтүстікке шегінді. Барлық бағыттағы жасақтар оларды қуа жөнеліп, соққы беріп, көптеген олжа алып қайтты.

          Шигуаң 2-жылы (425 ж.) қыста 10-айдың 1-күні патша Шицзу үзеңгілес ақсүйектермен бірге солтүстікке жорыққа шықты. Шығыстан батысқа дейінгі бес бағыттағы жасақтар бір уақытта соғысқа аттанды. Үлкен шөлді (Гоби шөлі) кезген Пиң’яң бегі Чжаңсун Хән дұшпанды қуып жүріп, соққы берді. Жоржандар солтүстікке қашты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 42-бет)

 

Шэнцзя 2-жылы (429 ж.) жазда 4-айда Суң патшалығының4 елшісі сәлемдесуге келді. Сол айдың 16-күні патша ақсүйектермен бірге солтүстікке жорық жасап, 5-айдың 16-күні Гоби шөліне жетіп барды. Ауыр жүктерді тастап, жеңіл жабдықталған атты әскерлермен тез жылжып, Лишуй өзеніне5 жетті. Сасқалақтаған жоржандар шатырлары мен дүние-мүліктерін өртеп, батыстағы адамзат аяғы баспаған жерлерге қашты.

          Шэнцзя 3-жылы (430 ж.) жазда 4-айдың 8-күні патша Шицзу Юнчжуң аймағын тексеруге барды. 10 мың түтіннен көбірек телелер7 Вэй әулетінен теріс айналып қашып кетті. Диуанбегі6 Фэң Теге оларды жою туралы бұйрық берілді. 5-айдың 13-күні патша өз сарайында осы реткі телелерге соққы беруде көзге түскендерді марапаттап, ағаттық жасағандарды жазалаған кезде айрықша әділ болды.        

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 44-45-беттер)

 

Шэнцзя 4-жылы (431 ж.) қыста 10-айдың 1-күні патша бас уәзір8 Цуй Хаоға бұйрықтарды өзгерту туралы жарлық түсірді. Патша Гоби шөлінің оңтүстігіндегі жерлерді тексеруге өзі барды. 11-айдың 10-күні солтүстіктегі теленің мофу тайпасындағы Куруюй есімді адам ондаған мың атты әскер тайпаластарымен жүз мыңдаған бұғы және өзге жабайы жануарларды патша Шицзу тексеріп жүрген жерге айдап келді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 47-бет)

 

Тай'ян 1-жылы (435 ж.) 2-айдың 13-күні Жоржан, Кингит9, Қош10 елдері бөлек-бөлек елші жіберіп, патша сарайына ұлпан тапсырды.

Жазда 5-айдың 4-күні патша Шицзу Батыс өңірге 20 елшіні жіберді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 49-бет)

 

6-айдың 20-күні Когори11 мен Пишамшан елшілерін жіберіп, патша сарайына ұлпан тапсырды. 8-айдың 1-күні патша Шицзу Хуаңхэ өзенінің батысындағы жерлерді аралады. Сол айда Соғды12 елі елші жіберіп, патша сарайына ұлпан тапсырды.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 50-бет)

 

Тай'ян 2-жылы (436 ж.) 8-айдың 8-күні Батыс өңірге алты елші жөнелтілді. 8-айдың 25-күні Қаңлы елі елші жіберіп, патша сарайына ұлпан тапсырды.

Қыста 11-айдың 17-күні Хэси бегі Журчи Мұқан13 елші жіберіп, патша сарайына ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 51-бет)

 

Тай'ян 3-жылы (437 ж.) Хэси бегі Журчи Мұқанның мұрагері Журчи Финан патша сарайына келді. Когори, Қидан14, Күсән15, Япбан16, Кингит, Қош, Соғды, Сулэ17, Үйсін, Каванта18, Пишамшан19, Порона20, Чаш21 және басқа елдер елші жіберіп, патша сарайына ұлпан тапсырды.

          Тай'ян 4-жылы (438 ж.) көктемде 3-айдың 10-күні Пишамшан бегінің інісі Суянч сарайға келді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 52-бет)

 

Тай'ян 5-жылы (439 ж.) 6-айдың 11-күні патша Шицзу ақсүйектермен бірге батыстағы Журчи Мұқанға қарсы жорыққа шықты. Шығауыл22 және Иду бегі Мушоу23 мұрагер Тоғбат Хуаңның24 билікке таласуына жәрдемдесті. Бас санғұн25, Чаңлэ бегі Цзи Цзиң26, «мемлекетті тіреуші санғұн», Цзянниң бегі Тоғбат Чуң27 жоржандардан қорғану үшін 20 мың әскермен Гоби шөлінің оңтүстігінде орналасты.

Күзде 7-айдың 7-күні патша Шицзу ақсүйектермен бірге Шаңцзюн28 уәлиетіне қарайтын қала-мемлекетке29 барып, ойын-сауық құрды. Әскери кеңес пен жаттығу істерін жүргізді. Осы айдың 20-күні олар ауыр жүктерді қалдырып, барлық жасақтарды бөлек-бөлек орналастырып реттеді. 8-айдың 4-күні патша Гуцзаң30 бекінісіне келді. Журчи Мұқанның жиені Журчи Зу бекіністен шығып, тізе бүкті. Сонымен әскерлер бөлініп, Гуцзаң бекінісін қоршады.

9-айдың 25-күні Журчи Мұқан және оның қарамағындағы 5 мың әскери және әкімшілік мансапты өз-өздерін байлап, Вэй патшалығының жасақтары қонысының алдына келді. Вэй патшасы Шицзу Журчи Мұқанның қолын шешіп, оларға бағынған мансаптылар деңгейінде сый көрсетті. Осы шаһардың 200 мыңнан астам түтін үйді өз бұқарасына айналдырып, қазынадағы сансыз інжу-маржанды қабылдады. Сондай-ақ Чжаң’е31 уәлиі Туфа Баожуның мәртебесін Чжаң’е бегі мансабына дейін өсіріп, оған «жылдам айдаһар-санғұн» Му Пи32 және «шалғайды тыныштандырушы санғұн» Юән Хэмен33 бірге барлық аймақтарды жаулауды бұйырды. Журчи Мұқанның інісі, Чжаң’е уәлиі Журчи Иди батыс жақтағы Цзюцюән34 уәлиі Журчи Урғуға қашты. Кейін тағы Цзинчаңға35 қашты. Лэду36 уәлиі Журчи Аргу37 оңтүстік жаққа – туйғундарға38 қашты. Осы айдың 27-күні жоржандар шекарадан баса-көктеп кіріп, Чицзешән тауына39 жетті. Астанадағылар қорқып-қобалжыды. Мұрагер Тоғбат Хуаң Шаңдаң бегі Чжаңсун Даошең40 және басқаларға қорғаныс шараларын ұйымдастыруды бұйырды.

Қыста 10-айдың 1-күні патша сарайға қайтты. Ляңчжоу қаласының41 30 мың түтіні астанаға көшіп келді. Лэпиң бегі Тоғбат Пи42 және «күнбатысқа жорық жасаушы санғұн» Хэ Доло Ляңчжоуды қорғау үшін қалды. Осы айдың 3-күні Чжаң’е бегі Туфа Баожу сянби тайпаларын қару тастап, берілуді насихаттауға жөнелтілді. Алайда, Туфа Баожу барлық тайпаларымен Чжаң’е бекінісінде орнығып, бүлік көтерді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 53-бет)

 

Сол жылы (439 ж.) Пишамшан, Күсән, Сулэ, Кингит, Когори, Соғды, Каванта, Порона, Көк'яр секілді елдердің бәрі елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тайпиң Чжэнцзюн 2-жылы (441 ж.) көктемде 1-айдың 20-күні Вэй әулеті Журчи Урғуды «күнбатысқа жорық жасаушы бас санғұн», Ляңчжоу аймағының билеушісі және Цзюцюән бегі етіп тағайындады. 3-айдың 9-күні патшайым Хой43  Гошән тауында44 жерленді. Осы айдың 28-күні Синсиң бегі Тоғбат Цзюн45 мен Лояң бегі Тоғбат Цзеир күнә жасағаны үшін мәртебелері төмендетіліп, әкім дәрежесіне түсірілді. 29-күні жоржан Южюлучигуй Шофаң бегі, Журчи Вәннан Чжаң’е бегі етіп тағайындалды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 54-бет)

 

Тайпиң Чжэнцзюн 3-жылы (442 ж.) жазда 4-айда Цзюцюән бегі Журчи Урғу қашты және Гоби шөлінен өтіп, Пишамшанды иемденді.

Сол жылы 10-айда Ли Бао46 елші жіберіп, сарайға сый-тарту жолдады. Ол «батысты тыныштандырушы бас санғұн» етіп тағайындалды, сосын Шачжоу аймағының билеушісі және Дунхуаң уәлиі етіп бекітілді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 55-бет)

 

Тайпиң Чжэнцзюн 4-жылы (443 ж.) 9-айдың 3-күні Вэй патшасы Шицзу шөлдің оңтүстігіндегі жерлерді аралауға шықты. 6-күні жеңіл қаруланған атты әскерлер төрт бағытқа бөлініп, жоржандарды шабуылдады.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 56-бет)

 

Тайпиң Чжэнцзюн 5-жылы (444 ж.) 3-айдың 3-күні Батыс өңірге төрт елшілік жөнелтілді.

Тайпиң Чжэнцзюн 6-жылы (445 ж.) күзде 8-айдың 6-күні атты әскерлер бегі, Чеңчжоу уәлиі Вән Дугуй жеңіл қаруланған атты әскерлермен Пишамшанға барып, оның билеушісі Женданы тұтқындады һәм астанаға оралды. Осы айдың 19-күні «батысқа жорық жасаушы бас санғұн», Гаоляң бегі Тоғбат Нар47 және басқалар Мулиям48 басқарған туйғұн тайпаларына шабуыл жасады. Оның қосындары Манту қаласына жетіп барды. Мулиям өз тайпасының адамдарын қорғап, батысқа жүріп, шөлдерді өтті. Тоғбат Нар оларды жедел қуа жөнелді. Батыс Цин патшасы Қиббу Мугуйдың мұрагері Қиббу Нам қарсылық көрсеткен кезде, Тоғбат Нар оларды жеңіліске жеткізді. Оларды қуған Чжуңшән уәлиі Ду Фең Сәнвэй49 тауынан өтіп, қарлы тауға барды. Ол сондай-ақ Қиппи Нам және Мулиямның ағасының баласы Шигуйды, Чипанның баласы Чеңлуңды тұтқындап, астанаға әкелді. Осылайша Мулиям батыстағы Удун еліне50 кетті.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 57-58-беттер)

 

Тайпиң Чжэнцзюн 9-жылы (448 ж.) жазда 5-айдың 4-күні Цзяоцзи уәлиі Хән Ба «батысқа жорық жасаушы уақытша санғұн» лауазымына тағайындалып, Батыс жуңдар шеруші-бегі және Пишамшан билеушісін басқару үшін Пишамшанда жайғасты. Ол уәлиет-аудандармен бірдей салық жинады. 9-айда Чэңчжоу бегі Вән Дугуй Кингит елін ауыр шығынға ұшыратты. Оның билеушісі Кошбина Кусәнға қашып кетті.

     12-айда Вэй патшасы Шицзу Чэңчжоу бегі Вән Дугуйға Кингиттің батысындағы Кусәнға жорық жүргізуді бұйырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 59-60-беттер)

 

Чжеңпиң 1-жылы (451 ж.) жазда 5-айдың 19-күні жаппай кешірім жарияланды. 6-айдың 9-күні патшаның жыл атауы «Чжеңпиң» деп өзгертілді. Қош елінің билеушісі өз баласын патшаның сарайына аманатқа жіберді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 61-бет)

 

Сиңән 2-жылы (453 ж.) Қашғар, Каванта, Күмүш, Қидан, Кашмир51 және басқа елдер елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Тай’ән 1-жылы (455 ж.) Жеи, Парсы, Қашғар секілді елдер елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тай’ән 2-жылы (456 ж.) күзде 8-айда патша Гаоцзуң Хуаңхэ дариясының батыс жағында аң аулады. «Батысты тыныштандырушы санғұн», Юяң бегі Вэй Чжуән Ивирғолға52 шабуыл жасады. Осы бекіністі жаулаған ол көптеген олжа алып қайтты.

     11-айда Эфталит53, Полад секілді елдер елші жіберіп, ұлпан тапсырды.

     Тай’ән 3-жылы (457 ж.) Соғды, Удун сияқты 50 шақты ел елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 67, 68, 69-беттер)

 

          Хэпиң 1-жылы (460 ж.) 6-айдың 4-күні «батысқа жорық жасаушы бас санғұн», Яңпиң бегі Тоғбат Синчэңге туйғұн билеушісі Сыйымға55 қарсы шабуыл жасау бұйырылды. Цуй Хао өлтірілгеннен кейін, бітікші (хатшы) лауазымы бір мезет істен қалдырылып, осы уақытқа келгенде қайтадан құрылды.

          Күзде 7-айда батысқа жорыққа шыққан жасақтар Шипиңге жетті. Сыйым Оңтүстік тауға56 қашып кетті.

          Хэпиң 3-жылы (462 ж.) 3-айдың 4-күні Суң патшалығының елшісі қонаққа келді. Когори, Шиваң, Кингит, Сиян, Үш, Қашғар, Шағаниян, Самарқан, Каванта және басқа елдердің бәрі де елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 70-71-беттер)

 

Хэпиң 5-жылы (464 ж.) 12-айда Тохар елі57 елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Хэпиң 6-жылы (465 ж.) жазда 4-айда Ферғана елі тұлпар, Полад елі асыл қанжар ұсынды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 73-бет)

 

Хуаңсиң 4-жылы (470 ж.) 2-айда «батысқа жорық жасаушы бас санғұн», Шаңдаң бегі Чжаңсун Гуәнге58 туйғұн билеушісі Сыйымға қарсы шабуыл жасау туралы бұйрық берілді.

Жазда 4-айдың 8-күні жаппай кешірім жарияланды. 15-күні Чжаңсун Гуән қосындарын Манту тауына бастап барып, Сыйымды күйретті.

9-айдың 5-күні Вэй патшасы Сянцзу өз жақындарымен бірге солтүстікке жорыққа шықты. Барлық қосындар Нюшуй өзеніне59 жиылып, жоржан қосындарын ауыр жеңіліске ұшыратты.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 76-77-бет)

 

1. Юнчжуң (云中) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Түмән хошунының шығысы, Дациң тауының оңтүстігі, Чжуцзы ауданының батысы, Хуаңхэ өзенінің оңтүстік алабы және Ұлы Қытай қорғанының солтүстігіндегі жерлерді қамтыған уәлиет.

(«Цыхай», 1803-бет)

 

2. Шеңлэ (盛乐) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Хорингер ауданының солтүстігіндегі жердің аты.

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-кітап, 47-бет)

 

3. Пиң’яң бегі Чжаңсун Хән (平阳王长孙翰) – Солтүстік Вэй патшалығының әйгілі мансаптыларының бірі. Солтүстік Вэй патшасы Тайцзу таққа отырғаннан кейін, Чжаңсун Хән көптеген қызмет көрсеткені үшін Пиң’яң бегі етіп тағайындалған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 830-бет)

 

4. Суң әулеті () – Лю Ю 420 ж. Яңцзы өзенінің оңтүстігінде құрған әулет. Лю Суң әулеті деп те аталады.

(редактор)

 

5. Лишуй өзені (栗水) – қазіргі Моңғолиядағы Хархорин (Қарақорым) деген жердің солтүстігіндегі өзен. 

(редактор)

 

6. Диуанбегі (上书) – «Жаугершілік» заманда құрылып, жинақ жасау және хаткерлік істерін басқаратын лауазым атауы. Хән патшасы Удидің заманында билеушінінің жанында кітап жазу, құжат құрастыру істерін басқарғаны себепті, барған сайын құқығы үлкейген. 

(бір томдық «Цы’юән», 485-бет)

 

7. Телелер (敕勒) – ежелгі заманда Қытайдың солтүстік бөлігінде өмір сүрген ел. «Солтүстік пен оңтүстік әулеттер» кезеңінде түрктерге қосылған. Биік дөңгелекті арбада жүргені себепті, «қаңлылар» (高车, яғни «биік арбалылар») деп те аталған.

(бір томдық «Цы’юән», 727-бет)

 

8. Бас уәзір (司徒) – мемлекеттің жерлері мен халқын басқарып, дау-жанжалдарды шешуге, дәстүрлер мен салықтарға жауапты болған.

(«Цыхай» энциклопедиясы, 242-бет)

 

9. Кингит (焉耆) – Батыс өңірдегі қала-мемлекет. Қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районының Қарашаһар-Хойцзу автономиялы ауданы.

(бір томдық «Цы’юән», 1043-бет)

  

10. Қош (车师) – Батыс өңірдегі қала-мемлекет. Алдыңғы Қош және Артқы Қош деген екі бөлікке бөлінген. Алдыңғы Қоштың астанасы Ярғол, қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районы Тұрфан шаһарының солтүстігінде орналасқан. Артқы Қоштың астанасы Утугу қамалы қазіргі Шынжаңдағы Жимисар ауданының оңтүстігіндегі таулардың арасында орналасқан. 

(бір томдық «Цы’юән», 1638-бет)

 

11. Когори (高丽) – қазіргі Цзилин өлкесі Туңхуа ауданының солтүстігінен Итуң ауданына дейінгі аралықты қамтыған ежелгі мемлекет.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 771-бет)

 

12. Соғды (粟特) – Каңлы еліне бағынған ежелгі мемлекет. Қазіргі Амудария мен Сырдария өзендерінің ортасындағы Зарафшан өзенінің алабында орналасқан.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасы, 88-бөлім)

 

13. Журчи Мұқан (沮渠牧健) – Журчи Монсунның үшінші баласы, «батысты тыныштандырушы санғұн» және Хэси бегі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3083 мен 3085-беттер)

 

14. Қидан (契丹) – Шығыс ғұздардың бір тармағы. Қазіргі Ляохэ өзенінің жоғарғы ағысында мал шаруашылығымен шұғылданып өмір сүрген. Солтүстік Вэй патшалығының заманында өздерін Қидан деп атаған.

(бір томдық «Цы’юән», 392-бет)

 

15. Кусән (龟兹) – қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районының Кучар ауданында орналасқан ежелгі мемлекет. 

(редактор)

 

16. Япбан (悦般) – ежелгі Үйсін елінің солтүстік-батыс жағындағы ел. Жалпы саны 200 мыңнан астам адам болған, әдет-ғұрпы және тілі қаңлылармен бірдей болған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3020-3219-беттер)

 

17. Сулэ (疏勒) – қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районындағы Қашғар аймағының солтүстік бөлігіне сәйкес келетін ежелгі мемлекет.

(редактор)

 

18. Каванта (渴盘陀) – Памирдің шығысындағы ежелгі ел.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3232-бет)

 

19. Пишамшан (鄯善) – көне замандағы Кроран мемлекеті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3208-бет)

 

20. Порона (破洛那) – Өзбекстандағы Ферғана ойпаты.

(редактор)

 

21. Чаш (者舌) – Өзбекстанның Ташкент шаһары.

(редактор)

 

22. Шығауыл (侍中) – патша сарайына еркін кіріп-шыға алатын, патшаға қызмет көрсететін мансапты.

(«Тарихи лауазымдар атаулары», 74-бет)

 

23. Иду бегі Мушоу (宜都王穆寿) – Дайчжоу аймағынан шыққан. Патша Тайцзудың заманындағы бас қолбасшы Му Чуңның баласы. Тай’ән 1-жылы 5-айда Иду бегі етіп тағайындалды.

(«Солтүстік Вэй әулетінің тарихы» жылнамасы, 49 және 740-беттер)

  

24. Тақ мұрагері Тоғбат Хуаң (皇太子拓拔晃) – Вэй патшасы Шицзудың үлкен баласы, таққа отырмай жатып өлген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 63-64-беттер)

 

25. Бас санғұн (大将军) – қосындарға қолбасшылық жасаған санғұндардың (генералдардың) ең жоғары лауазымы. Патшаның туған-туыстары және асылзада-ақсүйектер арасынан тағайындалатын.

 («Цыхай» энциклопедиясы, 1443-бет)

 

26. Чаңлэ бегі Цзи Цзиң (长乐王嵇敬) – хэси тайпасынан шыққан Цзи Гэн есімді қолбасшының немересі.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 919-бет)

 

27. Цзянниң бегі Тоғбат Чуң (建宁王崇) – Солтүстік Вэй патшасы Тайцзуңның алтыншы баласы. Тайчаң 7-жылы Цзянниң бегі етіп тағайындалған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 604-бет)

 

28. Шаңцзюн аймағы (上郡) – қазіргі Шэнси өлкесінің Ян'ән, Юлин секілді жерлеріне сәйкес келген аймақ.

(бір томдық «Цы’юән», 33-бет)

 

29. Бағынышты қала-мемлекет (属国城) – Хән патшалығы кезеңінде құрылған. Қазіргі Шэнси өлкесінің Юлин қаласы.

  (редактордан)

 

30. Гуцзаң (姑藏) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Увэй қаласы аумағындағы көне қала.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасының «Уәлиеттер мен бектіктердің баяны» бөлімі, 4070-бет)

 

31. Чжаң’е (张掖) – қазіргі Гәнсу өлкесі Юңчаң ауданының батысы, Гаотай ауданының шығысындағы жерлерді қамтыған аймақ.

(«Цыхай» энциклопедиясы, 2483-бет)

 

32. Му Пи (穆罴) – Иду бегі Му Шоудың ұрпағы.

(редактор)

 

33. Юән Хэ (源贺) – Лэду ауданынан шыққан. Патша Тай'у оны қадірлеп, басында «Юән» деген ныспыны, соңынан тағы «Хэ» деген есім берген. Кейін Луңси бегі етіп тағайындалған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1023-1026-беттер)

 

34. Цзюцюән (酒泉) – қазіргі Гәнсу өлкесіндегі Шулэ өзенінің шығысындағы және Гаотай ауданының батысындағы жерлерді қамтыған аймақ.

(«Цыхай» энциклопедиясы, 2143-бет)

 

35. Цзинчаң (晋昌) –  қазіргі Гәнсу өлкесі Әнси ауданының шығыс жағын қамтыған аймақ.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының сөздігі», 704-бет)

 

36. Лэду (乐都) – қазіргі Циңхай өлкесіне қарайтын аудан. Кейінгі Ляң патшалығы заманында аймақ болып құрылған.

(бір томдық «Цы’юән», 881-бет)

 

37. Журчи Аргу (沮渠安周) – Журчи Монсунның баласы, Журчи Мұқанның інісі.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3085-бет)

 

38. Туйғұн (吐谷浑) – сянбилер құрған патшалық. Қазіргі Циңхай өлкесінің солтүстігі және Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районының оңтүстік-шығыс жағында жайғасқан.

  (бір томдық «Цы’юән», 257-бет)

 

39. Чицзешән тауы (七介山) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Циңшуй ауданының шығысында жайғасқан.

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-кітап, 47-бет)

 

40. Шаңдаң бегі Чжаңсун Даошең (上党王长孙道生) – Нәнпиң уәлиі Чжаңсун Гаодың жиені. Патша Шицзу оны Шаңдаң бегі етіп тағайындаған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 811-бет)

 

41. Ляңчжоу аймағы (凉州) – көлемі қазіргі Ниңся-Хойцзу автономиялы районы, Гәнсу және Циңхай өлкелерінен ағып өтетін Хуаңшуй өзенінің алабын, Ішкі Моңғолия автономиялы районындағы Нарын мен Мөрин өзендерінің төңірегін қамтыған аймақ.

(түзетілген «Цы’юән», 1809-бет)

  

42. Лэпиң бегі Тоғбат Пи (乐平王丕) – Солтүстік Вэй патшасы Тайцзуңның екінші баласы.

(редактор)

 

43. Патша анасы Хой (惠态后) – Солтүстік Вэй патшасы Шицзудың сүт анасы, ныспысы Ду. Кәнизек болған. Патша Шицзу таққа отырғаннан кейін, оған «Патша анасы» деген атақ берген. Өлгеннен кейін «Хой» деген құрметті есім берілген.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 494-бет)

 

44. Гошән тауы (崞山) – қазіргі Шэнси өлкесі Хуңюән ауданының батысындағы тау.

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-кітап, 47-бет)

 

45. Синсиң бегі Тоғбат Цзюн (新兴王俊) – Солтүстік Вэй патшасы Тайцзуңның жетінші баласы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 604-бет)

 

46. Ли Бао (李宝) – Солтүстік Вэй әулетінің заманында Ляңчжоудағы Учжао билеушісі Ли Хаоның немересі. Учжао мемлекетіне мұрагерлік еткен.

(редактор)

 

47. Гаоляң бегі Тоғбат Нар (高凉王那) – Солтүстік Вэй әулеті ата-бабаларының бірі Тоғбат Юлудың шөбересі. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 546-бет)

 

48. Мулиам (慕利延) – даңқты туйғұн қолбасшысы. Солтүстік Вэй патшасы Шицзудың Тай’ән 2-жылы (436 ж.) туйғұн билеушісі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3180-3182-бет)

 

49. Сәнвэй (三危) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Дунхуаң ауданынан оңтүстік-шығыстағы 30 шақырым жердегі тау.

(«Тарихи естеліктер» жылнамасы, 1-том, 29-бет)

 

50. Удун елі (于阗国) – Батыс өңірдегі ежелгі ел. Черчен елінің солтүстік-батысында, Кусән елінен оңтүстікте 1400 шақырым шалғайда орналасқан.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3209-бет)

 

51. Кашмир (宾罽) – Батыс өңірдегі ежелгі ел. Қазіргі Кабул өзенінің төменгі ағысындағы Кашмир аумағында орналасқан.

(бір томдық «Цы’юән», 1350-бет)

 

52. Ивирғол (伊吾) – қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районы Құмыл (Хами) аймағының Аратүрк ауданы.

(бір томдық «Цы’юән», 98-бет)

 

53. Эфталит (稜哒) – қазіргі Памир тауының батыс тарапын мекендеген ежелгі ел.

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-кітап, 52-53-беттер)

 

54. Яңпиң бегі Тоғбат Синчэң (阳平王新成) - Солтүстік Вэй патшасы Цзиңмудың екінші баласы. Тай’ән 3-жылы Яңпиң бегі етіп тағайындалған.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 629-бет)

 

55. Сыйым (什寅) – туйғұн билеушісі Шулогеннің баласы. Патша Шицзу елші жіберіп, оны «батысты тыныштандырушы санғұн» және Шачжоу аймағының бегі етіп тағайындаған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3183-бет)

 

56. Оңтүстік тау (南山) – қазіргі Циляншән (Қырантағ) тауы.

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-кітап, 47-бет)

 

57. Тохар елі (吐呼罗国) – ең күшейген кезінде қазіргі Амудария өзенінің жоғарғы ағысының екі тарапындағы жерлерді иелеген ел.

(бір томдық «Цы’юән», 257-бет)

 

58. Шаңдаң бегі Чжаңсун Гуән (上党王长孙观) – Чжаңсун Даошеңнің немересі.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 812-бет)

 

59. Нюшуй өзені (女水) – Қатұнсу өзені деп те аталған. Қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районындағы өзен.  

(бір томдық «Цы’юән», 394-бет)

 

 

3. Вэй патшалары туралы естелік (ІІІ)

 

Янсиң 1-жылы (471 ж.) 10-айдың 2-күні Войе1, Туңвән2 бекіністеріндегі телелер бүлік шығарды. Бас қолбасшы3, Луңси бегі Юән Хэ бүлікшілерді Фухәнге4 дейін қуалап басып-жаншыды. Қаруын тапсырған және берілгендер Цзичжоу, Диңчжоу, Сяңчжоу аймақтарында жайғастырылды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 87-бет)

 

Янсиң 2-жылы (472 ж.) көктемде 2-айда жоржандар шекарадан баса-көктеп өтті. Осы уақытта патша астананың солтүстігінде серуендеп жүрген еді. Ол санғұндарға қайтарма жорыққа шығу туралы жарлық түсірді. Бұдан хабардар болған жоржандар шегініп кетті. Солтүстіктегі телелер бүлік көтеріп, жоржандарды паналады. Оларды Гоби шөліне дейін қуған патша жете алмай артқа қайтты.

     («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 88-бет)

 

Янсиң 2-жылы (472 ж.) қыста 10-айда жоржандар шекарадан баса-көктеп кіріп, У'юән аймағына дейін жетті. 11-айда патша өзі әскер бастап, жорыққа аттанды. Шөлден өтер алдында жоржандар оның жақындағанын біліп қалып, мыңдаған шақырым қашықтықтағы солтүстік жерлерге шегініп үлгерді.

Сол жылы Когори, Дидугән5, Күміс, Қочо елдері елші жіберіп, ұлпан тапсырды.

Янсиң 3-жылы (473 ж.) жазда 4-айдың 2-күні уақытша сәулетші-бегі, Шаңдаң бегі Чжаңсун Гуәнге туйғұн ханы Сыйымға қарсы жорық жасау туралы жарлық берілді.

Янсиң 4-жылы (474 ж.) Соғды, Теле, Туйғұн, Когори, Саулы, Қош, Қидан, Күміс, Дидугән елдері елші жіберді һәм ұлпан тапсырды.

Янсиң 5-жылы (475 ж.) Когори, Туйғұн, Кусән, Қидан, Күміс, Дидугән, Жоржан елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 89 және 91-беттер)

 

Циңмиң 1-жылы (476 ж.) Жоржан, Когори, Күміс, Парсы, Қидан, Даңчаң6, Самарқан елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 1-жылы (477 ж.) Когори, Қидан, Күміс, Жоржан, Кодоро, Батыс Синд, Шерві, Забул, Лянбо, Юәнко елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 2-жылы (478 ж.) Кусән елі асыл бағалы түйе, тұлпар және көптеген інжу-маржанды сый-тарту етті. Туйғұн, Жоржан, Уцзи елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 92 және 94-беттер)

 

Тайхэ 3-жылы (479 ж.) Туйғұн, Когори, Жоржан, Дидугән, Қидан, Күміс, Кусән, Соғды, Жуи, Хегуң, Забул, Юәнко, Самарқан елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 4-жылы (480 ж.) Жоржан мен Самарқан елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 5-жылы (481 ж.) Дэңчжи7 және Жоржан елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 6-жылы (482 ж.) Дидугән мен Туйғұн елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 96 және 98-беттер)

 

Тайхэ 8-жылы (484 ж.) Жоржан мен Когори елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 9-жылы (485 ж.) Даңчаң, Когори, Туйғұн елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 10-жылы (486 ж.) Жоржан, Когори, Туйғұн, Уцзи елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 100 және 102-беттер)

 

Тайхэ 11-жылы (487 ж.) Туйғұн, Когори, Самарқан елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 12-жылы (488 ж.) Когори, Даңчаң, Туйғұн, Уцзи, Усиң8 елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 13-жылы (489 ж.) Когори, Туйғұн, Инпиң9, Жуңчи, Даңчаң елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 103-104-беттер)

 

Тайхэ 15-жылы (491 ж.) 5-айдың 24-күні Фухән басқақ-санғұны Чжаңсун Байнян туйғұндар салған Тао'яң10 және Нихэ қалаларын алып, 30 мыңнан астам адамды бағындырды.

Сол жылы Туйғұн, Самарқан, Когори, Деңцзи, Даңчаң елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 16-жылы (492 ж.) 8-айдың 11-күні Яңпиң бегі Тоғбат И11 және сол-қанат12 бегі Лу Жуй13 екеуіне 12 сардарға (санғұн) қолбасшылық ету және солтүстіктегі жоржандарға қарсы жорық жүргізу туралы бұйрық түсірілді. 12-күні Даңчаң бегі Ляң Мичең14 астанаға сәлемдесуге келді.

Сол жылы Когори, Деңцзи, Кингит, Туйғұн елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 106, 107, 108 және 109-беттер)

 

          Тайхэ 17-жылы (493 ж.) Уцзи, Туйғұн, Даңчаң, Инпиң, Қидан, Күміс, Деңцзи елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тайхэ 19-жылы (495 ж.) Когори, Деңцзи, Туйғұн елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 111 және 115-беттер)

 

          Тайхэ 21-жылы (497 ж.) 12-айда Қочо15 мемлекеті елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 118-бет)

 

1. Войе (沃野) - қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районының Инчжао аймағы Хангин хошунының оңтүстігінде болған бекіністің атауы.

(редактор)

 

2. Туңвән (统万) - қазіргі Шэнси өлкесі Хеңсян ауданының батысындағы ежелгі қала. Солтүстік Вэй патшалығы Ұлы Ся патшалығын жойып, осы қаланы Туңвән әскери бекінісіне айналдырған.

(бір томдық «Цы’юән», 1315-бет)

 

3. Бас қолбасшы (太尉) - мемлекеттің әскери істерін басқарған мансапты.

(бір томдық «Цы’юән», 386-бет)

 

4. Фухән (枹罕) - қазіргі Гәнсу өлкесі Линся ауданының солтүстік-шығысында болған ежелгі аудан.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасы, 4057-бет)

 

5. Дидугән (地豆干) - солтүстіктегі көне ұлыс. Қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Шығыс Ужумчин хошунының аумағына сәйкес келеді.

(редактор)

 

6. Даңчаң (宕昌) - ежелгі ел. Қазіргі Гәнсу өлкесінің Даңчаң ауданы. Цзин әулетінен бастап, цяңдардың өкілі Ляң Циң өзін Даңчаң билеушісі деп атаған.

(бір томдық «Цы’юән», 443-бет)

 

7. Дэңчжи (邓至) - ежелгі заманда Даңчаңның оңтүстігінде мекендеген цяңдар өздерін «Дэңчжи» деп атаған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1391-бет)

 

8. Усиң (武兴) – ди тайпасы құрған мемлекет. Қазіргі Шэнси өлкесінің Люй'яң ауданы.

(редактор)

 

9. Инпиң (阴平) - ди тайпасы құрған мемлекет. Қазіргі Гәнсу өлкесі Вэнсян ауданының солтүстік-батыс жағы.

(редактор)

 

10. Тао'яң (洮阳) - қазіргі Гәнсу өлкесі Линтән ауданының оңтүстік-батысында болған ежелгі аудан.

(бір томдық «Цы’юән», 963-бет)

 

11. Яңпиң бегі Тоғбат И (阳平王颐) - Яңпиң бегі Тоғбат Синчеңнің үлкен баласы. Есімі Тоғбат Аншу.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 630-бет)

 

12. Сол-қанат бегі (左仆射) - Хән патшасы Сяндидің заманынан бастап диуанбегіден кейінгі оң және сол қанат бектер лауазымдары құрылған.

(бір томдық «Цы’юән», 520-бет)

 

13. Лу Жуй (陆叡) - Солтүстік Вэй патшалығының даңқты уәзірі Лу Сидің немересі. Диуан істеріне жауап беретін сол-қанат бегі етіп тағайындалған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1020-1021-беттер)

 

14. Даңчаң бегі Ляң Мичең (宕昌王梁弥承) - Даңчаң еліндегі цяңдардың басшысы Ляң Чиннің ұрпағы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3190-бет)

 

15. Қочо (高唱) - ежелгі мемлекет. Астанасының қалдықтары қазіргі Шынжаңдағы Тұрфан аймағының Қарақожа елді мекенінде орналасқан.  

(бір томдық «Цы’юән», 1893-бет)

 

 

4. Вэй патшалары туралы естелік (IV)

 

Тайхэ 23-жылы (499 ж.) қыста 10-айдың 11-күні Дэңцзи елінің билеушісі Сяңсупең сарайға сәлемдесуге келді.

Цзиңмиң 1-жылы (500 ж.) Когори мен Туйғұн елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Цзиңмиң 2-жылы (501 ж.) Когори және Туйғұн елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Цзиңмиң 3-жылы (502 ж.) Батыс өңірдегі 27 ел елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 131, 132, 133 және 134-беттер)

 

Чжеңси 1-жылы (504 ж.) 9-айда жоржандар шекаралық аудандарға шапқыншылық жасады. Вэй патшасы Шицзуң сол-қанат бегі Юән Хуайға қайтарма жорық ұйымдастыруды бұйырды.

Сол жылы Когори елі елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Чжеңси 2-жылы (505 ж.) Дэңцзи елі елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Чжеңси 3-жылы (506 ж.) Когори, Жоржан елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

          Чжеңси 4-жылы (507 ж.) күзде 8-айдың 14-күні Дунхуаңда1 ашаршылық туылған кезде, құтқару және қайырымдылық көмек көрсету туралы жарлық түсірілді.

          Сол жылы Батыс өңір, Шығыс Рей өңіріндегі шамамен 40 ел елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 135, 136 және 137-беттер)

 

          Юңпиң 1-жылы (508 ж.) Солтүстік дилер2, Шығыс Рей және Батыс өңірдегі 18 ел елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды. Қочо билеушісі Чү Жя3 хат жолдап, Ұлы қорғанның ішіне көшуді өтінді.

          Юңпиң 2-жылы (509 ж.) күзде 8-айдың 3-күні Дэңцзи билеушісінің баласы, мұрагер Шяңланти патша етіп көтерілді.

          Сол жылы Шығыс Рей, Батыс өңірдің 24 елі елшілерін жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

          Юңпиң 3-жылы (510 ж.) Шығыс Рей, Солтүстік дилер және Батыс өңірдің 16 елі елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды. 

          Юңпиң 4-жылы (511 ж.) Шығыс Рей, Солтүстік дилер және Батыс өңірдің 29 елі өз елшілерін жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

          Янчаң 1-жылы (512 ж.) Шығыс Рей, Батыс өңірдің 10 елі елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 138, 139, 140 және 141-беттер)

 

Янчаң 2-жылы (513 ж.) Шығыс Рей, Батыс өңірдің ондаған елі елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Янчаң 3-жылы (514 ж.) Шығыс Рей, Батыс өңірдің сегіз елі елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Янчаң 4-жылы (515 ж.) Туйғұн, Даңчаң, Дэңцзи, Қочо, Инпиң елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 142, 144 және 145-беттер)

 

     Шипиң 2-жылы (517 ж.) Шығыс Рей, дилер4, цяңдар5 және Батыс өңірдің 11 елі елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

     Шэнгуй 1-жылы (518 ж.) Шығыс Рей 6, Батыс өңір, Солтүстік дилер және басқа да 11 ел өз елшілерін жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

     Шэнгуй 2-жылы (519 ж.) Туйғұн, Даңчаң, Эфталит елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды. 

     Чжеңгуаң 1-жылы (520 ж.) 9-айдың 21-күні жоржан билеушісі Анағай7 Вэй патшалығына қашып келіп, бағынатынын білдірді.

     Сол жылы 11-айдың 29-күні Анағайға Шофаң аймағының уәлиі, «жоржан қағаны» деген мәртебе берілді. 12-айдың 13-күні Вэй патшасы Суцзуң Анағайды солтүстікке жөнелту туралы жарлық түсірді.

     Чжеңгуаң 2-жылы (521 ж.) 8-айдың 4-күні жоржанның кейінгі қағаны Ужулу Қуруба Хуайсо қамалына8 қашты һәм бағынды.

     Сол жылы Удияна9, Қомид, Парсы, Қочо, Уцзи, Пуро, Қаңлы елдері елшілер жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды. 

     Чжеңгуаң 3-жылы (522 ж.) жазда 4-айдың 19-күні Қаңлы билеушісі Елбег10 «батысты тыныштандырушы санғұн», Шихай аймағының уәлиі, Қаңлы елінің билеушісі етіп тағайындалды.

     Сол жылы Парсы, Буши, Кусән, Туйғұн елдері елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

     Чжеңгуаң 4-жылы (523 ж.) көктемде 2-айдың 20-күні Жоржан қағаны Анағай қауымымен шекаралық аудандарға баса-көктеп кірді. Уәзірдің сол-қол диуанбегі Юән Фу11 «солтүстік уәли»12 ретінде жарлық алған соң, оларды тыныштандыруға аттанды. Сол себепті, жоржанның кейінгі қағаны Ужулу Қуруба сарайға сәлемдесуге келді. Сәулетші-бегі13 Лю Тең өлді.

     Жазда 4-айда Анағай Юән Фуды тұтқындап, солтүстікке көшті.

     Сол жылы Даңчаң мен Күміс елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Чжеңгуаң 5-жылы (524 ж.) 5-айдың 23-күні Вэй патшасы Суцзуң диуанбегі Ли Чуңды14 «бас тұтұқ» лауазымына тағайындап, оған Гуаң’яң бегі Юән Шэн15 және басқаларды солтүстік жорыққа бастап бару туралы жарлық түсірді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 146, 147, 148, 149 және 150-беттер)

 

Сяочаң 1-жылы (525 ж.) 6-айда жоржан қағаны Анағай Балыңның16 бүлікші қосындарын ауыр шығынға ұшыратты.

Қыста 10-айда жоржандар елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Сяочаң 3-жылы (527 ж.) жоржандар елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 152 және 155-беттер)

 

1. Дунхуаң аймағы (敦煌) - қазіргі Гәнсу өлкесі Дунхуаң қаласының айналасын қамтыған ежелгі аймақ.

(бір томдық «Цы’юән», 729-бет)

 

2. Солтүстік дилер (北狄) - ежелгі ел. Қытай тіліндегі көне жазба деректерінде «翟» деп те жазылады. Б.з.д. VII ғ. Қызыл дилер, Ақ дилер, Биік дилер деп үш бөлікке бөлінген. Солтүстікте өмір сүргендіктен, «Солтүстік дилер» деп аталған.

(«Цыхай» энциклопедиясы, 1873-бет)  

 

3. Чү Жя (麴嘉) - южуңдық. Тағы бір есімі - Чү Лиңфең. Әуелгіде Қочоның билеушісі Марудың қарамағындағы уәзірдің көмекшісі болған. Кейін Қочоның ақсүйектері Маруды өлтіріп, оны Қочо билеушісі етіп сайлаған. Ол өлгеннен кейін, Вэй патшасы Суцзуң оған «батысты тыныштандырушы санғұн» және Ляңчжоу аймағының бегі деген атақтар сыйлаған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3213-3214-беттер)

 

4. Дилер () – ежелгі ел. «Батыс руңдар» деп те аталған.

(бір томдық «Цы’юән», 921-бет)

 

5. Цяңдар () - ежелгі Қытайдың батыс бөлігін мекендеген тайпалардың бірі. Шығыс цяңдар, Батыс цяңдар, Фа цяңдары деген бірнеше тармаққа бөлінген.

(бір томдық «Цы’юән», 1353-бет)

 

6. Шығыс Рэй (东夷) - ежелгі Қытайдың шығыс бөлігінде өмір сүрген тайпалар. Мұндағы «夷» сөзі «варвар» деген сөзді білдіреді.

(«Цыхай» энциклопедиясы, 1475-бет)

 

7. Анағай (阿那瓌) - жоржан қағаны. Солтүстік Вэй әулетінің Чжеңгуаң жылдарының басында жоржандар оны хақан етіп көтерген. Көп өтпей, немере ағасы Сыфа оны жеңіліске ұшыратқандықтан, Солтүстік Вэй патшалығына бағынып, Шофаң аймағының уәлиі етіп тағайындалған. Патша Суцзуңның заманында Войе бекінісіне жорық жасап, тыныштандырғаны үшін «Чилантубиңба-хақан» деп аталған.

  (бір томдық «Цы’юән», 1776-бет)

 

8. Хуайсо бекінісі (怀嗍镇) - қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Боғит қаласының солтүстік-шығысында болған бекініс.

 (бір томдық «Цы’юән», 636-бет)

 

9. Удияна (乌苌国) - Памирдың оңтүстік және Үндістанның солтүстік бөліктерінде орналасқан, халқы будда дініне сенген ежелгі ел.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3233-бет)

 

10. Елбег (伊匐) - қаңлы қағаны. Чуңчидің баласы, Миатудың інісі. Жоржан қағаны Чуну Миатуды өлтірген соң, Елбег қаңлы билеушісі болып, Солтүстік Вэй әулетіне елші жіберіп, хат жолдаған. Вэй патшасы Гаоцзу да елші жіберген және оны «батысты тыныштандырушы санғұн», Шихай аймағының уәлиі, Қаңлы елінің билеушісі етіп тағайындаған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3274-3275-беттер)

 

11. Юән Фу (元孚) - Солтүстік Вэй патшалары туыстарының өкілі, Линхуай бегі Юән Тәннің баласы (Юән Тән - Вэй патшасы Шицзудың төртінші баласы).

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 611 және 613-беттер)

 

12. Солтүстік уәли (北道行台) - жер-жерлерде сарайдың атынан дуән-уәзір міндетін атқарған құрылым. Бұл құрылым көбінесе әскери істер үшін құрылған.

(бір томдық «Цы’юән», 1523-бет)

 

13. Сәулетші-бегі (司空) - құрылыс пен сәулет, су шаруашылығы істерін басқарған мансапты.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасының «Мансаптылардың баяны» бөлімі, 4141-бет)

 

14. Ли Чуң (李崇) - Дунцюй деген жерден шыққан. Вэй патшасы Гаоцзуңның Юән есімді ханшасының жиені. Солтүстік Вэй патшалығының әйгілі уәзірі.

(редактор)

 

15. Гуаң’яң бегі Юән Шэн (广阳王元深) - Вэй патшасы Шицзудың (Тоғбат Тао) бесінші баласы, Тоғбат Цзяннің немересі.

(редактор)

 

16. Балың (拔陵) - Войе әскери бекінісінен шыққан. Толық аты-жөні Бұрхан Балың. Чжеңгуаң 5-жылы (524 ж.) Солтүстік Вэй патшалығына қарсы көтеріліске шыққан.   

(редактор)

 

 

5. Вэй патшалары туралы естелік (V)

 

Юң'ән 3-жылы (530 ж.) 6-айдың 14-күні Эфталит елі арыстанды сыйға тартты.

          Юңси 1-жылы (532 ж.) Жоржан, Эфталит, Когори, Қидан, Күміс, Қочо елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

          Юңси 2-жылы (533 ж.) қыста 10-айдың 28-күні «қорғаушы санғұн», Гуачжоу аймағының бегі, Тайлин бегі1, Қочо билеушісі Чү Жян2 «сарайдың үш әмірлігіне ұқсас сыйға бөленуші»3 және Тайлин уәлиі лауазымдарына дейін көтерілді.

Юңси 3-жылы (534 ж.) жазда Қидан, Когори, Туйғұн мемлекеттері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 165, 172 және 173-беттер)

 

Датуң 7-жылы (541 ж.) жазда 4-айда Кроран билеушісінің ағасы Шанжуна өз қауымымен ішкі аумаққа көшіп, бағынатынын білдірді.

Батыс Вэй әулетінің Фэйди 1-жылы (552 ж.) жазда 4-айда жоржан елханы Дагуән Гуаң’уға4 басып кірді.

5-айда «ел тіреушісі»5 Ли Бей оның ізіне түсіп, мыңдаған адамын өлтіріп, соғысқа қажетті жарақ-жабдықтарды олжалап әкетті.

Тянпиң 4-жылы (537 ж.) Когори мен Жоржан елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Сиңхэ 2-жылы (540 ж.) Когори, Жоржан, Уцзи елдері елшілерін жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Сиңхэ 3-жылы (541 ж.) көктемде 2-айдың 2-күні апурғұр тайпасының көсемі Чотубанахунда бағыныштылығын білдіру үшін Шығыс Вэй патшасы Сяоцзиңнің алдына келді. 3-айдың 13-күні ляңчжоулық Гуңсун Гуйбиң қол астындағы руларды жиып, көтеріліс жасады. Ол өзін «Тәңірхан» деп атады. Яңся6 басқақ-санғұны шабуылға өтіп, оны қолға түсірді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 178, 183, 187 және 189-беттер)

 

Сиңхэ 3-жылы (541 ж.) Жоржан, Когори, Уцзи елдері Шығыс Вэй патшасы Сяоцзиңге елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Сиңхэ 4-жылы (542 ж.) Жоржан, Когори, Туйғұн елдері елшілер жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Удиң 1-жылы (543 ж.) Туйғұн, Когори және Жоржан елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Удиң 2-жылы (544 ж.) Туйғұн, Дидугән, Шерві7, Когори, Жоржан елдері елшілерін жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Удиң 4-жылы (546 ж.) Шерви, Уцзи, Дидугән, Когори елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Удиң 6-жылы (548 ж.) Когори, Шерві, Жоржан, Туйғұн елдері елшілер жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Удиң 7-жылы (549 ж.) Жоржан, Дидугән, Шерві, Когори, Туйғұн елдері елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Удиң 8-жылы (550 ж.) жазда 4-айдың 26-күні жоржандар елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 190, 191, 192, 193, 194 және 195-беттер)

 

1. Тайлин бегі () - ежелгі бес дәрежелі мәртебенің үшінші дәрежесі.

 

2. Чү Жян (麴子坚) - Қочо елінің билеушісі. Чү Жяның баласы, есімі Жян.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 201-бет)

 

3. «Сарайдың үш әмірлігіне ұқсас сыйға бөленуші» (仪同三司) - мансап атауы. Үш жоғары уәзірге дәстүр-қағида бойынша сый көрсетілетін жоғары дәрежелі лауазым.

(бір томдық «Цы’юән», 141-бет)

 

4. Гуаң’у (广武) - қазіргі Гәнсу өлкесінің Юңдэң ауданын қамтыған ежелгі аймақ.

  (бір томдық «Цы’юән», 551-бет)

 

5. «Ел тіреушісі» (柱国) - мансап аты. Бастапқы міндеті астананы қорғау болғандықтан, «астана қорғаушысы» деп те аталған. Кейін ең жоғарғы мәртебелі әскери мансапқа айналған.

(бір томдық «Цы’юән», 836-бет)

 

6. Яңся (阳夏) - ежелгі аудан. Қазіргі Хэнән өлкесінің Тайкаң ауданы.

(бір томдық «Цы’юән», 1789-бет)

 

7. Шерві (室韦) - Хэйлуңцзяң (Амур) өзенінің жоғарғы ағысы және Аргун өзенінің төңірегін мекендеп, аңшылықпен шұғылданған ежелгі ел. Кейін қидандарға бағынған. 

(бір томдық «Цы’юән», 449-бет)

 

 

6. Ци патшалары туралы естелік (І)

 

Чжеңгуаң1 жылдарынан бұрын апурғұрлар өздерін әрдайым Вэй патшалығының қарамағындағы ел деп келген. Алайда Вэй патшалығында дүркін-дүркін аласапыран туылған соң, олар да опасыздық жасады. Ци патшасы Шэн'у2 оларды тыныштандыру үшін елші жіберген соң, олар қайтадан бағынды. Оның алдында Вэй патшалығының ішкі дүрбелеңі тыныштандырылып, «уали» мансабы қолданудан қалдырылған-ды. Ендігі жерде, әдет-ғұрыптары ұқсамайтын халықтар бағынғандықтан, «Шекара істерін нақты жағдайға қарап шешсін» деп Гао Хуәнге тағы «Бас уәли» деген атақ берілді. Гао Хуән оларға астық пен тоқыма бұйымдарын үлестірді. Кеңесшілер «Қаржы қуатымыз бекерге зая кетеді. Бұның ешбір пайдасы жоқ» деді. Алайда, Гао Хуән олардың пікіріне құлақ аспай, өзінің айтқаны бойынша олардың жағдайын сұрап, көңілін аулады. Олардың көсемі Тучан және басқалар Гао Хуәннің шапағатына алғыс айтып, бұйрығына бағынды. Олар Саунды құтқарып, Вәнчишуруқанды тұтқындап, сарайдың кәдесіне жарады. Солтүстік өзеннің3 батысында мекендеген фитуғ тайпасынан шыққан Хедулиңил Куша өзенінің алабын иеленіп, күрделі жер бедеріне сүйенген және адам жинаған еді. Гао Хуән тізе бүктіру үшін көмекші4 Хужиңді бірнеше рет жіберсе де, олар елдеспеді.

Тянпиң 1-жылы (534 ж.) 1-айдың 9-күні Гао Хуән Солтүстік өзеннің батысындағы фитуғ тайпасынан шыққан Хедулиңилді руластарымен қоса қырып-жойды. Оның елін Хэдуңға5 көшірді.

Сиңхэ 2-жылы (540 ж.) 12-айда апурғұр тайпасы елші жіберіп, елдесуді өтінді. Гао Хуән қол астындағыларды бастап, оларды күтіп алуға шықты. Учжоудың6 сыртына шықса, олардың қарасы да көрінбеді. Сонымен кең көлемде аң аулап қайтты.

Сиңхэ 3-жылы (541 ж.) 5-айда Гао Хуән солтүстік шекаралық аудандарды тексеруге барды және жоржандарға елші жіберіп жарасты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 218, 219 және 227-беттер)

 

1. Чжеңгуаң (正光) - Вэй патшасы Суцзуңның 520-542 жж. жылдар атауы. 

(«Қытайдың тарихи жылнамасы»)

 

2. Патша Шэн'у (神武帝) - есімі Гао Хуән, Солтүстік Ци әулетінің негізін қалаушы.

(редактор)

 

3. Солтүстік өзен (北河) - қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районындағы Уга өзені.

(«Ғұндар тарихының жылнамасы», 263-бет)

 

4. Көмекші (长史) - лауазым атауы. Цин патшалығы заманында енгізілген, Хән патшалығы кезеңінде уәзірдің көмекшісі дегенді білдірген. Кейінгі Хән патшалығы кезеңінде бас қолбасшы, бас уәзір, құрылыс пен сәулет басқарушысы және санғұнның көмекшісі лауазымдарын білдірген. Кейін аймақтарда енгізілген көмекші мансабы әскери істерді басқарған.

(бір томдық «Цы’юән», 1754-бет)

 

5. Хэдуң (河东) - Хуаңхэ өзенінің шығысындағы аумақ пен Шэнси өлкесі. Хэдуң аймағы Хән патшалығы кезеңінде құрылған.  

 (бір томдық «Цы’юән», 948-бет)

 

6. Учжоу (武州) - қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районындағы ежелгі ауданның аты. Хән патшалығы заманында құрылған және Юнчжуң аймағына қараған. Солтүстік Вэй әулетінің уақытында Учжоу бекінісі етіп өзгертілген.

(бір томдық «Цы’юән», 903-бет)

 

 

7. Ци патшалары туралы естелік (ІІ)

 

          Солтүстік Ци патшасы Вэнсюәннің1 Тянбао 1-жылы (550 ж.) Когори, Жоржан, Туйғұн, Күміс елдері елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тянбао 2-жылы (551 ж.) Жоржан, Шерві, Когори елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Тянбао 3-жылы (552 ж.) көктемде 1-айдың 27-күні Ци патшасы Вэнсюән Дайцзюн2 аймағындағы күмістерге қарсы жорық жасап, оларды талқандады. Бұл ел Тайхаң тауының шығыс бөлігіне3 көшіріліп, Ци патшалығының бұқарасына айналдырылды. Сол жылы 2-айда жоржан хақаны Анағай түрктерден4 жеңіліп, өзін-өзі өлтірді. Оның мұрагері Янлуғчин, немере інісі Диңжу-елбег5 пен оның баласы Құт өз қауымымен бірге Ци патшалығына қашып келді. Қалған жоржандар Диңжу-елбегтің екінші баласы Тәбаны хақан етіп көтерді.

Тянбао 4-жылы (553 ж.) 2-айда жоржан хақаны Тәбаның әкесі Диңжу-елбег пен оның баласы Құт солтүстікке әкелінді. Көп өтпей, қидандар Тәбаны өлтірді. Жоржандар Диңжу-елбегті хақан етіп көтерді. Алайда, оны рубасы Афут өлтірді. Жоржандар Құтты хақан етіп сайлады.

Сол жылы 12-айдың 2-күні түрктер жоржандарға тағы шабуыл жасады. Жоржан тайпаларының бәрі де Ци патшалығына қашып келді.

Сол айдың 6-күні Ци патшасы Вэнсюән солтүстікте түрктерге қарсы жорыққа шығып, жоржандарды күтіп алды және өз бұқарасына айналдырды. Олардың билеушісі Құт-қағанды орнынан түсіріп, Анағайдың баласы Янлуғчинді қаған етіп тағайындады және Ма'и өзенінің6 бойына орналастырды. Шофаң аймағына дейін қуылған түрктерге соққы берілді. Түрктер бітімдесуге шақырды. Патша олармен бітімдесіп қайтты. Содан кейін түрктер сарайға үздіксіз ұлпан тапсырып жүрді.

Тянбао 5-жылы (554 ж.) 3-айда Янлуғчин басшылығындағы жоржандар опасыздық жасады. Ци патшасы Вэнсюән жорық жасап, оларды ауыр шығынға ұшыратты. Янлуғчин өз баласымен бірге солтүстікке қашып кетті.

Сол жылы 4-айда жоржандар Сычжоу7 деген жерге баса-көктеп кірді. Цзиняңнан8 жорыққа аттанған патша Хэңчжоу9 деген жерге барды. Осы уақытта дұшпанның атты әскерлері қашып кеткендіктен, басты қосындар кейін қайтты. Ци патшасы Вэнсюән қол астындағы 2 мыңнан астам атты әскермен арттан жүрді. Түнде Хуаңгуадуй10 деген жерде қонды. Жоржандардың басқа руларынан жиналған бірнеше түмен атты әскер сәйгүліктерін жайдақ мініп келіп, осы жерді қоршап алды. Патша алаңсыз ұйықтап, таң атқанда орнынан тұрды. Оның бет-шырайында ешқандай қорқыныш белгісі көрінбейтін. Ол қосындарды сапқа тұрғызып, қоршауды жарып өтті. Дұшпандар қашты. Жасақтар оларды қуып, соққы берді. Олардың өліктері 20 шақырым жерге шашылды. Янлуғчиннің әйелі мен баласын қосқанда 30 мыңнан астам адам қолға түсті.

5-айдың 2-күні Дидугән мен Қидан елдері жіберген елшілер сарайға ұлпан тапсырды. 22-күні солтүстіктегі жоржандарға қарсы жорық басталып, олар ауыр жеңіліске ұшырады.

6-айда жоржандар алыс жаққа қашып кетті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 248, 249, 250 және 251-беттер)

 

Тянбао 6-жылы (555 ж.) 6-айдың 23-күні Ци патшасы Вэнсюән жоржандарға қарсы жорыққа шықты. 25-күні әр бағыттағы қосындар Чилянчи деген жерде жиналды. Олар 26-күні шекарадан өтіп, Шеди аңғарына11 жетті. Жүздеген шақырым төңіректе су болмағандықтан, қосындар шөлдеп, қалжырап әлсіреген-ді. Кенеттен қатты жаңбыр жауды.

Күзде 7-айдың 1-күні патша Вэнсюән қосындарды Байдаода12 тоқтатып, ауыр жүктерді қалдырып, жеңіл қаруланған 5 мың атты әскермен жоржандарды қуалады. 4-күні Хуайсо бекінісінде оларды қуып жетті. Атылған оқ пен лақтырылған тастарды елемеген патша шабуылға өтіп, оларды қайта-қайта ауыр шығынға ұшыратты һәм Войе бекінісіне дейін қуып барды. 14-күні патша Цзиняңға қайтты.

9-айдың 2-күні патшаның үзеңгілестері Цзиняңнан астанаға13 қайтты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 252-бет)

          

1. Ци патшасы Вэнсюән (文宣帝) - Гао Хуәннің екінші баласы, аты-жөні Гао Яң. Ци әулетін құрып, 551-559 жж. патша болған.

 (редактор)

 

2. Дайцзюн (代郡) - қазіргі Шэнси өлкесінің Дайсян, Фәнцзи, Утай, Юәнпиң аудандарын қамтыған ежелгі аймақ. 

(бір томдық «Цы’юән», 93-бет)

 

3. Тайхаң тауының шығысы (山东) - қазіргі Хэбэй өлкесінің батыс бөлігі.

(редактор)

 

4. Түрктер (突厥) – көне заманда Алтай тауын мекендеген көшпелі халық.

(бір томдық «Цы’юән», 1262-бет)

 

5. Елбег (俟利) – жоржан мансабының атауы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 275-бет)

 

6. Ма'и өзені (马邑川) – қазіргі Шэнси өлкесі Ниң'у ауданының батысындағы таудан бастау алып, шығысқа қарай ағып, ауданның оңтүстігінен өтіп, солтүстікке бұрылып, Сосян ауданына ағып, ежелгі Ма'и қаласының қалдықтарының оңтүстігінде Саңгән өзеніне құйылады.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 330-бет)

 

7. Сычжоу (肆州) – қазіргі Шэнси өлкесі Синсян ауданының ежелгі аты.

(«Қытай тарихының атласы», 4-кітап, 59-60-беттер)

 

8. Цзиняң (晋阳) – қазіргі Шәнси өлкесі Тайюән қаласының маңындағы ежелгі аудан. 

(бір томдық «Цы’юән», 773-бет)

 

9. Хэңчжоу (恒州) – қазіргі Хэбэй өлкесінің Хэңдиң ауданы.

(бір томдық «Цы’юән», 605-бет)

 

10. Хуаңгуадуй (黄瓜堆) – қазіргі Шәнси өлкесінің Шанин ауданы.

 («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атаулар энциклопедиясы»,

977-бет)

 

11. Шеди аңғары (厍狄谷) – қазіргі Шәнси өлкесі Датуң қаласының жанында болуы керек.

(редактор)

 

12. Байдао (白道) – көне түрк тілінде «Ақбелдеу» жолы. Қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Көкқұт қаласының солтүстік-батыс жағындағы жолдың аты.

(«Ғұндар тарихының жылнамасы», 257-бет)

 

13. Ци патшалығының астанасы Ечэң шаһары (қазіргі Хэбэй өлкесі Линчжаң ауданының оңтүстік-батысындағы жер) еді.

(редактор)

 

 

8. Ци патшалары туралы естелік (ІІІ)

 

Гао Хуән алыстағы тайпаларды тыныштандырып, өзіне бағындырумен болды. Осы мақсатта, ол жоржан шахзадасы Янлуғчиннің қызын өз баласына әперіп1, оған «Лиңхэ-ханша» деген есім берді.

Хэциң 2-жылы (563 ж.) қыста 12-айдың 19-күні Солтүстік Чжоу патшалығының2 бас қолбасшысы Яң Чжуң Түрк қағаны Ашина Мұқанмен3 бірге 20 мыңнан астам адаммен Хэңчжоудан үш бағытқа бөлініп шапқыншылық жасап, мансаптылар мен халықты қырып-жойды һәм талан-таражға салды. Сол кезде бір ай бойы қар жауып, мұз қатты. Солтүстік пен оңтүстікте мыңдаған шақырым кең алқаптағы жердің бетін қалыңдығы бірнеше қарыш қар қаптаған болатын. Тайюәнда қан түстес жаңбыр жауды. 28-күні Ци патшасы Учең Цзиняңға барды. 26-күні Чжоу патшалығының қосындары Биңчжоу аймағына4 жақындап, бас санғұн Даcиуды5 он мыңдаған әскермен бірге Шығыс Юңчжоу6 және Цзинчжоу аймақтарындағы түрктерге жәрдемдесуге жіберді.  

Хэциң 3-жылы (564 ж.) көктемде 1-айдың 1-күні Чжоу патшалығының қосындары Биңчжоу шаһары7 алдында сапқа тізілді. Екі тарап шаһардың батыс жағында соғысты. Чжоу патшалығының қосындары мен түрктер қатты жеңілді. Адам және төрт түлік малдың өліктері жүздеген шақырымға шашылды. Пиң'яң бегі Дуән Шаоға оларды солтүстіктегі шекарадан сыртқа қуып жіберу туралы жарлық түсірілді.

Күзде 9-айда түрктер Юйчжоуға8 басып кірді.

Тянтуң 2-жылы (566 ж.) Түрк, Моғал9 елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Тянтуң 3-жылы (567 ж.) қыста 10-айда Түрк, Дамло10, Шерві, Байцзи11, Моғал елдері бөлек-бөлек елшілер жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Солтүстік Ци әулетінің Упиң 4-жылы (573 ж.) Когори және Моғал елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды. Түрк елшісі құдаласуды талап етті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1-том, 281, 283, 284, 288 және 295-беттер)

 

1. Гао Хуән Янлуғчиннің қызын өзінің тоғызыншы баласы Гао Чжәнге әйел етіп әперген. Гао Чжән 561 ж. Ци патшалығының билеушісі болып, патша Учең деп аталған.  

(редактор)

 

2. Солтүстік Чжоу патшалығы (北周) – Юйвен Тай 557 ж. Батыс Вэй әулетін жойғаннан кейін құрылған патшалық. 577 ж. Солтүстік Ци патшалығын күйреткен.

(редактор)

 

3. Мұқан-қаған (木杆可汗) – Түрк қағаны. Әуелгі есімі Еркин. Оның келіп шығуы жөнінде екі түрлі естелік бар. Біреуі: Ел-қаған өлгеннен кейін, інісі Елішіг-қаған таққа отырды. Ол сырқаттан өлген кезде, тақты баласы Идугке бермей, інісі Еркинді қаған етті. Міне бұл Мұқан-қаған болатын. Енді біреуі: Тумын-қаған өзін Ел-қаған деп атаған. Ол қайтыс болып, баласы Қара қаған (Елішіг-қаған) болды. Ол өлетін кезде қағандықты баласы Идугке қалдырмай, інісі Еркинге (Мұқан-қағанға) берді. Оның тағы бір есімі – Елұран-би. Оның қол астында түрктер орасан зор күш-қуатқа жеткен.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3285 және 3287-беттер)

   

4. Биңчжоу аймағы (并州) – қазіргі Шәнси өлкесіндегі Фенхэ өзенінің орта ағысына сәйкес келеді.

(бір томдық «Цы’юән», 405-бет)

 

5. Дасиу (达奚武) – Солтүстік Чжоу әулетінің заманындағы даңқты қолбасшы. Гао'яң аймағының бегі, «ел қорғаушысы» мансаптарын атқарған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2299 және 2301-беттер)

 

6. Шығыс Юңчжоу аймағы (东雍州) – қазіргі Шәнси өлкесінің Синчжаң ауданы.

(«Цыхай» энциклопедиясы, 1810-бет)

 

7. Биңчжоу шаһары (并州城) – қазіргі Шәнси өлкесі Тайюән қаласының оңтүстігіндегі жер.

(редактор)

 

8. Юйчжоу аймағы (幽州) – қазіргі Хэбэй өлкесінің солтүстік-шығыс бөлігіне сәйкес келеді.

(редактор)

 

9. Моғал (鞨鞮) – солтүстікте өмір сүрген ел. «Уцзи» деп те аталған.

(бір томдық «Цы’юән», 1832-бет)

 

10. Дамло (大莫娄) – уцзи елінен 1 мың шақырым солтүстікте өмір сүрген ел.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3131-бет)

 

11. Байцзи (白济) – қазіргі Кореяның солтүстік-батыс бөлігінде мекендеген ежелгі ел.

(«Қытай тарихының атласы», 4-кітап, 17-18-беттер)

 

 

9. Чжоу патшалары туралы естелік (І)

 

Солтүстік Чжоу патшасы Миңдидің 2-жылы (558 ж.) 6-айдың 1-күні Эфталит елі елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды. Сол жылы қыста 10-айдың 1-күні түрктер елші жіберді һәм сарайға ұлпан тапсырды.

Солтүстік Чжоу патшасы Миңдидің Учең 1-жылы (559 ж.) 3-айдың 6-күні туйғұндар шекаралық аудандарға шапқыншылық жасады. 23-күні Солтүстік Чжоу патшасы Миңди бас қолбасшы1 және Болиң ұлығы Хэ Ләнсяңді2 әскер бастап, жорыққа аттандырды.

Сол жылы 5-айдың 29-күні туйғұндар қашты. Кабисә айында Қочо мемлекеті елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2-том, 335-336-беттер)

 

1. Бас қолбасшы (大司马) – патшаның билік жүргізуіне жәрдемдесетін жоғары әскери істер уәзірі.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасының «Мансаптылардың баяны» бөлімі, 4137-бет; бір томдық «Цы’юән», 566-бет)

 

2. Хэ Ләнсяң (贺兰祥) – Солтүстік Чжоу патшалығының бас қолбасшысы. Батыс Вэй патшасы Вэндидің Датуң 14-жылы Болиң аймағының ұлығы етіп өсірілген. Солтүстік Чжоу патшасы Сяомиң таққа отырған соң, оны «ел қорғаушысы» және бас қолбасшы етіп тағайындаған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2179 және 2181-беттер)

 

 

10. Чжоу патшалары туралы естелік (ІІ)

 

Солтүстік Чжоу патшасы Удидің Баодиң 1-жылы (561 ж.) Түрк, Туйғұн, Қочо, Даңчиң, Кусән мемлекеттері елшілерін жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды.

Баодиң 3-жылы (563 ж.) 9-айдың 27-күні Солтүстік Чжоу патшасы Уди «ел қорғаушысы» Яң Чжуңға 10 мың атты әскерді бастап, түрктермен бірге Ци әулетіне қарсы шабуыл жасауды бұйырды.

Баодиң 4-жылы (564 ж.) Түрк пен Соғды мемлекеттері елші жіберді һәм сарайға ұлпан табыстады.

          Баодиң 5-жылы (565 ж.) Туйғұн елі елші жіберіп, сарайға ұлпан табыстады.

Солтүстік Чжоу патшасы Удидің Тянхэ 3-жылы (568 ж.) 3-айдың 8-күні Түрк елінен Ашина-ханым1 келді.

Күзде 7-айда түрктер елші жіберіп, тұлпар тарту етті.

          Солтүстік Чжоу патшасы Удидің Цзяндэ 1-жылы (572 ж.) 2-айдың 1-күні бас санғұн, Чаңчэң уәлиі Юйвен Шэн2 Түрк қағандығына елші болып жіберілді.

          Цзяндэ 3-жылы (574 ж.) көктемде 1-айдың 9-күні түрктер елші жіберіп, тұлпар сыйлады. 

          Цзяндэ 5-жылы (576 ж.) 8-айдың 2-күні ханзада3 Туйғұн елінің Фучи қаласына4 барып келді.

Цзяндэ 6-жылы (577 ж.) Туйғұн, Байцзи елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан табыстады.

          Солтүстік Чжоу патшасы Удидің Сюәнчжең 1-жылы (578 ж.) 3-айдың 25-күні түрктер елші жіберіп, сарайға ұлпан табыстады.

          Жазда 4-айдың 3-күні түрктер Юйчжоу аймағын шапты.

          11-айда түрктер шекаралық аудандарға баса-көктеп кірді. Цзюцюән қоршауға алынып, ұлықтар мен халық қырып-жойылды, талан-таражға салынды.

          Солтүстік Чжоу патшасы Цзиңдидің Дасяң 1-жылы (579 ж.) 5-айда түрктер Биңчжоу аймағына баса-көктеп кірді.

          Дасяң 2-жылы (580 ж.) 2-айдың 2-күні түрктер елші жіберіп, сарайға жергілікті өнімдерді тарту етті һәм Цянцзин-ханшаны5 көшіріп әкетті.

          Күзде 7-айдың 1-күні түрктер Ци әулетінің Фән'яң бегі Гао Шао'иді6 апарып берді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2-том, 348, 350, 351, 352, 354, 355, 356, 359, 363, 370, 371, 374, 376, 378 және 382-беттер)

 

1. Ашина-ханым (皇后阿史那氏) – Солтүстік Ци патшасы Учжеңнің (Гао Чжән) ханымы, Түрк қағаны Мұқанның қызы. Чжоу патшасы Удидің Тянхэ 3-жылы Түрк қағандығынан сарайға келген. Суй әулетінің Кайхуаң 2-жылы 32 жасында қайтыс болған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 258-бет)

 

2. Чаңчэң уәлиі Юйвен Шэн (昌城公深) – Солтүстік Чжоу әулеті патшаларының ұрпағы, Чжоу патшасы Вэндидің жиені.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 258-бет)

 

3. Бұл жерде Чжоу әулетінің ханзадасы Уди Юйвен Юңның (宇文邕) үлкен баласы Юйвен Юн (宇文赟) нұсқалуда. Ол Чжоу патшасы Удидің Сюәнчжең 1-жылы (578 ж.) 6-айда таққа отырған және Чжоу патшасы Сюәнди деп аталған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 373-бет)

 

4. Фучи қаласы (伏俟城) – Бұқса бекінісі деп те аталған. Қазіргі Циңхай өлкесінің батыс бөлігінде орналасқан.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

285-бет)

 

5. Цянцзин-ханша (千金公主) – Чжоу патшасы Вэндидің (Юйвен Тай) жетінші баласы Юйвен Чжаоның қызы. Дасяң 1-жылы (579 ж.) Түрк қағаны Табар құдаласуды талап еткенде, патша Цзиңди осы қызды «Цянцзин-ханша» деп атаған және күйеуге ұзатқан. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3290-бет)

 

6. Фән'яң бегі Гао Шао'и (范仰望高绍义) – Ци патшасы Вэнсюәннің (Гао Яң) үшінші баласы. Ци әулеті құлаған соң, ол Ма'и бекінісінен қашып, түрктерге бағынған. Табар-қағанның қолдауымен Ци патшасы болған. Кейін Чжоу патшалығы оны түрктерден сатып алып, Шу деген жерге жер аударған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1884-1885-беттер)

 

 

11. Суй патшалары туралы естелік (І)

 

Суй патшасы Вэндидің Кайхуаң 1-жылы (581 ж.) 8-айдың 17-күні Циңхайдағы туйғұндарға соққы беру үшін жөнелтілген Лэ’ән уәлиі Юән Се1 оларды жеңді һәм тізе бүктірді.

Сол жылы Моғал билеушісі Апар2 және Түрк қағаны Ішбара3 елші жіберіп, сарайға ұлпан табыстады.

Кайхуаң 2-жылы (582 ж.) жазда 4-айдың 17-күні бас санғұн Хән Сеңшоу4 Цзитоушән тауында5, ал санғұн Ли Чуң Хэбэй тауында түрктерді жеңіліске ұшыратты.

Сол жылы 12-айда түрктер Чжупәнға басып кірді. Жорықтың башбұғы Даши Чаңру6 қарақшылардан қатты жеңілді.

          Кайхуаң 3-жылы (583 ж.) жазда 4-айдың 1-күні Вэй бегі Яң Шуаң7 Байдаошән тауында8 түрктерді жеңіліске жеткізді. 2-күні туйғұндар Линтаоға9 басып кірді. Осы шайқаста Таочжоу аймағының бегі Пи Цзисин өлді.

          5-айдың 6-күні башбұғ Ли Хуаң Мона асуында түрктерді жеңді. 25-күні санғұн Ду Жуңдиң Ляңчжоуда түрктер мен туйғұндарды жеңді.

          6-айдың 11-күні түрктер елші жіберіп, бітімдесуді ұсынды. 25-күні Әрхан тауында башбұғ Ляң Юән туйғұндарды жеңіп, олардың әйгілі билеушісін өлтірді.

          Сол жылы Когори, Түрк, Моғал мемлекеттері елші жіберді һәм сарайға ұлпан табыстады.

          Кайхуаң 4-жылы (584 ж.) 2-айдың 18-күні Түрк қағаны Ашина Диәнчұр10 қауымдастарымен бірге келіп, елдеспекші болды.

          Кайхуаң 5-жылы (585 ж.) 5-айдың 29-күні бас санғұн Юән Ци Түрк қағаны Апарға елші ретінде жөнелтілді.

          Күзде 7-айдың 27-күні Түрк қағаны Ішбара елдесетінін білдірген хат жолдады.

Кайхуаң 6-жылы (586 ж.) 1-айдың 12-күні таңғұттар11 мен цяңдар бағынды. Осы айдың 18-күні түрктерге күнтізбе таратылды.

Сол жылы 3-айдың 12-күні Түрк қағаны Ішбара (Елкүлүг Баға Ішбара-қаған) елші жіберіп, сарайға ұлпан табыстады.

Кайхуаң 10-жылы (590 ж.) Туйғұн мен Қидан елдері елші жіберді һәм сарайға ұлпан табыстады.

Сол жылы Когори және Моғал елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан табыстады. Түрктер де 7 түрлі гаухартаспен безендірілген тостақанды тарту етті.

Кайхуаң 12-жылы (592 ж.) Түрк, Туйғұн, Моғал мемлекеттері елші жіберді һәм сарайға ұлпан табыстады.

          Кайхуаң 15-жылы (595 ж.) Туйғұн, Моғал, Жанпу12 елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан табыстады.

          Кайхуаң 17-жылы (597 ж.) көктемде 2-айдың 6-күні Тайпиң ұлығы Ши Вәнсуй13 Синиң14 қаласын шабуылдап басып алды.

Сол жылы Когори, Түрк мемлекеттері елші жіберді һәм сарайға ұлпан табыстады.

          Кайхуаң 19-жылы (599 ж.) жазда 4-айдың 2-күні Түрк қағаны Толшад15 патшалыққа көшіп келіп, тізе бүкті. Тардуш-қаған шекаралық аудандарға шапқыншылық жасады. Башбұғ Ши Вәнсуй оған соққы беріп, жеңді.

          Сол жылы қыста 10-айдың 2-күні Түрк қағаны Толшадқа «Бумын-қаған» деген есім берілді. Дали қаласы16 салынып, тұрғындары жайғастырылды. 12-айдың 14-күні Түрк қағаны Дулан17 қол астындағылардың қолынан қаза тапты. Олардың елінде аласапыран туылды.  

          Суй патшасы Вэндидің Жэншу 1-жылы (601 ж.) жазда 5-айдың 7-күні 90 мың түрк әскері (Суй патшалығына) бағынды.

          12-айда Яң Су18 түрктерге шабуыл жасап, оларды шығынға ұшыратты. Суй патшасы Вэнди (Яң Цзян) үзеңгілесіне Батыс өңірден сарайға ұлпан табыстауға келгендерді қорғап, Ұлы қорғанның қақпасынан шығарып салуды бұйырды. Үзеңгілесі жол бойындағы жергілікті шен-шекпенділер берген сый-сәлемдемелерді, атап айтқанда тоты құс (ша-туты), бұғы терісі, қамшы секілді нәрселерді қабылдап алды. Бұны біліп қалған патша қатты ашуланды. Ол әскери қоймаларды тексеріп, ондағы жемқорлық пен берекесіздіктің шектен шыққанын байқады.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2-том, 405, 406, 408, 409, 410, 411, 412, 417, 418, 420, 421, 422, 423, 424 және 430-беттер)

      

1. Лэ'ән уәлиі Юән Се (乐安公元谐) – Хэнән өлкесінің Лояң қаласынан шыққан. Суй патшасы Вэндидің (Яң Цзян) сабақтасы. Яң Цзян патша болғаннан кейін, оны бас санғұн және Лэ'ән уәлиі етіп тағайындаған. Кейін патша оны жазалап өлтірген.

   («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2515-бет)

 

2. Апар-қаған (阿波可汗) – Түрк қағаны. Мұқан-қағанның (Еркин) баласы, өз есімі Талач. Ішбара-қаған онымен бір немере болғандықтан, оны «Апар-қаған» деп атап, өз тайпаларына қаған болуына жол берген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3290-3291-беттер)

 

3. Ішбара-қаған (沙钵略可汗) – Түрк қағаны. Тумын-қағанның немересі, Қара-қағанның баласы. Өз есімі Идуг. Қара-қаған өлгеннен кейін, тақ мұрагері етіп Идугті емес, өз інісі Еркинді қаған (Мұқан-қаған) қылды. Мұқан-қаған өлер алдында өзінің інісін (Табар-қаған) тақ мұрагері етіп қойды. Табар-қаған өлген кезде, қағандықтағы саяси тұрақтылық бұзылып, нәтижеде Идуг қаған болып, «Ішбара-қаған» (Елкүлүг Баға Ішбара-қаған) деген есіммен билік жүргізді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3286 және 3295-беттер)

  

4. Хән Сеңшоу (韩僧寿) – әйгілі батыр. Суй әулетінің Кайхуаң жылдарында Чаңлы бегі және Гуаңлиң ұлығы болған. Сосын түрктерді жеңгені үшін «елді қорғаушы» һәм Чжаңду уәлиі деген атақтар берілген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2376-бет)

 

5. Цзитоушән тауы (鸡头山) – Куңтуң тауы деп те аталған. Қазіргі Гәнсу өлкесінің Пиңляң ауданында орналасқан.

(бір томдық «Цы’юән», 1805-бет)

 

6. Даши Чаңру (达奚长儒) – ұрпақтан-ұрпаққа өтетін мансаптың иесі. Солтүстік Чжоу патшалығы кезеңінде 15 жасында Лэ'ән уәлиі деген атаққа мұрагерлік еткен. Кейін келе, көрсеткен қызметтері үшін бас санғұн һәм Цзичжун ұлығы болған. Суй әулетінің Кайхуаң 2-жылы түрктер шекаралық аудандарға басып кіріп ойрандаған кезде, әскерлерді соғысқа бастап барған. Өзінен бірнеше есе көп дұшпанмен үш күн сұрапыл соғысқан және артқа шегінген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2520-2521-беттер)

   

7. Вэй бегі Яң Шуаң (韦王爽) – Суй патшасы Вэндидің (Яң Цзян) әкесі бір, шешелері бөлек інісі. Вэнди патша бола сала, Яң Шуаңға Вэй бегі деген атақ берген. Шайқаста Ішбара-қағанмен беттесіп, оны жеңген. Кейін сырқаттанып, 25 жасында дүние салған.

    («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2454-бет)

 

8. Байдаошән тауы (白道山) – көне түрк тілінде «Ақбелдеу тауы» деп аталған. Қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районының Тумот хошунындағы тау.

(бір томдық «Цы’юән», 1171-бет)

 

9. Линтао (临洮) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Минсян ауданы.

(бір томдық «Цы’юән», 1402-бет)

 

10. Ашина Диәнчұр (阿史那玷厥) – Ішбара-қағанның тағасы. Бастапқыда Батыс Түрк қағаны болған. Кейін Апар-қаған Ішбара-қағаннан қашып, оған бағынған соң, екеуі бірлесіп Ішбара-қағанға қарсы тұрды. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3293-бет)

 

11. Таңғұттар (党项羗) – цяңдардың бір тармағы. Мекені шығыста Линтао мен Шипиң аудандары, батыста Теху ауданымен шектеседі. Оңтүстіктен солтүстікке дейін мыңдаған шақырымға созылған. Солтүстік Вэй және Чжоу патшалықтарының заманында үнемі шекараны бұзып, шапқыншылық жасап отырған. Суй әулеті оларға қарсы жорық жасағаннан кейін бағынған.

   («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3292-бет)

 

12. Жанпу (林邑) – Оңтүстік теңіз бойындағы ежелгі ел.

(бір томдық «Цы’юән», 831-бет)

 

13. Тайпиң ұлығы Ши Вәнсуй (太平公史万岁) – Дулиң елді мекенінен шыққан. Солтүстік Чжоу патшалығының соңында және Суй патшалығының басында даңқы шыққан қолбасшы. Жас кезінде Тайпиң ауданының бегі деген атақ алған. Соғыс-жанжалдарда көптеген қызметтер көрсеткен.

  («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2523 және 2526-беттер)

 

14. Синиң (西宁) – қазіргі Циңхай өлкесінің орталығы Синиң қаласы.

(бір томдық «Цы’юән», 1546-бет)

 

15. Толшад-қаған (突利可汗) – Түрк қағаны. Ішбара-қағанның баласы, өз есімі Рамған (кейбір жылнамаларда - Тиман). Әуелгіде Толшад-қаған деп аталған. Суй әулетінің Кайхуаң 17-жылы (597 ж.) ол Ан'и-ханшаға үйленген. Келесі жылы Суй патшасы Вэнди оған «Илчин Бумын-қаған» деген атақпен ұлықтады. Өмірінің соңына дейін Суй патшалығымен тату-тәтті тұрған.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3296 және 3299-беттер)

 

16. Дали қаласы (大利城) – Суй патшалығы кезеңінде салынған ежелгі қала.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 62-бет)

 

17. Дулан-қаған (都蓝可汗) – Ішбара-қағанның баласы, өз есімі Ярлуқ. Ішбара өлгеннен кейін, оның інісі Чолуқ-ябғу қаған болды. Чолуқ-қаған бір шайқаста оқ тиіп мерт болған соң, ел Ярлуқты қаған етіп қойды. Ол «Елтеріш-чұр Дулан-қаған» деп аталды.

  («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3295-бет)

 

18. Яң Су (杨素) – сол кездегі Суй патшалығының санғұны.

(редактор)

 

 

12. Суй патшалары туралы естелік (ІІ)

 

          Суй патшасы Яңдидің Дайе 3-жылы (607 ж.) 5-айдың 9-күні Түрк қағаны Бумын өзінің баласы То-текинді сарайға сәлемдесуге жіберді. 18-күні Бумын-қаған өз інісінің баласы Білге-текинді сарайға жіберді. 23-күні Бумын-қаған шекарадан өтуді және патшаның бүкіл сарайымен оны күтіп алуын талап еткен кезде, патша «рұқсат бермеді».

          Сол жылы 6-айдың 20-күні Туйғұн мен Қочо елдері елші жіберіп, сарайға жергілікті өнімдерден ұлпан табыстады.

          Сол жылы күзде 7-айдың 4-күні Бумын-қаған сарайға хат жазып, киім-кешегін өзгертіп, «хуася» (қытайша) киімдерін сұрады. Бумын-қаған сарайға сәлемдесуге келгенде, патша оның атын атамай, мәртебесін атау, дәрежесін бектерден жоғары ету туралы жарлық түсірді. 7-күні Суй патшасы Яңди аймақ орталығының1 шығыс жағында үлкен шатыр құрып, құрмет қарауылдары мен сақшыларды реттеді, байрақ-жалаулар қадады. Бумынға және оның 3500 ұлықтарына қонақасы берілді, әуен-саз ойналып, тамаша қойылды. Сондай-ақ олардың дәрежесіне қарай сый-тарту берілді.            

          Сол жылы 8-айдың 7-күні Бумын ордалы шатырлар орнатып, патша жүретін жолды тазалап, патша мен сарай ұлықтарының келуін күтті. Суй патшасы Яңди оның шатырына түсті. Бумын патшаға үлкен қонақасы беріп, ұзын өмір тілеп, қадақ (тостақан) көтерді (тост айтты) һәм көптеген нәрсе сыйлады. Патша Когори елінің елшісіне: «Қайтқан соң, патшаңа айт, ол тезірек сәлем беруге келуі керек. Олай жасамаса, мен Бумынмен бірге сіздердің жерлеріңді аралауға барамын» деді. Ханым2 да Ичең-ханшаның3 шатырына кіріп шықты. 11-күні Бумын-қаған өз еліне қайтты. 

          Дайе 4-жылы (608 ж.) 2-айдың 6-күні сарай мәлімдеушісі4 Суй И Түрк қағаны Чолуқтың5 құзырына жөнелтілді. Ол жылқы сұрады.

          Сол жылы жазда 4-айдың 13-күні «Илчин Бумын-қаған елімен бірге әулетіміздің заңдарына, ереже-дәстүрлеріне бағынып, руластарының әдет-ғұрыптарын өзгертпекші болды. Ол сарайға сан рет сәлемдесуге келген кезде өз арман-тілегін білдірген еді. Ол киіз үйлердің тым жай-қарапайым болғанын айтып, «бөренелі-бағаналы үйлерде тұрсам» деп сан рет талап еткен-ді. Оның ақ ниет тілегі менің көңілімді баурады. Вәншу шатырының жанында қалашық салынып, онда тұрғызылған үйлерге шымылдық, перде, төсек-орын, көрпе-көпшік және басқа да бұйымдарды қажетіне қарай жабдықтау, оларды көркемдеу және толықтыру туралы жарлық түсірілді.

          Сол жылы күзде 7-айдың 24-күні сол-қанат қорғаныс санғұны Юйвен Шу Манту мен Чышуй6 деген жерлерде туйғұндарды жеңді.

          Дайе 5-жылы (609 ж.) жазда 4-айдың 6-күні Туйғұн және Ивирғол елдері елші жіберіп, сарайға ұлпан тапсырды. 9-күні патша Дидаоға7 барды. Таңғұттар және цяңдар жергілікті өнімдерді сыйға беру үшін келді.

          5-айда туйғұн билеушісі өз қауымына жетекшілік етіп, Фу'юәнчуән ойпатына8 қашып келді. Суй патшасы Яңди өз мәлімдеушісі Юән Шуға оңтүстікте Алтынтауда9, әскери диуанбегі Дуән Вэнцзинге солтүстікте Қарлытауда10, сарай көліктерінің бегі Яң Ичинге шығыс бағыттағы Пипася шатқалында11, санғұн Чжаң Шуға батыста Нилиң асуында12 әскер тұрғызып, оларды қоршау жөнінде бұйрық берді. Туйғұн билеушісі Фуюн ондаған атты әскерімен қашып шықты. Қарамағындағы белгілі мапсаптыны Фуюн деп атап, Чиуожин тауына жіберді. 26-күні оң-қанат қорғаныс санғұны Чжаң Диңхэге оны ұстап алу бұйырылды. Чжаң Диңхэ көкірегін керіп, шайқасқа ене бергенде жаулардың қолынан қаза тапты. Санғұнның орынбасары Лю Уцзян оларды жеңіп, жүздеген адамның басын шапты. 28-күні туйғұн басшысы Шәнту басқа амалы қалмаған соң, 100 мыңнан астам ер мен әйелді бастап, жауға тізе бүкті.

          6-айдың 2-күні туйғұн билеушісін қуғындауға жөнелтілген сол-қанат кеңесші-бегі13 Ляң Мо және оң-қанат қорғаныс санғұны Ли Чуң дұшпандарға тап болды һәм шайқаста қырылды. Аман қалғандары 8-күні Дадоуба аңғарындағы14 тар таулы жолмен бір-бірінің соңынан өтсе де, қарлы жаңбыр мен тұманның кесірінен әскерлер арасындағы байланыс үзіліп, жартысынан көбісі тоңып өлді. Қочо билеушісі Чү Боя патшамен сәлемдесу үшін шатырларына келді. Ивирғолдағы Түтүн-шад және басқалар Батыс өңірдің мыңдаған шақырым жерлерін сыйға тарту арқылы Суй патшасы Яңдиді риза етті. 17-күні Сихай15, Хэ'юән16, Кроран, Черчен17 жерлерінен төрт аймақ құрылды. 20-күні Суй патшасы Яңди Қочо билеушісі мен Түтүн-шад екеуіне ерекше көңіл бөліп, әдет-ғұрып шараларын тамашалайтын орын-тағына отырып, көптеген інжу-маржан, гауһар тастарды шығарып берді. Тоғыз түрлі әуен-саз орындалды. Балық-айдаһар сиқырлары және цирк ойындары қойылды. Патша тақта отырып, оларға қонақасы берді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2-том, 448, 449, 450, 451, 452 және 453 беттер)

 

          Дайе 7-жылы (611 ж.) 12-айдың 8-күні Түрк қағаны Чолуқ (Чөрө-қаған) сәлемдесу үшін Долы сарайына келді. Суй патшасы Яңди айрықша қуанып, оны аса ізет-құрметпен күтіп алды. 

          Дайе 8-жылы (612 ж.) 11-айдың 3-күні патша туысқанының қызы Хуажуң-ханша Қочо елінің билеушісіне ұзатылды.

          Дайе 10-жылы (614 ж.) көктемде 1-айдың 15-күні патшаның туысқанының бір қызына «Сини-ханша» деген есім қойылып, Түрк қағаны Исанаға18 ұзатылды.

          Дайе 11-жылы (615 ж.) көктемде 1-айдың 1-күні мансаптыларға қонақасы берілді. Түрк, Синло19, Моғал, Бидас20, Қотл21, Фуйө22, Унах23, Бола24, Тохар25, Жулужан26, Хулун27, Хыду28, Ферғана29, Кусән, Сулэ (Қашғар), Удун (Хотан), Бұхара30, Кебуд31, Кушән32, Муру33, Бетик34, Ими35, Бамиан36, Гачи37, Қидан мемлекеттері елшілерін жіберді һәм сарайға ұлпан табыстады. 

          Сол жылы 8-айдың 5-күні патша солтүстік шекаралық аудандарды аралауға шықты. 8-күні жүз мыңдаған атты әскерге басшылық еткен Түрк қағаны Шібір38 патша және оның ұлық-мансаптыларына тұтқиылдан шабуыл жасамақшы болды. Ичең-ханша елші жіберіп, осы ахуалды хабарлады. 12-күні патша мен ұлық-мансаптылар Янмынге39 жетті. 13-күні түрктер бекіністі қоршап алды. Бірнеше рет шайқасқа шыққан Суй патшалығының жасақтары сәтсіздікке ұшырады. Сасқалақтаған патша таңдаулы атты әскерлерімен қоршауды бұзып шықпақшы болды. Санақ бөлімінің диуанбегі40 Фән Зыгай үгіт-насихат беріп, патшаны мұндай қатерлі райдан қайтарды. Ци бегі Яң Цзяннің41 басшылығындағы артқы шеп күзетші қосындары Госян ауданында42 бекініп алды. 24-күні барлық аймақтардан әскер жинау туралы жарлық түсті. Сонымен аймақтардың басшылары бірінен соң бірі әскерлерімен бірге жәрдемге келді. 9-айдың 15-күні түрктер қоршауды босатып, кейін қайтты.

          Дайе 13-жылы (617 ж.) 5-айдың 17-күні бірнеше мың түрк Тайюәнға43 басып кірді. Таң уәлиі44 оларға соққы беріп, жеңіліске ұшыратты.

          Сол жылы күзде 7-айдың 8-күні увэйлық Ли Гуй бүлік шығарып, Хэси өңіріндегі аймақтарды иеленді. Ол өзін «Ляң патшасы» деп атап, жылдар атауын Әнли деп бекітті. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2-том, 456, 460, 463, 465, 466, 469 және 470- беттер)

 

1. Бұл жердегі «аймақ орталығы» – Юлин ауданы. Орны қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Боғт қаласының оңтүстігінде болған.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

877-бет)

 

2. Бұл жердегі «ханым» – Суй патшасы Яңдидің әйелі Сяо-ханым.

(редактор)

 

3. Ичең-ханша (义城公主) – Рамған-қағанның екінші рет алған әйелі. Суй әулетінің Кайхуаң 17-жылы Суй патшасы Вэнди Ән'и-ханшаны Рамғанға ұзатқан. Кайхуаң 19-жылы Рамған «Бумын-қаған» деп аталды. Ән'и-ханша қайтыс болғандықтан, патша тағы бір туысқаны Ичең-ханшаны Рамғанға ұзатқан.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3296-3297-беттер)

 

4. Сарай мәлімдеушісі (司朝谒者) – патшаның жарлықтары мен ауызша тапсырмаларын уәзірлерге және басқаларға жеткізуге жауапты мансапты.

(«Хәннама» жылнамасының «Мансаптар мен атақтар тізімі» бөлімі, 1110-бет)

 

5. Чолуқ-қаған (处罗可汗) – Батыс Түрк қағандығының билеушісі Нили-қағанның баласы Даман қаған болған соң, «Чолуқ-қаған» деген атау алған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3299-3300-беттер)

  

6. Чышуй (赤水) – көне түрк тілінде «Қызыл-кешу» деп аталған. Қазіргі Циңхай өлкесінің оңтүстік бөлігінде болған көне қала.

(бір томдық «Цы’юән», 1618-бет)

 

7. Дидао (狄道) – қазіргі Гәнсу өлкесіндегі Линтао ауданының көне атауы.

(«Қытайдың тарихи атласы», 2-дәптер, 5-6-беттер)

 

8. Фу'юәнчуән ойпаты (覆袁川) – қазіргі Циңхай өлкесінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі ежелгі жер аты.

 («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1322-бет)

 

9. Алтынтау (金山) – қазіргі Циңхай өлкесінің Синиң қаласынан батыста 70 шақырым қашықтықтағы тау.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

539-бет)

 

10. Қарлытау (雪山) – Гәнсу өлкесінің Даохэ ауданынан батыста 150 шақырым қашықтықтағы тау.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

877-бет)

 

11. Пипася шатқалы (琵琶峡) – қазіргі Гәнсу өлкесі Пиңфән ауданының солтүстік-батысында орналасқан.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

924-бет)

 

12. Нилиң асуы (泥岭) – Гәнсу өлкесі Чеңсян ауданының батысындағы Нигуң тауы (泥功山) нұсқалса керек.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

523-бет)

 

13. Кеңес-бегі (光禄大夫) – «данышпан-бегі» деп те аталған. Кеңесу істерін басқарушы мансапты.

 (бір томдық «Цы’юән», 149-бет)

 

14. Дадоуба аңғары (大斗拔谷) – Гәнсу өлкесі Шәндән ауданының оңтүстік жағындағы аңғар.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

58-бет)

 

15. Сихай (西海) – қазіргі Циңхай өлкесіндегі Көкнұр көлінің төңірегін қамтыған аймақ.

  (бір томдық «Цы’юән», 1545-бет)

 

16. Хэ'юән (河源) – қазіргі Циңхай өлкесіндегі Көкнұр көлінің оңтүстігінде орталығы Чышуй қаласы болған аймақ.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

518-бет)

 

17. Черчен (且末) – қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районының Черчен ауданы.

   (бір томдық «Цы’юән», 44-бет)

 

18. Исана-қаған (曷萨那可汗) – Батыс Түрк қағаны Чолуқтың тағы бір есімі.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3302-бет)

 

19. Синло (新罗) – Кореядағы ежелгі ел.

(бір томдық «Цы’юән», 744-бет)

 

20. Бидас (毕大辞) – мекен-жайы белгісіз ежелгі ел.

(редактор)

 

21. Қотл (诃咄) – Орта Азиядағы Сухроб пен Пяндж өзендерінің аралығында орналасқан, орталығы Куляб қаласы болған ежелгі ел (Хутталян).

(«Батыс өңірдің жер аттары», 53-бет)

 

22. Фуйө (傅越) – мекен-жайы белгісіз ежелгі ел.

(редактор)

 

23. Унах (乌那曷) – Амудария өзенінің орта ағысы және батыс бөлігінде орналасқан ежелгі ел.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3238-бет)

 

24. Бола (波腊) – мекен-жайы белгісіз ежелгі ел.

 (редактор)

 

25. Тохар (吐火罗) – қазіргі Памир тауының батыс бөлігін және Амудария өзенінің алабын қамтыған ежелгі ел.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 97-бет)

 

26. Жулужан (俱卢建) – мекен-жайы белгісіз ежелгі ел.

 (редактор)

 

27. Хулун (忽论) – мекен-жайы белгісіз ежелгі ел.

 (редактор)

 

28. Хыду (诃多) – мекен-жайы белгісіз ежелгі ел.

 (редактор)

 

29. Пәрғана (沛汗) – қазіргі Өзбекстандағы Ферғана ойпаты.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 27-бет)

 

30. Бұхара (安国) – қазіргі Өзбекстандағы Бұхара шаһары.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3234-бет;

«Батыс өңірдің жер аттары», 7, 15 және 74-беттер)

 

31. Кебуд (草国) – «Кешбуд» деп те аталады. Өзбекстандағы Самарқан қаласының солтүстік-батысындағы Кебуд деген жер.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 47-бет)

 

32. Кушәния (何国) – қазіргі Самарқанның солтүстік-батысындағы Пәншамбә деген жерде, енді біреулер Самарқан мен Бұхараның арасындағы Кашания деген жерде орналасқан ежелгі ел деп қарайды.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 54-бет)

 

33. Муру (穆国) – «Мару», «Мәр» деп те аталады. Қазіргі Түркменстандағы Мерв қаласы.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 65-бет)

 

34. Бетик () – қазіргі Өзбекстандағы Бұхара шаһарының оңтүстік-шығыс тарапы және Амудария өзенінің батыс жағалауындағы Бетик деген жерде орналасқан ежелгі ел.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 14-15-беттер)

 

35. Ими (衣密) - мекен-жайы белгісіз ежелгі ел.

 (редактор)

 

36. Бамиан (失范延) – қазіргі Ауғанстанның астанасы Кабулдың солтүстік-батысындағы Бамиан ауданы.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 10-11-беттер)

 

37. Гачи (伽折) – қазіргі Ауғанстандағы Балх шаһарының оңтүстіктігіндегі Газ деген жерде мекендеген ежелгі ел.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 28-бет)

 

38. Шібір-қаған (始毕可汗) – Бумын-қағанның баласы, есімі Туж. Суй патшасы Яңдиді (Яң Гуаң) Янмын бекінісінде қоршап алған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3299-бет)

 

39. Янмын (雁门) – ежелгі аймақ. Қазіргі Шәнси өлкесінің Дайсян ауданы.

(«Цыхай» энциклопедиясы, 154-бет)

 

40. Санақ бөлімінің диуанбегі (民部尚书) – бүкіл мемлекеттің жер-су, халық, бажы-салық, қаржы істерін басқарған мансапты.

(бір томдық «Цы’юән», 921-бет)

 

41. Ци бегі Яң Цзян (齐王暕) – Суй патшасы Яңдидің екінші баласы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2479 және 2481-беттер)

 

42. Госян ауданы (崞县) – қазіргі Шәнси өлкесінің орта бөлігі.

(бір томдық «Цыхай», 293-бет)

 

43. Тайюән (太原) – қазіргі Шәнси өлкесінің Тайюән қаласы.

(бір томдық «Цыхай», 639-бет)

 

44. Таң уәлиі (唐公) – аты-жөні Ли Юән. Таң әулетінің негізін қалаушы. Суй әулетінің заманында Таң аймағының уәлиі болған.  

(бір томдық «Цыхай», 856-бет)

 

 

13. Ханымдардың ғұмырнамасы (І)

 

Патша Сянмиңнің1 ханымы Хэ отбасысынан шыққан, шығыстағы тайпалардың жоғарғы басшысы Иганның қызы болатын. Кішкентайынан әдемі болған ол сарайға әкелінген-ді. Ол Вэй патшасы Тайцзуды туды. Фуло мемлекет ішіне басып кірген уақытта2, ол патшаның анасы және патша Тайцзудың қызметшілерімен бірге солтүстікке көшті. Көп өтпей, қаңлылар тағы да тонап-талады. Патшаның анасы арбаға отырып, оңтүстікке қашты. Жарты жолда арба дөңгелегінің тиегі түсіп қалды. Патшаның анасы аспанға қарап: «Еліміздің тегі-тұқымы осы жерде үзіліп қалатын болды ма!? Құдайым аман-сау сақтасын» деп тіледі. Арба қайтадан жүріп кетеді, дөңгелегі айналуын жалғастырады.

Патша Вэндидің ханымы Ифу Хэнән өлкесінің Лояң қаласынан шыққан еді. Бұрын туйғұндардың қолбасшысы болған оның атасы Циңхайда отырықтанған және Циңхайдың билеушісі деп аталған-ды. Солтүстік Вэй әулеті Ляңчжоу аймағын қосып алғаннан кейін ханымның үлкен атасы шыққан муқан тайпасы бағындырылып, мемлекеттің ішіне көшірілді. Ол Диңчжоу аймағының3 бегі етіп тағайындалды. Оған Шипиң ұлығы деген мәртебе берілді.

Ол кезде астана енді ғана Гуәнчжуңға көшірілген. Батыс Вэй патшалығы шығысқа жорық жасамақшы болған кезде, жоржандар солтүстік шекаралық аудандарға баса-көктеп кірді. Солтүстікке жорық жасауға қауқарсыз болған патша Вэнди4 құдаласу арқылы жоржандарды жақындатпақшы болып, оның Дао есімді қызын өз ханымы етті. Ол бұрынғы Ифу-ханымды мәртебесінен айырып, басқа сарайда тақуа ретінде тұруға бұйырды. Оның үстіне, Дао-ханым5 да күмәнданып және қызғанып, Ифу-ханымды өз баласы Цинчжоу аймағының бегі Юән Удің үйіне көшірді. Патша Вэнди мемлекеттің ұлы жоспарының шектеуіне ұшыраса да, мейірім-махаббатын ұмытпай, ханымға шашын өсіру туралы жасырын бұйрық берді. Соған қарағанда, патшаның оны қайтарып әкелу ойы бар еді. Құпияда ұстанған бұл істі сарай сыртындағылар білмеді.

Батыс Вэй патшасы Вэндидің Датуң 6-жылы (540 ж.) көктемде жоржан қосындары Хуаңхэ өзенінен өтті. Алдыңғы шептегі әскерлер Сячжоу аймағына7 жетіп барды. Көп адам дұшпандардың шабуылын Дао-ханыммен байланыстырды һәм содан көрді. Патша Вэнди: «Бір әйел үшін түмен мың кісіні қозғап, жорық жасаудың керегі не? Алайда, мұндай өсек-сөз шыққан соң, қолбасшылар мен әскерлеріме қай бетіммен қараймын?» деп сұрады. Ол есік-ағасы8 Цао Чуң арқылы ханымға өзін-өзі өлтіруді бұйырған жарлықты беріп жіберді. Дао-ханым жарлықты алғаннан кейін жылады және Цао Чуңға: «Жоғары мәртебелі патша ұзақ өмір көргей. Тәңір оған дүние мен бақыт сыйласын. Өлгеніме ешбір өкінбеймін» деді. Сондай-ақ Уду бегіне қоштасуға келу туралы бұйрық берілді. Дао-ханым ханзадаға қайғы-қасірет толған өсиет қалдырды. Ханым ұзақ жылады. Нөкер-қызметшілері де көз жастарын тоқтата алмады. Оның бетіне ешкім де қарауға беттемеді. Сонымен монахтар шақырылды, ол ғибадат пен сыйыну рәсіміне дайындалды. Ханым ондаған қызметші-малай қыздарға монах болуды бұйырды. Өз қолымен олардың шаштарын алды. Содан соң ішкі бөлмеге кіріп, өзін көрпемен бүркеп тұншығып өлді. Сол жылы ол 31 жаста болатын. 

Патша Вэндидің Дао-ханымы (Южулу) жоржан билеушісі Анағайдың үлкен қызы еді. Ол кескін-сымбаты келіскен, сымбатты, ақылды әйел болатын. Датуң жылдарының басында патша Вэнди солтүстік шекаралық аудандарға жиі шапқыншылық жасаған жоржандармен қарым-қатынастарды жақсартуды ойлады. Оның жарлығы бойынша, Фуфең бегі Юән Пяо жоржан ханшасын әкелуге барды. Жоржандар шығыс жаққа сыйынатын. Ханым келген кезде үй-шатыр, есік, көрпе-төсектің бәрі де шығысқа қаратылды. 700 арба, 10 мың жылқы, 4 мың түйе Қаратұзнұрға жеткізілді. Вэй әулетінің сыйлықтары сол жерден әкелінді. Юән Пяо ханымға оңтүстік тарапты қадірлеу жөнінде кеңес берді. Ханым: «Мен Вэй патшасын көрмейінше, әлі де жоржанның еркін қызы саналамын. Вэй патшалығының халқы оңтүстікке табынса табына берсін, мен шығыс жаққа бас иемін» деді. Юән Пяо ешнәрсе айта алмады.

Датуң 4-жылы (538 ж.) жоржан ханшасы астанаға жетті. Оған «Ханым» деген есім берілді. Сол кезде ол 14 жаста еді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2-том, 492, 506 және 507-беттер)

   

1. Патша Сянмиң (献明帝) – Дай патшалығының билеушісі Тоғбат Шицзяннің баласы. Есімі Тоғбат Ши. Чжаңсун Цзиң сарайда Дай патшасын өлтірмекші болған кезде, мұрагер Ши онымен айқасып жарақаттанған және көп ұзамай қаза болған. Өлгеннен кейін оған «патша Сянмиң» деген есім берілген.

(редактор)

 

2. Фуло мемлекет ішіне басып кіргенде (符洛之内侮) – Дай патшасы Тоғбат Шицзяннің заманында, яғни Цзянго 39-жылы Фу Цзяннің бас қолбасшысы Фуло (Бөрі) 200 мың адамдық қосындармен мемлекет ішіне баса-көктеп кірді. Дай патшасы оған қарсы тұра алмай, Чоғай тауына қашты. Дай патшалығының орнында Солтүстік Вэй әулеті құрылды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-бет)

 

3. Диңчжоу аймағы (定州) – Солтүстік Вэй әулетінің Тянсиң 3-жылы (400 ж.) құрылған аймақ. Жер көлемі қазіргі Хэбэй өлкесі Мәнциң ауданының оңтүстігі, Анго мен Жояң аудандарының батысы, Цзиңцзиң, Гаоциң, Сулун аудандарының солтүстігін қамтыған. Орталығы қазіргі Диңсян ауданы болған. 535 ж. Гуәнчжуң аймағының Чаң’ән шаһары Батыс Вэй патшалығының астанасы болған.

(Бір томдық «Цыхай», 1011-бет)

 

4. Патша Вэнди (文帝) – Солтүстік Вэй патшасы Гаоцзудың немересі. Аты-жөні Юән Баочжоу. 535-551 жж. Батыс Вэй патшасы болған.

(редактор)

 

5. Дао-ханым (悼后) – Батыс Вэй патшасы Вэндидің әйелі. Жоржан ханы Анағайдың үлкен қызы. Есімі Южулу.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 507-бет)

 

6. Цинчжоу аймағы (秦州) – қазіргі Гәнсу өлкесіндегі Диңси, Цзиңниң аудандарының оңтүстігі, Циңшуй ауданының батысы және Шэнси өлкесінің Феңсян мен Люйяң аудандары, Сычуән өлкесінің Пиңу ауданы және Циңхай өлкесінің Хуаңхэ өзенінің шығысына дейінгі алқапты қамтыған аймақ.

   (Бір томдық «Цыхай», 1621-бет)

 

7. Сячжоу аймағы (夏州) – Туңвән қаласы. Қазіргі Шэнси өлкесі Хеңсян ауданының батысындағы ежелгі қала. Солтүстік Вэй патшалығы Ся патшалығын жойып, осы қаланы Туңвән әскери бекінісіне айналдырған.

 

8. Есік-ағасы (中常侍) – сарайға кіріп-шығуға рұқсат беретін, патшаның жанында қызмет көрсететін  мансапты (кеңесші).

(Бір томдық «Цыхай», 1410-бет)

 

 

14. Ханымдардың ғұмырнамасы (ІІ)

 

          Ханша Южулу жоржан қағаны Анағайдың қызы болатын. Жоржандар күшейген соң Батыс Вэй әулетімен достық қатынастар орнатып, бірлесіп шығысқа жорыққа шықпақшы болды. Гао Хуән бұған қатты алаңдап жүрді. Ол Дубиді1 жоржандарға елші етіп жіберіп, үлкен баласына жоржан ханшасын беруді өтінді. Анағай: «Патша Гао Хуән өзі үйленсе болады» деді. Гао Хуән не істерін білмей, дал болды. Вэй Цзиң2, патшаның анасы Умиң3 және патша Вэнсяң4 кеңес бергеннен кейін Гао Хуән үйленуге келісті.

Удиң 3-жылы (545 ж.) Муруң Ян5 ханшаны әкелу үшін елші болып жөнелтілді. Ханша «Жоржан тауыс-құсы» деп аталды. 8-айда қонақтарды қарсы алу қамымен жүрген Гао Хуән меймандарды күтіп алды. Анағай қызын апару үшін жіберген өз інісі Тутужяға: «Немерені көргеннен кейін, елге оралсаңыз болады» деп тапсырды. Ханшаның мінезі ашушаң да өктем болғандықтан, өмір бойы қытай тілінде сөйлесуге көнбеді. Гао Хуән бір рет науқастанып, ханшаның жанына бара алмағанда, Тутужя соған қатты күйінді. Гао Хуән сырқат бола тұра, садақтан оқ ату сарайынан күймеге отырып, ханшаны көруге барды. Ханша міне осындай дәрежеде бағаланды. Гао Хуән өлгеннен кейін, жоржандардың әдеті бойынша ханшаға Гао Чең үйленді. Ханша бір қыз туып берді.

          Сазгер Цао Сеңну екі қызын ұсынған-ды. Үлкені патшаның еркіне бағынбағаны үшін бетінің терісі сыдырылды. Кішісі барбит ойнауда шебер болғандықтан, кіші ханым (тоқал) етіп тағайындалып, әкесі Цао Сеңну Цзинән бегі етіп мәртебеленді. Цао Сеңну өлген соң, кіші ханымның Цао Мяода секілді екі інісі марапатталып, екеуіне де бір күнде «аймақтың бегі» мәртебелері берілді.

          Патша Учеңнің6 ханымы Ашина нәсілінен болған Түрк қағаны Мұқанның (Еркиннің) қызы еді. Түрктер жоржандарды жойып, шекараның ар жағындағы жерлердің бәрін иемденді және Орталық жазыққа (Қытайға) баса-көктеп кірмекші болды. Осы кезде Чжоу патшасы Вэнди Ци патшалығымен билікке таласқаны себепті, Еркинмен одақтасу арқылы жәрдем алмақшы болды. Еркин әуелгіде қызын Чжоу патшасы Вэндиге бермекші болған-ды. Алайда, ол көп өтпей өз сөзінен айныды. Чжоу патшасы Уди таққа отырғаннан кейін, осы іске бола көп рет елші жіберді.

Баодиң 5-жылы (564 ж.) 2-айда Чэнгуң бегі Юйвен Чун7, Сюйгуң бегі Юйвен Гуй8, Шиңу уәлиі Доу И9 және Нән’ән уәлиі Яң Цзянға10 ханымға әзірленген інжу-меруерт, торқа-торғын, малайлар һәм алтыншы дәрежелі кіші ханымнан төмен деңгейдегі 120 кісіні алып, Еркиннің ордасынан ханымды әкелу туралы жарлық түсірілді. Алайда, Еркин Ци әулетінің де құдаласу туралы талабына қосылуды ойлады, яғни ойы басқаша болған. Чэнгуң бегі Юйвен Чун және басқалар сан рет талап қойса да, міндетін орындай алмады. Дәл осы шақта, боран көтеріліп, найзағай ойнап, жаңбыр нөсерлетіп жауып, олардың шатырларын ағызып әкетті. Қатты сескенген Еркин бұны Тәңірдің жазасы деп қарады һәм ханымды ізет-құрметпен ұзатты.

Тянхэ 3-жылы (568 ж.) 3-айда олар жетіп келді. Ци патшасы Уди өзі алдынан шығып, салт-дәстүр бойынша күтіп алды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 518, 526 және 528 беттер)   

  

1. Дуби (杜弼) – Солтүстік Ци патшалығының мансаптысы, сарай мәлімдеушісі болған.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1986-бет)   

 

2. Вэй Цзиң (尉景) – Солтүстік Ци патшалығының мансаптысы. Гао Хуәнның жездесі. Бас қолбасшы және Циңчжоу аймағының бегі болған.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1953-1954-беттер)

 

3. Патшаның анасы Умиң (武明皇太后) – патша Шэн'удің (Гао Хуән) ханымы. Патша Вэнсяңнің (Гао Чең) анасы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 516-бет)

 

4. Патша Вэнсяң (文襄帝) – Солтүстік Ци патшасы Шэн'удің (Гао Хуән) үлкен баласы, аты-жөні - Гао Чең. Таққа мұрагерлік еткеннен кейін, Вэнсяң деген есімді қолданған.

(редактор)

 

5. Муруң Ян (慕容俨) – Солтүстік Ци патшалығының мансаптысы. Сол уақытта Шығыс Юңчжоу аймағының бегі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1919-1920-беттер)

 

6. Патша Учең (武成帝) – патша Уди деп те аталады. Чжоу патшасы Вэндидің тоғызыншы баласы. Аты-жөні Юйвен Юән. 561-577 жж. Чжоу патшасы болған.

(редактор)

 

7. Чэнгуң бегі Юйвен Чун (陈公纯) – Чжоу патшасы Вэндидің (Юйвен Тай) тоғызыншы баласы. Чэнгуң бегі болған.

 (редактор)

 

8. Сюйгуң бегі Юйвен Гуй (许公宇文贵) – Учең жылдары (559-560 жж.) Сюйгуң бегі етіп тағайындалған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2137-2139-беттер)

 

9. Доу И (窦毅) – Чжоу патшалығының әйгілі мансаптысы Доу Цзидің жиені. Шиңу уәлиі болған.

(редактор)

 

10. Нән’ән уәлиі Яң Цзян (南安公杨荐) – Чжоу патшалығы, Жоржан қағандығы және Түрк қағандығы арасында достық орнату үшін көп еңбек сіңіріп, үлес қосқан мансапты. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2395-2396-беттер)

 

 

15. Вэй әулеті шахзадаларының ғұмырнамасы

 

          Патша Чжаочеңнің соңғы жылдары Фу Цзян1 Сиңтаң2 уәлиі Фуло және басқаларды оңтүстік шекаралық аудандарды шабуға жіберді. Патша Чжаочең3 Лю Куженді4 Шицзылиң тауында5 оларға қарсы шайқасуға жіберді. Патша Чжаочең сол кезде сырқаттанды. Сондықтан жасақтарға өзі тікелей басшылық жасай алмайтын. Сонымен жасақтар Чоғай тауын6 паналады. Сосын Ұлы шөлден (Гоби шөлі) өтіп, солтүстікке жүрді. Жан-жақтан қаңлылардың шабуылдарына ұшыраған олар шөлді кесіп өтіп, оңтүстікке қайта көшті. Фулоның қосындары шегінгеннен кейін, Юнчжуң ауданына қайтты.

          Чэн бегі Тоғбат Хәннің баласы Тоғбат Чжэн7 жігерлі де қайсар кісі еді. Ол патша Шицзудың заманында «сарайдың қорғанысын қадағалаушы» етіп тағайындалды. Жоржандарға қарсы жорыққа шыққан патшаға ерген ол басқа бір дұшпан тайпаға тап болып, тойтарыс бере алмады.

          Тоғбат Чжэн таудың баурайына келіп, сәйгүліктердің ер-тұрмандарын алғызып тастады. Осылай торуыл жасағандай сыңай танытты. Дұшпандар соған сеніп қалды да, қашып кетті. Чэнлю бегі Юән Цяннің інісі Юән Чуң патша Тайцзуға ілесіп, жоржандарды жазалау жорығына аттанды. Барша қосындарды басқарған ол Үлкен-көл8 жақтан жолға шығып, Жосе тауынан9 асып, Гоби шөлінің солтүстігін дүрліктірді. Өлген соң оған Цзиң бегі деген мәртебе берілді.

          Юән Хой (Юән Шупиң) сақал-мұрты және кірпік-қастары келіскен, іс-әрекеттері ширақ болатын. Түрк қағандығы шекаралық аудандарға қайта-қайта шапқыншылық жасап, бүліншілік салды. Түрктермен құдаласпақшы болған патша сарайы Юән Хойді сатып алынған 100 мың орам торғын-торқамен түрктерге елші етіп жөнелтті. Юән Хой барып, пайда-зиянды айқын түсіндірді. Қаған қуанып, өзінің даңқты батырын Юән Хойге қосты және жергілікті өнімдерді сыйға тарту үшін бірге жіберді. Көп өтпей, Юән Хой сарайдағы үш уәзір пайдаланған мәртебені алып, дәрежесі өсірілді. Чжоу патшасы Уди түрк ханымына үйленді. Юән Хой сый-тарту апару үшін тағы жөнелтілді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2-том, 560, 563, 575 және 576-беттер)

 

 

1. Фу Цзян (符坚) – Алдыңғы Чэн патшалығының билеушісі. 357-385 жж. кезеңінде билік құрған. Ди тайпасынан шыққан. Әуелгіде Дуңхай бегі болып, Алдыңғы Ян, Алдыңғы Ляң, Дай патшалықтарын құлатып, Солтүстік Қытайдың көп бөлігін біріктірген. Фейшуй шайқасынан кейін елдің қарсылығына ұшырап, 385 ж. цяңдардың қолбасшысы Яо Чаңның қолынан қаза тапқан.

(«Вэйнама» жылнамасының «Фу Цзяннің ғұмырнамасы» бөлімі)

 

2. Сиңтаң (行唐) – қазіргі Хэбэй өлкесінің батыс бөлігіндегі аудан.

(Бір томдық «Цыхай», 797-бет)

 

3. Патша Чжаочең (昭成帝) – Дай билеушісі. Аты-жөні Тоғбат Шицзян. Солтүстік Вэй әулетінің тұңғыш патшасы Дао’удың (Тоғбат Гуй) бабасы. Цзянго 39-жылы Фу Цзяннен жеңіліп, Чоғай тауына қашқан. Қайтқаннан кейін, оны өз баласы Тоғбат Шицзюн өлтірген.

   («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7 және 9-беттер)

 

4. Лю Кужен (刘库仁) – Тоғбат Юлудың қызының баласы. Тоғбат Шицзяннің қарамағында мансапты болған. Тоғбат Гуй патша болудың алдында оның көмегіне жүгінген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 732-733-беттер)

 

5. Шицзылиң тауы (石子嶺) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Гусин хошунының солтүстігінде орналасқан.

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-бап, 48-49-беттер)

 

6. Чоғай тауы (阴山) – Барқынтағ тауы деп те аталған. Қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районының орта бөлігіндегі тау тізбесі. Шығыстан батысқа дейін 1,2 мың км құрайды.

 (Бір томдық «Цыхай», 411-бет)

 

7. Тоғбат Чжэн () – патша Чжаочең. Тоғбат Шицзяннің үшінші баласы Цин бегі Тоғбат Хәннің баласы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 561 және 564-беттер)

 

8. Үлкен-көл (大泽) – мұнда Байкал көлі нұсқалса керек.

(редактор)

 

9. Жосе тауы (涿邪山) – қазіргі Моңғолияның Мандал-Гоби өңіріндегі таудың ежелгі атауы. 

(редактор)

 

 

16. Патшалар Тайцзу, Тайцзуң, Шицзудың шахзадаларының ғұмырнамалары

 

Вэй патшасы Шицзу Нәнпиң бегі Тоғбат Хунға дән-риза болып, оның іскерлігі мен қабілетіне мән берді. Оны әрдайым шақырып алып, жақын қызметшісі етіп істетті. Оның дәрежесі бірте-бірте өсіріліп, Ляңчжоу басқақ-санғұны етіп тағайындалды және Батыс Жуң1 қосындарының қадағалаушысы етіп қойылды. Қосымша оған «Батыс өңірді қорғаушы әскербасы2» мансабы берілді. Ляңчжоу аймағында оның абырой-беделі жоғары еді.

Вэй патшасы Тайцзу жоржандарға шабуыл жасап, Жосе тауынан асқанда, Тоғбат Цзянға3 артқы шепті қорғауды бұйырды. Оның атқан оқтары зая кетпейтін. Оның садағынан оққа ұшқандар жер қапсыратын. Сондықтан оның айбары Гоби шөлінің солтүстік бөлігін тітіретті. Көп өтпей, патшаға ілескен ол Ляңчжоуды тыныштандырып, шайқастарда қыруар қызмет көрсетті. Сондай-ақ Туфа Баочжоуды4 жеңіп, өлімге жеткізді және оның басын астанаға беріп жіберді. Одан басқа, Журчи Урғуды5 тізе бүктірді. Өлгеннен соң оған «Чжуаң бегі» деген атақ берілді. Баласы Тоғбат Рэн әкесінің мәртебесіне мұрагерлік етті.

Тайпиң Чжэнцзюн 3-жылы (422 ж.) Тоғбат Фулоға6 Цзин бегі және «арбалы атты әскерлер санғұны»7 деген атақ берілді. Сосын ол Гаопиң8 мен Ляңчжоудағы жасақтарға басшылық етіп, Туйғұн елінің басшысы Мулиямға шабуыл жасады. Жасақтар Лейдуға жеткен кезде, ол барлық қолбасшыларына: «Үлкен жолмен шабуылдасақ, жорығымыз туралы хабар алдын-ала таралып, дұшпандар алысқа қашып кетеді. Сондықтан жорыққа жасырын шығып, олар ойламаған жерден тап беруіміз қажет. Бұл – Дең Айдың Шу патшалығын жоюда қолданған әдісі9» деді. Қолбасшылардың бәрі де «Бұлай жасау тым қиын» деп қосылмады. Тоғбат Фуло: «Санғұн болған кісі жеңіске жетуді мақсат етеді. Шалғай жерде шайқасқан кезде, пайдалы әдісті таңдауда өктемдік жасаса да болады» деді. Сонымен әскерлер соқпақ жолмен жорыққа шығып, Даму көпіріне барғанда, Мулиямның тайпасының құты қашып, Байланға10 шегінді. Мулиямның ағасының баласы Сиям Хуаңхэ өзенінің батысына қашты. 10 мыңнан астам түтін бағынатынын білдірді.

Тайпиң Чжэнцзюн 8-жылы (447 ж.) Тоғбат Фуло өлді. Оның баласы болмағандықтан, ұлысқа мұрагерлік ету құқығы күшінен қалдырылды.

Жоржан қағаны Анағай еліне қайтты. Алайда адамдары аш болғандықтан, қайта-қайта шекарадан өтіп, мемлекеттің ішіндегі жерлерге кіріп алды. Анағай Солтүстік уаис мекемесінен жәрдем сұрады. Юән Фуды11 «солтүстік уаис» етіп тағайындау һәм жәрдемге жіберу туралы жарлық түсірілді. Юән Фу патшаға мәселені шешу жөніндегі мәлімдемесін ұсынды. Оның мазмұны мынадай еді:

«Теріні киім етіп киетін кісілер бидай жеп көрмеген. Әдет-ғұрыпқа сәйкес, олардың мүддесін көздеу, тапшы болған нәрселерін жеткізіп жәрдемдесу керек. Бұрын Хән әулетінің Цзяну жылдарында Хун (Ғұн) тәңірқұты солтүстік шекарамызға келіп бағынған. Сол кезде Хэдуң алқабынан тасып әкелінген 25 мың хо12 астық, 36 мың тұяқ мал оларға үлестірілген. Бұл алдағы замандарда көшпелі малшы халықтармен жақсы байланыс орнату, жаңадан бағынған тайпалардың көңілін аулау, алыстағы елдерді жұмсарту үшін қолданылған ең дана саясат саналады. Мен оларға сауын сиыр мен саулық ұсынамын. Бұл оларға азық болады. Мал шаруашылығының дамығаны оларға пайдалы. Үй жануарларының жақсы жері - олардың өнімдерін һәм киім, һәм азық етуге болады. Диуанбегі ұсынған хатта да «Олар қайтадан жеті аймақта отырықтанса, жері кең және халқы аз ауданға жайғастыруға болады» деді. Меніңше, ел-жұртты сүю – әрбір адамның табиғаты. Олай болса, кім елдің ішкі аумақтарына көшуге келіседі? Егер де менің ұсынысым мақұлданып, оларға жәрдем ретінде төрт түлік мал берілсе, олар атамекенін сүйіп-қадірлеп, міндетті түрде отанына қайтады. Егер бұлай жасалмай, олардың жайғасуына тыйым салынса, нұқсан келіп шығады. Егер де мәжбүрлеп көшірілсе - тыныштандыру саясаты мәңгі болмай қалады. Өйткені сиқы адам, жүрегі хайуан тәрізді қауымның кетуді немесе қалуды қалайтынын жорамалдау қиын. Олар тұратын жердің шарт-жағдайы алмастырылса, ауру-сырқаттар пайда болады, көптеген бей-берекетсіздіктер туылады. Қиыншылықта қалғандардың арасында өлім-жітімнің одан әрі көбеюі адамдарды алаңдатады. Оның үстіне, олардың қалып қалған тайпалары әлі де шөлді жерді мекендеуде. Олар ауыр жағдайдан құтылған сәтте, бұрынғы жеріне қайта кетіп, кент-қыстақтарды ойрандайды және талан-таражға салады, бұқара халықты жәбірлейді. Белең алған дүрбелеңді тыныштандырудан көрі, әлі басталмай тұрған аласапыранның алдын алған жөн.

Тауар алмастыру көне заманда пайда болған, ал сауда істері кейін дамыған. Хуасялықтар (қытайлар) мен ғұндар өзара жарасып, шекаралық базарлар құрған. Қазір шөлдің солтүстігіндегі ел ашаршылықтан қиналғанына байланысты, аяқтары көрге салбыраған халде тұр. Олар үкіметтен жәрдем алумен қатар, сауда жасауды талап етеді. Егер олар ондай талап қойса, рұқсат етуді қажет деп қараймын.

          Өзіне биік мақсат қойғандар ұсақ абырой-атақпен есептеспейді. Алыстағы болашақты көздегендер көз алдындағы мүддемен шектелмейді. Солтүстік пен батыстағы халықтардың құлдырауы немесе күшеюі әртүрлі кезеңдерде бір-біріне ұқсамаған, алайда бұдан олардың опасыздық жасау және бағыну ахуалдарын білуге болады. Чжоу патшалығының13 солтүстікке жасаған жорықтың саяси нәтижесі орташа болды. Хән патшалығының сыртқа жасаған жорығы азғантай нәтижеге жеткізді. Бұрын Дай елінің астанасында14 қыруар әскер жайғастырылып, шекараны қорғауға әзірленген қолбасшылар мен әскерлер титықтап шаршайтын. Осынша азап шегіп, құн төлегенмен, жоржандарды бағындыра алмаған-ды. Тәңір енді Ұлы Вэй әулетіне бақыт сыйлады. Жоржандардың құлдырап құлайтын уақыты жетті. Патша сарайының әлемге жеткізетін шапағаты, өмір сыйлаушы қасиеті бар. Бытыраған тайпаларды жинап, құрмет-ізетпен орындарына жайғастыру және қайта көшіру туралы бұйрық шығаруға болады. Бұл мезетте ұзақ мерзімді шара жөнінде жақсы ойлану қажет.

Меніңше, ахуал өзгеріп тұрса да, белгілі бір заңдылықты байқауға болады. Келешек іс-әрекеттер беймәлім болса да, бұрынғы істерге (тарихқа) қарап болжауға болады. Хән патшасы Сюәндидің15 заманында Қоғшар-тәңірқұт16 шекарамызға келіп, бағынышты болды. Хән әулеті Дуң Чжуң және Хән Чаңды шекаралық аймақтардың әскерлеріне басшылық етіп, Қоғшар-тәңірқұтты солтүстік шекараның сыртына шығару үшін аттандырған. Осы әрекет арқылы оны шекараны қорғауға қарайластырған. Хән патшасы Гуаң’удың17 заманында, бек етіп тағайындалған нөкер-басы18 Дуән Бингені тәңірқұт тұрған жерге жіберу және оның әрекеттерін бақылау бұйрылды. Осылардың бәрі де шекарамызды тыныштандырудың жақсы шаралары, шекараны тұрақтандыруға лайықты амалдар еді. Қазір патша сарайының жетістіктері ежелгі замандардан қалыспайды. Жоржан елінің құлдырауы да бұрынғы кездегі шарт-жағдайларға ұқсайды. Көне заманның тиімді шараларын ескеріп, бұрынғы істерді үлгі тұта отырып, олардың аңшылықпен және мал шаруашылығымен айналысуы үшін кәдеге жарамайтын жерлерді беруіміз керек. Олардың көңілін аулайтын мансаптыларды бекіту, шекараны қорғайтын күш-қуатымызды көрсететін қорғаушы әскерлерді көбейту, кең пейілді де мейірімді саясат қолдану арқылы оларды басқару, алысты көздеген саясатпен оларды тізгіндеу керек. Осының арқасында оларды жақындасқанда алаяқтық жасамайтын, байланыстар алыстағанның өзінде де бізден теріс айналмайтындай етуіміз керек. Қазіргі таңда солтүстік шекараның бойындағы әскери бекіністердің санғұндары бұрынғы тәртіп бойынша бір адамды Дайцзюн мен Юнчжуң аймақтарының сыртындағы жерлерді үнемі бақылауға жіберуде. Біз оларға қорғаныс істерін тексеру жөнінде бұйрық түсіруіміз қажет. Патша дана және кесімді болса, төңіректегі тайпалар да тіл алғыш болады деген сөз.

Ежелгілер бөтен елдің адамдарынан айрықша абай болып, өздеріне бағынғандарға да күшті қарсыласындай қараған. Әскери күш сыртқа қаратылып ғана қоймай, ішкі тұрақсыздықтың да алдын алады. Егер бұл тайпаларды шашыратқан соң қайта жайғастырсақ, барлық аймақтар мен бекіністер бір-бірінен бөлініп қалады да, соғысқа қажетті қару-жарақтарды жөткеу қиынға соғады. Олардың теріс айналуын және бұзақылығын алдын-ала білу қиын. Оның үстіне, шекаралық аудандардағы халықтың малдары жайлауларда шашырай жайылған. Солтүстік тайпалар ашкөз келеді, байлық көрген бойда талап-тонап алуды ойлайды. Бұл жақты да қорғау, ана жақтан да сақтану қажет. Сондықтан әскерлердің аз болғаны қисынсыз. Бей-берекет ретсіз көшудің барысында шырғалаң-дүрбелеңдер оп-оңай туылады. Оларды «Еліңе кет» деп қуып жіберсек, қуана кетуі екіталай. Аймақтарға бөліп, ішкі аумаққа көшіріп орналастырайық дегенге тағы келіспейді. Мұндай ахуалда сөзсіз көптеген қаражат кетеді».

Патша сарайы оның ұсынысын бекітпеді.

          Юән Фу ақ жолбарыстың суреті салынған жалауды көтеріп, Жоусюән19 мен Хуайхуаң20 аңғарларында Анағайдан хал-жағдай сұрады. Ішінен бүлік көтеруді ойлаған Анағай «300 мың адамым бар» деп, Юән Фуды ұстап қалды. Оны киіз төселген арбаға отырғызып, әр күні бір кесе қымыз бен бір жапырақ ет беретін. Жоржандар жиылған кезде, оны шығыс тарапқа отырғызып, «уаис» деп атап, айрықша құрметтеді. Анағай оңтүстікке шапқыншылық жасап, бұрынғы астанаға21 дейін барды. Сосын ол Юән Фу және басқаларды кейін қайтарды һәм кешірім-хат жолдады. Тиісті мекемелер Юән Фудың ісін жарғышы-бекке22 табыстады. Жарғышы-бек қарамағындағы мансапты Гао Цянцзыға «Юән Фу міндетін орындамады» деп, оны жер аудару жазасына кесті.

          Шығыс пен батыс жақтағы теле тайпалары теріс айналғаннан кейін, патша сарайында «Тоғбат Шэннің23 пікірін қайта қарастыру керек» деген әңгімелер шықты. Елші етіп жіберілген сарайдың жанауылы24 Ли Дао'юән әскери бекіністі аймақ етіп қайта құрып, кісілердің арман-тілегіне бейімделмекші болды. Дәл сол кезде алты әскери бекіністе толқулар туылып, жоғарыдағы мақсат іске аспады. Кейін Тоғбат Шэн: «Қазір алты бекіністе наразылықтар орын алды. Қаңлылардың екі руы оларға жолсерік болды. Жорықтардан әбден қалжыраған әскерлерді қайта жібергенмен, дұшпанды бойсұндыра алмаймыз. Таңдаулы қолбасшылар мен әскерлерді іріктейік. Олардың біразы Чжеңчжоу аймағы тәрізді маңызды жерлерді қорғасын, кейін бір амалын жасармыз» деп ұсыныс берді. Ли Чуң жорықтан оралғанға дейін, Тоғбат Шэн соғыс істеріне жауапты болды. Балың жоржандардан қашып, оңтүстікке бет алған күйі Хуаңхэ өзенінен өтті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2-том, 595, 603, 604, 613 және 619-беттер)

     

1. Батыс Жуң (西戎) – ежелгі заманда Хуаңхэ өзенінің жоғарғы ағысының төңірегін және Гәнсу өлкесінің солтүстік-батыс бөлігін мекендеген жуңдардың жалпы аталуы. Кейбір кітаптарда Батыс өңірде өмір сүрген халықтар да Батыс жуңдар деп аталады.

(Бір томдық «Цыхай», 1831-бет)

 

2. Батыс өңірді қорғаушы әскербасы (护西域校尉) – Батыс өңірдің бас қорушы-бегіне қарайтын мансапты.

(«Шынжаңның қысқаша тарихы», 1-кітап, 38-бет)

 

3. Тоғбат Цзян (拓拔健) – Солтүстік Вэй патшасы Тайцзуңның бесінші баласы. Юңчаң бегі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 601 және 603-беттер)

 

4. Туфа Баочжоу (秃发保周) – сянбилердің тоғбат тайпасының бір тармағынан шыққан. Ныспысы Туфа, есімі Баочжоу. Чжаң’е бегі деген мәртебеге жеткен. Тай’ән 5-жылы Солтүстік Вэй патшалығына қарсы бүлік көтерген.

(редактор)

 

5. Журчи Урғу (沮渠无讳) – Журчи Монсунның баласы және Журчи Мұқанның інісі. Солтүстік Ляң патшалығының қолбасшысы, Цзюцюән бегі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3085-бет)

 

6. Тоғбат Фуло (晋王伏罗) – Солтүстік Вэй патшасы Шицзудың (Тоғбат Тао) екінші баласы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 604-бет)

 

7. Арбалы атты әскерлер санғұны (车骑将军) – соғыс арбалары мен атты әскерлерге қолбасшылық еткен санғұн.

(Бір томдық «Цыхай», 1338-бет)

 

8. Гаопиң (高平) – қазіргі Ниңся-Хойцзу автономиялы районы Гу'юән ауданының ежелгі атауы. Солтүстік Вэй патшалығының алғашқы жылдарында әскери бекініс етіп өзгертілген. Чжеңгуаң жылдары қайтадан аудан болып құрылған.

(Бір томдық «Цыхай», 2043-бет)

 

9. Дең Айдың Шу патшалығын жоюда қолданған шарасы (邓艾禽薥之计) – «Үш патшалық» дәуірінде Вэй патшалығының «батысты тыныштандырушы санғұны» Дең Ай Шу патшалығын жою үшін адамның аяғы баспаған соқпақ жолдар арқылы ұзақ жол жүріп, дұшпанға білдірмей астанасы Чеңдуға жақын жерден бір-ақ шыққан. Ол күтпеген жерден шабуыл бастап, Шу әулетінің жасақтарын жайратқан.

(редактор) 

 

10. Байлан (白兰) – цяң тайпаларының бір тармағы болған ежелгі ел. Таңғұттар және цяңдармен байланыстары жақын болған. Қазіргі Циңхай өлкесінің оңтүстігінде және Сычуән өлкесінің батыс бөлігінде өмір сүрген.  

(Бір томдық «Цыхай», 1758-бет)

 

11. Юән Фу (远孚) – Солтүстік Вэй патшасы Шицзудың (Тоғбат Тао) төртінші баласы, Линхуай бегі Тоғбат Танның немересі.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 611-бет)

 

12. Хо () – бір хо 10 күреге сәйкес келеді.

(редактор)

 

13. Чжоу патшалығы (周朝) – б.з.д. 841 ж. Чжоу патшасы Уваң құрған мемлекет. Б.з.д. 256 ж. жойылған.

  1.  

 

14. Дай елінің астанасы (代京) – Дай патшалығының астанасы Сиңле.

  1.  

 

15. Хән патшасы Сюәнди (汉宣帝) – Хән әулетінің тоғызыншы патшасы, аты-жөні Лю Шун. Б.з.д. 72-49 жж. кезеңінде билеген.

(«Хәннама» жылнамасы, 209-бет)

 

16. Қоғшар-тәңірқұт (呼韩邪) – ғұн қолбасшысы. Хән патшасы Сюәндидің Шэнцзюй 4-жылы (б.з.д. 58 ж.) тәңірқұт болған. Хән патшасы Юәндидің заманында Ваң Чжаоцзюнді дәнекер етіп, кейін Хән патшалығына бағынған.

(«Хәннама» жылнамасы, 1738-бет)

 

17. Хән патшасы Гуаң’у (汉光武帝) – б.з.д. 6 ж. және біздің заманның 57 ж. аралығында өмір сүрген. Шығыс Хән әулетінің негізін қалаушы. 25-57 жж. кезеңінде тақта отырған. Аты-жөні Лю Сю.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасының «Хән патшасы Гуаң’у туралы естелік» бөлімі)

 

18. Нөкер-басы (中郎将) – патшаның оққағарлары мен күзетшілерін басқаратын мансапты, сарай күзетінің бастығы. Орны санғұннан төменірек.

(түзетілген «Цы’юән», 90-бет)

 

19. Жоусюән (柔玄) – Солтүстік Вэй патшалығының әйгілі алты әскери бекінісінің бірі. Қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Сиңхэ ауданының солтүстік-батысында сақталған.

(бір томдық «Цыхай», 1831-бет)

 

20. Хуайхуаң (怀荒) - Солтүстік Вэй патшалығының әйгілі алты әскери бекінісінің бірі. Қазіргі Хэбэй өлкесінің Чжаңбэй ауданынан Моңғолия үстіртіне шығатын шығыс өткелдің маңайында орналасқан.

(бір томдық «Цыхай», 864-бет)

 

21. Бұрынғы астана (旧京) – Сиңлэ қаласы.

  1.  

 

22. Жарғышы-бек (廷尉) – тоғыз уәзірдің бірі, әділет істеріне жауапты болған.

   (бір томдық «Цыхай», 497-бет)

 

23. Тоғбат Шэн (拓拔深) – Солтүстік Вэй патшасы Шицзудың (Тоғбат Тао) бесінші баласы, Гуаң’яң бегі Тоғбат Цзяннің немересі. Гуаң’яң бегі деген мәртебенің мұрагері болған. Патшаға хат жазып, шекара істері жөнінде өзінің пікірін баяндаған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 616 және 618-беттер)

 

24. Сарай жанауылы (黄门侍郎) – сарай қазынашы-бегінің мекемесінде қызмет еткен мансапты. Патшаның хал-ахуалын білуге, уәзірлер мен бектер патшамен жүздескенде, оларды өз орындарына отырғызуға жауапты адам.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасының «Мансаптылардың ғұмырнамасы» бөлімі, 4179-бет)

 

 

17. Вэй патшасы Цзиңмудың 12 баласының ғұмырнамасы (І)

 

Хэпиң 2-жылы (461 ж.) Тоғбат Тянцыге1 «Жуин бегі» деген мәртебе берілді. Кейін ол сарай мансаптысы болды. Вэй патшасы Гаоцзудың алғашқы жылдары сарай кеңсесінің диуанбегі Ху Мухән Батыс Теле ақсүйектерінің перзенттерін сарайдың жасауылдары лауазымына іріктеген кезде, олардан көптеген дүние-мүлік алып, елдің ашу-ызасын тудырды. Жұрт Ху Мухән мен Гаопиңның уақытша басқақ-санғұны Ши Лиңді өлтірді. Содан барлық теле тайпалары бүлік көтерді. Тоғбат Тянцы және бас басқарушы2 Ло Юн екеуіне оларды басып-жаншу туралы жарлық берілді. Ло Юн телелердің алдыңғы шеп қосындарының жалған тізе бүгуіне сеніп қалды. Санғұнның орынбасары Юән Фу: «Телелердің пиғылы басқаша. Оқиға тудыруы мүмкін. Қазір абай болмасақ, олар қастандық жасайды» деді. Ло Юн бұл сөзге мән бермеді. Телелер тұтқиылдан шабуыл жасап, Ло Юнды өлтірді. Тоғбат Тянцы өз жанын ғана сақтап қалды.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3-том, 639-бет)

  

1. Тоғбат Тянцы (拓拔天赐) – Солтүстік Вэй патшасы Шицзудың (Тоғбат Тао) немересі. Оның әкесі Тоғбат Хуаң 24 жасында ауырып өлген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 639-бет)

 

2. Бас басқарушы (给事中) – патшалық жарлықтардың дұрыс жазылуын және орындалуын басқаратын құрметті атақ. Хән әулеті кезеңінде осы атаққа жеткен мансаптылар сарайға еніп, патшаға жақындайтын және пікір-ұсыныстар бере алатын.

(«Тарихи лауазымдардың атаулары» шығармасы, 146-бет)

 

 

18. Вэй патшасы Цзиңмудың 12 баласының ғұмырнамасы (ІІ)

 

Жоржандар солтүстік шекаралық аудандарға басып кірді. Тоғбат Юн орталық бөлімшелердің жоғары тұтұғы лауазымына тағайындалып, патша Сянцзуға1 еріп, оларға қарсы жорыққа аттанды. Олар Үлкен (Гоби) шөлден  өтті. Тоғбат Юн: «Жоржандардың сәйгүліктері қорқынышты қалқандарды бұрын көрмеген. Осындай қалқан ұстағандар саптың алдында жүруіне бұйрық түсірілсе, оларды табанда жеңуге болады» деді. Патша осы пікірге қосылды. Теле қолбасшысына өзара қол біріктіріп аттану туралы бұйрық жасалды. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3-том, 653-бет)

 

1. Сянцзу (献祖) – Солтүстік Вэй патшасы Тоғбат Хуң. Солтүстік Вэй патшасы Вэнчжеңнің (Тоғбат Цзюн) үлкен баласы. Өлгеннен кейін, Сянцзу деген есім берілген.

     («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 73-бет)

 

 

20. Вэй Гучжэн және Муляңның ғұмырнамалары

 

Вэй Дохоу1 кішкене кезінен-ақ әскери істерде дарынды болатын. Вэй патшасы Сянцзудың заманында «амалшыл» деп аталып, «цяң тайпасын қорғаушы әскербасы», «Дунхуаңды тыныштандырушы санғұн» етіп тағайындалды. Мекемесіне барған соң, жеңіл қаруланған 5 мың атты әскермен батыстағы Удунға басып кіріп, барлық елдерді қосып алды. Олардан тартып алған бұйымдармен өздерін қамдап, тыныштандыру арқылы өнім алуды талап етті, бірақ ұсынысы бекітілмеді. Вэй патшасы Гаоцзудың алғашқы жылдары ол тағы да солтүстікке жорық жасап, Ивирғолды (қазіргі Аратүрк ауданы) жаулап алуды һәм жоржандардың Батыс өңірге шығатын жолын үзіп тастауды ұсынды. Патша оның талабын лайық көргенмен, шығыс жорыққа шықпақшы болғандықтан, өзі де қиын жағдайда қалды.

Даңчаң патшасы Ляң Мицзи өліп, оның орнына баласы Мибо мұрагер болды. Мибо туйғұндардың қысымымен Чоучы2 аймағына қашты. Му Ляң3 Мибо дөрекі де тәкаппар болғаны үшін ди-цяңдар оны тастап кетті. Ляң Мицзидің ағасының баласы Мичең батыстағы тайпалардың қамқоры астына кірген кісі деп қарады және оны билеуші болуын өтінді. Вэй патшасы Гаоцзу бұл ұсынысқа қосылды. Сонымен туйғұндар артқа шегіндіріліп, Мичең міндетін атқара бастағаннан кейін қайтты.

Му Хәннің4 інісі Му И Вэй патшасы Гаоцзудың заманында «батысты тыныштандырушы бас санғұн» етіп тағайындалды. Қосындарға басшылық еткен ол батыстағы туйғұндарға қарсы жорық жасады.

Ән Юән5 батыр болғандықтан, қолбасшы етіп тағайындалып, Юнчжуң аймағын қорғады. Жоржандар шекаралық аудандарға баса-көктеп кірген кезде, Ән Юән дереу оларды соққыға алып, жеңді. Сіңірген еңбегі үшін оған У'юән бегі және «лу (жабайылар) әскерлерінің санғұны» деген мәртебе берілді.

Юң'ән жылдары Лоу Бао6 уақытша жәрдемші мансапты7 және сарай кеңесшісі8 етіп тағайындалып, жоржандарға елші болып барды. Бұның алдында, жоржандар бағынышты ел ретінде хат жолдап, хал-жағдайларын мәлімдеп тұрған-ды. Кейін Орталық жазықтағылар (қытайлар) құлдыраған соң, жоржандар терезесі тең мемлекеттердің тәртібі бойынша хат жіберетін болды. Лоу Бао осыны айтып, айып таққан кезде, жоржан қағаны асып-сасып, өзінің қателігін мойындады һәм «Бұл – бітікшілердің (хат жазатын хатшылардың) ағаттығы» деп кешірім сұрады. Сонымен олар өздерін қайтадан бағынышты ел деп атайтын болды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3-том, 735, 742, 745, 752 және 757-беттер)

 

1. Вэй Дохоу (尉多侯) – Солтүстік Вэй әулетінің алғашқы жылдарында өмір сүрген мансапты.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 734-735-беттер)

 

2. Чоучы (仇池) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Чеңсян ауданын қамтыған ежелгі аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 211-бет)

 

3. Му Ляң (穆亮) – Солтүстік Вэй патшалығының мансаптысы Му Чуңның ұрпағы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 742-бет)

 

4. Му Хән (穆翰) – Му Чуңның баласы.

(редактор)

 

5. Ән Юән (安原) – Ляодуң өңірінен шыққан Солтүстік Вэй әулетінің мансаптысы Ән Туңның баласы.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 751-752-беттер)

 

6. Лоу Бао (楼宝) – Солтүстік Вэй патшалығының мансаптысы Лоу Фулянның ұрпағы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 756-757-беттер)

 

7. Жәрдемші мансапты (员外) – штаттан тыс құрылған мансап.

(бір томдық «Цыхай», 734-бет)

 

8. Сарай кеңесшісі (散骑常侍) – патшаның жанында жүріп, ағаттықтарды түзету үшін кеңес беретін мансапты.

(бір томдық «Цыхай», 1472-бет)

 

 

21. Цуй Хаоның ғұмырнамасы

 

Вэй патшасы Тайцзуң: «Құлан Чүгәй1 қалай?» деп сұрады. Цуй Хао2: «Құлан Чүгәйдің мемлекеті құлап, елі ойрандалған. Ол жападан-жалғыз, басқалардың саясында күнелткен адам, Яо жамағатынан3 мәртебе және медет-жәрдем алды. Қуатты көрші елдерден көмек алды және өш алып, ар-намысын ақтауды ойлап ғана қоймай, бәлкім жоржандармен бірігіп, Яо жамағатының жақсылығын жамандық жасаумен қайтарып жүрді. Ол арсыз да арам адам. Оның орасан зор жоспары мен шарасы жоқ. Зорлық-зомбылық жасаудың нәтижесінен бөтен ел тарапынан жойылады» деп жауап берді. Патша осы жауапқа қанағаттанды және Цуй Хаомен түннің жарымына дейін әңгімелесті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3-том, 775-бет)

 

Шэнцзя 2-жылы (429 ж.) жоржандарға қарсы шабуыл жасау мәселесі талқыланып қарастырылды. Сарайдың іші-сыртындағы мансаптылардың ешқайсысы шабуыл жасауға баруды қаламады. Патшаның анасы Бао4 да патшаны бұл істен бөгеді. Патша Шицзу бұлардың сөздерін елемеді. Тек Цуй Хао ғана оның әрекетін қолдады. Диуанбегі5 Лю Цзе, сол-қанат бегі Ән Юән және басқалар харем-ағасы Цю Цині Құлан Чаңның6 астрономия-бегі7 Чжаң Шэн мен Шу Бянды патша Шицзуға насихаттауға үндеп: «Биыл жылан жылы, үш қасиетті жылдың алғашқы жылына жатады. Муштари (Юпитер) Айды қапыда жеңуде, Зуһра жұлдызы батыс тарапта. Бұндай кезде соғыс қимылдарын жүргізуге болмайды. Солтүстік жорыққа шықсақ, сөзсіз жеңілеміз. Жеңіске жеткеннің өзінде де, патшаға бұл пайдасыз болмақ» деді. Мансаптылардың көбі Чжаң Шэннің айтқанына қосылып: «Чжаң Шэн жас кезінде Фу Цзянге оңтүстік жорыққа шығуға болмайды деген. Фу Цзян оның сөзіне құлақ аспады, сондықтан жеңілген еді. Қазір аспанның белгісі мен жердегі істер бір-біріне сай келмей тұрғанда қалай ғана әрекеттенуге болады?» деді. Осы пікірлерден патшаның көңілі жабыңқы тартып, Цуй Хао мен Чжаң Шэнді шақырып, бұл мәселені дауға салды.

Чжаң Шэннің пікірін сынға алған Цуй Хао былай деді: «Күн өнегенің, ал ай жазаның белгісі. Ай тұтылса, жаза қолдану керек. Алайда патша қолданатын жазаның үлкені – кең-байтақ далада әскерлерді сапқа тізіп соғысу. Ал кіші жазасы – төрт көшеде адамның басын шауып, сазайын беру. Соғыс дегеніміз кең көлемді жаза қолдану. Бұдан үш муһәннәс жылы жорық жүргізілуі аспан істеріне тән, жаза қолдануға сәйкесетіндігі білініп тұр. Муштари Айды жеңсе, жыл сайын қуаңшылық шығып, халық әбігер болады. Бұл – жат елдің аспан істеріне тән істерге жататындығы, оның мерзімі 12 жыл. Зуһра жұлдызының Зуһәл (Сатурн) жұлдызының шекарасына кіруі аспан істерінің шығыс тарапқа тәуелді болып, солтүстік жорық жасауға әсерін тигізбейді. Чжаң Шэн – тоғышар балгер, білімі таяз, көзқарасы бал ашу нанымдармен ғана шектеліп қалған. Бал ашудың мақсатын түсінбейді. Сондықтан онымен үлкен істерді кеңесу қиын. Пақырыңыздың аспан істерін бақылауына қарағанда, жақын жылдардан бері Айдың айналуы ақ жолбарыс, өмірдің жұлдызы Зуһәлдың алдын бөгеп келеді. Осы ахуал қазір де сондай. Оның жорамалы – үш жыл ішінде патшаның жалауы қотаздың құйрығымен безендірілген байрақты елді қатты жеңіліске ұшыратады. Жоржандар мен қаңлылар – қотаздың құйрығымен әшекейленген байрақ қадаған қауымдар. Егер дана патша осы орайды пайдаланса, ерекше ірі істерді жүзеге асыруға болады. Ежелгілер «Бөтен бал ашудан қарапайым халық алаңдаушылыққа түседі. Алайда сәтін берсе, бүкіл жаһан қамсыз болады» деп жақсы айтқан. Жоғары мәртебелінің менің сөзіме шүбәланбағанын өтінемін».

Чжаң Шэн қынжылған күйі былай дейді: «Жоржан елі Гоби шөлінің сыртындағы құнарсыз жерде. Олардың жерін тартып алған жағдайда да, ол жер егін егуге келмейді. Ол халықты тізе бүктірсек те, алым-салық төлемейді. Оның үстіне, олардың әрекеттері шапшаң, тұрақты мекені жоқ. Сондықтан, оларды бағындырғанмен, басқару қиын. Олай болса, не үшін асығып-үсігіп әскерлер мен сәйгүліктерімізді қалжыратамыз?»

Цуй Хао мынадай уәж айтты: «Чжаң Шэннің борышы – аспан істері туралы ой-пікірді ортаға қою. Ол саяси жағдай жөнінен ешнәрсе білмейді. Осы әңгімелер Хән әулеті дәуірінде үнемі айтылып келген көне жайт. Дәл қазір осы бойынша әрекеттенгеніміз тиімді болмас. Жоржандар – әуелгіде еліміздің солтүстік бөлігінде бас көтерген құлдар. Қазіргі кезде олардың қолбасшысын өлтіріп, жақсыларын тізе бүктіріп, бұрынғы мәртебесін қалпына келтірдік. Бұны жарамайды деуге болмайды. Шөлдің солтүстігі биік, ауасы салқын, маса жоқ, суы таза, жайлауы шұрайлы. Жазда солтүстікке көшіп, көшпелі мал шаруашылығы және аңшылықпен айналысуға болады. Ол егін егумен жан баға алмайтын жер емес. Жоржан перзенттері келіп бағынса, ақсүйек-асылзадалары біздің ханшаларға үйленсе, мәртебесі төменіректерге санғұн мен төре атақтары беріледі. Сарайымыз оларға толып қалады. Қаңлының атты әскерлері даңқты, бірақ бұл оларды бағындыруға және іске салуға келмейді дегендік емес. Егер де оңтүстіктегілер8 оларды қуаласа, әрине олардың жылдам әрекеттерінен мезі болмай қалмайды. Еліміздің әскерлеріне қаратып айтқанда ондай емес. Неге дегенде, олар алысқа қашып кете алады, біз де шалғайға қуып бара аламыз. Оларды бағындыру қиынға соқпайды. Алдыңғы жылдары шекаралық аудандар көп рет шабуылға ұшырағандықтан, халқымыз абыржып қалды. Биыл жазда орайды пайдаланып, оларға соққы беріп, елін жоймасақ, күзде олар тағы баса-көктеп келеді. Сонда жастықты биіктеу қойып, алаңсыз ұйықтау мүмкін болмайды. Патша Тайцзуңның заманынан қазірге дейін белгілер берілмеген бір жыл жоқ. Бұл кісілерді састырып жатыр ма? Жұрт: «Чжаң Шэн және Шу Бянды айтысуға шебер, бал ашып жеңіске жетудің немесе жеңілудің үкімін шығаруды біледі» дейді. Ондай болса, мен ол екеуін сынап көрейін. Менің «Батыс елді (Кейінгі Цин патшалығы) құлатудан бұрын оның жойылуын көрсететін белгі бар ма?» деген сауалыма жауап берсін. Егер ол біліп тұрып жауап бермесе, адалсыздық танытқан болады. Егер расында да білмесе, бұл оның бал аша алмайтынын көрсетеді».

Сол кезде Құлан Чаң осы мәжілісте отырған-ды. Чжаң Шэн осы істі алдын-ала айта алмайтынын білгендіктен, қынжылып жауап қайтара алмады. Патша Шицзу қуанып, мансаптыларға былай деді: «Мен бір шешімге келдім. Мемлекеті құлаған мансаптылардың кеңесін алуға болмайды деген сөз расында да дұрыс екен!» Алайда патшаның анасы Бао бұл істен әлі де күмәнданды. Мансаптыларға оның алдына барып, осы іске баға беру туралы жарлық жарияланды. Патша Цуй Хаоға барша ахуалды жақсылап түсіндіріп, шешесінің санасын оятуды тапсырды. Кеңестен кейін кейбіреулер: «Оңтүстіктегі қарақшылар шекаралық аудандарымызға баса-көктеп кірді. Осы іспен жұмысымыз болмай, солтүстікке жорыққа шықсақ, әскерлеріміз мыңдаған шақырым жол жүрсе, бұл іс не болмақ? Егер де жоржандар алыс жаққа қашып кетсе, алға жүруімізден нәтиже шықпайды. Арт жағымыздан әлі де оңтүстік қосындарының басып кіру қаупі баршылық. Бұл қатерлі әрекет емес пе!?» деп Цуй Хаоны айыптады. Цуй Хао: «Биыл жоржандардың быт-шытын шығармасақ, оңтүстіктегі дұшпандарға төтеп бере алмаймыз. Мемлекетіміз батыстағы елді қосып алғаннан бері оңтүстіктегілер қорқынышта қалды. Енді оларға күш-қуат бітіп, қыруар әскер қозғап, Хуайхэ өзенінің солтүстігін қорғауға кіріседі. Олар солтүстікке жорыққа шықса, біз оңтүстікке жорық жасаймыз. Олар тайпасын аяғынан тік тұрғызса, біз тынығып аламыз. Міне, жағдай осындай. Біз солтүстікте жоржандарды жеңу үшін жорыққа аттанғанбыз. Қайтқан кезде олардың қосындарының келгенін көрмедік деген сөздің негізі не? Лю Юй9 Гуәнчжуңды10 жаулап алған соң, сүйікті баласын қалдырды. Ол бірнеше түмен таңдаулы әскерлер және қабілетті қолбасшыларына басшылық етсе де, оны қорғай алмай, барлық қосындарымен бірге жеңілді. Соның қаралы азасы қазірге дейін тоқтамады. Патшалығымыз дамып, әскер-жылқыларымыз күшейген кезде, тайынша мен бұзауларды жолбарыстың аранына не үшін апарып береміз? Оларға еліміздің Хуаңхэ өзенінен оңтүстіктегі жерлерді бергеннің өзінде олар бұл аумақты сақтай алмайды. Уысында ұстай алмайтынын білгендіктен, басып кіре алмайтыны шүбәсіз. Олар қосындар жібергеннің өзінде, тек ғана шекараны қорғаушы қосындарын шығара алады. Көз алдындағы судың тоңғанына қарап, жаһанда суық түскенін көруге болады. Бір жапырақ піскен етті жеп көріп, қазандағы еттің дәмін білуге болады. Нәрселер де осындай сипатқа ие, негізінен бұны түйсінуге болады. Жоржандар «Патшалықтың жасақтары жерімізге келе алмайды» деп ойлап, алаңсыз жүргендеріне ұзақ уақыт болды. Жазда тарыдай шашыраған рулар төрт түлік малын бағады. Күзде сәйгүліктері семіргеннен кейін бір жерге топтасып, шөлдің суық солтүстігінен жылы шекаралық аудандарымызға келіп, оңтүстіктегі шекаралық аудандарға басып кіреді және талап-тонайды. Қазір олар соғысқа дайындалмаған сәт. Қуатты қосындарымыз тұтқиылдан шауып барса, оларды үрей билейді де, қосындарымыз көтерген шаң-тозаңды көріп-ақ табандарын жалтыратады. Айғыр жылқыны қорғайды, байтал құлыншақтан мейірімін үзе алмайды. Жылқыны айдап жүріп қозғалу қиынға түседі. Оның үстіне, олар су және жайылымнан мақрұм болса, бірнеше күн өтпей-ақ қалжырап, ауыр жағдайға тап болады. Осы сәтте біз оларды біржолата жайрата аламыз. Уақытша бейнет көрсек те, мәңгілік тыныштыққа кенелеміз. Бұндай орайды ешбір жібермеуіміз керек. Мен патшамызда осындай мүдденің болмауынан алаңдайтынмын. Енді патшамыз бір шешімге келгенде қалай ғана оған кері үгіт-насихат айтып, жолын бөгейміз?» Сонымен қосындар жорыққа шықты. «Осы реткі жорық сәтті бола ма?» деп сұрады жұлдызшы Цуй Хаодан. Цуй Хао: «Әрине сәтті болады. Тек ғана қолбасшылардың сескеніп, әр нәрсеге алаңдап, дұшпанды қуа отырып соққы бере ала ма екен? Нәтижеде, жауды түгел жою-жоймайтынына мазасызданамын» деп жауап берді.

Қосындар Жоржан еліне жеткенде, жоржандар қорғануға үлгере алмады. Сондықтан әскерлерді бөліп, оларды ақтарып-тінтуге тура келді. Шығыстан батысқа дейін 5 мың шақырым, оңтүстіктен солтүстікке дейін 3 мың шақырым келетін кең аумақта олжаланған мал шаруашылығы өнімдері артылған арбалар, шатырлар және қолға түскендер бірнеше лекке жетті. Жоржандарды өлтіріп, бізге бағынған қаңлылар 300 мың түтіннен асты. Дұшпандар жан-жаққа қашып кетті. Патша Шицзу Ролошуй өзенін бойлап, батысқа қарай жылжып, Жосе тауына барғанда, әскербасылар «Дұшпанды қуа берсек, олардың торуылдарына тап боламыз» деп уайымдап, патшаны қуалап соққы беруді тоқтатуға үндеді. Жұлдызшы Цуй Хаодан осының алдында айтқан сөздерін келтіріп, патшаны дұшпандарды қуа беруге үгіттеген кезде, билеуші оны тыңдамады. Кейін тұтқынға берілгендердің бірі былай деді: «Жоржан билеушісі Датан (Бөгек Сенлих-қаған) ауырып қалып, не істерін білмей басы қатқан халде шатыр-үйлерді өртеп, өзі арбада отырып, бірнеше жүз адамымен бірге Оңтүстік тауға (Циляншән тауы) қашты. Адамдар мен мал-жануарлар қалжырап, дүрлігіп кетті. 60 шақырымдық алқапта олардың қолбасшысы жоқ еді. 180 шақырымдай жерге қашып барғанда, қуғыншы әскерлер келмегендіктен, батыс тарапқа қарай ақырын қаша бастады. Бұнысы олардың бағының жанғаны еді. Ляңчжоулық соғды саудагерінің айтуынша, қосындар тағы екі күн жылжығанда, оларды түгел қыратын еді». Патша Шицзу осыны естіп, қатты өкінді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3-том, 779-782-беттер)

 

Патша Цзиңму11 мемлекеттік істерді басқара бастағанда, Цуй Хао және Иду бегі билікті жүзеге асыруға жәрдемдесті. Жоржандарға қарсы тағы жорыққа шықпақшы болғанда, Лю Цзе өзгеше пікірді ортаға қойды. Тағы бір рет жорыққа шығу туралы шешімге келген патша Цзиңму Цуй Хаоны шақырып кеңесті. Цуй Хао былай дейді: «Бұрын жоржандарға соққы беруге аттанған кезде, жорық ұзап жатпай-ақ Лю Цзе секілділер қайтпақшы болған. Кейін тұтқынға түскендерден білуімше, әскерлер қайтқан күндегі жеріміз дұшпандар тұрған жерден әрең дегенде 30 шақырым қашықтықта болған екен. Бұдан Лю Цзенің қателескенін көруге болады. Солтүстіктегі ұлыстардың қары қалың. Қыс мезгілінде қардан пана іздеген ондағы жұрт үнемі оңтүстікке қарай көшеді. Егер де осы орайды пайдаланып, жасырын жіберген жасақтармен соққы берсек, олармен қақтығысар едік. Қақтығысқанның өзінде оларды қолға түсіре аламыз». Патша бұл пікірді дұрыс деп қарады. Сонымен, жасақтар төрт бағытқа бөлінді. Қолбасшыларға Лұхұн көлінің бойында кездесу туралы бұйрық беріліп, кездесу мерзімі бекітілді. Алайда, өз бастамасының қабылданбауына күйінген Лю Цзе қолбасшылардың жоспарын жүзеге асыруға кедергі жасаған соң, қосындар жеңіске жете алмай қайтты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3-том, 787-бет)

 

1. Құлан Чүгәй (赫连屈丐) – Құлан-баба (赫连勃勃). Вэй патшасы Тайцзуң оның есімін Чүгәй етіп өзгерткен. «Чүгәй» – сянби сөзі, «арамза» деген мағына береді. Ол Ся мемлекетінің негізін қалаушы, 407-425 жж. кезеңінде тақта отырған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3063-бет)

 

2. Цуй Хао (崔浩) – Солтүстік Вэй патшалығының әйгілі мансаптысы. Білімі мол, іскер, астрономиядан хабары болған адам. Вэй патшасы Тайцзуң оны құрметтеген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 772 және 790-беттер)

 

3. Яо жамағаты (姚氏) – Кейінгі Цин әулетінің екінші патшасы Яо Сиңнің үй-іші.

(бір томдық «Цыхай», 1955-бет)

 

4. Патшаның анасы Бао (保太后) – Хой-патшайым. 2-бөлімнің 43-түсініктемесіне қараңыз.

 

5. Диуанбегі (尚书令) – әуелгіде жарлық шығаруға жауапты болған кеңсе мансаптысы. Вэй және Цзин әулеттерінің заманында бас уәзір міндетін атқаратын болған.

(бір томдық «Цыхай», 1116-бет)

 

6. Құлан Чаң (赫连昌) – Құлан-бабаның екінші баласы, өзінің мұрагері етіп, Ся мемлекетінің билеушісі қылған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3064-бет)

 

7. Астрономия-бегі (太史) – күнтізбе құрастыруға жауапты мансапты. Сарайдың жылнамашылары мен жұлдызшыларын басқарған. 

(бір томдық «Цыхай», 639-бет)

 

8. Оңтүстіктегілер (南人) – Суң патшалығы. Өйткені бұл патшалық Оңтүстік Қытайда орналасқан.

(редактор)

 

9. Лю Юй (刘裕) – Оңтүстік Суң әулетінің негізін қалаушы. 420 ж. патша болған.

(«Суңнама» жылнамасының «Патша Уди туралы естелік» бөлімі)

 

10. Гуәнчжуң (关中) – ежелгі ауданның аты. Негізінен Хәнгу қақпасының (қазіргі Хэнән өлкесі Лиңбао ауданының оңтүстігі) батыс жағын көрсетеді.

  (бір томдық «Цыхай», 283-бет)

 

11. Патша Цзиңму (景穆帝) – тақ мұрагері Тоғбат Хуаң. Ол патша болардан бұрын қайтыс болған.  

(редактор)

 

 

22. Чжаң Суншеңнің ғұмырнамасы

 

          Чжаң Суншең1 (Чжаңсун Цзишең) кішкентайынан ақылды еді. Іс-хат жүргізу істерін шала білетін. Садақтан оқ атуға шебер болып, алғырлығы басқалардан асып түсетін. 18 жасқа толғанда, Чжоу патшасының сарайын қорғаушы-бегі етіп тағайындалды. Бастапқыда онша атақ-даңқы шықпаған еді. Суй патшасы Вэнди2 оны бір көргеннен-ақ: «Чжаң Суншеңнің әскери шеберлігі жоғары екен, оның үстіне өте жүректі екен. Бұл жігіт келешекте әйгілі қолбасшы болатын адам емес пе?» деді.

          Түрктердің Идугі3 құда түскен соң, Чжоу әулеті оған әйелдікке беру үшін Чжао бегі Юйвен Чжаоның қызын шақыртты. Чжоу патшалығы және Идуг-қаған өз елдерінің күш-құдыретін көрсету үшін арт-артынан палуандарды іріктеді. Осы себепті, Чжаң Суншең Жунән уәлиі Юйвен Шэнциң елшінің орынбасары ретінде Цянцзин-ханшаны Идуг-қағанның ордасына жеткізуге жөнелтілді. Бұның алды-артында ондаған елші жіберілсе де, Идуг олардың көбісін салт-дәстүр бойынша қабылдамады. Тек ғана Чжаң Суншеңді ұнатып, ұдайы онымен сейіл-саяхатқа шықты, аң аулады. Оны бір жыл өзінің жанында ұстады. Бір күні олар аспанда олжаға таласып ұшып бара жатқан екі қаршығаны көрді. Идуг Чжаң Суншеңге екі жебе беріп, оларды атып түсіруді ұсынды. Чжаң Суншең сәйгүлігіне мініп шықты. Екі қаршыға әлі де аспанда олжаға таласып жатты. Ол бір оқпен екі қаршығаны да атып түсірді. Идуг дән риза болып, өз ұлдары, інілері және ақсүйектерге онымен дос болып, жақындасуды бұйырып, одан садақ тартуды, оқ-жебе атуды үйренуді тапсырды. Идугтың інісі Чолуқтың (Толшад) атақ-даңқы қауымдастарының қолдауына жеткен-ді. Сондықтан Идуг оны қызғанып, қасындағы жақын адамы арқылы Чжаң Суншеңмен құпия одақ құрды. Чжаң Суншең онымен бірге сейіл-саяхатқа және аңға бару орайларын пайдаланып, таулар мен өзендердің орналасуы, тайпалардың күшті-әлсіздігі және басқа да ахуалдардың бәрін барлап анықтады. Патшаның сарайына қайтқаннан кейін, оған «көліктер-бегі» деген лауазым берілді.

          Кайхуаң 1-жылы (581 ж.) Идуг-қаған былай деді: «Мен Чжоу әулетінің туысқанымын (күйеу баласымын). Ендігі жерде Суй бегі Яң Цзян өз алдына патша болып алды. Мен оны тежей алмадым. Енді қай бетіммен қатынның4 дидарына қараймын?». Сонымен ол Гао Баониңмен5 бірлесіп, Линюй бекінісін6 иемденді һәм айналасындағы тайпалармен бірлікте оңтүстікке баса-көктеп кіру жоспарын құруды ойлады. Жаңа ғана дара билеуші болған Суй патшасы Вэнди бұдан өте үрейленді. Сол үшін Ұлы қорғанды жөндеп, солтүстік шекаралық аудандарды әскерлер жөнелту арқылы нығайтты. Ин Шоуға7 Юйчжоу аймағын, Юй Циңцзеге8 Биңчжоу аймағын қорғау, әскерлер жинау, қорғанысты ұйымдастыру туралы бұйрық берілді.

          Чжаң Суншең Идуг, Апар, Толшад және басқалардың өз алдына күшті әскери күшке ие болып, әрқайсысы өзін қаған деп атап, төрт жаққа жайғасқанын, бір қарағанда ынтымақты болып көрінсе де, көңілдерінде бір-біріне өкпе сақтайтынын, содан оларды қарудың күшімен бағындыру қиын, араларын бұзу оңай екендігін біліп алып, патша сарайына мынадай мәтінде хат жолдады: «Мен Чжоу әулетінің соңғы жылдарында жат қауымдарға елші ретінде жіберілдім. Түрктерге қатысты жағдайларды жақсы білемін. Тардуш пен Идугты салыстырсақ, Тардуштың әскери күштері қуатты, бірақ орын-дәрежесі төмен. Сөз жүзінде Идугтың басқаруында болса да, көңілдегі наразылығы өте айқын. Оның қарсы шығудың пиғылын қозғасақ, олар дереу бір-біріне шабуыл жасайды. Одан басқа, Идугтың інісі Чолуқ айрықша қу болса да, әскери күштері әлсіз. Алайда, елдің тамырын басып қимылдайтын оны халық жақсы көреді. Идуг оны қызғанады. Түрктердің тағы бір Апар есімді басшысы әлгі екеуінің арасында тең дәрежеде тұр. Ол Идугтан аса қорқады. Идуг оны тізгіндеп тұрады. Кім күшті болса, соған еріп жүреді. Бір ұстанымда тұрмайды. Сондықтан шалғайдағымен дос болып, жақындағыға шабуыл жасау, күштілерді бөліп, қауқарсыздармен бірлесу тәсілін қолданғанымыз дұрыс. Тардушқа елші жіберіп, Апармен жарастырсақ, Идуг сөзсіз әскерлерін қайтарып әкетіп, өз жерінің оң тарапын қорғауға мәжбүр болады. Сондай-ақ Чолуқты өзімізге тартып, қомуқтар9 және әқсидтермен10 бірлессек, Идуг сөзсіз қосындарын бөліп, сол тарапты қорғауға мәжбүр болады. Сөйтіп олар өзара қызғанып, елдері бөлініп кетеді. Он шақты жылдан соң, қарама-қайшылықтарын пайдаланып, соққы берсек, олардың елін сөзсіз біржолата құрықтай аламыз».

          Суй патшасы Вэнди хатты оқып, ерекше қуанып, Чжаң Суншеңді бетпе-бет сұхбаттасу үшін шақыртты. Чжаң Суншең [Түрк еліндегі ішкі] саяси жағдай туралы сөйлеп, өзен-таулардың суреттерін сызып көрсетіп, олардың қай жері күшті, қай жері әлсіз екендігін бес саусақтай анық түсіндірді. Патша Вэнди оның әңгімесіне таңырқап, пікірін толық қабылдады. Сонымен бірге патша сарайы көліктер-бегі Юән Хойге Ивирғолдан Тардуштың ордасына елші болып бару, оған бөрінің басы салынған байрақты сыйға тарту және өтіріктен патшаның атынан арнайы ілтипат көрсету бұйырылды. Тардуштың елшісі келсе, оған Идугтың елшісінен жоғары орын берілді. Осы бөлу саясаты жүргізілгеннен кейін, олар расында да бір-бірінен күмәнданатын болды. Чжаң Суншеңге «арбалы атты әскерлердің санғұны» деген мансап берілді. Ол Хуаңлуң11 жолымен сапарға шығып, қидан, қомуқ пен әқсид тайпаларына ақша мен дүние-мүлікті тарту етті. Оларға жол бастатып, Чолуқтың ордасына барды және оның жанына өзінің сенімді адамдарын орналастырып, бағыныштылық білдіруге итермеледі.

          Кайхуаң 2-жылы (582 ж.) Идугтың 400 мың адамдық атты әскері шабуылды Ләнчжоудан12 бастап, Чжоупәнге жетіп барды және Даши Чаңрудың13 қосындарын талқандады. Идуг-қаған оңтүстікке қарай жылжымақшы болған кезде, Тардуш оған бағынбай қосындарын әкетті. Сол сәтте Чжаң Суншең Рамған арқылы Идугке «Теле және басқа да ру-тайпалар опасыздық жасап, тұтқиылдан ордамызға шабуыл жасады» деген жалған мәлімет бергізді. Идуг іркіліп, қосындарын шекаралық аудандардан қайтарып әкетті.

          Келесі жылы түрктер кең көлемді шапқыншылық жасады. Суй патшалығының қолбасшылары сегіз бағытта әскер бастап, оларға қарсы тұрды. Апардың қосындары Ляңчжоуға келгенде, Ду Жуңдиң14 онымен соғысты. Дұшпан қолбасшысы жеңіліп қалды. Осы кезде Чжаң Суншең тең дәрежелі бас қолбасшы еді. Ол Апарға елші жіберіп: «Идуг әр уақыт шабуыл жасағанда, шайқастарда зор жеңіске жететін. Апар келе сала жеңілді. Бұл – түрктер үшін намыс. Идуг пен Апарды салыстырсақ, әскери күш жағынан тепе-тең. Ендігі жерде Идуг жеңіске жетіп, Түрк елінің құрметіне ие болды. Апар шайқаста жеңіліп, Түрк елінде ар-намысы түсті. Идуг осы ісі үшін Апарға міндетті түрде күнә артып, оның солтүстіктегі ордасын жою сияқты арманын жүзеге асырады» деді. Апардың елшісі келгенде, Чжаң Суншең тағы оған: «Қазір Тардуш Суй патшалығымен бірге бейбіт бітім жасады. Идуг бұған амалсыздан көнді. Жоғары мәртебелі қаған патшаға бағынып, Тардушпен одақ құрып, бірігіп күшейсе болмайды ма екен! Бұл ең кемелді шара. Таңқаларлығы, әскерлерінен жұрдай болып, күнә жағылып, еліне оралғаннан кейін Идугтың бұйрығына бағынып, қырғыншылық пен ар-намыстың жоғалуына шыдай ма?» деді. Апар осы үгіт-насихатты қабылдап, әскерлерін шекарада қалдырды. Сосын елшісін Чжаң Суншеңге қосып, патша сарайына жөнелтті. Сол кезде Идуг Вэйваң бегі Яң Шуаңның қосындарымен соғысып жатты. Бэйдао бекінісінің түбіндегі шайқаста Идуг жеңіліп қашты. Гоби шөліне жеткен ол Апардың опасыздық жасағанын естіді. Ол солтүстіктегі ордаға тұтқиылдан шабуыл жасап, Апардың бүкіл жұртын қолға түсірді, оның шешесін өлтірді. Баратын мекені қалмаған Апар батыс жаққа бет алып, Тардушты паналады. Одан 100 мың адамнан көбірек әскери жәрдем алып, шығыстағы Идугты шабуылдап, бұрынғы ұлысын қайтарды. Бытырап кеткен әскерлерін жинап, Идугпен тағы соғысты. Ұрыстарда үнемі жеңіске жеткен Апар одан әрі күшейе түсті. Идуг тағы елші жіберіп, патша сарайына ұлпан тапсырды. Ханша Цянцзин ныспысын өзгертіп, өзін «патшаның қызы» деп атауды сұрады. Патша оның өтінішіне келісті.

          Кайхуаң 4-жылы (584 ж.) Чжаң Суншең Юй Чиңцзенің көмекшісі ретінде Идугтың ордасына жіберілді. Ханшаның ныспысы «Яң» етіп өзгертілді және оған «Да'и-ханша» деген мәртебе берілді. Идуг жарлықты қабылдау рәсімиетінде орнынан тұра иілуден бас тартты. Чжаң Суншең «Түрк қағаны мен Суй патшасы үлкен мемлекеттердің тәңірзадалары. Қаған орнынан тұрудан бас тартса, оның еркіне қалайша қарсы келеміз? Алайда, мына әйел патшаның қызы болатын болса, қаған Ұлы Суй патшасының күйеу баласы болмақ. Қайын атасын құрметтемесе қалай болғаны?» деді. Идуг оның мансаптыларына күліп тұрып: «Әлбетте, қайны атаға тағзым ету керек» деді де, тізерлеп тұрып жарлықты алды. Елші міндетін сәтті орындап, мемлекетіне қайтқаннан кейін салт-дәстүр жағынан сарайдағы үш мекеменің диуанбегілері пайдаланатын құқықтардан игіліктенді. Ол «сол-қанат жәрдемші қорғаушысы» және «арбалы атты әскерлер санғұны» мансаптарын алды.

          Кайхуаң 7-жылы (587 ж.) Идуг өлді. Патша Чжаң Суншеңді елшінің таңбасымен жіберіп, Идугтың інісі Чолуққа15 «Баға-қаған», ал оның баласы Ярлуққа16 «Ябғу-қаған» деген атақтар берді. Чолуқ Чжаң Суншең арқылы патша сарайына мынадай мәтіндегі хат жолдады: «Тәңірдің пәрменімен талқандалған Апар 5-6 мыңдай атты әскермен тау-адырларда жасырынып жүр. Оны ұстап, патшаға жолдау керек». Осы сәтте әскери және әкімшілік мансаптылары кеңес құрған. Лэ’ән ұлығы Юән Се: «Қылмысы үшін есептесу мақсатында, сол жерде оның басын алуды ұсынамын» деді. Уяң уәлиі Ли Чуң оны тірідей ұстап, сарайға әкеліп, халықтың алдында әшкере түрде басын шабуды өтінді. Чжаң Суншең: «Апардың жауыз қылмысы елімізге опасыздық жасағандық емес. Оның ауыр жағдайда қалғанын пайдаланып ұстау және басын шабу - алыстағы тайпалардың көңілін табу саясатына сәйкес келмес. Меніңше, екі тарапты да сақтап қалғанымыз дұрыс» деп жауап берді. Патша бұны естіп: «Жақсы пікір» деді.

          Кайхуаң 8-жылы (588 ж.) Чолуқ өлді. Чжаң Суншең аза тұтуға жіберілді. Ол Чэн патшалығы сыйлаған гауһар мен рәсімиет бұйымдарын Ярлуққа табыстады.

          Кайхуаң 13-жылы (593 ж.) мүсәпір Яң Цин Түрк еліне қашып, Пиңго ұлығы Лю Чаң17 және Юйвен үйінің қызымен18 ауыз жаласып, Суй әулетіне қарсы шықпақшы болды. «Мені ханшаға19 хабар жеткізу үшін жасырын жіберді» деп өсек сөз таратты. Ярлуқ осыған сеніп қалды және патша сарайына уақтылы «ұлпан тапсырмайтын» болды. Чжаң Суншең тағы да елшілікке жөнелтілді. Ол хал-ахуалды егжей-тегжейлі байқап зерттеді. Чжаң Суншеңмен жүздесу барысында ханшаның әңгіме-сөзі әдепсіз көрінді. Сондай-ақ өзімен зина жасайтын көңілдесі Ансуйганы Яң Цинмен кеңесуге жіберіп, Ярлуқты арандатпақшы болды. Чжаң Суншең елге оралып, барлық ахуалды мәлімдеді һәм Яң Цинді қайтару үшін тағы да жөнелтілді. Ярлуқ Яң Цинді ұстап беруді қаламай, «меймандарымның арасында ондай адам жоқ» деп тұрып алды. Чжаң Суншең Ярлуқтың қол астындағы мансаптыларды сатып алу арқылы Яң Циннің орналасқан жерін біліп, түнде оны жасырын халде тұтқындады. Оны Ярлуқтың алдына әкеліп, ханшаның құпия істерін әшкереледі. Бүкіл ел бұдан намыстанды. Ярлуқ Ансуйганы және басқаларды тұтқындап, Чжаң Суншеңге табыстады. Чжаң Суншең елшілік сапарынан оралғанда, патша айрықша қуанды және оған «сарайдағы үш уәзірдің деңгейіндегі игіліктерді пайдаланушы» деген атақ берді. Түрк ұлысына қайтадан жөнелтілген ол Да'и-ханшаны өлтіру туралы тапсырманы тамамдады.

          Ярлуқ патша сарайына тағы құдаласу талабын білдірді. Сарайдағылар кеңесе келе, келіскендей болды. Чжаң Суншең «Мен Ярлуқтың құбылмалы да сенімсіз екендігін байқадым. Тардушпен араздасқан ол елімізге келіп бағынбақшы. Біз онымен құдаласқанның өзінде де опасыздық жасайды. Егер де ханшаға үйленсе, еліміздің абыройын пайдаланып, бірден Тардуш пен Рамғанның мойындарына мініп алады. Ал күшейген соң, тағы да бағынбай теріс айналады. Кейін оны бағындыру қиынға соғатын болады. Чолуқтың баласы Рамған бұрыннан адалдықпен бағынып келген. Осы күнге дейін екі ұрпақ осылай өтті. Мен бұрын онымен кездескен кезде, ол құдаласу талабын қойған. Оның талабына келіскеніміз дұрыс. Оны шақырып, оңтүстікке көшіру керек. Әскерлері аз, күші әлсіздерді өзімізге қарату оңай. Рамғанды Ярлуққа қарсы қойып, оны шекара қорғаушысына айналдыруымыз керек» деп ұсыныс берді. Патша: «Айтқандарың дұрыс» деді. Чжаң Суншең тағы да Рамғанның көңілін табуға жөнелтілді. Ханшаны ұзатуға рұқсат берілді.

          Кайхуаң 17-жылы (597 ж.) Рамған Чжаң Суншеңге ханшаны күтіп алатын елшіні ілестіріп жіберді. Патша әулетінің қызына Ән'и-ханша деген есім беріліп, Рамғанға ұзатылды. Чжаң Суншең Рамғанды оңтүстікке көшу және бұрынғы үлкен орда Өтүкеннің21 оңтүстігінде мекендеуге көндіреді. Ярлуқ ашуланып, шапқыншылық жасаумен болды. Осы ахуалды бақылап тұрған Рамған барша болар-болмас ақпараттарды Суй сарайына елші жіберіп, мәлімдеп тұрды. Соның нәтижесінде, түрктер әрбір баса-көктеп кіргеннен бұрын алдын-ала қорғаныс шаралары қолданылатын.

          Кайхуаң 19-жылы (599 ж.) Рамған Чжаң Суншең арқылы Ярлуқтың шаһарларға шабуыл кезінде пайдаланатын қару жасап, Датуң22 шаһарына қарсы қолдануға әзірленіп жатқанын сарайға мәлімдеді. Алты башбуғтың қосындарына Хән бегі Яң Цзиңнің басшылығында шекарадан өтіп, Ярлуққа қарсы жорыққа шығу туралы жарлық берілді. Ярлуқ үркіп, Тардушпен одақ құрды. Олар күштерін біріктірді және Рамғанға қарсы тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы қорғанның (Ұлы Қытай қорғаны) түбінде соғысты. Осы шайқаста Рамған жеңілді. Үзеңгілес жарандары және перзенттерінің бәрі де тып-типыл өлтірілді, ел-жұрты бытырап кетті. Рамған Чжаң Суншең екеуі әрең-әрең бес атты әскермен бірге қараңғы түнде оңтүстікке қашты. Таң атқанша олар 100 шақырым алыстағы жерге қашып, жол бойында жүздеген атты әскерін жинады. Рамған: «Мен бүгін жеңілдім. Сарайға барсам – қолдарын көтерген берілуші ғана болғаным. Ұлы Суй патшасы маған нендей қошемет жол-жорамен қарсы алар? Тардуш бізге шабуыл жасап келсе де, бұрыннан бері бізбен қарама-қайшылығы және араздығы жоқ. Оған бағынсақ - аман қаламыз, жәрдеміне сүйенеміз» деп қол астындағылармен ақылдасты. Рамғанның теріс айналу ниетін аңғарып қалған Чжаң Суншең Фу'юән әскери бекінісіне жасырын адам жіберіп, қарауыл-күзет мұнараларына дереу белгі от жағуды бұйырды. Рамған төрт мұнарада бір уақытта белгі оттардың жағылғанын көріп, Чжаң Суншеңнен: «Ұлы қорғанның мұнараларында неге от жағылды?» деп сұрады. Чжаң Суншең: «Ұлы қорған биік, жер кең, қорған үстінен алыстағы келе жатқан дұшпанды көруге болады. Еліміздегі тәртіп бойынша, дұшпан аз болса, екі мұнараға от жағылады. Көп болса – үш мұнараға от жағылады. Өте көп дұшпан жақындаса – төрт мұнараға от жағылады. Кісілер бұдан жаудың өте көп болғанын және жақындағанын түсінеді» деп оны алдады. Осыны естіген соң Рамған қорқып, қол астындағы жауынгерлеріне: «Қуғыншы әскерлер жақындап қалыпты, шаһарға кіріп паналап тұрайық» деді. Фу'юән бекінісіне кірген соң, Чжаң Суншең Рамғанның мансаптысы Жышырды руластарын басқару үшін қалдырып, өзі Рамғанмен бірге керуен-сарайдың арғымақтарына мініп, сарайға жедел жетіп барды. Патша Вэнди қуанып, Чжаң Суншеңді жеңіл атты әскерлердің санғұны дәрежесіне дейін көтеріп, түрктерді қадағалау туралы арнайы жарлық шығарды. Чжаң Суншең тізе бүккен түрктерді Ярлуқтың хал-жағдайын аңдып келуге жөнелтті. Оның ордасының төңірегінде үнемі бәле-апаттың белгісі көрінгенін, түнде қызыл шапақ нұры жүздеген шақырым аралықты нұрландырғанын, Ит жұлдызы түскенін, үш күн қызыл жаңбыр жауғанын, оның шатырының ішіне ақпа жұлдыздар түсіп және найзағайдай гүрілдегенін, Ярлуқтың әр түнде «Суй әулетінің әскерлері келеді» деген сөздерді айтқан күйі шошып оянатынын білді және де осы ақпаратты патшаға мәлімдеді.

          Көп өтпей, Рамған «Илчин Бумын-қаған» деп аталды. У’ән сарайында садақтан оқ ату сайысын өткізу туралы бұйрық түсірілді. Іріктелген 12 мерген екі топқа бөлінді. Рамған: «Елші Чжаң Суншеңнің таныстыруы арқасында патшаның дидарын көре алдым. Сондықтан бүгінгі жарыста мен оның тобына кіруді қалаймын» деді. Оның талабы орындалды. Чжаң Суншеңге садақ берілді. Ол атқан алты оқтың бәрі де нысанаға тиді. Ақырында Рамғанның тобы жеңді. Осы сәтте аспанда бір топ тырна ұшып бара жатты. Патша «Сен оқ атуды жетік білесің ғой. Оларды атып түсіріп көр» деді. Атылған 10 оқтың бәрі де тиіп, тырналар жерге түсті. Сол күні барлық мапсаптыларға сый-тарту үлестірілді, ал Чжаң Суншеңге берілген сыйлықтар бәрінен де көп болды. Көп өтпей, Рамғанды орналастыру үшін Чжаң Суншең тағы да 50 мың адамды бастап, Шочжоу аймағында Дали қаласын салуға жіберілді. Ән'и-ханша қайтыс болды. Чжаң Суншең қайтадан арнайы мансаптының тамғасын алып, Ичең-ханшаны Рамғанға ұзатып апарды. Чжаң Суншең мынадай мәлімет жолдады: «Рамғанның ұлысынан бізге бағынғандар өте көп. Олар Ұлы қорғанның ішінде тұрғанымен, әлі де Ярлуқтың тұтқиыл шабуылдары және тонауларына ұшырауда. Көп азап тартып, бейбіт өмір сүре алмай отыр. Оларды У'юән23 бекінісіне көшірсек, Хуаңхэ өзенін жауып, Шачжоу мен Шеңчжоу24 аймақтарының ортасындағы өзеннің шығыс пен батыс бөліктеріне жалғасатын, солтүстік пен оңтүстік жақтарының аралығы 400 шақырымдай жерде ор қазайық. Олар осы алаптың ішінде беймарал төрт түлік малын бақсын. Осылай істелсе, олар талан-тараждан құтылып, көңілдері тыныш табады». Патша оның пікіріне қосылды.

          Кайхуаң 20-жылы (600 ж.) Дулан-қағанның ұлысында қатты дүрбелең шығып, қаған өзінің қарамағындағы ұлықтары тарапынан өлтірілді. Чжаң Суншең төмендегідей ұсыныс айтты: «Дұшпанның ішінде дүрбелең туылып, билеушісі өлтірілді. Осы кезде олардың көңілін ауласақ, бізге бағынуды құп көреді. Рамғанның қарамағындағы адамдарды жөнелтіп, бөлек-бөлек хал-жағдай сұрайық». Патша бұл ұсынысқа да қосылды. Расында да, олардың бәрі келіп, бағынатынын білдірді. Үрейленген Тардуш тағы да көптеген әскер жинады. Кезінде Чжаң Суншеңге бағынған түрктер Цинчжоу аймағындағы жорық башбұғы деңгейіндегі Цзин бегі Яң Гуаңның қосындарына тәуелді етіліп, Тардушқа қарсы жорық жасау бұйырылды. Тардуш пен Цзин бегінің қосындары соғыса кетті. Чжаң Суншең төмендегідей әдісті көрсетті: «Түрктер бұлақ суын ішкендіктен, оларды уландыру оңай». Сөйтіп, у әкелінді. Бұлақтар мен судың бастаулары уландырылды. Тардуштың адамдары және малдары уланған суды ішіп, көптеп қырылды. Таңырқаған Тардуш «Тәңір улы су шығарыпты. Бұнысы – бізді жоғалсын дегені емес пе!» деді. Олар түнде шегініп кетті. Чжаң Суншең оларды қуып, мыңнан астам адамның басын шапты. Цзин бегі Яң Гуаң риза болып, Чжаң Суншеңді үлкен ордалы шатырға шақырып, қонақасын бірге ішті. Құмары қанғанша көңіл ашты. Бір түрк мансаптысы тізе бүгуге келген-ді, оған да дастарханнан орын берілді. Оның айтуынша, Түрк қағандығының халқы башбуғ Чжаң Суншеңнен аса қорқады екен. Чжаң Суншең жөнінде «Оның оғы күн күркірегендей дыбыс шығарады екен, мінген тұлпары найзағайдай жүйрік екен» деген қиссалар таралған-мыш. Цзин бегі күліп жатып: «Санғұнның қаһар-салауаты патшалығымыздың сыртындағы жерлерге таралып, күннің күркіреуіне теңеліпті. Бұл – ерен батырлық ғой!» деді. Қосындар қайтқаннан кейін, Чжаң Суншең патша сарайының үш уәзіріне ұқсас ерекше құқық-құрметке бөленді. Сондай-ақ ол жаңадан бағынған тайпалардың көңілін табу үшін Дали қаласына қайта жіберілді.

          Жэншу 1-жылы (601 ж.) Чжаң Суншең патша сарайына хат ұсынып, төмендегіні алға қойды: «Мен түнде қаланың дуалына шығып, Гоби шөлінің солтүстігіне назар салсам, кеңдігі 100 шақырымнан артық келетін алқапта қызыл нұрлы шұғыла көрінді. Ол құдды жаңбыр тамшыларындай жерге түсті. Әскери істің дәстүрлерін мұқият қарасам, осы нұрлы шұғыла «шарапқан» дейіледі екен. Шарапқан көрінсе, ел даусыз жойылады екен. Ғұздарды жоймақшы болсақ, қазір қырып-жою керек». Сонымен Яң Су жорыққа шығатын жасақтардың қолбасшысы, Чжаң Суншең тізе бүккендерді қабылдаушы елші етіп тағайындалып, Рамғанды қорғап жүру, солтүстікке жорық жасау туралы жарлық жарияланды.

Жэншу 2-жылы (602 ж.) жасақтар Солтүстік өзеннің25 бойына барған кезде, дұшпан қолбасшысы Сал-еркін қосындарын шайқасқа бастап шықты. Чжаң Суншең және бас санғұн Ляң Мо оларды шегіндірді. Дұшпанның үлкен бөлігі тізе бүкті. Чжаң Суншең Рамғанды солтүстіктегі теле тайпаларына бөлек-бөлек елші жіберіп, оларды өзіне тартуға және ортаға жік салуға, халқын қарамағына алуға үндеді.

Жэншу 3-жылы (603 ж.) изгил, фужөр, ғұн, қошур, абу, бөке секілді 10 шақты тайпа Тардуштан бөлініп, Суй патшалығына бағынды. Тардуштың елі бытырап, батыс жаққа қашып, туйғұндарға бағынды. Чжаң Суншең Рамғанды қорғап жүріп, оны Гоби шөлінің шетіне жайғастырды. Істі бітірген соң, патшаға сәлем беру үшін астанаға келді.

Дәл осы кезде Суй патшасы Вэнди (Яң Цзян) дүние салды. Қаралы хабар жарияланбай тұрды. Суй патшасы Яңди (Яң Гуаң) Чжаң Суншеңді сарайына шақырып, оны «ішкі сарайдың күзетші қосындарының жасауылбегі» етіп тағайындап, сарай күзеті істеріне жауапты етіп қойды. Сол күні ол тағы «сол-қанат қосындарының санғұны» етіп қойылды. Яң Ши26 бүлік көтерген кезде, Чжаң Суншеңді бұрынғы мансабын қалдыра отырып, Сяңчжоу аймағының27 бегі етіп тағайындап, Сяошән тауының шығыс бөлігіндегі әскерлерді атқа қондыру және Ли Сюңмен бірге бүлікті басу туралы бұйрық түсірілді. Чжаң Суншең баласы Чжаңсун Сиңбуның бүлік шыққан жерде мансапты болғанын сылтауратып, тапсырманы жүзеге асырудан бас тартты. Суй патшасы Яңди «Сіз ұлыңыздың ісіне байланысты, менің шешімімді бұзбайсыз. Міндеттен босатуды сұрама» деді. Чжаң Суншең Сяңчжоуға аттанды. Яң Ши жеңілгеннен кейін, Чжаң Суншең қайтарылды және мансабы «күзетші-санғұн» етіп өзгертілді.

Дайе 3-жылы (607 ж.) Суй патшасы Яңди Юйлинге келіп, шекара сыртындағы жерлерді аралап, жасақтарды байқамақшы және әскери күштерді жігерлендірмекші болды. Ол Түрк елі арқылы тікелей Чжоцзюн аймағына28 барған уақытта, «Рамған шошып кетпесін» деп, патшаның мақсатын түсіндіру және ахуалды айту үшін алдымен Чжаң Суншеңді сол жерге жөнелтті. Рамған Чжаң Суншеңнің сөзіне ден қойып, өзіне тәуелді ұлыстардағы қомуқ, татаби, шерві секілді ондаған тайпаның басшыларын жинады. Чжаң Суншең шатырдың ішіндегі жабайы шөп-өсімдіктердің шырмалып жатқанын көріп, Рамғанға жұлдыру және барша тайпаларға патшаның аралау сапарын маңызды да қастерлі шаруа ретінде көрсетпекші болды. Ол шатырдың алдындағы шөптерді көрсетіп жатып: «Бұндай шөптің тамырлары өте хош иісті» деді. Рамған дереу шөпті жұлып және иіскеп көріп: «Иісі онша шықпайды ғой» деді. Чжаң Суншең «Еліміздің заң-ережелері бойынша, патша аралайтын жерлердің бектері ол тоқтаған жердің төңірегін өз қолымен бояп-сыпыру, өсімдік-шөптерді жұлу, патшаның күймесі жүріп өтетін арнайы жолды әзірлеу арқылы оған жоғары дәрежелі құрметін білдіруі керек. Қарасам, шатыр ішіндегі жабайы шөптер шырмаланып өсіпті. «Жұпар иісті шөп қалдырып қойған шығар» деп ойлаппын» деді. Рамған сонда ғана сөзді ұғып: «Мен қателесіппін. Патша менің жан-тәнімді сыйлаған. Билеуші үшін күш шығарудан бас тарту деген не іс!? Бұл тек шекаралық елдердің мемлекеттің заңдарын білместіктен ғана болған» деді. Дереу қылышын суырып алған ол шөптерді орды. Асылзадалар мен барша рубасылар жапа-тармағай оған еліктеді. Осылайша Юйлиннің солтүстік шекарасынан Рамғанның ордасына дейін, яғни шығыс жақта Цзиге29 дейін ұзындығы шамамен 3 мың шақырым, кеңдігі 100 шақты шым келетін жол жасауға бүкіл ел жұмылдырылып, патшалық жол әзірленді. Суй патшасы Яңди осы хабарға айрықша көңілі толды. Чжаң Суншең Хуайяң уәлиі етіп тағайындалды. Міндетіне кірісуінен бұрын тағы да «айбынды оң-қанат күзетшілердің санғұны» деген мансапқа тағайындалды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3-том, 817-823-беттер)

                 

1. Чжаң Суншең (长孙晟) – Солтүстік Вэй патшалығының даңқты қолбасшысы. Оқ-жебе атудың шебері.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 817 және 823-беттер)

 

2. Суй патшасы Вэнди (隋文帝) – Суй әулетінің негізін қалаушы, аты-жөні Яң Цзян. 581 ж. өз алдына дербес патша болған. Сосын Кейінгі Ляң және Чэн әулеттерін құлатып, «Солтүстік пен оңтүстік әулеттер» болып бөлінген кезеңді аяқтап, Қытайды біріктірген. 604 ж. сырқаттанып жатқан жерінде өз баласы Яң Гуаң өлтірген.

(«Суйнама» жылнамасының «Патша Яңди туралы естелік» бөлімі)

 

3. Идуг (摄图) – «Сатұқ» деп те тәржімаланады. 11-бөлімнің 3-түсініктемесін қараңыз.

 

4. Қатын (可贺敦) – ханша Цянцзин.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3291-бет)

 

5. Гао Баониң (高宝宁) – Чжоу әулетінің заманында Иңчжоу аймағының (қазіргі Ляониң өлкесінің Чжао'яң қаласы) бегі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2534-бет,

бір томдық «Цыхай» кітабы, 1626-бет)

 

6. Линюй қорғаны (临渝镇) – қазіргі Ляониң өлкесінің Шэн’яң қаласынан батыста болған ежелгі әскери бекініс.  

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының сөздігі», 1293-бет)

 

7. Ин Шоу (阴寿) – Увей деген жерден шыққан. Әуелгіде Чжоу патшасы Удидің қол астында тұрған. Кейін Суй патшасы Вэндиге қосылып, көптеген әскери қызметтер көрсеткені үшін Чжаоцзюн уәлиі деген мәртебе алған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2534-бет)

 

8. Юй Циңцзе (虞庆则) – бастапқыда Чжоу патшалығының мансаптысы еді. Сосын Суй патшалығының Пеңчең ұлығы болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2516-бет)

 

9. Қомуқтар () – ежелгі тайпа. Қытай тіліндегі жазба деректерде 库莫奚деп те жазылған. Роло өзенінің (қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районындағы Шираморун өзені) алабында өмір сүрген.

(бір томдық «Цыхай» кітабы, 1495-бет)

 

10. Әқсидтер – Хуаңшуй өзенінің (қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районындағы Шираморун өзені) солтүстік тарапын мекендеген ел, мал шаруашылығы және аңшылықпен шұғылданған. 

(бір томдық «Цыхай» кітабы, 2002-бет)

 

11. Хуаңлуң (黄龙) – ежелгі қала. Луңчең деп те аталған. Қазіргі Ляониң өлкесінің Чжао'яң ауданы.  

(бір томдық «Цыхай» кітабы, 1657-бет)

 

12. Ләнчжоу (兰州) – Суй әулетінің Кайхуаң 1-жылы (581 ж.) аймақ етіп құрылған. Орталығы қазіргі Ләнчжоу қаласына сәйкес келеді. Басқарған аумағы қазіргі Гәнсу өлкесінің Ләнчжоу қаласы және Линтао ауданын қамтыған.

 (бір томдық «Цыхай» кітабы, 282-бет)

 

13. Даши Чаңру (达奚长儒) – Суй патшасы Вэндидің заманындағы бас санғұн.

(редактор)

 

14. Ду Жуңдиң (窦荣定) – Суй патшасы Вэндидің үлкен әпкесі Анциң-ханшаға үйленген. «Әнфең ұлығы» мәртебесі берілген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2177 және 2179-беттер)

 

15. Чолуқ (处罗侯) – Ішбара-қағанның (Идуг) інісі (Чориға, Чөрөкөл, Төліш-қаған деп те аталған). Ішбара-қаған өлген соң, қағандық оның баласы Ярлуққа берілмей, Чолуққа өткен. Чолуқ Ярлуқты таққа отырғызбақшы болғанда, Ярлуқ келіспеген. Содан Чолуқ таққа отырған. Кейін шайқаста оқ тиіп қаза тапқан.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3295-бет)

 

16. Ярлуқ (雍闾) – Ішбара-қағанның баласы (кейбір жазбаларда - Өрүккөл). Тағасы Чолуқ оққа ұшып өлген соң, қаған болған. «Дулан-қаған» деп те аталған.

 (редактор)

 

17. Лю Чаң (刘昶) – Чжоу патшасы Вэндидің (Юйвен Тай) қызы Шихэ-ханшаға үйленген. Қызмет көрсеткені үшін «Пиңго уәлиі» деген мәртебе берілген. Суй әулеті Кайхуаң жылдарының ортасында баласының араласуымен патшаның бұйрығы бойынша өлтірілген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2305-бет)

 

18. Юйвен үйінің қызы (宇文氏女) – Чжоу патшасы Вэндидің (Юйвен Тай) қызы Шихэ-ханша. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2305-бет)

 

19. Бұл жерде Да'и-ханша айтылады. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3295-3296-беттер)

 

20. Бұл жерде Да'и-ханша айтылады. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3295-3296-беттер)

 

21. Өтүкен (乌度斤) – таудың аты. Қазіргі Моңғолиядағы Тамыр және Орхон өзендері бастау алатын Хангай тауының құрамдас бөлігі.

(«Батыс өңірдің жер аттары» кітабы, 72-бет)

 

22. Датуң (大同) – ежелгі қала. Суй патшылығы кезеңінде түрктерден қорғану үшін салынған. Қалдық орны қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Ойраталды хошунынан солтүстікте орналасқан.

(бір томдық «Цыхай», 623-бет)

 

23. У'юән (五原) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Хутао ауданының шығыс жағын, Чоғай тауының оңтүстігін, Боғит (Баотоу) қаласының батыс жағын, Далад пен Жоңғар хошундарын қамтыған ежелгі аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 32-бет)

 

24. Шеңчжоу (胜州) – жер көлемі қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районының Жоңғар, Далад, Икинхоло хошундарын және Дуңсиң мен Хуаңхэ өзендерінің шығыс жағасындағы Токто деген жерді қамтыған ежелгі аймақ. 

(бір томдық «Цыхай», 1508-бет)

 

25. Солтүстік өзен (北河) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районының Ханғин хошунынан Ойраталды хошунына дейін ағатын өзен.

(редактор)

 

26. Яң Ши (杨实) – Суй патшасы Вэндидің (Яң Цзян) кенже баласы. Хән бегі болған. Жэншу 4-жылы (604 ж.) бүлік көтеріп, Яң Гуаңға қарсылық көрсеткені үшін мәртебесі тартып алынды және қарапайым адам дәрежесіне түсірілді.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 440, 2471 және 2472-беттер)

 

27. Сяңчжоу аймағы (相州) – көлемі қазіргі Хэбэй өлкесінің Сиңтай мен Гуаңцзуң аудандарының оңтүстігі, Хэнән өлкесінің Линсян, Таңин, Циңфэң, Фәнсян аудандарының солтүстігі, Шәндуң өлкесінің Учэң мен Сиңсян аудандарының батыс бөліктерін қамтыған аймақ.

 (бір томдық «Цыхай», 1284-бет)

 

28. Чжоцзюн аймағы (涿郡) – жер көлемі қазіргі Бейжің қаласының қарамағындағы Туңсян мен Чаңпиң аудандарының оңтүстік-батысы, Хэбэй өлкесінің Басян ауданы және Тянцзин қаласының солтүстігі, Чжосян мен Жолу аудандарының шығыс жерлерін қамтыған аймақ.  

(бір томдық «Цыхай», 961-бет)

 

29. Цзи () – қазіргі Бейжің қаласының оңтүстік-батысындағы жердің көне аты.

(бір томдық «Цыхай», 605-бет)

 

 

24. Юй Идің ғұмырнамасы

 

Чжоу патшасы Сяомин1 таққа отырған соң, Юй И2 Вэйчжоу аймағының3 бегі болды. Юй Идің ағасы Юй Си бұрын осы жердің жұртшылығын шапағатқа бөлеп басқарды және көптеген жетістіктерге жетті. Юй И де осы жерде адал қызмет етіп, атақ-абыройға ие болды. Елді шапағатқа бөлеген және халықты жақсы басқарған оны жат халықтар мен хуасялықтар (қытайлар) ерекше құрметтеп, алаңсыз өмір сүрді. Жұрт оларды Фэң ныспылық аға-інілерге4 ұқсатты. Сол кезде туйғұндар Хэси аумағына басып кіріп, Ляңчжоу, Шәнчжоу5, Хэчжоу6 аймақтарын қоршай шабуылдады. Елші келіп барша ахуалды мәлімдеген соң, Цинчжоу тұтығы Юй Иді көмектесуге жібермекші болды. Юй И бұйрыққа бағынбады. Оның қарамағындағылары бұл іске үгіттесе, Юй И: «Туйғұндар шаһар алуға шебер емес. Олардың келуінің мақсаты – шекаралық аудандардың малдарын тонау. Олар бекіністің астына әскер шоғырландырып, ұзақ мерзім қоршап соғыспайды. Тонап-талаудың барысында олжаға жете алмаса, дереу өздері кетеді. Жасақтар жіберілгеннің өзінде де оларға жете алмайды. Мен уәжімді айқын айттым, қайталап үгіттемеңдер» деп жауап берді. Бірнеше күннен кейін сұрап еді, Юй Идің ойлағаны шынымен де дұрыс шықты. Хэ Лянсяң туйғұндарға қарсы жорыққа шыққанда, Юй И өз аймағының әскерлерімен саптың алдына шығып, дұшпанның жеріне ентелеп кірді. Соғыс барысында ерен үлес қосқан оның союрғал жерлері көбейтілді. Көп өтпей, кейін шақырылған ол «айбынды оң-бегі» етіп тағайындалды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3-том, 856-бет)

     

1. Патша Сяомин (孝闵帝) – Солтүстік Чжоу әулетінің екінші патшасы Юйвен Цюэ.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 330-бет)

 

2. Юй И (于翼) – Чжоу патшасы Вэндидің (Юйвен Тай) күйеу баласы, Пиң'юән-ханшаның күйеуі.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 856-бет)

 

3. Вэйчжоу аймағы (渭州) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Луңси, Диңси, Чжаңсян, Вэй'юән, Ушән аудандарына сәйкес келген аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 976-бет)

  

4. Фэң ныспылық аға-інілер (大小冯君) – ағасы Фэң Еваң Батыс Хән әулетінің орта тұсында Луңси уәлиі болған. Інісі Фэң Цзюн де ағасынан кейін Луңси уәлиі болған. Екеуі де шаршамай-қалжырамай қызмет істеп, бұқара халық үшін көптеген жақсы істер тындырған. Сол үшін халық аға-інілі екеуін ұрпақтан-ұрпаққа мақтап келген.

(«Хәннама» жылнамасының «Фэң Фэңсинің ғұмырнамасы» бөлімі)

 

5. Шәнчжоу (鄯州) – қазіргі Циңхай өлкесінің Синиң қаласы және Хуаңчжуң, Кэду аудандарын қамтыған ежелгі аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 455-бет)

 

6. Хэчжоу (河州) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Линся ауданын қамтыған ежелгі аймақ. Қытайша жылнамаларда Фухән (枹罕) деп те аталған.

 (бір томдық «Цыхай», 911-бет)

 

 

25. Лю Цзенің ғұмырнамасы

 

Осы кезде жоржандарға қарсы жорық жасау мәселесі талқыланды. Лю Цзе1 кең көлемді егін егу және астық жинау арқылы олардың басып кіруін күту керектігін ұсынды. Мансаптылардың бәрі де оның пікірін қолдады. Жорық жасауды ойлаған Вэй патшасы Шицзу Цуй Хаоның ұсынысына келісті. Қосындар жорыққа аттанған соң, санғұндар Лұхұн аңғарында кездесуге уәделесті. Лю Цзе өз ұсынысының қабылданбағанына күйініп, санғұндарды тізгіндемекші болды. Ол жалған жарлық шығарып, жиналудың уақытын өзгертті. Содан санғұндар өз мерзімінде келмеді. Сол сәтте жоржандар арасында тәртіпсіздіктер орын алды. Патша Цзиңму2 оларға соққы беруге әзірленіп жатқан кезде, Лю Цзе қосылмай, әскерлермен бірге Лұхұн аңғарында алты күн тұрып алды. Санғұндар тағы жиналмады, ал дұшпан алысқа қашып үлгерді. Әскерлер оларды Тас өзеніне3 дейін қуып барды, бірақ жете алмай қайтуға мәжбүр болды. Шөлдің ортасына жеткен кезде, астықтары таусылған әскерлердің көбісі қырылды. Лю Цзе астыртын адам жіберіп, қосындардың ішінде бей-берекетсіздіктер шығарды. Ол патшаны жеңіл қаруланып, жасақтарын тастап кетуге үндеді. Патша оны тыңдамады. Лю Цзе соғыс қимылдарының табысты болмауының жауапкершілігін Цуй Хаоға артпақшы болғанда, патша: «Санғұндар кешігіп келді һәм дұшпанмен кездескенде шабуыл жасамады. Санғұндар кінәлі болса, бұған Цуй Хао айыпты ма?» деді. Ұзақ өтпей, Лю Цзенің өтірік жарлық жасағаны әшкереленді. Патша өз ұлықтарымен У'юәнға қайтқан шақта, Лю Цзені тұтқындап қамап қойды.

Чаширо – кингиттік ғұздардан шыққан, ұрпақтан-ұрпаққа Кингит елінің шығыс бөлігінде мекендеген тайпаның басшысы. Әрқашан Вэй әулетіне адал болған ол патша сарайына ұлпан тапсырып келген. Янхэ жылдары (432-434 жж.) Чашироға «батыс тарапты тыныштандырушы санғұн», «алдыңғы көш билеушісі» деген атақ-мәртебелер берілді. Ол патша сарайына бармақшы болғанда, Журчи Урғу оның жолын бөгеді. Чаширо оған қарсы жорық жасады және жеңді. Журчи Урғудың ажалынан кейін, Чаширо бірнеше елші жіберіп, оның баласы Журчи Чяншу және басқа ұлықтардан хал-жағдай сұрады, оның 500 түтіннен астам руластарын астанаға4 әкетті. Қол астындағы 2 мыңнан артық кісімен Қочоға шабуыл жасады. Кингит, Шығыс қақпа секілді жеті қала басып алынды.

Янпиң 2-жылы (452 ж.) Чаширо астанаға келіп, патшамен сәлемдесті. Оған «сарай ғимаратының диуанбегі», санғұн деген мәртебелер берілді. Билеуші деген мәртебесі сақталды. Қайтыс болғанда, оған «Кагуаң билеушісі» деген атақ берілді. Жерлеу рәсімиеті Лу Лу'юәнге5 ұқсас өткізілді. Баласы Чашә оның атақ-дәрежесіне мұрагерлік етті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3-том, 913-бет)

                      

1. Лю Цзе (刘洁) – Солтүстік Вэй патшалығының маңызды мансаптысы. Патша Тай'у оны қылмыс жасағаны үшін өлтірген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 908-909-беттер)

 

2. Патша Цзиңму (景穆帝) – шахзада Тоғбат Хуаң. Солтүстік Вэй патшасы Тай'удың (Тоғбат Тао) үлкен баласы. 24 жасында қайтыс болған.

(редактор)

 

3. Тас өзені (石水) – қазіргі Моңғолиядағы Ұлан-Батор қаласының солтүстік-батыс жағындағы өзен.

(«Қытай тарихының атласы», 4-дәптер, 54-бет)

 

4. Вэй патшалығының сол кездегі астанасы Пиңчэң шаһары (қазіргі Шәнси өлкесінің Датуң қаласы) болған.

(редактор)

 

5. Лу Лу'юән (卢鲁元) - Солтүстік Вэй патшасы Тай'удің заманында өмір сүрген мансапты. Патша Тай'у оны өте құрметтеген. Ол өлгенде, патша барлық істерін тастап, сапарынан қайтқан және аза тұтқан.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 915-бет)

 

 

27. Таң Хэнің ғұмырнамасы

 

Таң Хэ (Таң Юйци) Цзинчаң1 аймағының Миң'ән ауданынан шыққан. Ляңчжоу аймағында тәртіпсіздіктер шыққандықтан, әкесі Таң Яоның шақыруымен Ляңчжоуда Учжао билеушісі2 Хуаңхэ өзенінің оң жағалауында3 дау-таласқа салынып, өз алдына дара билеуші болды. Батыс Ляң патшалығы құлаған соң, Таң Хэ және ағасы Таң Ци жиенін – Учжао билеушісінің немересі Ли Баоны алып қашып, Ивирғолды паналады. Олар 2 мың түтіннен астам адамды топтап, жоржандарға тізе бүкті. Жоржандар Таң Циді Ивирғолдың бегі етіп тағайындады.

20 жылдан кейін, Таң Хэ мен Таң Ци Солтүстік Вэй әулетіне елші жіберіп елдесті. Жоржандар ығыстырғаны себепті, олар өз қауымдастарымен Кочо еліне барды. Жоржан басшысы Ару Таң Хэге қарсы жорық жасау үшін Пучамни4 қаласына келді. Таң Хэ әуелі Гаониңға4 шабуыл жасады. Таң Ци мен Ару шайқаста қаза тапты. Таң Хэ қалған адамдарды жинап, Алдыңғы Қошқа пана іздеп барды. Сол уақытта Журчи Аргу Хэңцзе бекінісінде6 болған еді. Таң Хэ осы бекіністі жаулап, Журчи Аргуның ағасының баласы Журчи Шуды өлтірді. Сондай-ақ Гаониң мен Пучамни қалаларын алды. Вэй патшалығына елші арқылы хат жолдап, ахуалды мәлімдеді. Солтүстік Вэй патшасы Тай'у оны жиі марапаттап, сан рет жарлық түсірді. Содан соң, ол Алдыңғы Қош билеушісі Чаширомен бірлесіп Журчи Аргуны жеңіп шықты. Вэй патшасы Тай'у Чэңчжоу уәлиі Вән Дугуйды Кингитке қарсы жорыққа аттандырды. Таң Хэ және Чашироға өз әскерлерімен Вән Дугуйге қосылу, Люлудың7 шығысындағы алты шаһарды басып алу туралы бұйрық түсірілді. Бірлескен шабуылдың нәтижесінде олар Божуло8 қаласын жаулады. Одан кейін, олар Күсәнге бірге әскер жіберді. Вән Дугуй Таң Хэге Кингитті қорғауды бұйырды. Люлуды қорғаған бас қолбасшы Ичженжа опасыздық жасауға ойысып тұрған еді. Таң Хэ тікелей Люлу қаласына басып кіріп, Ичженжаны өлтірді. Осымен Батыс өңір тынышталды. Бұған Таң Хэ зор күш шығарды.

Чжеңпиң 1-жылы (451 ж.) Таң Хэ Вэй патшасының сарайына барды. Вэй патшасы Тай'у оны керемет құрметтеп, мәртебелі қонақ дәрежесінде күтті. Вэй патшасы Вэнчең Таң Хэні «өз ата-бабасының патшалығымен қайта қауышты» деп, Цзюцюән уәлиі етіп тағайындады. Тай’ән жылдары ол Цзичжоу аймағының бегі болып, мақтанарлық қызметтер жасады. Осы үшін астанада үлкен мансапқа қойылды. Ол тергеу жасағанда қатаң қинамайтын, шынайы ахуалды білу үшін күмәнді мәселелерді көп тексеретін. Халық оның осы жұмысы үшін алғыс айтып отырды. Ол өлген кезде «күнбатысқа жорық жүргізуші санғұн», патша сарайы рәсімдерінің бегі, Цзюцюән уәлиі деген атақ-мәртебелер берілді. Сондай-ақ оған Сюәнгуң деген есім берілді.  

Таң Хэнің баласы Таң Цин (Таң Меңчжэн) Шәнчжоу аймағының9 бегі еді. Мәртебесі әкімнен бекке дейін түсірілді. Ол өлгенде, баласы Таң Цзиңсюән оның атақ-мәртебесіне мұрагерлік етті. Өлген кезінде «Дуңцзюн уәлиі» болатын.

Таң Циннің баласы Таң Сюән кесімділік пен қайсарлық жағынан әкесіне ұқсайтын. Тағасы Таң Хэмен бірге Вэй патшасының сарайына қайта келіп, ғазиз меймандар санатында күтіп алынды. Оған «Цзинчжаң ұлығы» деген атақ берілді. Патша Сянвэннің заманында ол Хуачжоу аймағының бегі болды. Тайхэ 16-жылы әкімнен бек дәрежесіне дейін түсірілді. Оның баласы Таң Чуң (Таң Цзизу) әкесінің мәртебесіне мұрагерлік етті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 989-990-беттер)

                              

1. Цзинчаң (晋昌) – орталығы Миң'ән қаласы (қазіргі Гәнсу өлкесінің Әнси ауданынан оңтүстік-шығыста) болған ежелгі аймақ. Ауқымы шамамен қазіргі Гәнсу өлкесінің Әнси ауданынан Юймын қаласының батысындағы Шуле өзенінің орта ағысы және Тас өзенінің алабына дейінгі жерлерді қамтыған.

(бір томдық «Цыхай», 1829-бет)

 

2. Учжао билеушісі (武昭王) – Батыс Ляң билеушісі Ли Хао.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3314-3315-беттер)

 

3. Хуаңхэ өзенінің оң жағалауы (河右) – қазіргі Гәнсу өлкесіндегі Хэси дәлізі.

(редактор)

 

4. Пучамни (白力) – қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районының Пичан ауданы.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 75-бет)

 

5. Гаониң (高宁) – орны белгісіз ежелгі жер аты.

(редактор)

 

6. Хэңцзе бекінісі (横截城) – орны белгісіз ежелгі бекініс.

(редактор)

 

7. Люлу (柳驴) – орны беймәлім ежелгі жер аты.

(редактор)

 

8. Божуло (波居罗) – орны белгісіз ежелгі қала.

(редактор)

 

9. Шәнчжоу аймағы (陕州) – қазіргі Хэнән өлкесінің Сәнмэнся қаласын, Шәнсян, Лониң, Мәнци, Лиңбао аудандарын және Шәнси өлкесінің Пиңлу, Жуйчэң, Юнчэң аудандарының солтүстік-шығыс бөлігін қамтыған ежелгі аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 434-бет)

 

 

28. Лу Ци және Хэ Юәннің ғұмырнамасы

 

Лу Ци Хуайхуаң бекінісінің санғұны етіп көтерілді және міндетінің мерзімі аяқталмай-ақ қаңлы ұлықтары оны «Талаптары аса жоғары һәм қатаң екен» деп шағымданды. Олар оның орнына бұрынғы басқақ-санғұн Лаң Гуды қоюды талап етті. Вэй патшасы Тай'у олардың талабын қабылдап, Лу Циді сарайға шақыртты. Лу Ци: «Лаң Гу бір жыл да болмай, міндетті түрде жеңіледі. Қаңлылар сөзсіз бүлік көтереді» деді. Бұл сөзін шындыққа жанаспайды деп қараған патша оны айыптап, қызметтен босатты және еліне қайтарды. Келесі жылы, ол айтқандай, әлгі ұлықтар Лаң Гуды өлтіріп, бүлік шығарды. Бұдан хабардар болған патша Тай'у таңданып, Лу Циді шақыртты һәм себебін сұрады. Лу Ци: «Қаңлылар үлкенінен кішкентайына дейін салт-дәстүр дегенді білмейді. Әдеп-ережеден ада болған халықты бақылауда ұстау қиын. Мен оларды билік-күш пен қатаң талапқа жүгініп басқардым, заңдар арқылы тізгіндедім. Бірте-бірте тәрбиелеп-жетектеп, оларға өз орнын және әрекеттердің тәртіп-ережелерін таныттым. Алайда, пасық әрекеттер көбейгені себепті, мені «Бізге жақсылық жасамады» деп арызданып, Лаң Гуды жақсы деп мақтады. Лаң Гу қайтадан қызметіне араласқан соң, жақсы атаққа жетіп, көңілі тоқ болып, бұқара халыққа ілтипат көрсетті. «Мені кетірді» деп масқара қылды. Оларға кеңшілік жасады және пайдаларына жарады. Әдеп-ережелерді білмейтін кісілерде менмендік пен такаппарлық оңай туылады. Бір жыл өтпей-ақ жоғары-төменнің арасындағы айырмашылық қалмайды. Жоғары-төменнің айырмашылығы қалмаған соң, бұндай ахуалда билікті күшпен қалпына келтіру жолымен өзгертуге тура келеді. Осылай жасағанда, адамдарда наразылық пен өшпендік пайда болады. Наразылық пен өшпендік күшейсе, бүлік шығатыны сөзсіз» деді. Патша Тай'у: «Өзің осынша арық та нәзік екенсің, соншама алысты ойлағаның ғажап екен!» деп қайран болды және сол күні-ақ оны қайтадан сарай кеңесшісі етіп тағайындады.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1007-1008-беттер)

 

Осы кезде жоржандар тағы да шекараның мазасын кетірді. Патша Лу Цидің немересі Лу Жуйға олардың сазайын беруді бұйырды. Лу Жуй қуғындап Гоби шөліне жеткен кезде, жоржан басшысы Чиатуды жүздеген адамдарымен қоса қолға түсірді. Қайтқаннан кейін патша оған «сарай кеңесшісі» мансабын берді һәм «диуанбегінің сол-қол жәрдемшісі» етіп өсіріп, солтүстік істерді басқаруға қойды.

Тайхэ 16-жылы (492 ж.) ол бес дәрежелі мәртебе төмендетілді. Әкесі Лу Ли бұрынғы патшаның заманында сарайға зор қызмет көрсеткені үшін Лу Жуй Цзюйлу1 уәлиі етіп тағайындалды. Көп өтпей, ол тағы «солтүстікті тыныштандырушы санғұн», мырза-бегі, қорғаныс-санғұны болып, жоржандарға қарсы әскер бастап, оларды күйретіп қайтты. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1020-бет)

 

          Вэй патшасы Тай'у Ляңчжоуға қарсы жорық жасаған уақытта, Хэ Юәнді жол бастаушы етіп қойды. Патша Хэ Юәннен Ляңчжоуға шабуыл жасаудың амалын сұрады. Хэ Юән: «Гуцзаң қаласының сыртында оны сүйейтін төрт сянби тайпасы бар. Олардың бәрі атамның дос-жарандары. Мен қосындардың алдында жүріп, мемлекеттің айбыны мен абыройын үгіттесем, олар міндетті түрде бірінен соң бірі елдесуге келеді. Гуцзаңның қорғаушылары бізге қосылса, жалғызсыраған қаланы алуымыз оңайға түседі» деді. Патша «Болады!» деп, Хэ Юәнді көңіл аулауға және хал-жағдай сұрауға жіберді. 30 мың түтіннен астам адам қосылды. Сыртқы жәрдемнен маһрұм болған Гуцзаңға барлық күшпен шабуылдаудың мүмкіндігі туылды. Ляңчжоу аймағы қосып алынған соң, ол Шипиң әкімі етіп көтерілді. Ол тағы да патшаға ілесіп, жоржандарға қарсы жорыққа шықты, Учэң2 мен Туцзиң3 ғұздарын шабуылдады. Гай У бастаған қарақшыларды жазалауда көрсеткен ерен еңбегі үшін ол «сарай кеңесшісі» етіп тағайындалды.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1023-бет)

 

          Кейін Хэ Юән бас қолбасшыға дейін көтерілді. Жоржандар шекарада лаң салған кезде, ол патшамен бірге жорыққа аттанды және жоржандарды жеңіп шықты. Вэй патшасы Сянвэн тақты Кинжаб бегі Тоғбат Цзытуйға4 беретін (билеуші етіп бекітетін) уақытта, Хэ Юән әскерлерімен Гоби шөлінің оңтүстігінде тұрған-ды. Патша пошта жолымен адам жіберіп, Хэ Юәнді арнайы шақыртты. Ол сарайға жетіп келіп, үзілді-кесілді ұстаныммен «Олай жасауға болмайды» деп қатты тұрып алды. Патша Сянвэн дереу жарлық түсіріп, Хэ Юәнді елші ретінде патшаның тамғасы мен белбеуін Сяовэнге апарып беру үшін жөнелтті. Сол жылы Хуаңхэ өзенінің батыс жағындағы телелер опасыздық жасады. Патша Сяовэн Хэ Юәнге телелердің жазасын беруді бұйырды. Ол телелердің басым бөлігін жеңді және бағындырды.         

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1025-бет)

 

          Чжеңси 1-жылы (504 ж.) 9-айда 120 мың жоржан атты әскерлері алты бағытта бірдей қозғалды. «Олар тікелей Войе және Хуайсо бекіністерін алып, оңтүстіктегі Феңчжоу мен Дайцзюн аймақтарына басып кірмекші» деген хабар жетті. Патша Хэ Юәннің кенже баласы Хэ Хуайға бұрынғы мансабын сақтаған халде тағы да «жарлықшы» және «шағауыл» (елшілерді жеткізіп салушы) мансаптарын беріп, солтүстікте өзіне тәуелді тайпаларға сүйеніп, дұшпанға қарсы шабуылдың стратегиясы мен шараларын жүргізу, қажетіне қарай қимылдау, барша әрекеттерді жақсы қолдануды бұйырды. Патша сарайда кешкі күзетте жүрген Хэ Хуайдың баласы Хэ Чжеңге әкесімен бірге солтүстік жорыққа аттануды бұйырды. Патша Хэ Хуайға сәйгүлік, сауыт, найза сыйлады. Хэ Хуай осы бұйымдарды шексіз алғыспен алған соң, сарай ішінде атқа мініп, қолына найза алып, аттан салып ұрандатты. Қонақтарға қарап: «Менің күшім кеткенмен, әлі де қауқарым бар. Жоржандар қауқарлы жастардан қорқады, кәрілерді менсінбейді. Алайда, мені жәбірлей алмайды. Сарайдың міндетті түрде жеңу керек деген тапсырмасын қабылдадым. Батыл жауынгерлерді өзім бастап, жоржандардың басшыларын тұтқындап, сарайға жетектеп табыстаймын» деді. Сол кезде Хэ Хуай 61 жаста болатын. Ол Юнчжуңға жеткен мезетте жоржандар қашып үлгерді. Ол Хеңчжоу мен Дайцзюн аудандарына қайта барып, әскерлер тұратын маңызды жерлерде бекіністер салып, қорғануға болатын жерлерді аралап, олардың биік-төмендігін, ой-шұңқырлығын өлшеді. Азық-түлік пен қару-жарақ сақтайтын жерлер іріктелді. Ол алға жылжуда және кері шегінуде өзара қорғанатын жерлерді көрді. Сонымен бірге қолданбақшы болған 58 шараны патшаға мәлімдеді. Вэй патшасы Сюән'у оның пікіріне толық қосылды. Хэ Хуай өлген кезде, «Сыту ұлығы» деген мәртебе және «Хой» деген атақ берілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1029-бет)

 

1. Цзюйлу (钜鹿) – қазіргі Хэбэй өлкесіндегі Хуто өзенінің оңтүстігін, Пиңсяң ауданының солтүстігін, Босяң ауданының шығысын және Синхэ ауданының батыс бөлігін қамтыған ежелгі аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 167-бет)

 

2. Учэң (五城) – қазіргі Шәнси өлкесінің оңтүстік-батыс бөлігінде болған ежелгі аймақ.

(редактор)

 

3. Туцзиң (吐京) – қазіргі Шәнси өлкесінің солтүстік-батыс бөлігіне сәйкес болған ежелгі аймақ.

(редактор)

 

4. Кинжаб бегі Тоғбат Цзытуй (京兆王子推) – патша Цзиңмудің үшінші баласы, патша Сянвэннің тағасы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 632-бет)

 

 

29. Сыма Чучжының ғұмырнамасы

 

          Вэй патшасы Тай'у жоржандарға қарсы әскер тартқанда, «оңтүстік жерлерді бағындырушы санғұн» Сыма Чучжы1 және Цзян ұлығы Лу Чжуңшән үлкен жасақтарға астық пен жем-шөп жеткізу ісіне жауапты болды. Сол мезетте «солтүстікті тыныштандырушы санғұн» Фэң Та жоржандарға қашып барып, оларды Сыма Чучжыға шабуыл жасауға һәм Солтүстік Вэй патшалығының астық тасымалдау жолын үзуге шақырған-ды. Жоржандар Сыма Чучжының әскерлерінің ахуалын барлау үшін адам жіберді. Барған адам Сыма Чучжы қосындарының астығын тасыған есектің бір құлағын кесіп әкелді. «Сыма Чучжы қосындарындағы есектің құлағы жоғалып кетті» деген мәлімет келді. Сыма Чучжы: «Дұшпанның тыңшылары дәлел ретінде кесіп әкеткен екен. Жаулар кешікпей жетіп келеді» деді. Кесілген һәм үстіне су құйып мұздатылған ағаштардан бекініс салынды. Бекініс салынып болған кезде, дұшпандар жетіп келді. Алайда, бекініске қарсы ешнәрсе жасай алмай, бытырап кетті. Осы хабарды есіткен патша Тай'у оны марапаттады.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1043-бет)

  

1. Сыма Чучжы (司马处之) - Солтүстік Вэй патшасы Тай'удің қарамағындағы қолбасшы. «Батысты тыныштандырушы санғұн» және Сочжоу аймағының бегі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1042-1043-беттер)

 

 

33. Ли Шуннің ғұмырнамасы

 

          Ли Шун (Ли Децзиң) – Цзюлу ұлығы Ли Лиңнің тағасының інісі. Ли Шуннің атасы Ли Сы Мурун Чуйдың1 қарамағындағы атты әскерлер қолбасшысы, Дуңу қаласының әкімі болған-ды. Вэй патшасы Дао’у Орталық жазықты тыныштандырған соң, оны Пиңцзи ауданының әкімі етіп қойған. Өлген уақытта оған «Чжаоцзюн уәлиі», «Пиңцзи ері»2 деген атақтар берілген.

          Ли Шун заң-ережелерді көп оқыған парасатты кісі болатын. Шэнжуй жылдары (414-416 жж.) «заң жинақтарының ғұламасы» етіп тағайындалды. Кейін, диуанбегі етіп өсірілді. Патшаның жоржандарға қарсы жорығына қатысты. Жоспарлау және кеңес беру шеберлігі үшін оған «Пиңцзи әкімі»3 деген атақ берілді. Вэй патшасы Тай'у Құлан Чанға қарсы жорық жасаған кезде, «Бұрын мен солтүстікке жорық жасаған шақта, Ли Шуннің бірнеше істе көрсеткен шарасы жалпы стратегияға және үлкен жоспарға сәйкес болып шықты. Қазір оны алдыңғы шеп жасақтарына басшылық етсін деймін. Не дейсің?» деп Цуй Хаодан сұрады. Цуй Хао: «Өзіңіз айтқандай, Ли Шун нағыз ақылды да парасатты және жан-жақты ойлайтын адам. Алайда, мен онымен құда болғандықтан, оның мінезін өте жақсы білемін. Ол байсалды болса да, істі жайына қарай тындырмайды. Сондықтан оны бірер арнайы қызметке жауапты етуге болмайды» деп жауап берді. Патша осымен тоқтап қалды. Цуй Хаоның інісі Ли Шуннің қарындасына үйленген, інісінің баласы Ли Шуннің қызына үйленген еді. Цуй Хао Ли Шунмен құда болғанмен, оны менсінбейтін. Ли Шун де оны жақтырмайтын. Сондықтан бір-бірін көре алмайтын. Цуй Хао осы себепті оны жамандаған еді. Туңвән деген жерге жеткен ірі жасақтар Құлан Чанның қосындарын жеңіліске ұшыратты. Ли Шун кеңес-ұсыныстар берді, ең көп қызмет көрсетті. Одан соң Туңвән қаласына шабуыл жасалды. Құлан Чан алға шығып соғысты. Ли Шун оның сол-қанат қосындарын күйретті. Туңвән қаласын алғаннан кейін, патша Тай'у қолбасшыларына маржан-жақұт секілді нәрселерді сый-тарту етті. Ли Шун алғысы келмей тұрып алды, тек мыңдаған бөлімнен тұратын кітапты ғана алды. Патша оны мақтап, «әтектердің басшысы» етіп дәрежесін көтерді. Патшаға ілескен Ли Шун Пиңляңда Құлан Диңге4 соққы берді. Үш Цин5 тыныштандырылған соң, мәртебесі бек деңгейіне, ал міндеті «Чаһар диуанбегі» деңгейіне дейін көтеріліп, патшаның төтенше назарына ілінді.

          Журчи Монсун Хуаңхэ өзенінің батыс тарапындағы жерлерімен қоса Солтүстік Вэй патшалығына бағынған сәтте, патша елші іріктемекші болды. Цуй Хао: «Бұйрыққа сәйкес барып, хал-жағдай сұрау және қолдап-желеу үшін моральдық қасиеті жақсы уәзірді жіберу керек. Диуанбегі Ли Шун бұл іске лайықты адам» деді. Патша: «Ли Шун – патшаның әмірін атқаратын уәзір. Сондықтан елші ретінде баруы дұрыс болмас. Егер Журчи Монсун өзі жақұт тасы мен шайы (жібек) мата әкелсе, мен қандай қатынас жасасам болады?» деп сұрады. Цуй Хао: «У еліне елші болып барған Сиң Чжэн Вэй елінің рәсімиет-бегі6 еді. Егер осы шаруа ұқсас болса, мансабының үлкен болғанына қарамау қажет» деді. Патша Цуй Хаоның пікіріне қосылып, Ли Шунді рәсімиет-бегі етіп қойды. Журчи Монсунды ұстаз-бегі және Ляңчжоу уәлиі етіп тағайындау туралы жарлық түсірілді. Ли Шун елші міндетін атқарып келгеннен кейін, «рұқсат құжаттарды ұстаушы», «төрт аймақтың7 әскери істерін қадағалаушы», «Чаң’ән шаһарын қорғаушы бас санғұн», «батысты тыныштандырушы санғұн» етіп тағайындалып, патша сарайының мансаптысы деңгейінен игіліктенетін болды және Гаопиң ұлығы етіп өсірілді. Көп өтпей, «Чаһар-диуанбегі» лауазымына тағайындалды. Оған «сарай кеңесшісі» деген мансап берілді.

          Янхэнің8 алғашқы жылдары Ли Шун Ляңчжоуға елші болып барды. Журчи Монсун «Ауырып қалдым» деп, орнынан тұру ойы жоқ, дастарханның бір жағына екі аяғын созып отырып, әдепсіздік көрсетті. Ли Шун сесті дауыспен: «Мына кәрі өте әдепсіз екен ғой!» деп тәмтәкті көтерген халде шығып кетті. Журчи Монсунның бұйрығымен ортаншы нөкер Яң Диңгуй соңынан жүгіре шығып: «Бегім, Журчи Монсун ордада тізерлеп тағзым жасамаса да болады» деген бұйрық бар деп өзіңіз айтқан едіңіз. Соған Журчи Монсун осылай жасауды қате деп санамады. Егер Сіз сәлем беріп, тізерлеп тағзым етсең де патшаның жарлығына бағынбадың десеңіз, біз бұған тәубе қылайық» деді. Ли Шун қайта кіріп: «Ци бегі Хуән-гуң9 бектермен сан рет одақтасу шартын түзіп, әлемді түзеген. Чжоу билеушісі10 оған аруақтарға атап ас беретін етті сыйлаған, оны таға11 деп атап, тізе бүктеп иілу ережесін кешірген. Алайда, Ци бегі Хуән-гуң әлі де арт жағына жүріп, тізерлеп тағзым еткен соң ғана сый-тарту қабылдаған. Қазір Солтүстік Вэй патшасының сарайы Сізге тізерлеп тағзым жасама деп бұйрық бермеді. Сіздің тәкаппарланып кеткеніңіз – Сізді бәлеге тығатын жол» деді. Журчи Монсун осыны ести сала тізе бүгіп, тиісті салт-дәстүрлерді орындады.

          Ли Шун сарайға қайтты. Патша Журчи Монсунның не айтқанын және өз елін қалай басқаратынын сұрады. Ли Шун: «Журчи Монсун Хуаңхэ өзенінің батыс тарапын 30 жылдай жеке-дара билеп-төстеді. Басынан көптеген жәбір-жапаларды кешіріп, жағдайына қарай шара қолдануды іле-шала біліп қалды. Ол сән-салтанатын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра алмаса да, қазірше сақтап қалуы мүмкін. Алайда, ол алдыңғы жылы «Дармаракчаны12 әкелемін» деген кезде, күтіп алу үшін алдына шығу уәдесінен тайды, айтқан сөзінде тұрмайтын адам екендігін көрсетті. Менің байқауымша, енді тұрақты бола алмайды» деді. Патша: «Осыған қарағанда, оның билігі ұзаққа созылмайды. Кейінгі ұрпаққа қалса да, бәрібір күл-талқаны шығады екен» деді. Ли Шун: «Оның баласын біршама білемін. Ол қабілетті кісілерден емес. Естуімше, Дунхуаң уәлиі Журчи Мұқанның «қанат-құйрығы» (ұрпақтары) алғашқы қадамынан жетіліпті (бұғанасы бірден қатайыпты). Журчи Монсунның билігі мұрагерлікке қалатын болса, соған мұраға қалуы әбден мүмкін. Дегенмен, жұрт оның өз әкесіне жете алмайтынын айтады. Бұл – Тәңірдің сізге оң көзімен қарағаны болса керек» деді. Патша: «Мен күншығысты енді ғана билеп жатырмын, күнбатысқа қарауға мұршам жоқ. Сіз айтқаныңыздай болса, төрт-бес жылдан кейін де кеш болмайды» деді. Журчи Монсунның өлімі туралы қаралы хабар жете сала патша Ли Шунге: «Журчи Монсунды өледі деп едіңіз, шынымен айтқаныңыздай болды. Сондай-ақ оның орнына Журчи Мұқан мұрагер болады дегенсіз. Бұл да дұрыс шықты. Ляңчжоуды басып алуыма да көп уақыт кетпейді екен» деді. Сонымен патша Ли Шунге 1 мың бума дүрдін-мата және бір тұлпарды сыйға тартты, оны одан әрі құрметтейтін болды. Оның қатысуынсыз ешбір үлкен-кіші шаруа жасалмайтын болды. Цуй Хао оны қызғанды.

          Ли Шун Ляңчжоуға жалпы саны 12 рет елші болып барды. Патша Тай'у оны «Дарынды екен» деп мақтады. Журчи Монсун Ли Шунмен сан рет саяхат пен қонақасында бірге болды. Ол әрдайым опасыз сатқындардай әңгімелер айтатын. Ли Шуннің әшкерелеуінен қорқып, оған теңге-моншақ берді. Сол себепті, Журчи Монсунның опасыз қылмыстарын патша сарайы білмеді. Батыс өңірдің монахы Дармаракча құмалақ ашып сырқат табуды, жұлдызға қарап бал ашуды білетін. Ол Ляңчжоуда отырықтанған еді. Патша оны тұтқындап, Солтүстік Вэй патшалығына әкелу туралы жарлық түсірді. Ли Шун Журчи Монсуннан пара алып, Дармаракчаны өлтіртті. Осы істі біліп қойған Цуй Хао патшаға құпия түрде хабар жеткізген-ді. Патша сенбеді.

Тай’ән 3-жылы (437 ж.) Ли Шун Ляңчжоуға тағы бір рет елші болып барды. Қайта оралғаннан кейін патша Хуаңхэ өзенінің батыс тарапындағы жерлерді қалай тыныштандыру (басып алу) керектігін сұрады. Ли Шун: «Халық ұзақ уақыт азап шекті. Елді тағы да соғысқа салуға болмайды» деп қарады. Патша оның пікірін қабылдады.

Тай’ән 5-жылы (439 ж.) Ляңчжоуға әскер аттандыру туралы пікірталас болғанда, Ли Шун Ляңчжоуда шөп пен сулары кем алыс жерге жорыққа шығуға болмайды деп санады. Цуй Хао: «Жорық жасауға болады» деп тұрып алды. Патша Цуй Хаоның пікірін жақтады. Ірі қосындар Гуцзаң қаласына жақындаған кезде, шөп-сулар мол болып шықты. Патша мұрагері Цзиңмуға жазған хатында Ли Шунге көп кейіді. Кейін Цуй Хаоға: «Сіз бұрын айтқан сөздеріңіз енді расталды» деді. Ляңчжоу алынғаннан кейін, патша Ли Шуннің Журчи Монсуннан пара алып, Дармаракчаны өлтіруге жол бергенін естіп, оған одан бетер наразы болды. Алайда, бұрын жақсы көрген адамы болғандықтан, оны жазаламады. Сондай-ақ оған Ляңчжоу мансаптыларының қызметіне қарай дәрежеге бөлу және мәртебе үлестіруді тапсырды. Ли Шун мансаптыларға өзіне берген параларының мөлшеріне қарай атақ-мәртебе берді. Осыған байланысты, мансаптылар арасындағы дәрежелер жүйесінде әділетсіздіктер туылды. Ляңчжоулық Шу Цзе осы істі паш етіп әшкереледі. Цуй Хао тағы да Ли Шунді жамандады. Патша қатты ашуланып, Гуцзаң қаласының батыс жағында оны мерт қылды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1212 және 1214-беттер)   

                                                                  

1. Мурун Чуй (慕容垂) – Кейінгі Ян патшалығының негізін құрушы, 384-396 жж. кезеңінде тақта отырған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы)   

 

2. Ер () – ежелгі бес деңгейлі атақ-мәртебенің ең төменгі дәрежесі.

(бір томдық «Цыхай» кітабы, 1673-бет)

 

3. Әкім () – ежелгі бес деңгейлі атақ-мәртебенің төртінші дәрежесі.

(бір томдық «Цыхай», 1117-бет)

 

4. Құлан Диң (赫连定) – ғұндардың ұрпағы. Құлан-бабаның бесінші ұлы, Құлан Чаңның інісі. Ся әулетінің соңғы патшасы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3066-бет)

 

5. Үш Цин (三秦) – Цин патшалығы құлағаннан кейін, Сяң Юй бұрынғы Цин әулетіне тәуелді Гуаңчжуң аумағын үш бөлікке бөліп, қарамағындағы үш қолбасшысына союрғал жер етіп берген. Содан бастап, Гуаңчжуң аумағы «Үш Цин» деп аталған.

(бір томдық «Цыхай», 16-бет)

 

6. Рәсімиет-бегі (太常) – салт-дәстүр, ас беру істерін басқаратын және патшаның отбасы мүшелерінің қабірлеріне қарайтын мансапты.

(бір томдық «Цыхай», 640-бет)

 

7. Төрт аймақ (四州) – Цинчжоу, Ляңчжоу, Юңчжоу, Ичжоу аймақтары.

(редактор)

 

8. Янхэ (延和) – Вэй патшасы Тай'удің 432-434 жж. кезеңінде қолданған жыл атауы.

(«Қытайдың тарихи жылнамасы»)

 

9. Ци бегі Хуән-гуң (齐桓公) – «Бейбіт кезеңдегі» Ци елінің бегі, аты-жөні Чжао Сяобай. Ағасы аса залым ұлық болғандықтан, ол Лу еліне қашқан. Ағасы өлтірілгеннен кейін бек болып қайта келген және Гуәнчжуңның бас уәзірі етіп тағайындалған. Чжоу еліне ықылас көрсетіп, жат тайпаларға қарсы жорықтар жасаған. Ци елін нығайтып, өз заманының басшысы болған. 

(«Тарихи естеліктер» жылнамасының «Ци бегі Тайгуңның ғұмырнамасы» бөлімі)

 

10. Бұл жерде «Чжоу билеушісі» Хуән-ваң (Цзи Лин) нұсқалуда. Цзи Лин б.з.д. 716-696 жж. кезеңінде билік еткен.

 («Тарихи естеліктер» жылнамасының «Чжоу билеушісінің ғұмырнамасы» бөлімі)

 

11. Ци елінің ата-бегі Лу Сяң Чжоу билеушісі У-ваңның қайын атасы болатын. Сондықтан Чжоу патшасы Хуән-ваң Ци бегі Хуән-гуңды «таға» деп атайтын.

(«Тарихи естеліктер» жылнамасының «Ци бектерінің ғұмырнамасы» бөлімі)

   

12. Дармаракча (昙无谶) – Цин әулетінің заманында өмір сүрген, Батыс өңірден келген монах. Ол Дунхуаңға барып, Солтүстік Ляң әулетінің билеушісі Журчи Монсунмен танысқан. Сол жерде қытай тілін үйреніп, будда дінінің 117 көне қолжазбаларын қытай тіліне аударған. Солтүстік Вэй патшасы Тай'у ол жөнінде естіп, Журчи Монсуннан оны сұраған. Журчи Монсун оны бергісі келмей, өлтірткен.     

(«Вэйнама» жылнамасы)

 

 

34. Гао Лудың ғұмырнамасы

 

Вэй патшасы Сяовэн1 Гао Луға жоржандардың хал-жағдайын сұрайтын хат жазуды бұйырды. Сол кезде жоржандар аза тұтып жатқан еді. Алайда, Гао Лу жазған хатта қаралы іс көрсетілмеген-ді. Патша: «Сіздің міндетіңіз – хатшы болу. Жоржандардың аза тұтуы ауызға алынбапты. Егер осы істі біле тұра жазбасаңыз – күнәңіз өте анық. Егер бұны ойлап, қаперіңізге алмасаңыз – қызметтен кетуіңіз керек» деді. Гао Лу: «Жоржандардың марқұм қағаны жуас та абыройлы кісі еді. Ол бізбен құда болды. Оның баласы шекарамызға көп рет шабуыл жасады. Меніңше, оған аза білдіру қажет емес» деді. Патша: «Әкесін құрметтесе, баласы қуанады. Билеушісін құрметтесе, уәзірлері қуанады дейді ғой. Оған аза білдірудің қажеті жоқ дегеніңіз не сөз?» деп сұрады. Гао Лу қалпағын алып, қателігі үшін кешірім сұрайтынын білдірді. Патша: «Жоржан елшісі Муты кішіпейіл, ізетті де құрметті адам екен. Оның үзеңгілестері оны тым жуас деп қызғанады. Солтүстіктегі еліне оралған соң қараланауы (қудалануы) мүмкін ғой? Бұрын Лю Чжунның2 елшісі Ин Лиңдан елшілікте жүргенде, қол астындағыларын әдепсіз істерден тосқан, бірақ еліне оралғанда жала жабылып өлтірілген. Сіз хатта Мутының өз мемлекетіне адал екендігін айтып, жоржан қағанын бұл жөнінде құлақтандырып қойыңыз» деді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1258-бет)

 

Чжаң Чжән (Чжаң Цзыжен, Чжаң Чуңсюән) Дунхуаң аймағының Юәнчуән3 ауданынан шыққан. Вэй патшалығының шоқпаршысы4 Чжаң Гуңның тоғызыншы ұрпағы, Хуаңхэ өзенінің батыс тарапындағы атақты отбасыдан шыққан. Оның атасы Чжаң Цзи Ляңчжоуда мансапты, Цзинчэң уәлиі болған. Оның әкесі Чжаң Сян алысты көре білетін адам еді. Батыс Ляң билеушісі Учжао Ся патшалығын жаулап алған соң, оны көтермелеп, «үлес сақтаушы-бегі етіп қойған һәм оны «Менің Цзаң Цзыюәнім»5 деп мақтаған. Ол Цзюцюән уәлиі етіп бекітілген.

Чжаң Чжән 20 жасында Ляңчжоуда даңқы шыққан. Ол үйренуге құмар, асқақ та кемелді адам еді. Ол Журчи Монсунның қасындағы әскери мекеменің диуанбегі6 қызметін атқарған. Ляңчжоу тыныштандырылған (басып алынған) соң, «алысты тыныштандырушы санғұн» лауазымына дейін өсірілген, Нәнпу уәлиі деген атақ-мәртебе берілген. Бас уәзір Цуй Хао онымен танысты һәм оған әдеппен құрмет көрсетті. Цуй Хао «Ицзиң»7 (Бал ашу кітабы) кітабына жазған түсініктемесінде «Дунхуаңдағы Чжаң Чжән, Цзинчэңдегі Цзуң Цин, Увэйдегі Дуән Чеңгэн үшеуі – ғалымдар және ғажайып дарындылар, Шичжоуда мақтауға тұратын кісілер» деп көрсеткен. 

Чжаң Чжәннің ағасы Чжаң Сян (Чжаң Хуай’и) жуас, кіршіксіз пәк және қабілетті адам еді. Журчи Монсунның тұсында мансап алған және Цзянчаң ауданының әкімі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1266-бет)  

 

          Дуән Чеңгэн Увэй аймағының Гуцзаң қаласында туылған, өзін Хән әулетінің соңғы бас қолбасшысы Дуән Иңнің тоғызыншы ұрпағы деп атайды. Атасы Дуән Хой (Дуән Чаңцзу) бойы сегіз циден асатын адам еді. Ол Оу’яң Таңды ұстаз көрген. Ал Оу’яң Таң оны құрметтейтін және асырайтын. Дуән Хоймен бірге Оу’яң Таңның қолында оқитын бір бала бар еді. Екі жыл өтіп, бала қайтатын шағында Дуән Хойден бір арғымақ сұрады. Дуән Хой әзіл ретінде оған бір ағаш ат жасап берді. Риза болған бала Дуән Хойге: «Мен Тайшән әулиесінің баласымын, атамның бұйрығы бойынша осында оқуға келгенмін. Қайтатын кезде сен өзіңнің нәрсеңді маған сыйладың. Бұл жақсылығыңды немен жауап қайтарсам болар? Кейін сен бек боласың. Бұл менің қайтаратын жақсылығым емес, достығымыздың белгі-нышаны болсын» деді. Ол арғымаққа мініп, аспанға көтерілді. Дуән Хой бұдан өзінің міндетті түрде дәулетті болатынын білді. Ол Қиббу Чипанның8 қасында «елді тіреуші бас санғұн», Ляңчжоу аймағының бегі, бас тергеуші-бегі, Шихай уәлиі және басқа да мансаптарды атқарды. Қиббу Чипанның баласы Қиббу Мумо таққа мұрагерлік еткен соң, мемлекет істері бұзылды. Дуән Хой өз баласымен бірге туйғұндарға қашты. Мугуй9 Солтүстік Вэй патшалығына тізе бүкті. Дуән Хой мен Дуән Чеңгэн Солтүстік Вэй патшалығына қайтты. Вэй патшасы Тай'у Чаң'ән қаласына барғанда, біреулер «Дуән Хой оңтүстікке қашпақшы. Ол ер-тоқым көрпешесінің астына алтын тығып қойыпты» деген хабар жеткізді. Патша жасырын адам жіберіп тексерсе, шынымен солай болып шықты. Сонымен Дуән Хойге өлім жазасы кесілді. Мәйіті бірнеше күн көмілмей, көше аралатып масқараланды. Лин Байну атты кинжабтық бір оқушы Дуән Хойдің мінез-құлқы мен адамгершілігіне ықылас беретін. Ол түнде мәйітті ұрлап, кеуіп кеткен құдыққа жасырып қойды. Дуән Хойдің қызы Дунхуаң аймағындағы Чжаң отбасының келіні еді. Хабардар болған ол Чаң’әнға келді және мәйітті жөн-жөнімен жерледі.

          Дуән Чеңгэн үйренуге құштар, заңгер, мақала жазуға қабілетті болатын. Алайда істеген істерінің басы бар, аяғы жоқ еді. Бас уәзір Цуй Хао оны жарамды деп санап, Шу аймағындағы Ин Чжуңдаға қосты. Цуй Хао оларға «Ляңчжоу аймағының қолдарынан жазу-сызу келетін ең асыл ғұламалары» деп қарап, патша Тай'удің бітікші-бектері10 етіп, өзімен бірге жұмыс істеуге тартты. Жұрт Дуән Чеңгэннің үлкен әдеби дарынын мойындаса да, қылықтарын жақтырмайтын. Дегенмен, ол Дунхуаң ұлығы Ли Баоның көзіне түсті. Цуй Хао өлтірілген соң, Дуән Чеңгэн мен Цзуң Цин де бірге өлтірілді.

          Цзуң Цин (Цзуң Цзиңжо) – цзинчэңдік. Жас кезінде үйренуге құштар, мінезі иманды еді. Журчи Монсунның тұсында жарғышы мансабында жүрген, тақ мұрагерінің жарғышы-бегі болған. «Шығыс сарайдың қызметшілеріне естелік» деген кітап жазып, патшаға ұсынған. Патша Тай'у Ляңчжоуды қосып алғаннан кейін, ол Солтүстік Вэй патшасының сарайына келді. Оған Вошу бегі деген атақ сыйланды, бітікші-бегіге дейін өсірілді. Ол Гао Юнге11 арнап өлең шығарды. Гао Юн де оған өлеңмен жауап қайтарды. Екеуі бір-бірін мақтады. Цзуң Цин Хуаңхэ өзенінің батыс тарапында 10 бөлімнен тұратын «Журчи Монсун жөніндегі естелік» жазды. Осы кітаптың мақтайтындай ешбір жері жоқ-тын.

          Кән Ин (Кән Сюән'ин) дунхуаңдық еді. Оның атасы Кән Цзиң және әкесі Кән Цзю Хуаңхэ өзенінің батыс тарапында даңқы шыққан кісілер болатын. Кән Цзю Гуйцзидің әкімі болған. Кән Ин классикалық шығармалар мен ғұмырнамаларды көп зерттеген, ақыл-парасаты әдеттегі кісілерден жоғары тұратын. «Шицзиң» (Тарихи естеліктер), «Хәннама», «Кейінгі Хәннама» және басқа тарихи кітаптарды бір көргеннен-ақ жаттап алатын. Замандастары оны «жаттап алушы» дейтін. Ол Ваң Лаң жазған «Бал ашу түсініктемесі» шығармасының түсіндірмесін және «13 аймақтың қысқаша баяны» кітабын жазған. Журчи Монсун оны ерекше қадірлейтін, өз жанынан айырмайтын, одан өкіметтік істерді көп сұрайтын. Оны мырза-бегі, емтихан катауылы етіп тағайындады. Жазбашылық саласындағы 30 кіші мансаптыны оның қызметіне бере отырып, 3 мыңнан астам дәстүрлі шығармалар мен ғалымдардың кітаптарын салыстыру және түзету тапсырылды. Журчи Мұқан оны бұдан да жоғары санайтын. Ол шатырлар-бегі етіп тағайындалды және диуанбегіге дейін өсірілді. Гуцзаңды тыныштандыру барысында Лэпиң бегі Тоғбат Пи Ляңчжоуды қорғап жатты. Кән Ин қызметшілер-бегі етіп бекітілді. Лэпиң бегі Тоғбат Пи өлгеннен кейін, астанаға жөнелтілді. Оның тұрмысы қиын болды, аштық пен суықта өтті. Соның өзінде көңілі көтеріңкі жүріп, бір отырғанда үш шең (литр) тамақ жейтін. Ол перзент көрмей-ақ қайтыс болды.

          Лю Янмиң, дунхуаңдық. Әкесі Лю Баониң (Лю Цзию) Конфуцийдің тағылымдарын білгені үшін мақталатын. Лю Янмиң 14 жасында ғұлама Го Юйді ұстаз тұтқан. Го Юйдің 500-ден астам шәкіртінің 80-дейі конфуцийлік кітаптарды жетік білетін. Го Юйдің 15 жастағы қызы бар еді. Ол күйеу бала таңдауда ақылды әдіс тауып, Лю Янмиңді таңдамақшы болды. Осы мақсатта бір аласа үстелді бөлек қойып, шәкірттеріне: «Бір қызым бар. Жақсы балалардың арасынан күйеу баланы таңдасам деймін. Кім осы үстелдің басына отырса, қызымды соған беремін» деді. Лю Янмиң басын көтерген халде үстелдің шетіне отырып, абыржымастан «Бұл жерде отыруға батылы жететін адам, мына мен, Лю Янмиң» деді. Го Юй оған қызын ұзатты. Кейін Лю Янмиң аймақтың бұйрықтарын қабылдамай, Цзюцюәнда жасырын тұрмыс кешті. Оның шәкірттерінің саны 500 адамнан асты.

          Батыс Ляң билеушісі Учжао оны жоғары оқу орнына оқытушы һәм қызметшілер-бегі етіп қойды. Учжао кітапқұмар болатын. Жіптері үзілген кітаптарды өзі түптейтін. Лю Янмиң оның қызметінде жүрді. «Осы істі мен жасайын» десе, Учжао: «Бұл кітаптарды кісілер қастерлесін деп өзім жөндеп жатырмын. Екеуіміздің бір-бірімізге кезігуіміз Куң Миң мен Сюән Дэнің12 кездесуінен айнымайды» деді. Лю Янмиң «жат жұрттарды мәпелеуші санғұн» лауазымына дейін өсірілді. Ол саяси істермен шұғылданса да, кітап оқуды тастамады. Учжао: «Сіз кітап баптарының түсініктемелерін күні-түні үзбей жазудасыз. Күндіз ғой мейлі, түнде демалыңыз» деді. Лю Янмиң: «Таңертең ел басқару тағылымдарын естіп, кешке өлсем мейлі. Өзінің қартайғанын аңғармаған Конфуций де дәл осындай адам еді. Мен, Лю Янмиң, қаншалықты адам дейсіз, олай жасамауға дәтім бара ма?» деді. Ол «Шицзиң» («Тарихи естеліктер»), «Хәннама», «Кейінгі Хәннама» жылнамаларының көлемдерін өте үлкен көріп, 130 бөлік пен 80 бумадан тұратын «Қысқаша естелік» кітабын жазған. Сондай-ақ 20 бумадан құралған «Дунхуаң естеліктері», үш бумадан тұратын «Диалект», бір бума «Цзиңгуңтаң арнаулары» секілді кітаптар жазған. Оның «Бал ашу кітабы», «Хәнзу ғұмырнамасы», «Жеке адамдардың ғұмырнамасы», «Хуаң Шигуң туралы» деген еңбектерді түсіндіретін кітаптары ел ішінде кеңінен таралған.

          Журчи Монсун Цзюцюәнді қосып алғаннан кейін, Лю Янмиңді «кітаптарға түсініктеме жазатын мырза-бегі» етіп тағайындаған. Ол Ши'юән бағында Лушэнгуән ғибадатханасын салып, әрдайым сонда бас ұрып, ғибадат еткен. Өзін Сюәнчу-мырза деп атаған. Оның жүздеген шәкірттері әр ай сайын сыйға қой мен арақ жіберіп тұрған. Журчи Мұқан оны «Ел ұстазы» деп құрметтеп, сәлемдесуге баратын. Барлық мансаптыларға одан тәлім-тәрбие алуды, оны ұстаз тұтуды бұйырған. Бір аймақтан шыққан Со Чаң және Ин Син оның көмекшілері болған. Олар да қаламның шарапаты арқасында мақтауларға жеткен. Бастарына қалпақтың орнына бас жаулық орап жүретін.

          Вэй патшасы Тай'у Ляңчжоуды тыныштандырғаннан кейін, оқымыстылар мен бұқара халық шығыс жаққа көшті. Патша Лю Янмиңнің даңқын бұрыннан естіген-ді, сондықтан оны Лэпиң бегі Тоғбат Пидің қызметші-бегі етіп тағайындады. Патша Тай'у «70 жастан асқан қарттар өз елінде қалады, бір баласы бағады» деп бұйрық түсірді. Лю Янмиң сол кезде қартайып қалған-ды. Ол Гуцзаң қаласында бір жылдан көбірек тұрған соң, елін сағынып, Ляңчжоудың батысындағы 400 шақырым қашықтықтағы туған жері Цзюгукоуға оралды және сырқаттан қайтыс болды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1268-1269-беттер)

 

          Чжао Жу (Чжао Юәнсюән) Цзинчэңнен шыққан. Жас кезінде биязы, дарынды, білімді болғандықтан, Хуаңхэ өзенінің батысында аты шыққан. Журчи Мұқанның заманында қазына-бегі (қазынашы) болған. Вэй патшасы Тай'у Ляңчжоуды тыныштандырғаннан кейін, Чжао Жу астанаға жөнелтіліп, бітікші-бегі және Хэнэй уәлиі болды. Өзі адал мінезді, кісіге пайдалы адам еді. Чжао Жу жол үстінде алтын моншақ алқасын тауып, иесін шақыртқан және құны жүздеген бума жібек мата тұратын осы бұйымды оған қайтарған. Кейін біреулер оған соқаның бірнеше жүз тістерін берген. Чжао Жу баласы Чжао Шәнмиңмен бірге базарда соқа тістерінің әрқайсысын 20 бума матаға сатқан. Саудагерлер арзан бағаға сатып жатқанын көріп, әрбір тіске 30 бума торқаны ұсынған. Чжао Шәнмиң саудагерге біреуін 30 бума матаға сатпақшы болған кезде, әкесі: «Кісілермен сауда-саттық жасағанда, сөзіңде тұру керек. Пайданы қуамын деп, бір байламға келе алмасаң не болғаны?» деп саудагерге бастапқы бағамен сата берген. Бұны естіген мәртебелі кісілер оны құрметтеген және алғыс жаудырған. Будда діни ілімін терең қабылдаған Луңси бегі Юән Хэ «Цихуән бұтханасы туралы суретті естелік» деген алты бумалы кітап жазған. Чжао Жу осы кітапқа түсініктеме жазған. Сол заманның әйгілі монахтары оның ой өрісін мақтап, алғыс айтқан. Чжао Жудың осы кітапқа негізделіп жазған арнау сөзі және мадақтаулары ел ішінде кең таралған.

          Баласы Чжао Мо (Чжао Чуңмиң) Увэй уәлиі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1269-бет)

 

          Со Чаң (Со Чжучжэн) Дунхуаңнан шыққан. Ол Лю Янмиңге жәрдемдесіп бала оқытқан. Дәстүрлі ғұламаларды арнайы зерттеп, Лю Янмиңнің білімдерін оқушыларға толық үйреткен. Ляңчжоу тыныштандырылғаннан кейін, Конфуцийдің тағылымдарын білгені үшін Солтүстік Вэй патшасының сарайында салтанат-бегі болған. Астаналық ақсүйектердің балалары оның сырт пішіні мен айбарынан жасқанатын, оны құрметтейтін. Оның көптеген шәкірттері ғалымдар санатына қосылып, ондаған шәкірті диуанбегі, аймақ бегінің бас көмекшісі, уәли болған. Со Чаң аза тұту киімдерінің тәртібі жөніндегі деректердің көптеген мақалаларға бөлініп кеткенін байқап, салыстыру жүргізудің нәтижесінде «Аза киімдері жөніндегі маңызды естелік» деген кітапты жазған. Ол Фуфэң13 уәлиі лауазымын атқарған уақытта пәк ниетті болған, дүние-мүлік жинамаған және қызмет үстінде өлген. Достары мен шәкірттері оған атақ-мәртебе беруді талап еткен. Патша «Ляңчжоу аймағының бегі» деген мәртебе және «сянгуң» атағын берген.

          Бұрын Со Чаң өз жерлесі Ин Шилуңмен дос болған-ды. Ин Шилуң астанада қылмыс жасағаны үшін Хэлуңға14 жер аударылды. Шаңгуға15 барған ол қиыншылыққа тап болды және мақсатты жеріне жете алмады. Шу Нең деген жергілікті адам оны ұстап алып, құл ретінде ұстады. Со Чаң Шаңгуда Ин Шилуңмен кездесіп қалды. Екеуі жылап қоштасты. Со Чаң ол үшін жоғарыға арыз ұсынды. Қайта тексерудің нәтижесінде Ин Шилуңға кешірім жасалды. Ин Шилуңның баласы Ин Меңгуй қайырымды бала болатын. Таңертең атызға бара жатқанда әкесіне сәлем беретін, қайтқанда тағы да сәлемдесетін. Елдегі кісілер оған рахметін жаудыратын.

          Суң Яо (Суң Те) Дунхуаңнан шыққан. Ата-бабасы ұрпақтан-ұрпаққа Чжаң үйінің16 қол астында жұмыс істеп келген. Әкесі Суң Ляо Чжаң Сюәнцзиңге бағынатын Усиң уәлиі болған. Суң Яо туылған кезде, ол Чжаң Юңның қолынан қаза тапты. Суң Яо бес жасында анасынан айрылып, жетім қалды. Ол апайы Чжаң-ханымға мейірімді болатын. Ол сегіз жасқа толғанда Чжаң-ханым қайтыс болды. Оның апайына тұтқан азасы белгілемеден асып кетті. Кейінгі күндері тебіренген Суң Яо қарындасының күйеуі Чжаң Янға: «Отбасымыз ойран болды, барша жүк (ауыртпалық) менің иығыма түсті. Егер қайраттанып, бас тартуға болмайтын борышты батырлықпен үстіме алсам, ата-бабамыздың істеріне қалай мұрагерлік ете аламын» деді. Ол күйеу баламен бірге Цзюцюәнға барды һәм өзіне ұстаз тауып, білім үйренді. Күндіз-түні үйден шықпай кітап оқыды, зерттеді. Лу Гуаңның заманында діни мектептің мұғалімі етіп сайланды және катауыл етіп тағайындалды. Кейін Дуән Енің қасына барып, сарай кеңесшісі болды. Алайда кейін «Дуән Е алысты көре алмайды екен» деп, батыс тарапқа – Ляңчжоудағы Батыс Ляң билеушісі Учжаоның қарамағына өтті. Ол маңызды мансаптарды атқарды, бірақ артық дүние-жиһазы болмады. Соғыс мезгілінде де кітап оқуды және түсініктеме айтуды тоқтатпайтын. Үйінде ғылыми адамдарды алдынан шығып, қызу қарсы алатын. Тіпті асығыстықтан аяқ киімін теріс киген уақыттары да болған. Қонақтармен кітаптар жөнінде сұхбаттасқанда, дәстүрлі ғұламалардың нақыл сөздерін келтіретін. Жағдайды түсінетін, барша ахуалды орнымен басқаратын.

          Журчи Монсун Цзюцюәнді тыныштандырған кезде, Суң Яоның отбасысы әрең дегенде бірнеше мың кітап пен ондаған доу (салмақ өлшем бірлігі, 1 доу - 10 литр) күріш ғана сақтап қалады. Бұдан әсерленген Журчи Монсун «Мен Ли үйін17 жеңгеніме емес, Суң Яоға жеткеніме қуаныштымын» деп, оны диуанбегі мансабына тағайындады және шен-шекпенділерді іріктеу құқығын сеніп міндеттеді. Журчи Монсун өлер алдында оған өз баласы Журчи Мұқанды тапсырды. Журчи Мұқан Суң Яоны сол-қол уәзірі етіп, оның қарындасы Сиңпиң-ханшаны астанаға алдыртты. Вэй патшасы Тай'у оны Хэси бегінің оң-қол уәзірі етіп, «Чиңшуй ұлығы» деген атақ-мәртебе берді. Ляңчжоу тыныштандырылған соң, Суң Яо Журчи Мұқанға еріп астанаға барды. Өлген кезде, оған «Ізетті төре» деген атақ берілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 4-том, 1270-1271-беттер) 
 

1. Вэй патшасы Сяовэн (魏孝文帝) – Солтүстік Вэй патшасы. 471-499 жж. кезеңінде патша болған. Ол Солтүстік Вэй патшалығының астанасын Феңчэңнен (қазіргі Шәнси өлкесінің Датуң қаласы) Лояң қаласына көшірген һәм қайта құру саясатын жүргізіп, сянби қоғамының дамуын алға жылжытқан.

(«Вэйнама» жылнамасының «Патша Гаоцзу туралы естелік» бөлімі)

  

2. Лю Чжун (刘准) – Суң әулетінің соңғы патшасы. Патшаның аты Шунди. 477-479 жж. кезеңінде тақта отырған.

(редактор)

 

3. Юәнчуән (渊泉) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Әнси ауданынан 120 шақырым шығыстағы жер.

(редактор)

 

4. Шоқпаршы (执金吾) – астана және оның төңірегіндегі аудандардың қауіпсіздік істеріне жауапты мансапты. Кейде астаналық аймақтың басшысы деп те түсіндірілуде.

(«Тарихи лауазымдардың аттары»)

 

5. Цзаң Цзыюән (臧子源) – Шығыс Хән патшалығының соңғы жылдарында өмір сүрген. Ол «қызметтерді естелікке қалдырушы-бегі» болып істеген уақытта көп еңбек сіңірген.

 (редактор)

 

6. Әскери мекеменің диуанбегі (兵部尚书) – әскерилерге жауапты мансапты, бүкіл мемлекеттің әскери мансаптыларын таңдау, дайындау істерін және әскери керек-жарақтарды басқаратын.

(бір томдық «Цыхай», 287-бет)

 

7. «Ицзиң» (易经)конфуцийшілердің маңызды дәстүрлі кітаптарының бірі. Риуаяттарға қарағанда, Чжоу әулетінде әлдебіреу жазған екен.

(бір томдық «Цыхай», 200-бет)

 

8. Қиббу Чипан (乞伏炽盘) – Батыс Цин патшалығының үшінші билеушісі, шыққан тегі сянбилік.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3080-3081-беттер)

 

9. Мугуй (慕璝) – туйғұн билеушісі, Мулиямның ағасы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1380-1382-беттер) 

 

10. Бітікші-бек (著作郎) – мемлекеттің тарихын жазуға міндеттенген мансапты.

 (бір томдық «Цыхай», 589-бет)

 

11. Гао Юн (高允) – Вэй патшалығында өмір сүрген атақты ғалым және мансапты.

(редактор)

 

12. Куң Миң (孔明) – «Үш патшалық» кезеңіндегі Шу патшалығының бас уәзірі Чжу Гэляңның бір есімі. Сюән Дэ (玄德) – Лю Бэйдің есімі.

(редактор)

 

13. Фуфэң (扶风) – қазіргі Шэнси өлкесінің Линюй, Цянсян аудандарының батыс бөлігі, Цинлиң тауының солтүстік тарапына сәйкес келетін ежелгі аймақ.

  (бір томдық «Цыхай», 668-бет)

 

14. Хэлуң (和龙) – қазіргі Ляониң өлкесінің Чжао'яң қаласы.

(бір томдық «Цыхай», 1739-бет)

 

15. Шаңгу (上谷) – қазіргі Хэбэй өлкесі Чжаңцзякоу қаласының жанындағы Сяо'утай тауының шығыс тарапын, Цичэң мен Янциң аудандарының батыс жағын, Чаңпиң ауданының солтүстік тарапын қамтыған ежелгі аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 170-бет)

 

16. Чжаң үйі (张氏) – Алдыңғы Ляң патшалығын құрған билеуші Чжаң Шидің әулеті. Чжаң Сюәнцзиң осы патшалықтың алтыншы билеушісі.

(редактор)

 

17. Ли үйі (李氏) – Батыс Ляң патшалығының негізін қалаушы Ли Хаоның әулеті.

(редактор)

 

 

37. Хән Маоның ғұмырнамасы

 

          Хән Мао 17 жасында күш-қуат жағынан әдеттегі кісілерден басым түсетін. Аттың үстінде садақтан оқ атуға өте шебер болатын. Вэй патшасы Миң'юәннің1 өзі диңлиңдік Жаймеңге қарсы жорыққа аттанған уақытта, Хән Мао жасақтардың байрақшысы (ту ұстаушысы) болған. Сол кезде боран шығып, басқа жасақтардың жалаулары жығылды. Хән Мао аттың үстінде ұстаған байрағы ғана құламаған. Таңырқаған патша оны осы жөнінде сұраған және қасындағыларға «Мына істі жылнамаға жазыңдар» деген. Көп өтпей, патша оны уақытша шатырға жіберіп, «арыстан-санғұн»2 етіп тағайындаған.

          Кейін ол Вэй патшасы Тай’удің Құлан Чаңға қарсы жорығына қатысып, оны қатты жеңіліске ұшыратты. Қызмет көрсетіп, көзге түскені үшін «Пуин ұлығы» деген мәртебе беріліп, «арбалар жасауылы» лауазымына дейін өсірілді. Ол сондай-ақ патшаға ілесіп, Туңвәнды алды, Ляңчжоуды тыныштандырды. Хән Мао шабуыл жасаған жерде дұшпандар оның оғынан қашып құтыла алмайтын. Ол сарай жасауылбегі дәрежесіне дейін көтерілді, Цзюмын бегі деген мәртебеге жетті. Кейін патшамен бірге жоржандарға қарсы әскер тартып, сан рет зор жеңіске жетті. Лэпиң бегі Тоғбат Пимен бірге Хэлуңға қарсы жорық жасаған кезде, тұршауыл-санғұн (алдыңғы шеп қосындарының қолбасшысы) ретінде ең көп қызмет сіңірді. Сол себепті, сарай күзетінің бегі етіп көтерілді. Бұрын-соңды сіңірген еңбектеріне қарай сарай кеңесшісі және сарай кеңсесінің диуанбегі етіп тағайындалды. Мәртебесі «Әндиң уәлиі» деңгейіне көтерілді. Сюэ Юңцзуң мен Гай Уды жеңгеннен кейін «зындан-бегі» деген лауазымға ауыстырылды.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1349-1350-беттер)

 

          Пи Даомиңнің3 сегізінші інісі Пи Хуәнси абыройлы уәзірдің баласы болғандықтан, Вэй патшасы Вэнчэң оны шағауыл (елшілерді күзетуші) лауазымына дейін көтеріп, бас жасауыл етіп қойды. Вэй патшасы Сяовэннің бастапқы жылдарында туйғұндардың шиин тайпасы ашаршылыққа душар болып, Цзяохэ4 ауданын тонады. Патша Пи Даомиңді «күнбатысты тыныштандырушы санғұн», Гуаңчуән ұлығы етіп бекітіп, Шаңдаң бегі Чжаңсун Гуәнмен бірге шииндерге қарсы жорық жасауды бұйырды. Пи Хуәнсидің әкесі Пи Баоцзы бұрын Чоучының торғауылы ретінде абыройға жеткен адам еді. Сол үшін Пи Хуәнси «жарлық мөрін сақтаушы» және шағауыл, Цинчжоу, Юңчжоу5, Цзиңчжоу6, Ляңчжоу7, Ичжоу8 аймақтарының әскери тұтұғы, қолбасшы санғұн, Чоучы торғауылы етіп тағайындалды. «Күнбатысты тыныштандырушы санғұн» және Гуәнчуән ұлығы деген атақ-мәртебелері сақтала берді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1352-бет)

 

          Фэң Чивэн Шигуаңның алғашқы жылдары (424-428 жж.) орта дәрежелі аудан басшысы болатын. Кейін «батыс диуанбегі», «сыртқы жарлықтардың мөрін сақтаушы», 2 мың жауынгердің басшысы, «батыстағы жат қауымдарды қорғаушы шерікші-басы»9, Цинчжоу мен Ичжоу аймақтарының бегі сияқты лауазымдарға тағайындалды. Оған «Тяншуй ұлығы» деген мәртебе беріліп, Шаңгуй10 ауданын қорғауға қойылды. Вэй патшасы Тай’у Фэң Чивэнге Фухәнге аттану және туйғұн билеушісі Мулиямның жиені Шигуйге соққы беруді бұйырды. Фэң Чивэннің адамдары аз болып, күші жетпеген соң, патша Гуәнчуән ұлығы Пи Хуәнси және И Утоудың екі жасақтарына Луңюйда Фэң Чивэнмен бірігу туралы жарлық түсірді. Жасақтар Усиге жеткен түні Шигуй қашып кетті. Фэң Чивэн бастаған әскерлер Фухәнге барып, Шигуйдың әйелі мен бала-шағасын қолға түсіріп, жалпы саны 1 мың түтін халықты Шаңгуйға көшірді. Ол И Утоуды Фухәнді ұстап тұру үшін қойып кетті.

          Цзинчэңдік Бян Цзиюң және тяншуйлық11 Ляң Хой опасыздық жасап, Шаңгуйдың шығыс және оңтүстік бөліктерін басып алды, қаланың батыс бөлігін тықсыра түсті. Фэң Чивэн алдын-ала шаралар қолданғандықтан, дұшпан шегінді. Бян Цзиюң мен Ляң Хой тағы да қалаға шабуыл жасады. Цяңдардың 10 мың адамы Оңтүстік шоқыға, ал сюгуән12, туқ13 және басқа тайпалардың 20 мың әскері Солтүстік шоқыға орналасып, Бян Цзиюңға қолқабыс көрсетті. Фэң Чивэн әскерлерді ептілікпен іске салып, дұшпанды күйрете жеңді және Бян Цзиюңді өлтірді. Барша жаулар Ляң Хойді жолбасшы етіп таныды. Әнфең ұлығы Лу Гэн әскерлерімен бірге Фэң Чивэнге келіп жәрдемдесті. Фэң Чивэн патшадан тағы көмек сұрауға талпынып еді, үлгере алмады. Ляң Хой қашпақшы болды. Фэң Чивэн қаланың шығыс бөлігінің сыртында алдын-ала ор қазып, дұшпанның қашатын жолын түгел үзіп жіберген-ді. Түн ортасында Ляң Хой ордың үстіне саты қойып қашты. Фэң Чивэн әскерлерін ертерек қимылдатып, ордың ар жағында күтіп тұрған еді. Ол қашқан жаулардың алдын бөгеді, сөйтіп түнде басталған ұрыс таңның атқанына дейін жалғасты. Фэң Чивэн көпшілікке: «Қоршауда қалған жыртқыш жануар да жанталасады, адам олай жасамай қалар ма?» деп ақ жалау шығарды. «Қару тастап, берілгендерге өлім жоқ» деп талап қойды. Сол мезетте 600 астам адам қаруын тапсырды. Ляң Хой адамдардың ниеті бірдей еместігіне көзі жетіп, бөлініп қашты. Фэң Чивэн атты әскерлерге «Қорықпай жаншыңдар!» деп бұйырды. Дұшпанның жартысынан көбісі ат тұяқтарының астында тапталды.

          Ляң Хой бүлік көтергені себепті, Люэ'яң бегі Юән Да адам жинап, Шаңгуйға шабуыл жасады. Сюгуән мен туқ тайпаларын өзіне баураған ол Тяншуйдағы сюгуәндік ұлық Гуән Сиңді «Цин аймағының бегі» етіп бекітті. Фэң Чивэн Линхуай уәлиі Мо Чжэнмен бірге оларға жорықпен барды және жеңді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1353-1354-беттер) 

 

          Лу Лохән ізгі ниетті адам болатын. 20 жасында жер-жердегі аймақтардың әскери істеріне жауапты мансапты болып істеген уақытта-ақ атағы шыққан-ды. Ол Цинчжоу аймағының бас қолбасшысы болған өз әкесі Лу Вэннің қызметінде болды. Луңюйдағы ди тайпасының басшысы Яң Нәндаң Шаңгуйға басып кіргенде, қаланы күзетіп тұрған қолбасшы Юән Иту Лу Лохәннің мергендігін естіп, өзімен бірге қаланың батыс бөлігінің қабырғасына алып шығып, дұшпанға оқ жаудырды. Ол Яң Нәндаңның қол астындағы 23 нөкерін оққа ұшырды. Дұшпандар әлі де көбейіп кеткенде, Лу Лохән «Дұшпанды қазір жайратпасақ, оларға тамырымызды ұстатқызып қоямыз» деді. Юән Иту оның сөзіне қосылды. 1 мыңнан астам жауынгер іріктелген соң, Лу Лохән шайқасуға жіберілді. Оларға ешбір дұшпан қарсы келе алмағанына Яң Нәндаң таңданды. Дәл сол мезетте, Вэй патшасы Тай’у хат жолдады. Хатта оны «Шектен аса шығып кеттің» деп айыптаған-ды. Яң Нәндаң Чоучыға оралды. Юән Иту патшаға шайқастың нәтижесін мәлімдеді. Патша Лу Лохәнді жасауыл-бегі14 етіп қойды.

          Маңызды жерде бекініп алған Шаңгуй әкімі Лу Фэң және туқ тайпасының басшысы Фейлу опасыздық жасады. Лу Лохән патша Тай’удың жарлығымен жорыққа аттанды және оларды тұтқындады. Кейін ол тағы да патшаға ілесіп Сюәнхуға15 қарсы жорыққа қатысты. Қыруар қызмет көрсеткені үшін жасауыл-басы16, «байрақ ұстаушы санғұн» атақтарын алып, қызметі көтерілді. Учэң әкімі деген мәртебе берілді. Нән’ән бегі Тоғбат Юй17 таққа отырғанда, Лу Лохән патша сарайының күзет істерін басқарды. Ол патша Вэнчэңді18 таққа шығару үшін күш салды. Сол себепті, патша Вэнчэң оған «қанатты айдаһар санғұны» деген лауазым берді, ал өзінің бұрынғы «байрақ ұстаушы санғұн» атағы сақталды. Мәртебесі Еваң бегі етіп көтеріліп, оққағар-бегі етіп тағайындалды. Сарайдың кеңесшісі және диуанбегі етіп көтерілді. Мәртебесі Шән'яң ұлығына дейін көтерілді.

          Одан кейін, ол «күнбатысты тыныштандырушы санғұн», Цинчжоу және Ичжоу аймақтарының бегі болды. Сол уақытта Чоучыдағы ди, цяң тайпалары көтеріліс жасап, Логу аңғарына19 баса-көктеп келген еді. Аңғарды күзетіп тұрған қолбасшы У Бао'юән Байциңге қашып, Лу Лохәннен жәрдем сұрады. Шаңдаң бегі Чжаңсун Гуәннің бастамашылығымен жаяу және атты әскерлерін бастаған Лу Лохән ди-цяңдарды торуылға түсіре соққы беріп, күйрете жеңді. Талқандалған дұшпандар бытырап кетті. Патша Лу Лохәнді жарлық шығарып ынталандырды. Цзиңчжоулық20 Чжаң Цяңлаң 1 мыңдай адамымен бүлік көтерді. Цзиңчжоу жасақтары оған қарсы жорыққа шықты, бірақ бағындыра алмады. Лу Лохән оған соққы беріп, қолға түсірді. Чоучыда бүлік шығарған цяңдардың басшылары Чюңлян мен Фушин Суң патшалығы берген мәртебе мен темір жарлықты қабыл алды. Люэ'яң ұлығы Фу Ән'у бас санғұн болып, Лу Лохәнмен бірге жорыққа аттанды. Бара сала дұшпанды жеңіп, Чюңлян, Фушин және басқаларды тұтқындады.

          Цинчжоу және Ичжоудың жер бедері күрделі де қатерлі, жолы алыс болатын. Оңтүстік тарапы Чоучымен, батыс тарапы Чишуй өзенімен21 шектесетін. Жердің қатерлі шарт-жағдайын пайдаланған цяңдар сан рет дүрбелең көтерген-ді. Лу Лохән ол жерге барғаннан бастап, беделіне сүйеніп қамқорлық танытқандықтан, руң тайпалары ризашылығын білдіріп, бүкіл ауданда тыныштық орнады. Вэй патшасы Сяовэн оған жарлық жолдап мақтады және тергеуші-бегі етіп қойды. Ол тексеру жұмыстарының нәтижесінде көптеген хақиқи жағдайларды білді. Қызмет істеп жүріп дүние салды. «Чжуаңгуң ұлығы» деген атақ-даңқ берілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1355-1356-беттер)

 

          Ши Каңшең жас шағында батыр жауынгер еді. Садақпен атқан оғы 10 себінді жерден асып түсетін. Тартқан жебелері әдеттегі жебелерге ұқсамайтын. Замандастары оған сүйсініп ардақтайтын.

Тайхэ жылдарының (477-498 жж.) басында жоржандар көп рет шапқыншылық жасады. Ши Каңшең жорыққа шыққан алдыңғы шеп жасақтарына басшылық етті. Атақты балуан болған ол патшаның туысқандарынан қайта жасақталған қосындардың қолбасшысы етіп тағайындалды. Ол Вэй патшасы Сяовэннің Чжуңлиге22 қарсы жасаған жорығына қатысты. Патша кенеттен кері қайтты да, Хуайхэ өзенінен өтті. Бұл іс бас санғұнның ойына да кіріп шықпаған еді. Ци патшалығының қолбасшысы Хуайхэ өзеніндегі шағын аралға бекініп, су жолын үзіп тастады. Патша Сяовэн аралдағы қарақшылардың быт-шытын шығарған адамға «Цзигэ санғұны» мәртебесін беретінін айтты. Ши Каңшең бұл тапсырманы жанқиярлықпен орындауға кіріседі. Ол бір-біріне жалғасқан салдардың үстіне отын үйгізді, содан соң желдің бағытына қарап от жақты. Қарақшылардың кемелері мен қайықтары өртенді. Ши Каңшең қалың түтіннің күрмеуінде аралға шықты да, жауларға сойқан орнатып, қынадай қырды. Қарақшылардың көбісі өзенге секіріп, батып кетті. Осы қызметі үшін Ши Каңшең «Цзигэ санғұны» етіп тағайындалды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1359-1360-беттер) 

        

1. Вэй патшасы Миң'юән (魏明元帝) – Солтүстік Вэй әулетінің екінші патшасы. Тоғбат Гуйдың үлкен баласы, аты-жөні Тоғбат Си.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 25-бет)

 

2. Арыстан-санғұн (武贲郎将) – патша сарайы күзетінің басшысы.

(бір томдық «Цыхай», 2004-бет)

 

3. Пи Даомиң (皮道明) – Солтүстік Вэй патшалығының қолбасшысы Пи Баоцзидің баласы.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1352-бет)

 

4. Цзяохэ (浇河) – Шығыс Цзин әулетінің соңғы кезеңінде туйғұндар салған бекіністің атауы. Қазіргі Циңхай өлкесіндегі Хуаңхэ өзенінен оңтүстіктегі Гуйдэ ауданы.

  (бір томдық «Цыхай», 927-бет)

 

5. Юңчжоу (雍州) – қазіргі Шэнси өлкесінің орталық бөлігі, Гәнсу өлкесінің оңтүстік-шығыс бөлігі, Циңхай өлкесіндегі Хуаңхэ өзенінің оңтүстігіндегі аудандарды қамтыған аймақ.

 (бір томдық «Цыхай», 360-бет)

 

6. Цзиңчжоу (荆州) – қазіргі Хубэй, Хунән өлкелері және Гуйчжоу, Гуаңдуң, Гуаңси өлкелерінің бір бөлігін қамтыған, бірақ кейінгі кезеңдерде бара-бара кішірейіп кеткен аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 187-бет)

 

7. Ляңчжоу (梁州) – қазіргі Шэнси өлкесіндегі Цинлиң тауының оңтүстігі, Цзы’у және Жэнхэ өзендерінің батыс тарапы, Сычуән өлкесінің Циңчуән, Цзяң'юй, Чжуңцзяң, Суйниң, Бишән, Цицзяң аудандарының шығыс жағы, Даши мен Фэншуй өзендерінің батысы, Гуйчжоу өлкесінің Туңцзи және Чжең’ән аудандарын қамтыған аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 1308-бет)

 

8. Ичжоу (益州) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Уду және Ляңдаң аудандары, Шэнси өлкесіндегі Цинлиң тауының оңтүстігі, Сычуән өлкесіндегі Чжеду тауы, Юннән өлкесіндегі Нушән мен Айлао тауларының шығысы, Хубэй өлкесінің Юнсян және Баокаң аудандарының солтүстік-батыс бөлігі, Гуйчжоу өлкесінің шығыс бөлігіндегі аудандарды қамтыған аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 295-бет)

 

9. Шерікші-басы (校尉) – «нөкербасы» деп те аталады. Дәрежесі санғұннан төменірек болған мансап. Кейін бөтен ұлттар мекендеген аумақты басқарушы мансаптылар да осылай аталған.

(бір томдық «Цыхай», 1301-бет)

 

10. Шаңгуй () – қазіргі Гәнсу өлкесінің Тяншуй қаласы.

(бір томдық «Цыхай», 170-бет)

 

11. Тяншуй (天水) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Тяншуй, Цинән, Гәнгу секілді жерлерді қамтыған уәлиет.

(бір томдық «Цыхай», 1223-бет)

 

12. Сюгуән (休官) – ежелгі тайпа.

(редактор)

 

13. Туқ (屠各) – қытайша деректерде сюту (休屠) деп те аталады. Ғұндардың бір тармағы.

(«Ұлттар сөздігі», 1026-бет)

 

14. Жасауылбегі (羽林郎) – патшаның күзет қосындарының (жеке гвардияның ұландары) әскери мансаптысы.

(бір томдық «Цыхай», 1939-бет)

 

15. Сюәнху (悬瓠) – қазіргі Хэнән өлкесіндегі Лохэ қаласының оңтүстігіндегі бекініс.

(«Қытай тарихының атласы», 4-дәптер, 9-10-беттер)

 

16. Жасауыл-басы (羽林中郎将) – патшаның жеке гвардиясының қолбасшысы, мансабы жасауылбегінен жоғары.

(бір томдық «Цыхай», 1039-бет)

 

17. Нән’ән бегі Тоғбат Юй (南安王余) – Вэй патшасы Тай’удың (Тоғбат Тао) алтыншы баласы. Бастапқыда оған «У бегі» деген мәртебе берілген, кейін «Нән’ән бегі» деп өзгертілген. Патша Тай’у сырқаттан өлгенде, сарайдың жаршысы Цзуң Ай патша анасының көмегімен оны таққа отырғызған. Ұзақ өтпей, Цзуң Ай өзі оны өлтірген. 

    («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 621-622-беттер)

 

18. Патша Вэнчэң (文成帝) – Солтүстік Вэй әулетінің төртінші патшасы Тоғбат Жуй, Тай’удың немересі. 452-465 жж. кезеңінде билік құрған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 64 және 73-беттер)

 

19. Логу аңғары (骆谷) – қазіргі Шэнси өлкесі Чжоучжи ауданының оңтүстік-батысындағы ұзындығы 400 шақырымнан асатын ұзын аңғар.

 (бір томдық «Цыхай», 1142-бет)

 

20. Цзиңчжоу (泾州) – қазіргі Гәнсу өлкесі Цзиңчуән ауданының солтүстігіндегі жердің ежелгі атауы.

  («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының сөздігі», 728-бет)

 

21. Чишуй өзені (赤水) – Шэнси өлкесі Ичуән ауданының солтүстігінен ағып өтіп, Хуаңхэ дариясына құйылатын өзен.

 («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының сөздігі», 414-бет)

 

22. Чжуңли (钟离) – қазіргі Әнхой өлкесі Фең'яң ауданын қамтыған аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 1700-бет)

 

 

38. Пэй Чжудың ғұмырнамасы

 

          Кезінде түрктер күшті еді. Дулан-қаған Дайи-ханшаға, сондай-ақ Солтүстік Чжоу патшасы Юйвен Цяннің қызына үйленді. Содан бастап Суй патшалығының шекарасы сансыз шапқыншылыққа ұшырады. Дайи-ханша түрктердің жеріне бірге барған ғұз нөкерімен ойнастық жасады. Осы істі бәрінен бұрын Чжаң Суншең әшкереледі. Дулан-қағанға жіберілген Пэй Чжу елші ретінде ханшаны қатаң жазалауды өтінді. Суй патшасы Вэнди оған келісім берді. Нәтижесі ол айтқандай болды. Дайи-ханша өлтірілгеннен кейін, Дулан-қаған мен Толшад-қаған өзара жауласып, дау-жанжал шықты. Шекаралық бекіністерге көп рет шабуыл жасалды. Суй патшасы Вэнди бұйрық түсіріп, Тайпиң ұлығы Ши Вәнсуйды жорыққа шығатын жасақтардың башбуғы етіп тағайындап, Диңсяңнан1 аттандырды. Пэй Чжу жорыққа шыққан жасақтар башбұғының көмекшісі болып, Ши Вәнсуймен бірге шекараның сыртында Тардуш-қағанмен айқасуға жіберілді. Ши Вәнсуй қаза тапқандықтан, Тардуш-қағанды жеңу тойы тойланбады, мадақталмады. Бумын-қаған жаңадан ғана бағынуы себепті, Суй патшасы Вэнди Пэй Чжуды оның көңілін аулау үшін жіберді. Пэй Чжу қайтқан соң, уәзірдің сол-қол көмекшісі болды.

          Сол жылы Суй патшасы Вэндидің Сян-ханымы өлді. Рәсімиет-бегі жол-жорасын көрсете алмады. Пэй Чжу, Ню Хуң және Ли Бай'яо Ци патшалығының салт-дәстүрлеріне сүйеніп, әдеп-ережелерді бір жүйеге түсірді. Пэй Чжу «мансаптылар тобының жанама-бегі» етіп ауыстырылды. Ол ойдағыдай таза істемеді. Суй патшасы Яңди таққа отырып, шығыс астананы салдырды. Пэй Чжу ұлықтар мекемесін (кеңсесін) салуға жауапты болды және 90 күнде салып бітірді.

          Кезінде Батыс өлкенің елдерінен көптеген кісілер Чжаң’еге барып, Орталық жазықтың (Қытайдың) адамдарымен сауда-саттық жасайтын. Суй патшасы Яңди осы іске Пэй Чжуды жауапты етті. Пэй Чжу патшаның барша күшін сарқа жұмсап, алыс жерлерді бақылауды кеңейтіп жатқанын білетін. Сол жерлерден келген әртүрлі адамдардан өз елдері мен мемлекеттерінің әдет-ғұрыптарын және жағрафиялық шарт-жағдайларын сұрап, сарайға «Батыс өлке ахуалының суреттер естеліктері» атты үш бума еңбегін ұсынды. Осы кітаптың кіріспесінде былай делінеді:

          «Естуімше, Юй2 тоғыз аймақты3 белгілеп, Хуаңхэ өзенінде тоқтаусыз қатынас орнатса да, Цзишы тауының4 ар жағына өтпеген екен. Цин патшалығы алты елді өзіне қосқанмен, шекаралық қорғаныс әрең дегенде Линтаоға5 дейін жеткен екен. Бұдан батыстағы халықтар шалғайда тұрғаны себепті, әдеп-дәстүр тәлімдерінің ол жерлерге жетпегенін, саусақпен санарлық хат-кітаптардың жеткенін білуге болады. Хән патшалығы құрылғаннан кейін, Хуаңхэ өзенінің батысындағы жерлерді бағындырған-ды. Бұрын осы жерлерде атаулары белгілі болған 36 ел бар еді. Кейін өзара бөлініп-ажырап 55 ел пайда болды. Сондай-ақ шерікші-бегі, қорушы-бегі6 қойылып, үнемі жетекшілік етіп келді. Алайда олар бірде опасыздық жасады, бірде елдесті, арада көптеген шайқастар болды. Кейінгі Хән әулетінің заманынан кейін бұл мансаптар толығымен істен қалдырылды. Ферғананың шығыс жағындағы жерлердің адам санын шамамен білсек те, сол елдердің өзен-тауларының ахуалын айқын білмей келдік. Олардың түп-тектері, аты-жөні, әдет-ғұрпы, киім-кешегі, дүниесі мен байлығы жазылып көрсетілген кітаптар жоқ. Бұларды ешкім білмейді. Оның үстіне, уақыттың өтуімен олар бір-бірімен соғысып, бірін-бірі жеп өткен. Гүлдену мен күйреуді бастан кешірген. Кейбіреуінің жері көне жер болса да, мемлекет атауы қазіргі атауға өзгерген. Кейбіреуінің бұрынғы ырқы (түп-нәсілі) өзгергенмен, қазірге дейін ежелгі түп-тегінің атымен аталған. Хуасялар (қытайлар) әртүрлі тайпалармен етене араласып отырықтанып, азаматтықтары өзгеріп кеткен. Руңдар мен дилердің тілі біздің тілге ұқсамайды. Сондықтан, ол жерлердің істерін толық анықтау қиын. Бұрынғы тарихи естеліктерге негізделгенде, Удунның солтүстігінде, Көкарт тауының шығысында 30 шақты мемлекет болған екен. Олар бір-бірін қырып, бір-бірінің жерін иемденіп, қазір әрең дегенде 10 ел қалды. Қалғаны жоғалды, ойран болып ешнәрсесі қалмады. Естелікке қалдыруға келмеді.

Патша Тәңірдің нұсқауларын орындап, инсандарға қамқор болады. Мейлі хуасялар болсын, мейлі жат халықтар болсын, мемлекет ішінде тәлім-тәрбиені қаламайтын, қабылдамайтын халық жоқ. Тәлім-тәрбие көрген елдерден ұзақтан бері сарайға ұлпандар кедергісіз келіп жатыр. Жолдың алыстығы тосқауыл болмады. Мен олардың алдынан шығуға, хал-жағдайларынан хабардар болуға, шекара бойындағы базарларды басқаруға жауапты болғандықтан, кітаптарды іздеп тауып, әр халықтың адамдарымен кездесіп, ұға алмаған істерді егжей-тегжейлі сұрастырып, олардың киіну-жасану тәртібі бойынша патшалары мен қарапайым бұқараның жүріс-тұрысын қаламмен суреттеп, үш бумалық «Батыс өлке ахуалының суреттер естеліктерін» жаздым. Бұл кітап 45 елді қамтиды. Одан басқа, маңызды жерлерді картаға сызып-түсіріп, анық көрсеттім. Батыс теңіздің солтүстігінен Байқал көлінің оңтүстігіне дейін созылған жер ең аз дегенде 20 мың шақырым келеді. Жүздескен кісілердің бәрі де көпті көрген бай, ірі саудагерлер болғандықтан, әртүрлі елдердің іс-жағдайын жіп пен инесіне дейін (арғы-бергісін түгел) біледі. Кейбір шет-жағадағы жерлердің ахуалын зиярат етсем де, түпкілікті біле алмадым. Құр сөзді негіз етуге болмайтындықтан, білмеген жерде бос орын қалдырып отырдым. Алайда, Батыс Хән әулетінен Шығыс Хән әулетіне дейінгі Батыс өлке туралы жазылған өмірбаяндарда ондаған түтін қауымның басшылары да өздерін патша деп атаған. Аты бар, заты жоқ. Аталмыш кітапқа енгізілген елдердің бәрінде де 1 мыңнан астам түтін халқы бар, олар Батыс теңізге дейінгі аралықта өмір сүреді. Оларда көптеген қымбатты нәрселер шығады. Таулы аудандарды мекендейтіндердің елдік атауы болмаған немесе тайпасы кішкентай болғандардың көбісі естелікке алынбаған.

Дунхуаңнан Батыс теңізге7 баратын үш жол бар. Бәрінде де тау-жылғаларды айланып баратын қатерлі жерлер бар:

- солтүстік жол Ивирғолдан шығып, Баркөл, теле тайпасы, Түрк қағанының ордасы тұрған солтүстікке ағатын өзеннен өтіп, Фәрәң мемлекетіне8, ол жерден Батыс теңізге барады;

- орта жол Қочо, Кингит, Күсән, Қашғар арқылы Көкарт тауынан (Памир) асып, Ферғана, Усрушана9, Соғды, Кебут, Хиуа, Бұхара, Маурадан (Мерв) өтіп, Батыс теңізге барады;

- оңтүстік жол Пишамшан (Кроран), Удун (Хотан), Чжожоф10, Кавантадан шығып, Көкарт тауынан өтіп, Вахан11, Тохар, Һибдал12, Бамиан13, Жагуда14, Солтүстік Брахман15 арқылы Батыс теңізге барады.

Осы үш жолдың бойындағы мемлекеттердің арасында да өз жолдары бар. Оңтүстіктегілер мен солтүстіктегілердің ортасындағы жол жатық, Батыс теңіздің шығыс шетіндегі Әйелдер мемлекеті16, Оңтүстік Брахман17 сияқты елдер де қалаған жеріне жете алады. Бұдан Ивирғол, Қочо, Пишамшан Батыс өлкенің қақпасы екендігін, осы жолдардың соңы Дунхуаңға шоғырланатынын, Дунхуаңның өңешке ұқсайтынын білуге болады.

Мемлекеттің күш-құдыреті және әскербасы-сарбаздардың батырлығына сүйеніп, байрақты күнбатысқа қадау һәм Көкарттан асу өте оңай іс. Қалаған жерге бара аласыз. Алайда, түрктер мен туйғұндар цяң және ғұз елдерін бөліп иемденіп, жолды жауып қойды. Сондықтан шалғайдан ұлпан әкелушілер өте алмай жатыр. Қазір барлық мемлекет саудагерлер арқылы шын көңілден елдесуді үміт ететінін жасырын білдіруде.

Патшаның мейір-шапағаты жер-жаһанды қамтиды. Бас иген бойда-ақ жетектеу және бейбіт-бірлікте болу керек. Осыған орай, патшалығымыз елші жіберуі және соғыспауы тиіс. Батыс өлкенің елдері бағынса, міндетті түрде түрктерді талқандаймыз. Хуасялар18 мен басқа ұлттар сол кезде бірігеді. Естелік болмаса, алысқа билік пен беделді, білім мен оқу-ағартуды білдірудің мүмкіндігі болмайды».

Патша ерекше қуанып, оған 500 бума мата сыйлады. Әр күні Пэй Чжуды қасына отырғызып, Батыс өлкеге тиесілі жайттарды сұрады. Пэй Чжу: «Жат тайпалар мекендейтін ауданда көптеген қымбатты нәрселер бар. Туйғұндарды жою һәм қосып алу оңай» деп асыра көрсете айтып берді. Содан бастап Суй патшасы Яңди Батыс өлкемен жарасып, қарым-қатынастар жасауды қалайтын болды. Ол Батыс өлкедегі халықтарды басқару ісін Пэй Чжуға тапсырды.

Кейін Пэй Чжу харем (ішкі орда) қараушысы болды. Суй патшасы Яңди оны Чжаң’еге барып, батыстағы тайпалардың адамдарын табуды бұйырды. Келгендер 10 шақты елдің кісілері еді.

Дайе 4-жылы (608 ж.) Суй патшасы Яңди оңтүстік жақтағы Феңшән тауына сыйынып мінәжат етті. Барлығы да келіп қатысты һәм қолдау көрсетті. Патша Хуаңхэ өзенінің батыс жағын тексермекші болып, Пэй Чжуға тағы бір рет Дунхуаңға баруды бұйырды. Пэй Чжу Қочо билеушісі Чу Бояға және Ивирғол билеушісі Тутун-шадқа елшілер жіберіп, оларды патша сарайына тағзым етіп келуге үгіттеді, көп пайдамен қызықтырды. Батыс тарапты аралауға шыққан патша алдымен Алчи тауына19 келеді. Жол бойы Қочо билеушісі, Ивирғол шады және Батыс өлкедегі 27 елдің басшылары қабылдауға келді. Пэй Чжу Орталық жазықтың қуатын көрсету үшін бәріне де алтын, көк тас (жақұт) және басқа да әшекей заттарды таратты, дүрдін маталар үлестірді, былғары киімдер кигізді. Хош иісті фимиам жағып, барабандар ұрып, өлең айтып, би биледі. Сондай-ақ Чжаң’e мен Увэй елді мекендерінің оқымыстылары, опа-далап жаққан әйелдері де апарылды. Адамдар ондаған жолдардың бойында ұзыннан-ұзақ созылды. Суй патшасы Яңди бұны көріп қуанды. Ақыры ол туйғұндарды жеңіп, жерін ондаған мың шақырымға кеңейтті, оны күзету үшін әскер жіберді. Жыл сайын бірнеше жүз миллион мыс теңге тұратын қамдалмалы керек-жарақтар жіберілді. Жергілікті тайпалар қорқып, сарайға тоқтаусыз ұлпан жөнелтті. Суй патшасы Яңди Пэй Чжудың көңілінде тыныштандыру және тұрақтандыру туралы зор жоспар бар деген үмітпен оны кеңес-бегі етіп көтерді.

Сол жылы қыста Суй патшасы Яңди шығыс астанаға барды. Пэй Чжу жат халықтар сарайға ұлпанды көп тапсырып кетті деп ойлап, патшаны шығыс астанада кең көлемді театр ойынын өткізу туралы бұйрық түсіруге көндірді. Жан-жақтан ағылып келген ғажап ойыншылар Дуәнмын көшесінде өз өнерлерін көрсетті. Дүрдін мата киген, қызғалдақ пен жақұт таққан, көк тас асынған адамдардың саны 100 мыңға жетті. Барлық мапсапты-ақсүйектер, ерлер мен әйелдер әдемі де сән-салтанатты киіндіріліп, лапастар мен шатыршалардың астына отырғызылды. Ойындар бір ай жалғасты. Сондай-ақ ұсақ саудагерлерге арақ-шарап, ас-тағам әзірлеу жөнінде бұйрық түсіріліп, бөтен халықтардың істеріне жауапты мансаптылар жат жұрттың өкілдерін бастап сауда-саттық жасатты. Жерге төселген дастарханға жайғастырып, мас етіп ішкізіп-тойғызған соң ғана оларды жолға салды. Жат жұрттың адамдары: «Орталық жазық - періштелердің жері екен» деп тебіреніп тамсанды. Патша Юйвен Шу және Ню Хуңға: «Пэй Чжу баяндаған істердің бәрі маған аян. Мен айтамын дегенше ол айтып болған. Өзінің барлық ісін мемлекетке бағыттаған адам олай істей ме?» деген еді.         

Суй патшасы Яңди санғұн Сюэ Шисюңді Ивирғол бекінісін салуға жіберді. Пэй Чжуға онымен бірге барып, жұмыстарды басқаруды бұйырды. Пэй Чжу Батыс өлкенің елдеріне: «Патшалығымыз бен барлық елдердің арасындағы барыс-келіс үзілмейді. Осы мақсатта қорған салуға тура келеді» деп түсіндірді. Бәрі де дұрыс деп шешті, таласып отырмады. Пэй Чжу сарайға қайтқан соң, патша оған 400 мың жармақ мыс теңге сыйлады. Пэй Чжу патшаға бөлшектеуді жүзеге асыру үшін Шегір-қағанды20 Чолуқ-қағанға қарсы шабуыл жасатудың қажеттігін айтты. Кейін Чолуқ-қаған Шегір-қағанның қыспағына ұшырап, ақыры Суй патшалығының елшісімен бірге сарайға барды һәм патшамен кездесті. Патша қуанғанынан Пэй Чжуға камшат тон және Батыс өлкенің қымбатты маржан-меруерттерін тарту етті.

Пэй Чжу Суй патшасы Яңдиге ілесіп, солтүстік шекараны аралаған уақытта Рамған-қағанның21 қоныс-тұрағына барды. Бұның алдында Когори түрктермен байланыс жасау үшін елшісін жіберген-ді. Қаған бұны жасыруға бата алмай, Когоридың елшісін патшамен жүздестірді. Пэй Чжу патшаға: «Когори алғашында Гучжу елі22 болатын. Чжоу патшалығының заманында патша сол жерді Цзи Цзыға23 союрғал етіп берген. Хән патшалығы заманында осында үш аймақ құрылған. Батыс Цзин әулетінің заманында да бұл аумақ Ляодуңға қараған. Міне, бүгінгі күні бұлар бағынбай, Суй әулеті біртұтас билейтін жердің сыртындағы елге айналды. Марқұм патшамыз көптен бері олардың жазасын беру күйінде болса да, аттандырылған әскерлер Яң Ляңнің қабілетсіздігінен ешбір нәтижені келтіре алмады. Енді Сіз жоғары мәртебелінің заманында осы істі біржақты тындырмай жүре береміз бе? Тәлім-тәрбие көрген бұл жер жат жұрттың мекен-жайы болып қала бере ме? Қазір олардың елшісі түрктердің қонысына келіп, Рамған-қағанның бүкіл елмен бірге тәлім-тәрбиемізге бағынғанын өз көзімен көрді. Енді сөзсіз патшаның ашу-қаһары шалғай жерлерді қаптайды. «Патша сарайына соңынан бағынғандар ең әуелі опат болады» деп қорқады. Сол үшін сарайға бағынуға күштесек, міндетті түрде мақсатымызға жетуге болады» деді. Суй патшасы Яңди: «Ондай болса, не істейміз?» деп сұрады. Пэй Чжу: «Олардың елшілеріне бетпе-бет бұйрық берейік, сосын оларды мемлекетіне қайтарайық. Билеушілеріне айтып барсын, тезірек Суй патшасының сарайына келіп, жоғары мәртебеліге сәлем берсін. Егер олай жасамасақ, түрктерді бастап барып жазаларын береміз деп айтайық» деп жауап қайтарды. Патша бұған қосылды. Когори билеушісі Гао'юән тыңдамады. Сол себепті, Суй патшасы Яңди Когориды жазалау шарасына әзірлене бастады.

Суй патшалығының жасақтары Ляодуңға жетіп барды. Пэй Чжу бұрынғы міндеттеріне қоса тағы «батыр кәптауыл» (бекініс басшысы) болды. Келесі жылы патшаға ілескен ол тағы да Ляодуңға барды. Әскербегі Ху Сычжең Когориге қашып кеткен-ді. Суй патшасы Яңди Пэй Чжуға соғыста қосымша қолбасшылық ету міндетін артты. Ляодуңда көрсеткен қызметтері үшін Пэй Чжу оң-қол кеңес-бегіге дейін өсірілді.

Осы шақта, патшаның заң-жарғылары атқарылмай, кісілер арты-артынан сарайдан бет бұруда еді. Сол-қанат күзетінің бас санғұны Юйвен Шу, сарай жаршысы Юй Шичжи және басқалар сарайды өз шеңгеліне алды. Әскери-әкімшілік мансаптылардың көпшілігі оларға пара беріп тұрды. Тек Пэй Чжу ғана өзін бұрынғыдай ұстады. Пара беру және алу секілді жағымсыз істерге жоламады. Көпшілік оның осы жағын мақтайтын. Кейін Яң Сюәнгәннің24 бүлігі басыла бастауы себепті, Суй патшасы Яңди Пэй Чжуға Луңю25 ауданын тыныштандыруды бұйырды. Ол Хойниңге26 барды және Есанадан27 ұлысының хал-жағдайын сұрады. Туйғұндарды Кәндад-шадқа талатқызды, қайта-қайта талан-тараж етіп, пайдаға кенелді. Осылайша тайпа да байып қалды. Пэй Чжу сарайға қайтты һәм болған істі патшаға мәлімдеді. Патша көп сыйлық берді. Сосын ол патшамен бірге Хой'юән бекінісіне барды. Патша оны солтүстіктегі халықтарды қорғау істеріне жауапты етті.

Шібір-қағанның әскерлері күшеюде еді. Пэй Чжу оның күшін әлсірету үшін патшаға: «Патша әулетінің бір қызын оның інісі Чиги-шадқа ұзатайық. Содан соң Чиги-шадты оңтүстік тараптың қағаны болуға шақырайық» деп кеңес берді. Алайда, Чиги-шад ұсынысты қабыл алуға бата алмады. Бұдан хабардар болған Шібір-қаған сараймен өштесе бастады. Пэй Чжу тағы да: «Түрктер алғашында бізге адал болды, араларында дау-жанжал қозғау оңай еді. Олардың арасына басқа көптеген ғұздар кіріп алды. Өте қу болған олар сөз үйретіп, осылай етіп бізге қарсы қойды. Естуімше, Шишхуш деген адамның айласы айрықша көп екен. Шібір-қаған оны үлкен (басшы) деп біледі екен. Сол адамды алдап әкеліп өлтірсек пе екен...» деді. Патша «Болады» деді. Пэй Чжу Шишхушқа адам жіберіп: «Патшамыз қыруар қымбат нәрселерді дайындатты. Қазір Май'и28 ауданында. Сізбен көбірек қарым-қатынас жасамақшы. Кім ертерек келсе, сол бұйымдардың жақсысын алады» деді. Осы әңгімеге сеніп қалған Шишхуш баршаның алдында саудаласу үшін Шібір-қағанға айтпастан тайпасымен бірге күллі малдарын айдап жолға шықты. Пэй Чжу Май'ида торуыл әскерлерді жайғастырып, Шишхушты алдап түсіріп өлтірді. Суй патшасы Яңди Шібір-қағанға: «Шишхуш кенеттен тайпасын бастап қашып келді. Қағаннан бет бұрғанын айтып, менің пана болуымды жалбарынды. Қазір ол өлтірілді. Хабардар болғайсыз» деп хат жолдады. Шібір-қаған істің астарын біліп қалды, патшамен қайта көріспеді.

Дайе 11-жылы (615 ж.) Суй патшасы Яңди солтүстікті аралауға барғанда, Шібір-қаған оны Янмында бірнеше жүз мың әскермен қоршап алды. Патша кеңесуге оңай болу үшін Пэй Чжу мен Юй Шичжині өзіне шақыртты. Қоршаудан құтылған соң, Пэй Чжу патшаға ілесіп, шығыс астанаға барды. Шегір-қаған өз баласына: «Батыстағы ұлыстарды бастап, сарайға сәлемдесуге және ұлпан тапсыруға бар» деп тапсырды. Суй патшасы Яңди Пэй Чжуға қонақасы дайындап, күтіп алуды бұйырды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1387-1392-беттер)

                                                                                            

1. Диңсяң (定襄) – қазіргі Шәнси өлкесінің орта бөлігінің солтүстігінде болған аймақ.

(бір томдық «Цыхай», 1012-бет)

 

2. Юй () – аңыз-риуаяттарда ежелгі заманда өмір сүрген тайпалар одағының басшысы. Ол су тасқынын тізгіндеу үшін халықты өзендерді аршып-тазалауға жұмылдырып, су апатының алдын алған. Осы үшін үлкен көсем Шун оны өзінің ізбасары етіп тағайындаған.

(«Шицзиң» жылнамасының «Бес көсем туралы естелік» бөлімі)

 

3. Тоғыз аймақ (九州) – аңыз-риуаяттарда ежелгі замандағы Орталық жазықтың тоғыз әкімшілік ауданы.

(бір томдық «Цыхай», 63-бет)

 

4. Цзишышән тауы (积石山) – Циңхай өлкесінің оңтүстік-шығысынан Гәнсу өлкесінің оңтүстік шекарасына дейін созылады.

 (бір томдық «Цыхай», 423-бет)

 

5. Линтао (临洮) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Минсян ауданы.

(бір томдық «Цыхай», 62-бет)

 

6. Қорушы-бегі (都护) – «басқақ» деп те аталады. Батыс өңірде тұратын ең ірі мансапты.

(бір томдық «Цыхай», 450-бет)

 

7. Батыс теңіз (西海) – бұл жерде Жерорта теңізі көрсетілуде.

(редактор)

 

8. Фәрәң мемлекеті (拂林国) – Суй әулетінің заманындағы Шығыс Рим империясы (Византия) және Батыс Азияның Жерорта теңізі жағалауындағы елдер.

   (бір томдық «Цыхай», 689-бет)

 

9. Усрушана (苏勒沙那国) – қазіргі Өзбекстандағы Самарқан қаласының аумағы.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 47 және 89-беттер)

 

10. Чжожоф (朱俱波) – қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районы Қарғалық ауданының ежелгі жер атауы.

 («Батыс өңірдің жер аттары», 44-бет)

 

11. Вахан (护密) – қазіргі Ауғанстанның Вахан аумағы.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 103-бет)

 

12. Һибдал (挹怛) – көне заманда эфталиттер тұрған жердің ежелгі атауы.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 26-бет)

 

13. Бамиан (帆延) – қазіргі Ауғанстандағы Кабул қаласының солтүстік-батыс жағындағы Бамиан деген жер.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 10-11-беттер)

 

14. Жагуда (漕国) – қазіргі Ауғанстанның Ғазни аумағын қамтыған ежелгі ел.

 («Батыс өңірдің жер аттары», 37-бет)

 

15. Солтүстік Брахман (北婆罗门) – қазіргі Үндістанның солтүстік бөлігі.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 35-бет)

 

16. Әйелдер мемлекеті (女国) – қазіргі Памирдың оңтүстігі, қарлы таулардың солтүстігінде патшасы әйел болған ежелгі ел.

(«Батыс өңірдің жер аттары», 89-бет)

 

17. Оңтүстік Брахман (南婆罗门) – қазіргі Үндістанның оңтүстік бөлігі.

(«Батыс өңірдің жер аттары»)

 

18. Хуасялар (华夏) – ежелгі заманда қытайлар өздерін осылай атайтын.

(редактор)

 

19. Алчи тауы (燕支山) – қазіргі Гәнсу өлкесі Шәндән ауданының шығыс тарапындағы тау.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының сөздігі», 835-бет)

 

20. Шегір-қаған (射匮) – Батыс Түрк қағаны. Тардуш-қағанның немересі. Алғашында Чолуқ-қағанға қарсы тұрған. Суй әулетінің Дайе 7-жылы (611 ж.) өзін Шегір-қаған деп атап, Күсәннің солтүстігіндегі Ақтауда астанасын салып, шығыста Алтай тауына, батыста Каспий теңізіне (кейбіреулер Арал теңізі дейді) дейінгі аумақты билеп-төстеген.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасының «Түрктер туралы баян» бөлімі)

 

21. Рамған-қаған (启人可汗) – Шығыс түрк қағаны. Есімі Рамған (кейбір жазба деректерінде - Толшад). Ішбара-қағанның баласы. Суй патшалығымен достық байланыс орнатып, Суй әулетінің ханшалары Ән'и және Ичжеңге үйленген.

  («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасының «Түрктер туралы баян» бөлімі)

 

22. Гучжу елі (孤竹国) – қазіргі Хэбэй өлкесінің Лулуң ауданын мекендеген ежелгі ел.

  (бір томдық «Цыхай», 1125-бет)

 

23. Цзи Цзы (箕子) – Шаң мемлекетінің соңғы билеушісі Чжу-ваңның тағасы. Ол Шаң билеушісі Чжу-ваңға қарсы тұрып, Чжоу мемлекетінің билігін мойындаған.

(редактор)

 

24. Яң Сюәнгән (杨玄感) – Суй патшасы Яңдидің тұсында зор билікке жетсе де, наразы болып жүрген. Дайе 9-жылы (613 ж.) Суй патшасы Яңдиге қарсы бүлік көтерген. Екі айдан кейін, сол-қанат бас санғұны Юйвен Шудан жеңіліп, қаза тапқан.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 461-462-беттер)

 

25. Луңю (陇右) – қазіргі Гәнсу өлкесіндегі Люпәншән тауының батысы және Хуаңхэ өзенінің шығысындағы жердің ежелгі атауы.

   (бір томдық «Цыхай», 428-бет)

 

26. Хойниң (会宁) – қазіргі Гәнсу өлкесінің шығыс бөлігінің ежелгі атауы.

(бір томдық «Цыхай», 316-бет) 

 

27. Есана (曷萨那) – Чолуқ-қаған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3302-бет)

 

28. Май'и (马邑) – қазіргі Шәнси өлкесі Шосян ауданының ежелгі атауы.

(бір томдық «Цыхай», 1128-бет)

 

 

41. Яң Боның ғұмырнамасы

 

Яң Бо Яңпиң бегі Юән И және басқа кісілермен бірге Гоби шөлінің солтүстігіндегі жоржандарға шабуыл жасап, зор жеңіске жетті және «қолдаушы-санғұн» лауазымына дейін өсірілді. [Ол] жоржандарға қарсы тағы бір жорық жасап, Журан тауына дейін барып келді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1483-бет) 

 

Вэй патшасы Сянвэннің заманында 10 мың түтіннен астам жоржан өз еркімен беріліп, Гаопиң1 және Бөгүлү2 деген екі әскери бекініске орналасқан-ды. Олар Тайхэ жылдарының (477-499 жж.) аяғында теріс айналып қашты. 1 мың үйден көбірек адам ғана қалды. Кеңес-бегі Ваң Туң және Гаопиң бекінісінің санғұны Лаң Ю кейін тағы бүлік көтермесін деп оларды Хуайхэ өзенінің солтүстігіне көшіруді ұсынды. Патша оларды көшіру жауапкершілігін Яң Чунға3 жүктеді. Яң Чун патшаға: «Шет жердегі халықтар хуасяларға шапқыншылық жасамайды. Бұрын өткен патшалар оқтын-оқтын астанадан алыс шекаралық жерлерді аралаған. Осылай жасағанда, өзіне жақын жайғасқан халықтарды тыныштандыруға, ал алыста жайғасқан халықтарды елдесуге қызықтыруға болады. Қазір бағынатындар көбейіп жатыр. Егер көнелері көшірілетін болса, жаңадан бағынғандар алаңдайды. Меніңше, көшірмеу керек» деп ұсынды. Сарайдың жоғары дәрежелі мансаптылары оның пікіріне қосылмады. Сонымен жоржандар Цзичжоудағы4 Хуаңхэ өзенінің оңтүстік жағалауына орналастырылатын болды. Цзичжоудағы5 Юән Ю бүлік шығарған кезде, олар расында да Хуаңхэден өтіп, дұшпан жаққа өтіп кетті. Олар бара салысымен жерді талады. Жағдай Яң Чунның айтқанындай болды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1487-бет)

 

Артынан Дуложу Диңчжоу аймағының орталығын қоршап алды. Яң Цзин барынша қорғанды. Патша: «Яң Цзинге қорғаушы-санғұн деген мансап берілсін. Яң Цзин қызмет сіңірген әскерлерді тиісті жарлығымен марапаттасын. Барлық әскерлер сегіз жылдық салықтан босатылсын» деп жарлық түсірді. Геруң Яң Цзинді қару тастауға көндіру үшін бас уәзірін жіберді. Яң Цзин ызаланып, Геруң жіберген елшіні өлтірді һәм онымен қарым-қатынасты үзді. Патша сарайы қоршауда қалған оған үш жыл бойы көмекке адам жібере алмады. Ақыры Яң Цзин үлкен баласы Яң Дунге қоршауды жарып өтіп, жоржан қолбасшысы Анағайдан жәрдем сұрауды бұйырды. Яң Дун күні-түні жылап жалынған соң, Анағай әрең дегенде атасының інісі Тудуфәның басшылығындағы таңдаулы атты әскерлерді оңтүстікке аттандырған. Қосындардың алғы шебі Гуаңчаңға жеткенде, шекарадағы маңызды жерлерді иеленген дұшпанға тап болып, қайта қайырылды.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1496-бет)

 

Кайхуаң 18-жылы (598 ж.) Түрк қағаны Тардуш шекараға шабуыл жасады. Яң Су Лиңчжоу6 аймағының башбұғы етіп тағайындалып, шекараның сыртына жорыққа жіберілді. 2 мың бума тоқыма бұйымдары және 100 цзиң (50 кг) алтын сый-тарту алып барды. Бұрын қолбасшылар түрктермен соғысқанда, олардың атты әскерлерінің тегеурінді шабуылдарынан уайымға түсетін. Соғыс арбаларын, жаяу және атты әскерлерді бір жерге топтап, айналасын бұғының мүйіздерімен қоршап, төрт бұрышты бекініс құратын. Яң Су: «Бұл – өз-өзімізді бөгеудің ғана шарасы» деді. Ол бұрынғы әдістерді түгел күшінен қалдырып, барша қосындарды атты әскерлердей сапқа тұрғызды. Тардуш-қаған бұны ұғып қалып, Тәңір берген қолайлы орай деп біліп, тұлпарынан түсіп Тәңірге сәжде қылды және 100 мың жарамды атты әскерді бастап келді. Яң Су батырларша соққы берді. Түрктер жеңілді. Тардуш-қаған соққыға жығылып, қашып кетті. Адамдары да жылап-еңіреп кейін қайтты.

Жэншудың алғашқы жылдары (601-604 жж.) Яң Су Гао Цзюңнің орнына «диуанбегінің сол-қанат бас көмекшісі» болды. 10 айғыр, 200 байтал, 100 малайды сыйға алды. Сол жылы жорыққа қолбасшылық жасаған ол Юнчжуңнан шыға сала түрктерге соққы беріп, оларды үсті-үстіне жеңді. Түрктер шегінді. Яң Су қуа отырып, кеш түскенде әрең жетіп алды. Тағы да шабуыл жасамақшы болған ол дұшпан қашып кетпесін деп атты әскерлердің жүрісін баяулатты. Өзі екі атты әскермен қаруын тастаған екі түркті бастап, жаулардың арасына кірді. Дұшпандар оларды сезбеді. Жаулар қоналғы жерге (еружай) жайласқанша, ол соңынан келген атты әскерлерді шабуылға бастап, дұшпанды ойсырата жеңді. Содан түрктер алыс жерлерге шегінді. Гоби шөлінің оңтүстігіне екінші рет шатырларын тұрғызбады.

Оның ұлдары Яң Сюәнгэн мен Яң Сюәнцзуңға көрсеткен қызметтері үшін «елді тіреуші санғұн» және «Хуайнән аймағының уәлиі» деген мәртебелер берілді, 20 мың бума кездеме мата тарту етілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1513-бет)

 

Көп өтпей, жоржандар арасында аласапыран туылды. Жоржан қолбасшысы Анағай Вэй патшалығына пана іздеп барды. Вэй патшасы Сяочжуаң Яң Чжуңды Анағайды өз еліне шығарып жіберуге, ал Яң Куәнді онымен бірге баруды бұйырды. Осы кезде солтүстік жақтағы қарақшылар бүлік шығарып, қаланы қоршап алған-ды. Яң Чжун шайқаста өлді. Қаладағылар Яң Куәнді шаһарды қорғауға жауапты етіп сайлады. Көп өтпей, шаһар қолдан кетті. Яң Куән жоржандарға қашып тығылды. Кейін патша сарайы алты бекіністің қарақшыларын жеңгеннен кейін, ол сарайға қайтты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1524-бет)

 

Чжоу патшасы Миңдидің алғашқы жылдары патша Яң Куәнді бас санғұн етіп тағайындап, Хэ Ләнсяңмен бірге туйғұндарға қарсы жорық жүргізуді бұйырды. Туйғұндарды жеңген соң, «Ияң ауданының ұлығы» етіп өсірілді, сондай-ақ уәзір етіп тағайындалды һәм басқақ-бегі етіп бекітілді. Учэң 2-жылы (560 ж.) Яң Куән Линцзидян мекемесіндегі бітікшілерге дәстүрлі кітаптарды салыстырып дұрыстауды (ретке келтіруді) бұйырды.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1526-бет)

                           

1. Гаопиң (高平) – қазіргі Ниңся-Хойцзу автономиялы районы Гу'юән ауданының ежелгі атауы.

(Бір томдық «Цыхай», 2043-бет)

 

2. Бөгүлү (蒲骨律) – қазіргі Ниңся-Хойцзу автономиялы районының Лиң’у ауданынан оңтүстік-батыстағы шөлде орналасқан ежелгі бекіністің атауы.

(Бір томдық «Цыхай», 614-бет)

 

3. Яң Чун (杨椿) – Солтүстік Вэй патшалығының даңқты мансаптысы Яң Боның інісі, патша сарайының көліктер-бегі болған.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1486 және 1491-беттер)

 

4. Цзичжоу (济州) – қазіргі Хэнән өлкесінің Фэнсян ауданы және Шәндуң өлкесінің Ляочэң, Дуңе, Фэйчэң, Яңгу, Гаотаң аудандарының аралығына сәйкес келетін аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 933-бет)

 

5. Цзичжоу (冀州) – қазіргі Хэбэй өлкесінің орталық және оңтүстік бөліктері, Шәндуң өлкесінің батыс бөлігін және Хэнән өлкесінің солтүстік бөлігін қамтыған аймақ. Солтүстік Вэй патшалығының заманында оның орталығы Синду (қазіргі Хэбэй өлкесінің Цзисян ауданы) болған. 

 (Бір томдық «Цыхай», 302-бет)

 

6. Лиңчжоу (灵州) – Солтүстік Вэй әулетінің Сяочаң жылдары (525-527 жж.) негізі қаланған аймақ. Орталығы Бөгүлү бекінісі болған.

(Бір томдық «Цыхай», 1066-бет)  

       

 

42. Чаң Цзиңнің ғұмырнамасы

 

          Чжеңгуаң 1-жылы (520 ж.) 9-айда жоржан билеушісі Анағай қайта келді. Патша сарайы оған қандай мәртебе беруді білмегендіктен, Гао'яң бегі Тоғбат Юң Чаң Цзиңнен барып сұрады. Чаң Цзиң: «Сянниң1 заманында Оңтүстік тәңірқұт2 сарайға сәлем беруге келген кезде, Батыс Цзин әулеті оған әмірбегі мен жоғары төреден3 төмен мәртебе берген. Қазір бек пен сарайдың үш ұлығына ұқсас деңгейден игіліктенуші4 деген мәртебе берсе болады» деді. Гао'яң бегі Тоғбат Юң оның пікіріне қосылды. Сарайдың айқын болмаған ереже-тәртіптері Чаң Цзиңнен сұралып, жүзеге асырылатын.

          Анағай өз еліне қайтқан кезде, өзінің қиын күнге қалғанын айтумен уақытын өткізді. Патшаның жарлығымен сарай диуанбегінің сол-қол көмекшісі Юән Фуді оны құтқару және «жұбату» үшін жіберді. Анағай Юән Фуді ұстап алып, Жушуан арқылы Гоби шөлінің солтүстік жағына қашты. Сарай диуанбегі Ли Чуң мен тексеруші-бегі һәм жанама уәзір Юән Цзуәнді қуғынға жіберді. Олар қуса да, жете алмады. Патша: «Шекарадан шығып, Веңшән тауынан өтіп, ұлан-ғайыр далаға барып, менің бұйрық-пәрменімді жариялағын және әскерлерді алып қайтқын» деп бұйырды Чаң Цзиңға. Чаң Цзиң тау асып, дария кешіп, желігіп отырып өткенді есіне түсіріп, Лю Куннің5 «Жел құшу өлеңіне» еліктеп, 12 шумақ өлең жазды. Дәрежесі жорық жүргізуші санғұнға дейін көтерілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 5-том, 1558-бет)

              

1. Сянниң (咸宁)Батыс Цзин патшасы Сыма Яннің 275-280 жж. басқарған жылдар атауы.

(«Қытайдың тарихи жылнамасы»)

 

2. Оңтүстік тәңірқұт (南单于) – Хән патшалығының негізін қалаушы Лю Юән.

(«Ұлттар сөздігі», 476-бет)

 

3. Жоғары төре (特进) – Батыс Хән дәуірінің соңында енгізілген лауазым, әкімдер мен қолбасшылардың арасындағы ең ерекше мәртебелілерге берілетін мансап.

(Бір томдық «Цыхай», 1446-бет)  

 

4. Сарайдың үш ұлығына ұқсас деңгейді иеленуші (仪同三司) – 5-бөлімнің 2-түсініктемесіне қараңыз.

(редактор)

 

5. Лю Кун (刘琨) – Цзин патшалығында өмір сүрген санғұн, ақын. Тағы бір есімі - Лю Юэси.

(Бір томдық «Цыхай», 1539-бет)  

 

 

46. Чжаң Пухойдың ғұмырнамасы

 

Чжеңгуаң 2-жылы (521 ж.) Вэй патшасы Сяомиң Яң Цзюнге жоржан билеушісі Анағайды өз мемлекетіне апаруды бұйырды. Чжаң Пухой1 жоржан басшысын қайтаруға әсте болмайтынын, олай жасағанда таусылмас апат пен дүрбелеңнің туылатыны туралы Вэй патшасы Сяомиңге хат ұсынды. Алайда, патша Сяомиң оның пікіріне құлақ аспады.

     («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1697-бет)

 

          Фән Шао (Фән Шисун) Дунхуаң уәлиетінің Луңле ауданынан шыққан. Бала кезінде зерек болатын. 12 жасында әкесі оны Суй Гуаңға оқуға берді. Әкесі қайтыс болып, оқуы үзіліп қалған кезде анасы: «Әкең жан үзетін күні саған Суй Гуаңды ұстаз деп біліп оқысын, жарасқан адам болсын деп тапсырған-ды. Енді аза тұту уақыты да өтіп кетті. Әкеңнің тапсырмасын орында» деді. Фән Шао оқуын жалғастырды.

Тайхэ кезеңінің алғашқы жылдары (477-499 жж.) ол патшалықтың зиялылар тобына кірді, сосын математика мектебіне өтті. Дәстүрлі кітаптар мен тарихи кітаптардың бәрін дерлік оқып шықты. Вэй патшасы Сяовэн оны хабаршы-бегі етіп қойды. Кейін хатшы дәрежесіне өсіріп, уәзірлерден келген хаттарды сақтауға жауапты етіп белгіледі. Ол Вэй патшасы Сяовэнге жағып қалды. Шағауыл Ли Чуң және харем-бегі Суй Гуаң оған түсіністікпен қарады. Патша жанындағы уәзірлерге: «Суй Гуаңның асықпай-шаршамай бейғам жүруі Фән Шаоның арқасында болып отыр» деді.

          Кейін патша сарайы жорық жүргізбекші болып, Хуаңхэ өзенінің солтүстігінде егін егетін әскерлерді жөткеді. Хуаңхэ аумағын күзеткен әскерлерді қосқанда, 50 мыңнан астам адам тың жерлерді игерумен шұғылданды. Сарайдың жоғары дәрежелі мансаптылары патшадан Фән Шаоны батыс жолдағы алты аймақтың «егін шаруашылығының елшісі» етіп, оған «жаяу әскерлердің қолбасшысы» мансабын беруді сұрады. Фән Шао әр жылы мол өнім алу үшін күш салды. Сондай-ақ оған тұтұқ, Чжуңшән бегі Юән Иңмен бірге Чжуңлиге2 шабуыл жасау жөнінде кеңесу бұйырылды. Фән Шао Чжуңли шаһарының қабырғаларын тексергеннен кейін, қаланы алуға күші жетпей, әскерлерді шегіндіруді жөн көрді. Чжуңшән бегі Юән Иң бұған келіспеді. Фән Шао сарайға қайтқан соң, патшаға ахуалды мәлімдеді. Көп өтпей, Чжуңшән бегі Юән Иң соғыста жеңілді. Содан кейін Фән Шао Биңчжоу аймағының бегі, «рәсімиет-бегі» болды. Ол Вэй патшасы Шаочжуаңның алғашқы жылдары Хэ'инде қастандықпен өлтірілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1701-бет)                 

 

1. Чжаң Пухой (张普惠) – Вэй патшасы Вэндидің заманында бас хатшы болған. Жазу-сызудың майталманы еді. Вэй патшасы Сяомиң оған «Ниң'юән санғұны» деген атақ берген.

  («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1689 және 1698-беттер)   

 

2. Чжуңли (钟离) – қазіргі Әнхой өлкесінің Фэң'яң ауданын қамтыған аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 1700-бет)  

 

 

47. Юән Фәннің ғұмырнамасы

 

Жоржан билеушісі Анағай және оның орынбасары Браһман ел ішінде тәртіпсіздіктер шыққандықтан, елдесуге келді. Вэй патшасы Сяомиң оларды қалай орналастыру керектігін сұрады. Юән Фән төмендегідей жауап берді: «Қазір жоржандар қаңлылардың соққысы астында талқандалып, әулетіміздің айбынына сүйенбекші. Сол үшін екі басшы бір уақытта бағынды. Халқы да келіп, бағыныштылығын білдіріп жатыр. Олардың 10 мың шақырымға созылған жерлері патшалығымызға қосылады. Жат жұрттықтар хуасялардың тынышын кетірмесе де, бұрын орын алған істерге (оқиғаларға) әлі де көп бола қоймады. Жеңіліс Хән патшалығының басшысы Лю және Кейінгі Чжао иелігінің басшысы Шимен байланысты. Тарихты еске түсірмесек болмайды. Қазір жоржан басшылары бағынып, халқы бытыраңқы тұрса да, өз елінде қалғандары өте көп. Қаңлылар оларды біржолата қосып ала алмайды, түгелдей бағындыра да алмайды. Қаңлы қосындары көп болғанымен басшылары надан, адамдары тілін алмайды. Халқы билеушілері үшін әрекет етпейді. Олар зорлық-зомбылық пен тонауды кәсіп еткен. Дегенмен, Ляңчжоу мен Дунхуаң бекіністері Хуаңхэ өзенінің батысында күшті дұшпанға қарсы тұруға жарайды. Ляңчжоудың аумағы кең, халқы аз, ежелден бері астық пен қару-жарақ жетіспейтін. Дунхуаң мен Цзюцюән бұдан да құр сүйек. Егер жоржандарды қайта қолдамай, солтүстік тарапты қаңлыларға жападан-жалғыз бере салсақ, батыс жақтан келетін бас ауру бірден көзге көрінеді.

Меніңше, жоржанның екі басшысы да [бізде] қалып қалсын. Анағай сәл шығыс жақта, ал Браһман батыс жақтағы шет аумақта тұрсын. Сарайды паналаған қандастарын солардың қарамағына бөліп беру қажет. Анағай тұрған жерді көрмеген едім, сол үшін онда орын алған істерді және жалпы жағдайды қазір айта алмаймын. Браһман Сихай аймағындағы1 көне бекіністі жасатуды һәм өзінің сонда тұруын талап етуде. Сихай аймағы бұрын Ляңчжоуға қарайтын, қазір Цзюцюән аймағына тәуелді. Ол Чжаң’еден солтүстік-батысқа 1200 шақырым, қаңлылар тұратын Алтын тауына 1000 шақырымнан көбірек келеді. Ол жер - солтүстік халықтар көлденең кесіп өте беретін жол түйіні. Бұрын Хән патшалығының жасақтары жүрген жолда тұр. Жерлері құнарлы, егін шаруашылығына сай келеді. Қазір Браһман осында тұрса, істерге пайдалы болумен қатар, солтүстік-батыс аумақты қорғайтын мәңгі қорғаныс торабын жасауымызға болады. Осы тұрғыда, жоржандарды осында орналастыру – іс жүзінде қаңлылардан қорғанудың шарасы. Бір-екі жылдан соң, жетерлік астық пен әскерлер пайда болады. Бұл – шекарамыздың ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қорғаудың әдісі. Егер Браһман өзіне қатты талап қойып, осында қалғандарды біріктіріп, бытырағандарды жинап, ұлысын қайтадан гүлдендіре алса, оны біртіндеп солтүстікке, Гоби шөлінің ар жағына шығарып (көшіріп), біздің әулетті қорғайтын күшке, қаңлылардың күшті дұшпанына айналдырамыз. Ол кезде солтүстік-батыс жақтан алаңдамаймыз. Егер ол бұрынғыдай опаға жапа қылып (сатқындық жасап), зымияндық және айлакерлікпен теріс айналса, қашқын қылмыстыға айналады. Бізге бұның не зияны бар? Қазір ертерек қамданайық. Олар біліп қалса, әуелі Сихэні2 иемденуі, сосын маңызды жерлерді тартып алуы мүмкін. Сонда Цзюцюән мен Чжаң’е аудандары қатерлі жағдайға түседі. Нәтижеде Хуаңхэ өзенінің батысындағы ұзыннан ұзаққа созылған жерлер мемлекеттің уысынан шығып кетеді. Әрекетті бастан жоспарламай, боларын күтіп алаңдасаң, өз кіндігіңді өзің тістей ала алмайтының сияқты, сәтсіздікке жолығамыз. Кейінгі өкініш өзіңе дұшпан болады.

Егер менің пікірім қабылданса, Ляңчжоу, Дунхуаң және Сихай аймақтарына елші жіберіп, тау асуларындағы маңызды жерлерді байқау, бекіністер мен күзет мұнараларының төңірегіндегі істерді тексеру, қанша әскер мен арғымақтың қажет болатыны жөнінде ақылдасу, астық, жем-шөп және құрал-жабдық жинау, аумақтарды бөліп белгілеу, тұратын жерді бекіту керек. Көктемде Сихай аймағының төңірегіндегі жерлерге дән себілсе, күзде бір жылға жететіндей астық шығады. Сонда ол жерге астық тасудың қажеті болмайды. Сонымен қатар, оның батыс және солтүстік тараптары шөл, жабайы жануарлар көп. Бұл – жоржандардың аң аулайтын жері. Олар жер егіп, аң аулап, өз-өздерін қамдай алады, өздерін толық қорғай алады. Қазірден бастап дайындалсақ, біраз зиян тартсақ та, бір жылдан кейін мол пайдасын көреміз. Қаңлылар шибөріге (қорқау қасқырға) ұқсайды. Оларға қалай ғана сенуге болады? Егер олар бас иіп, елдесеміз десе, тағы көңіл бөлуге және қабылдауға болады. Алайда, сарай алысты көздеп, абайлауы керек. Істі алдын-ала мөлшерлеген адам басқалардың көңілін аулай алады деген осы».

Сарай кеңесе келе оның пікірін дұрыс деп тапты. Көп өтпей, оны «лауазымдар бөлімінің жанауылы»3 етіп тағайындады және Чичжоу аймағының бегі етіп көтерді. Дегенмен, ол көп нәтиже жарата алмады.

Сяочаң жылдары (525-528 жж.) ол «оңтүстікті тыныштандырушы санғұн», жаршы, харем-бегі етіп тағайындалып, Шу Хэ екеуі сарайдың мұрағат кеңсесін басқарды. Юән Фән қабілетті, білімді, абыройлы һәм сыпайы болғандықтан, Лиң-патшайым4 оған Ибиде тонаушылық жасап жүрген дұшпандарға қарсы үлкен қосындармен жорыққа аттануды тапсырды. Юән Фән «Жорық жасау қажетсіз» деген хат ұсынды. Кейін Сяо Бао’ин5 Гуәнсиде қатты жеңілді. Юән Фән Гуәнси шайқасында өлген қолбасшылар мен сарбаздарды аза тұту, тірі қайтқандарды марапаттау, экономикалық жағынан қамдау туралы ұсыныс-хат жолдады. Ол кейін қазына-бегі етіп тағайындалды, көп өтпей зындан-бегі болды. Юән Фән «оңтүстікті тыныштандырушы санғұн» және диуанбегі деген мансаптарды «алтын және күлгін түсті тамғалар бағына ие беделді мансапты»6 деген мәртебеге қойылуын ұсынған хат жолдады. Ол кезде қоғамда тұрақтылық жоқтың қасы еді. Бір қарағанда, Юән Фән сырттай болмашы мансаптарды сұрағанмен, ішінен биік мансапты тілейтін. Оны танитындар таң қалды. Сөйтіп, оған «Құтлық-санғұн» деген мансап берілді. Вэй патшасы Сяомиң және Лиң-патшайым Хуалин бағында берген қонақасында уәзірлерге «Юән-диуанбегі менің Ду Юйым7. Осы тостақанды Юән мырза үшін көтердім. Қане, көтерейік» дегенде, қонақасында отырғандар іштерінен қызықты.

Юән Фәннің абыройы да, мансабы да асқақ еді. Сол уақыттарда білімді және дарынды азаматтар оны өте ұлықтайтын. Алайда, ол басқаларды мақтамайтын, көтермелемейтін, кейіннен көзге көрінгендерді шетке қағатын. Осы істерді байқағандар оны жаратпайтын болды. Ол Цзяниннің алғашқы жылы (528 ж.) Хеинде қастандықпен өлтірілді. Жазған 100-ден астам мақалалары ел ішінде таралды. Өлгеннен кейін оған жарлық тамғасын ұстаушы шағауыл, арбалы атты әскерлер санғұны, «сарайдың үш әміріне ұқсас мәмілені игіліктенуші» деген мансаптар берілді. Үлкен баласы Юән Баошу Удиң жылдары (543-550 жж.) «патшалық жерлер кеңсесінің әскери кеңесшісі» болды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1715 және 1717-беттер)

 

Сяочаң жылдарының ортасында Гуаңпиң бегі Юән Хуайдың үйін қазған кезде, бір ежелгі нефрит тамғасы шықты. Бұл зат арнайы шақыртылған Цзу Иң мен харем-ағасы Ли Янцзиге көрсетілді. Цзу Иң: «Бұл Удун (Хотан) бегі Цзин әулетінің Тайкаң жылдары (280-289 жж.) сарайға тарту еткен нефрит тамғасы екен» деді. Сияға сүркелген мөрді қағазға басып қараса, Цзу Иңнің айтқаны тура шықты. Кісілер оны «Көне жәдігерлерді жетік біледі екен» деп мақтап кетті.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1735-бет)

 

Сол кезде Ци патшасы Шең'у жоржандарға Вэй ханшасы Лән Лиңді ұзатқанда, Вэй Шоу8 «Қаланың қақпасынан шығу» және «Ханшаның жат жұртқа ұзатылуы туралы жыр» деген екі өлеңін жазды. Цзу Иң де оған жауап ретінде өлең жазып оқыды. Осы өлеңдер сол заманда ауыздан-ауызға тарқалды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1736-бет)

                      

1. Сихай аймағы (西海郡) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районының Еджине хошуны.

 (Бір томдық «Цыхай», 1832-бет)

 

2. Сихэ (西河) – екі мәні бар. 1) Ежелгі замандағы қытайша деректерде батыс аумақтарда оңтүстіктен солтүстікке аққан Хуаңхэ өзені «Сихэ» деп аталған. 2) Ежелгі аймақтың атауын көрсетеді. «Сәнго» (Үш патшалық) дәуірінде осы аймақтың аумағы қазіргі Шәнси өлкесінің Лиши, Чжуң'яң, Шилу, Фэн'яң, Цзесю, Лиңси аудандарын қамтыған.

(Бір томдық «Цыхай», 1832-бет)

  

3. Лауазымдар бөлімінің жанауылы (吏部侍郎) – патшалықтың мансаптыларын тағайындау, қызметтен босату, қызметтің нәтижелерін тексеру, қызметтерін ауыстыру істеріне жауапты орган «Мансап-тұтұқ шоғыры» деп аталған. Оған жауапты жоғары мансаптының қарамағында үш жыл істеген мансапты «жанауыл» деп аталған.

    (Бір томдық «Цыхай», 54 және 237-беттер)

 

4. Лиң-патшайым (灵太后) – Солтүстік Вэй патшасы Сюән'удің (Юән Кэ) ханымы Ху Ши, Вэй патшасы Сяомиңнің (Юән Шу) анасы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 503 және 505-беттер)

 

5. Сяо Бао’ин (萧宝夤) – Оңтүстік Ци патшасы Миңдидің (Сяо Луән) алтыншы баласы. Оңтүстік Ци патшалығы құлағаннан кейін, солтүстікке қашып, Вэй патшасы Сяомиңге бағынған. Сяочаң 3-жылы (527 ж.) 1-айда Пиңляң және басқа да аумақтарда бүлікшілерді басып-жаншыған уақытта ойсырай жеңілген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1049 және 1057-беттер)

 

6. Алтын және күлгін түсті тамғалар бағы (金印紫绶) – үш жоғары уәзір, ірі ұлықтар және санғұндарға берілетін.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасы, 4285-бет)

 

7. Ду Юй (杜预) – Батыс Цзин патшалығында өмір сүрген қолбасшы һәм ғалым. Тағы бір есімі: Ду Юәнкай. Дулиң ауданынан (қазіргі Шэнси өлкесі Сиән шаһарының оңтүстік-шығыс тарапы) шыққан. «Оңтүстікті тыныштандырушы санғұн» ретінде көптеген қызметтер атқарған. Бірнеше әйгілі шығарма жазып қалдырған.

(Бір томдық «Цыхай», 1256-бет)

 

8. Вэй Шоу (魏收) – «Вэйнама» жылнамасының авторы. Кезінде Вэй әулетінің жаршысы еді.

(редактор)

 

 

48. Ержу Руңның ғұмырнамасы

 

Бұрын Гаопиң бекінісіндегі Хэлан (Қыран?) Гуйен бүлік шығарып, теле тайпасының басшысы Хученді қолбасшы қылды. Ол «Гаопиң ханы» деп аталды һәм сөз жүзінде Войе бекінісінде тұрған қарақшылардың басшысы Полюхәндаоға бағынышты болды. Хучен Гаопиң бекінісін басып алып, бас санғұн Вәни-чононы Цзиңчжоу аймағын тонауға жіберді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1773-бет)

 

          Осылай үш Цин, Хэчжоу, Вэйчжоу, Гуачжоу1, Ляңчжоу, Кроран шаһарлары елдесті және бағынды. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1775-бет)

 

1. Гуачжоу (瓜州) – қазіргі Гәнсу өлкесі Цзюцюән қаласының батыс жағында болған аймақ. Орталығы қазіргі Дунхуаң қаласының батыс жағында болған. 

(Бір томдық «Цыхай», 1774-бет)

 

 

49. Хумоченөнің ғұмырнамасы

 

          Бұрын фейту тайпасындағы Вәнчи Шуроған, теле тайпасындағы Хулушамен, Жебамеету және Қиду Лиңилдің өз ұлыстары болған, өз-өздерін қорғайтын. Осы уақытта бәрі тізе бүгіп, бағынды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1803-бет)

 

          Хумоченө Дайцзюн аймағынан шыққан. Әкесі Браһман өгіз-түйелер басқарушысы болатын. Хумоченө Хуаңхэ өзенінің батыс жағында өсіп-өнген. Ол аң аулауға бейім, ат шабу және садақтан оқ атуға шебер болып жетілген. Бақташылар бүлік көтерген кезде, ол Ержу Руңның соңынан ерген. Ержу Руң оны кеңсенің әскери кеңесшісі етіп тағайындаған. Вэй патшасы Сяочжуаң билеген кезеңнің алғашқы мезгілінде «алтын және күлгін түсті тамғалар бағына ие болған кеңес-бегі» етіп тағайындалған. Божэн ауданының бегі деген мәртебе берілген.

          Ержу Тянгуаң Гуәнсиге1 жорық жасаған уақытта, Ержу Руң Хумоченөні Ержу Тянгуаңға оң-қол тұтұқ етіп қосты. Осы жорықта ол Ержу Тянгуаң және Хебайөмен2 бірдей қызмет көрсеткені үшін Сяңчжоу аймағының бегі етіп тағайындалды. Ержу Руң өлгеннен кейін, ол Ержу Тянгуаңмен бірге Луңси аумағына барды. Юән Е патша болған кезде ол Байшуй аймағының ұлығы болды. Путай жылы (531 ж.) Циңчжоу аймағының бегі болды. Ержу Тянгуаң шығыс тарапқа жорық жасап, Солтүстік Ци патшасы Шэн'умен соғыспақшы болды. Хумоченө мен Хебайө Луңси аумағына барып, патша Шэн'уге жәрдемдесті. Ержу Тянгуаң Юңчжоуда біржола жеңілді. Юңси жылдарының (532-534 жж.) басында «сарайдың үш әмірімен бірдей мәмілені игіліктенуші» болып, Луңюнің әскери істеріне бақылау жасады. Қосымша Циңчжоу аймағының бегі бола берді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1804-бет)

 

          Ляң Лән (Ляң Цзиңжуй) Цзинчең аймағынан шыққан. Кезінде оның ата-бабасы Әндиңдегі3 апаттан батыс цяңдарға қашқан, ұрпақтан-ұрпаққа тайпа басшысы болып келген. Үлкен атасы Ляң Му Фухән шаһарының атынан туйғұндарға бағынған. Кейін Вэй әулетіне бағынып, Линтао уәлиі деген мәртебеге жеткен. Атасы Ляң Хао мырза-бегі болып, Нән’ән ұлығы деген мәртебеге жеткен. Әкесі Ляң Чжао Хэчжоу мен Хуачжоу4 аймақтары және «Шиняң ауданының бегі» мәртебесіне жеткен.

          Ляң Ләннің отбасысы ірі бай болған, 1 мың жамбы алтын жиһазы бар-тын. Сяочаң жылдарының (525-528 жж.) алғашқы жылы Цинчжоу аймағында Мосиняншең және Хучен опасыздық жасады. Өздері шығарған қаржыға 3 мың әскер жинады һәм Хэчжоуды қорғады. Үлкен жасақтарға ілескен Ляң Лән бүлікті тыныштандырып, Ляңчжоу мен Хэчжоу аймақтары және Әнде ауданының бегі болды. Ляң Лән аймақтың бегі болғаннан кейін, қару-жарақты көптеп жасатып, әскерлерін іріктеді. Туйғұндар қорқып, тиіспейтін болды. Барлық адам «Ляң Лән бар жерде еш қимылдай алмайсың» десті. Юң'ән жылдары (528-530 жж.) патшаның жарлығы бойынша, бас жаршы лаңялық Ваң Хао Ляң Ләнді «ұрпақтан-ұрпаққа Хэчжоу аймағының бегі» етіп тағайындады. Юңси жылдары (532-534 жж.) лауазымы «аймақтың ұлығы» етіп өзгертілді. Датуң 2-жылы (536 ж.) оған бас қолбасшы мансабы берілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1806-бет)     

 

1. Гуәнси (关西) – Хәнгу бекінісінің батысындағы жерлердің ежелгі атауы.

(Бір томдық «Цыхай», 284-бет)

 

2. Хебайө (贺拔岳) – Солтүстік Вэй патшалығына көп қызмет көрсетіп, аймақтың бегі мәртебесіне жеткен.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 1800 және 1803-беттер)

 

3. Әндиң (安定) – орталығы қазіргі Гәнсу өлкесі Цзиңцюән ауданының солтүстігінде болған ежелгі аудан.

(Бір томдық «Цыхай», 1001-бет)

 

4. Хуачжоу (华州) – орталығы қазіргі Шәнси өлкесінің Хуасян ауданы болған ежелгі аймақ. 

(Бір томдық «Цыхай», 123-бет)

 

 

50. Гао Гуңцзидің ғұмырнамасы

 

          Ержу Руң жоржандарға қарсы жорық жасаған кезде, Гао Гуңцзи оның әскери қимылдарын қадағалады. Ержу Руң одан қатты қорқатын. 

          Гао Гуңцзидің ағасы Гао Цянцзи өз қызметшілерінің шаштарын ешқашан алғызбайтын. Ол әрдайым: «Олар да адам. Азаптасақ не болғаны?» дейтін. Гао Цянцзидің тағасы Журчи Монсун Ляңчжоу билеушісі болған, бірақ бұл тарихи кітаптарда жазылмаған. Сондықтан Гао Цянцзи 10 бумалық «Ляңнама» еңбегін жазып, елге таратқан. Ляң патшалығында будда діні кең таралған-ды. Ол сұхбаттар жасау арқылы буддизмді уағыздап, оны тоғыз діни ағымның бірі деді. Кезінде ел ішіндегі абыройлы адамдар тұс-тұстан буддизм туралы сұрақтарды қою арқылы Гао Цянцзидің аузына құм құймақшы болды. Ол оларға будда ілімімен жауап қайтарды. Нәтижеде Гао Цянцзиді бас игізе алмады. Кезінде күнтізбелердің біраз жері жетілмеген болатын. Гао Цянцзи оларды өзгертіп, басынан бастап жасады. Өз алдына бір ағым жаратты. Осы еңбегі қалың елге жайылмағанмен, білетін адамдар оны «Көп өнерлі адам» деп мақтайтын.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1831-бет)

 

          Жоржан көсемі Браһман Ляңчжоудан келді һәм бағынды. Ашаршылықтан оның халқы шекаралық шаһарларды тонады. Патшаның жарлығымен Фэй Му Браһманның көңілін аулауға барды. Олардың біреуі де қалмай елдесті. Келесі жылы олар тағы опасыздық жасап, Ляңчжоуды талан-тараж етті. Патша Фэй Муды қосымша диуанбегінің оң-қол уәзірі, «солтүстік-батыс жолының бас қолбасшысы» етіп тағайындап, басқақ-санғұн лауазымын сақтап, жорыққа аттандырды. Фэй Му Ляңчжоуға барса, жоржандар қашып кетіпті. Фэй Му адамдарына: «И-дилердің (жабайылардың) мінезі жануарға ұқсайды – дұшпанды көре сала қашады. Олардың жүректерін таза бір рет мыжымасақ, бізге тыныштық бермейді» деді. Ол атты әскерлерді іріктеп машықтандырып, таудың аңғарларына торуыл етіп жайғастырды. Жауларды адастыру үшін кәрі-құртаң жауынгерлерден сыртқы шеп ұйымдастырды. Дұшпанның салт атты тыңшылары көре сала үсті-үстінен келе бастады. Торуылдағы жасақтар тосыннан тиісіп, оларды талқандады.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1837-бет)

                  

 

51. Солтүстік Ци шатшалығының Чжаоцзюн бегі Гао Жуйдың ғұмырнамасы

 

          Хэциң 3-жылы (565 ж.) Солтүстік Чжоу патшалығының қосындары және түрктер Биңчжоуға басып кірді. Ци патшасы Учең сарай қызметшісі кейпінде қашпақшы болғанда, Гао Жуй сәйгүліктің тізгінін ұстап тұрып, насихат арқылы оны бұл әрекетінен тосып қалды. Ци патшасы Учең дұшпанға өзі қарсы тұрмақшы болды. Жасақтардың қимылдарына Гао Жуй басшылық қылатын болды. Сонымен бірге Дуән Сяосян бас жауапты етілді. Патша Учең және сарай қызметшілері қызыл сауыттар киіп, солтүстіктегі бекініске шықты. Жасақтардың шебі ерекше ретті еді. «Сендер Солтүстік Ци патшалығы былығып жатыр деген соң, біз шабуыл жасадық. Қазір Ци патшалығы адамдарының көздерінен қайсарлық көрінуде. Оларға қалай қарсы келе аламыз!?» деп түрктер Солтүстік Чжоу әулетінің адамдарын сөкті һәм кейін шегінді. Ауа-райы суық, жол тайғанақ болғандықтан, жүре алмаған қосындар Сиңлиң жотасын1 киіз салып өтіп шегінді. Түрктердің тұлпарлары арықтап, тізелерінен төмен жерде түктер қалмады. Ұлы қорғанға барғанша, өліп-құруға аз қалды. Олар найзаларын сындырып, аса-таяқ жасап қайтты. Осы соғыста аса сақтық танытқан Дуән Сяосян дұшпанмен бетпе-бет айқаспады. Алайда, жаулар Цзин'яң жақта қамалған әскерлерді бір адамды да қалдырмай қырып тастады. Қоғурсу Гуаң Сәндуйден2 қайтты. Патша қатты жеңілгендіктен, Қоғурсу Гуаңды құшақтап жылап жіберді.    

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1845-бет)

 

          Сол кезде Луңсидегі цяң тайпасы қайта-қайта бүлік көтеріп, тонаумен айналысты. Патша сарайы Гао Майды атақ-абыройы бар деп, Таочжоу аймағының бегі етіп тағайындады. Гао Май міндетіне кіріскеннен кейін, сескендіру және қамқорлық көрсету шараларын қолданғаны үшін бұқара халық пен илер (жабайылар) оны қолдап-қуаттады. Озбырлар мен айлакер алаяқтар ойына келгенін істей алмайтын, ешбір адамдар жолда кездескен нәрсені тартып ала алмайтын болды. Ол жұртты жақсы басқарғаны үшін тарту-таралғымен марапатталды. Кейін туйғұндар тонау шапқыншылығын жасаған уақытта, Гао Май сырқаттың салдарынан олардың сазайын тартқыза алмады. Жаулар алғысы келгенін тартып әкетті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1850-бет)

 

          Пиңчин бегі Гао Гуйян (Гао Жениң) – патша Шэн'удің туысқан інісі. Әкесі Гао Хой Солтүстік Вэй патшалығының аяғында қуғынға ұшырап, Ляңчжоуға жер аударылған. Хуаңхэ және Вэйшуй өзендерінің аралығында қарақшыларға тап болғанда, әскери жағынан қызмет көрсеткені үшін қудалау жазасы кешірілген. Хэчжоуда ұзақ уақыт тұрғаны және ғұздардың тілін білгені үшін Батыс өлкеге бас елші етіп тағайындалған. Ғұздардың сеніміне кірген. Қызмет көрсеткені үшін Хэчжоу аймағының уақытша уәлиі болып тағайындалған. Қызмет үстінде өлген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1856-бет)

 

1. Сиңлиң жотасы (陉岭) – қазіргі Шәнси өлкесі Дайсян ауданының солтүстігінде орналасқан. Бұрынғы заманда солтүстіктегі маңызды әскери өткелдердің бірі болған.

(Бір томдық «Цыхай», 329-бет)

 

2. Сандуй (三堆) – қазіргі Шәнси өлкесінің Цзиңле ауданының орнында болған ежелгі аудан.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

35-бет)

 

 

51. Ци патшалығы бектерінің ғұмырнамасы

 

          Хэцзян бегі Гао Сяовэн – Ци патшасы Вэнсяңнің1 үшінші баласы. Тянбао 1-жылы (550 ж.) оған Хэцзян бегі деген мәртебе берілген. Тянтуң жылдары (565-569 жж.) мырза-бегі дәрежесіне дейін көтерілген. Түрк қағандығының қосындары және Солтүстік Чжоу патшалығының әскерлері Тайюәнға еніп, Ци патшасы Учең шығысқа қашуға ұмтылған кезде, Гао Сяовэн сәйгүліктің алдын бөгеп: «Чжаоцзюн бегі Гао Чэнді қолбасшылық етуге жіберейік. Қосындардың қайраты бірден өршиді» деп ұсыныс берді. Патша Учең келісті. Гао Сяовэн дулығасын киіп, соғысқа аттанайын деп тұрғанда, патша адам жіберіп, оны қайтарып алды. Солтүстік Чжоу патшалығының қосындары шегінгеннен кейін, ол Биңчжоу аймағының бегі етіп тағайындалды.

          Ләнлиң’у бегі Гао Чаңгуң (Гао Сяогуән) – Ци патшасы Вэнсяңнің төртінші баласы. Мансабы үздіксіз өсіп, Биңчжоу аймағының бегі болды. Түрктер Цзиняңға шабуыл жасаған кезде Гао Чаңгуң жауларға күші жеткенше соққы берді. Маңшән тауынан2 айрылған уақытта Гао Чаңгуң әскери қоныстың қолбасшысы еді. Ол 500 атты әскерді бастап Солтүстік Чжоу қосындарының ішіне басып кіріп, Цзин'юң3 шаһарының қабырғасына дейін барды һәм қоршауға түсіп қалды. Жағдай қиындап кетті. Бекіністің қорғаушылары оны тани алмады. Ол дулығасын шешкен соң ғана оны таныған шаһарлықтар сатыны түсіріп, құтқарып алды. Сонымен шайқас ірі жеңіспен аяқталды.             

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1879-бет)

 

          Фән'яң бегі Гао Шао’и Бейсоны қорғау үшін қайтты. Солтүстік Чжоу патшалығының қолбасшысы Юйвен Шэнчжудың әскерлері Ма'и бекінісіне жақындады. Гао Шао’и Ду Миңданы алдыңғы тосқауыл қою үшін жіберді. Ду Миңда ойсырай жеңілді. Гао Шао’и: «Өлсек өлерміз, бірақ берілмейміз!» деп түрктерге қарай жүгірді. Әрең 3 мың түтін адамы бар-тын. Ол: «Қайтамыз деушілерге рұқсат» деді. Сонымен адамдарының үштен екі бөлігі көз жасын ағызып, онымен тізерлеп қоштасты.

          Түрк қағаны Табар Ци патшасы Вэнсюәнді «Қахарман тәңірзада» дейтін. Гао Шао’иде өз әкесіне ұқсас бір аяғында екі тобығы бар болатын. Соған түрктер оны жақсы көретін. Ци патшалығынан солтүстікке қашқан жұрттың бәрі Гао Шао’иға бағынды. Гао Баониң Иңчжоуда4 Гао Шао’иді патша болуын өтінген хат ұсынды. Гао Шао’и патша болып, жыл санауын «Упиң 1-жылы» деп жариялады. Чжао Му «Тяншуй бегі» етіп қойылды. Гао Баониңнің Пиңчжоуды5 алғанын естіген Табар-қаған: «Фән'яң бегі Гао Шао’иді Ци патшасы етіп көтереміз. Гао Шао’и үшін өш аламыз» деп адам жинап, әскер жөткеп, оңтүстікке шабуыл жасады. Солтүстік Чжоу патшасы Уди Юн'яңда6 көптеп әскер жинады. Ол солтүстік жорыққа шығудың алдында күтпеген жерден ауырып қайтыс болды. Бұны білген Гао Шао’и: «Тәңір орай берді» деп ойлады. Лу Чаңчи де Фән'яңді7 иемденіп, Гао Шао’иді қарсы алып, хат ұсынды. Көп өтпей, Солтүстік Чжоу патшалығының қолбасшысы Юйвен Шэнчжу Лу Чаңчиды жойды. Сол күні Гао Шао’и Ючжоуға барған-ды. Солтүстік Чжоу патшалығының башбұғы әскерлермен сыртқа кеткенін естіген ол орайды пайдаланып бос қалған Цзи қаласын басып алу ниетіне келді. Тәңірзаданың есімін өтіріктен пайдаланған ол Ян бегі Чжао-ваңның8 қабіріне шығып, алысқа көз тастап, әскерлерін жөткеді. Юйвен Шэнчжу бас санғұн Юйвен Еннің басшылығындағы 4 мың адамды Юйчжоуды құтқаруға жіберді. Ци патшалығының жасақтары осы адамдардың жартысын қырып салды.

          Гао Шао’и Солтүстік Чжоу патшалығының Фән'яң қаласын басып алғанын естіп, ақ киім киіп, аза тұтты. Әскерлерін қайтарған ол түрктердің қасына барды. Солтүстік Чжоу патшалығы Табар-хақанға пара берді һәм онымен келісу үшін Хэ Жойді жіберді. Табар-қаған Гао Шао’иді Солтүстік Чжоу патшалығына ұстап беруге қимайтын. Хэ Жойға тұтқындатып, Сычуәнға жер аударды.   

                                      («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1885-бет)

 

1. Патша Вэнсяң (文襄帝) – Солтүстік Ци әулетінің екінші патшасы Гао Чең.

(редактор)

 

2. Маңшән тауы (芒山) – қазіргі Цзяңсу өлкесі Даңшән ауданының оңтүстік-шығысындағы тау.

 («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 411-бет)

 

3. Цзин'юң (金墉) – қазіргі Хэнән өлкесі Лояң шаһарының шығыс тарапында болған ежелгі қала.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

546-бет)

 

4. Иңчжоу (营州) – қазіргі Ляониң өлкесінің Үлкен және Кіші Лиңхэ өзендері ағатын аумақ пен Люгу, Нуэр өзендері ағатын аумақты қамтыған аймақ. Орталығы қазіргі Чао'яң шаһары.

(Бір томдық «Цыхай, 1026-бет)

 

5. Пиңчжоу (平州) – орталығы Сяңпиң шаһары (қазіргі Ляониң өлкесінің Ляо'яң қаласы) болған аймақ. Солтүстік Вэй әулеті кезеңінде Иңчжоу етіп өзгертілген. Мұндағы Пиңчжоу дәл Иңчжоуды көрсетеді.

(Бір томдық «Цыхай», 41-бет)

 

6. Юн'яң (云阳) – қазіргі Ляониң өлкесінің Цзиң’яң ауданынан солтүстік-батыс тарапта болған ежелгі аудан.

(Бір томдық «Цыхай», 474-бет)

 

7. Фән'яң (范阳) – қазіргі Хэбэй өлкесі Диңсиң ауданының ежелгі атауы.

(Бір томдық «Цыхай», 573-бет)

 

8. Ян бегі Чжао-ваң (燕昭王) – «Соғысушы патшалықтар» дәуіріндегі Ян елінің басшысы. Аты-жөні Цзи. Әкесін Ци патшалығы өлтірген. Ол Чжао патшалығының жәрдемімен б.з.д. 311 ж. таққа отырып, Ян патшалығында реформалар жасаған. Б.з.д. 284 ж. бес патшалықпен бірлесіп, өш алу үшін Ци патшалығына шабуыл жасаған және 70 астам елді мекенді алған. Ол билік еткен кезең дәл Ян патшалығының ең нығайған мезгілі болатын.

(Бір томдық «Цыхай», 1242-бет)

 

 

53. Фу Фуның ғұмырнамасы

 

Ци әулетінің соңғы патшасы Гао Вэй Биңчжоуды беріп қойып, «сарайдың үш әмірімен бірдей құқықты игіліктенуші» Хе Сюң'әнді Табар-қағанға жәрдем сұрауға жіберді. Табар-қаған Ци патшалығының құлағанын естіп, Хе Сюң'әнді туйғұн елшісінен төмен орынға отырғызды. Наразылық білдірген Хе Сюң'ән былай деді: «Мемлекетім жеңілген шақта, бұндай арзымайтын жанның керегі не? Үн-түнсіз өлейін десем, Ұлы Ци әулетінде ұждан үшін өлген уәзірдің барлығын халқым ұқпай қалар ма екен деймін. Менің тілегім: қылышпен бір шауып жіберіңдер. Арамыздың алыс-жақындығы аян болсын». Табар-қаған оны құттықтап, 70 тұлпар беріп қайтарды.

Упиң жылдарының (570-576 жж.) аяғында Дайцзюн аймағынан шыққан Гао Баониң Иңчжоу аймағының бегі болып, Хуаңлуңды1 күзеткен. Хуасялықтар және өзге халықтар оны беделді һәм адал деп қарайтын. Чжоу патшасы Уди Ци патшалығын тыныштандырып, Гао Баониңге өз жағына өтуді ұсынған, хал-жағдайын сұраған хат жолдады. Алайда, Гао Баониң ұсынысты кері қақты. Фән'яң бегі Гао Шао’и түрктерді паналаған кезде, Гао Баониң оны патша болуға шақырған хат ұсынған-ды. Фән'яң бегі Гао Шао’и Гао Баониңды бас уәзір етіп қойды. Лу Чаңчи Фән'яңда шайқас жасағанда, Гао Баониң Гао Шао’и топтаған жат халықтар мен хуасялық әскерлердің ондаған мың адамын бастап жәрдемдесті. Қосындар Лухэ өзеніне2 барғанда, Солтүстік Чжоу патшалығының қолбасшысы Юйвен Шэнчжудың Фән'яң халқын қырып-жойғанын біліп, Хуаңлуңға қайтты және сол жерді күзетті. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1932-бет)        

 

1. Хуаңлуң (黄龙) – қазіргі Ляониң өлкесі Чао'яң қаласының орнында болған ежелгі бекініс.

(Бір томдық «Цыхай», 1657-бет)

 

2. Лухэ өзені (潞河) – қазіргі Бейжің қаласына қарайтын Туңсян ауданындағы өзенге сәйкес келеді.

(Бір томдық «Цыхай», 993-бет)

 

 

54. Қоғурсу Цзиннің ғұмырнамасы

 

Қоғурсу Цзин (Қоғурсу Алтын) Сочжоу аймағындағы теле тайпасынан шыққан. Үлкен атасы Пихолы Солтүстік Вэй патшасы Дао’удың заманында ішке [Қытайға] келіп, сарайға бағынған. Мансабы «ұлы очин», мәртебесі «Меңду ұлығы» болған. Атасы Пан-текин диуанбегі болған. Әкесі Нағай кеңес-бегі болған, ал өзі өлген кезде «бас сәулетші» деген атақ берілген.

Қоғурсу Алтын көңілі түзу, сөзі ашық адам еді. Ат мінудің және садақтан оқ атудың шебері болатын. Соғыс барысында ғұндардың тәсілін қолданатын. Тозған топыраққа қарап, қанша атты әскер, қанша жаяу әскер өткенін біле алатын. Жер-топырақты иіскеп ғана әскерлердің қаншалық алыста екендігін білетін. Басында қолбасшы болған кезде, Хуайсо бекінісінің қолбасшысы Яң Цзюнмен бірге жоржан басшысы Анағайды апарып қойған. Анағай Қоғурсу Алтынның саятқа шығып, оқ атқанын көріп, оның шеберлігіне таң қалған-ды. Полю Ханбалиң бүлік көтерген уақытта, адамдарын бастаған Қоғурсу Алтын оған бағынды. Ол Қоғурсу Алтынды бек етіп белгіледі. Қоғурсу Алтын Полю Ханбалиңның ақыры жеңілетіне көзі жетіп, әскерлерін бастап одан теріс айналды және Юнчжоу аймағына1 кетті. Солтүстік Вэй патшалығы оны екінші қолбасшы етіп тағайындады. Ол күзде астанаға сәлемдесуге барып, көктемде тайпасына қайтатын. Сондықтан ол Хаңғутқа ұқсас уәзір деп аталды. Қоғурсу Алтын әскерлерімен бірге біртіндеп оңтүстікке жылжып, Хуаңгуадуйда Дуложудан жеңілді. Сосын ағасы Қоғурсу Пиңмен бірге Ержу Руңге бағынып, басқақ-санғұн болды. Вэй патшасы Сяочжуаң таққа отырып, Қоғурсу Алтынға Фучең бегі, «алтын және күлгін түсті тамғалы кеңес-бегі» деген мансап-мәртебелер берді. Ци патшасы Шэн'у астыртын Ци әулетін құруды жоспарлады. Қоғурсу Алтын осы жоспарды жақтады.

Тайчаң жылдарының басында (532 ж.)  ол Фэнчжоу аймағының2 бегі болды. Бек деген мәртебеге көтерілді. Ци патшасы Шэн'умен бірге Хэси өңірінде (қазіргі Гәнсу өлкесі) Қедолиңді жеңді.

Ша'юән шайқасында жер бедерінің қолайсыздығына байланысты, Ци патшасы Шэн'у сәл кейін шегінген-ді. Осыны пайдаланған Батыс Вэй патшалығының жасақтары шабуылға өтті. Ци патшасы Шэн'удің қосындары күйреді. Чжаң Хуа'юән тізім дәптері бойынша түгендеп көрсе, ешбір дыбыс шықпады. Патша Шэн'у әскер топтастырып, тағы соғыспақшы болды. Сол кезде Қоғурсу Алтын: «Адамдар шашырап кетті. Бәрі де қашып жатыр. Бұндай ахуалда оларды тағы соғысуға жіберуге болмайды. Дереу Хуаңхэ дариясының шығыс жағына шегінуіміз керек» деді. Патша Шэн'у аттың үстінде үнсіз тұрды. Қоғурсу Алтын атты қамшымен бір ұрған соң ғана Ци патшасы Шэн'у шегінді. Содан қосындар оңбай жан-жаққа бытырады. 80 мың көк сауытты қолбасшылар мен сарбаздар шығын болды. Хо Цзиң шашырап кеткен адамдарды жинады. Батыс Вэй патшалығының бір балуаны шоқпарын алып, Хуаңхэ өзеніндегі көпірді күзетті. Қалың сауыт киген оған оқ дарымайтын. Хэ Бажэн оның бет бұрғанын пайдаланып, оқ атып өлтірді. Осы ұрыста Қоғурсу Алтын алдын-ала шегінуді талап етпегенде, қосындар күйрейтін еді. Чжоу патшалығындағы Гао Чжуңми опасыздық жасап, Батыс Вэй патшалығына қашты. Юйвен Тай Лояң шаһарын шабуылмен алған кезде, Қоғурсу Алтын патша Шэн'уге ілесіп, оларды жеңді. Қайтқаннан кейін ол бас қолбасшы етіп тағайындалды, «Шичең инанчи-ұлығы» деген мәртебе берілді.

Қоғурсу Алтын адал және ақ көңіл еді. Хат танымайтын. Өз аты-жөні «Дун» еді. Осы есімін жаза алмай қиналған соң, «Цзин» етіп өзгертті. Өйткені бұлай жазу оңай еді. Соның өзінде әрең жазатын. Сыма Цзыжоу «Цзин» деген жазуды үй суретіне ұқсатып сызып, әрең дегенде үйреткен. Ци патшасы Шэн'у оны адалдығы үшін жақтыратын. Ол баласы Вэнсяңға: «Сен жұмсайтын адамдардың басым көпшілігі хуасялықтар (қытайлар). Егер біреуі Қоғурсу Алтын туралы жаман сөз айтып келсе – сенбе» деп әрқашан ескертетін.

Патша Вэнсяң Шэн'удің мұрагері аталған мезгілде Қоғурсу Алтын Сычжоу аймағының бегі еді. Патша Вэнсюән таққа отырған кезде, оған «Сян’яң инанчи-ұлығы» деген мәртебе берілді.

Тянбао 3-жылы (552 ж.) ол таға-бегі етіп тағайындалды. Келесі жылы аймақтың бегі лауазымынан босатылып, таға-бегі дәрежесімен Цзин'яңға қайтарылды. Патша Вэнсюән күймеге отырып, ол тұрған жерге барды. Сарайдың күллі уәзірлерімен бірге хал сұраған ол түн жарымда тарады. Патша Вэнсюән қуанып, Қоғурсу Алтынның екінші баласы Қоғурсу Феңлені жасауылдардың бас санғұны етіп тағайындады. Оған 5 мың бума тоқыма бұйымдарын сыйға тартты. Сондай-ақ Қоғурсу Алтынға: «Сіз патшаға қолқанат болып, үлкен қызмет көрсеттіңіз. Әке-бала екеуіңіз адалсыздар. Солтүстік Ци патшалығын қорғау үшін сіздермен құдаласып, мәңгі Солтүстік Ци әулетінің уысында болуым керек» деді. Қоғурсу Алтынның немересі Қоғурсу Вудуға Иниң-ханша ұзатылды. Той күні патша Вэнсюән ханшайыммен бірге Қоғурсу Алтынның үйіне барды. Ханым, тақ мұрагері, сарайдың барлық өкілдері бірге барды. Патша Вэнсюән оны осылай құрметтеген. Кейін жоржандар түрктерден жеңіліп, жан-жаққа шашырады. Патша жоржандардың шекараға басып кіруінен алаңдап, олардан сақтану үшін Қоғурсу Алтынды Байдаоға орналасуды бұйырды. Көптеген жоржандарды ұстап алған ол бұл халыққа шабуыл жасауға болатынын мәлімдеді. Патша Вэнсюән Қоғурсу Алтынмен бірге жоржандарға қарсы жорық жасады. Сосын патша оны оң-қол уәзір етіп өсіріп, Цичу аймағынан жиналатын алым-салықты өзіне жұмсауға рұқсат берді. Сосын ол сол-қол уәзір лауазымына дейін өсірілді. Патша Вэнсюән өмірінің соңында мінезі бұзылды. Ат шаптырып, Қоғурсу Алтынның көкірегіне өтіріктен үш рет найза салды. Қоғурсу Алтын теңселместен тұра берді. Оған 1 мың бума мата сыйланды.                                                  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1966-бет)

 

Қоғурсу Сян (Қоғурсу Феңле) бозбала уақытында алғыр да зерек, ат міну және жебе атудың шебері болатын. Хэчиң 3-жылы (564 ж.) ол тұтұқ пен Юйчжоу аймағының бегі болған. Сол жылы 100 мыңнан астам түрк Юйчжоуға шабуыл жасады. Қоғурсу Сян барлық қолбасшыларын бастап қарсылық көрсетті. Оның жасақтарының ретпен тұрғанын (сап құрғанын) көрген түрктер соғысуға беттей алмай, елші жіберіп, бітім жасасу және елдесуді талап етті.

Тянтуң 1-жылы (565 ж.) 5-айда Түрк қағанының елшілері Ци патшалығына келіп, патшаға тағзым етіп, ұлпан тапсырды. Содан соң жыл сайын үзбей ұлпан жіберіп тұрды. Қоғурсу Сян қызмет көрсеткендіктен, «башбұқтың жанама-бегі» деген мансап берілді. Түрктер шекараға көп рет шапқыншылық жасағандықтан, Қоғурсу Сян Кутуйшудың шығыс жағынан теңізге дейінгі 2 мың шақырымнан астам өңірдегі маңызды жерлердің бәріне, тауды жарып, бекіністер жасатқан, тау жылғаларын бекітетін қорғаныс шебін құрған. Сондай-ақ шарлаушы-күзетшілер тұратын 50 шақты үй салған. Ол Гаоляң өзенінен су алып, солтүстікте Ицзиңмен3, шығыста Лушуй өзенімен4 жалғастырып, жер суарған еді. Жалпы, халық та, жеке адам да бұның пайдасын көрді. Юйчжоу жерінде шекараны қорғау үшін 2 мың жылқы баққан және 3 мың әскер ұстаған ол «Оңтүстіктің хақаны» деп аталған.

Тянтуң 4-жылы (568 ж.) оған «башбұғтың диуан-бегісі» деген міндет, Гаочең ауданының бегі деген мәртебе берілді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 6-том, 1972-бет)     

             

 

1. Юнчжоу аймағы (云州) – Солтүстік Вэй әулетінің Юңси жылдары (532-534 жж.) Шочжоу аймағынан өзгертіліп негізі қаланған аймақ. Орталығы қазіргі Шәнси өлкесі Цисян ауданының батыс жағында орналасқан. 

(Бір томдық «Цыхай»,  473-бет)

 

2. Фэнчжоу аймағы (汾州) – Солтүстік Вэй әулетінің Тайхэ 12-жылы (488 ж.) негізі қаланған. Орталығы қазіргі Шәнси өлкесінің Сисян ауданы болған.

(Бір томдық «Цыхай», 898-бет)

 

3. Ицзиң (易景) – қазіргі Хэбэй өлкесі Баодиң қаласының солтүстігінде болған бекіністің атауы.

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-дәптер, 55-56-беттер)

 

4. Лушуй өзені (潞水) – қазіргі Бейжің шаһарының шығысындағы өзен.               

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-дәптер, 55-56-беттер)

 

 

55. Ваң Цзюннің ғұмырнамасы

 

          Жоржан қолбасшысы Янлуғчин шығысқа көшті. Ваң Цзюн әскерлерін торуылға қойып, оны ойсырата жеңді. Янлуғчин қашып құтылды. Ваң Цзюннің міндеті диуанбегіге дейін жеткен еді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 1997-бет)

 

          Ци патшасы Сяочжао бас уәзір болған кезде, Таң Юн бас уәзірдің орынбасары етіп тағайындалды.

Хуаңцзян 1-жылы (560 ж.) харам-ағасы болып тағайындалды.

Даниң 1-жылы (561 ж.) қаржы уәзірі1 етіп тағайындалды.

Хэчиң 1-жылы (562 ж.) түрктер келіп, талап-тонады. Бұйрыққа сәйкес, Таң Юн пошта арбасына отырып, Цзин'яңға әскер жинауға барды. Жолда түрктердің жақындағанын естіп, ахуалға қарай патшаның жарлығын өзгертіп, белгіленген мерзімнен бұрын әскерлерді жинап үлгерді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2002-бет)

 

 

1. Қаржы уәзірі (大司农卿) – қаржы, астық, мал, тұз және темірлерді меңгеретін мансапты.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасының «Мансаптылардың баяны» бөлімі, 4174-бет)

 

 

56. Вэй Ләнгэннің ғұмырнамасы

 

          Чжеңгуаң жылдарының (520-525 жж.) аяғында диуанбегі Ли Чуң бас тұтұқ болып, жоржандарға қарсы жорық жасаған кезде, Вэй Ләнгэнді1 көмекшісі етіп алды. Вэй Ләнгэн Ли Чуңге мынадай кеңес берді: «Шекара бойындағы әскери бекіністердің басқаратын жерлері кең һәм алыс. Жаңадан құрылғанда жер кең, адам аз болғаны себепті, жергілікті мансаптылардың біразы Орталық жазықтан (Қытайдан) жөткелген күшті үйлердің перзенттері болған. Біразы сарай ұлықтарының ең сенімді кісілері еді. Ұзақ жылдардан бері сарайдың тиісті мекемелері шындыққа кері қимылдап, оларды «құл» көріп, малай ретінде пайдаланды. Некелесу істерінде дәрежеге бөлді, шектеу қойды. Сонымен олар бұрынғы абыройлы да ақсүйектік орындардан мақрұм қалды. Алайда, бұрынғы үй-жамағаттардың өзге адамдары құлпырып жайнады, дәурендеді. Ережеге сәйкес айтқанда, бір үйдің адамдары әртүрлі жерде әртүрлі күн көріп жатқандықтан, күңкілдеу мен наразылықтың шығуы қисынды. Сол үшін әскери бекіністерді өзгерту және аймақ пен аудандарды құру керек. Басыбайлы малайларды қатардағы азаматтар етіп өзгерту және шара қолдану, тепе-тең тұрмыс өлшемдерін енгізу керек. Осы шаралар жүзеге асырылса, мемлекет солтүстіктің қауіпсіздігіне алаңдамаса да болады». Ли Чуң бұл пікірді патшаға білдірді. Алайда, бұдан нәтиже шықпады, қабылданбады.  

  («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2046-бет)

 

 

1. Вэй Ләнгэн (魏兰根) – Солтүстік Ци патшалығында өмір сүрген атақты тарихшы Вэй Шудың тағасы. Диуанбегі мекемесінің оң-қол жанама-бегі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2046-2047-беттер)

 

 

57. Чжоу патшалығы әулетінің шежіресі

 

Әр жылы Хуаңхэ өзенінің сулары толық мұз құрсанғаннан кейін, түрктер келіп, талан-тараж жасайтын. Бұрын халықты ылғи бекіністің ішіне алдын-ала жасыруға тура келетін. Юйвен Се Суйчжоуға барып, «Барлық адам өз үйлерінен қозғалмасын» деп бұйырды. Маңызды жолдардың бірнеше жүз жерінде отын-ағаш үйілді, түрктердің әрекеттерін байқау үшін шалғай жерлерге барлаушылар жіберілді. Сол жылы 12-айда түрктер талап-тонау үшін Лянгуден1 шыға келді. Шекараға бірнеше шақырым қалғанда, Юйвен Се үйілген отындарға бірдей от жаққызды. Оттың жалынын көрген түрктер: «Көп қосындар келіп қалыпты» деп шегінді. Олар есеп-қисапсыз төрт түлік мал мен құрал-жабдықтарды қалдырды. Содан кейін түрктер келе алмайтын болды. Юйвен Се осы жерлерді қорғау үшін әскер жіберуді талап етті. Ол өлген кезде, «тақ мұрагерінің ұстаз-бегі»2 (аталық) еді. Оның өліміне Чжоу патшасы Вэнди өзі барып жылады, аза тұтты. Ол Шуйчи ұлығын мәйітті соңғы сапарға аттандыру үшін қадағалаушы етуді бұйырды. Юйвен Сеге «Цзиң» деген ат берілді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2071-бет)

 

          Юйчжоулық Лу Чаңчи және басқа адамдар опасыздық етіп, Фән'яң шаһарын басып алған соң, Чжоу патшасы Уди Юйвен Шэнчжуге оларды басып-жаншуды бұйырды. Лу Чаңчи тұтқындалды. Ци әулетінің харам-ағасы Лу Сыдао да бүлікшілердің арасында болатын. Бүлік жаншылған соң, ол киімі шешіліп, өлім жазасына кесілуі керек еді. Алайда, Юйвен Шэнчжу оны босатып, оған әдеппен мәмілесіп, жазбаша өтініш жазғызды. Бағынышты ел Цзи ғұздары3 теріс айналып, Хэсиді шабуылдады. Юйвен Шэнчжу мен Юе бегі Юйвен Шең оларға қарсы жорық жасады. Сол кезде түрктер әскер шығарып, ғұздарға жәрдемдесті. Юйвен Шэнчжу торуыл қойып, тосыннан соққы берді. Түрктер жеңіліп қашты. Цзи ғұздары бітімдесуге келді және берілді. Юйвен Шэнчжу Биңчжоудың башбұғы етіп тағайындалды. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2076-бет) 

 

1. Лянгу (连谷) – қазіргі Шэнси өлкесі Шэнму ауданының солтүстігіндегі жердің ежелгі атауы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 858-бет)

 

2. Тақ мұрагерінің ұстаз-бегі (太子太保) – тақ мұрагеріне жетекшілік ететін, ұстаздыққа жауапты мансап (аталық).

(Бір томдық «Цыхай», 380-бет)

 

3. Цзи ғұздары (稽胡) – қазіргі Шәнси және Шэнси өлкелерінің солтүстігін мекендеген ғұндардың бір тармағы.

(«Ұлттар сөздігі», 2107-бет)

 

 

59. Ли Сяннің ғұмырнамасы

 

          Баодиң 4-жылы (564 ж.) Солтүстік Чжоу патшалығының қосындары шығысқа жорық жасады. Алайда батыс тарап қорғансыз қалған-ды. Патша цяңдар мен ғұндардың баса-көктеп шапқыншылық жасауынан алаңдап, Ли Сянді Хэчжоудың башбұғы етіп тағайындады. Бұрын Хэчжоуда башбұғ болмаған. Бұл – башбұғ мекемесінің тұңғыш рет құрылуы еді. Ли Сян астық тасымалын азайту үшін кең көлемде тың жерлерді игерді. Жат қауымдардың талан-тараж етуінен сақтанып, жан-жаққа шарлаушыларды көп қойды. Соған цяңдар мен ғұндар шапқыншылық жасамады.

          Баодиң 5-жылы (565 ж.) Даңчаң цяңдары шекараға шабуыл жасады. Даңчаң цяңдарының шабуылын қайтару үшін Таочжоуда башбұғ мекемесінің негізі қаланды. Сонымен Хэчжоу башбұғы істен қалдырылып, Ли Сян «Таочжоу башбұғы» болды. Бағынған цяңдар көп рет шабуыл жасап, дүрбелең шығарды. Ли Сян оларды көп рет жеңді. Қарақшылар қаймығып, шекараға шапқыншылық жасай алмайтын болды. Көп өтпей, Таочжоу башбұғы істен қалдырылып, Хэчжоуда қайтадан башбұғ мекемесі құрылып, Ли Сян тағы да башбұғ болды.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2107-бет)

 

          Солтүстік Вэй әулетінің Чжеңгуаң жылдарының (520-525 жж.) аяғында қоғам бей-берекетсізденіп, теле қарақшысы Хучен Юәнчжоу аймағына1 шапқыншылық жасау үшін жақындап келді. Ағалы-інілі Ли Сян мен Ли Юән екеуі жерлестерін бастап қарсылық көрсетпекші болды. Алайда, көпшіліктің ойы бір жерден шықпады. Қылышын қос қолмен ұстаған Ли Юән: «Кімде-кім басқа ойда болса, басы шабылады!» деп дауыстап айғайлады. Көпшілік бұдан қорқып, Ли Юәннің бұйрығымен қасам ішті. Жұрт бекініске тығылып, қарсылық көрсетті.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2110-бет) 

 

1. Юәнчжоу аймағы (原州) – орталығы Гаопиң (қазіргі Ниңся-Хойцзу автономиялы районның Гу'юән ауданы) және көлемі қазіргі Ниңся-Хойцзу автономиялы районы Гу'юән ауданынан Гәнсу өлкесінің Пиңляң ауданына дейінгі аумаққа сәйкес келеді.

(Бір томдық «Цыхай», 151-бет)

 

 

60. Юйвен Гуйдың ғұмырнамасы

 

          Учең жылдарының (559-560 жж.) алғашқы мезгілі Юйвен Гуй мен Хэ Ләнсяң туйғұндарға қарсы жорық жасады. Әскерлер қайтқаннан кейін, Юйвен Гуйге «Шуго ұлығы» деген мәртебе һәм қарамағына 10 мың түтін бұқара берілді. Бұрынғы мәртебесі баласына мұраға қалдырылды. Бас сәулетші-бегі және бас уәзірдің орынбасары, сосын бас уәзір, одан соң кеңесші лауазымдарына дейін көтерілді. Баодиңның соңғы жылы түрктерге елші болып барып, ханымды қарсы алды. Тянхэ 2-жылы (567 ж.) Чжаң’еге қайтқанда өлді. Аталық1 деген мансап пен «Моу» деген атақ берілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2139-бет) 

 

 

1. Аталық (太傅) – елді басқару істерінде патшаның жетекші ұстазы болатын мансапты.

(«Кейінгі Хәннама» жылнамасының «Мансаптылар ғұмырнамасы» бөлімі, 4136-бет)

      

 

61. Ду Гусиннің ғұмырнамасы

 

          Жоржандар баса-көктеп кіргендіктен, Ду Гусин Хэ'яң ауданын1 қорғауға көшірілді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2169-бет)

 

          Солтүстік Вэй патшасы Сяо’у таққа отырды. Жоржан секілді қауымдар елші жіберіп сәлемдесті және ұлпан тапсырды. Патша Сяо’у өзі сыртқы сарайға шығып, оларды қонақасыға шақырды.    

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2174-бет)

 

          Батыс Вэй патшасы Гуңдидің 1-жылы (554 ж.) Ду Гусинге «Гуаң’у инанчи-бегі» деген мәртебе берілді. Бағынған жоржандар Гуаң’уға шабуыл жасаған сәтте, Ду Цзи2 және «ел тіреушісі» Чжао Гуй екі бағытқа бөліне жорыққа шықты. Жоржан әскерлері шегіне бастады. Ду Цзи Хуаңхэ өзенінен өтіп, Чуфу шатқалында жоржандарды қуып жетті және ойсырата жеңді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2175-бет)

 

          Түрк қағаны Ішбара шекараға шабуыл жасады. Ду Жуңдиң жорыққа шыққан жасақтардың бас қолбасшысы еді. Ол башбұғпен бірге Ляңчжоудан жолға шығып, Гаоюй’юән деген жерде түрктермен соғысты. Екі тарап бір-біріне қарама-қарсы сап түзеді. Олар бір-бірінен қалыспайтын. Ол жер сусыз болып, әскерлер шөлдеп, ығыры шықты. Тіпті аттың қанын ағызып ішті. Әрбір 10 адамның екі-үші қаталап (шөлдеп) өлді. Ду Жуңдиң көкке қарап мұңын шалып еді, демде жаңбыр жауды. Әскерлер қайтадан жанданды. Алға атылып, түрктердің алдыңғы шеп қосындарын көп шығынға ұшыратты. Одан сескенген түрктер одақтасып кері қайтты.     

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2177-бет)

 

          Кезінде Ци әулеті және Чжоу әулеті өзара таласып, әр жылы соғысып тұрды. Екі тараптың әрқайсысы түрктермен одақ құрып, оларды сыртқы жәрдемші (одақтасы) етті. Әуелгіде Түрк қағаны өз қызын Солтүстік Чжоу патшасына ұзатпақшы болған-ды. Сол тұста Ци әулеті өте көп дүние-мүлік беретіндігін, қыз сұрап елші жіберетінін шын көңілден білдіріп тұрып алды. Бұндай ахуалда түрктер некені өзгертпекші болды. Сарай түрктерге Яң Цзян және басқа кісілерді көп рет елші етіп жіберіп, олармен одақтасты. Арада он шақты рет жол жүріп, қайтадан бұрынғыдай жарасып кетті. Ханшаны көшіру үшін адам жіберетін кезде, түрктердің өз сертінен айнуынан алаңдады. Сондықтан әрі беделді уәзір, әрі патшаның туысқаны болған, абыройы да биік Ду И елші етіп жіберілді. Ду И түрктерге барса, Ци әулетінің елшілері де сонда жүр екен. Алайда, Түрк қағаны және уәзірлері әлі бір шешімге келмепті. Ду И Түрк қағаны мен уәзірлерін құқық жағынан қатты жазғырды. 10 күн сұхбаттасып алысып, бір шешімге әрең келтіріп, нәтижеде ханшаны алып қайтты. Оны марапаттауды ойластырған патша сарайы бұрынғы мансабына қосымша тағы «Чиңду ауданының ұлығы», «мемлекеттік қайраткер» деген мансап-мәртебелер берді. Кейін оған Туңчжоу аймағының3 бегі, Пучжоу4 және Цзинчжоу5 аймақтарының башбұғы міндеттерін атқару тапсырылды, «мемлекет тіреушісі» деген мансап берілді. Сарайға еніп, бас қолбасшы болды. Суй әулетінің Кайхуаң жылдарының алғашқы жылы (582 ж.) Диңчжоу башбұғы болды.         

   («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2179-бет)

 

          Чжоу патшасы Миңдидің Учең жылдарының бастапқы мезгілі (559 ж.) туйғұндар Ляңчжоуды талап-тонады. Бұйрыққа сәйкес, Хэ Ләнсяң мен Юйвен Гуй әскер шығарып қарсы тұрды. Хэ Ләнсяң өз кеңесшісін туйғұндарға жіберіп, оларға жорық жасау туралы жарлықты жариялады. Ол Туйғұн билеушілері Гуаңдиң және Чуңлюмен соғысты һәм оларды жеңді. Туйғұндардың Тао'яң мен Хуңхэ екі шаһары басып алынып, бірлестірілді және Таочжоу аймағы құрылды. Хэ Ләнсяң батыс шекараны бейбіт күйге келтіріп, жасақтарды реттеп қайтты. Ол «Ляңго ұлығы» деген мәртебеге дейін көтерілді.     

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2181-бет)

 

          Датуң 16-жылы (550 ж.) Даңчаңда бүлік көтерген цяң тайпасының басшысы Ляоган цяң билеушісі Миңдиді қуып жіберіп, өзі патша болды. Сондай-ақ ол Панчитсун және Чжең Учу деген кісілермен бірікті. Батыс Вэй патшасы Вэнди Ши Ниңге әскерлер бастап Юйвен Гуй және Доу Луниңмен6 бірге қосылып, басып-жаншуды бұйырды. Ши Ниң Ляоганға тұтқиылдан шабуыл жасап көрді. Алайда, таудың жолы қатерлі, жүру қиынға түсті. Жалғыз аяқ жолда атты әскерлер бір-бірінің артынан тізіліп ғана жүретін. Ляоган маңызды жерлерді бекітіп қойды. Ши Ниң адам жіберіп, тосқауылдарды бұзды. Ляоган бірнеше жүз атты әскермен бірге қашып шығып, шеңцяңдық Гуң Лянюны паналады. Миңди де әрең дегенде өзінің билеуші орнын қалпына келтірді. «Ляоганды ұстай алмадым» деген Ши Ниң әскерлерін ілестіріп, цяңдарды қатты жеңіліске ұшыратты. Ляоганды тірідей ұстап, сазайын тартқызып өлтірді. Сонымен бір уақытта ол Гуң Лянюді тұтқындап, сарайға жөнелтті. Қолға түскен олжалар қолбасшылар мен сарбаздарға сыйға берілді, өзі ешнәрсе алмады. Жорықтан қайтқан Ши Ниң және оның адамдары Хэ'яңды қорғауға жіберілді.

          Бұрын Ши Ниң Ляңчжоуда жүргенде, руңдар мен илер оның абырой-шапағатын ардақтайтын еді. Ол Хэ'яңді қорғауға жөнелтілген соң, шекаралық аумақтың халқы оны өте сағынып, оған алғыс жаудырды. Вэй патшасы Фейдидің 1-жылы (551 ж.) ол Ляңчжоу, Гәнчжоу7, Гуачжоу деген үш аймақтың әскери басшысы, Ляңчжоу аймағының бегі болып тағайындалды. Бұрын жоржандар Вэй әулетімен құдаласқан-ды. Кейін өзгеріп жалтарды. Көп өтпей, түрк қауымы оларды жеңіп, олардың басшысы Анағайды өлтірді. Жан-жаққа қашқан жоржандар Анағайдың ұрпақтарына тағы қызмет көрсетті, сондай-ақ Хуаңхэ өзенінің батысында тонаушылықпен шұғылданды. Әскерлерін аттандырған Ши Ниң тосқауыл қойып, соққы берді. Нәтижеде Анағайдың ұрпағы саналған екі кісі және тайпаның ақсақалы тұтқындалды. Содан бастап Ши Ниң әрбір шайқаста оларды жеңіп отырды. Бұның алды-артында ондаған мың адам келіп қосылды. Ши Ниңнің мәртебесі «қайырымды-бек» етіп өсірілді. Екінші жылы ол Ци патшалығына жіберілген туйғұндардың елшісін ұстап алды. Ши Ниң бас санғұн етіп тағайындалды. Кейін ол Чжоу патшасы Вэндиге адам жіберіп, нұсқау сұрады. Чжоу патшасы Вэнди үстіндегі киім, бөрік, садақ-жебе, сауыттарын шешіп, Ши Ниңге тарту етті. Патша оның жіберген адамына: «Менен Ляңчжоуға (Ши Ниңді демекші) рахмет айт. Киімдерімді беріп жібердім, кисін. Билік істерін тапсырдым, істесін. Шын көңілімнен істің жақсы басталып, нәтижелі болуына үміт етемін. Өзі сіңірген еңбегіне және абыройына кір келтірмесін» деді.

          Түрк қағаны Мұқан туйғұндарға шабуыл жасамақшы болып, жол беруді сұрады. Чжоу патшасы Вэнди Ши Ниң бастаған атты әскерлерге бірге баруды бұйырды. Қосындар Фәнхэ8 деген жерге барған кезде, туйғұндар сезіп қалып, Оңтүстік тауға қашты. Мұқан-қаған қуғыншы әскерлер жіберді және барлық қосындарға Көкнұрға шоғырлануды тапсырды. Ши Ниң Мұқан-қағанға: «Шудун9 мен Хэчжэн деген екі қала – туйғұндардың ұясы. Олардың ұясын иемденсек, басқа тайпалар да безіп кетеді. Ең жақсы шара осы» деді. Мұқан-қаған оның пікірін қолдады. Ол қосындарды екіге бөліп, бір бөлігін өзі бастап солтүстік жолмен Хэчжэнге жылжыды, Ши Ниң бастаған қосындардың бір бөлігі Шудунға қарай аяңдады. Туйғұн билеушісі Сочжу әскерлермен бірге соғысқа аттанды. Ши Ниң қарсы атылып, оны өлтірді. Сосын Ши Ниң тау асуларын асып, Шудунға жетті. Туйғұндардың астанасы Шудунда қыруар қымбатты нәрселер бар еді. Алайда, туйғұн басшысы әлдеқашан Хэчжэнге қашып кеткен. Ол жерде «оңтүстікті бойсындырушы патшамен» бірге бірнеше мың адам қалған-ды. Ши Ниң әскерлеріне Шудун бекінісін шабуылдауды бұйырды және өтірік шегінді. Туйғұндар бекіністің қақпасын айқара ашып шығып, қуалады. Ши Ниң орайды пайдаланып, кейін бұрылды және қаһармандықпен соққы берді. Туйғұндар қақпаны жабуға үлгермеді. Ши Ниңнің әскерлері қалаға басып кіріп, «оңтүстікті бойсындырушы патшаны» ұстап алды, қолға түсірген тұтқындар мен олжаларды түгелдей түрктерге берді. Туйғұн билеушісі Хелуба жолдарды қоршап, Ши Ниңнің қайтатын жолын тоспақшы болды. Ши Ниң оны жеңді. Мұқан-қаған да Хэчжэнді басып алып, туйғұн басшысының әйелі мен балаларын тұтқындады һәм көптеген қымбат нәрселерді қолға түсірді. Ши Ниң әскерлерін Көкнұрға қайтарып, Мұқан-қағанмен кездесті. Мұқан-қаған Ши Ниңнің қолын алып, батырлығы үшін алғыс білдірді және өзі мінген тұлпарды сыйға тартты. Ши Ниң аламын деген жерді алмай қоймайтын. Сол үшін түрктер де одан сескенетін. Оны «Орталық Қытайдың керемет һәм парасатты адамы» дейтін. Ши Ниң әскерлерімен қайтатын шақта, Мұқан-қаған оған 100 малай, 500 жылқы, 10 мың қой сыйлады. Ши Ниң Ляңчжоуға қайтқан соң көп өтпей, патша сарайына жөткелді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2186-2188-беттер)

 

          Ши Ниңнің баласы Ши Сяң жорықтағы қосындардың башбұғы болып, Цзин бегі Яң Гуаңмен бірге Лиң’уда10 түрктерді жеңгені үшін оң-қанат санғұны етіп өсірілді. Жэншу жылдарының (601-604 жж.) ортасында әскер бастаған ол Хуңхуаны11 түрктердің шабуылынан қорғады. Суй патшасы Яңди ол кезде Шығыс сарайының мұрагері еді. Ол Ши Сяңға хат жолдап, бұрынғы соғыс істерін сұрады. Оған өзінің мейірімін білдірді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2189-бет)

 

1. Хэ'яң (河阳) – қазіргі Хэнән өлкесі Меңсян ауданының батысында болған ежелгі аудан.

(Бір томдық «Цыхай», 911-бет)

 

2. Доу Цзи () – Солтүстік Вэй патшалығының мансаптысы. «Ел тіреуші бас санғұн», кеңесші, Цзянчаң ұлығы болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2173 және 2176-беттер)

 

3. Туңчжоу аймағы (同洲) – орталығы Усяң (қазіргі Шэнси өлкесінің Дали ауданы) болған аймақ. 

(Бір томдық «Цыхай», 196-бет)

 

4. Пучжоу аймағы (蒲州) – орталығы Пубән (қазіргі Шәнси өлкесі Юңцзи ауданының батысында) болған аймақ. 

(Бір томдық «Цыхай», 606-бет)

 

5. Цзинчжоу аймағы (金州) – орталығы қазіргі Шәнси өлкесінің Әнкаң ауданы болған аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 1690-бет)

 

6. Доу Луниң (豆卢宁) – Солтүстік Вэй патшалығының мансаптысы. Көп қызмет көрсеткен. Солтүстік Чжоу патшасы Сяомиң таққа шыққан соң, «ел тіреуші бас санғұн» болған. Учэң жылдарында Туңчжоу аймағының бегі және Цзюйго ұлығы болған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2365-2366-беттер)

 

7. Гәнчжоу аймағы (甘州) – қазіргі Гәнсу өлкесі Гаотай ауданының шығысындағы Жошуй өзенінің жоғарғы ағысындағы жер.

(Бір томдық «Цыхай», 1620-бет)

 

8. Фәнхэ (番禾) – қазіргі Гәнсу өлкесі Юңчаң ауданының батыс жағындағы жердің ежелгі атауы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

924-бет)

 

9. Шудун (树敦) – Туйғұн елінің астанасы. Қазіргі Циңхай өлкесінің солтүстік-шығыс тарапында орналасқан.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1215-бет)

 

10. Лиң’у (灵武) – қазіргі Ниңся-Хойцзу автономиялы районы Хелән ауданының солтүстік-батыс тарапында болған ежелгі аудан.

(Бір томдық «Цыхай», 1066-бет)

 

11. Хуңхуа (弘化) – қазіргі Гәнсу өлкесі Циң’яң ауданының ежелгі атауы. 

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

217-бет)

 

 

62. Вайжраган мен Ваң Гуйдің ғұмырнамалары

 

          Түрк жерінен патшалыққа Ашина-ханымның келетініне байланысты, Чэн ұлығы Юйвен Чун және басқалар Чжоу патшасына Вайжраган1 мен бас санғұн Ваң Цзеге шекаралық аумақты әскерлермен қорғауды және ханшаны күтіп алуды бұйыруды ұсынған еді. Болашақ Чжоу патшасы Сюәнди2 туйғұндарды басып-жаншуға аттанды. Чжоу патшасы Уди Ваң Гуй3 мен Юйвен Сяобоға4 бірге шығуды бұйырды. Ол жорыққа Ваң Гуйды жауапты етіп қойды. Патша Сюәнди оларға сүйеніп қимылдайтын.     

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2217-бет)

 

1. Вайжраган (尉迟纲) – Солтүстік Чжоу патшалығының мансаптысы. Чжоу патшасы Вэндидің (Юйвен Тай) әпкесі Чаңле Дачжаң-ханшаның екінші баласы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2214-2215-беттер)

 

2. * - патша Сюәнди сол уақытта тақ мұрагері болатын. 

(редактор)

 

3. Ваң Гуй (王轨) – Чжоу патшасы Вэндидің (Юйвен Тай) қарамағындағы қолбасшы. «Ел тіреушісі», Шучжоу аймағының башбұғы болған. Чжоу патшасы Сюәнди бұрын тақ мұрагері болып жүрген кезде, Ваң Гуй оны сынағаны үшін таққа отыра сала оны өлтірген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2216 және 2218-беттер)

 

4. Юйвен Сяобо (宇文孝伯) – Чжоу патшасы Вэндидің (Юйвен Тай) жиені, Юйвен Сенің інісінің баласы. Чжоу патшасы Уди таққа отырған соң, Юйвен Сяобоны өзінің кеңесшісі еткен. Юйвен Сяобо тақ мұрагерінің көргенсіздігі жайында Чжоу патшасы Удиге мәлімдегені үшін, кейіннен Чжоу патшасы болған Сюәнди таққа отыра сала оны жала жауып өлтірген.  

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2273 және 2275-беттер)

 

 

63. Су Вэйдің ғұмырнамасы

 

          Түрк қағаны Дулан әрдайым шапқыншылық жасағандықтан, Су Вэй1 Дулан тұрған жерге аттандырылды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2245-бет)

 

          Кейін Су Вэй Суй патшасы Яңдиге ілесіп Янмынге барды. Патша түрктердің қоршауында қалғандықтан, сарай қатты уайымдады. Патша қоршауды салт атты жарып шықпақшы болғанда, Су Вэй: «Қаланы қорғауға қуатымыз жетеді. Жылқыны ойнату – түрктердің артықшылығы. Жоғары мәртебелі жасақтардың қолбасшысы, асыға қашқаныңыз қалай?» деп оны бөгеді. Патша әуелгі ниетінен қайтты. Көп өтпей, түрктер адамдарын шегіндірді.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2247-бет)

 

          Сол жылы (605 ж.) Қочо билеушісі Чү Боя2 сарайға сәлемдесуге келді. Сарай оған ханшаны ұзатты. Су Вэйдің баласы Су Куй жақсылық жасаумен әйгілі болған. Патша Су Куйға той рәсімиетін басқаруды тапсырды. Кейін Ян'ән3, Хуңхуа секілді аймақтарда қарақшылар шоғырланды. Патша Су Куйға Гуәнчжуңды шарлауды бұйырды. Түрктер Суй патшасын Янмынде қоршаған мезгілде, Су Куй бір түннің ішінде Янмын бекінісінің оңтүстік-шығыс жағында садақтан оқ ататын ғимарат, сандықты арба, жануарлар қорасын жасап бітірді. Бұны көрген патша оны жақтырып қалды. Қызмет көрсеткені үшін оған кеңес-бегі деген мәртебе берілді.        

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2249-бет)

 

 

1. Су Вэй (苏威) – Чжоу патшасы Вэндидің қол астындағы ірі мансапты Су Чудің баласы. Суй патшасы Вэнди таққа шыққан соң, оны тақ мұрагерінің ұстазы етіп тағайындаған.

(редактор)

 

2. Чү Боя (麹伯雅) – Қочо билеушісі. Суй әулетінің Дайе жылдары патша сарайына адам жіберіп, ұлпан тапсырған. Суй патшасы Яңдиге ілесіп Когори мемлекетіне жорық жасаған. Қайтқан кезде Хуажуң-ханшаға үйленген.

(«Қытайдың кісі есімдерінің сөздігі», 1762-бет)

 

3. Ян'ән (延安) – қазіргі Шэнси өлкесіндегі Янхэ, Циңцзянхэ, Шиваңхэ, Чжохэ өзендерінің алаптарын қамтыған аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 497-бет)

 

 

64. Вэй Гуаңның ғұмырнамасы

 

          Түрктер шекаралық аумаққа шабуыл жасаған мезгілде, тақ мұрагері Сян’яңда1 тұратын. Вэй Гуаңға әскер бастап Юәнчжоу жақтағы жол арқылы соққы беру бұйырылды. Вэй Гуаң түрктермен соғысып, оларды жеңді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2273-бет)

 

          Датуң 4-жылы (538 ж.) Лю Гуй және Чжу Вэн Хецяода2 бірге  шайқасты. Лю Гуй шабуылды бастау қызметін көрсеткені үшін тұтұқ етіп тағайындалып, Сянчжоу аймағын қорғады. Датуң 8-жылы (542 ж.) Хуаңхэнің уәлиі болып, әскери істерді басқаруды жалғастырды. Көп өтпей, «күншығысты тыныштандырушы санғұн» және кеңес-бегі болды.

          Туйғұндар Хуаңхэ өңіріне шабуыл жасады. Лю Гуйдің әскерлері аз еді. Жұрт шошып, уайымға түсті. Олардың көңілін аулаған Лю Гуй орайын тауып, ондаған адаммен бірге туйғұндарға соққы берді. Туйғұндар жеңіліп қашты. Көрсеткен қызметі үшін Лю Гуйге Вәннян ауданының басшысы деген мәртебе берілді. Туйғұндар күшейіп, шекараны көп рет шабуылдады. Лю Гуй Сянчжоуды қорғау міндетін өз үстіне алған соң, оларды бірнеше рет жеңіліске ұшыратты. Бірнеше жылдан кейін туйғұндар басып кіруге бата алмайтын болды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2280-бет)

       

          Туйғұндар тізе бүккен сәтте, сарайдағы патшаның туысқан қызы Гуаңхуа-ханша оларға ұзатылды. Лю Гуйдің жиені Лю Цзянцзи қосымша сарай кеңесшісі етіп бекітілді. Оған ханшаны Батыс өңірге апару бұйырылды. Түрк қағаны Рамған құдаласуды талап еткен кезде, Лю Цзянцзиге тағы да Иңчең-ханшаның түрктерге жеткізу бұйырылды. Ол екі елге елші болып барып, алған 2 мыңнан астам жылқы және көптеген басқа сый-тартулардың бәрін де өз қауымына үлестіріп берді, үйінде артық бұйым қалдырмады. Ол Сучжоу мен Сичжоу3 аймақтарының бегі ретінде жақсы нәтижелер жаратқан-ды. Суй патшасы Яңди таққа отырып, оны тағы да кеңес-бегі етіп тағайындады. Рамған-қаған Суй әулетіне бағынғаннан кейін, Диңсяң мен Майи аралығында малдарын бақты. Патша Лю Цзянцзиді түрктерге «Шекарадан шықсын» деген бұйрықты жариялау үшін жіберді. Ол қайтқаннан кейін харам-ағасы етіп тағайындалды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 7-том, 2289-бет)

 

  

1. Сян’яң (咸阳) – қазіргі Шэнси өлкесінің Сян’яң қаласының солтүстік-шығысында болған ежелгі шаһар.

(Бір томдық «Цыхай», 1656-бет)

 

2. Хецяо (河桥) – қазіргі Хэнән өлкесі Мэңсян ауданының оңтүстігіндегі жердің ежелгі атауы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 518-бет)

 

3. Сичжоу (息州) – қазіргі Хэнән өлкесінің Сисян ауданы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 701-бет)

 

 

66. Ваң Юң және Ли Ченің ғұмырнамалары

 

Вэй патшасы Гуңдидің1 1-жылы (554 ж.) Ваң Юң2 «ел тіреушісі» Чжао Гуйге ілесіп, жоржандарға қарсы жорыққа қатысқаны һәм оларды жеңгені себепті, Синяң аймағының ұлығы етіп өсіріліп, «Кухән» деген ныспыны сыйға алды. Жоржандарға қарсы жорықта қызмет көрсеткендерге арналған мәжілісте оған тағы Юңгу ауданының ұлығы деген мәртебе берілді. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2320-бет)

 

          Чжоу патшасы Удидің3 заманында Ли Че4 тақ мұрагерімен бірге батыстағы туйғұндарға қарсы жорыққа қатысты. Қызмет көрсеткені үшін оған Чжоучаң ауданының ұлығы деген атақ сыйланды.

          Келесі жылы Түрк қағаны Ішбара шекаралық аудандарға басып кірді. Суй патшасы Вэнди Вэй бегі Яң Шуаңды5 бас қолбасшы етіп, түрктерге шабуыл жасау, Ли Чені көмекші етіп тағайындау туралы бұйрық түсірді. Олар Байдаода түрктермен шайқасты. Жорықтың башбұғы Ли Чуң түрктерге тұтқиылдан шабуыл жасау жөнінде ұсыныс берді. Санғұндардың көбісі бұл ұсыныстың жүзеге асатынына күмәнданды. Ли Че ғана осы ұсынысты орындау туралы кеңес беріп, Ли Чуңмен бірге жорық жүргізуді талап етті. Олар торуыл қойып, соққы берудің арқасында түрктерді жеңді. Ішбара-қаған үстіндегі алтын сауытын тастап қашты. Шайқаста еңбек сіңіргені үшін Ли Че «жоғары мәртебелі санғұн» етіп өсірілді. Осыдан кейін Ішбара-қаған Суй әулетін мойындады. Ли Че Әндао аймағының ұлығы етіп тағайындалды.    

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2324-бет)

 

 

1. Вэй патшасы Гуңди (魏恭帝) – Батыс Вэй әулетінің үшінші патшасы, есімі - Юән Го. Патша Вэндидің (Юән Баочжу) төртінші баласы. Фейди 3-жылы (554 ж.) таққа шығып, үш жылдан кейін билікті Чжоу әулетіне беріп қойған.

  («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 182-183-беттер)

 

2. Ваң Юң (王勇) – Батыс Вэй патшалығының мансаптысы. Чжоу патшасы Юйвен Тайдың қол астында көп қызмет көрсеткен.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2320 және 2322-беттер)

 

3. Чжоу патшасы Уди (周武帝) – 561-577 жж. тақта отырған Солтүстік Чжоу әулетінің төртінші патшасы Юйвен Юң.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 347 және 372-беттер)

 

4. Ли Че (李徹) – Солтүстік Чжоу мен Суй патшалықтарының мансаптысы.

(редактор)

 

5. Вэй бегі Яң Шуаң (卫王爽) – Суй патшасы Вэндидің (Яң Цзян) төртінші інісі.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2454-бет)

 

 

67. Лин Хусидің ғұмырнамасы

 

          Туйғұн тайпалары шекаралық аудандарға басып кірді. Жорық қолбасшысының көмекшісі болған Лин Хуси бас қолбасшы Юән Сеге ілесіп, шайқасқа қатысты. Соғыста көрсеткен қызметі үшін «жоғары мәртебелі екі мың жауынгердің басшысы» етіп өсірілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2352-бет)

 

 

68. Яң Сюңнің ғұмырнамасы

 

          Суй патшасы Вэнди жасақтарды өзі бастап туйғұндарға қарсы жорық жасады. Ол Яң Сюңді Чжаохэ аймағындағы қосындардың башбұғы етіп қойды. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2370-бет)

 

          Хуаңфу Сяосе өте кедей еді. Ол «Сәтім түссе болар еді» деген оймен патшаға төмендегідей мағынада бір хат жолдады: «Ваң Сицзи палшыға өз тағдыры және кейінгі мәртебесі туралы пал ашқызғанда, палшы: «Патша боласыз» деген екен. Ол әйеліне; «Сен ханым боласың» депті. Ол Ляңчжоуға бармақшы болған кезде, жақындары оған: «Хуаңхэ өзенінің батысы таңдаулы қосындар жайғастыратын жер. Онда ірі қимылдарды жоспарлауға болады» деген. Ол: «Ляңчжоудың жері кең, адамы аз. Соғыста сүйеніш база бола алмайды» депті». Осы хатпен Ваң Сицзи сарайға шақырылды, істері тергелді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2372-бет)

 

          Кейін түрктер сәлемдесуге келгенде, Суй патшасы Вэнди оларға: «Сіздер Яңцзы өзенінің оңтүстігінде Чэн әулетінің патшасы туралы естідіңдер ме?» деп сұрады. Түрктер: «Естігенбіз» деп жауап берді. Суй патшасы Вэнди қол астындағыларына түрктерді Хән Циннің алдына бастап баруды бұйырды. Олар: «Мынау Чэн патшасын ұстап әкелген адам» деді. Хән Цин түрктерге алайған көздерімен қадалды. Оның әлпеті қорқынышты болғандықтан, түрктер именгеннен бастарын көтеріп қарауға беттемеді. Оның сесті көрінісі әне осындай еді. Содан соң Хән Цинге Шоугуаң1 ауданының ұлығы деген атақ беріліп, 1 мың түтін үйдің баж-салығымен қамдалатын болды. Жорықтың башбұғы сипатымен Цзинчеңде тұрып, ғұздардың басып кіруінен қорғады. Кейін ол Ляңчжоу аймағының башбұғы етіп тағайындалды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2376-бет)

 

Түрктер шекаралық аудандарға сан рет шапқыншылық жасады. Хән Циннің тағасы Хән Хуңды қайсар адам деп санаған патша оны Сочжоу аймағының башбұғы лауазымын қабылдауға жіберді һәм ұзаққа қалдырмай Дайчжоу аймағының2 башбұғы етіп тағайындады.

Жэншу 1-жылы (601 ж.) Түрк қағаны Тардуш шекаралық ауданға баса-көктеп кірді. Хән Хуң Юйчжоу3 аймағының бегі Лю Луңмен бірге бас санғұн Ли Яоваңды бастап барып, түрктерге қарсылық көрсетті. Олар Хең'ән қаласында түрктермен айқасты. Олар адамы көп болған түрк қосындарына қарсы тұра алмады. Хән Хуң жанын тіге алысса да, көп жерден жарақаттанды. Әскерлердің рухы түсті. Түрктер қоршап шабуылға өтті, оған оқ жаудырды. Хән Хуң түрктермен жараспақшы сыңай танытқаны себепті, түрк қосындары қоршауды біршама босатты. Ол орайды пайдаланып, әскербасы мен әскерлерді бастап қоршауды бұзып шықты. Адамдарының 3/2 бөлігі қырылды, түрктердің де жартысын өлтірді. Хән Хуң және Ли Яоваң мансаптарынан түсірілді. Лю Луңға осы үшін өлімге кесу туралы үкім шығарылды. Суй патшасы Яңди солтүстіктегі аудандарды аралаған кезде, Хең'әнге келіп, иен далада шашыраған адамдардың сүйектерін көріп, уәзірлерінен болған жайтты сұрады. Уәзірлері: «Бұл ілгерідегі Хән Хуң түрктермен соғысқан жер» деп жауап берді. Патшаның көңілі жабырқап, сүйектерді жиғызып көмдірді. Солтүстіктегі бес аймақтың монахтарын жиып, өлгендердің рухтарына атап ас беруді бұйырды. Хән Хуң «Луңси уәлиі» етіп тағайындады.                

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2377-бет)

 

          Дайе 3-жылы (607 ж.) Хыроби Суй патшасы Яңдиге ілесіп, солтүстік аудандарды аралады. Ол Юйлинге келіп, бірнеше мың кісіні сыйғызуға болатын үлкен шатырға түсті. Суй патшасы Яңди Түрк қағаны Рамғанды шақырып, қонақасын берді. Хыроби: «Бұлай жасау бейқамдық пен рахатқа берілу» деп қарап, Гао Цзи'юң және Юйвен Цяңмен бірге осы іс-шараны әңгіме қылды. Бұны басқалар мәлімдеуі сол-ақ екен, Хыробидің басы шабылды. Сол кезде ол 64 жаста еді. Оның әйелі, перзенттері құлға айналып, шекаралық ауданға жер аудырылды.

           («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2387-бет)

 

1. Шоугуаң (寿光) – қазіргі Шәндуң өлкесінің солтүстік бөлігіндегі аудан. Михэ өзенінің төменгі ағысын қамтиды. 

(Бір томдық «Цыхай», 714-бет)

 

2. Дайчжоу аймағы (代州) – орталығы Гуаң’у (қазіргі Шәнси өлкесінің Дайсян ауданы), қазіргі Шәнси өлкесінің Дайсян, Фәнцзи, Юәнпиң аудандарын қамтыған.   

(Бір томдық «Цыхай», 211-бет)

 

3. Юйчжоу аймағы (蔚州) – қазіргі Шәнси өлкесінің Лиңцю ауданы.

        («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1194-бет)

 

  

69. Шэ Дичжи, Яң Цзян, Чжао Вэнбяоның ғұмырнамалары

 

          Батыс Вэй және Шығыс Вэй әулеттері бір-бірін жеңуге ұмтылды. Орайды пайдаланған жоржандар шекаралық аудандарға сан рет баса-көктеп кірген бәле-апатқа айналды. Патша сарайында олармен қарым-қатынас жасау және құдаласу мәселесі талқыланды. Осы орайда Шэ Дичжи1 жоржандармен байланыс орнатуға жөнелтілді. Шэ Дичжи дене бітімі сымбатты, шешен кісі еді. Жоржан қолбасшысы оны құрметтеп, оған сенім білдірді және содан бастап шекаралық ауданды тонамады. Чжоу патшасы Вэнди Шэ Дичжиге: «Бұрын жылнамаларда Вэй Цзяңнің2 руңдармен достық байланыстар жасағаны дәріптелген. Алайда, екеуіңді салыстырсақ, ол саған жетпейді» деп, оны Гао’и3 ауданының әкімі етті. Шэ Дичжидің мансабы көп рет жоғарылап, алдымен бас санғұн, «сарайдағы үш әмірге ұқсас игіліктерді тұтынушы», шығауыл (бекіністің қолбасшысы) болды. Жоржандар жойылғаннан кейін, түрктер күшейді. Олар Чжоу әулетімен жақсы қарым-қатынастар жүргізіп ғана қоймай, Ци әулетімен де байланыс орнатты. Чжоу патшасы Вэнди Шэ Дичжиді түрктерге үгіт-насихат жүргізуге жіберді. Түрктер оның сөздерінен әсерленіп тәнті болып, Ци патшалығының елшісін тұтқындап, Чжоу патшалығының астанасына беріп жіберді.             

           («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2394-бет)

 

          Датуң 1-жылы (535 ж.) жоржандар құдаласуды сұрады. Чжоу патшасы Вэнди Яң Цзян4 мен Яң Кунді елшілер етіп жіберді. Олар құдаласу ісін бітіріп келген соң, «бек» дәрежесіне дейін көтерілді. Яң Цзян тағы да жоржандарға мал-мүлік беру үшін жөнелтілді. Вэй патшасы Вэндидің әйелі Южулү5 қайтыс болғаннан кейін, Чжоу патшасы Вэнди жанама-бегі Чжао Сянді жоржандарға елші етіп жіберіп, қайтадан құдаласуды өтінді. Чжао Сян Сячжоу аймағына келгенде, жоржандардың басқа ойда болғанын, яғни Шығыс Вэй әулетімен құдаласпақшы болғанын білді. Ол Шығыс Вэй патшалығының елшісін тұтқындағысы келсе де, бұл іске беттей алмай кері қайтты. Сол себепті, Чжоу патшасы Вэнди Яң Цзянді жіберіп, жоржандарға 10 цзиң (5 кг) алтын және 300 орам жібек матаны тарту етті. Яң Цзян Жоржан еліне барып, олардың «шапағатшысынан айнығанын», келісімнен бас тартқанын айыптап, құдаласу мәселесін талқылады. Жоржандар әсерленіп, қылмыстарына өкініп, өз елшісін Яң Цзянға ілестіріп, патша сарайының айтқанына көніп, айдағанына жүретінін білдірді.       

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2395-2396-беттер)

 

          Датуң 16-жылы (550 ж.) қосындар шығыс жаққа жорыққа аттанды. Жоржандардың орайды пайдаланып, басып кіріп тонауынан мазасызданған Чжоу патшасы Вэнди олардың көңілін аулау үшін Яң Цзянді тағы бір рет достықта болу мәселесін талқылауға жіберді. Яң Цзян бас санғұн, «сарайдағы үш әмірге ұқсас игіліктерді тұтынушы» және шығауыл (әскери бекіністің қолбасшысы) етіп көтерілді.

          Патша Сяомиң (Юйвен Цзюэ) Чжоу әулетінің патшасы болған соң, Яң Цзян «тексеру мекемесінің бас бегі» етіп тағайындалды. Сондай-ақ Яогу ұлығы етіп өсірілген ол түрктермен құдаласу үшін елші етіп жіберілді. Түрк қағанының інісі Диту-қаған (Ашина Құт) шығыс жақта орналасқан Ци патшалығымен барыс-келіс жүргізіп, тату-тәтті тұратын. Ол ағасын әуелгі некелесу тоқтамынан бас тартуға үгіттеді. Олар Яң Цзянді Ци әулетіне ұстап беруді жоспарлады. Яң Цзян олардың ойларын біліп қойып, жылаған халде оларды айыптап, қызу сөйледі. Түрк қағаны қысылып, сәлден соң: «Менен күмәнданбасаңыз екен. Біз бірге Ци патшалығын тыныштандыруға барайық, одан кейін мен құдаласу ретінде қызымды жіберейін» деді. Яң Цзянға әуелі Чжоу патшалығына қайту және ахуалды патшаға мәлімдеу, сосын Ци патшалығына жорық жасау бұйырылды. Бұйрық бойынша елші міндетін ада қылған ол бас санғұн етіп өсірілді.

Баодиң 4-жылы (564 ж.) ол түрктерге тағы елші болып барып, мал-мүлік берді. Яң Цзян қайтқаннан кейін, әуелі бас қолбасшы, сосын бас уәзір болды. Ол Чэн Гуңчун және басқалармен бірге Түрк еліне ұзатылатын қызды көшіріп әкеліп, Нән’ән ұлығы етіп өсірілді.

          Тянхэ 3-жылы (568 ж.) Яң Цзян «Ляңчжоу аймағының бегі» етіп өсірілді. Кейін сырқаттан қайтыс болды.         

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2396-бет)

 

          Баодиң 2-жылы (562 ж.) Ваң Циң6 туйғұндарға елші болып барып, екі тараптың шекарасын бөлді және достасу ісін талқылады. Туйғұн билеушісі риза болып шаттанды һәм өз жақындарын Ваң Циңмен бірге патша сарайына ұлпан тапсыруға жөнелтті.

          Бастапқыда түрктер Чжоу әулетімен құдаласпақшы болып, Түрк қағанының қызын Чжоу патшасына ханым етіп беруге келіскен-ді. Ци патшылығындағылар бұл жөнінде хабардар болғаннан кейін, түрктер мен Чжоу патшалығының бірлесіп өздеріне қарсы шығуынан алаңдады. Сондықтан олар түрктерге елші жіберіп, құдаласуды өтінді және айрықша көп дүние-мүлік жіберді. Түрктер олардан көп пайда алуды көздеп, олардың талаптарына келісті. Осы іс сарайда талқыланған кезде, сарайдағылар: «Бұрын Вэй әулеті жоржандармен құдаласпақшы болғанда, Ци әулетінің өкілдері арада іріткі салуынан жоржандар айнып қалған-ды. Енді түрктердің өзгеруінен алаңдаймыз. Екі елдің тату-тәтті тұруы үшін елші жіберіп, қарым-қатынас жасау қажет» деп қарады. Сонымен сол-қанат мансапты-бегі Ваң Циң бас елші, ал Яң Цзян оның орынбасары етіп тағайындалды. Сол жылы Биңчжоуға таласқан соғыс қимылдары басталды. Ваң Циң түрк атты әскерлерін бастап, Суй ұлығы Яң Чжуңмен бірге Тайюәнға барып қайтты. Ци әулетіндегілер Чжоу патшасының кіші анасы мен үлкен анасын әкелуге келіскеннен кейін ғана патша сарайы Ци патшалығымен байланыс жасап, достаспақшы болды. Түрктер бұны білген соң, оларға деген күмән туылды. Сонымен Ваң Циң оларға барлық ахуалды түсіндіруге жөнелтілді. Түрк қағаны әсерленді және қуанды. Екі тарап бұрынғыдай жараса кетті.

Баодиң 5-жылы (565 ж.) Ваң Циң Юйвен Гуймен бірге түрктерге тағы елші болып барып, Түрк қағанының қызын көшіріп әкелді. Содан бастап Ваң Циң солтүстік халықтар арасында танылып, әр жылы сол жерлерге елші ретінде барып тұрды. Кейін оның түрк жеріне тағы бір келуі Түрк қағанының аурудан өлген уақытына тура келді. Түрктер оған: «Бұрынғы заманда өлім-жітім болған кезде елімізге келген елшілер бет-жүзін пышақпен тіліп, аза тұтатын. Қазір екі ел құда болды. Сіз солай жасамасаңыз болмайды» деді. Ваң Циң олармен салғыласып, айтқандарын жасамады. Түрктер оның тіксініп тұрғанын көріп, мәжбүрлеуге бата алмады. Чжоу патшасы Уди бұны есітіп, оны мақтады.                 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2397-бет)

 

          Түрк қағаны Рамған құдаласуды талап етті. Патша оның талабымен келісті. Чжао Чжуңциң7 құдаласу туысқандарды бөліп-ажырататын іс деп қарауына байланысты, осы шаруаға қарсы шықты.

Кайхуаң 19-жылы (599 ж.) Рамған-қаған қиын жағдайда қалып, Суй әулетінің елшісі Чжаң Суншеңмен бірге Туңхән бекінісіне8 қашып келді. Чжао Чжуңциң 1 мыңнан астам атты әскерді бастап Рамған-қағанға көмекке келуі себепті, Тардуш-қаған шабуыл жасауға беттемеді. Тардуш Рамғанның қауымын өз жағына тарту үшін жасырын адам жіберді. Сонымен екі түмен түтіннен (20 мың үйден) астам адам алданып кетті. Сол жылы Рамған Тардушқа соққы беру үшін Суй патшалығының қолбасшысы Гао Чжуңға ілесіп, Ақбелдеуге (Байдао) барды. Чжао Чжуңциңнің қосындары тұршауыл (шолғыншы) болды. Олар Цзули тауында түрктермен айқасты. Жеті күн соғысып, түрктердің тас-талқанын шығарды. Чифу көліне9 дейін қуып барып, ахуалды Рамғанға мәлімдеді. Түрктер барлық адамын жинап, соғысуға келді. Чжао Чжуңциң тік төртбұрыш шеп түзеп, төрт жақтан қарсы тұрды. Бес күн өткенде, Гао Чжуң жасақтарымен келіп, бірге соққы бергеннен кейін, түрктер жеңіліп шегінді. Олар түрктерді қуа отырып Байдаодан өтіп, Циншән тауынан асып, 700 астам шақырым жол жүрді. Сол сәтте түрктердің 10 мың түтіннен астам адамы өз еркімен берілді. Патша Чжао Чжуңциңге оларды Хең'әнде орналастыруды бұйырды. Ол қызмет көрсеткені үшін «мансапты-санғұн» етіп көтерілді. Патша сарайы Тардуш-қағанның Рамған-қағанға жасырын соққы беруінен алаңдап, Чжао Чжуңциңді екі түмен әскермен оны қорғауға жіберді. Дайчжоу аймағының башбұғы Хән Хуң, Юңкаң ұлығы Ли Яоваң, Юйчжоу аймағының бегі Лю Луң бір түмен атты әскер және жаяу әскерлермен Хең'әнді қорыды. Тардуш-қаған баса-көктеп кіргенде, Хән Хуң басшылығындағы қосындар ойсырай талқандалды. Чжао Чжуңциң Лэниң бекінісінде әскер жасырып, Тардуш-қағанға соққы беріп, 1 мыңнан астам адамның басын шапты.

Екінші жылы Чжао Чжуңциң Рамған-қағанды жайғастыру үшін Цзинхэ10 мен Диңсяң бекіністерін салуға атсалысты. Осы мезетте кейбіреулер патшаға: «Чжао Чжуңциң рақымсыздық және ұшқалақтық қылды» деді. Патша тексеру мекемесінің бегі Ваң Бейге оның күнәсін тексеруді бұйырды. Нәтижеде ол кінәлі (қылмысты) болып шықты. Патша оның ілгерідегі қызметтерін ескеріп, оның қылмысына жазалау үкімін шығармады. Оның көңілін аулап: «Мен білемін, сен пәк және дұрыс адамсың. Сондықтан төмендегілер саған өш» деп оған 500 бума жібек мата сыйлады. Чжао Чжуңциң бұнымен одан әрі сескенбейтін болғандықтан, кейін лауазымнан алынып тасталды.                        

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2401-бет)

 

          Чжао Вэнбяо11 арбалы атты әскерлер санғұны етіп тағайындалып, «патша сарайындағы үш уәзірдің дәрежесін» игіліктенетін болды. Ол Шуго ұлығы Юйвен Гуйге ілесіп, Түрк еліне ханымды көшірісіп, көшіру рәсімиетіне басшылық етті. Оның ахуалға қарай қолданған шараларының бәрі рәсімиеттер ережесіне сәйкес еді. Ханым шекарадан өтетін кезде, түрктер: «Аттар арық» деп жүре бастады. Чжао Вэнбяо түрктердің құбылуынан алаңдап, түрк елшісі Ломиянға: «Ханымның жолға шыққанына біраз уақыт болды. Жолда Гоби шөлінен өткендіктен, адамдар мен аттар қатты әлсіреді. Алайда, шығыстағы Ци патшалығы әркезде қолайлы орайды күтіп отыр. Туйғұн елінде де өзгеріс болып қалуы мүмкін. Сіз қазір қағанның қымбатты қызын алып, патшамен құдаласқалы кетіп барасыз. Азырақ болса да, қорғаныс шараларын жасамау мансаптыларға жарасатын іс пе?» деп кеңес берді. Ломиян осы пікірді дұрыс деп шешіп, жол жүру үдерісін тездетті. Сонымен олар бірнеше күнде Гәнчжоуға жетті. Чжао Вэнбяо ханшаны көшіруде қызмет көрсеткені үшін «Бояң ауданының ақсүйегі» етіп қойылды. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2405-бет)   

 

 

1. Шэ Дичжи (厍狄峙) – Солтүстік Вэй әулетінің мансаптысы. Алдында Гао'яң ауданының басшысы, ал кейін жаршы, Әнфең аймағының әкімі болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2394-2395-беттер)

 

2. Вэй Цзяң (魏绛) – «Чунцю» (Көктем мен күз) дәуіріндегі Цин ұлысының уәзірі.

(редактор)

 

3. Гао’и (高邑) – қазіргі Хэбэй өлкесі Босяң ауданының солтүстігіндегі ежелгі аудан.

 (Бір томдық «Цыхай», 2204-бет)

 

4. Яң Цзян (杨荐) – Солтүстік Чжоу патшалығының «алдыңғы шептің бас санғұны», Нән’ән аймағының әкімі.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2395-2396-беттер)

 

5. Южулү-ханым (郁九闾皇后) – Батыс Вэй патшасы Вэндидің (Юән Баочжу) әйелі, жоржан билеушісі Анағайдың үлкен қызы.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 507-бет)

 

6. Ваң Циң (王庆) – Солтүстік Чжоу патшалығындағы әскери топтардың кеңес-бегі, аймақтың бегі, бас санғұн болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2397-2398-беттер)

 

7. Чжао Чжуңциң (赵仲卿) - Солтүстік Чжоу патшалығының бас санғұны және ауданның әкімі. Суй патшасы Вэнди Яң Цзян таққа отырғаннан кейін, ол Хэбэй аймағының әкімі, Шичжоу аймағының бегі болған.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2400-2401-беттер)

 

8. Туңхән бекінісі (通汉镇) – осы кітаптың 22-бөлімінде Фу'юән қорғаны деп жазылған. Орны беймәлім. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 821-бет)

 

9. Чифу көлі (乞伏泊) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районының Чахар оң-қанат алдыңғы хошунының солтүстігіндегі көл. 

(«Қытайдың тарихи атласы», 4-кітап, 47-бет)

 

10. Цзинхэ (金河) – қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районы Көкқұт қаласының оңтүстігіндегі жердің ежелгі аты.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

542-бет)

 

11. Чжао Вэнбяо (赵文表) – Солтүстік Чжоу патшалығының мансаптысы. Шуго ұлығы Юйвен Гуйдың мекемесінде көмекші болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2405-2406-беттер)

 

 

70. Хән Баоның ғұмырнамасы

 

          Хән Бао1 тұтұқ және Батыс Ляңчжоу аймағының бегі етіп тағайындалды. Цяң ғұздарының2 әдет-ғұрыптары бойынша, кедей-кепшіктер кемсітілетін, байшыкештер қадірленетін. Ұлық-ауқаттылар бұқара халықты құл қатарында көріп, оларды езетін. Сондықтан кедейлер күн сайын кедейленіп, байлар одан әрі байыды. Хән Бао кедейлерден әскер жинап, отбасыларына көңіл бөлетін. Оларды алым-салық пен тегін еңбектен босатты, байлардан мал-мүлік жинап, жарлы-жақыбайларға көмектесті. Батыс өңірдің саудагерлері келген уақытта, алдымен кедейлерге олармен сауда-саттық жасатқызды. Осымен кедейлер мен байлардың айырмашылығы бара-бара азайып, халықтың саны көбейді. Тұрмыс жақсарды.    

(«Солтүстік әулеттер тарихы», 8-том, 2416-бет)

 

          Жаһан бірігіп, төңіректегі елдер бағынды. Лю Сиңбен3 Таңғұт цяңдарының4 шекарасына ең жақын болса да, ең соңғы бағынды деп қарағандықтан, Суй патшасы Вэндиге Таңғұт цяңдары елшісінің сыртынан арызданып: «Естуімше, оңтүстіктегі қауымдар шерікші-бегінің билігіне бағыныпты, ал Батыс өңірдің елдері қорушы-бегінің айбатына құрмет көрсетіпті. Олармен салыстырғанда, Батыс цяңдар құдды тышқандар мен иттер сияқты ұрлық жасайды. Атасы атадай, баласы баладай істемейді, патшаны құрметтемейді, уәзірлері де абырой-беделсіз. Олар өзге қауымдарға ұқсамайтын ең төмендегілер-дүр. Олар сарайдың хал-ахуал сұрағанына рақмет айтпайды, шапағатын қадірлемейді. Түлкі секілді айлакер келеді. Сарайға енді ғана бағынды. Олардың елшісі жақында сарайға келеді. Оны мекеменің заң-ережелері бойынша тергеуді сұраймын» деп ұсыныс-хат жазды. Патша: «Оның ой-пікірі басқаларға ұқсамайды екен» деп қарады.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2440-бет)

 

1. Хән Бао (韩褒) – Солтүстік Чжоу патшалығының басты мансаптысы. Қатарынан үш патшаның қол астында істеген, ақыры ұлық-төре мәртебесіне дейін көтерілген.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2415 және 2417-беттер)

 

2. Цяң ғұздары (羌胡) – Хән патшалығының заманында Қытайдың солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс бөліктерінде мекендеген. Вэй және Цзин патшалықтарының заманында солтүстік-батыстағы цяңдардың даңцяң мен деңцзи тайпалары болған.

(«Ұлттар сөздігі», 570-бет)

 

3. Лю Сиңбен (刘行本) – бастапқыда Чжоу әулетіне қызмет көрсеткен. Яң Цзян патша болғаннан кейін, кеңес-бегі һәм тексеруші жаршы болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2339 және 2441-беттер)

 

4. Таңғұт цяңдары (党项羌) – кейінірек дамыған цяңдардың бір тармағы. Қазіргі Циңхай өлкесінің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Хуаңхэ дариясының бойында мал шаруашылығымен шұғылданған.   

(«Ұлттар сөздігі», 905-бет)

 

 

71. Суй патшалығы бектерінің ғұмырнамасы

 

Яң Цзычуң1 Суй патшасы Яңдиге ілесіп, Фэн'яң сарайына2 барды. Түрктердің міндетті түрде шабуыл жасайтынын білген Яң Цзычуң астанаға3 қайтуды көп рет өтінсе де, патша көнбеді. Көп өтпей, Суй патшасы Яңди Янмында қоршауда қалды. Түрктер шегінгеннен кейін, патша ашуланып: «Яң Цзычуң деген сужүрек жағдайды ұқпай жатып, астанаға ертерек қайтуды ұсынып, әскерлердің жігерін сілкіндірді. Маған уәзір бола алмайды» деді. Яң Цзячуң Лишының4 уәлиі болғаннан кейін, қабілетіне сүйеніп, атақ-даңққа жетті. Содан кейін де түрктер шекаралық аудандарға сан рет басып кірді. Ғұздарды бастаған Лю Лю'әр Лишы аймағын тонады. Яң Цзячуң патшаға хат жолдап, түрктердің шекарадан басып кіруін бөгеу үшін әскерлер жіберуді, аймақты қорғауды өтінді. Патша тағы да ашуланып, Яң Цзычуңды әскер бастап Ұлы қорғанды шарлап келуді бұйырды. Яң Цзычуң жүз шақты шақырым жүріп, айналада жолдың болмауынан амалсыз қайтты.       

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2457-бет)

 

          Кайхуаң 19-жылы (599 ж.) түрктер шекаралық аудандарға басып кірді. Яң Ляң жорықтың қолбасшысы болғанмен, алғы шепке бармады. Сонда да Суй патшасы Вэнди оған тағы да ерекше ілтипат етіп, оны әлпештеді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2471-бет)

 

          Яң Цзяннің баласы Яң Мин Сяо-ханыммен5 бірге түрктерге қашып барды. Чолуқ-қаған оны Суй бегі етіп бекітті. Қаған Орталық жазықтан (Қытайдан) солтүстік халықтардың жеріне барғандарды тайпа етіп, осы Суй бегі Яң Минге қаратты және Диңсяң қаласына орналастырды. Түрктер жойылғаннан кейін, олар қайтарылды.

Чжэнгуән жылдары (627-649 жж.) Яң Миннің мансабы өсіп, «патшаның киім-кешектерінің басқарушы-бегі» болды. Юңхой жылдарының (650-655 жж.) басында ол дүниеден озды.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2481-бет)

 

1. Яң Цзычуң (扬子崇) – Суй патшасы Вэндидің (Яң Цзян) тағасы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2457-бет)

 

2. Фэн'яң сарайы (汾阳宫) – қазіргі Шәнси өлкесі Цзиңле ауданының солтүстік-шығыс жағында 160 шақырым келетін жерде.

(«Қытайдың жер атауларының сөздігі», 397-бет)

 

3. * - Суй патшалығының астанасы Шэнси өлкесінің Сиән қаласы еді.

(редактор)

 

4. Лишы (离石) – қазіргі Шәнси өлкесінің батысындағы Луляң тауының батыс жағында болған ежелгі аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 354-бет)

 

5. Сяо-ханым (萧后) – Суй әулетінің екінші патшасы Яңдидің (Яң Гуаң) ханымы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 535-537-беттер)

 

 

73. Юән Се және Ши Вәнсуйдің өмірбаяндары

 

Туйғұн басшысы, Диңчең бегі Жулпан өз әскерлерімен Хуаңхэ өзенінен өтіп, таңғұттармен бірлесті. Жасақтарды бастаған Юән Се Шачжоудан тікелей Көкнұрға жол жүріп, туйғұндар қайтқан шағында торуылда тұрып соққы берді. Олар Феңли тауында1 шайқасты. Юән Се оларды шегіндіріп, туйғұн шахзадасы Көбені жеңді. Туйғұндардың 17 даңқты ұлығы, 13 тарханы қарамағындағы елмен бірге берілді.

Кайхуаң 2-жылы (582 ж.) Түрк қағаны Ішбара, оның інісі ябғу (Чолуқ-ябғу) және Пана-қаған оңтүстікке баса-көктеп кірді. Суй патшасы Вэнди Даши Чаңруға қосындар башбұғы ретінде олармен соғысуды бұйырды. Ол Чжоупәнда түрктермен тоғысты. Түрктердің адамдары көп болғандықтан, Даши Чаңру оларға қарсы тұра алмайтын. Осы себепті, жасақтарда қорқыныш пайда болды. Даши Чаңру ерлік көрсетті. Жасақтар түрктердің шабуылы астында бірде бытырап, бірде жиналды. Бір жағынан соғысып, бір жағынан шегінді. Ол жақ пен бұл жаққа жүріп, үш күн соғысты, қару-жарақтар істен шықты. Әскерлер құр қол соғысып, қолдарының тері-еттері сыдырылып, сүйектері көрінсе де, ешбір босаңсымай түрктердің бір түменнен астам адамын өлтірді және жарақаттады. Рухы түсе бастаған түрк әскерлері шайқас алаңынан шегінді. Даши Чаңру бес жерінен жараланды, екі жерін оқ тесіп өтті. Әрбір 10 әскердің сегіз-тоғызы өлді. Әуелгіде түрктер Цинцзюн мен Луңси аймақтарын тонамақшы болған. Даши Чаңрудың әскерлері қайсарлықпен соғысқаны себепті, олардың ойы іске аспады. Келесі күндері соғыс алаңында өліктер өртелді. Адамдар зар жылап, кейін қайтты.              

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2521-бет)

 

Сол жылы (586 ж.) туйғұндар Ляңчжоуға басып кірді. Хелу Цзыган2 жорықтың башбұғы болып, жоғары дәрежелі мансапты Юән Сеге ілесіп, туйғұндарға шабуыл жасады. Соғыста ең зор қызмет көрсеткені үшін оны марапаттау жарлығы түсірілді һәм Ляңчжоуды қорғау бұйырылды. Сол жылы түрктер Ләнчжоуға басып кірді. Хелу Цзыган оларға қарсы тұру үшін Құрықтауға барып, түрктермен соғысты. Түрктердің адамы көп, қосындары қуатты болғандықтан, Хелу Цзыган қатерлі өзен-тауларды таңдап, әскери қоныс құрып, шайқасқа әзірленді. Қатарынан бірнеше күн су таба алмаған түрк әскерлері мен сәйгүліктері әбден қалжырады. Хелу Цзыган дәл сол мезетте бастамашылықпен шабуыл жасап, түрктерді жеңді. Сол үшін ол бас санғұн етіп тағайындалып, жаңа жасақтарды тексерушінің орынбасары қызметіне ауысты. Көп өтпей, қамдау мекемесінің диуанбегісі болды. Сол жылы түрктер тағы да шекаралық ауданға шапқыншылық жасады. Жорықтың башбұғы Хелу Цзыган Ду Жуңдиңмен бірге түрктерді шабуылдады. Хелу Цзыган түрктерді басқа жолмен жеңді. Суй патшасы Вэнди жарлық түсіріп, хал сұрау және жігерлендіруге адам жіберді. Хелу Цзыган сарайға баруды һәм патшаның асыл дидарын көруді сұрады. Патша оған бекеттердегі аттарды мініп келуін бұйырды. Туйғұндар шекаралық аудандарға тағы басып кірді. Хелу Цзыганға жорыққа шығу туралы бұйрық түсірілді. Ол Туйғұн елінде талан-тараж жасап, 20 күннен кейін артқа қайтты.

Луңси аймағы сан рет шабуылға ұшырап, талан-тараж болғандықтан, Суй патшасы Вэнди осы аумақ үшін қатты алаңдайтын. Осы өңірдің дәстүрі бойынша, кент-қыстақтарда бекініс салып қорғану жолға қойылмаған-ды. Патша Хелу Цзыганға күтілмеген оқиғаның алдын алу үшін осында адам шығару, бекініс салу, егін егу, астық жинауды бұйырды. «Сондағы егін егілетін жерлерді тексерсек, жапасы қыруар, өнімі аз екен. Луңсидің халқы мал шаруашылығымен шұғылданып келген. Ал енді оларды жинап, тың жерлерді игеріп, егін егуге мәжбүрлесек, жұрт тыныш болмай қалар ма екен. Ол жерге жасақтар жіберіп, қосындарды біріктіріп қорғасақ, бекіністер арқылы байланыс жасасақ, адамдар шашыраңқы орналасса да, ешбір шатақ шықпайды» деп хат жазды Хелу Цзыган. Патша оның пікіріне қосылды.

Патша Хелу Цзыганді шекараның қорғаныс істерін әбден біледі деп қарап, оны Юйгуән өткелінің3 башбұғы етіп белгіледі, Юнчжоу аймағының бегі етіп өсірді. Түрктер бұдан асып-сасыды. Кейінгі бірнеше жыл ішінде түрк билеушісі Юғлуқ елшісін жіберіп, елдесуді өтінді һәм қойлар мен тұлпарларды тарту етті. Әскери жорықтың башбұғы Хелу Цзыган солтүстік-батыс жолмен оны күтіп алуға барды. Ол сапардан оралғаннан кейін Юнчжоу аймағының башбұғы етіп тағайындалды. Түрктер ұлпан ретінде тапсырған 100 сәйгүлік пен 1 мың қой да оған сыйланды. Патша өз хатында: «Сіз солтүстіктің қақпасын күзеткеннен бері соғыс-қақтығыс болмады. Сізге түрктердің ұлпанға тапсырған нәрселерін сыйладым» деді. Анасы қайтыс болған кезде, Хелу Цзыган аза тұту орайымен қызметтен шықты.                 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2522-бет)

 

Кайхуаң жылдарының бастапқы мезгілінде бас санғұн Ерчушун опасыздық жасауға ұрынғаны үшін өлтірілді. Осы іске сәл байланысы болған Ши Вәнсуй мансабынан айрылып, қатардағы қорғаушы әскер ретінде Дунхуаңға жөнелтілді. Ол орналасқан қарауылхананың қолбасшысы керемет батыр адам еді. Ол әрдайым жалғыз өзі ат шаптырып, түрктердің арасына барып, ерекше мол олжамен қайтатын. Түрктер оған тосқауыл бола алмайтын. Өте такаппар болған осы кісі Ши Вәнсуйді көп рет боқтап қорлады. Оған наразы болған Ши Вәнсуй: «Мен де тайынбаймын» деді. Қарауылхана (шекара күзеті) басшысы Ши Вәнсуйға ат үстінде оқ атып көруді бұйырды және күліп тұрып: «Іске жарасаң ғана сыйлаймын» деді. Ши Вәнсуй сәйгүлік пен оқ-садақты алып, түрктер арасына бұзып кіріп, көптеген төрт түлік малды олжалап әкелді. Қарауылхана басшысы содан кейін оған жақсы қарай бастады һәм ылғи онымен бірге әрекеттенді. Ол кез келген уақытта түрктердің жеріне жүздеген шақырым тереңдеп, солтүстіктегі елдердің арасында аты шығып танылды. Жоғары мәртебелі мансапты Ду Жуңдиң түрктерге қарсы шабуылға шыққанда, Ши Вәнсуй әскери қоныстың қақпасына барып, шайқасқа қатысуды өтінді. Ду Жуңдиң оның аты-жөнін көп рет естіген соң, оны көріп, айрықша шаттанды. Сонымен түрктерге жіберілген адамы: «Екі тарап бір-бір палуанды жекпе-жекке шығарып, жеңу-жеңілуді белгілейік» деді. Түрктер осы пікірге қосылып, бір шабандозды айқасуға шығарды. Ду Жуңдиң оған қарсы Ши Вәнсуйді шығарды. Шауып барған Ши Вәнсуй әлгі адамның басын шауып қайтты. Түрктер абыржыды, әскерлері кейін кетті.               

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2524-бет)

 

Кайхуаң жылдарының аяғында [Батыс] Түрк қағаны Тардуш шекаралық аумаққа баса-көктеп кірді. Суй патшасы Вэнди Цзин бегі Яң Гуаң және Лиңчжоу аймағының башбұғы Яң Суға Лиң’удағы жол арқылы, ал Хән бегі Яң Ляң мен Ши Вәнсуйге Майидегі жол арқылы аттануды бұйырды. Ши Вәнсуй жоғары дәрежелі мансапты Чжаң Диңхэ, бас санғұндар Ли Яоваң және Яң Ичэнмен бірге шекарадан өтіп, Дачжин тауына жетіп, түрктермен айқасты. Тардуш-қаған жіберген елші: «Суй патшалығы жасақтарының санғұны кім?» деп сұрады. Барлаушы атты әскерлер: «Ши Вәнсуй» деп жауап берді. Түрктер: «Ол Дунхуаң қарауылханасының әскері емес пе еді?» деп тағы сұрады. Барлаушылар: «Йә, солай» деп жауап қайтарды. Тардуш осыны есіткен соң, қосындарын артқа қайырды. Оны қуған Ши Вәнсуй 100 шақты шақырымнан кейін жетіп алды және шабуыл жасап жеңді. Ши Вәнсуй солтүстіктегі Гоби шөлінде жүздеген шақырым жол жүріп, түрктер қашқаннан кейін ғана кері қайтты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2525-бет)

 

Түрктер Юнчжоу аймағына басып кірді. Суй патшасы Вэнди Яң Суға оларға соққы беруді және қуып жіберуді бұйырды. Ол түрктердің шекараға шапқыншылық жасағанына алаңдап, Ду Янді4 тағы Юнчжоу аймағының башбұғы етіп тағайындады. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2529-бет)

 

Кейін Хэ Хуң5 Сичжоу аймағының бегі етіп тағайындалды. Сол кезде түрктер шекаралық аудандарға басып кірген болатын. Хэ Хуңға «солтүстік жасақтардың башбұғы» ретінде түрктерді қуып жіберу туралы бұйрық түсірілді. Түрктердің соңына түскен ол соққы беріп, Гоби шөліне жетіп, кері қайтты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2533-бет)

 

Кайхуаң жылдарының басында Гао Баониң6 тағы да түрктерді бастап Бейпиңді7 қоршады һәм шабуылдады. Суй патшасы Вэнди Ин Шуға жауға қарсы жорық жүргізуді бұйырды. Гао Баониң қаланы тастап, Гоби шөлінің солтүстігіне қаша жөнелді. Хуаңлуң секілді аудандар тынышталды. Ин Шу ірі жасақтармен бірге сарайға қайтқанда, 2 мың әскердің қолбасшысы Чең Дао'аңды осы жерлерді қорғау үшін қалдырды. Гао Баониңның Чең Дао'аңға шабуыл жасайтынына алаңдаған Ин Шу қыруар алтынмен Гао Баониңды қызықтырып, оны ұстап алды. Содан кейін солтүстік тарап тынышталды.      

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2534-бет)

 

Бір жылдан көбірек уақыт өтіп, жорықта жүрген қосындардың башбұғы Даши Чаңруға ілескен Яң Чуң Чжупәнда түрктерге соққы берген кезде, батырларша соғысып қаза тапты.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2535-бет)

 

Екінші жылы түрктер шекаралық аудандарға тағы басып кірді. Яң Ичең8 оларды қуа отырып, Дачжин тауына келе сала шайқасты. Осында келген Тайпиң ұлығы Ши Вәнсуй де Яң Ичеңмен бірлесіп, түрктерді жеңді. Яң Судың зиянкестігіне ұшыраған Ши Вәнсуй, Яң Ичең қызмет көрсетсе де, сый-тарту ала алмады.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2536-бет)

 

Яң Ичең Суй патшасы Яңдиге ілесіп, туйғұндарға қарсы жорық жасаған кезде, оған Пипа жылғасына орналасу және қорғау туралы бұйрық түсірілді. Оның жасақтарының шатырлы қонысының ұзындығы 80 шақырымға созылып, оңтүстік жағы Юән Шоудың9 қосындары тұрған жерге, ал солтүстік жағы Дуән Вэнчжэннің10 қосындары тұратын жерге дейін созылды. Туйғұн билеушісі Фу'юәнчуән аңғарында қоршауға түсіп қалды.     

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2536-бет)

 

1. Феңли тауы (丰利山) – қазіргі Циңхай өлкесінің солтүстік-шығыс жағындағы тау.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1323-бет)

 

2. Хелу Цзыган (贺娄子干) – Солтүстік Чжоу және Суй патшалықтарының қолбасшысы. Батыр да өжет болған, көп қызмет көрсеткен.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2523-2521-беттер)

 

3. Юйгуән өткелі (榆关) – орны жөнінде екі түрлі пікір бар: 1) қазіргі Хэбэй өлкесінің Цинхуаңдао қаласынан шығыстағы Шаңхайгуән өткелі; 2) қазіргі Хэбэй өлкесінің Фуниң ауданынан шығыстағы Юйгуән өткелі.

(Бір томдық «Цыхай», 978-бет)

 

4. Ду Ян (杜彦) – Суй әулетінің әскери қолбасшысы. Хелу Цзыган өлгеннен кейін, оның орнына Юнчжоу аймағының башбұғы болған.

   («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2528-2529-беттер)

 

5. Хэ Хуң (和洪) – Солтүстік Чжоу патшалығының арбалы атты әскерлер санғұны. Суй патшасы Вэнди оны Цзичжоу аймағының бегі етіп тағайындаған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2533-2534-беттер)

 

6. Гао Баониң (高宝宁) – Чжоу патшалығының бүлік көтерген мансаптысы, Иңчжоу аймағының бегі болған.

(редактор)

 

7. Бейпиң (北平) – қазіргі Хэбэй өлкесінің Вәнсян ауданынан оңтүстік-шығыста болған ежелгі аудан. 

(Бір томдық «Цыхай», 331-бет)

 

8. Яң Ичең (杨义成) – Суй патшалығының мансаптысы. Бас санғұн, кеңес-бегі, әскери бекіністің қолбасшысы болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2535-2537-беттер)

 

9. Юән Шоу (元寿) – Суй патшалығының мансаптысы. Суй патшасы Вэндидің заманында бас санғұн, тақ мұрагері мекемесінің бегі, жаршы болып тағайындалған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2582-2583-беттер)

 

           10. Дуән Вэнчжэн (段文振) - Суй патшалығының мансаптысы. Бас санғұн, әскери топтардың диуанбегі, кеңес-бегі етіп тағайындалған. Түрктермен байланыс орнатуға көп күш шығарған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2587-2589-беттер)

 

 

75. Юйвен Би және Ли Әннің ғұмырнамалары

 

Юйвен Би1 – Солтүстік Чжоу патшалығының мансаптысы. Деңцзи елі, Хейшуй2 және Луңхэдегі3 цяң тайпаларына елші болып барған. Жалпы саны 30 шақты тайпаны көндірді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2569-бет)

 

Сол кезде түрктер Гәнчжоуды тонады. Солтүстік Чжоу патшасы Сюәнди Хумоченчаңды оларға соққы беруге жіберді. Қосындардың қадағалаушысы болған Юйвен Би Хумоченчаңға: «Жарамды атты әскерлерді іріктеп, Тірентаудың (қазіргі Циляншән тауы) солтүстік-батыс жағына тіке аттану керек. Түрк әскерлері шегінсе, Ляочуәннің солтүстігінен жүреді. Ол жер қатерлі, жолы тар, шұңқырлары көп болғандықтан, түрктердің адамдары және жылқылары үш күнде әрең өте алады. Олар әлсірейді де, бірден быт-шыты шығады. Осында тосқауыл қойып, соққыға алғанымыз ең жақсы шара-дұр» деді. Хумоченчаң бұл ұсынысты қабылдамай, батыс жаққа шабуыл жасап, Хэлиді4 басып алды. Ірі жасақтардың әрекеті жай болғандықтан, түрктер шекараның ар жағына өтіп кетті.

Кайхуаң 3-жылы (583 ж.) түрктер Гәнчжоуға басып кірді. Бас қолбасшы Юйвен Би башбұғ Ду Жуңдиңмен бірге түрктерді шабуылдап, оларды жеңді.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2570-бет)

 

Кайхуаң 18-жылы (598 ж.) түрктер шекараға басып кірді. Жорықтың башбұғы Ли Ән Яң Сумен бірлесіп түрктерге соққы берді. Ли Ән Чаңчуән жылғасынан аттанып, Хуаңхэ өзенінен өтіп жатқан түрктерді жеңді.     

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2578-бет)

 

1. Юйвен Би (宇文弼) – бастапқыда Солтүстік Чжоу патшалығының, сосын Суй патшалығының билеушісіне қызмет еткен. Суй патшасы Яңдидің заманында зындандар мен әскери бекіністер басшыларының қолбасшысы болған.

  («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2569-2571-беттер)

 

2. Хейшуй (黑水) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Чжучу ауданынан оңтүстік-батыста болған ежелгі қорған.    

(Бір томдық «Цыхай», 2067-бет)

 

3. Луңхэ (龙涸) – ежелгі бекініс. Қазіргі Сычуән өлкесінің Суңпән ауданы.

(Бір томдық «Цыхай», 1658-бет)

 

4. Хэли (合黎) – қазіргі Гәнсу өлкесіндегі Чжаң’е, Шәндән, Гаотай, Цзюцюән аудандарының солтүстігінде орналасқан таудың атауы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 291-бет)

 

 

76. Дуән Вэнчжэн мен Сюэ Шисюңнің ғұмырнамалары

 

          Вэй бегі Яң Шуаң солтүстіктегі түрктерге қарсы жорық жасаған кезде, Дуән Вэнчжэн оның көмекшісі еді. Алайда, оның тізім дәптеріне тізілген қызметтері шындыққа жанаспағаны себепті, лауазымнан босатылды. Кейін Шичжоу1 және Хэчжоу аймақтарының бегі болды. Сол жерлерде абыройлы болып, салтанат-шарапатқа жеткен ол Ләнчжоудың башбұғы лауазымына дейін көтерілді және Луңгаң ауданының әкімі болды. Түрктер шекаралық бекініске басып кіргенде, жорықтың башбұғы болған ол түрктерді жеңді. Солтүстіктегі Цзюй'ян бекінісіне2 дейін барды.

          Кайхуаң 19-жылы (599 ж.) түрктер шекаралық ауданға басып кірді. Жорықтың башбұғы болған Дуән Вэнчжэн Войе бекінісінің түбінде Тардуш-қағанмен айқасты. Оның алдында Дуән Вэнчжэн мен Ваң Шицзи дос еді. Дуән Вэнчжэн солтүстік жорыққа шыққан мезгілде, Ваң Шицзи оған түйе сыйлаған-ды. Дуән Вэнчжэн сол реткі соғысты аяқтап қайтқан кезде, Ваң Шицзидің күнәсі анықталып өлтірілді. Дуән Вэнчжэн оның ескі досы болғандықтан, еңбегі зор болса да, марапатталмады.

          Суй патшасы Яңдиге ерген Дуән Вэнчжэн туйғұндарға қарсы жорыққа қатысты. Ол қосындарды қадағалап, Қарлытауға жайғасты. Ауқымы 300 шақырымнан көбірек жерге әскери қоныс құрылды. Оның шығыс тарапы Яң Ичеңнің қосындары тұрған жерге, батыс тарапы Чжаң Шунің жасақтары тұрған жерге дейін созылды. Туйғұн билеушісі Фу'юәнчуән аңғарында қоршалды.       

  («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2588-бет)

 

Дуән Вэнчжэн Суй патшасы Яңдидің Түрк қағаны Рамғанға қонақжайлылық танытып, оны шекараның ішіне орналастырғанын және оған ханшаны ұзатып, көп мәрте сый-тарту бергенін, Дайе жылдарының басында Рамған-қағанға одан да көп ілтипат көрсеткенін көріп, осы қағанның мемлекетке бәле-апат болуынан алаңдап, патшаға хат ұсынды. Хатта дереу Рамған-қағанға хал-ахуалды түсіндіріп, оны шекаралық бекіністің сыртына орналасуға көндіруді, сосын шекаралық қорғандарда қарауыл мұнаралар салып, жол шетіне қосындар орналастыруды және олардың сақ тұруын бұйыруды ұсынды. Ол осы шараларды ұзақ мерзімді бейбіт тұрудың шарасы деп атады. Алайда, Суй патшасы Яңди оның ұсынысын қабылдамады.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2589-бет)

 

          Дайе 5-жылы (609 ж.) Суй патшасы Яңди батыс тарапты тексеруге шығып, туйғұндардың жеріне кірмекші болды. Фән Цзыгай3: «Ол жердің ауасы қапырық, адамды сырқатқа шалдықтырады» деп, тұманнан сақтану үшін патшаға ұзын жиренше (өсімдіктің түрі) сыйлады.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2594-бет)

 

          Кайхуаң 19-жылы (599 ж.) Түрк қағаны Тардуш шекараға баса-көктеп кірді. Яң Сумен бірге жорыққа шыққан Чжоу Лохоу4 алғы шепте шабуылға өтіп, түрктермен айқасты. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2598-бет)

 

          Дайе 5-жылы (609 ж.) Ли Чуән5 патшаның туйғұндарға қарсы жорығына қатысты. Ол әскерлерімен бірге Ивирғол жолынан аттанып, Көкнұрда дұшпанға жетіп алды да, жеңіспен жылжып, Фучи бекінісіне беттеді. Суй патшасы Яңди Ли Чуәнға Мәнтоу тауы6 және Цишуй өзенінен өтіп Хе'юән уәлиеті мен Цзиси базасын орнатуды, тың жерді игеруді және сол жерде тұрып, мемлекеттің батыс шекарасын қорғауды бұйырды. Ли Чуән осы жерде бес жыл тұрды. Оған борышты болған цяңдар Суй патшалығына бағынып, жыл сайын ұлпан мен бажы тапсырды. Туйғұндардың қалдықтары шалғай жерге қашқаны себепті, батыстағы жолдар дамыды.     

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2603-бет)

 

          Сюэ Шисюң7 патшаға ілесіп, туйғұндарға қарсы жорыққа қатысқаны үшін кеңес-бегі етіп өсірілді. Бір жылдан көбірек уақыт өткенде, Юймын бекінісінен әскери жорыққа шыққан жасақтардың башбұғы болған ол Түрк қағаны Рамғанмен бірге Ивирғолға шабуыл жасады. Қосындар Юймын бекінісіне жеткенде, Рамған-қаған алдын-ала белгіленген уақытқа көңіл бөлмегені себепті, қосындары уақытында жете алмады. Сюэ Шисюң өз жасағымен ғана Гобиден өтті. Ивирғолдықтар қорқып, елдесуді өтінді. Сюэ Шисюң Хән патшалығы дәуіріндегі Ивирғол қаласы орнының шығыс тарапына бекініс салып, оны «Жаңа Ивирғол» деп атады. Кеңес-бегі Ваң Вейді осы бекіністі қорғау үшін қалдырып, өзі жасақтарымен кері қайтты.           

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2606-бет)

 

1. Шичжоу аймағы (石州) – Солтүстік Чжоу әулетінің Цзяндэ 6-жылы (577 ж.) бұрынғы Батыс Фэнчжоу аймағының атауы Шичжоу аймағы етіп өзгертілген.

  (Бір томдық «Цыхай», 1630-бет)

 

2. Цзюй'ян бекінісі (居延塞) – Хән әулетінің Тайчу 3-жылы (б.з.д. 102 ж.) Цзюй'ян көлінің бойында салынған ежелгі бекініс.

 (Бір томдық «Цыхай», 1073-бет)

 

3. Фән Цзыгай (樊子盖) – Солтүстік Ци патшалығындағы аймақтың бегі болған. Чжоу патшасы Уди Ци әулетін жойғаннан кейін, оны тағы аймақтың бегі етіп тағайындаған. Суй патшасы Вэнди таққа отырған кезде, ол «үш аймақтың бегі» болған. Суй патшасы Яңдидің заманында аурудан қайтыс болды. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2594-2596-беттер)

 

4. Чжоу Лохоу (周罗睺) – Чэн патшалығының санғұны. Суй патшасы Вэнди Чэн әулетін жойғаннан кейін, Суй әулетіне беріліп, бас санғұн және аймақтың бегі болған. Кейін соғыста оқ тиіп өлген.

   («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2596-2598-беттер)

 

5. Ли Чуән (刘权) – Солтүстік Ци патшалығының мансаптысы. Солтүстік Чжоу патшалығында аймақтың бегі болған. Суй әулетінің тұсында арбалы атты әскерлер санғұны, кеңес-бегі және аймақтың бегі болған.

 («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2603-бет)

 

6. Мәнтоу тауы (曼头山) – қазіргі Циңхай өлкесінің солтүстік-шығысында орналасқан тау. 

      («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атаулар энциклопедиясы», 810-бет)

 

7. Сюэ Шисюң (薛世雄) – Солтүстік Чжоу патшалығының тұтұғы. Суй патшасы Яңдидің заманында кеңес-бегі, бас санғұн және аймақтың бегі болған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2606-2607-беттер)

 

 

78. Чжаң Диңхэ мен Май Течжаңның ғұмырнамалары

 

          Чжаң Диңхэ1 жоғары мәртебелі мансапты Ли Чуңге ілесіп, түрктерге қарсы жорыққа қатысып, олардың шебін ең бірінші болып бұзып өтті. Чжаң Диңхэнің денесіне түрктің найзасы қадалғанда, ол зақымданған жерін жауып алып, түк болмағандай соғыса берді. Ақыры түрктер жеңіліп шегінді.

          Ол тағы да Суй патшасы Яңдиге еріп, туйғұндарға қарсы жорыққа қатысып, Фу'юәнчуән аңғарына барды. Сол кезде туйғұн билеушісі бірнеше атты әскермен қашып кетті. Туйғұнның бір даңқты көсемі өзін патша деп атап, Чевожен тауында мығым бекініп алды. Патша Чжаң Диңхэге оған қарсы шабуыл жасауды бұйырды.  

          Ол жаулардың аз екендігін көріп: «Беріліңдер!» деп айғайлады. Жаулар таудан түсіп, тізе бүгуден бас тартты. Сауытын да кимей тауға өрмелеген Чжаң Диңхэ оққа ұшып өлді.    

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2631-бет)

 

          Май Течжаң2 Яң Суға ілесіп, түрктерге қарсы жорық жасау үшін солтүстікке аттанды, башбұғ лауазымына дейін өсірілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2633-бет)

 

          Арбалы атты әскерлер санғұны Ваң Жэнгуң3 Яң Сумен бірге Лиң’уда түрктерге соққы беріп, қызмет көрсеткені үшін башбұғ етіп тағайындалды. Көп өтпей, түрктер тағы шапқыншылық жасады. Ваң Жэнгуң әуелгі мансабынан басқа, Майе бекінісінің уақытша уәлиі етіп тағайындалды. Сол жылы Шібір-қаған Майені тонауға келді. Ол екі қолбасшысына осы жерден оңтүстік жаққа басып кіруді бұйырды. Сол кезде Майе аймағының әскерлері 3 мыңға да жетпейтін. Ваң Жэнгуң әскерлерді іріктеп, шайқасқа аттанды. Ол түрктерді жеңіп, әлгі екі қолбасшының бастарын шауып әкелді. Кейін Ваң Жэнгуң Диңсяңға басып кірген түрктерді кері шегіндірді.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2638-бет)

 

          Патшаға ерген Чжао Цай4 туйғұндарға қарсы жорыққа қатысты. Жасақтар башбұғы болған ол жасауыл-бегі Ли Чуән және әскер-бегі Миң Яны Хэхэ жолымен бастап келіп, туйғұндарды жеңді. Қызмет көрсеткені үшін оған «алтын және күлгін түсті тамғалардың бағына ие кеңес-бегі» деген атақ берілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2645-бет)

 

1. Чжаң Диңхэ (张定和) – Суй патшалығының шапауыл-санғұны, ақсүйегі, кеңес-бегі болған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2631-2632-беттер)

 

2. Май Течжаң (麦铁杖) – кедей отбасыдан шыққан батыр. Суй патшасы Яңдидің заманында мансапты, аймақтың бегі болған. Ляодуңдағы шайқаста өзеннен өтуге бастамашылық етіп, дұшпанмен айқасып өлген. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2633-2634-беттер)

 

3. Ваң Жэнгуң (王仁恭) – Суй әулетінің арбалы атты әскерлер санғұны, аймақтың бегі, бас санғұн, кеңес-бегі болған. Кейін қол астындағы әскербасы Лю Вучжу оны қастандықпен өлтірді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2638-2639-беттер)

 

4. Чжао Цай (赵才) – Суй патшасы Яңди тақ мұрагері болып жүргенде, мұрагер мекемесінің күзетші-бегі болған. Суй патшасы Яңди таққа шыққаннан кейін санғұн, башбұғ және кеңес-бегі болған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2645-2646-беттер)

 

 

79. Юйвен Шудың ғұмырнамасы

 

          Сол уақытта телелік Чуба Ғалың1 туйғұндарды шапты және оларды жеңді. Жан-жаққа қашқан туйғұндар елші жіберіп, елдесуді һәм жәрдем беруді сұрады.

          Суй патшасы Яңди Юйвен Шуны2 қосындарды бастап «бағынғандарды жұбату» және оларды қосып алуға жіберді. Юйвен Шудың жасақтармен келгенін көрген туйғұндар қорққаннан берілудің орнына батысқа қашты. Юйвен Шу оларды Мәнтоу қаласына дейін қуып барып, қаланы шабуылмен алды. Ол жеңіспен жылжи отырып, Цишуй қаласына барып, оны да басып алды. Туйғұн күштерінің қалдығы Цюничуән3 шатқалына қашып жайғасты. Юйвен Шу бұл жерді де шабуылдап, оларды күйрете жеңіп, 200 туйғұн ұлығы, диуанбегі мен санғұнын қолға түсірді. Туйғұн билеушісі оңтүстіктегі қарлы тауға қашты. Олардың әуелгі мекенінің қаңырағанына патша айрықша қуанды. Келесі жылы патшаға ілескен Юйвен Шу батыстағы жерлерді тексеру үшін Алтынтауға келіп, Алчи тауына шықты. Юйвен Шу үнемі алдыңғы шепте барлау жүргізді. Сол кезде туйғұндар Чжаң'ені тағы шапты. Юйвен Шу оларға шабуыл жасап шегіндірді.

          Түрктер Янмын бекінісін қоршауға алғаннан кейін, Суй патшасы Яңди ерекше шошыды. Юйвен Шу қоршауды бұзып өтуді өтінді. Лай Хуэр4 мен Фән Цзыгайдың үздіксіз үгіт-насихатының нәтижесінде, патша қоршауды бұзып шығудан айныды. Түрктер қоршауды босатқан соң, патша ақсүйек-ұлықтармен бірге Тайюәнға келді. Кейбіреулер патшаға астанаға қайту туралы көп үгіт айтты. Патша бұл пікірді қабылдауды ауырсынды. Юйвен Шу төмендегідей хат ұсынды: «Ілесіп келген мансаптылардың әйелдері мен балалары Шығыс астанада5 жүр. Сондықтан тар-соқпақ жолмен Туңгуән бекінісі арқылы Лояңға барайық» деді. Патша оның пікірін дұрыс деп тапты. Көп өтпей, олар Лояңға барды. Юйвен Шу патшаның райын тағы бағып, оны Цзяңду сарайына түсуге үндеді.                        

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2652-бет)

 

Дайе 11-жылы (615 ж.) түрктер Янмынде Суй патшасы Яңдиді қоршауға түсірді. Ваң Шичуң6 цзяңдулықтарды патшаны құтқаруға бастап барды. Ол әскерлер арасында жүріп, бет-жүзі кірлегендіктен, қасірет басып жылап алды. Күндіз-түні сауытын шешпей, шөп-шаламның үстінде жатты. Бұны көрген патша «Ол мені шынымен де аса қадірлейді екен» деп қарап, оған одан әрі сенім артты.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 8-том, 2661-бет)

 

          Дуән Да7 Суй патшасы Яңдимен туйғұндарға қарсы жорыққа қатысып, «алтын және күлгін түсті тамғалар бағына ие кеңес-бегі» етіп өсірілді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2664-бет)

         

1. Чуба Ғалың (契弊歌稜) – теле тайпасының чуба руынан шыққан қолбасшы, есімі Ғалың. Суй әулетінің Дайе 1-жылы (605 ж.) өзін «Елетміш Баға-қаған» деп атаған.

(«Ұлттар сөздігі», 774-бет)

  

2. Юйвен Шу (宇文述) – Дайцзюн аймағының Учуән ауданында туылған. Әуелі Солтүстік Чжоу патшалығында бір аймақтың бегі болған. Суй әулетінің Кайхуаң жылдарының басында «оң-қол бас санғұны» болған. Суй патшасы Яңди таққа отырғаннан кейін, «сол-қанат бас санғұны» және ұлық болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2649-2653-беттер)

 

3. Цюничуән (丘尼川) – орны белгісіз жердің ежелгі атауы.

(редактор)

 

4. Лай Хуэр (来护儿) – Суй патшалығының қолбасшысы. Бас қолбасшы, аймақтың бегі, сарай атхананың басшысы, башбұғ, бас санғұн, әскери күштердің диуанбегі, кеңес-бегі болған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2587-2589-беттер)

 

5. * - Суй патшалығының шығыс астанасы Лояң (қазіргі Хэнән өлкесінің Лояң шаһары).

(редактор)

 

6. Ваң Шичуң (王世充) – Батыс өңірдегі ғұздардан шыққан Суй патшалығының мансаптысы. Дайе жылдарының соңында Суй патшасы Яңдидің бұйрығымен әскерлерді бастап дұшпандарды сан рет жеңген. Суй патшасы Яңди өлтірілгеннен кейін, бір мезет өзін «Чжең бегі» деп атаған. Кейін Таң патшасы Тайцзуңға (Ли Шимин) бағынып, Чаң'ән шаһарына барған және қарсыластары тарапынан өлтірілген.

(«Суйнама» жылнамасының «Ваң Шичуңның ғұмырнамасы» бөлімі)

 

7. Дуән Да (段大) – Суй патшалығының мансаптысы. Гуцзаң қаласынан шыққан. Суй патшасы Вэндидің заманында тақ мұрагері мекемесінің күзетші-бегі болған. Ваң Шичуң «Чжең бегі» болғанда, оны зындан-бегі етіп тағайындаған. Ваң Шичуң жеңілгеннен кейін, Дуән Да жазаға тартылып өлтірілген.

(«Қытайдың кісі есімдерінің энциклопедиясы», 668-бет)

 

 

80. Хэ На, Лүй Пи және Фең Сидің ғұмырнамалары

 

Солтүстік Вэй патшасы Дао’у (Тоғбат Гуй) тутулин1 тайпасына жорық жасады. Хэ На2 ағалы-інілі арасындағы ниетті бұзып, түзу жолдан тайып, тутулин тайпасына көмектесті. Патша Дао’у оларды шабуылдады һәм талқандады. Хэ На батыс жаққа қашты.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2673-бет)

 

          Лүй Пи3 Дайцзюн аймағынан шыққан, жоржан қолбасшысы Датанның туысқаны еді. Ол Вэй патшасы Тай’удың (Тоғбат Тао) заманында елдесуге келген. Лүй Пи – Гуң-ханымның ағасы. Ханым кейін Вэй патшасы Вэнчжеңді (Тоғбат Жуй) туды.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2674-бет)

 

          Фең Си4 Чаң'әнда туылған. Оны Яо отбасының сүт-анасы бағып өсірген-ді. Тағасы Лелиң ұлығы Тоғбат Мяо жоржан ұлысына шабуыл жасауға кеткендіктен, сүт-анасы өзі паналаған Ди цяңдарының арасында жүріп, Фең Сиді бақты.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2677-бет)

 

1. Тутулин (吐突邻) – ежелгі тайпа. Солтүстік Вэй әулетінің заманында Ролоcу өзенінің (қазіргі Ішкі Моңғолия автономиялы районындағы Ширамурун өзені) батыс жағында мекендеген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3275-3276-беттер)

 

2. Хэ На (贺钠) – Солтүстік Вэй патшасы Дао’удың (Тоғбат Гуй) тағасы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2671-2672-беттер)

 

3. Лүй Пи (闾毗) – Солтүстік Вэй патшасы Цзиңмудың (Тоғбат Хуа) әйелінің (Вэй патшасы Вэнчжеңнің (Тоғбат Жуй) анасы) ағасы.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2674-2675-беттер)

 

4. Фең Си (冯熙) – Вэй патшасы Вэнчжеңнің (Тоғбат Жуй) әйелінің ағасы.

  («Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2676 және 2679-беттер)

 

 

81. Чжаң Вэйдің ғұмырнамасы

 

          Чжаң Вэй1 журчи руынан хал-жағдай сұрау үшін Цзюцюәнға елші болып барды. Сондай-ақ ол Суң патшалығына елші болып барған. Оған «Чеңгао ұлығы» деген мәртебе тарту етілген.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2710-бет)

 

1. Чжаң Вэй (张伟) – Чжуңду елді мекенінен (қазіргі Шәнси өлкесінің Юйси ауданы) шыққан. Солтүстік Вэй патшалығында өмір сүрген ғалым. «Шығысты тыныштандырушы санғұн», Иңчжоу аймағының бегі болған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2710-бет)

 

 

83. Юй Шицзидің ғұмырнамасы

 

          Юй Шицзи1 кейін Суй патшасы Яңдиге ілесе Янмын бекінісіне барғанда, түрктердің қоршауына түсті. Әскерлер көп соғысса да, бәрі сәтсіздікке ұшырады. Юй Шицзи марапаттау және жазалау жүйесін енгізу, әскерлердің хал-жағдайын сұрау (реттеу), Ляодуң жорығын тоқтату туралы патшаға ұсыныс жасады. Патша оның пікірін дұрыс деп тапты, қосындар да қайтадан рухтанды.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2798-бет)

 

1. Юй Шицзи (虞世基) – Суй патшалығында өмір сүрген білімді хаткер (хатшы). Суй патшасы Яңдидің заманында жаршы және жанама-бегі болған. Кейін Юйвен Хуацзидің қолынан қаза тапқан. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2798-2800-беттер)

 

 

84. Чифу Баоның ғұмырнамасы

 

          Чифу Бао қаңлы тайпасынан шыққан, әкесі Чифу Чжу Вэй патшасы Сянвэннің (Тоғбат Хуң) заманында сарай кеңесшісі1, мал шаруашылығы мекемесінің диуанбегі болған, «Ниңго ұлығы» деген мәртебемен марапатталған. Ол адал, сабырлы және тыңғылықты болғандықтан, әрдайым патшаның жанында жүріп, бұйрықтарын орындайтын. Ол Хэнән өлкесінің тумасы Цзуң-ханымға үйленген-ді. Цзуң-ханым қайтыс болғаннан кейін, оған тағы сарайдағы Шэн-ханым ұзатылды. Шэн-ханым Суң шахзадасының сол-қанат қолбасшысы Шэн Тяннің ағасының қызы еді. Бір жылдан көбірек уақыт өткенде әкесі Чифу Чжу дүние салды. Шэн-ханым Чифу Баоды бағып, оған қатаң талап қойды. Тіпті ұрды және ұрысты. Алайда, Чифу Бао уәдесінде тұратын. Ол байсалдылықпен анасына қиналғанын білдірмеді. Кейін Чифу Бао әкесінің мәртебесін мұрагерлік етті. Әйтсе де заң-ережелер бойынша, мәртебесі бекке дейін түсірілді және артынан сол-қол нөкербасы мансабына дейін өсірілді. Ол уәзірлерді қамдау-марапаттау туралы нұсқау сұрау жүйесін орындағанда, сыртта іс жүргізгенде үкімет немесе жеке меншік қаражаттарын, сондай-ақ жүзеге асыруға тиесілі істер жөнінде бәрін білетін һәм айтып бере алатын. Кейін Пишамшанға басқақ-санғұн етіп жіберілді.        

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2827-бет)

 

1. Сарай кеңесшісі (散骑常侍) – үнемі патшаның жанында жүріп, ұмытылған істерді іске асыру үшін кеңес беретін, маңызды істерде кеңеске қатысатын мансапты.

(Бір томдық «Цыхай», 1472-бет)

 

 

85. Дуән Цзин және Чжу Чаңшеңнің ғұмырнамалары

 

          Дуән Цзиннің шыққан жері беймәлім. Ол Вэй патшасы Тай’у билік құрған кезеңнің алғашқы жылдары «Байдао басқақ-санғұны» еді. Жоржан қағаны Датан1 шекарадан басып өтіп, Байдаоны қоршауға алғанда, оған күші жетпеген Дуән Цзин қолға түсті. Жоржандар оны қатты сөккені үшін өлтірді. Оның өлгеніне ашынған патша Тай’у аза тұтып, оған «солтүстікті тыныштандырушы санғұн», Сянмэй бегі деген мәртебе және «Чжуаң» деген атақ берді.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2843-бет)

 

          Осы мезетте теле тайпасындағы Жибаин деген кісінің ағасы Дию мемлекеттің жылқысын ұрлап жеді. Заң бойынша, өлім жазасы берілетіндіктен, Жибаин: «Жылқыны мен сойдым» деп жалған айтты. Ағасы: «Інім соймаған» деп тұрып алды. Ағалы-інілі екеуінің қайсысының сөзі шын екенін айыру мүмкіндігінің болмауынан патша Сяовэн екеуін де кешіру туралы жарлық түсірді.    

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2844-бет)

 

          Чжу Чаңшең мен Юти Дайцзюн аймағынан шыққан. Вэй патшасы Сяовэннің заманында Чжу Чаңшең сарай кеңесшісі деген құрметті лауазымға ие болды. Юти екеуі қаңлыларға елшілікке барғанда, қаңлы хақаны Апурғұр2 оларды бүгіліп тағзым беруге мәжбүрледі. Чжу Чаңшең қарсы болды. Апурғұр оған салт-дәстүрге сәйкес мәміле жасамады. Чжу Чаңшең өзімен бірге әкелген алтын-күмістерді шығарды. Апурғұр бұны алмақшы болғанда, Чжу Чаңшең оған: «Елдесіп бағынған екенсіз, бағыну салтын орындауыңыз керек. Неге тағзым етемін деп тұрып, тағзым етпейсіз?» деп, Апурғұрды шатырдан шығып, жұрттың алдында иіліп тағзым етуді талап етті. Өз қарамағындағы жұрттың алдында мына сөзден қынжылған Апурғұр ашуға басып: «Шатырда тағзым етуді айтпай, көпшіліктің алдында мені қорламақшы болғаның не?!» деді. Ол Чжу Чаңшең сыйламақшы болған нәрселерді оның қолынан тартып алып, тастардың арасына лақтырды. Ол қолына қару алған беті Чжу Чаңшеңге: «Бізге бағынсаң, тірі қаласың. Әйтпесе өлтіреміз!» деді. Чжу Чаңшең мен Юти Апурғұрға тіксініп қарап, қату түрде: «Аруақ болсақ, болайық. Билігіңді мойындамаймыз» деді. Апурғұр қатты ызаланып, оларға жейтін нәрсе бермеді. Бірге келген 30 адамның бәрі Апурғұрға жалынғандықтан, оларға ет пен сүт-қатық берілді. Чжу Чаңшең мен Юти тағы оларға бас имегендіктен, екеуі бөлек-бөлек жерге әкетілді. Үш жылдан кейін еркіндікке шығып, еліне қайтты.      

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2845-бет)

 

1. Датан (大檀) – Жоржан қағаны. «Бөгек Сенлих-қаған» деп те аталады. Солтүстік Вэй әулетінің Шэнжуй 1-жылы (414 ж.) жоржандар арасындағы дау-жанжалда өз жиені Булужинді өлтіріп, қаған болған. Содан бастап, Солтүстік Вэй патшалығына қарсы тұрып, әрдайым шапқыншылық жасаған. 424 ж. болған бір қақтығыста Байдаоны (Ақбелдеуді) қорғаған санғұн Дуән Цзинді өлтірген. Кейін Солтүстік Вэй патшалары Тоғбат Гуй және Тоғбат Таодың соққыларынан қатты жеңіліп, аурудан қайтыс болған.

(«Ұлттар сөздігі», 38-бет)

  

2. Апурғұр (阿伏至罗) – Абұқтыра деп те аталған. Қаңлы елінің пувурғұр тайпасының көсемі. Солтүстік Вэй әулетінің Тайхэ 15-жылы (491 ж.) інісі Чөнчімен бірге 100 мыңдай түтінді Тәңіртаудың (Тян-Шән) солтүстік етегіндегі Арқақос жеріне (қазіргі Шынжаң-Ұйғыр автономиялы районның Жимисар ауданы) көшіріп, Қаңлы мемлекетін қайта құрған. Ол өзін «Көлбойла-қаған», ал інісі Чөнчі өзін «Көл-бег» деп жариялаған. Кейін жауыздығының салдарынан өз елінің адамдары өлтірген.

(«Ұлттар сөздігі», 618-бет)

 

 

89. Чжаң Шэн, Сюй Бян және Ли Шунсиңнің ғұмырнамалары

 

          Шэнцзя 2-жылы (429 ж.) патша жоржандарға қарсы жорық жасамақшы болған кезде, Чжаң Шэн1 мен Сюй Бян2 жорықты жасамау керек деп қарап, Вэй патшасы Тай’удың алдында Цуй Хаомен осы жөнінде дауласты.   

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2923-бет)

 

          Датуң 13-жылы (547 ж.) Ли Шунсиң3 Чжоу Вэнге: «Ша'юән бағының солтүстігіне Лаоцзюннің4 солтүстікке күлімсіреп қарап тұрған ескерткішін орнатайық» деген. Чжоу Вэн: «Неге?» деп сұрағанда, «Жоржандардың жеңілісін масқара қыламыз» деп жауап берген-ді. Сол кезде Чжоу Вэн оның осы сөзінің мағынасын аңғара алмаған-ды. Жоржандар жойылғаннан кейін, Чжоу Вэн Ли Шунсиңнің сөзін еске түсіріп, Лаоцзюн ескерткішінің жанына оның ескерткішін орнатты.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 9-том, 2929-бет)

 

1. Чжаң Шэн (张深) – Солтүстік Вэй патшалығында өмір сүрген жұлдызшы-сәуегей. Әуелі Алдыңғы Чэн билеушісі Фу Цзяннің қол астындағы мансапты болған. Кейін Құлан Чаңның қарамағында жылнамашы болған. Вэй патшасы Тай’у (Тоғбат Тао) заманында тағы жылнамашы болған.     

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2923-2924-беттер)

 

2. Сюй Бян (徐辩) – Солтүстік Вэй патшалығында өмір сүрген мансапты. Алғашында Чжаң Шэнмен бірге Құлан Чаңның қол астында жылнамашы болып істеген. Кейін Вэй патшасы Тай’удың қарамағында мансапты болған. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2923-бет)

 

3. Ли Шунсиң (李顺兴) – жұлдызнамашы, көріпкел. Тағы бір есімі – Ли Лян. Чжоу патшасы Вэндидің (Юйвен Тай) жанында жүрген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 2929-бет)

 

4. Лаоцзюн (老君) – Лаоцзы. Аңыздарға сәйкес, ол «Чунцю» дәуірінде өмір сүрген ойшыл, діни ағымның негізін салушы. «Шицзин» (Тарихи естеліктер) кітабының деректерінде оның есімі Ли Эр (Бо Яң), Чу елінің Кусян (қазіргі Хэнән өлкесі Луи ауданының шығыс бөлігі) деген жерінен шыққан. Ол Шығыс Чжоу әулетінің кітапханасын басқарған. «Тоинизм өлеңдері» деген кітапты жазған.

(«Діндер сөздігі», 373-бет)

 

 

92. Хэ Шикай және Антугеннің ғұмырнамалары

 

          Хэ Шикай (Хэ Янтуң) Циңду аймағының Линчжаң1 ауданынан шыққан. Ата-бабасы Батыс өңірдің ғұз саудагерлері болған, бастапқыда Сухе отбасынан еді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 10-том, 3042-бет)

 

          Антуген арсактық2 (парфиялық) ғұз болған. Арғы атасы Солтүстік Вэй патшалығына келіп, Цзюцюәнда орнықты. Антуген Солтүстік Вэй әулеті кезеңінің аяғында жоржандарға елші болып барып, шекаралық қорғанның солтүстігінде тұрып қалған-ды.

Тянпиң жылдарының басында (534-537 жж.) жоржан көсемі Жиняңға елші жібергенде, Антуген жоржандардың ахуалын құпия мәлімдеуінің арқасында патша Шэн'у3 алдын-ала қорғануға үлгерді. Шапқыншылық жасаған жоржандар баса-көктеп келсе де, ешбір мақсатқа жете алмай, құр қол қайтты. Патша Шэн'у Антугенді «Маған адалынан берілген екен» деп қыруар сый-тартулар берді. Содан кейін жоржандармен құдаласу секілді сыртқы байланыстарда Антуген елші болып жүрді. Ол жұртпен жанасымды және епті адам болғандықтан, көп рет елші ретінде сарайға келіп, патша Шэн'удің жеке қарсы алуына бөленді. Антуген бөтен елде басқалардың зиянкестігіне ұшырауы себепті, патша Шэн'уге бағынды. Вэнсяң4 бас уәзір болған соң, Антугенді уақытша елші, Ляңчжоу аймағының бегі, Шуайи бегі, «сарайдың үш әміріне ұқсас құқықтарды игіліктенуші» етіп өсірді. Юңчаң жері оған союрғал етіп берілді.

Хуаңцзян жылдары (560-561 жж.) ол башбұғ етіп өсірілді. Ол Солтүстік Ци әулеті құлаған жылы қайтыс болды.         

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 10-том, 3047-бет)

 

          Тянбао жылдары (550-554 жж.) патша Вэнсюән5 Цзиняңнан Ечең шаһарына6 қайтқан жолда надан монах Туш патша Вэнсюәннің есімін атап: «Анағай әлі де сенің мемлекетіңді құлатады» деп айғайлаған-ды. Ол кезде шекараның солтүстігінде жүрген жоржан көсемі Анағайдың мемлекеті құдыретке жеткен-ді. Патша оны өте жек көргендіктен жыл сайын жорықтар жүргізетін. Кейін Ци патшалығын жойғандар да Гао Ана-гуңның7 қауымына тізе бүкті. Ел-жұрт «Гуң» йероглифын «Гуй» деп оқитын. Цзин әулетін жойып құлатқан ел ғұздар еді.  Бұл да тағдырдың шебер орналастыруы болса керек.        

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 10-том, 3051-бет)

 

1. Линчжаң (临漳) – қазіргі Хэбэй өлкесінің оңтүстік бөлігіндегі Чжаңхэ өзенінің бойында, Хэнән өлкесімен шекаралас болған ежелгі аудан.

(Бір томдық «Цыхай», 62-бет)

 

2. Арсак (安息) – Батыс Азиядағы ежелгі ел Парфия. 

(Бір томдық «Цыхай», 1001-бет)

 

3. Патша Шэн'у (神武帝) – есімі Гао Хуән, Шығыс Вэй әулетінің сянбилерінен шыққан. Солтүстік Вэй әулетінде бас уәзір ретінде 16 жыл билік басында тұрған. Өлгеннен кейін баласы Гао Яң Солтүстік Ци әулетін құрып, оған «Шэн'у-ди» (патша Шэн'у) деген құрметті есім берген.

(«Солтүстік Циннама» жылнамасы) 

 

4. Вэнсяң (文襄) – патша Шэн'удің (Гао Хуән) екінші баласы, есімі Гао Чең. Гао Хуән өлгеннен кейін, оның орнына Вэй патшалығының бас уәзірі болған. 

(«Солтүстік Циннама» жылнамасы) 

 

5. Патша Вэнсюән (文宣帝) – Солтүстік Ци әулетінің алғашқы патшасы Гао Яң. 550 ж. ол Шығыс Вэй патшалығының орнына Солтүстік Ци патшалығын құрған.   

(«Солтүстік Циннама» жылнамасы) 

 

6. Ечең шаһары (邺城) – Шығыс Вэй және Солтүстік Ци патшалықтарының астанасы. Қазіргі Хэбэй өлкесінің Линчжаң ауданы мен Хэнән өлкесінің Нән'яң ауданында орналасқан. 

(Бір томдық «Цыхай», 1661-бет)

 

7. Гао Ана-гуң (高阿那肱) - Солтүстік Ци патшалығында өмір сүрген жағымпаз мансапты. Солтүстік Ци әулетінің төртінші патшасы Гао Чжән құрметтеген адам. 

(«Солтүстік әулеттер тарихы», 3049-3051-беттер)

 

 

93. Қиббу Корунның ғұмырнамасы

 

Қиббу Корун Луңсиден шыққан, оның бабасы Қиббу Руфо солтүстіктегі шөлдің (Гоби шөлі) оңтүстік жағында туылған. Бесінші атасы Қиббу Юлин басқа ру-тайпаларды қосып алудың нәтижесінде адамдары біртіндеп көбейген. Әкесі Қиббу Сыфән ру-тайпаларымен бірге Фу Цзянге берілген. Фу Цзян оны «Оңтүстік тәңірқұты» етіп қойған. Сондай-ақ ол «батысты қорғаушы санғұн» етіп тағайындалып, Юңши жазығын1 қорғауға қойылған. Қиббу Сыфән өлгеннен кейін, Қиббу Корун санғұн болды. Фу Цзян жеңілген кезде, Қиббу Корунның тағасы Қиббу Бутуй Луң'юйда бүлік көтерді. Фу Цзян Қиббу Корунға оған қарсы жорыққа шығуды бұйырды. Қиббу Бутуй Қиббу Корунды қошеметпен күтіп алып, қолбасшы етіп көтерді. Оған тәуелді жерде 100 мыңнан астам адам бар еді. Вэй патшасы Дао’у (Тоғбат Гуй) заманында Қиббу Корун өз алдына бас тұтұқ, бас санғұн, бас тәңірқұт, Цинчжоу мен Хэчжоу аймақтарының торғауыл-бегі болып алды. «Цзян’е» деген жыл атауын қолданды. Өзіне бағынышты мансаптар мен құрылымдардың негізін салды. Өзіне қарайтын жерлерді 11 аймаққа бөліп, Юңши бекінісін салдырды һәм астанасына айналдырды.

Қиббу Корун өлген соң, інісі Қиббу Чангуй ел басқарды. Ол өзін бас тұтұқ, бас санғұн, «бас тәңірқұт» және «Хэнән билеушісі» деп атады. Жыл атауын «Тайчу» деп өзгертіп, әр дәрежелі мансаптыларды бекітті.

Деңго жылдары (386-396 жж.) ол астананы Цзинчең шаһарына ауыстырды. Алайда, қаланың қақпалары өз-өзінен қайта-қайта бұзылуын сұмдықтың нышан-белгісі деп қарап, астананы Юәнчуәнға2 ауыстырды. Көп өтпей, Яо Сиңнен жеңіліп, тағы Фухәнге қашты және ақыры Яо Сиңге берілді. Яо Сиң оны Хэчжоу аймағының бегі етіп тағайындап, оған «тәртіпке келген бек» деген мәртебе берді. Көп өтпей, ол тағы да Юәнчуәнға қайтарылды. Қиббу Чангуй Яо Сиңнен теріс айналып, өзін «Цин билеушісі» деп жариялады. Ол әр дәрежелі мансаптыларды тағайындап, жылнамасын «Геңси» етіп өзгертті. Қиббу Чангуй Солтүстік Вэй патшалығына елші жіберіп, жәрдем сұраған кезде, Вэй патшасы Миң'юән (Тоғбат Сы) оның ұсынысын қабылдады. Усиге аң аулауға шыққан кезде, оның қолына үкі ұшып келіп қонды. Көп өтпей, ағасының баласы Қиббу Гуңфу оны өлтірді.

Қиббу Чаңгуйдың баласы Қиббу Чибан Қиббу Гуңфуды өлтіріп, әкесінің орнына елді басқарды. Қиббу Чибан өзін бас санғұн және «Хэнән билеушісі» деп атап, жылнаманы «Юңкаң» етіп өзгертті. Кейін Ледуда Туфа Рутанға3 тұтқиылдан шабуыл жасап, Оңтүстік Ляң патшалығын жойды. Ол өзін «Цин патшасы» деп атап, әр дәрежелі мансаптыларды бекітіп, жылнамасын «Цзянхуң» етіп өзгертті. Оның артынан диуанбегі Можеху мен Мерген-санғұн Солтүстік Вэй әулетіне 200 цзин (100 кг) алтынды сыйға тарту және Құлан Чаңға қарсы жорық жасауды сұрау үшін Қиббу Юйинді жіберді. Вэй патшасы Тай’у оның ұсынысына келісімін берді. Туңвән шаһарын тыныштандырғаннан кейін4, Қиббу Чибан тағасы «алысты тыныштандырушы санғұн» Қиббу Ниту және інісі «алысты қорғаушы санғұн» Қиббу Андуны Солтүстік Вэй патшалығының астанасына аманатқа жіберді. Сондай-ақ жаршы және жанама-бегі Ваң Кайды, уәзірдің көмекшісі У Натянді жергілікті өнімдерді табыстау үшін аттандырды. Қиббу Чибан өлген соң, баласы Қиббу Мумо елді басқарды.

Қиббу Мумо (Қиббу Аншиба) «Цин билеушісі» бола сала билік ұранын «Юңхуң» етіп өзгертті. Луңсилық диуанбегі Син Цзин Қиббу Чибанмен артқы харамбаққа серуенге шығып, құстарға домалақ оқ атқан. Осы оқ қапияда Қиббу Мумоның анасының бетін зақымдаған-ды. Қиббу Мумо таққа отырғаннан кейін, Син Цзиннің отбасының 27 адамын өлтірді. Қиббу Мумоның інісі Қиббу Шуло Қиббу Чибанның екінші әйелі Туфа-ханыммен зинақорлық жасады. Бұдан хабардар болған Қиббу Мумо оларға тосқауыл қойды. Қиббу Шуло мен тағасы Қиббу Шиын Қиббу Мумоны өлтіруді жоспарлап, Туфа-ханымға есіктің кілтін ұрлауды тапсырды. Кілт қате алынғандықтан, есік ашылмады. Есікке жауапты қызметшілер осы істі Қиббу Мумоға мәлімдеді. Қиббу Мумо олардың бәрін тұтқындап өлтірді. Ол әуелі Қиббу Шиынды қамшыламақшы болды. Алайда, Қиббу Шиын: «Өлтірсең мейлі, бірақ қамшымен ұрғанды қаламаймын» деді. Ызаланған Қиббу Мумо оның қарнын жарып, мәйітін Хуаңхэ өзеніне тастады. Қиббу Шиынның анасының інілері Қиббу Баян мен Қиббу Чүла адамның намысына тиетін сөздерді айтқаны үшін өлтірілді. Оның жазалау шаралары шектен шыққаны үшін ішкі жікшілдік туылып, қыруар адам одан теріс бұрылды.

Кейін Құлан Тиннің қысым көрсетуіне ұшыраған Қиббу Мумо Ваң Кай мен У Натянді Солтүстік Вэй патшасы Тай’уден әскер шығару һәм оны әкетуді талап ету үшін жіберді. Патша Тай’у Әндиңнің батыс тарапы және Пиңляңның5 шығыс тарапындағы аудандарды оған союрғал ретінде беруге келісті. Қиббу Мумо шаһарды өртеп, қымбат та бағалы бұйымдарды қиратып, 15 мың түтін елмен Гаотян жылғасына кетті. Алайда, Құлан Тиннің қарсылығына ұшырауына байланысты, Нән'әнге6 жайғасты. Вэй патшасы Тай’у оны күтіп алу үшін әскер жіберді. Қиббу Мумоның жасауыл-санғұны Цзи Пи: «Мемлекеттің ішкі жағына көшпеу керек» деп тұрып алды. Қиббу Мумо оның пікіріне қосылды. Құлан Тин Бейпиң әкімі Вэй Дайды бір түмен қосындармен Нән'әнге шабуыл жасауға аттандырды. Нән'ән шаһарындағы ашаршылықтан адамдар бір-бірін жеді.

Шэнцзя 4-жылы (431 ж.) Қиббу Мумо және оның отбасындағы 500 шақты адам шаһардан шығып, қаруын тастады. Олар Шаңгуйға әкетілді. Сөйтіп Құлан Тин оларды жойды.

Да Журчи Монсун алғашында Чжаң’е аймағының Линсуң7 ауданының Лушуй деген жерінен шыққан. Монсунның ата-бабасы ғұндар қойған «сол-қанат журчи» деген мансап атқарғандықтан, ол да осы лауазымды атқарған-ды. Цяң тайпасының басшылары «Да» деп аталуына байланысты, мансаптың атын өздеріне фамилия етіп, есімнің алдында «Да» деген сөзді қосатын болған. Оның ата-бабалары Лушуйда ұрпақтан-ұрпаққа тайпа басшылары болған-ды. Журчи Монсун үлкен атасы Журчи Хойчжуңгуй, атасы Журчи Желар батырлығы және алыптығымен даңқын шығарған. Атасы Журчи Чифуянға «Фуди хақаны» деген мәртебе берілген-ді. Әкесі Журчи Фахуң оның мәртебесіне мұрагерлік етті. Фу Цзян оны «Чжуңтян қорғаушысы» етіп тағайындады.

Журчи Монсун әкесінің орнына ру-тайпаларды басқарды. Ол жігерлі, епті һәм астрологиядан біршама хабардар болғаны себепті, ру-тайпалар оны жақтады және бағынды. Люй Гуаң8 Ляңчжоу аумағында «Ляң билеушісіне» айналғаннан кейін, Журчи Монсунды шатырларда тұратын қосындарды өз сарайының екі жағындағы үйлерге орналастыру және күзету үшін жіберді. Журчи Монсунның тағасы Журчи Лочу «Шипиң уәлиі» етіп қойылды. Кейін оған және оның баласы Журчи Муға Фухәндегі Қиббу Чангуйға қарсы жорыққа шығу туралы бұйрық түсірілді. Қиббу Чангуй оларды жеңіп, Журчи Лочуды өлтірді. Журчи Монсун қайта барып, Журчи Лочуды жерлеуді өтінді. Осы орайды пайдаланған ол өз адамдарын жинап, Алтынтағ тауына орналасты. Немере ағасы Цзинчаң уәлиі Журчи Нәнчинмен бірге Цзянкаң уәлиі Дуән Ені жарлық ұстаушы, бас тұтұқ, «самғаған айдаһар санғұны», Ляңчжоу торғауыл-бегі, Цзянкаң әкімі етіп көрсетті.

Сол жыл (397 ж.) Шэнши 1-жылы деп аталды. Дуән Е Журчи Монсунға «Чжаң’е уәлиі» және «Линци басшысы» деген атақтар берді. Сондай-ақ, ол Журчи Нәнчинді «ел тіреуші санғұн» етіп тағайындап, елдің әскери істерін басқаруға қойды. Сонымен қатар, Дуән Е өзін «Ляң патшасы» деп атап, Журчи Монсунды уәзірдің сол-қол диуанбегіге айналдырды. Ол Журчи Монсунның атақ-даңқының артқанын қызғанып, оны өзінен сәл аластатты.

Тянсиң 4-жылы (401 ж.) Журчи Монсун қатерлі жағдайда қалғанын сезіп, «Сиән уәлиі» болуды өтінді. Журчи Монсун өз адамдарын ызаландыру үшін Журчи Нәнчинге «опасыздық жасады» деген жала жауып, құпия мәлімет жолдады. Дуән Е Журчи Нәнчинді өлтірді. Журчи Монсун жылап тұрып, көпшілікке Журчи Нәнчин үшін өш алу ниетінде болғанын айтты. Әдетте Журчи Нәнчин ел-жұртқа шапағат етумен көпшіліктің сеніміне кірген еді. Сондықтан жұртшылық Дуән Ені жаратпай, Журчи Нәнчиннің наһақ өлтірілгеніне жылап, Журчи Монсунның айтқанына жүретін болды. Журчи Монсун қосындарымен Дуән Еге шабуыл жасап, оны өлтірді. Ол өзін «жарлық ұстаушы бас тұтұқ», бас санғұн, Ляңчжоу торғауыл-бегі, «Чжаң’е ұлығы» деп атады. Жыл санауын «Юң'ән» етіп өзгерткен ол Чжаң’еде тұрды. Сол айда Батыс Ляң патшалығының билеушісі Учжао бүлік көтеріп, «Геңцзы» деген жыл санауын қолданды.

Юңсиң жылдары (409-413 жж.) Журчи Монсун Гуцзаң шаһарын иеленді, өзі де осы қалаға көшті. Сол жылды (412 ж.) Сюәнши 1-жылы деп өзгертіп, өзін «Хэси патшасы» деп атап, әр дәрежелі мансаптыларды белгіледі. Ол Солтүстік Вэй патшалығына көп рет елші жіберіп, ұлпан тапсырды. Журчи Монсун жаңа самалдықта (самалханада) ұйықтап жатқанда, гарем қызметшісі Ваң Хуайцзу оны шауып өлтірмекші болды. Алайда, Журчи Монсунның аяғы ғана зақымданды. Оның әйелі Меңши-ханым Ваң Хуайцзуды өлтірді. Журчи Монсун Цзин әулетінің Яо Хуңді9 жойғанына айрықша ашуланды. Мырза-бегі Журчи Монсунға ахуалды түсіндіру үшін кіргенде, ол (Журчи Монсун): «Сен Лю Юйдің басып кіргенін естіп тұрып, жайбарақат кітап жазуға шықтың ба!?» деп оны өлтірді. Көп өтпей, ол Цзин әулетіне бағынды.

Тайчаң жылдары (416-423 жж.) Журчи Монсун Дунхуаңды басып алып, жыл санауын «Чжеңшуән» етіп өзгертті. Кейін тағы Суң патшалығына бағынып, кітап беруді өтінді. Суң патшасы Вэнди оның сұрағанының бәрін берді. Журчи Монсун Суң патшалығының бас уәзірі Ваң Хуңнен «Соушэнцзи»10 (Киелі естеліктер жинағы) деген кітапты сұрады. Ваң Хуң кітапты берді.

Шэнцзя жылдары (428-431 жж.) диуанбегінің жәрдемшісі Цзуң Шу және сарайдың сол-қанат қызметшісі Гао Мең Солтүстік Вэй әулетіне ұлпан тапсыру, билігін мойындауды білдіру үшін жіберілді. Келген ұлпаншылардың аяғы үзілмеді. Журчи Монсун баласы Журчи Ангуны Солтүстік Вэй патшалығына аманатқа жіберді. Вэй патшасы Тай’у рәсімиет-бегі Ли Шун арқылы жарлық жіберіп, Журчи Монсунды жарлық ұстаушы, елшілерді күзетуші, Ляңчжоу және Батыс өңірдегі цяңдар мен руңдардың әскери тұтұғы, «батысқа жорық жүргізуші уақытша бас санғұн», Ляңчжоу торғауыл-бегі, «Ляң билеушісі» етіп тағайындады. Цуй Хаоға мәртебеге тағайындау туралы жарлықты жазу және оны марапаттау бұйырылды. Журчи Монсун осы жылды Янхэ 1-жылы деп өзгертті.

Янхэ 2-жылы (433 ж.) 4-айда Журчи Монсун қайтыс болды. Вэй патшасы Тай’у оны жерлеу істерін қадағалау үшін елші жіберуді бұйырды. Журчи Монсунға «Усюән-патша» деген атақ берілді. Журчи Монсун өте күмәншіл, адам өлтіруді місе тұтпайтын кісі болғандықтан, сарайда заң-ережелер мен түзу көңіл-күй болмаған деуге болатын. Журчи Монсунның үшінші баласы Журчи Мұқан елді басқаруға жауапты болып, өзін «Хэси патшасы» деп атады. Ол Солтүстік Вэй патшалығынан мәртебе талап ету үшін елші жіберді. Сонымен бірге Суң патшалығына11 да елші жіберіп, достық байланыстар орнатып, Суң әулетінің сый-тартуы мен шен-мансапқа тағайындау жөніндегі бұйрықтарын қабылдады. Осының алдында Солтүстік Вэй патшасы Тай’у Журчи Монсунның қызына үйлену үшін оны көшіріп әкелуге Ли Шунді жіберген-ді. Дәл осы кезде Журчи Монсун қаза тапты. Журчи Мұқан әкесінің өсиеті бойынша қарындасын астанаға апарды. Оның қарындасы «оң-қол чжао’и»12 етіп тағайындалды. Журчи Монсун сол жылды Чеңхэ 1-жылы деп өзгертті. Вэй патшасы Тай’у Журчи Мұқанды жарлық ұстаушы шағауыл, Ляңчжоу, Шачжоу, Хэчжоу аймақтары және Батыс өңірдегі цяң мен руң тайпаларының әскери тұтұғы, арбалы атты әскерлер санғұны, «сарайдағы үш әмірмен бірдей құқықтарды тұтынушы», «Батыс Руң қолбасшысы», Ляңчжоу аймағының бегі, «Хэси патшасы» деген атақ-мәртебелермен тағайындау үшін Ли Шунді қайтадан жіберді. Журчи Мұқан бірер қызмет көрсетпей марапатталғаны үшін Ли Шунді алып қалып, патшадан жоғары мансап емес, әдеттегі атақтарды беруін талап етті. Патша оның талаптарын сыпайы сөзбен кері қайтарды. Журчи Мұқан Вэй патшасы Тай’удың қарындасы Увэй-ханшаға үйленді. Ол уәзірі Суң Яоны патшаға рақмет білдіру үшін жіберіп, 500 тұлпар мен 100 цзиң (50 кг) алтын сыйлады. Суң Яо патшадан Увэй-ханша мен Журчи Мұқанның анасына атақ-лауазым белгілеуді өтінді. Сарайдағылар кеңесе келе, тәртіп бойынша айтқанда, анасы баласының орны жоғары қадірленуі, ал әйелінің мәртебесі күйеуімен бірдей болуы керек, Журчи Мұқанның анасы Хэси аумағында «патшаның анасы», әйелі өз елінде «ханым», ал Солтүстік Вэй патшалығының астанасында «ханша» деп аталуы керек деп есептеді. Патша осылай жасауға келісті. Журчи Мұқан «қасиет орнатушы санғұн» Журчи Панжоны сарайға сәлем беруге жіберді. Вэй патшасы Тай’у елшілер күзетінің басшысы Гоби мен диуанбегі Ли Шунді Журчи Муқанның айналасындағы мансаптыларға дәрежелеріне қарай киім-кешек сыйлау үшін жіберді. Журчи Мұқанның бәйбішесінен туылған үлкен баласы Журчи Феңтан астанада тұру үшін шақырылды. Журчи Мұқан баласы Журчи Феңтанды патшамен сәлемдесу үшін астанаға жіберді.

Тай'ян 5-жылы (439 ж.) Вэй патшасы Тай’у Ляңчжоудың ахуалын байқау үшін диуанбегі Хэ Лоны елші етіп жіберді. Патша «Журчи Мұқан маған бағынып, ұлпан тапсырғанмен, іс жүзінде көп жерлерде бағынушыға тиесілі істерді жасамады» деп қарағандықтан, оған өзі жорыққа аттанды. Уәзірлерге оны айыптайтын мазмұндағы хат жаздырып, оның 12 күнәсін көрсетті. Сонымен Солтүстік Вэй патшалығының жасақтары Хуаңхэ өзенінен өтті. Журчи Мұқан «Неліктен бұндай болды?» деп сол-қол уәзірі Яо Диңгоның көрсеткен шарасына сәйкес, патшаның алдына шықпай, жоржандардан жәрдем сұрауға барды. Журчи Мұқан ірі қолбасшы Журчи Дуңлайды бір түменнен астам адаммен Гуцзаң қаласының оңтүстік жағында Солтүстік Вэй патшалығының жасақтарына қарсы тұру үшін жөнелтті. Сұрапыл шайқастан кейін Журчи Дуңлайдың қосындары шегінуге мәжбүр болды. Гуцзаң шаһарына келген Вэй патшасы Тай’у: «Журчи Мұқан қаладан шықсын» деп елші жіберді. Журчи Мұқан жоржандардың Вэй патшалығының ішкі аумағындағы Шән'уға13 басып кіргенін естіп, патша жасақтарының шегінуін тілеп, қорғанның ішінде бекініп алды. Қаладан шыққан Журчи Мұқанның ағасының баласы Журчи Зу жауға беріліп, қаладағы ахуалды Вэй патшасына толық мәлімдейді. Нәтижеде Тай’у барлық әскерлерімен бірге шабуылға өтті. Журчи Мұқанның ағасының тағы бір баласы Журчи Вәннан қол астындағы барша адамымен берілу үшін қаладан шықты, шаһар алынды. Журчи Мұқан және оның әскери-әкімшілік мансаптылары екі қолдарын артқа байлаған халде күнәларын кешіруді сұрап, патшаның алдына шықты. Патша олардың қолдарын шешуді бұйырды. Ляңчжоудың 30 мыңнан астам адамы астанаға көшірілді. Оның алдында Тай'ян жылдары бір кәрі кісі Дунхуаң қаласының шығыс қақпасында бір хатты қалдырып, көз алдында ғайып болған еді. Осы хатта: «Ляң билеушісі 30 жыл өмір сүріпті14. Сен 7 жыл тұрасың» деп жазылған-ды. Найзағай шарқырағаннан кейін табылған бір таста қызыл бояумен «Хэси, Хэси, 30 жыл, Дайси құласа сау жүрер жеті жыл» деген хат жазылған еді. Дайси – Гуцзаң қаласының оңтүстік жағындағы таудың атауы. Таудың киесіне шырақ қойылатын ғибадатхананың айналасы батпақ, ал жолы қолайсыз еді. Журчи Мұқанның оңтүстікке жорық жасаушы бас санғұны Журчи Дуңлай «Ғибадатхананың не пайдасы бар?!» деп оны қиратып, ағаштарды шауып, жол жүргізіп, қосындарын өткізген еді. Патша болған Журчи Мұқан расында да жеті жылдан соң күйреді. Бұрын Журчи Мұқан жеңгесі Ли Шимен зина қылатын, тіпті ағалы-інілі үшеуі кезектесіп онымен жақындасатын. Ли Ши мен Мұқанның әпкесі бірігіп, Увэй-ханшаға у берді. Патша ханшаны құтқару үшін жылдам жіберген тәуіптің арқасында ол аман қалды. Вэй патшасы Тай’у Ли Шиді астанаға әкетуді бұйырса, Мұқан оны астанаға апарудың орнына қыруар бұйым-жиһазбен Цзюцюәнге жайғастырды. Патша бұған қатты ашуланды. Солтүстік Ляң патшалығы қосып алынған соң, ол Журчи Мұқанға қарындасының күйеуі ретінде қарады. Журчи Мұқанның анасы қайтыс болған кезде, патшаның анасына тән салт-дәстүрмен жерленіп, Журчи Монсунның қабірін күтуге 30 түтін адам берілді. Патша Журчи Мұқанды «батысқа жорық жасаушы ұлы санғұн» етіп тағайындап, дәрежесін бұрынғыдай қалдырып, «Ляң патшасы» деп атады.

Солтүстік Вэй патшалығының жасақтары Ляңчжоу аумағына келерден бұрын, Журчи Мұқан жіберген адамдар мемлекеттік қазынаны ашып, алтын-күміс, гаухар, көк тас һәм қымбат бұйымдарды алып, қазына есіктерін жаппай кеткен-ді. Бұқара халық ашық қалған қазынаға ұрыларша кіріп, тонап, бос қалдырған. Үкімет мансаптылары ұрыларды таба алмады.

Тайпиң Чжэнчжуң 8-жылы (447 ж.) Мұқанның жақындары және қазынашылар мәлімдеген соң ғана осы іс толығымен анықталды. Журчи Мұқанның үйі ақтарылғанда, жасырып қойған барлық бұйымдар табылды. Сондай-ақ біреулер: «Журчи Мұқан мен оның әкесі көптеген уды құпия түрде сақтап, 100 астам адамды өлтірді» деп мәлімдеді. Оның апа-қарындастары бақсылықпен, пал ашумен айналысатын. Олар әдет-салтқа жат істермен шұғылданып, түймедей ар-намысты білмейтін (намыстанбайтын). Дармаракча есімді бір кашмирлік монах шығыс жаққа – Пишамшанға (Кроран қаласы) келіп, «Жын ұстағандарды емдей аламын, әйелдерге көп тууды үйрете аламын» деп жүрген-ді. Ол Кроран билеушісінің қарындасы Манту Толынмен салт-дәстүрге жат істер жасағаны байқалған соң, Ляңчжоуға қашып келді. Журчи Монсун оны құрметтеп, данышпан деп атады. Дармаракча ерлер мен әйелдердің бір-біріне ысылу-көну тәсілін әйелдерге үйретті. Журчи Монсунның келіндерінің бәрі де осы тәсілді үйренуге барды. Вэй патшасы Тай’у өз адамдарынан Дармаракчаның осы әдісін ести сала, оны өзіне шақыру туралы жарлық түсірді. Алайда, Журчи Монсун оны жібермей, оның бұрынғы істерін паш етіп, қинап тергегеннен кейін өлтірді. Осы ахуалдан хабардар болған патша Тай’у өзінің кіші ханымы, Журчи Монсунның қарындасын өлім жазасына кесіп, оның отбасындағыларын өлтірді. Бұдан бұрын берілген Журчи Вәннан мен Журчи Зуға ғана кешірім жасалды. Сол жылы біреулер Журчи Мұқанның бұрынғы уәзірлерімен қарым-қатынас жасап, бүлік жасамақшы болғанын жеткізді. Патша бас уәзір Цуй Хаоға ханшаның үй-жайына барып, Журчи Мұқанға өз-өзін өлтіру туралы насихаттауын бұйырды. Журчи Мұқан ханшамен ұзақ қоштасқан соң, өзін-өзі өлтірді. Ол патша сияқты жерленді, «Қайғы патшасы» деген атақ берілді. Кейін ханша өлгенде, оны Журчи Мұқанның қабіріне жерлеу бұйырылды. Ханшаның баласы болмады, қызы бар еді. Ол қыз Солтүстік Вэй әулетіне жиен болғандықтан, анасының мәртебесіне мұрагерлік етіп, «Увэй-ханша» деп аталды.

Журчи Монсунның баласы Журчи Жии Шығыс Юңчжоу аймағының бегі еді. Тайпиң Чжэнчжуң жылдары ол Хэдуң аумағындағы Сюэ Әндумен бірге бүлік көтермекші болғаны үшін астанаға шақыртылып, өзін сатқан дос-бауырларының қолынан буындырылып өлтірілді. Журчи Вәннан мен Журчи Зу бұрын қару тастап тізе бүккендіктен, алдыңғысы Чжаң’е бегі, кейінгісі Гуаң’у әкімі етіп тағайындалды. Кейін екеуі де көтеріліске шығуды ойлағаны үшін өлтірілді. Журчи Мұқан жеңілген кезде, інісі Леду уәлиі Журчи Ангу батыс жақтағы туйғұндарға бағынған болатын. Вэй патшасы Тай’у «оңтүстікті тыныштандырушы санғұн» Ши Чунді оған қарсы жорыққа жөнелтті. Журчи Мұқанның інісі Цзюцюән уәлиі Журчи Урғу Цзинчаңға қашты. Патша Ияң ұлығы Юән Цзені Цзюцюәнді қорғауға жіберді. Тайпиң Чжэнцзюн жылдарының басында Журчи Урғу Цзюцюәнді қоршады һәм басып алды. Сондай-ақ ол Чжаң’ені қоршауға алды, бірақ жеңіске жете алмай шегініп, Линсуңда тұрақтады. Вэй патшасы Тай’у жорық жасамай, оны берілуге шақырды. Сол шақта Юңчаң бегі Юән Цзян Ляңчжоуды қорғап жатты. Журчи Урғу қолбасшы Ляң Вэйді Юңчаң бегі Юән Цзянге жіберіп, одан Цзюцюәнді қайтаруды өтінді. Сондай-ақ Ияң ұлығы Юән Цзе және оның қолбасшылары мен әскерлері Юңчаң бегі Юән Цзяннің жасақтарына жіберілді. Екінші жылы Вэй патшасы Тай’у жіберген елші Журчи Урғуды «батысқа жорық жүргізуші ұлы санғұн», Ляңчжоу торғауыл-бегі, «Цзюцюән бегі» етіп тағайындады. Көп өтпей, Журчи Урғу әлі де бүлік көтерудің қолайлы орайын күткені себепті, Нән'яң ұлығы Ши Чун жорыққа аттандырылды. Цзюцюән басып алынды. Журчи Урғу Гоби шөлінен өтпекші болып, Журчи Ангуны батыстағы Кроранға шабуыл жасауға жөнелтті. Кроран елдеспекші болғанда, Солтүстік Вэй әулетінің елшісі Кроранға қарсылық көрсету және қорғанудың қажеттігін дәлелдеп, бұйрық берді. Журчи Ангу осы қаланы ала алмай шегініп, Шығыс қалаға бекінді. Үшінші жылы жазғытұрымда Кроран билеушісі Билуң батыс жақтағы Черченге бағынды. Кроран билеушісінің ханымынан туылған үлкен баласы Журчи Ангуға ілесті. Сонымен Кроранда ауыр аласапыран туылды.  Журчи Урғу шөлден өтті, әскерлерінің жартысынан көбісі сусыздықтан қырылды. Дегенмен, ол Кроранды тағы басып алды.

Қочо уәлиі Кән Шуаң Ли Баоның тағасы Таң Цидің соққысына ұшыраған болатын. Ол Журчи Урғудың Кроранға келгенін естіп, оған елші жіберіп, өтірік беріліп, Журчи Урғу мен Таң Циді араздастырмақшы болды. Журчи Урғу Кроранда Журчи Ангуды қалдырып, өзі Кингиттің солтүстік-шығыс жағынан Қочоға қашты. Осы сәтте жоржандар Таң Циді өлтірді. Кән Шуаң да Журчи Урғуға қарсы тұрды. Журчи Урғудың қолбасшысы Вейсиңну Қочо шаһарын басып алып, қала тұрғындарын қынадай қырды. Кән Шуаң жоржандарға қашты. Журчи Урғу осылайша Қочода қалды. Тайпиң Чжэнцзюн 5-жылы (443 ж.) Журчи Урғу сырқаттан қайтыс болып, Журчи Ангу патша болды. Жоржандар оның жерін қосып алды.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 10-том, 3080-3086-беттер)                                                                                                                                                                                       

 

1. Юңши жазығы (勇士川) – қазіргі Гәнсу өлкесі Юйчжуң ауданының солтүстік-шығыс тарапындағы алаптың ежелгі атауы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

582-бет)

 

2. Юәнчуән (苑川) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Юйчжуң ауданындағы Да'иңчуән жерінің ежелгі атауы.

(Бір томдық «Цыхай», 573-бет)

 

3. Туфа Рутан (秃发辱檀) – Оңтүстік Ляң патшалығының екінші билеушісі. 414 ж. Қиббу Чибан Ледуды шабуылдаған кезде, ол жеңіліп, Қиббу Чибанға тізе бүккен. Келесі жылы у беріп өлтірілген. 

(«Цзиннама» жылнамасының «Туфа Рутанның ғұмырнамасы» бөлімі)

 

4. * - сол заманда Туңвән шаһары Ся патшасы Құлан Чаңның астанасы еді.

(редактор)

 

5. Пиңляң (平凉) – қазіргі Гәнсу өлкесіндегі Хуатиң мен Пиңляң аудандарының оңтүстігін қамтыған аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 42-бет)

 

6. Нән'ән (南安) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Диңси мен Ушән аудандарын және Луңси ауданының шығыс бөлігін қамтыған аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 134-бет)

 

7. Линсуң (临松) – қазіргі Гәнсу өлкесі Чжаң’е ауданының оңтүстігінде болған аудан, онда Циңсуң тауы бар.

 («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1290-бет)

 

8. Люй Гуаң (吕光) – Кейінгі Ляң патшалығының негізін салып, 386-399 жж. кезеңінде тақта отырған. Ұлты ди (氐), люй'яңдық (қазіргі Гәнсу өлкесі Чжуаңлаң ауданының оңтүстік-батыс жағындағы Люй'яң елді мекенінде туылған). Алғашында Фу Цзяннің қол астында қолбасшы болған ол Батыс өңірге жорық жасап, Күсән елін басып алған. Ол Ляңчжоуға қайтқан кезде, Фу Цзяннің шайқаста қатты жеңілгенін естіп, Ляңчжоуды басып алып, өзі патша болып алған. 399 ж. өз баласы Люй Шаоны таққа шығарып, көп өтпей қайтыс болған.

(«Вэйнама» жылнамасының «Люй Гуаңның ғұмырнамасы» бөлімі)

       

9. Яо Хуң (姚泓) – Яо Чаңның немересі, Яо Сиңның баласы. Кейінгі Цин патшалығының үшінші билеушісі. Жеңілгеннен кейін өлім жазасына кесілген.  

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 3076-3077-беттер)

 

10. «Соушэнцзи» (搜神记) – «Киелі естеліктер жинағы», сиқыр-ғажайып істері туралы 20 бөлімнен құралған хикаялар жинағы. Шығыс Цзин патшалығы заманында өмір сүрген Гән Бао жазған.

 (Бір томдық «Цыхай», 707-бет)

 

11. Суң патшалығы () – 420 ж. Лю Юй құрған әулет. «Лю Суң» әулеті деп те аталады. Жалпы саны сегіз патша таққа отырып, 60 жыл салтанат құрған. 479 ж. оның орнын Оңтүстік Ци әулеті басқан.

(«Суңнама» жылнамасы)

 

12. Чжао’и (昭仪) – патшалардың бірінші дәрежелі кіші ханымдарының атауы.

(Бір томдық «Цыхай», 1394-бет)

 

13. Шән'у (善无) – қазіргі Шәнси өлкесінің Ю'юй ауданының оңтүстігі.

 («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 883-бет)

 

14. * - осы жерде көрсетілген Ляң патшасы Солтүстік Ляң патшалығының билеушісі, Журчи Мұқанның әкесі Журчи Монсун. Ол 401-403 жж. кезеңінде билік еткен.

(редактор) 

 

 

96. Дилердің баяны

          Дилер батыс жақтағы тайпалардың бөлек нәсілінен шыққан. Аталуы – «байма» (ақ жылқы). «Үш патшалық» (三国) дәуірінде1 олардың өз көсемдері болған. Әрбір көсем сарайға бір рет сәлемдесуге келетін. Сол үшін «Жыр кітабында»2: «Ди, цяңдардан бастап патшаға тағзым етеді, тағзым қылмауға бата алмайды» деп жазылған. Олар Цин, Хән әулеттерінен бері ұрпақтан-ұрпаққа Цишән3 мен Луңшән тауларының4 оңтүстігінде, Хәнцзяң өзенінің5 шығысында тұратын, өздері сайлаған басшысы болатын. Хән патшасы Уди6 қолбасшылары Го Чаң мен Вэй Гуаңды жіберіп, оларды жойды. Олардың ұлысын Уду7 аймағы етіп қайта құрды. Барлық дилердің тайпалары Цяншән тауы8 және Вэйшуй дариясынан9 Ба10 мен Шу11 аумақтарына дейін таралған-ды. Кейбірі «ақ ди», ал кейбіреуі «көне ди» деп аталатын. Олардың өз алдына биі болған, Орталық жазық (Қытай) патшаларының мәртебе беруін және лауазымға тағайындауын қабылдап келген-ді.

          Шығыс Хән әулетінің Цзян'ән жылдары (196-220 жж.) Яң Тең деген кісі тайпаның басшысы болды. Ол батыл, мықты, парасатты адам еді. Ол өз адамдарымен Чучыға көше бастады. Бұл жердің үлкендігі 100 га келетін. Ол жергілікті ерекшелікті өзіне есім етіп қолданып, өзін «Байчин» (Байсын?) деп атады. Осы жердің төрт тарапы терең аңғар болған, биіктігі жеті шақырымнан астам еді, шығу-түсу үшін 36 рет айналуға тура келетін. Үстінде көптеген бұлақтар бар еді. Топырағын қайнатса, тұз шығатын. Вэй патшалығы Яң Теңнен кейін Яң Цянвән деген адамды Байчин дилерінің ұлығы етіп тағайындады.

          Яң Фейлуң - Яң Цянвәннің немересі. Ол біртіндеп күшейді. Цзин патшасы Уди оған «батысты тыныштандырушы уақытша санғұн» деген атақ берді. Ұл перзенті болмаған ол өз жиені Лиңху Маосуды бала етіп бағып алды. Цзин патшасы Хойдидің Юәнкаң жылдарында (291-299 жж.) Лиңху Маосу өзін «мемлекетті тіреуші санғұн», «оң-қол білікхан» деп атады. Барша дилер оны басшы етіп көтерді. Гуаңчжуңда сергелдеңге түсіп, қаңғырып жүрген адамдардың басым бөлігі оған бағынды. Цзин патшасы Минди12 оны «қыран атты әскерлердің санғұны», «сол-қол білікхан» етіп тағайындады. Маосу өлгенде, оның орнына баласы Нәнди отырды және тайпаны інісі Жянтумен бөлісіп басқарды. Нәнди өзін «сол-қол білікхан» деп атап, Сябян13 деген жерде шатырын көтерді. Жянту өзін «оң-қол білікхан» деп атап, Хэчыда14 шатырын тіктеді. Нәнди өлгенде, баласы Яң И оның орнын басып, өзін «жарлықшы», «айдаһар-санғұн», «сол-қол білікхан», «Сябян ұлығы» деп атады. Жянтудың баласы Яң Пан «билік құжаттарын ұстаушы», Озған санғұны, «оң-қол білікхан», «Хэчы ұлығы» болды. Яң И Цзин патшалығына бағынды. Цзин әулеті оны «оңтүстікке жорық жүргізуші санғұн» етіп қойды.

          Юңхэ 3-жылы (347 ж.) Яң Идің немере ағасы Яң Чу оны тұтқиылдан шабуылдап өлтірді. Ол Яң Иге қарсы адамдарды бауырына басып, өзін «Чучы ұлығы» деп атады. Ол Ши Цзилуңға бағынды, кейін Цзин патшалығына тәуелді билеуші болды.

Юңхэ 10-жылы (352 ж.) Яң Чудың мәртебесі Тяншуй ұлығы етіп өзгертілді.

Юңхэ 11-жылы (353 ж.) Яң Идің кіші інісі Яң Суңну апайының баласы Ляң Санваңның қызметші болып жүргенін пайдаланып, Яң Чуды пышақтап өлтірді. Яң Чудың баласы Яң Го қарамағындағы адамдарымен бірге Ляң Санваң мен Яң Суңнуді өлтіріп, таққа отырды һәм өзін «Чучы ұлығы» етіп жариялады. Хуән Вэн15 Яң Гоны «Цинчжоу аймағының бегі», ал оның баласы Яң Әнді «Уду уәлиі» етіп тағайындау жөнінде патшаға хат ұсынды.

Юңхэ 12-жылы (354 ж.) Яң Гоның аталас тағасы Яң Жүн Яң Гоны өлтіріп, орнына өзі билік басына шықты. Яң Гоның баласы Яң Ән Фушеңге16 опасыздық жасап, Яң Жүнді өлтірген соң, Цзин патшалығына бағынды. Яң Ән өлгенде, баласы Яң Ши «Чучы ұлығы» мансабын иеленді.

Цзин әулетінің Тайхэ 3-жылы (368 ж.) Яң Ши «Цинчжоу аймағының бегі», ал інісі Яң Туң «Уду уәлиі» болды. Яң Ши өлгенде, Яң Туң Яң Шидің баласы Яң Цзуәнді өлтіріп, таққа өзі отырды. Яң Туңның тағы бір есімі Яң Дэ еді. Адамдарын жинаған Яң Цзуән тұтқиылдан Яң Туңды өлтіріп, өзі «Чучы ұлығы» болды һәм Шығыс Цзин патшасы Цзянвэнге17 елші жөнелтті. Шығыс Цзин патшасы Цзянвэн оны (Яң Цзуәнді) Цинчжоу аймағының бегі етіп тағайындады.

Цзин әулетінің Сян'ән 1-жылы (371 ж.) Фу Цзян Яң Әнді18 Яң Цзуәнге қарсы жөнелтті. Яң Цзуәнді жеңген Яң Ән оның адамдарын Гуаңчжуңға көшіріп, Байчин жерін елсіз мекенге айналдырды.

          Яң Суңну өлген соң, оның Яң Фуну және Яң Фугу деген ұлдары Фу Цзянға қашып паналады. Фу Цзян қызын Яң Фунудың баласы Яң Диңге ұзатып, оны диуанбегі және қолбасшы етіп тағайындады. Фу Цзян жеңіліске ұшырағаннан кейін, Гуән'ю деген жерде бүлік көтерілді. Яң Диң Фу Цзянді күшінің барынша қорғады. Фу Цзян өлген соң, Яң Диң адамдарын бастап Луңю деген жерді басып алып, Личеңде19 орнықты. Чучыға 120 шақырым қашықтықтағы Байчин деген жерде қойма салып, бөтен елдер мен Орталық жазықтың 1 мың түтінді адамын айналасына жиып, өзін «айдаһар-санғұн», «Чучы ұлығы» деп атады және Цзин әулетіне бағынды. Цзин патшасы Сяо’у Яң Диңнің атағын мойындады. Кейін ол Цинчжоу аймағының бегі етіп тағайындалды.

Деңго 4-жылы (389 ж.) Яң Диң Цинчжоу аймағын иемденіп, «Луңси патшасы» деп аталған-ды. Кейін оны Қиббу Цянгуй20 өлтірді. Одан ұл қалмады. 

          Яң Фугудың баласы Яң Шең бұрын бектің көмекшісі ретінде Чучыда бекінген-ді. Кейіннен мемлекетті басқарған ол өзін «батысқа жорық жасаушы санғұн», Цинчжоу аймағының бегі, Чучы ұлығы деп атаған-ды. Ол Яң Диңге «У-ваң» деген атақ берді. Яң Шең ди-цяң тайпаларынан өз ұлыстарын өздері қорғайтын бөлек-бөлек 20 күзетші қосындар ұйымдастырды, аймақтар мен аудандарды құрмады. Сөйтіп, ол Хәнчжуң аумағын иемденіп, тағы да Цзин патшалығына бағынышты болды.

Тянсиңнің 1-жылы (398 ж.) ол Солтүстік Вэй әулетіне елшімен бірге ұлпан жіберді. Вэй патшасы Дао’у Яң Шеңді «оңтүстікке жорық жасаушы бас санғұн», Чучы бегі етіп тағайындады. Кейінгі Цин патшалығының билеушісі Яо Сиңнің кедергі жасауынан ол жыл сайын елші мен ұлпан жібере алмады. Яң Шең ағасының баласы Яң Фуды «оңтүстікті тыныштандырушы санғұн» және Ляңчжоу аймағының бегі етіп, Хәнчжуң аймағында тұрғызды. Суң әулетінің Юңчу жылдары Суң патшасы Уди Яң Шеңге «Уду бегі» деген мәртебе берді. Яң Шең өлген кезде, «Хойвэн патшасы» деген атақ берілді. Баласы Яң Сюән мемлекет істеріне басшылық етті.

          Яң Сюән (Яң Хуаңмэй) «батысқа жорық жасаушы бас санғұн», «сарайдағы үш уәзірмен бірдей құқықтарды игіліктенуші», Цинчжоу аймағының бегі, Уду ұлығы деп аталды. Ол Суң патшалығына тәуелді болса да, Цзин әулетінің «Иси» деген жыл атауын қолданды. Кейін Суң әулетінің «Юәнцзя» деген жыл атауын қолдана бастады. Яң Шең бұрын Яң Сюәнге: «Мен қартайдым. Өмірімнің соңына дейін Цзин патшалығының бұқарасы болуым керек. Сен Суң патшасының қызметін жақсы қыл» деген-ді. Сол үшін Яң Сюән жыл атауын Суң әулетінің жыл атауына өзгертті. Ол әскерлерін қадірлейтін, бұрын қорланған (қудаланған) адамдар оны сағынатын, іздейтін.

Шигуаң 4-жылы (427 ж.) Вэй патшасы Тай’у Яң Сюәнді «оңтүстікке жорық жасаушы бас санғұн», Ляңчжоу аймағының бегі, Нанцин ұлығы етіп тағайындау үшін бас жаршы Гуңсун Гуйды жіберді. Яң Сюән өзіне ішкі аймақтардың бек-ұлықтары қатарында қатынас жасауды талап етті. Вэй патшасы Тай’у келісті. Яң Сюән өлген кезде, «Сяочжао-патша» деген атақ берілді. Мемлекеттік істерді оның баласы Яң Баоцзуң басқарды. 

          Яң Сюән қайтыс болудың алдында інісі Яң Нәндаңға: «Қазір қол астымыздағы ел тыныш емес, халықтан хал сұрауға тиесілі. Баоцзуң әлі кішкентай, білімсіз. Мемлекет істерін саған тапсырдым. Ата-бабаларымыз бастап берген салтанат қолдан кетпесін» деген-ді. Қашқалақтаған Яң Нәндаң: «Таққа Баоцзуң отырсын, мен жәрдемде болайын» деп тұрып алды. Яң Баоцзуң таққа отырғаннан кейін, Яң Нәндаңнің әйелі Яо-ханым: «Мемлекет қауіп астында қалғанда, Сіз басшы болуыңыз керек еді. Енді кішкене баланың қызметінде болып қалдыңыз. Бұл – мәңгілік шара емес» деді. Яң Нәндаң оның сөзіне еріп, Яң Баоцзуңды тақтан түсіріп, мемлекет істеріне өзі басшылық етті және Суң әулетіне тәуелді билеуші болды. Сосын ол Яң Баоцзуңды «оңтүстікті тыныштандырушы санғұн» етіп тағайындап, Шичаңды қорғауға жіберді. Ағасының кіші баласы Яң Шунді «шығысты тыныштандырушы санғұн», Цинчжоу аймағының бегі етіп тағайындап, Шаңгуйды қорғауға алды. Яң Баоцзуңның Яң Нәндаңға күтпеген жерден шабуыл жасау ойы паш болып, тұтқынға түсті. Бұрын жан-жаққа бытыраған адамдар «Чучы – молшылық екен» деп оған бағынды. Сергелдеңде жүрген Шүмужи мен Хао Янцзи деген екі адам Яң Нәндаңға бағынып, ныспыларын Сыма деп өзгертті. Шүмужи: «Менің есімім Сыма Фейлуң» десе, Хао Янцзи: «Менің есімім Сыма Каңжи» деді. Олар өздерін Цзин патшасының ең жақын туысқандары деп санады. Көп өтмей, біреулер Сыма Каңжиді өлтірді. Суң патшалығына қарайтын Ляңчжоу аймағының бегі Цзиң Фаху қылмыс істерін тексермегендіктен, Суң патшасы Вэнди21 оның орнына аймақтың бегі Сяо Сыхуаны жіберді. Қолбасшы-сарбаздарын бастаған Яң Нәндаң: «Сяо Сыхуа әліге дейін келмеді» деп Ляңчжоуға тұтқиылдан шабуыл жасап, Байманы22 иемденіп, Хәнчжуң аймағын басып алды. Көп өтпей, Сяо Сыхуа бас қолбасшы Сяо Циңцзиді алдыңғы шеп қосындарының басшысы етіп жіберіп, Яң Нәндаңға соққы берді. Сяо Циңцзи бара сала жеңіске жетіп, Ляңчжоуды тыныштандырды. Сонымен Яң Нәндаң қайтадан Суң әулетіне бағынды. Кейін Яң Нәндаң Яң Баоцзуңды босатып жіберіп, Дуңтиңді23 күзетуге жөнелтті. Яң Баоцзуң ағасы Яң Баосянмен бірге Солтүстік Вэй патшалығының астанасына қайта барды. Вэй патшасы Тай’у Яң Баоцзуңды «оңтүстікке жорық жасаушы бас санғұн», Цинчжоу аймағының бегі және «Уду ұлығы» етіп тағайындап, оған ханшаны ұзатты. Яң Баосян «батысты тыныштандырушы санғұн» және Цзиншоу әкімі болды. Кейін Вэй патшасы Тай’у бас жаршы24 Суй Иді жіберіп, Яң Нәндаңды «оңтүстікке жорық жасаушы бас санғұн», «сарайдағы үш уәзірмен бірдей құқықтарды игіліктенуші», Батыс цяңдардың қорғаушы күзетшісі, Цинчжоу мен Ляңчжоу аймақтарының торғауыл-бегі, Нанцин ұлығы деген міндеттерге тағайындады. Яң Нәндаң кейін Ұлы Цин мемлекеті билеушісінің тағына отырып, жыл атауын «Цзяни» етіп белгіледі. Әйелі ханым, ал бәйбішесінің үлкен баласы тақ мұрагері болды. Ол Солтүстік Вэй патшалығына ұқсатып әр дәрежелі мансаптарды енгізді. Алайда, ол Суң әулетіне үзбей ұлпан жіберіп тұрды. Көп өтпей, осы мемлекетте қатты құрғақшылық туылып, қыруар апат пен әрқилы оқиғалар болды. Яң Нәндаң «Ұлы Цин патшасы» деген атақты «Уду ұлығына» дейін түсірді.

Тай'ян жылдарының басында (435 ж.) Яң Нәндаң Шаңгуйды бекініс етіп салып, өзі қорғады. Вэй патшасы Тай’у «арбалы атты әскерлер санғұны», Лепиң бегі Тоғбат Пи және басқаларға Хэси мен Гаопиңдегі жасақтармен Шаңгуйды алу барысын қадағалауды бұйырды. Яң Нәндаңға сол жерді қорғау туралы бұйрық түсірілді. Көп өтпей, ол бүкіл күшін іске салып, оңтүстікті тонады. Шуцзюн аймағын иеленуді армандаған ол Суң патшалығының Ичжоу аймағына шабуыл жасап, Фучең25 қаласын басып алды. Сондай-ақ Басиге баса-көктеп кіріп, Юңчжоу аймағындағы 7 мың түтіннен астам тентіреген адамды тұтқындап, Чучыға алып келді. Ашуланған Суң патшасы Вэнди қолбасшы Пей Фаңмиң және басқаларды жорыққа жіберді. Жеңілген Яң Нәндаң Чучыны тастап, 1 мыңнан астам атты әскермен Шаңгуйге келді. Вэй патшасы Тай’у Чжуңшән бегі Тоғбат Цинді Яң Нәндаңнің алдына шығып, оны өзінің уақытша әскери шатырына бастап баруды бұйырды. Пей Фаңмиң Чучыны басып алған соң, Яң Баоцзуңның інісі Яң Баожиді қорғауға қойды. Солтүстік Вэй патшалығының Хецзян ұлығы Тоғбат Ци шабуыл жасап, Яң Баожиді қашуға мәжбүрледі.  

          Алғашында Яң Баоцзуңға Шаңгуйды қорғау бұйырылған-ды. Кейін оған Логуды қорғау, өз елін қалпына келтіру бұйырылды. Яң Баоцзуңнің інісі Яң Вэндэ кезінде дилерге қашқан уақытта, Яң Баоцзуңға опасыздық жасауды уағыздаған-ды. Осы іс әшкереленген соң, Хэцзян ұлығы Тоғбат Ци Яң Баоцзуңды тұтқындап, астанаға жіберді және Яң Нәндаңға өлтіртті. Ди мен цяң тайпалары Яң Вэндэні таққа отырғызып, Чжошуй дариясының26 бойында тұрғызды. Яң Вэндэ өзін «батысқа жорық жасаушы санғұн», Цинчжоу, Хэчжоу және Ляңчжоу аймақтарының торғауыл-бегі, «Чучы ұлығы» деп атады. Ол Суң патшалығынан жәрдем сұрады. Суң патшасы Яң Вэндэні «Уду ұлығы» етіп тағайындап, қолбасшының орынбасары Фаң Ляңцзиге оған жәрдемдесуді бұйырды. Хэцзян ұлығы Тоғбат Ци қайтарма шабуылға өтіп, Фаң Ляңцзиді қолға түсірді. Қашқан Яң Вэндэ Цзялу27 бекінісіне бекінді. Уду мен Инпиңдегі көптеген дилер оған бағынды. Вэй патшасы Тай'у Хуаняң ұлығы Пи Баоцзыға әскерлермен бірге Яң Вэндэні басып-жаншуды бұйырды. Олар Хәнчжуңға барып, Яң Вэндэнің әйелдері мен балаларын және қарамағындағы мансаптыларды тұтқындады. Астық пен материалдық бұйымдар тәркіленді. Яң Баоцзуңнің әйелі (ханша) астанаға айдалып өлтірілді. Бұрын ханша Яң Баоцзуңді теріс айналуға уағыздағанда, кейбіреулер: «Сіз не үшін әкеңіздің мемлекетінен теріс айналдыңыз?» деп сұрады. Ханша: «Заң жүзінде айтқанда, әйел адам ұзатылғаннан кейін күйеуіне сүйеніп, құрметке жетеді. Күйеуім үлкен іс жаратып, бірер жерді иеленсе, мен де бір мемлекеттің ханымы боламын. Бұл – кішкене бір ауданның иесі болғаннан жақсы емес пе?» деген. Осы себепті, ол қылмысты болды.

          Вэй патшасы Вэнчеңнің заманында, Яң Нәндаң Иңчжоу аймағының бегі болған. Астанаға қайтқан соң, шолғыншылар бегі болған, ал өлгенде «адал» деген атақ берілген-ді. Оның баласы Яң Хэ әкесіне ілесіп Вэй патшалығының билігін мойындаған және «Чучы ұлығы» мәртебесін алған. Баласы Яң Дэзы Яң Нәндаңнің мәртебесіне мұрагерлік етсе де, жастай өлген. Оның баласы Яң Сяо'ян ағасының орнына мұрагер болса да, заң-ережелерге сәйкес, мәртебесі ұлыққа дейін түсіріліп, «Тяншуй уәлиі» етіп тағайындалған және сол жерде қайтыс болған. Яң Нәндаңнің баласы Яң Даянның бөлек ғұмырнамасы бар еді. Яң Сяо'яннің баласы Яң Гуңси әкесінің мәртебесіне мұрагерлік етті.

Чжеңгуаң жылдарының (520-525 жж.) ортасында уәзірдің оң-қол диуанбегі Чжаң Пухой бас қолбасшы болып: «Бажы қаржысын Нәнцин мен Дуң'иге жеткізуде Яң Гуңси бірге барсын» деп ұсынды. Ди тайпасы көтеріліс шығарғандықтан, ол Нәнцинде қалды. Сондықтан әуелі дилерден хал-ахуал сұрау үшін Яң Гуңси жіберілді. Дуң'и аймағының бегі Вэй Цзыцзян оны ар-ұждансыз және қатерлі адам деп қарап, жасырын тексерді. Айтқандай, Яң Гуңси жасырын қастандық жасаумен шұғылданып, бүлік көтеруге ұрынған-ды. Вэй Цзыцзян осы істі Чжаң Пухойге мәлімдеп, оның әрекеттерін тізгіндеуді және есте тұтуды (ескеруді) талап етті. Чжаң Пухой Яң Гуңсиді жедел шақыртты. Алайда, қайтуға асықпаған Яң Гуңси шығыс жаққа бұрылып, Хәнчжуңға барды. Чжаң Пухой оның қылмысын хат арқылы айыптап сөкті. Яң Гуңси пара беріп, жазадан құтылды. Кейін ол «құжат ұстаушы басқақ-санғұны» етіп тағайындалып, тұтұқ-бегі Юән Цзимен бірге Цичжоуда28 орналасты. Ол циндік қарақшы Можетяншеңнің29 қолына түсіп, Цинчжоуда өлді.

          Кейін, Яң Вэндэ Хәнчжуң аймағынан Цянчең мен Луңчең шаһарларын басқарып, Инпиң30 мен Усиң31 аумақтарын иеленді. Оны Суң патшалығындағы Цзинчжоу аймағының бегі Лю Исюән өлтірді. Яң Баоцзуң қолға түскеннен кейін, баласы Яң Юәнхэ Суң патшалығына бағынып, Уду мен Байшуй32 уәлиі етіп тағайындалды. Ол қарамағындағы бекіністермен бірге Солтүстік Вэй патшалығына бағынғаны үшін Вэй патшасы Вэнчең оны марапаттап, «оңтүстікке жорық жасаушы санғұн» және Уду бегі етіп тағайындап, астанаға көшірді. Яң Юәнхэнің тағасы Яң Сеңсы Цзялуда өзін «Уду патшасы» деп атады. Яң Сеңсы өлген соң, немере інісі Яң Вэнду «Усиң патшасы» деген мәртебені ойлап тауып, Солтүстік Вэй әулетімен елдесу үшін елші жіберді. Вэй патшасы Сянвэн Яң Вэндуді «Усиң басқақ-санғұны» етіп тағайындады. Яң Вэнду ұзақ өтпей тағы опасыздық жасады. Вэй патшасы Сянвэннің билікке келген алғашқы жылы «батысқа жорық жасаушы санғұн» Пи Хуәнши Цзялуды алып, Яң Вэндудің басын шапты.

          Яң Вэндудің інісі Яң Хуңнің еркелетіп қойған есімі Яң Шу еді. Оның есімі Вэй патшасы Сянвэннің (Тоғбат Хуң) есіміне ұқсағандықтан, еркелеткен есіммен аталатын. Яң Шу өзін «Усиң патшасы» деп атап, елші жіберіп, күнәсін кешіруді тіледі, жергілікті арнайы өнімдерді сарайға ұлпан етіп жіберді. Вэй патшасы Сяовэн оны қабылдады. Яң Шу баласы Яң Гунуді астанада тұрақтау үшін жіберді. Патша Яң Шуды тұтұқ, Нәнцин аймағының бегі, «батысқа жорық жасаушы санғұн», Батыс руңдардың қолбасшысы, «Уду ұлығы» етіп тағайындады. Ол өлген соң, тоқалынан туылған баласы Яң Хучи билік істеріне басшылық етті. Вэй патшасы Сяовэн оған әкесінің мәртебесін берді. Яң Шудың басқа баласы Яң Жиши Байшуй уәлиі болды.

          Яң Хучи өлгенде, Яң Жиши «батысқа жорық жасаушы санғұн» және «Уду патшасы» болып алды. Ол астанаға сәлемдесуге барған кезде, тұтұқ, Нәнцин аймағының бегі, «оңтүстікті тыныштандырушы бас санғұн», қосымша «оңтүстік тайпа-қауымдарды қорғаушы әскербасы», Хәнчжуң аймағының бегі, Усиң ұлығы етіп тағайындалды. Оған арба, байрақ, соғыс тұлпары, жалауша, шашақ сыйланды. Көп өтпей, Усиңге қайтқан ол «оңтүстікті күзетуші санғұн» дәрежесіне дейін өсіріліп, Ниңчжоу, Сяңчжоу секілді бес аймақтың әскери істерін қадағалайтын болды. Кейін Чучы басқақ-санғұны Яң Лиңчжэн тұтқиылдан шабуылдап, Усиң қаласын басып алды. Яң Жиши Оңтүстік Ци патшалығына қашты.

Цзиңмиң жылдарының (500-504 жж.) басында Яң Жиши Солтүстік Вэй патшалығына берілді. Оған бұрынғы мәртебесі беріліп, Усиңді күзету үшін қайтарылды. Яң Жиши өлген соң, орнына отырған баласы Яң Шаосян тұтұқ, Нәнцин аймағының бегі, «жаттарға жорық жасаушы санғұн», Хәнчжуң аймағының ұлығы, Усиң бегі етіп тағайындалды. Марқұм Яң Жишиге «арбалы атты әскерлер санғұны» және «сарайдың үш уәзіріне ұқсас құқықтарды игіліктенуші» деген мәртебелер сыйланды, «Әнваң» деген атақ берілді.

          Яң Шаосян кішкентай болғандықтан, ел басқару істері екі тағасы Яң Жичи мен Яң Жы’иға аманат етіп табысталды. Сяхоу Даоцян33 Хәнчжуңды тапсыру арқылы Солтүстік Вэй патшалығына бағынбақшы болған кезде, Ляң патшалығының Баймадағы күзетшісі Ин Тянбао әскерлерін бастап, оны қоршады. Сяхоу Даоцян Яң Жичи мен Яң Жы’идан жәрдем сұрады. Екеуі өз күштерін сақтап қалуды көздеп, жәрдемдесуді қаламады. Қызмет көрсетудің орайын күткен Яң Жичидің інісі Яң Жилаң әскерлерді бастап Ин Тянбаоны жеңіп, Хәнчуәнді қорғады. Бұл - Яң Жилаңнің қызметі. Ляңчжоу мен Ичжоу аймақтарының тыныштанғанын көрген Яң Жы’и: «Усиң ұзақ уақытқа дейін сырттай бағынышты мемлекет бола алмас па екен» деп алаңдап, ди тайпасын Яң Шаосянді патша етіп көтеруге шақырды. Яң Жичи мен Яң Жы’и өздерін патша деп атап, Ляң әулетіне сырттай бағынды және оны қорғаушысы ретінде таныды. «Батысты тыныштандырушы санғұн» Сиң Луән жіберген мансапты санғұн Фу Шуян Усиңді иеленіп, Яң Шаосянді тұтқындап, астанаға жөнелтті. Оның елін жойып, Усиңді бекініске айналдырды. Кейін Усиң «Дуңи аймағы» етіп өзгертілді.

          Басқақ-санғұн Таң Фалэ, аймақтың бектері Ду Цзуән мен Сиң Бао беделдің болмауынан және шапағаттың аздығынан адамдарды мезі қылды. Осыған байланысты, ди тайпасының басшысы Чушижу қайта-қайта көтеріліс жасады. Солтүстік Вэй патшалығы оңтүстік-батыс аумаққа ерекше алаңдайтын.

Чжеңгуаң жылдарының (520-525 жж.) ортасында аймақтың бегі болып тағайындалған Вэй Цзыцзян қамқорлық пен шынайылық арқылы ди тайпасын елдесуге шақырды. Оқу-ағарту істері де жолға қойылды. Сондықтан шалғай-жақындағылар келіп, өзара жарасып және бағынып, ішкі өлкедегі халыққа ұқсады. Кейін Вэй Цзыцзяннің орнына Таң Юң аймақтың бегі болды. Көп өтпей, ди тайпасы көтеріліске шықты. Таң Юң бекіністі тастай сала шығыс жаққа қашты. Содан бастап бұл аумақ қайтадан ди тайпасының билігіне өтті.

          Солтүстік Вэй патшалығының соңғы жылдары жаһан аласапыран болды. Яң Шаосян Усиңге қашып, қайтадан өз алдына патша болды. Чжоу патшасы Вэнди34 Цинчжоу, Луңси, Луңдуң аймақтарын тыныштандырды. Яң Шаосян Батыс Вэй әулетіне бағынышты болып, әйелдері мен балаларын осы патшалықтың астанасына апарып тұрғызды.

Датуң 1-жылы (535 ж.) Яң Шаосян әйелін өзіне қайтару жөнінде ұсыныс берді. Чжоу патшасы Вэнди Вэй патшасы Вэндиге мәлімдеме жасағаннан кейін ғана келісім берілді. Яң Шаосян өлгенде, орнына баласы Яң Писэ отырды.

          Датуң 4-жылы (538 ж.) Нәнци аймағындағы ди тайпасының өкілі Фушу көтеріліс жасап, Удуны иеленді, өзін «Тайбай патшасы» деп атады. Батыс Вэй патшасы бас тұтұқ Хумо Ченсюән мен Вэйчжоу аймағының бегі Чжаң Сунчеңге оны шабу және тізе бүгуін қамтамасыз ету туралы бұйрық берді.

          Датуң 9-жылы (543 ж.) Циңшуй35 аймағындағы ди көсемі Ли Шурэн жер алып, бүлік көтерді. Дилердің қолбасшысы Ляң Даосян көтеріліске шығып, Нән’юға36 шабуыл жасады. Чжоу патшасы Вэнди мырза-бегі37 Чжао Чуаңды дилердің хал-жағдайын сұрауға жөнелтті. Ли Шурэн және басқалар бірінен соң бірі елдесті.

          Датуң 11-жылы (545 ж.) Усиңде Дуңи аймағы құрылып, Яң Писэ аймақтың бегі етіп тағайындалды.

          Датуң 15-жылы (549 ж.) Ән'идегі ди тайпалары тағы көтеріліске шықты. Сол кезде Чжао Чаң уәли еді. Бүлікке басшылық жасаған 20 шақты адам ұсталып өлтірілгеннен кейін, дүрбелең басылды. Сол үшін Чжао Чаң Нәнцин аймағының істерін уақытша басқаруға қойылды. Ди көсемі Гайнау және басқалар бүлік көтеріп, Бэйгуды басып алды. Оның әскерлері батыс тарапта Даңчаңдағы цяң тайпасының басшысы Ляо Гәнмен бірігіп, Гайнауды басшы етіп көтерді. Чжао Чаң жан-жаққа адам жіберіп, қалай жасаса қайырлы, қалай жасаса апат болатынын анық айтты. Содан кейін ол әскерлер жіберіп, басып-жаншыды. Гайнау ұсталып, қалған адамдары бытырап кетті. Сиңчжоу аймағында көтеріліске шыққан ди тайпасы Нәнци аймағына жақындады. Аймақтың бегі Ци Лосе Чжао Чаңға жәрдем сұрау үшін елші жіберді. Чжао Чаң көтеріліске шыққан дилерді оңдырмай жеңді.

          Алғашында ди көсемі Яң Фашэн Инпиңді иемденіп, өзін патша деп жариялады. Ол Яң Шеңнің ұрпағы еді. Солтүстік Вэй әулетінің Сяочаң жылдары (325-328 жж.) ол барша адамдарымен бағынды. Содан соң бағыныштылық борышын үзбей ада қылды.

Батыс Вэй әулетінің Фейди 1-жылы (551 ж.) Яң Фашэн Личжоу аймағының бегі болды. Алдыңғы жылы Яң Писе дүрбелең көтеріп, Шығыс Ичжоуды иемденгенде, дилердің бәрі онымен бірге көтерілді. Ци Лосе мен Чжао Чаң оны басып-жаншу үшін аттандырылды. Чжоу патшасы Вэнди бас санғұн Юйвен Гуйді бас тұтұқ және Сиңчжоу аймағының бегі етіп тағайындады. Дилер бұрыннан абыройлы да беделді болған Юйвен Гуйден қорқатын һәм тәнті болатын.

Фейди 2-жылы (552 ж.) Яң Фашэн Вей Цицзюңмен бірге Шуцзюн аймағын басып-жаншуға барды. Қосындарын қайтарғанына көп болмай, өзінің руластары Яң Чуңжи және Яң Чинсумен соғысты. Осы кезде Чжао Чаң Чеңчжоу, Учжоу және Шачжоу аймақтарының әскери істерін қадағалайтын. Ол елші жіберіп, оларды жарастырып еді, Яң Фашэн және басқалар бағынбады. Чжао Чаң олардың тайпаларын шашыратып, басқа жерде құрылған аймақтарда жайғастырды.

          Батыс Вэй патшасы Гуңдидің соңғы жылы (557 ж.) Усиңнің дилері көтеріліс жасап, Личжоуды38 қоршады. Феңчжоу39 Гудаодағы ди тайпасынан Вэй Тянваң және басқалар адам топтап, дауыс қосты. Бас санғұн Ду Луниң оларды басып-жаншыды. Чжоу патшасы Миңдидің заманында, сиңчжоулық40 Дуән Чжа Сябян мен Байшу деген екі ауданның тұрғындарын бастап бүлік көтеріп, Ләнгао бекінісін басып алды. Ди қолбасшысы Жяңдо Чучжуң аймағының дилерімен Лосуң аймағын иемденіп, қолдау көрсетті. Чжао Чаң Сябян мен Байшу аудандарын басып-жаншып, Дуән Чжаны өлтірді. Алайда, Инпиң мен Цзялудың дилері бірден адам жинап, Чучжуңдағы дилерге жәрдемдесті. Чжао Чаң таңдаулы атты әскерлермен бірге Чучжуңға білдірмей еніп, Дачжупиң деген жерге барды. Жеті тосқауылды бұзып өткен ол қарсы тараптың басшысын өлтірді. Осы екі аймақ тізе бүкті. Чжао Чаң қайтқаннан кейін, Чучжуңдағы дилер қайтадан талау-тонауларын жалғастырды. Чжао Чаң басып-жаншу үшін жәрдемші мансапты Лю Чуң’и мен Юйвен Циді жөнелтті. Нәтижеде дилердің бәрі де жаншылды.

          Ваң Цян өз әскерлермен бүлік шығарған кезде, Шачжоу41 аймағындағы ди тайпасының басшысы Яң Юң'ән санғұн осы аймақты иемденіп, оған жәрдемдесті. Бас санғұн Да Шижу (Даширу) оның жазасын берді.

          Туйғұн – Ляодуң сянбилерінің басшысы Тухэ Шегуйдің баласы. Тухэ Шегуйдің тағы бір есімі – Илохан. Оның екі баласы бар-тын. Тоқалдан туылған үлкен баласының есімі Туйғұн, кенжесінің аты-жөні Рологуй еді. Тухэ Шегуй қайтыс болғаннан кейін, тайпаны Рологуй басқарды. Міне, солар мурундар болды. Тухэ Шегуй тірі кезінде Туйғұнға 700 үйлі халықты, Рологуйге екі ұлысты бөліп берген-ді. Екеуінің сәйгүліктері тебісіп қалды. Бұған өкінген Рологуй: «Әкем ағам екеуімізді бөлек-бөлек жайғастырған, екеуімізге бөлек жерден орын берген. Ағам алысқа бармады, нәтижеде аттарым жараланды!» деп Туйғұнға адам жіберді. Туйғұн: «Ат деген шөп жейді, су ішеді. Көктемде күйлеу мезгілі жеткенде тебіседі. Тебіскен аттар үшін адамның нендей күнәсі бар? Бөліну айрықша оңай. Міне, қазір-ақ сенен 10 мың шақырым әрі кетейін!» деді. Рологуй өкінді. Ол тірі қалған егде қарттар мен көмекшісі Чиналуды кешірім сұрауға жөнелтті. Туйғұн: «Ата-бабамыздан бері Ляошуй дариясының оң жағында оңды істерді келтірген едік. Әкем тірі кезінде құмалақ ашқызған. Құмалақшы: «Екі ұл бала болады екен. Бақытты болады. Осы бақыт ұрпақтан-ұрпаққа қалады» деген екен. Мен тоқалдан туылдым, орным төмен оғланмын. Заң бойынша, орным өзге аға-інілермен ұқсас болмайды. Қазір жылқыны айтып, көңіл даурығып жатқаны – Тәңірдің белгісі болса керек. Сіздер жылқыларды күншығысқа айдап көріңдер. Егер олар күншығысқа жүрсе, мен де оларға ілесіп кетейін» деді. Туйғұн жанындағы салт аттыларға жылқыларды қайтарып келуді бұйырды. Жылқылар бірнеше жүз қадам жүріп, тауларды төңкеретіндей қатты кісінеген күйі күнбатысқа қарай қашты. Осындай ахуал он шақты рет қайталанды. Амал таба алмаған Чиналу: «Хақан, бұл – адамның қолынан келетін іс емес екен!» деді. Туйғұн өзіне қарайтын тайпаларға: «Інім ұрпақтарына дейін қуатты болады. Рологуйден ұлдары, немерелері, шөберелері қалады, осы аралық 100 жылдан асады. Менің ұрпағым тек шөберелерімнен ғана бастап күшейе бастайды» деп, батыстағы Чоғай тауына кетті. Кейін ол осы жерден Луң деген жерге барды. Ағасын есіне түсірген Рологуй «Айю өлеңін» шығарды. Тухэ тайпасы «аға» сөзін «айю» дейтін. Тухэнің ұрпақтары билік құрған кезде, арбалардың соңынан ерген халде дауылпаз-барабандар ұрып, осы өлеңді негізгі күй етіп орындайтын.

Туйғұн Луң деген жерге көшіп келіп, Фухән елді мекенінде орналасты. Ол Фухәннен Гәнсуңға42, оңтүстікте Аңчең мен Луңхэге, Таошуй өзенінің43 солтүстік-батыс жағында Байләнға дейін барып, бірнеше мың шақырымдық өңірде қай жерде от пен су болса, сонда киіз үйін тіктеп жайғасты, ет және құртпен азықтанды. Солтүстік-батыстағы ру-тайпалар оларды «азарлар» деп атады.

Туйғұн өлгенде, 60 ұл баласы бар еді. Үлкен баласы Туяннің бойы 7 ци 8 суң болатын. Ол әдеттегі адамдардан күшті, бірақ іші тар, рақымсыз кісі еді. Аңчең цяңдарының көсемі Жяңсуң оған қанжар тықты. Қанжар денесінен шығарылмай жатып, ол өз баласы Ие'янді шақырып, бас қолбасшы Чөбаға: «Мен жан үзгеннен кейін, денемді сандыққа салып, Байләнді қорғаңдар. Байлән маңызды да шалғай жер, адамдары қорқақ, бақылауда ұстау оңай. Ие'ян әлі жас, басқа біреуі таққа отырса, оның тілін алмай қалады деп алаңдаймын. Сондықтан Ие'янді сіздерге аманат етіп тапсырамын. Жақын уәзірлердің күшімен оған жәрдемдесіңдер. Кенже балам таққа отырса, ешбір арманым болмас еді» деп, қанжарды суыра сала жан үзді. Оның 12 баласы бар еді. Ие'ян бала кезінен батыл да табанды болатын. Ол 10 жасында күріш сабанынан жасаған қуыршақты Жяңсуң деп атап, әр күні таңертең оған оқ ататын. Тигізсе қуанатын, тигізе алмаса дауыстап жылайтын. Оның анасы: «Дұшпанға өш қолбасшылар оны шауып-турап тастайды, ал сенің әр күні таңертең жапа тартуыңа қайткенмен де жол бермеймін» деді. Ие'ян өзінің жарамсыздығына налып жылады және анасына: «Еш пайдамның жоқтығын білсем де, жүрегім соғып тұр. Бұл азапқа шыдай алмаймын» деп жауап берді. Ол өте қайырымды еді. Анасы ауырып, үш күн ешнәрсе жемеген кезде, Ие'ян де аузына тамақ алмады. Уақытын кітап оқумен өткізетін. Ол: «Үлкен атам Илоханға «Чаңлы ұлығы» деген мәртебе берілген. Мен Чаңлы ұлығының шөбересі болғандықтан, «Салтнама» негізінде патша-әкемнің есімін өз ныспым етуім керек» деп Туйғұнды өзінің ныспысына айналдырды.

Ие'ян өлген кезде, орнына баласы Суйши отырды. Ол ақкөңіл және сақ болатын. Үшінші інісі билікті иемденгенде, Суйши ахуалды тізгіндей алмағаны үшін қолбасшылар бірігіп, оның үшінші інісін өлтірді. Уайым-қайғыда қалған Суйши ел істеріне қолы бармай, баласы Шилянді патшаның ізбасары етіп, билікті оған тапсырады һәм оны Моғылан деп атады. Моғылан «ата» деген сөз еді. Суйши уайымнан ит-құса болып өлді. Орнына Шилян отырды. Ол әкесі үшін жүрегі ауырғаны соншалық, ойын-сауықты тәрк етті. 15 жыл өткенде ол да қайтыс болды. Орнына інісі Шичи отырды. Ол да өлді. Баласы Шулоган әлі кішкентай болғанына байланысты, орнына інісі Вухеты (Дахай) отырды. Ол Шулоганның анасымен некелесіп, Мугуй мен Мулиян деген екі бала көрді. Вухеты өлгенде, орнына Шулоган отырып, өзін «арбалы атты әскерлер санғұны» деп атады. Бұл Цзин әулетінің Исиниң алғашқы жылы (405 ж.) еді.

Шулоган өлген соң, орнына інісі Асай отырды. Ол өзін «атты әскерлер санғұны» мен Шачжоу аймағының бегі деп атады. Оның иелігінде кеңдігі жүздеген шақырым өсімдік өнбейтін шөлейт болғандықтан, Шачжоу деп аталған-ды. Асай ди және цяң тайпаларын қосып, жерін бірнеше жүз шақырымға кеңейтіп, күшті мемлекет құрды. Ол Сицяң тауына шығып, Дянцзяң өзенінің46 басын аралады. Ол уәзірлерден: «Шығысқа аққан мынау дарияның тағы басқа атауы бар ма? Қандай аймақтар мен ұлыстардан өтіп, қайсы өзенге құйылады?» деп сұрады. Көмекшісі Цзең Хэ: «Бұл өзен Чучыдан, сосын Цзиншоудан47 өтіп, Даңчудан шыққаннан кейін, Дянцзяң өзені деп аталады. Бацзюн аймағына жеткенде, Яңцзы өзеніне құйылып, Гуаңлиңнен48 өтіп теңізге құйылады» деді. Асай: «Су теңізге құйылуды біледі екен, ал біздей шет жақтағы шағын елдің баратын жері жоқ па?» деп елші жіберіп, Суң әулетімен байланыс орнатты һәм жергілікті арнайы өнімдерден ұлпан тапсырды. Суң патшасы Шаоди49 оған «Чжаохэ» деген мәртебе берді. Міндетіне кірісе бергенде, Суң патшасы Вэнди Юәнцзя 3-жылы (426 ж.) оны жаңа мансапқа тағайындады. Ол сарайға тағы елші жіберіп, ұлпан табыстады. Сол сәтте кенеттен ауруға шалдыққан Асай өлімнің алдында перзенттерін шақырып: «Марқұм патшамыз атты әскерлер санғұны лауазымын баласы Чянге бермей, елдің үлкен істерін маған тапсырды. Марқұм патшамыздың тапсырмасын ұмытып, ұлым Вейдайді ғана ойлауыма бола ма! Орныма Мугуйді мұрагер етіп қалдырамын» деді. Асайдың 20 баласы болды, Вейдай солардың ең үлкені еді. Сондай-ақ Асай: «Бәрің де маған бір жебе беріңдер, мен ол дүниеде атып ойнаймын» деді. Бір уақыттан соң, ол Мугуйдің туған інісі Мулиянға: «Сен бір оқты алып сындыр» деді. Мулиян сындырды. «Енді 19 оқты бірден сындыр» деді тағы Асай. Мулиян сындыра алмады. Асай: «Сіздер ұқпайсыңдар. Азды сындыру оңай, көпті сындыру қиын. Бір ниетке келгенде ғана еліміз қуатты болады» деп жан үзді. Оның орнына Мугуй отырды.

Асай Суң патшасының жарлығы жеткенше қайтыс болды. Мугуй тағы хат жолдап, Суң әулетімен достық байланыс орнатты. Суң патшасы Вэнди оны «Луңси ұлығы» етіп тағайындады. Циңчжоу мен Ляңчжоудағы қолы бос талапкерлерді, цяң және руң руларының 600 үйлі адамын топтаған Мугуй оңтүстікте Шуцзюн мен Хәнчжуң аймақтарымен достық орнатып, солтүстікте Ляңчжоу және Құландармен50 байланыс орнатты. Оның жері және халқының саны көбейіп, бара-бара күшейді. Вэй патшасы Тай'удің заманында Мугуй өзінің нөкербасы Се Даниң арқылы Солтүстік Вэй әулетіне бағынатыны туралы хат жолдады. Көп өтпей, ол Құлан Тинді қолға түсіріп, астанаға жіберді. Патша Тай'у Мугуйді марапаттап, өз елшісі арқылы оны бас санғұн һәм Батыс Цин бегі етіп тағайындады.

Мугуй: «Пақырыңыз қарапайым да қауқарсыз адам болсам да, сұмпайыны шынайы ниетпен ұстап, жеңісімді сарайға атадым. Сарай сыйлаған мәртебе биік болса да, жеріміз кеңеймеді. Жалау-байрақтар жаңарғанмен, дүние-мүліктер ілтипат етілмеді. Дертімізге дәрмен болмады, адалдығымызға лайық іс көрілмеді. Мен бүлікшілердің шабуылына ұшырадым, тонау-талауға ұшыраған қарамағымдағы елім шығысқа көшуге мәжбүр болды. Қазір патшаның жарлығы түгелдей жүзеге асырылды. Жеріміз қайтарылса екен. Қиббу Юйлан, Күлөхан және Чжаң Хуаның бала-шағалары осында бейнет-мұқтаждық пен сергелдеңде қалыпты. Сондықтан олар да қайта әкетілсін. Шапағатыңыз алыс-шалғайға жетіп, адамдарға жақсы тұрмыстың шарт-жағдайын сыйлағайсыз» деп хат ұсынды.

Вэй патшасы Тай'у сарайда уәзірлерін жиып, қандай жауап қайтару жөнінде кеңес өткізді. Бас қолбасшы Чжаң Сунсуң, 279 кеңесші мен ғұламалар қатысты. Олар былай деді: «Бұрын сарай мұндай істерді шешкен кезде, Батыс Цин патшасы Мугуйді өте шалғай жердегі билеуші, патшалығымыздың саясаты жете бермейтін жерде деп қарады. Сондықтан ол келсе – қабылдады, кетсе – болыпты деді. Патшаның салтанаты алысқа жеткеннен кейін, Батыс Цин билеушісі ақиқатқа талпынып, патшаның беделінен сескеніп, құлдық білдіріп, ұлпан табыстады және мәртебелер сұрады. Көне замандарда билік орталығынан алыстағы елдердің беделі көп, жері кең болса да, олардың билеушілерінің мәртебесі Орталық жазықтағы билеушілермен тең болмаған. Жоғары мәртебелінің (патшаның) оларды жақсы көріп берген «бек» дәрежесіндегі мол мәртебелері әдеттегі өлшемнен асып кетті. Олардың киімдері, ат-арбалары, ту-байрақтары Орталық жазықтағы бектердікімен ұқсап қалды (бірдей болды). Оларға қанша тауар-маталар берілгені бұрынғы тізімдерде көрсетілмеген, бәрі де уақытша белгіленген-ді. Хән және Вэй патшалықтарында шалғай жерлерді мәпелеуге қатысты көне мысалдар баршылық. Патшаның анасы Люй-ханым51 Батыр-тәңірқұтқа екі күйме, сегіз сәйгүлік берген. Батыр-тәңірқұт жауап ретінде оған 1 мың жылқы берген. Одан кейін ғұндармен тең мемлекет деңгейінде құдаласқанның өзінде сыйланған жібек торқалары бірнеше жүз орамнан аспаған. Қоғшар-тәңірқұт сарайға өзі келіп, патшамен сәлемдескен соң, оған 10 мың орам жібек берілген. Қазір Батыс Цин билеушісінің жерінде жібек құрты болмағандықтан, жоғарыдан талап етілген болса, бұны дүние-мүлік ілтипат етілмеді деуге болмайды. Чжоу әулетінің патшалары дәрменсіз болып әлсірегенде, Ци бектігінің бегі Сяо Бай52 жаһанды Чжоу патшалығының билігіне бағындырса да, оған ас беруге жұмсалған піскен етті қабылдау туралы жарлық түсірілген, жер қосып беру ілтипат етілмеген. Цин бегі Чуң Ер53 Чеңпуда54 Чу бектігін жеңгеннің өзінде, Чжоу әулетіне сәлемдесуге келіп, түсетін тұралғы (қоныс) ретінде Нән'яң жерін ғана қабыл алған. Қазір Батыс Цин сарайға тек Құлан Тинді ғана әкеліп тапсырды. Шекараның сыртындағы елдер орайы шықса, азды-көпті пайданы айтып, Цинчжоу мен Ляңчжоу аймақтарына баса-көктеп кіретін, бірақ жер кеңейту ойлары болмайтын. Мәртебесі Орталық жазықтың мансаптарымен бірдей бола тұра Цинчжоу, Ляңчжоу, Хэчжоу және Шачжоу аймақтарын билеп тұрып, тағы «Жеріміз кеңеймеді» депті. Олар қасиетті әулетімізді әлсіз Чжоу әулетіне теңеп, өздерін бес ұлық55 қатарына қойыпты. Өз нәпсілерін баса алмайтын дәрежеге жетіпті! Батыс Цин билеушісі сарайға адал еді, оның түпкі ойы ондай болмауы керек. Айналасындағы ел оған жақсы ақыл-кеңес бермегендіктен, қазіргі ахуал қалыптасқан сияқты. 

Батыс Цин жерінде сергелдеңде жүргендердің ішінде тоналғандардың бәрі Пубәнда56 еді. Қазір елдескеннен кейін, әлем тынышталып, құдды бір отбасындай болдық. Олар астанаға барып, сосын еліне қайтарылады деу керек цинчжоулықтарға. Олар талап еткен Қиббу Юйлян секілді үш кісі сарайымыздың қонағы, өз елінің елшілері ретінде келген. Қазір олардың ел-жұрты жойылып, отбасысы өзгеріп, бағынышты болды. Бұлардың талабына құлақ аспасақ та болады».

Патша төмендегідей жарлық шығарды: «Уәзірлердің кеңесі салт-дәстүрден алыстамады. Батыс Цин бегі Цзинчең Фухән мен Луңсиді тартып алған еді. Сол жерлерді мен оларға бердім. Осының өзі жер бергендік ғой. Тағы нені кеңейтпек екен? Батыс Цин бағынғаннан кейін, елшілердің келуіне қарай біз беретін тоқыма бұйымдары көбейді». Содан бастап Мугуй сарайға жіберетін ұлпанды азайтып, Суң әулетімен байланыс орнатты. Суң патшасы Вэнди оған «Луңси бегі» деген атақ-мәртебе берді.

Тай'ян 2-жылы (436 ж.) Мугуй қайтыс болды. Оның орнына інісі Мулиян отырды. Вэй патшасы елші жіберіп, Мугуйға «Хойваң» деген атақ сыйлады. Кейін ол Мулиянді «күнбатысты тыныштандырушы бас санғұн», «сарайдағы үш ұлыққа ұқсас қамдауды игіліктенуші» етіп тағайындап, «Шипиң бегі» мәртебесін берді. Мугуйдің баласы Юән Шу «құтты-санғұн» етіп тағайындалды. Сол мезетте Мулиян да Суң патшасы Вэндимен байланыс орнатты. Суң патшасы Вэнди оған «Хэнән бегі» мәртебесін берді. Вэй патшасы Тай'у әскерлермен Ляңчжоуға тартқанда, қорқып кеткен Мулиян халқын батыс тараптағы шөлге бастап қашты. Вэй патшасы Тай'у Мулияннің ағасының Құлан Тинді ұстауда көрсеткен қызметін ескеріп, елші жіберді һәм ілтипатын көрсетті. Мулиян қайта келіп, өз елшісі арқылы хат жіберіп, рақметін білдірді. Патша оны марапаттады.

Мулияннің ағасының баласы Вейдай оның зиянкестік жасауынан қорқып, Солтүстік Вэй патшалығының елшісімен бірге қашуды жоспарлады. Бұны сезіп қалған Мулиян оны өлтірді. Вейдайдың інісі Чилян және басқа да сегіз адам астанаға қашып келіп, Мулиянді басып-жаншуды өтінді. Вэй патшасы Тай’у Чилянді «ақиқатқа қайтушы бек» етіп тағайындады. Цзин бегі Фулоға әскерлерімен бірге Мулиянді басып-жаншу бұйырылды. Жасақтар Даму көпіріне келгенде, Мулияннің тағы бір жиені Шиин Хуаңхэ өзенінің батыс жағына қашып кетті. Фуло соңынан қуу үшін әскер жіберіп, 5 мыңнан астам адамды өлтірді. Мулиян Байләнға қашты. Оның бір немере інісі Фунян, көмекшісі Божули және тайпаның ақсақалы Чуңе 13 мың түтін халықпен тізе бүкті. Кейін «күнбатысқа жорық жасаушы санғұн», Гаоляң бегі Тоғбат Нар Мулиянді басып-жаншу үшін Байләнға жөнелтілді. Мулиян Удун еліне кіріп, билеушісін өлтірді. Қырып-жойылған адамның саны бірнеше түменге жетті. Олар оңтүстікке бұрылып, Кашмирге жорық жасады. Жіберген елшісі Суң әулетімен байланыс орнатып, Суң патшалығынан жәрдем сұрады. Суң патшасы Вэндиге оғандардың (Орталық Азиядағы ежелгі халық) тұмағы, Әйелдер мемлекетінен шыққан алтын леген, ғұз билеушісінің алтын әшекей бұйымдары секілді нәрселер сыйға берілді. Суң патшасы Вэнди оған күйме сыйлады. 7-жылы (430 ж.) ол бұрынғы жерге қайтты.

Мулиян өлгенде, орнына Шулоганның баласы Шиин отырды және Фулоцюән (Бөрібұлақ) елді мекенінде бекініс сала бастады. Ол өзінің жату-тұру, жүріс-тұрысын патшаларға ұқсатып ұйымдастырды. Шиин сарай алдындағы міндетін түгел өтеп, ұлпан тапсырды. Вэй әулетінің жыл атауын қабылдады. Суң патшасы Вэнди берген мәртебені де қабылдап, Хэнән бегі деп аталды. Вэй патшасы Тай’уди елші жіберіп, Шиинді «батысты тыныштандырушы бас санғұн», Шачжоу аймағының бегі, Шипиң бегі етіп тағайындады. Кейін келе, Шиин өзінің сарайдан алыстығын, жер шарт-жағдайының қатерлігін пайдаланып әдепсіздік жасады, бұйрықтарды елеп-ескермейтін болды. Ол Суң әулетіне елші жіберіп, жақсы арғымақ пен төрт мүйізді қой сыйлады. Суң патшасы Миңди оған мансап берді. Вэй патшасы Вэнчеңнің заманында, Диңяң бегі Цао Ән: «Қазір Шиин Байләнді басып алды. Онда қыруар алтын-күміс пен жылқы-сиырлар бар. Егер оған шабуыл жасасақ, көптеген мал-дүниені иемденеміз» деп патшаға ұсыныс-хат берді. Кеңеске қатысқан адамдар (кеңес берушілер): «Марқұм патша Шииннің інісімен тату-тәтті болмағандықтан, өштесіп Цзин бегі Фуло мен Гаоляң бегі Тоғбат Нарды басу-жаншуға жіберген, бірақ жеңіске ешбір жете алмаған. Шиин алысқа қашты, жасақтарымыз қуып шаршады. Қазір Шиин Байләнда жүр, мемлекет шекарасына тиіспеді, халыққа зиян-зақым тигізбеді. Сондықтан бұл дереу шешуге тиесілі мәселе емес. Елші жіберіп, хал-жағдайын сұрастыру арқылы оны келтіретін болсақ, ол әрине елдесуді сұрайды. Осылайша оны тыныштандыруға көп күшіміз кетпейді. Патша болған адам шет-жағадағы ұлыстармен байланыс орнатып, тізгіндесе болғаны. Ол елді қасап қырғын етіп, жерлерін иемденіп не істейді?» десті. Цао Ән: «Мен бұрын Цзяохэ қаласында (Ярғол қаласы) басқақ-санғұн болған кезде, онымен жақын көрші едім. Оның қиялы мен ахуалын білемін. Егер оң және сол екі жақтан бірдей шабуылдасақ, Шиин өзін қорғау үшін міндетті түрде Оңтүстік тауға қашады. 10 күнге жетпей-ақ арғымақтары жейтін жем-шөп қалмай, адамдарының азық-түлігі аяқталады. Олар сөзсіз жан-жаққа шашылады һәм одан теріс айналады. Сол сәтте біржолата жаныштауға болады» деді. Патша оның пікірін мақұлдады. Яңпиң бегі Тоғбат Синчең және Цзян'ән бегі Му Люту оңтүстік жолмен шабуыл жасау, ал Нәнцзюн әкімі Ли Хой, бас басқарушы Гуңсун Ба және Цао Ән солтүстік жолмен шабуылдау туралы бұйрық алды. Шиин Оңтүстік тауға қашты. Екі бағыттағы әскерлер Хуаңхэ өзенінен өтіп, оны қуа жөнелді. Осы кезде көптеген бектер мен әскерлер ауруға шалдықты. Қолбасшылар: «Шиин қашып алыстап кетті, әскерлер енді рухтанды. Оларды орындалмайтын міндетті атқаруға мәжбүрлегеніміз тым асырғандық болмайды ма?» деді. Осыны дұрыс деп тапқан олардың бәрі әскерлерін кері әкетті. 20 мыңнан астам түйе мен жылқы олжаланды.

Вэй патшасы Сянвэн Шаңдаң бегі Чжаң Сунгуәнге және басқаларға аймақтар мен ұлыстардағы әскерлермен Шиинді басып-жаншуды бұйырды. Жасақтар Мәнту тауында Шиинмен соғысты. Чжаң Сунгуән барлық қосындарды іске салып, оны жеңіп шықты. Шиин түн қараңғысын пайдаланып, қашып кетті. Ол тәубеге келуді, бағынышты орнын қалпына келтіруді ойлап, аймақ-бегінің жәрдемшісі Каң Пәнлуң арқылы патшаға хат пен ұлпан беріп жіберді. Вэй патшасы Сянвэн Каң Пәнлуңді қайтармай қамап қойды. Ашаршылыққа душар болған Шииннің қауымы Ярғол қаласын бірнеше рет тонады. Патша Сянвэн «күнбатысты тыныштандырушы санғұн», Гуаңчуән ұлығы Пи Хуәншиді Дунхуаң, Ляңчжоу, Фухән және Гаопиң аймақтарының әскерлерін алғы шеп жасақтары етіп, сәулетшілер-бегі мен Шаңдаң бегі Чжаң Сунгуәннің қадағалауымен жорыққа аттандырды. Чжаң Сунгуәннің жасақтары Шииннің жеріне кіріп, жылқыларына күзгі егіс дақылдарын жегізді. Сасып шошыған Шиин кінәсін өтеу үшін дұшпанның қонысына өз баласын жіберді. Чжаң Сунгуән қалыптасқан ахуалды патшаға мәлімдеді. Патша Сянвэн қолбасшылар мен сарбаздарды көп марапаттады, сосын Шиинді қатаң айыптады һәм оның бала-шағасын аманатқа алмақшы болды. Шиин баласы Жинді астанада тұруға жіберді. Көп өтпей, патша Сянвэн Жинді кері қайтарды. Шиин шекараға тағы шапқыншылық жасап және тонап, қолбасшы Ляңлиді Тао'яңда бекіну үшін жөнелтті. Тао'яң – Фухәнге қарайтын жер. Фухәннің басқақ-санғұны, Шицзюн аймағының бегі Яң Чжуңкуй Шиинге хат жіберіп, оны айыптады. Шиин: «Патшаның жарлығын алдым. Ол мені бұрынғы жерге қайтсын депті. Тао'яңда бекіну үшін Ляңлиді жібергенмін. Егер бұрынғы істер тергелмесе, Тао'яң өзінің жергілікті өнімдерін сарайға ұсынсын» деп хат жолдады. Оның сөздері шынайы да орынды еді. Патша келісті. Содан бері ол жыл сайын сарайға сәлемдесуге келіп, ұлпан тапсыратын болды.

Тайхэ 5-жылы (481 ж.) Шиин өлді. Оның орнына баласы Дуйфу отырды. Ол нөкербасы Шишен арқылы сарайға жергілікті өнімдерді жіберіп, әкесінің мұрагері болу үшін ресми рұқсат сұрады. Кейін Дуйфу Даңчаңға шабуыл жасады. Патша бұйрық түсіріп, оны айыптағанмен, тағы да 120 бума мата-торқын сыйлаған күйі оған шын көңілмен қателікті түзетуді, яғни Даңчаңда тоналған адамдар мен дүние-мүлікті дер кезінде қайтаруға шақырды. Дуйфу бұйрықты орындады. Ол қайтыс болғаннан кейін, орнына баласы Фулянчу тақтың мұрагері болды. Вэй патшасы Сянвэн оны сарайға шақырғанда, ол «Сырқаттанып қалдым» деп хат жолдады. Сонымен бірге, ол Тао'яң мен Нихэ бекіністерін жөндеп бекітіп, тұрғауыл (қарауыл) орналастырды. Патшаның анасы Вэнмиң қайтыс болған кезде, сарай оған суық хабар жеткізетін адамды жіберді. Фулянчу патшаның бұйрығына құрметсіздік танытқан соң, сарайдағылар оны басып-жаншуды ұсынды. Вэй патшасы Сяовэн бұған келіспеді. Уәзірлер: «Ол бұйрықты қабылдауда құрметсіздік көрсетті. Оның ұлпанын қабылдамау керек еді» деп қарады. Патша: «Бұйрықты қабылдауда құрметсіздік жасағанын айыптасақ, тергеу жасасақ болады. Жергілікті өнімдерді тапсыру бағыныштылар жасауға тиесілі ереже. Ұлпанды алмасақ, онымен байланыс үзгеніміз болады. Ол тәубеге келейін десе де әрекет етпейді» деді. Патша төмендегідей жарлық берді: «Мен қазір қайғы-қасіреттемін, басып-жаншитын іс шыққан жоқ. Былтыр көктемде Фухәндегі шекараны қорғаушы қолбасшының Тао'яң мен Нихэ бекіністерін иемденгені жөнінде хат жолдағанда, бұны шекарадағы әскербасылар арасында болып тұратын іс деп қарап, келіскен едік. Әскерлердің бір бөлігі шабуыл жасағанда, екі бекініс оңай ғана қаруын тастаған, 2 мыңнан астам адам тергелген, сондай-ақ 900 әйел қолға түскен. Балалар мен әйелдер түгел қайтарылсын». Фулянчу өз баласы Хелутуны сарайға сәлемдесуге жіберді. Патша Хелутуға шектен асқан ілтипат көрсетіп, сый-тартулар берді. Фулянчу «құжат ұстаушы», «батыс тараптың әскери қадағалаушысы», «күнбатысқа жорық жасаушы санғұн», қосымша Батыс руңдардың қолбасшысы, Сихай аймағының әкімі, Туйғұн бегі деген мансаптарға тағайындалды. Оған байрақ, мөр, моншақ және басқа да билік белгілері берілді.

Кейін, Фулянчудың жанына сарай кеңесшісі Чжаң Ли елші етіп жіберілді. Фулянчу оған: «Бұрын Даңчаң цяңдарымен тату-тәтті болған едік. Кездескенде олар мені «патша» деп атайтын, өзіне келгенде есімін атайтын. Қазір ахуал өзгеріп, даңғой уәзір болыппын. Елшілеріміз де мырза-қамауға алынды. Енді әскерлердің бір бөлігін жолға шығарады-мыш. Бұның себебі не?» деді. Чжаң Ли: «Сіз де, Даңчаң да Вэй әулетінің бағыныштылары, бірақ өзара бәстесудің (жарысу) нәтижесінде араздық туылды. Бағыныштылыққа тән ережені ауыр дәрежеде бұздыңыз. Қосындар жолға шығу алдында тұр. Уәзірлер «Сізді қателікті көріп, өзгертуге бел байлады» деп қараса - бағынышты орныңызды сақтай аласыз. Егер «қателігінде нық тұр» деп қараса - бәле-апат жауады» деді. Фулянчу үн қатпады. Вэй патшасы Сяовэн өлген кезде, Фулянчу елші жіберіп, аза тұтып, өзінің адалдығы мен құрметін білдірді.

Фулянчу іштей сарайға бағыныштылық борышын өтеп, ұлпан тапсырды. Сырттай руң және ди тайпаларын өзіне қосып, Ұлы Қытай қорғанының солтүстігіндегі «бағынышты елдер» арасында ауқатты да құдыретті деп аталды. Фулянчу Вэй патшалығына еліктеп үкімет құрылымдарын құрып, мансаптыларды тағайындады. Өзге елдерге бұйрық түсіріп, оларды тізгіндеді. Осы жолмен өзінің ірі мемлекет екендігін көрсетті. Вэй патшасы Сюән'у билігінің алғашқы жылы Фулянчуді айыптаған төмендегідей жарлық түсірді: «Ляңчжоу аймағы Сіздің Даңчаңға жіберген хатыңызды жолдады. Ляң Миюң де, Сіз де – шекаралық аумақтағы бағыныштысыздар. Оның орны Сіздің орныңызбен бірдей. Алайда, Сіз Даңчаңға берген хатты «патшаның жолдауы», ал онда жазылған ой-пікіріңізді «патшаның бұйрығы» депсіз. Мемлекеттің заң-ережелеріне негізделген сарай мансаптылары әскер шығару, Сізге қарсы жазалау жорығын жүргізуді қатаң түрде ұсынуда. Мен шет-жағадағы жерлерде үрку-сескену туылмасын, өзара күмән туылмасын деген ойларымды Сізге айтып жатырмын. Жақсылап ойланып қараңыз». Фулянчу өзін ақтаған хат жолдады. Мәтіні шынайы еді. Ол Вэй патшасы Сюән'удің заманынан Чжеңгуаң жылдарына дейінгі кезеңде қодастар, Шуцзюн аймағының жылқылары және оңтүстік-батыс тараптың теңге-моншақтарын жыл сайын үзбей жіберіп тұрды. Кейін цинчжоулық Моженяншең опасыздық жасап, Хуаңхэ өзенінің батысындағы жолдарды бөгеді. Ляңчжоулық Вәнюй-би бүлік шығарып, шығыстағы Моженяншеңге жәрдемдесіп, Ляңчжоу аймағының бегі Суң Иңді қамады. Суң Иң Фулянчуға жәрдемдесуге шақырған жасырын адамын жіберді. Фулянчу өзі әскерлерімен оны құтқаруға шықты. Ляңчжоу аймағы осылайша қорғалды. Содан бастап шекаралық бекеттер бекітіліп, ұлпан тапсыру да үзіліп қалды.

Фулянчу өлген соң, орнына баласы Куалү отырып, өзін «қаған» деп атай бастады. Ол Көкнұр көлінің батысына қарай 65 шақырым жердегі Фуци бекінісінде тұрды. Онда бекініс, үй-ғимараттар болса да, оған отырмай киіз үйде тұрып, су мен шөптің соңын қуалай отырып, мал шаруашылығымен айналысты. Мұндағы жер шығыстан батысқа 3 мың шақырым, ал оңтүстіктен солтүстікке 1 мың шақырымнан артық келетін. Куалү ұлық, уәзірдің орынбасары, диуанбегі, бекініс қолбасшысы, санғұн деген мансаптарды енгізді. Куалү бір тұтам шашын өріп, төбесіне қоятын және үстіне сіңір қадап, меруертпен безейтін. Бөрік орнына қара орамал орайтын. Бүктемелі дөңгелек алтын орындықта отыратын. Әйелін «Кезун» деп атады. Ол ұзын көйлек, қамқа шапан киетін, өрген шашын арқасына тастап, басына алтын тәж киетін. Әдет-ғұрыптары: ерлердің киімдері хуасялықтарға57 ұқсайтын. Көбісі алтын жалатылған бөрік киетін, атлас бөрік кигендер де баршылық. Әйелдері киімдерін гауһар-жақұт пен асыл тастар, теңіз ұлуы қабыршағының жармасынан жасалған көне теңгелермен безенетін. Шаштарын түйіп алатын, шаштары ұзын болған сайын, сонша ұлық-асылзада саналатын. Олардың қарулары садақ-жебе, қылыш, сауыт, найзадан тұратын. Елде тұрақты бажы-салық болмайтын. Қажетті жағдайда мемлекеттің қаражаты ауқатты отбасылар мен саудагерлерден алынған қаржымен қамдалатын. Заңдары:

- адам өлтіргендер және жылқы ұрлағандар өлтіріледі;

- басқа қылмыс-қиянат жасағандардан жаза есебінде керек-жарақ бұйымдарды төлетіп алады немесе қылмыстың ауыр-жеңілдігіне қарай тақтайға керілетін ахуалдар да болады;

- өлім жазасына кесілгендердің бастарын киізге орап, тас-кесек лақтырып өлтіреді;

- өлген әкесі немесе ағасынан қалған өгей шеше немесе жеңгесіне баласы немесе інісі некелеседі. Бұнысы түрктердің әдетіне ұқсайды;

- некелесуге, той жасауға шамалары келмеген кедей-кепшіктер қызды алып қашады;

- өлген адам көміледі;

- қаралы киімдерді мәйіт көмілген кезде бірге салып тастайды.

          Табиғаты - ашкөз, адам өлтіру және зақымдау әрекеттеріне көнбіс (құныққан), аң аулауға құмар. Халық ет пен құртты азық етеді. Жер егуді де біледі: арпа, тары, бұршақ егеді. Алайда, солтүстік тараптың ауасы суық болуына орай, әсем сойқы мен арпа ғана егіледі. Осы себепті, онда кедейлер көп, ал байлар аз. Көкнұр көлінің ауқымы 1 мың шақырымнан асатын, оның ортасында арал бар еді. Әр жылы қыста көлдің беті мұзға айналғанда, жақсы байталдар сол аралға айдалады. Келесі жылы көктемде олар қайта айдалып келеді. Байталдар сол жерде буаз болып, туылған тайлар дүлдүл дейіледі. Олардан көптеген асыл тұқымды сәйгүліктер шығады. Туйғұн бұрын парсы байталын әкеліп, Көкнұрда байлатқан екен. Одан туылған ала құлын күніне 1 мың шақырым жүретін. Кейінгі заманда әйгілі болған Көкнұр тұлпарының ата-бабасы осы құлын еді. Сол жерде қодас, жылқы, қашыр шығады. Күлгін түсті тұт ағаштары көп, мыс, темір, қызыл құм мол. Қарамағында Пишамшан мен Черчен елдері бар еді.

          Сиңхэ жылдары (539-542 жж.) Солтүстік Ци патшасы Шэн'у Вэй әулетінің уәзірі болғанда, шалғай жерлердегі тайпаларға мейірбандық жеткізді. Жоржандар Шығыс Вэй әулетіне бағынғанда, Куалү елші жіберіп, Шығыс Вэй патшалығына сәлемін жолдаған-ды. Патша Шэн'у оған әділдік жөнінде уағыз айтып, оны сарайға сәлемдесуге баруды және ұлпан тапсыруды бұйырды. Куалү өз елшісі Жавтугуженді Шығыс Вэй патшалығына Жоржан жерінен өтетін жол арқылы көп рет жіберді. Ол патша Цзиңдиге58 бір немере қарындасын көрсетті. Патша Цзиңди оны тоқал етіп алды. Патша Цзиңди сарай кеңесшісі Фу Лиңбяоні Куалүдің әулекі мемлекетіне елші етіп жіберді. Құдаласуды тағы талап еткен Куалүге Цзинән бегі Куаң Юәннің немересі Гуаңли-ханшаны некелестірді. Содан кейін Куалү сарайға үнемі сәлемдесуге келіп, ұлпан тапсырып жүрді.

          Батыс Вэй әулетінің Датуң жылдарының (535-551 жж.) басында патша Чжоувэн қарсыласу мен бағынудың пайда-зияндығын түсіндіру үшін жәрдемші мансапты Пан Жуйді жіберді. Куалү өз елшісі арқылы жылқы, сиыр және қой сыйлайтын, бірақ шапқыншылық пен тонауды тоқтатпады. Шекара бойындағы көптеген жерлер одан зардап шекті.

Патша Фейдидің59 2-жылы (553 ж.) Чжоу патшасы Вэнди әскер бастап Гуцзаңға барды. Қорқып кеткен Куалү елші және жергілікті өнімдерді жіберді. Сол жылы Куалү тағы елші жіберіп, Солтүстік Ци патшалығымен достық орнатты. Ляңчжоу аймағының бегі Ши Ниң60 елшілердің қайтатын уақытын есептеп, Ляңчжоудың батыс жағындағы Цицюән деген жерде күтпеген жерден шабуыл жасап, оның жанама-бегі Қиббу Жуаң, санғұн Чжай Пәнми және 240 саудагер мен ғұздарды тұтқындады. 600 тұяқ түйе мен қашыр, 10 мың бума әртүрлі жібек мата қолға түсті. Патша Гуңдидің61 заманында (556 ж.) Ши Ниң Түрк қағаны Мұқанмен бірлесіп, Куалүді тұтқиылдан шабуылдап жеңді. Оның әйелі мен бала-шағасы қолға түсті, қымбат дүние-мүлік пен көліктер олжаланды.

Солтүстік Чжоу әулетінің Учең жылдарының басында (559-560 жж.) Куалү Ляңчжоуды тағы тонады. Ляңчжоу аймағының бегі Ши Юнбао шайқаста өлді. Хэ Ләнсяң мен Юйвен Гуй қосындарын бастап басып-жаншуға келгенде, Куалү Гуаңдиң мен Жуңлю ұлықтарын тосқауылға жіберді. Гуаңдиң ұлығы жеңіліп қашты. Хэ Ләнсяң Тао'яң мен Хуңхэ бекіністерін тартып алып, Таохэ аймағын құрған соң кері қайтты.

Баодиң жылдарында (561-565 жж.) Куалү Чжоу патшалығына қатарынан үш рет елші мен жергілікті өнімдерді жіберді.

Тянхэ жылдарының (566-570 жж.) басында Куалүдің Луңхэ ұлығы Мочаң өз тайпасын бастап елдесті. Оның жері Фучжоу аймағы етіп құрылды. Тянхэ 2-жылғы 5-айда Куалү Чжоу әулетіне тағы елші жіберді және ұлпан жолдады.

Цзяндэ жылдары (572-577 жж.) Куалүдің мемлекетінде дүрбелең туылды. Чжоу патшасы Уди өз мұрагеріне оны басып-жаншуды бұйырды. Жасақтар Фуци бекінісіне жеткенде, Куалү қашып кетті. Олар қалып қойған адамдарды тұтқындап әкелді. Екінші жылы Куалү тағы елші жіберіп, ұлпан тапсырды.

Сюәнчжең жылының (578 ж.) басында Куалүдің қол астындағы Жао ұлығы Талутун өз еркімен келіп бағынды. Содан соң сәлем беруге келу, ұлпан тапсыру еш үзілмеді.

Суй әулетінің Кайхуаң жылдарының (581-600 жж.) басында Куалү Хуңчжоуға баса-көктеп кірді. Ондағы жер тақыр, халқы шашыраңқы болғандықтан, Куалү Хуңчжоу аймағын басқармай тастап кетті. Суй әулеті Куалүге соққы беру үшін жоғары мансапты Юән Сені бірнеше түмен жаяу және атты әскермен қоса жіберді. Куалү өз жеріндегі барша адамды іске салды. Сауыт құрсанған атты әскерлердің аяғы Мәнтудан Шудунге дейін үзілмеді. Ол тағайындаған Хэсидің башбұғы, Диңчең ұлығы Жуңлифаң һәм баласы Қабор-хан алды-артынан келіп қарсыласқанмен, Юән Се оларды сан рет жеңді. Шошыған Куалү өз жасауылдарымен бірге алысқа қашты. Ол тағайындаған атақты ұлықтардың арасындағы 13 адам тайпаларымен бірге келіп тізе бүкті. Суй патшасы Вэнди «Куалүдің қол астындағы Гаониң ұлығы Испуді бұрыннан адамдардың көңілінен шығатын» деп қарап, оны бас санғұн етіп тағайындап, «Хэнән бегі» мәртебесін беріп, тізе бүгіп берілгендерді оның басқаруына берді. Басқа мансаптыларға да әртүрлі дәрежеде сый-тартулар берілді. Көп өтпей, Куалү тағы келіп шекараны талап-тонады. Қарсылық көрсеткен аймақтың бегі Пи Цзысин шайқаста ажал құшты. Вэнчжоу башбұғы Ляң Юән барлық әскерлермен бірге оған соққы берді. Куалү әскерлерімен қоса қашты. Көп өтпей, Кочжоу аймағына62 басып кіріп еді, жергілікті әскерлер оны қуып жіберді.

Куалү тақта 100 жыл отырды. Өзінің ашушаң мінезінен мұрагерін көп рет орнынан алып тастап, ақыры өлтірді. Кейінгі мұрагерлері оның өлім жазасы үкімдерінен қорқып, оны ұстап әкеліп берілу шешіміне келіп, шекарадағы мансаптылардан әскери жәрдем сұрады. Цинчжоудың башбұғы көмектеспекші болғанда, патша бұған қосылмады. Тақ мұрагерінің жоспары әшкереленіп, әкесі тарапынан өлтірілді. Куалү кіші баласы Вэй ұлығы Кені мұрагер қылды. Дечжоу аймағының бегі Ду Цзи олардың ішкі дүрбелеңін пайдаланып, әскер шығарып басып-жаншуды ұсынған-ды, патша тағы қосылмады. 6-жылы Вэй ұлығы Ке әкесінің өлтіруінен қорқып, Суй патшалығына қашпақшы болып, алдына әскер жіберуді талап еткен кезде, Суй патшасы Вэнди оның елшісіне: «Бүкіл жаһандағылар менің бұқарам, олар жақсы іс жасаса – мен қуанамын. Вэй ұлығы жақсы ойлапты. Елдесуге келсе, оларға тек уәзір болудың заңдарын үйретеміз. Алыс жерге әскер жіберіп, жаманның қолшоқпарына айналуға болмайды» деді. Вэй ұлығы Ке ниетінен айныды. 8-жылы Куалүдің атақты ұлығы Тоғбат Мумы 1 мың үйлі адаммен келіп, бағынуға тілек білдірді. Суй патшасы Вэнди: «Тақдырдың шешіміне қарсы шығып, әкесіне опасыздық жасаған адамды қабылдасақ, не болғаны! Олар ажалдан қашу үшін осылай қиялдаған. Қазір оларды қабылдамасақ, адамға жанымыз ашымағандық болады. Егер хабар жетсе, адам жіберіп, көңілдерін аулап қою қажет. Өз мәселесін өздері шешсін, әскерлерімізді жіберудің қажеті жоқ. Оның қарындасының күйеуі мен жиені келеміз десе, мейлі, өз еркіне қоюымыз керек. Дәлелдер келтіріп, қызықтыру - қажетсіз» деді. Сол жылы Хэнән ұлығы Испу өлді. Суй патшасы Вэнди «Оның орнына інісі Шугуй тақ мұрагері болып, халықты басқарсын» деген бұйрық түсірді. Суй патшалығы Чэн патшалығын жаныштаған соң, Куалү қатты қорқып, алыс та қатерлі жерлерге қашты. Шапқыншылық жасауға беттемеді.

11-жылы (591 ж.) Куалү қайтыс болды. Баласы Шифу ағасының баласы Вусу арқылы патшалыққа хат жолдап, бағынышты болуды талап етіп, жергілікті өнімдерді сыйлады, өз қызын тоқал етіп бермекші болды. Патша Вусуға: «Сіздердің талабыңызға келіссем, басқа елдер де қайталайды. Біріне қосылып, біріне қосылмасам, әділдік болмайды. Бәріне қосылғаным да жақсы шара болмас» деп келіспеді. 11-жылы зындандар мырза-бегі Юйвен Би көңіл аулау және хал-жағдай сұрауға жөнелтілді. 16-жылы ханша Гуаңхуа Шифуға ұзатылды. Шифу жолдаған хатында Гуаңхуа-ханшаны «Тәңрі-ханым» деп атауды ұсынғанда, патша келіспеді.

2-жылы (597 ж.) оның мемлекеті бүлінді. Халық Шифуды өлтіріп, орнына інісі Фуйінді отырғызды. Сарайға келген елшілер болған оқиғаны баяндап, сұранбастан билеуші қойған қателігін мойындағанын айтты және әдет-салт бойынша ханшаға үйлену талабын алға қойды. Патша Вэнди келісті. Содан бері әр жылы сәлемдесуге келіп, ұлпан табыстап тұрды. Дегенмен, Суй әулетінің сырларына құлақ түріп, тың тыңдап жүрді. Патша оларды ұнатпады. Суй патшасы Яңди таққа отырған соң, Фуйін баласы Шунді сәлемдесуге жіберді. Осы сәтте теле тайпасы шекараға шабуыл жасаған-ды. Патша Яңди санғұн Фең Сяосыні Дунхуаңнан аттануды және телелердің алдын бөгеуді бұйырды. Алайда, ол осы ұрыста сәтсіздікке ұшырады. Телелер елші жіберіп, кешірім сұрады және берілуді талап етті. Патша Яңди есік-ағасы Пей Цзюді хал-жағдайды сұрау һәм ынтықтыру үшін жіберді. Ол телелерге сарайдың шапағаты үшін туйғұндарға соққы беру арқылы жауап қайтару қажеттігін орағытып-жұмбақтап айтты. Теле әскерлері тұтқиылдан туйғұндарды шабуылдады және жеңді. Фуйін шығысқа ығысып, Сипиңді63 қорғады. Сондай-ақ патша Гуәндэ бегі Яң Сюңға Цзяохэден, Шүго ұлығы Юйвен Шуға Сипиңнен шығып, сездірмей соққы беруді бұйырды. Олар Фуйінді қатты жеңді. Фуйін білдірмей тау аңғарына қашқандықтан, бұрынғы қонысында адам қалмаған-ды. Сипиңнен Линцяң64 шаһарының батыс жағына дейін, Черченнің шығысы, Тиләнтағ тауының оңтүстігі, Қарлы тауының солтүстігіне дейінгі шығыстан батысқа 4 мың шақырым, оңтүстіктен солтүстікке 2 мың шақырым жердің баршасы Суй әулетінің уысына өтті. Аймақ, аудан, базар және бекіністер құрылып, патшалықтың жеңіл жазаға бұйырылған қылмыстылары жайғастырылды. Шун қайтарылмай, астанада қалдырылды. Өзін қорғауға шамасы жетпеген Фуйін бірнеше мың атты әскерімен бірге амалсыздан таңғұттарға бағынды. Суй патшасы Яңди Шунді елбасы етіп, «Қалып кеткен адамдарды басқарсын» деп Юймын бекетінің сыртына шығарды. Өзінің Дабао бегі Нилочжуді жәрдемші етіп берді. Сипиңге жеткенде, Шуннің адамдары Нилочжуды өлтірді. Шун кете алмай қайта келді.

Дайенің соңғы жылы жаһан бүлінді. Фуйін бұрынғы жерлерді қайтарып алып, Хуаңхэ өзенінің оң жағалауын сансыз рет тонады. Аймақ пен аудандар оны тізгіндей алмады.

Туйғұндардың солтүстік тарапында орналасқан Ифоуд елінде Чоқай көлі болған еді. Көлдің айналма көлемі 1 мың шақырымнан асатын. Халықтың саны 10 мың түтін, астықтың не екенін білмейтін, балық пен зерек (қара жемісті бөріқарақат) жейді. Зеректің түрі Орталық жазықтағы алақат өсімдігіне ұқсайды: кейбіреуі қызыл, кейбіреуі қара болады.

Чиқан тайпасының әдет-ғұрыптары туйғұн елінің әдет-ғұрыптарына ұқсайды. Ол жерде бөрі өте көп.

Байлан тауының солтүстік-батысындағы Клан елінің әдет-ғұрыптары да туйғұндардың әдет-ғұрыптарына ұқсайды. Түс пен дауысты ажырата алмайды. Жат елдердің ішінде ең келбетсіз бір нәсіл есептеледі. Жерінде ешнәрсе өнбейді, барлық малды бағады. Саны бір түменнен асатын. Жуас келеді, соғыс-жанжал дегенді білмейді. Бөтен адамды көрсе қашады, табиғаты жабайы аңдарға ұқсайды. Жылдам да жүйрік келеді, қуғанда жеткізбейді.

Байланның оңтүстік-батысынан 2,5 мың шақырым келетін жерде бір тау бар. Таудың арғы жағындағы теңізден 40 шақырым өтсе, Әйел патшаның мемлекеті бар. Халқы 10 мың түтіннен асады. Ел отырықшы, жері тұт ағашы мен кендір егуге жарайды, астығы мол. Патшасы әйел болғандықтан, Әйел патшасының мемлекеті деп аталған-ды. Олардан тілмаш пен елші келмеген, сондықтан жоғарыдағы мәліметтер ел аузынан алынған еді.

Даңчаң цяңдары – санмяолардың65 ұрпағы. Чжоу патшалығы дәуірінде Юң66, Шу, Вэй67, Лу68 секілді сегіз бектік Чжоу билеушісі У-ваңға69 ілесіп, Шаң патшалығын70 жойған. Хән патшалығының заманында Сянлян71, Шаодаң72 секілді цяңдар ата-бабасының әдетінше шекараға шапқыншылық жасап келді. Олардың жері шығыс жақта Орталық жазықпен шекараласатын, батыс жақта Батыс өңірге шығатын. Оңтүстіктен солтүстікке бірнеше мың шақырым құрайтын. Бір-біріне ұқсамайтын рулар бір-біріне ұқсамаған тайпаларды ұйымдастырған. Әрбір тайпа басшысының өзіне ғана тиесілі жері болған, біріне-бірі қосылмайтын, бір-бірін басқармайтын. Даңчаң цяңдары солардың бірі. Олардың әдет-ғұрыптарында жергілікті өзгешеліктері бар: отыратын үйлері қотаз бен қара қошқар жүнімен жабылады. Ел ішінде заң-ереже мен алым-салықтар жоқ. Соғысатын кезде жиналады, басқа уақытта өз алдына шаруашылықпен шұғылданады, барыс-келіс қылмайды. Езілген теріден және кенеп матадан киім тігіп киеді. Қотаз, қой, шошқа бағып азықтанады. Әкесі, тағасы, ағасы немесе інісі өлгенде, өгей анасы, апайы, жеңгесі немесе інісінің әйеліне некелесе береді. Хат-жазуы жоқ, уақытты шөп-өсімдік пен ағаштың өсуі, гүлденіп-жайқалуы және сарғайып солуына қарап есептейді һәм жадында сақтайды. Үш жылда бір рет жиылып, сиыр мен қойды құрбандыққа шалып, ас беріп, Тәңірге сыйынады.

Ляң Чин есімді біреу ата-бабасынан мирасқа қалған тайпаның басшысы болып, цяңдардың қолдауымен өзін сол жердің патшасы деп атап келген-ді. Оның немересі Миху Вэй патшасы Тай’у билігінің бірінші жылы баласы Михуаң арқылы хат жолдап, өзінің сарайға бағынатынын білдірді. Вэй патшасы Тай’у оны мақтап, елшісі арқылы оны «Даңчаң бегі» етіп тағайындап, Михуаңға «Гәнсуң бегі» мәртебесін берді. Миху өлгеннен кейін, оның орнына немересі Бяозы отырды. Оның қол астындағы жердің көлемі Чучының батыс жағында шығыстан батысқа 1 мың шақырым, Сишуйдің оңтүстігінде солтүстіктен оңтүстікке 800 шақырым келетін. Жерінің көп бөлігі адырлы, 20 мың түтіннен көбірек халқы болатын. Олар ұрпақтан-ұрпаққа сарайға ұлпан тапсырып келген. Алайда, туйғұндар тосқауыл қойғандықтан, арадағы байланыс үзілген-ді. Бяозы өлген соң, орнына Мичжы отырды. Бяозының інісі Яңзы туйғұндарға бағынған. Туйғұндар Мичжының орнын тартып алу ойымен әскер шығарып, Яңзыны қорғаған халде еліне әкеткен. Мичжы Солтүстік Вэй әулетінен жәрдем сұрап, елші жіберді. Вэй патшасы Сянвэн Уду басқақ-санғұны Юйвен Шеңді жәрдемдесу үшін аттандырды. Яңзы шегініп қашты. Мичжы өлген соң, орнына баласы Мицзи отырып, бас қолбасшылары Личжоудан сарайға жергілікті өнімдерді жіберді. Бүлік шығарған Яң Вэнжоу Удуны қоршап алды. Мицзи екі ағасын әскермен бірге жіберіп, Удуға жәрдемдеседі. Яң Вэнжоу жеңіліп қашты. Вэй патшасы Сяовэн елші Цзы Цяо арқылы 100 цзиң (50 кг) қызыл бояу, 100 цзиң алтын бояу және 100 цзиң гипс жіберді. Содан кейін әр жылы осылай жасады. Сарайға сәлем беру, ұлпан тапсыру үзілмеді. Кейін патша Сяовэн жаршы Лю Гуй және жаршы-бегі Чжаң Чаны жіберіп, Мицзиге «батысқа жорық жасаушы бас санғұн», Батыс руңдардың қолбасшысы, Ляңчжоу мен Ичжоу аймақтарының торғауыл-бегі, Хэнән ұлығы, Даңчаң бегі деген мансап-мәртебелерді берді.

Деңцзи руы Байшуй цяңдарына жатады, ұрпақтан-ұрпаққа цяңдардың ішіндегі ең күштісі болған. Олар мекен еткен жердің атауын өздерінің есімі ретінде қолданып, өздерін «деңцзи» деп атаған. Олар тұрған жер Тиңцзенің шығыс жағында, Пиң'удің батысында, Вэнлиңнің солтүстігінде, Даңчаңның оңтүстігінде еді. Жері мен әдет-ғұрыптары Даңчаң цяңдарына ұқсайтын. Олардың билеушісі Шяңшужы елші жіберіп, сарайға бағынды. Вэй патшасы Гаоцзу оны «айдаһар-санғұн», Деңцзи бегі етіп тағайындады. Ол үзбей елшілер жіберіп тұрды. Чжоу патшасы Вэнди Чжаң'у уәлиі Юйвен Даоға әскерлермен бірге оны апарып қоюды бұйырды.

Деңцзидің батысында Хе'яң елі бар. Бұрын онда қызыл түсті үлкен бір қой болған екен, сондықтан осы атаумен аталған екен.

Сондай-ақ дуңтиңвэй, дачишуй, хандаң, шихы, болың, сяшишән, чиншуй секілді цяң тайпалары болған, олардың әдет-ғұрыптары қопал, Деңцзи цяңдарының ғұрыптарына ұқсамайды. Олар да кейде патша сарайына елші арқылы ұлпан жіберетін. Сарай оларды қабылдап, бәріне санғұн, сардар және басқа да тұтамсыз да түкке тұрмайтын атақтарды берген-ді.

Байландар – цяң тайпасының тағы бір бұтағы. Олардың елі солтүстік-шығыста туйғұндармен, батыста Бейлимотумен, оңтүстікте Наи елімен шектесетін. Әдет-ғұрыптары мен қолданған бұйымдары Даңчаң цяңдарына ұқсап қалады. Чжоу әулетінің Баодиң 1-жылы (561 ж.) олар елші жіберіп, арғин (бұқа мен қотаздың буданы, шатысы) және темір сауыт секілді ұлпан тапсырды.

Таңғұт цяңдары – санмяолардың ұрпағы. Олар нәсіл жағынан Даңчаң және Байлаң цяңдарын қамтитын, бәрі де өздерін «маймыл руынанбыз» дейтін. Олардың мекені шығыста Линтао және Сипиңмен, батыста Йехумен шектесетін, оңтүстіктен солтүстікке бірнеше мың шақырым құрайтын. Олар тау аңғарларында орналасатын, әрбір ру-әулет бір тайпа болатын. Ірі тайпалардың 5 мыңнан астам, ал шағын тайпалардың 1 мыңнан астам атты әскерлері болатын. Қотаздың құйрығы мен қойдың жүнін тоқып, үй жасайтын. Иленген тері мен паласты (көрпені) киім етіп киетін. Үстеріне киіз артуды ең жақсы әшекей есептейтін. Әскери істерге шебер, заңдары жоқ. Өз алдына шаруашылық жасап, соғысатын кезде бір жерге жиналатын. Алым-салық жоқ, өзара барыс-келіс жасамайды. Қотаз, қой, шошқа бағып азықтанатын, дәнді-дақылдар егуді білмейтін. Ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастар шырмалған, бөтен ұлттар ішінде ең көргенсіз халық. Олардың жазу-сызуы жоқ, уақытты өсімдік-шөп пен ағаштардың өсуі, гүлденуі және сарғаюына қарап есептейді. Үш жылда бір рет жиылып, сиыр мен қой сойып, Тәңірге сыйынатын. 80 жастан асқанда өлсе: «Өз ажалымен өлді» деп туған-туыстары жыламайды. Жастай өлсе: «Мезгілсіз өлді» деп зар жылайды. Музыкалық аспаптары – бәрбап пен сыбызғы, күбіні ұрып сүйемелдейді.

Олар Вэй, Солтүстік Чжоу әулеттерінің заманында шекараны көп рет шапты. Суй патшасы Вэнди Солтүстік Чжоу патшалығының уәзірі болып жүргенде, олардың талап-тонауынан Орталық жазықта қыруар істер туылды. Цзяңгуң ұлығы Ляң Жуй Ваң Цянді73 басып-жаншып, орайды пайдаланған күйі оларды басуды ұсынды.

Кайхуаң 1-жылы (581 ж.) 1 мың түтіннен астам халық келіп бағынды. 5-жылы Тоғбат Ниңсуң және басқалар өз алдына ру-тайпасымен Сюйчжоу аймағына74 келіп, сарайға бағынды. Ол бас санғұн болып тағайындалды, қарамағындағылар да дәрежелеріне қарай лауазымға қойылды. 16-жылы ол Хойчжоу аймағын75 тонады. Луңсидің әскерлері жөнелтілді және басып-жаншыды, қатты жеңіліске ұшыратты. Олар бірінен соң бірі тізе бүгіп, перзенттерін жіберіп аяққа жығылды. Суй патшасы Вэнди оларға: «Әкелерің мен ағаларыңа барып айтыңдар, адам өмірінде маңызды мекенде отырып, балаларын тәрбиелеуі, қарттарын бағуы тиіс. Бір келіп, бір кетсеңдер, жұрттың алдында ұят емес пе!» деді. Содан бері сарайға сәлемдесу және ұлпан тапсыру үзілмеді.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 10-том, 3171-3192-беттер)                                                                                                                  

 

1. * - Ся, Шаң және Чжоу секілді үш патшалықты көрсетеді.

(редактор)

 

2. «Жыр кітабы» (诗经) – Қытайдың ең әуелгі өлеңдер жинағы. «Чунцюй» дәуірінде құралған, барлығы 305 өлең енгізілген.

(Бір томдық «Цыхай», 387-бет)

 

3. Цишән тауы (岐山) – Шәнси өлкесі Цишән ауданының солтүстік-шығыс жағында, Тянчжоу тауы деп те аталады.

(Бір томдық «Цыхай», 787-бет)

 

4. Луңшән тауы (陇山) – Люпән тауының оңтүстік бөлігінің тағы бір атауы. Шәнси өлкесі Луңсян ауданының солтүстік-батыс жағында орналасқан.

(Бір томдық «Цыхай», 428-бет)

 

5. Хәнцзяң өзені (汉江) – Яңцзы дариясының ең ұзын тармағы, Шәнси өлкесінің оңтүстік-батысындағы Ниңцяң ауданынан басталып, оңтүстік-шығысқа қарай ағып, Шэнси өлкесінің оңтүстік бөлігінен һәм Хубэй өлкесінің солтүстік-батыс және орталық бөлігінен өтіп, Ухән қаласында Яңцзыға құйылады.

(Бір томдық «Цыхай», 886-бет)

  

6. Хән патшасы Уди (汉武帝) – есімі Лю Ци. Хән патшасы Цзиңдидің (Лю Ци) баласы, Батыс Хән әулетінің 5-патшасы. Б.з.д. 140-87 жж. кезеңінде 54 жыл тақта отырған.

(«Хәннама» жылнамасының «Хән патшасы Уди туралы баян» бөлімі)

 

7. Уду (武都) – орталығы қазіргі Гәнсу өлкесі Сихэ ауданының оңтүстік-батыс жағында орналасқан аймақ. Қазіргі Гәнсу өлкесінің Уду, Циңсян, Хойсян, Сихэ, Ляңдаң, Каңсян аудандарын және Шәнси өлкесінің Феңсян мен Люэ'яң аудандарын қамтыған.

  (Бір томдық «Цыхай», 718-бет)

 

8. Цяншән тауы (汧山) – тағы бір атауы Ушән тауы. Қазіргі Шәнси өлкесі Луңсян ауданының оңтүстік-батыс жағында орналасқан.

(Бір томдық «Цыхай», 730-бет)

 

9. Вэйшуй дариясы (渭水) – Хуаңхэ өзенінің ең ірі тармағы. Гәнсу өлкесінің Вэй'юән ауданындағы Няочү тауынан бастау алып, шығысқа ағып, Шәнси өлкесіндегі Вэйхэ жазықтығын кесіп өтіп, Туңгуән ауданында Хуаңхэ өзеніне құйылады.

(Бір томдық «Цыхай», 976-бет)

 

10. Ба () – қазіргі Сычуән өлкесінің Туңляң және Цицзяң аудандарының шығыс жағы, Ушең мен Дянцзяң аудандарының оңтүстік жағы, Чжуңсян, Фулиң, Нәнчуән аудандарының батыс жағы һәм Туңцзы ауданының солтүстік жағын қамтыған уәлиет.

(Бір томдық «Цыхай», 97-бет)

 

11. Шу () – қазіргі Сычуән өлкесінің Суңпән ауданының оңтүстігін, Бейчуән, Пеңсян және Хуңя аудандарының батысын, Ебян және Симян аудандарының солтүстігін, Цюңлай тауы мен Даду өзенінің шығысын, Каңдиң ауданының оңтүстігін және Мянниң ауданының солтүстігін қамтыған аумақ.

(Бір томдық «Цыхай», 1685-бет)

 

12. Цзин патшасы Минди (晋愍帝) – Батыс Цзин әулетінің патшасы. Цзин патшасы Хуайдидің жиені, өз есімі Сыма Ие. 315-316 жж. тақта отырған. 316 ж. қыста тұтқынға түсіп, бір жылдан соң өлтірілген.

(«Цзиннама» жылнамасының «Цзин патшасы Минди туралы естелік» бөлімі)

 

13. Сябян (下辨) – қазіргі Гәнсу өлкесі Сучең ауданының батысында болған аудан.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

50-бет)

 

14. Хэчы (河池) – қазіргі Гәнсу өлкесі Хойсян ауданының батысында болған аудан.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

514-бет)

 

15. Хуән Вэн (桓温) – Шығыс Цзин патшалығының мансаптысы, Цзин патшасы Миңдидің күйеу баласы. Цзинчжоу аймағының бегі болып, Яңцзы өзенінің жоғарғы ағысындағы аумақта билік құрған. Сансыз қызмет көрсеткені үшін сарайдың үлкен істері бойынша шешім шығарып жүрген.

(«Цзиннама» жылнамасының «Хуән Вэннің ғұмырнамасы» бөлімі)

 

16. Фушең (符生) – Алдыңғы Цин патшалығының билеушісі.

(редактор)

 

17. Патша Цзянвэн (简文帝) – Батыс Цзин патшасы Цзинюәннің (Сыма Жуй) кенже баласы, өз есімі Сыма Юй. Хуән Вэн оны Цзин патшасы Фейдидің (Сыма И) орнына таққа отырғызған. Ол Хуән Вэннің айтқанынан шықпады.

(«Цзиннама» жылнамасының «Патша Цзянвэн туралы естелік» бөлімі)

 

18. Яң Ән (杨安) – Алдыңғы Цин патшалығының даңқты қолбасшысы. Фу Цзяннің қол астында көптеген әскери қызмет көрсеткен. Бас санғұн, Ичжоу аймағының бегі болған.

(«Цзиннама» жылнамасының «Яң Әннің ғұмырнамасы» бөлімі)

 

19. Личең (历城) – қазіргі Гәнсу өлкесі Чеңсян ауданының солтүстігінде болған ежелгі қала.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1221-бет)

 

20. Қиббу Цянгуй (乞佛乾归) – Батыс Цин билеушісі, луңсилық сянби тайпасынан шыққан. 388 ж. ағасы Қиббу Корунның тағына мұрагер болып, 24 жыл билік құрған.

(«Цзиннама» жылнамасының «Қиббу Цянгуйдың ғұмырнамасы» бөлімі)

 

21. Суң патшасы Вэнди (宋文帝) – Суң патшасы Удидің үшінші баласы, есімі Лю Илуң. 30 жыл патша болған. Кейін өз мұрагері Лю Шао қастандық жасап өлтірген.

(«Суңнама» жылнамасының «Патша Вэнди туралы естелік» бөлімі)

 

22. Байма (白马) – қазіргі Шәнси өлкесі Мянсян ауданының солтүстік-батысында болған ежелгі әскери кент.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

254-бет)

 

23. Дуңтиң (董亭) – қазіргі Гәнсу өлкесі Тяншуй ауданының оңтүстік-шығыс жағындағы жердің атауы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1057-бет)

 

24. Бас жаршы (大鸿胪) – Хән патшасы Уди құрған мансап. Алғашқы міндеті – жат елдерге байланысты істерді жүргізетін тоғыз уәзірдің бірі есептелген. Кейін бара-бара әдеп-қағидаларды басқаратын болған.  

(Бір томдық «Цыхай», 631-бет)

 

25. Фучең (涪城) – қазіргі Сычуән өлкесінің Мяняң ауданы.

 («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 820-бет)

 

26. Чжошуй дариясы (浊水) – тағы бір атауы: Байшуй өзені. Гәнсу өлкесі Циңсян ауданының солтүстік-батыс жағынан басталып, Хойсян ауданының оңтүстік бөлігінен өтіп Цзялиң өзеніне құйылады.

 (Бір томдық «Цыхай», 927-бет)

 

27. Цзялу (葭颅) – қазіргі Гәнсу өлкесі Уду ауданының оңтүстік-шығыс бөлігінде болған қорған.

  («Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1058-бет)

 

28. Цичжоу аймағы (岐州) – орталығы Юңсян (қазіргі Шэнси өлкесі Феңсяң ауданының оңтүстігі). Қазіргі Шэнси өлкесінің Чжоуцзи, Лин'ю, Луңсян, Баоцзи, Тайбай аудандарын қамтыған аймақ.

  (Бір томдық «Цыхай», 787-бет)

 

29. Може Тяншең (莫折天生) – цяң тайпасынан шыққан. Солтүстік Вэй әулетінің соңғы кезеңінде Цинчжоудағы әскерлер мен жат халықтардың көтерілісіне басшылық еткен. 524 ж. әкесі Може Датиге ілесіп көтеріліс көтерген. Әкесі өлгеннен кейін, көтерілісшілерге жетекшілік етіп, Цичжоу, Цзиңчжоу, Ляңчжоу аймақтарын және Туңгуән бекінісін алған. Кейін ішкі бөлінушілік туылып, қол астындағы Дуцзян тарапынан өлтірілген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасының «Може Тяншеңнің ғұмырнамасы» бөлімі)

 

30. Инпиң (阴平) – орталығы Инпиң ауданы (қазіргі Гәнсу өлкесі Вэнсян ауданының солтүстік-батыс жағы) болған, қазіргі Гәнсу өлкесінің Вэнсян мен Уду аудандарын, Сычуән өлкесінің Пиң'у ауданын және басқа жерлерді қамтыған аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 411-бет)

 

31. Усиң (武兴) – ежелгі аудан және әскери кент, қазіргі Шәнси өлкесінің Люэ'яң ауданы.

  (Бір томдық «Цыхай», 717-бет)

 

32. Байшуй (白水) – қазіргі Сычуән өлкесінің Гуаң'юән ауданын қамтыған аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 1759-бет)

 

33. Сяхоу Даоцян (夏侯道迁) – бастапқыда Оңтүстік Ци патшалығының мансаптысы болған, кейін Солтүстік Вэй патшалығына берілген.

(«Вэйнама» жылнамасының «Сяхоу Даоцянның ғұмырнамасы» бөлімі)

 

34. Чжоу патшасы Вэнди (周文帝) – өз есімі Юйвен Тай. Батыс Вэй патшалығында ұстаз-ата болған. Баласы Чжоу патшасы болғаннан кейін, оған «патша Вэнди» деген есім берген.

(редактор)

 

35. Циңшуй (清水) – қазіргі Гәнсу өлкесінің шығыс бөлігінде болған аймақ, Шэнси өлкесімен шекараласатын.

(Бір томдық «Цыхай», 954-бет)

 

36. Нән’ю (南由) – қазіргі Шэнси өлкесі Луңсян ауданының оңтүстік-батыс жағында болған аудан.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

584-бет)

 

37. Мырза-бегі (典签) – әуелде іс жүргізуші хатшының міндетін атқаратын ұсақ мансап болған. Оңтүстік патшалықтардың заманында патша аймақтардың бектері мен ұлықтарын қадағалау үшін осы лауазымға өз жақындарын тағайындауы себепті, кейін жерлерді басқаратын мансапқа айналған.    

(Бір томдық «Цыхай», 291-бет)

 

38. Личжоу аймағы (利州) – орталығы қазіргі Сычуән өлкесінің Гуаң'юән ауданы болған, көлемі Гуаң'юән мен Ваңсаң аудандарын қамтыған аймақ.

(Бір томдық «Цыхай», 1736-бет)

 

39. Феңчжоу аймағы (凤州) – орталығы Ляңчуән елді мекені болған, көлемі қазіргі Шэнси өлкесінің Феңсян ауданына сәйкес келеді.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1140-бет)

 

40. Сиңчжоу аймағы (兴州) – орталығы Хәнцю (қазіргі Шэнси өлкесінің Люй'яң ауданы) болған, көлемі қазіргі Шэнси өлкесі Люй'яң ауданын қамтыған аймақ. 

(Бір томдық «Цыхай», 286-бет)

 

41. Шачжоу аймағы (沙州) – мұндағы Шачжоу қазіргі Гәнсу өлкесіндегі Вэнсян ауданында болуы керек.

(редактор)

 

42. Гәнсуң (甘松) – қазіргі Циңхай өлкесінің оңтүстік-шығыс бөлігінде болған аймақ.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

240-бет)

 

43. Таошуй өзені (洮水) – Хуаңхэ өзенінің жоғарғы ағысындағы тармағы. Гәнсу өлкесінің оңтүстік-батыс бөлігінен өтеді. Шициң тауынан басталып, шығысқа қарай ағып, Минсян ауданында солтүстікке бұрылып, Линтао ауданы арқылы ағып, Юңцзиң ауданының орта шенінде Хуаңхэ өзеніне құйылады.

(Бір томдық «Цыхай», 931-бет)

 

44. Байлән (白兰) – цяң тайпасының бір тармағы. Қазіргі Циңхай өлкесінің оңтүстігі және Сычуән өлкесінің батысында мал шаруашылығымен кәсіптенген. 

(Бір томдық «Цыхай», 1759-бет)

 

45. Сицяңшән тауы (西强山) – Циңхай өлкесінің шығыс шекарасы және Гәнсу өлкесінің оңтүстік-батыс шекарасында орналасқан.

(Бір томдық «Цыхай», 1834-бет)

 

46. Дянцзяң өзені (垫江) – ежелгі Шыхәншуй өзенінің (қазіргі Цзялиң өзені) төменгі ағысы. Қазіргі Хэчуән ауданы арқылы Яңцзы өзеніне құйылатын бір бөлігі Дянцзяң деп аталған. Шыхәншуй өзенінің жоғарғы ағысы да «Дянцзяң» деп аталған.

   (Бір томдық «Цыхай», 553-бет)

 

47. Цзиншоу (晋寿) – қазіргі Сычуән өлкесінің Гуаң'юән ауданы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы»,

705-бет)

 

48. Гуаңлиң (广陵) – қазіргі Цзяңсу өлкесінің Яңчжоу шаһары.

(Бір томдық «Цыхай», 844-бет)

 

49. Суң патшасы Шаоди (宋少帝) – Суң патшасы Удидің үлкен баласы Лю Ифу. Палуан, ат шабуға және садақпен оқ атуға шебер, музыкадан хабары болған. Алайда, өте ойынқұмар еді. Тақта әрең екі жыл отырған соң, орнынан алып тасталды һәм өлтірілді.

(«Суңнама» жылнамасының «Патша Шаоди туралы естелік» бөлімі)

    

50. Құлан (赫连) – ғұндардың ұрпағы. Шығыс Цзин әулетінің Иси 3-жылы (407 ж.) олардың көсемі Құлан-баба Ся патшалығын құрып, ныспысын «Құлан» деп өзгертті. 431 ж. оның бесінші баласы Құлан Тинді туйғұн басшысы Мугуй Солтүстік Вэй патшалығына ұстап берген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасының «Құлан патшаларының ғұмырнамасы» бөлімі)

 

51. Патшаның анасы Люй-ханым (吕后) – өз есімі Люй Цзи. Хән патшасы Гаоцзудың (Лю Баң) әйелі. Лю Баң өлгеннен кейін, зорлық-зомбылық пен өктемдік жасаған. Баласы Хән патшасы Хойди өлген соң, таққа шығып, 16 жыл дара билеуші болды.

 (Бір томдық «Цыхай», 727-бет)

 

52. Сяо Бай (小白) – «Чунцю» дәуіріндегі Ци бегі Хуән-гуңның есімі. Сол заманда сахнаға шыққан бес билеушінің біріншісі болған ол бектерді жиып, одақ құрып, шекараны тыныштандырған. Кейін Шығыс Чжоу әулетінің билеуші тобындағы араздықты жойып, Чжоу әулетіне қызмет көрсеткен.

   (Бір томдық «Цыхай», 1914-бет)

 

53. Чуң Ер (重耳) – «Чунцю» дәуіріндегі Цзин елінің билеушісі. Әкесі Цзин бегі Сян-гуң Чуң Ердің інісін мұрагер етіп бекіткені себепті, ол қашып шығып 19 жыл сергелдеңде жүрген. Ақыры Цин бектігінің көмегімен қайтқан ол Цзин бектігін тәртіпке салып, бектерді жиып одақ құрып, Шығыс Чжоу патшалығындағы ішкі алауыздықты жойып, қызметтер көрсеткен.

       (Бір томдық «Цыхай», 1829-бет)

 

54. Чеңпу (城濮) – қазіргі Шәндуң өлкесі Цзю'әнчең ауданының оңтүстік-батыс бөлігіндегі жердің ескі атауы. Кейбіреулер Хэнән өлкесінің Кайфең шаһарындағы Чэнлю деген жердің төңірегі деп тұжырымдайды.

(Бір томдық «Цыхай», 533-бет)

 

55. Бес ұлық (五霸) – «Чунцю» дәуірінде өмір сүрген бес озбыр ұлық: Ци ұлығы Хуән-гуң, Цзин ұлығы Вэн-гуң, Чу ұлығы Чжуаң-гуң, Юэ ұлығы Гу Цзян және Цин ұлығы Му-гуң.

(редактор)

 

56. Пубән (浦坂) – қазіргі Шәнси өлкесі Юңцзи ауданының батысындағы Пучжоу деген жерде болған қала. 

(Бір томдық «Цыхай», 606-бет)

 

57. Хуасялықтар (华夏人) – көне заманда қытайлар өздерін осылай атаған.

(редактор)

 

58. Патша Цзиңди (静帝) – Шығыс Вэй патшасы Сяоцзиң (Юән Шәнцзян). Кейін Гао Яң оны тақтан тайдырып, Чжуңшән бегі етіп айналдырған. 28 жасында қайтыс болған.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 184-197-беттер)

 

59. Патша Фейди (废帝) – Батыс Вэй патшасы Вэндидің үлкен баласы, есімі Юән Цин. Датуң 17-жылы (552 ж.) таққа мұрагер болып отырған. Фейди 3-жылы (554 ж.) Әндиң ұлығы Юйвен Тай оны патша тағынан тайдырып, інісін патша еткен.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 182-бет)

 

60. Ши Ниң (史宁) – Батыс Вэй патшалығының әскери мансаптысы. Әуелгіде «шығысты тыныштандырушы санғұн» болған. Батыс Вэй патшасы Вэндидің заманында Ляңчжоу аймағының бегі болған. Цяңдар көтеріліске шыққан кезде, жасақтарымен жазалау жорығын жасаған және Хэ'яң бекінісін қорғаған.

(«Вэйнама» жылнамасының «Ши Ниңнің ғұмырнамасы» бөлімі)

 

61. Патша Гуңди (恭帝) – Батыс Вэй патшасы Вэндидің (Юән Баочжу) төртінші баласы, есімі Юән Ко. Фейди 3-жылы (554 ж.) таққа отырып, Гуңди 3-жылы (556 ж.) 12-айда патшалықты Солтүстік Чжоу патшасы Миндиге (Юйвен Чө) өткізіп берген.

(«Солтүстік әулеттер тарихы» жылнамасы, 182-183-беттер)

 

62. Кочжоу аймағы (廓州) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Гуйдэ ауданы.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1093-бет)

 

63. Сипиң (西平) – аймақ. Орталығы Сиду (қазіргі Циңхай өлкесінің Синиң шаһары) болған, қазіргі Хуай'юән мен Леду аудандары арасындағы Хуаңшуй өзенінің алабына тура келеді.

(Бір томдық «Цыхай», 1831-бет)

 

64. Линцяң (临羌) – қазіргі Циңхай өлкесіндегі Хуаңшуй өзенінің солтүстік жағалауында болған аудан.

 (Бір томдық «Цыхай», 61-бет)

 

65. Сәнмяо (三苗) – ежелгі тайпа. Риуаяттарға сәйкес, бастапқы кезде Яңцзы өзенінің оңтүстігінде мекендеген, көсем Шуннің заманында Сәнвей ауданына (қазіргі Гәнсу өлкесінің Дунхуаң ауданы) көшкен.

(Бір томдық «Цыхай», 15-бет)

 

66. Юң () – бектік. Орталығы Шаң'юң (қазіргі Хубэй өлкесінде) болған. Б.з.д. 611 ж. Чжоу бектігі оны құлатқан. 

(Бір томдық «Цыхай», 858-бет)

 

67. Вэй () – Чжоу патшалығы заманындағы бектік. Қазіргі Сычуән өлкесінің Басян ауданына сәйкес келеді.

(Бір томдық «Цыхай», 806-бет)

 

68. Лу () – қазіргі Хубэй өлкесі Нәнчжаң ауданының солтүстік-шығыс тарапын құраған бектік. 

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 1229-бет)

 

69. Чжоу билеушісі У-ваң (周武王) – Батыс Чжоу патшалығының негізін салушы. Әкесі Вэн-ваңның еркі бойынша Шаң патшалығын жойып, Батыс Чжоу патшалығын құрған.

  (Бір томдық «Цыхай», 201-бет)

 

70. Шаң патшалығы () – шамамен б.з.д. XXI-XVI ғғ. өмір сүрген құлдық жүйедегі мемлекет.

(Бір томдық «Цыхай», 356-бет)

 

71. Сянлян (先零) – цяң тайпасының бір тармағы. Хән әулеті заманынан бері қазіргі Циңхай өлкесінің Хэхуаң аумағында мекендеген. Шығыс Хән әулетінің басында Тяншуй, Луңси, Юфуфең (қазіргі Шэнси өлкесі Сиңпиң ауданының оңтүстік-шығыс бөлігі) секілді жерлерге көшкен.

(«Ұлттар сөздігі», 426-бет)

 

72. Шаодаң (烧当) – цяң тайпасының бір тармағы. Батыс Хән әулеті заманында тайпа көсемінің есімі Шаодаң болғандықтан, қытайлық жылнамаларда «Шаодаң» деп аталып кеткен. Қазіргі Циңхай өлкесінде мекендеген.

 («Ұлттар сөздігі», 935-бет)

 

73. Ваң Цян (王谦) – Солтүстік Чжоу патшалығының мемлекеттік қайраткері, Ичжоу аймағының башбұғы. Суй патшасы Вэнди Чжоу әулетінің орнына Суй әулетін құрғаннан кейін, ол Чжоу патшалығын қалпына келтіру үшін бүлік шығарған. Кейін жеңіліске ұшырап, ақыры өлтірілген.

(«Чжоунама» жылнамасының «Ваң Цяннің ғұмырнамасы» бөлімі)

 

74. Сюйчжоу аймағы (旭州) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Циңяң, Ниңсян, Хуәнсян, Хэшуй, Хуаци және Чжеңниң аудандарын қамтыған аймақ.

(«Қытайдың ежелгі және қазіргі жер атауларының энциклопедиясы», 316-бет)

 

75. Хойчжоу аймағы (会州) – қазіргі Гәнсу өлкесінің Цзиңюән ауданы.

(Бір томдық «Цыхай», 316-бет)

 

 

97. Батыс өңірдің баяны

 

          «Ся'нама»1 жылнамасында: «Батыс руңдар ана жерде» делінген. Бән Гу2: «Оларды орналастыру және тәртіп бойынша реттеу – әскери күш көрсетіп, олардан ұлпан алдыру үшін емес» деген. Хән патшалығы Батыс өңірмен тұңғыш рет байланыс орнатқан кезде, ол жерде 36 ел болған еді. Кейін 55-ке дейін көбейді және қолбасшы, қорушы-бегі құрылып, олар алаңсыз етілді. Ваң Маң3 билікті тартып алғаннан кейін, Батыс өңірмен болған барыс-келіс үзілді. Кейінгі Хән әулетінің дәуірінде Бән Чао4 50 шақты елмен қарым-қатынастар орнатты. Батыста Балқаш көліне дейінгі аралықта шығыстан батысқа 10 мың шақырым жердің баршасы сәлемдесуге келіп, ұлпан тапсырды. Біртұтас басқаруды көздеген қорушы-бегі мен әскербасы лауазымдары енгізілді. Одан кейін кейде байланыс үзіліп, кейде достық қарым-қатынастар жасалып жатты. Хән әулеті «Орталық жазыққа ауыртпалық түседі екен» деп осы мансаптыларды кейде жіберіп, кейде жібермей қойды. Вэй және Цзин әулеттерінен кейін, бұл елдер бір-бірін қосып алғандықтан, олардың ахуалы жөнінде егжей-тегжейлі естелік жазудың қисыны келмеді.

          Вэй патшасы Дао’у билігінің алғашқы жылы Орталық жазық билік құрумен болып кетіп, төңіректегілерді ойлауға мұршасы жетпегені себепті, батыс руңдар5 сәлем беруге келмейтін болды. Мансаптылар: «Хән әулеті кезеңіндегі көне заң-ережелер бойынша Батыс өңірмен достық қарым-қатынастар жасайық, тек сонда ғана мыңдаған шақырым алыстағы жерде бедел және өнеге-ғибрат жаюға, сарайдың қазынасына бағалы нәрселерді жинауға болады» деп хат ұсынды. Вэй патшасы Дао’у: «Хән әулеті шекараны сақтамай, халықтың қамын ойламай, шалғайдағы Батыс өңірді игереміз деп мемлекетті әлсіретті. Бұның не пайдасы бар? Егер қазір байланыс орнатсақ, бұрынғы жәбір-жапа халықтың басына қайта түседі!» деп құлақ аспады. Вэй патшасы Миң'юәннің заманында Батыс өңірдің елдері қабылданбады.

          Тай'ян жылдары (435-440 жж.) Солтүстік Вэй әулетінің қамқорлығы мен мейірім-шапағаты бара-бара таралды. Батыс өңірден Күсән, Қашғар, Үйсін, Япбан, Каванта, Кроран, Кингит, Қош, Соғды секілді елдердің билеушілері елші мен ұлпан жібере бастады. Вэй патшасы Тай’у: «Хән әулеті Батыс өңірмен достық қатынастар жасаса да, Батыс өңірдегілер ісі түскенде ғана сыпайы сөздер келтіріп, қажеті болмағанда сарайдың бұйрығына қиқарлық көрсетіп, босаңсыған. Өйткені олар арадағы шалғайлықты, сарай әскерлерінің жете алмайтынын біледі. Өзара елші жіберудің ақыры ешқандай пайдасы болмайды» деп қарап, елші жібергісі келмеді. Мансаптылар: «Осы тоғыз ел жолды алыс көрмей, жергілікті арнайы өнімдерді жіберді. Оларды қолға келтіруіміз керек. Қазірден бұлай тоса берсек, не болады?» деп ұсыныс-хат ұсынды. Патша Тай’у келісті. Сонымен Ваң Еншең мен Сюй Гаң Батыс өңірге елшілер ретінде жіберілді. Ваң Еншең шөлден шыға бергенде, жоржандардың қолына түсіп, жете алмады. Содан сарай кеңесшілері Дуң Вән мен Гао Миң бірнеше жібек тоқыма бұйымдармен Кроран жаққа жіберіліп, тоғыз елдің хал-жағдайын сұрау мақсатында көптеген керек-жабдықтар жөнелтті. Дуң Вән және басқалар патшадан жол бойындағы елдердің бәріне баруға болады деген тапсырма алған-ды. Дуң Вән тоғыз елден өтіп, солтүстіктегі Үйсінге барды. Үйсін билеушісі Солтүстік Вэй әулетінің сый-тартуын қуана қабылдады һәм Дуң Вәнға: «Естуімше, Ферғана және Шаш Вэй әулетінің қамқор-мейірімін жатқа айтып, оған бағыну және ұлпан жіберуді ниет етсе де, жол таба алмауымыз мүмкін деп алаңдаған. Енді бұл жерге келіп қалдыңыздар, сол екі мемлекетке барып, олардың Солтүстік Вэйге зәрулігін қандырыңыз» деді. Сонымен Дуң Вән өзі Ферғанаға барды, ал Гао Миңді Шашқа жіберді. Үйсін билеушісі оларды осы екі елге бастап бару үшін жолбасшы мен тілмашты қосып берді. Дуң Вән оларға патшаның бұйрығын оқып берді. Сыйлық беріп, хал-жағдайларын сұрады. Көп кешікпей, Дуң Вән мен Гао Миң сарайға қайтты. Үйсін мен Ферғана елшілерін жіберген, Дуң Вәнмен бірге сарайға ұлпан әкелген елдердің жалпы саны 16 жетті. Содан бастап олар әр жылы бірінің соңынан бірі келіп тұрды. Сарай жіберген елшілердің саны да ондап саналды.

          Басында Вэй патшасы Тай’у Батыс өңірге елші жөнелткенде, Хэси бегі Журчи Мұқанға жолда күзетпен қамтамасыз ету үшін адам шығаруды бұйыратын. Елші Гуцзаңға барған кезде, Журчи Мұқан әрдайым жол бастауға адам қосып, Гобиден өткізетін. Кейін Батыс өңірден қайтқан елшілер Увэйге келгенде, Мұқанның адамдары оларға: «Біздің билеушіміз жоржан Вутидің «Былтыр Вэй патшасы маған шабуыл жасап еді, әскерлері мен жылқылары кеселден өліп, жеңіліп қайтты. Мен оның үлкен інісі Лепиң бегі Тоғбат Пиді қолға түсірдім» деген жалған әңгімелерін естіп қуанып кетті және бүкіл елге дабырлады. Тағы естуімізше, Вути Батыс өңірдегі елдерге елші жіберіп, «Вэй әулеті әлсіреді, қазір дүние жүзінде мен ғана күшті. Енді Вэй патшалығының елшілері келсе, оншалық ізет-құрмет білдіріп жүрмеңдер» депті. Соған Батыс өңірдегі елдердің де көңілінде алауыздық бар» деді. Журчи Мұқан расында да Вэй әулетін менсінбейтін, босаңсып қалған-ды. Елшілер патша сарайына барып, ахуалды мәлімдеді. Вэй патшасы Тай’у Журчи Мұқанды басып-жаншу жөнінде ақылдасты. Ляңчжоу тыныштандырылғаннан кейін, крорандықтар «Ерін болмаса, тіс мұздап тоңады. Қазір Вэй әулеті Увэйді жойды. Енді кезек бізге келеді. Егер оның елшілері еліміздің істерін біліп алса, еліміз ұзаққа бармай жойылады. Одан гөрі олармен байланысты үзсек, көпке дейін қарсы тұра аламыз» деп ойлап, шекарадағы жолдарды бөгеді. Нәтижеде Батыс өңірдің ұлпандары ұзақ жылдар бойы келмеді. Кроран тыныштандырылған соң ғана елшілер барып-келе алатын болды.

          Дуң Вән бастаған елшілер астанаға оралып, жүріп өткен елдерде көргендерін және адамдардан естіген өзге елдердің ахуалын айтып берді. Бұл ахуалдар мұндай еді: Батыс өңірде Хән патшасы Удидің заманындағы 50 шақты ел кейін бір-бірін қосып алып, Тай'ян жылдары (435-439 жж.) 16 елге айналған. Ол жер төрт аумаққа бөлінген:

  1. Көкарттың (Памирдың) шығысы және Гоби шөлінің батыс жағы.
  2. Көкарттың батысы және Хайчюдің6 шығыс жағы.
  3. Шаштың оңтүстігі, яочилардың солтүстігі.
  4. Екі теңіздің ортасы, сазды жердің оңтүстігі.

Ондағы ұсақ елдердің басшылары бірнеше жүз адамға жетеді екен. Батыс өңірге баратын бастапқы екі жол кейін төртке жетіпті:

- Юймын қамалынан Гоби шөлі арқылы батысқа қарай 2 мың шақырым жүрсе, Кроранға барады;

- Юймын қамалынан Гоби шөлі арқылы солтүстікке 2,2 мың шақырым жүрсе, Қошқа барады;

- Яркенттен батысқа 100 шақырым жүріп Көкартқа, ал Көкарттан батысқа 1,3 мың шақырым жүрсе, Ваханға7 барады;

- Яркенттен оңтүстік-батысқа 500 шақырым, Көкарттан оңтүстік-батысқа 1,3 мың шақырым жүрсе, Болурға8 барады.

Дуң Вән айтпаған, бірақ сарайға сәлемдесуге және ұлпан тапсыруға келген елдер де болды. Олардың атаулары ғана естелікке жазылып, елінің әдет-ғұрыптарын жазып алудың мүмкіндігі болмады.

Шығыс Вэй және Батыс Вэй әулеттері кезеңінде Орталық жазық таза аласапыранға батты. Ци мен Чжоу әулеттерінің заманына келгенде, Батыс өңір туралы сөз болмаған. Сондықтан «Солтүстік Цинама» және «Чжоунама» жылнамаларында Батыс өңір жөнінде естелік жоқ.

Суй әулетінің Кайхуаң мен Жэншоу жылдарында Батыс өңірді басқару тілге алынбады. Суй патшасы Яңдидің заманында ғана жасауыл тергеуші-бегі Вэй Цзе, жәрдемші бақылаушы-әскербасы Ду Сиңмән батыстағы тәуелді елдерге жөнелтілді. Олар Кашмирде дүр (янтарь) қадақ (арақ тостақандары) және Ражагра9 будда номдарын (түтікше қағаздарын), Кеште10 биші қыз, жолбарыс терісі және бұлғын жүнін алып, сарайға қайтты. Суй патшасы Яңди сондай-ақ Вэнси ұлығы Пей Цзюді Увэй мен Чжаң’е аралығында келген-кеткендермен байланыс жасауды бұйырды. Олардың елбасысы барлары 44 мемлекет екен. Пей Цзю оларды сарайға ба