Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Тылсыммен тілдескен жазушылар...

18.08.2017 8263

Тылсыммен тілдескен жазушылар

Тылсыммен тілдескен жазушылар - adebiportal.kz

«Жүйке ауруынан азап шекті», «жүйке ауруларын емдейтін ауруханада жатты», «ішті, шекті», «адамдармен тіл табыса алмайтын, жүйкесі тым әлсіз еді», «депрессиядан азап шекті», «өзіне қол жұмсады», «ол тірісінде ажалмен ойнап жүрді», «ылғи өзін жалғыз сезінетін, жалғыздық мұңына қамалып, тұншығып, өмір сүрді »... Әлемге әйгілі жазушылардың өмірбаяны туралы оқып отырсаңыз, оларға ортақ ұқсастық барын байқайсыз. Бірақ олардың жалғыздығы да, өзін жалғыз сезінуі де бір композиция еді. Себебі, олардың жалғыздығы – кемелдікке ұмтылған, тұлғалық болмысын даралай түскен жалғыздық еді.

Олар уақыттың көз жасын көрді. Олар уақыттың көз жасын сүртті. Олар мына әлемді өз санасындағы уақыт пен кеңістікке сыйдырды. Өз танымдарындағы кеңістік пен уақытқа өз заманының кейіпкерлерін, дәуір шындығын сыйдырса да, өздері сыймады. Қоғамын өзгерткісі келіп жанталасты. Адамзатты сана дағдарысынан құтқару үшін жанталасты. Талантына тұсау, шабытына тежеу болатын, бәрін-бәрін қиналмастан сата салатын екіжүзді пенделермен, еркіндігін шектеп, өзін бір қалыпқа салғысы келетін қоғаммен ымыраға келе алмады. Онсыз да табиғатынан ерекшеленіп тұратын олар қоғамнан оқшауланып, алыстай берді, алыстай берді.

Мистикалық дүниелер жазған әйгілі жазушылардың өмірінде тылсым дүниемен байланысты оқилар болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Онсыз да шаршап жүрген олардың жүйкесіне салмақ түскені де анық. Олар біз көре алмайтын, біздің көзімізге көрінбейтін тылсым шымылдығының ар жағындағы әлемді көрді. Олардың бірі фәни мен осы әлемнің ортасында қалықтап жүргендей күй кешті. Тылсыммен тілдесті. Әлде тылсым оларға тіл қатты. Біріне сол күйі ұнады. «Шығармашылығымда жаңалық болады» деп қуанды. Бірі көзіне көрінетін елестерден «жынданған шығармын» деп қорықты, үрейленді. Есенин «Айнаға қарасам, қара адамды көрем» деді. Айнаны талай рет шағып тастады. Бастапқыда қорықты, үрейленді. Сосын «Бұл – менің жартым. Көлеңкем» деді. Уақыт өте келе бой үйретті. «Адам өз табиғатынан қаша алмайды» деп өзін-өзі әжуалады.

Достоевский қалшылдап, ес-түссіз талып қалғанда (жазушы эпилепсиямен ауырған) ол үшін тылсым әлемнің пердесі ашылған. Достоевский эпилепсиямен ауыратын кейіпкерлері: княз Мышкин және Алеша Карамазовтарды кейіптегенде өзінің жан азабын, жанына батқан ауруын сипаттайды.

Әйгілі ақын-жазушылар өзінің болашағы туралы, өлімі туралы түйсігімен сезді. Одессада, айлы түнде алқапта көріпкелмен жүрген Пушкинді елестетіңізші. «Мен қалай қаза табам?» деп сұрайды ақын көріпкелден. Жо-жоқ, бұл сұрақты қою ажалмен ойнап жүрген ақын үшін түк те қиын болған жоқ. «Ертең пәлен деген ақсүйектің үйінде өтетін балға барасыз ба?» дегендей сұрай салған шығар... «Ақ киімді, ақ атқа мінген, ақ шашты адамның қолынан өлесің» дейді көріпкел. Бірақ ақын өмірді өзінше сүйді ғой. Ақ киімді, ақ шашты, ақ атты адам көрсе, бойында бір үрейдің болғаны анық. Алақандағы сызықты оқи алатын әпкесі Ольга да «Ажалың адамнан болады, өмірден жас кетесің» деп жылаушы еді ғой. Өлімі тура көріпкел мен әпкесі жорығандай болды. Бірақ Пушкин өзі де ажалға дайын болды. Көріпкел айтпай, әпкесі айтпай, ол өз өлімін түйсігімен сезбеді дей алмаймын.

Жазушылардың тылсыммен байланысы, әрине, олардың дара болмысымен, табиғатымен, санасымен, ерекше дамыған түйсігімен, дүниетанымымен байланысты еді. Бәлкім, санасынан тыс еді...

Эдгар Поның елесі

Мистикалық шығармалар жазған Эдгар Поның өмірі де тылсыммен байланысты еді, жұмбаққа толы еді. Шығармаларында «қара бояуды» жиі пайдаланса да, ашық түсті перде тұтылған терезеден түскен жарық секілді бір сәуле сол «қараңғылықты» нұрландырып жібереді.

«Зұлымдық гүлінің» авторы Бодлердің Эдгар Помен ауырғанын түсінем. Көп ақын-жазушыны мойындамайтын және «ақын емессің, жазушы емессің» деп айтып тастап, өзіне жау тауып жүретін тәкаппар, қырсық Бодлер ол туралы мақала да жазды. Бір қызығы: өзінің өлеңдеріне қарағанда, Эдгар По туралы мақаласына жоғары қаламақы алады. Ақшадан тарығып жүрсе де, ақын өзіне «неге?» деген сұрақты қойды. «Әдебиетте тағдыры қиын адамдар бар: олардың маңдайында, қалың әжімдерінде «Сәтсіздік» деген жұмбақ жазу бар» деп жазады ол Эдгар По туралы мақаласында. Әрине, ерке ақын «маңдайдағы сәтсіздікті» өзіне де қарата айтты.

Бодлер қоғамы «алқаш, жынды, есуас» деп таныған Эдгар Поның ішкі жалғыздығын, жандүниесіндегі арпалысты, болмысындағы қайшылықты шынайы ашады. Бәлкім, ол Эдгар Поны жазып отырып, өзі туралы жазған да шығар.

Жазушының шығармаларындағы кейіпкерлер көбіне мистикалық әлеммен байланысты, олар жүйке ауруымен ауырады. Олар қарапайым адамдар көре алмайтын әлемді, дүниені көреді. Бодлер Эдгар Поның кейіпкерлерінің басынан өтетін мистикалық оқиғалардың кейбірінің жазушының өз өмірінен алынғанын, әрине, түйсігімен сезді. Жазушының тылсым әлемнің сырын бірде түсініп, бірде түсіне алмай жаны қиналатынын, әрине, сезді. Сезді де, аяды.

Эдгар По ішіп алған кезінде достарына басқа әлемнен келген адамдарды көретінін, олармен сөйлесетінін, олардың ылғи өзін бақылап тұратынын айтушы еді ғой. Достары «жынданған екенсің» деп күліп, мазақ ететін. Ол ішіп алып, елестер туралы әңгімені қиялынан шығарған жоқ, оның шынымен тылсым әлеммен тілдесетінін Бодлер жақсы түсінді.

Эдгар Поның Балтимордегі үйіне (музейіне) жаздың ең ыстық күнінде келген адамдар жазушының жатын бөлмесіне кірсе, «қатты жаурадық, тіземіз қалтырап тұр» дейді екен. Есіңізге түсіріңізші, әріптестері естеліктерінде Эдгар Поның Балтиморде жұпыны, от жағылмаған, суық үйде тұрғанын, күрк-күрк жөтеліп, жазуға талпынғанымен, қолы жаурап, икемге келмейтінін айтушы еді ғой.

Жазушының жыл сайын туған күнінде, 19 қаңтарда бейітіне қара плащ, шляпа киген, жүзін шарфпен жасырған адам келіп, бір бөтелке коньяк және үш тал роза гүлін қойып кететінін айтады. Аңыз дейін десең, бұл туралы Эдгар По үйінің-музейінің жетекшісі Джефф Джероум да сұхбат берді. Жалпы бұл туралы Америка, Eуропа, Ресей басылымдарында аз жазылған жоқ. Жазушының «құпия табынушысы» алғаш рет бейіт басында 1949 жылы «қолтаңбасын» қалдырыпты. 1998 жылдан кейін ол «құпия табынушының» орнын басқа ізбасары басқан. Бұл туралы адамдар бейіт басына «құпия табынушы» қалдырған хаттан білген.

«Құпия табынушыны» көру үшін, «ұстау» үшін тіпті шетелден де Эдгар Поның оқырмандары келіпті.

2007 жылы жергілікті газетке берген сұхбатында тоқсан екі жастағы Сэм Порпора есімді бұрынғы шіркеу қызметкері Эдгар Поның «құпия табынушысын біз ойлап таптық, шіркеуге адам көп тарту үшін, тек адамдарды сендіру үшін «құпия табынушы оқиғасын» 1949 жылдан бастадық» дейді. Бірақ музей басшысы да, басқа да мамандар Сэм Порпораның сөзін жоққа шығарады. Содан бері Эдгар Поның туған күнінде «құпия табынушыны» көру үшін бейіт басына адамдар бұрынғыдай көп жиналмайтын болды.

Сэм атайдан кейін де «құпия табынушы менмін» деп төрт адам шықты. Кейбіреулер «құпия табынушының ұсталмайтын себебі: ол Джефф Джероумның өзі, ол музейге адам тарту үшін осындай қулық ойлап тапты» деген пікірді, әрине, айтты. Мұның бәрін Джефф жоққа шығарып келген болатын. 2012 жылы Джееф «ойын біткенін» айтты.

Гогольдың қорқынышы

Гоголь алдағы уақытта өз басынан өтетін оқиғаларды түсінде көріпті. Жазушы шығармаларында славян мифологиясындағы ібіліс бейнесін барынша ашып көрсетуге тырысқан. Оқырманын ібілістің азғыруынан сақтандыруға тырысқан.

Гоголь бала кезінде арқа жағында біреудің атын атап шақырғанын бірнеше рет естиді. Бірақ бұрылғанда ешкімді көрмейді. Бұл оқиға жиі қайталанғаны сондай айналасына үрке қарап, қорқып жүреді. Гогольдың әке-шешесі өте ырымшыл, әр нәрседен мән іздеген адамдар еді. Николай әке-шешесінің ібілістің азғындығы туралы, одан қалай сақтануға болатыны туралы әңгімелерін жиі еститін. Әрине, бұл әлі дүниетанымы қалыптаспаған балаға әсер ететін.

Ымырт еді. Қараңғы бөлмеде Николай жалғыз отырған. Бір кезде бөлмеге көзі жанып, қап-қара мысық кіріп келеді. «Қара мысық... Бұл – жамандықтың белгісі... Бәлкім, ібіліс пе екен?» деп ойлады Николай. Адамдарды азғын мақұлықтан сақтау үшін, қорғау үшін бала ерлік жасағысы келді. Мысықты ұстап алып, хутор сыртындағы көлшікке әкеп, тұншықтырады. «Енді маған, әкеме, шешеме, бүкіл хутордың адамдарына шайтан зиянын тигізе алмайды» деп бала өзіне өзі сенімді болды. Ол бала кезінен ібілістен кек алуды арманады. Жазушы болып қалыптаса бастағанда ібілістен бүкіл адамзатты қорғағысы келді. Ал орыс әдебиетшілері «Гоголь – әулие ме, әлде жынды ма?» деген сұраққа жауап іздеп, жанталасуда. Гоголь – әулие емес, жынды да емес. Ол шығармаларында ақиқатты іздейді. Ібілістің соңынан кеткен адамдарды Құдайға оралтқысы келеді... Оның өмірге келген миссиясы да сол шығар?!

Гоголь өмірде болатын оқиғаларды түсінде көріпті. Сол себепті, өз өмірінде болып жатқан оқиғаларға ешқашан таңғалмапты.

Мәскеудегі Гогольдың үйінде Л.Усовтың «Өсиет» деп аталатын Гогольді бейнелеген мүсін тұр. Мүсінші аурудан, дұшпандарының зұлымдығынан қажыған, шаршаған ұлы жазушыны шебер кескіндеген. Музей қызметкері: «Мына мүсінде бір тылсым сыр бар. Музейде жұмыс істеп жатқаныма қаншама жыл. Гоголь мені, барлық адамзатты кінәлап тұрғандай. Мүсінге қарасам, кәдімгідей қысылам, еңсемді басады. Мына туындыда кәдімгідей жан бар» деді. Гогольдың «Өсиет» деп аталатын хаты бар ғой. Сол хатында жазушы өзінің летаргиялық ұзақ ұйқыға кететін ауруы барын, тіпті жүрегі мен қан тамырларының соқпай қалған сәттері болғанын, бірақ ұйқыдан қайта оянғанын, егер тағы да сондай ұзақ ұйқыға кетер болса, денесі бұзылып, иістенбей жерлемеулерін өтінеді. Бірақ... «Өлі жандарымен» орыс қоғамын әжуалады, қорлады, масқаралады» деген қоғам, ұлы жазушыны қажет етпеген аяр қоғам оның өсиетіне құлақ аспады. Сондықтан Гоголь үйінде тұрған мүсін «Өсиет» деп аталады. «Кешір» дедім мүсінге қарап. Мүлгіп тұрған мүсінге қазір жан бітердей бойымды бір үрей билеп, аяғымды тез-тез басып, шығып кеттім.

Музейдің бір күзетшісі: «Кейде тарс-тұрс деген дыбыс естиміз. Музейде әрі-бері біреу жүргендей болады» дейді. Жұмбақ. Болмысы қайшылыққа толы, жұмбақ жазушы ібілістің соңынан кетіп бара жатқан адамдарды мүсіркеп тұрғандай көрінеді.

Аягүл МАНТАЙ

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар