Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Өміржан Әбдіхалықұлы: «Құдайдың» кемшілігі де, арт...

30.03.2017 8353

Өміржан Әбдіхалықұлы: «Құдайдың» кемшілігі де, артықшылығы да бар...

Өміржан Әбдіхалықұлы: «Құдайдың» кемшілігі де, артықшылығы да бар... - adebiportal.kz

Қазір проза саласында ізденіп, өндіріп жазбаса да, ішкі қуатын көрсеткен бірнеше шығармалары бар Өміржан Әбдіхалықұлымен сұхбаттасқан едік. «Бұған дейінгі әңгімелерім жазушылық жолымның басы ғана» - дейді автор.

- Сіз үнемі ізденісте жүресіз. Соған байланысты, осы уақытқа дейін әдебиеттің қай жанрына қалам қозғасам екен, - деген ішкі арпалыс болған сияқты. Жаныңызға жақын жанрды таптыңыз ба?

- Жазу – жанның қалауы. Жазғың келетін тақырып, идея, жоспар құрылымына қарай жазылған соң, жанры белгілі болады ғой. Осы жанр оң жамбасыма келеді-ау деп кесіп айта алмаймын. Жанрға бас қатырып көрмеппін. Меніңше, ол әдебиеттанушы, сыншылардың, зерттеушілерге көбірек қажет сықылды. Жазатын адам үшін ең бастысы, ойында піскен дүниесін қағазға түсіру, оқырманына ұсыну болса керек.

«Роман, хикаят, повесть, кең тынысты шығарма жазғым келеді» деп те жар салғым келмейді. Өз есебімде, көлем мен жанрда емес, жазғың келетін дүниеден шығарманың ішкі қуаты, идеялық тұғыры нық, қамтылатын уақыт пен кеңістіктегі шынайлық пен өмір ағысы көркемдікпен көмкеріліп, психологиялық нәзік иірімдерімен әр кейіпкер өзінше сомдалып тұрса, жазушының қалам мен қағаз алдында жүзі жарық болады-ау.

- «Құдай» атты әңгімеңізді оқырман қауым жылы қабылдады. Бұны өзіңіз экспериментке балаған шығарсыз. Прозаға түбегейлі бетбұрыс жасадыңыз ба?

- Проза маған енді-енді ғана ашылып келе жатқандай көрінеді. Оның себептері көп. Бәрін жіпке тізіп айта беру де мәнсіз болар.

«Құдайды» эксперимент деп қабылдасаңыз, онда эксперимент. Бәлкім, Сіз айтқандай, оқырман жылы қабылдаған да шығар, бірақ ондай хабар маған жетпеді. Бірлі-жарым әдебиетті терең түсінетін кісілер өз пікірлерін айтты. Жазушы Дидар Амантай арнайы жазды. Ол кісінің айтқан сынын қабылдадым. Шынында да «Құдайдың» кемшілігі де артықшылығы да бар, дегенмен де бірер қайнауы ішінде. «Құдайға» қайта ораламын. Оралатыным – «Құдайды» өмір бойы жазуға болады. Осы жоспарлы есептен алғанда, бұл бастамасы. Жазу «Құдаймен» аяқталса... арман ғой...

- Шығармашылық адамын оқу өсіре ме, әлде жазу ма?

- Асылы, жазу да, оқу да жақсы ғой. Кей жағдайда көп оқу да, үздіксіз жазып, жиі жариялану да жазушыны түк өсірмей жатқанын байқайсың. Сырт қарасаң, өнімді жазады, оқып, ізденетін де сияқтанады. Бірақ, шығарманы оқысаң өсу жоқ. Алдыңға бір шығармалардағы қателіктер мұнда да жүреді, бір кітаптан екінші кітапқа көшкенде жаңа тыныс, ізденістің ізін, оқудың тоқуынан шыққан синтезді көре алмайсың. «Баяғы жартас – сол жартас».

Шығармашылық адам үшін оқу жай ғана оқу емес, ол сараптама, өз жазуыңды, көркемдік ойлау жүйені жетілдіру, ой қорыту, синтездеу және оны пайдалана білу. Ал, тек цитата келтіру мен жеткізу мәнерін ішінара көшіріп алу және оқу қоры үшін ғана оқу ол – жазатын адамның лабораториясы үшін соншалықты маңызды роль атқармайды деп білемін.

- Шығармашылық энергияңызды әлеуметтік желі мен күнкөрістің қамы үшін жазылған материалдар ұрлап жатыр деп ойламайсыз ба?

- Уақыт ұрлап жатқан дүние көп қой. Ол тек желі мен күнкөріс қана емес. Бастысы, іштегі шығармашылық процесс тоқтаусыз. Ол күнделікті толығып, соның арқасында жаңа дүниелер сұлбаланып, пісіп жатыр. Қазір кітап тауар деп те жатады. Солайы солай. Әй, бірақ, көркем шығарма жазып қаражат табу бүгін өте қиын. Мүмкін ертең, мүмкіндіктер аясы кеңейген сайын өзін ақтайтын әрі өзіңді жазуға арнайтындай жағдай келтіретін күйге жетер.

- Қоғамда болып жатқан бүгінгі саяси-мәдени кемшіліктерді жымдастырып, көркем шығармамен жазып шығуға бола ма? Болса, не кедергі?

- Болады ғой. Ешнәрсе кедергі емес.

- Біздің әдебиет төңірегіндегі түсінігіміз тар сияқты. Соңғы кездері айтылып жүрген әңгімелердің барлығы оқырманды мезі қылды. Әдебиет туралы сөз қозғасаң, ешкім ешқандай реакция білдірмейді. Әдеби шығармаларды үгіт-насихат, мораль айтуға айналдырып алмадық па?

- Қасаң түсініктер, тар шеңберді шиырлау бар. Үйреншікті жолмен кете беруге де бейіл. Көптеген шығармаларда ұлтқа үлгі көрсетіп, оның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, өшкенін жандырып, өлгенін тірілтікісі келіп, ұлттық бояуды оңды-солды, келсін-келмесін баттастыра айғыздай жағып, сосын оны қазақтың ұлттық болмысын айшықтаған дүние іспетті көрсетуге тырысушылық байқалады. Яғни, ұлтқа жағыну, қаламын қайқаңдатып ұлттың етегіне оралу сықылды әдеби мінездер шығармалардан көрініп тұрады. Тіпті кей жастардың өзі тым-тым ерте ақсақалдыққа ұмтылып жатқандай. Бұл әрине, жеке адамның ішкі психологиялық, тұлғалануға талпыныс түрлерінің ұсақ элементтері шығар. Алайда, сондай дүниенің көркем шығарма аталып, шығармада өріп жүруі – адам аярлық нәрсе.

Жазу жанының шын қалауы болған адамға мұның бәрінің көк тиынға керегі жоқ. Ол өзіне және қаламына сенеді.

- Әдебиетте қаламгердің іштей қызғанышы деген болады. Ол аса қауіпті де емес. Қатарластарыңыз кітап шығарып, өнімді жазып жатқанда, іштей қынжыласыз ба?

- Жоқ, біреуді біреу қайталамайды ғой. Жазу дегеніңіз алашапқын болып жарыса жазып жатқан дүрмекке қосыла кету емес деп ойлаймын. Әркім өзінің шығармашылық есебін, салмағын, барар жерін, қайтар төбесін білетін шығар... Сондықтан замандас жазушылар кітап шығарып жатса, өндіріп жазып жатса, оның бәрі әркімнің өз шығармашылығы үшін.

- Каламгер көп білген сайын, көркем шығарма жазуға деген құлшыныс бәсеңдейтін сияқты. Қалай ойлайсыз?

- Керісінше, білген сайын жазу жазирасы біртіндеп ашыла түсетіндей.

- Меніңше, сіз драма саласында сапалы еңбек етуге қабілетті сияқтысыз...

- Ол жағын тап басып айта алмаймын. Менен гөрі сізге көбірек мәлімдеу сықылды... Бірнеше пьесаның сұлбасы бар. Алда жазылады деп те жоспарлап жүрмін.

- Әдеби әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар