Табылды Досымовтың екінші өмірі

Бөлісу:

15.07.2025 992

2025 жылдың 12-13 шілдесінде Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың өмірі мен өнеріне арналған «Сәйгүлік» атты музыкалық драманың премьерасы өтті. Ақынның 60 жылдық мерейтойы аясында ұсынылған бұл қойылым – поэзия мен музыканы тоғыстырған ерекше театрлық туынды. Премьера кешінде көрермен залын кернеген толқыныс пен тебіреніс әлі де жүректі тербеп тұр. Сағынышқа айналған сыршыл әуен, жүректі жарып шыққан жыр жолдары, бәрі бір сәтке ақын рухын тірілткендей әсер қалдырды. «Сәйгүлік» – еркіндік пен рухтың символы болып, дүлдүл ақын Табылдының шығармашылық мұрасын сахна тілімен сөйлеткен, шабыт пен шынайы сезімге толы ғажайып қойылым.

Қойылым авторы Қазыбек Аманжол мен режиссер Әли Бидахметтің шығармашылық тандемі Табылды поэзиясының жанды тінін дәл тапқан екен. Басты рөлде жас актер Ақжол Амантай ақын бейнесін сомдап, оның жан дүниесін, күйініш-сүйінішін нанымды жеткізді. Сахна ашылған сәтте-ақ гитарасын қолына алып, ағынан жарылған ақынның образын көрдік. Актердің бет-бейнесі, болмысы ақынның жас кезіндегі бейнесіне айрықша ұқсас екені спектакльге дейін-ақ жұрт назарын аударған еді. Расында, актер Ақжол Амантай Табылдының жүріс-тұрысын, мінез-құлқын нанымды жеткізіп, көрерменді ақынның тірі бейнесімен қауыштырғандай болды. Әуен мен жыр, актерлік ойын – бәрі үйлесе келіп, ақынның жан толқынысын көрермен жүрегіне жеткізе алды.

Музыкалық драманың мазмұны Табылды Досымовтың жас өміріндегі естеліктерге, әсіресе студенттік жылдарына құрылған. Автобиографиялық сипат алғанымен, автор ақынның өмірбаянын дәлме-дәл қайталауды көздемей, оның жастық шағынан бастап өнер жолындағы өсу кезеңдерін көркем қиялмен үйлестіре көрсеткен. Ең алғашқы көрініс: 

Сен де армансың,

Мен де арманмын,

Арманбыз.

Армандарды армандарға жалғармыз..., - деп басталатын нәзік лирикалық поэзиямен берілген. Ақын екі жастың бір-біріне деген сезімін «арман» ұғымы арқылы жеткізеді. Қыз – арман, жігіт – арман, екеуі қосылса ғана жүзеге асар арман. Бұл жерде «арман» сөзі қол жетпес мұратты ғана емес, сүйікті жанды аңсау, сағына күту мағынасын да береді. Ақын өз сезімін «Саған құсым қалықтайды алыстан» деп ерекше метафорамен суреттейді. Мұндағы қалықтаған құс – ақын жүрегінің сағыныш символы. Алыста қалған сүйіктіге деген ынтықтық, аңсау сезімі құс бейнесінде көрініс тапқан. Өлеңнің өн бойында өкініш пен үміт, мұң мен ғашықтық сезімі қатар өріп жүр. Бұл әнде жас Табылдының ішкі жан әлеміндегі ең қымбат, ең пәк сезімнің драмасы көрініс тапқан. Кейінгі көріністерде ақын жастық шағының алаулаған махаббаты мен жалындаған жырлары арқылы танылады. 

Актерлер ойынына тоқталсақ, әсіресе басты кейіпкердің ішкі драмасын беру шеберлігі таң қалдырды. Табылдының бейнесі көрерменге өмірден түңілген мұңлық емес, керісінше, тағдырдың сынына қайсарлықпен қарсы тұрған рухы биік тұлға ретінде әсер қалдырды. Оның жанын жегідей жеген жалғыздық сезімі де, алаулатқан махаббат сезімі де сахнада көрініс тапты. Осылайша спектакль жанрлық тұрғыда драма болғанмен, формалық тұрғыда поэзиялық көпірге айналды. 

Табылды Досымов – жыр мен әнді бір арнаға тоғыстырған біртуар ақын-композитор. «Сәйгүлік» қойылымы барысында ақынның біршама өлеңі мен әні тікелей пайдаланылып, кейіпкерлердің сезімін, ой-толғанысын ашатын лейтмотив қызметін атқарды. Сол өлең жолдарының әрқайсысында терең философиялық ой мен көркем бейнелер бар. 

Ақын поэзиясындағы жалғыздық пен мұң тақырыбы да спектакльде анық көрінді. 

Жүректе – ызғар, баста – мұң, көңілде – қырау,

Оңай ма жаным кеудеңді қайғы ауыртқасын.

Жүретін кезім болды ма өмірде мынау,

Шараптан емес, шаттықтан айналып басым, - деген шумақтары ақынның жан дүниесіндегі күйзелісті бейнелейді. Өмірден түңілген сәтте адам жүрегі суып, санасын мұң торлайтыны белгілі. Табылды Досымов сол сезімді асқан дәлдікпен суреттеген. Бұл өлең көңілдің күйін үш түрлі суықтық бейнемен береді: жүректегі ызғар – үміттің, махаббаттың солғын тартуы, бастағы мұң – сананы билеген қайғы, көңілдегі қырау – жан дүниенің әп-сәтте көңілсіздікпен көктайғақ болып қатып қалғаны. Үштағанды образ жырсүйер оқырманның жанын бірден баурап алады. Ақын бұл мұңның себебін де қапысыз жеткізіп, қайғы-қасірет жүректі ауырлатқанда өмір сүру жеңіл емес дейді. Бұл риторикалық сұрақ пен жанға қарата айтылған «жаным» деген сөз жалғыздықтағы адамның іштей өзіне-өзі медет іздеуін білдіреді. Ақын өз жанын «жаным» деп жұбатқысы келеді, бірақ жұбата алмайды. Өмірде шаттықтан бас айналатындай бақытты кез болды ма деген сауал тастайды. Ақын өмірден ләззат алу, шынайы қуанышқа кенелу сәттерін сағынады, бәлкім ондай кездері аз болғанына налиды. Яғни, пенденің тірлікте қуанышы аз, қайғысы көп екеніне іштен тынып, күрсініс білдірген. Бұл философия әрбір сезімтал жүрекке түсінікті. Қуаныштың бағасын білу, қайғының салмағын көтеру әр адамның тағдыры. Табылды Досымов өлеңінде осы әмбебап ақиқатты өз басының мұңымен астастыра жеткізген.

Ақынның философиялық көзқарасында өмір мен өлім тақырыбы да ерекше орын алады. Табылды Досымовтың тағдыры – 45 жасында ұйықтап кетіп оянбай қалғаны қалың еліне мәлім. Сол қасіретті ақынның өзі алдын ала сезгендей, жырға қосып кеткен: 

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,

Қозым-ау деші күлімдеп Баяндай маған.

Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме,

Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.

Ақын ел-жұртына, жақындарына арнап, өмірдің мәңгі еместігін ескертіп тұрғандай. «Егер бір күні мәңгілікке көз жұмсам, таңданба» дегенге саяды. Бұл – өмірдің өтпелілігін мойындаған, пенделіктің қамытынан шаршаған жанның өсиеті тәрізді. Расымен де, ақын сол өлеңінде өз тағдырын алдын ала жазып кеткендей. Өлеңде айтылғандай, ол бір күні барлығын тастап мәңгілікке ұйқы құшағына кетті… Бұл жолдардағы философиялық тереңдік пен трагизм ақын мұрасының ең әсерлі қыры. Қойылым барысында осы өлең жолдары орындалғанда, көрермен санасында өмірдің мәні мен уақыттың қадірі жөнінде сан сауал туындаған шығар. Ақын поэзиясының күші де осында, оның өлеңдерінде бір-ақ шумақпен жан-дүниеңді төңкеріп, жүрегіңді шымырлатар тылсым қуат бар.

Табылды Досымов – тек сыршыл лирик ақын ғана емес, оның өлеңдерінде тұтас бір ұлттың рухы мен руханиятына қатысты ойлар асқақ үнмен жырланған. «Сәйгүлік» спектаклі барысында ақынның әндері мен өлеңдері арқылы берілген рухaни биіктік, еркіндік пен ұлттық намыс идеялары көрермен көңілінен ерекше орын тапты. Әсіресе, ақынның «Биіктік» атты өлеңі қойылымның маңызды бір үндеуіндей естілді. Бұл өлеңде ақын туған жері Атырау өңірінің табиғатын, онда биік таулардың жоқтығын айта келе, нағыз биіктік өлшемі туралы өз философиясын ұсынады: 

Алты алаштың алыптары берсе дем,

Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.

Биіктікті айналайын, туған ел,

Қыранының қанатымен өлшеген, - деп толғайды ол. Яғни, туған елдің биіктігі – оның халқының, азаматтарының, еркін қалықтаған қыран құсының қанатымен өлшенеді. Тауы жоқ жазық далада өскен қыр баласы үшін биіктік дегеніміз – асқақ рух, еркіндік символы. Қанатын кең жайып көк аспанда еркін ұшқан қыран – қазақтың азат рухының бейнесі. Демек, Табылды үшін рухани биіктік географиялық биіктіктен жоғары тұр, адамды асқақтататын – оның еркін рухы, қайсар намысы. Дәл осы өлеңінде ақын қазақтың өр рухты ұлдары мен ұлт қаһармандарын мақтан етеді. Ол: 

Ерліктері айналмайтын елеске,

Атыраудың алыбының бәрі есте.

«Ереуіл атқа ерін салған егесте»

Махамбеттің өзі бір тау емес пе? – деп ақын өз өңірінің даңқты ұлы, батыр ақын Махамбетті нағыз биік тауға теңейді. Махамбет секілді ерлер тұрғанда, Атырау үшін жасанды тау тұрғызудың қажеті жоқ, олар – елдің еңсесін көтерген асқар шыңдар. Табылды Досымовтың бұл өлеңі арқылы берілген ұлттық намыс идеясы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Сахнада ақын рухтана көтеріліп, Махамбеттің рухымен сұхбаттасқандай көрініс орын алды. Бұл – Табылдының өзіне дейінгі ұлт қайраткерлеріне деген құрметі, өзі солардан нәр алғанын, рухани ұрпағы екенін білдіретін асқақ жолдар. Спектакль мазмұнында да осы арқылы Табылдының ұлттық рухты жаңғыртушы ақын екені айқындалды.

Еркіндік тақырыбына келсек, Табылды Досымов – кеңестік дәуір шеңгелінде өмір сүріп, бірақ жүрегі Тәуелсіздік деп соққан ақындардың бірі. Оның жырларында бостандық аңсары, тәуелсіздіктің бағасы ашық та астарлы түрде көрініс тапқан. Қойылымдағы ақынның Желтоқсан оқиғасына арналған жыр шумақтары да шебер пайдаланылды. Мысалы, бір эпизодта актер Табылдының 

«Мен бұл күнде құл емеспін,

Күң емеспін, Азатпын!

Енді азатпын,

Басымыздан өткен талай тозақ күн.

Мен – қазақпын,

Жалғыз атын сыйға арнайтын қонаққа,

Ертесіне қиналмайтын қазақпын, – деп жар салған рухты үн бар. Осындай жолдар спектакльде пафоспен орындалғанда, көрермендер де рухтанып отырды. Табылды үшін еркіндік – тек саяси ұғым емес, ол әр адамның жан еркіндігі, шығармашылық тәуелсіздігі, ой бостандығы ретінде қастерленеді.

Ақын әндерінің біршамасы осы еркіндік тақырыбын арқалаған. Оның гитарасымен орындаған әндерінде қазақтың дарқан даласының жұпар иісі, ерке самалы сезіледі. «Сәйгүлік» атауының өзінде еркіндік идеясы бейнелі түрде тұр емес пе?! Сәйгүлік – кең далада жұлдыздай аққан арғымақ, оны құрықтау мүмкін емес, ол бостандықтың символы. Табылды  өзін де өнердегі сәйгүлікке балағандай. Ұлттық намыс пен еркіндік идеясын ұстанған Табылды Досымов поэзиясы қазіргі замандастарымыз үшін де үлгі, өйткені тәуелсіз елдің ұрпағы еркіндіктің қадірін ұғып, ұлттық рухты жоғары ұстауы тиіс. «Сәйгүлік» спектаклі көрерменге осыны ұғындырды.

«Сәйгүлік» муздрамасы – көркемдік деңгейі биік, мазмұны терең, әсері ұзаққа баратын ерекше қойылым. Табылды Досымовтың мұрасын сахнаға шығару арқылы театр ұжымы поэзия мен драманы синтездеудің озық үлгісін көрсетті. Қойылымнан кейін залдағы талғампаз көрермендердің жүзінен тебіреніс пен ризашылық қатар оқылды. Расында да, «Сәйгүлік» бізге жай ғана театр кеші емес, рухани ордада бірге тербелген поэзия кеші іспетті әсер етті. Көзі тірісінде үлкен сахнаға шыға алмай кеткен Табылды ақынның өзі осы кеште зал ортасында жүргендей күй кешкеніміз – спектакль тудырған эмоционалдық тереңдіктің белгісі.

Ақын мұрасының бүгінгі мәні зор. Оның махаббат лирикасы қазіргі жас ұрпаққа адал сезімнің нәзік сырын ұқтырады, мұңға толы жалғыздық жырлары жүрек жарасын емдейді, ал еркіндік пен ұлт рухын асқақтатқан өлеңдері әр қазақтың намысын қайрап, рухын көтереді. Спектакль осының барлығын бір жұтымда ұсынып, көрерменіне катарсис сыйлай алды. Әсіресе, сахналық шешімдердің қарапайымдылығы мен символизмге байлығы, актерлердің шынайы ойындары, музыкалық көркемдеудің үйлесімділігі – мұның бәрі «Сәйгүлікті» биылғы театр маусымының ең айтулы оқиғасына айналдырды. Мұндай мұраны жаңа буынға жеткізу – үлкен игілік. «Сәйгүлік» қойылымы осы міндетті толықтай атқарып, өнер арқылы поэзияның мәңгілік өлмейтін рухын дәлелдеді. Сахна төрінде самғаған сәйгүлік енді әр көрерменнің жүрегінде мәңгі қалды деп нық сеніммен айта аламыз.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар