Қазақстан Конституциясы – мемлекетіміздің саяси-әлеуметтік өміріндегі ең биік құқықтық құжат ғана емес, сонымен бірге халықтың тарихи жадынан, мәдени қабатынан бастау алған паспорты десек те болады. Сондықтан да ол тек заңгерлердің, саясаткерлердің ғана емес, ақын-жазушылардың да күнтізбесінен түспейтін толғақты мәселеленің бірі болды. Қазақ хандығы кезінде би-шешен, жыраулардың ханға ақыл қосып, «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Жеті жарғы» секілді ежелгі заң ережелері өмірге келуіне тікелей ықпал етіп отырғаны белгілі. Солардың жалғасы іспетті тәуелсіздіктің келуімен қазақ қаламгерлері де қарап отырмай, мемлекеттік деңгейде, Парламент қабырғасында қызмет атқара жүріп, саяси өмірге белсене ат салысты.
«Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!» - деп жырлайтын атақты жырау Асан қайғының Жәнібек ханның билігіне айтатын өткір сынынан, арғы заман жырауларының хандық билікте қаншалықты рөлі болғанын айғақтап тұрса керек.
Саяси билікке 1980 жылдары келген заңғар жаушымыз Әбіш Кекілбаевтің депутат ғана емес, Жоғарғы Кеңестің төрағасы, Мемлекеттік хатшы сынды лауазымды қызметтер атқарды. Қай қашанда мемлекеттің тұрақтылығы мен баянды дамуына қызмет еткен Әбіш Кекілбаев: «Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Cуреткер болмасам, күрескер де болмас ем. Бұрын суреткер ретінде толғандырған мәселелер – мені азамат ретінде де толғандырып жүрген мәселелер еді», - деуі әдебиет пен қайраткерліктің қатар ұғым екенін анықтай түседі.
Әдеби өмірге қарағанда саяси өмірдің жолы – бұраңы да, ауыр. Азаматтық позициямен саясатқа келген қаламгерлер көбінде саяси өмірдің талабына мойынсұнуға тура келіп жатады. Әсіресе 1995 жылғы Конституцияны өзгертуге байланысты өткен референдумда Әбіштің өзі 1992 жылғы жазған мақаласына: «Көсемді Конституцияға бағындырудың орнына, Конституцияны көсемге лайықтап, кесіп-піше бастаймыз. Конституция жасарда қалыптасып отырған тарихи ахуалдан гөрі, басқарып отырған басшының жағдайын көбірек ойлаймыз», - деген пікіріне керағар көзқараста қимыл жасауға мәжбүр болады. Ол туралы 1999 жылы Алдан Смайыловқа берген сұхбатында былай деп пікір білдіреді:
«Социализмді жетілдіруді көздейтін қайта құру саясатының ырқынан біржола арылып болмаған жылдарда тәуелсіздік алып, зайырлы мемлекет, демократиялық қоғам, нарықты экономика орнатуды жариялағанымызбен, соны жүзеге асыратын заңдар шығарылып, жеткілікті құқықтық жүйе жасала қоймады. Саяси бостандық экономикалық бостандықтан өрбитіні белгілі. Ол үшін алдымен экономикалық қарым-қатынастарды реформалау керек еді. Ол белгілі бір реттілікті, жүйелілікті, демек, біршама уақытты талап ететін. Бұл бүкіл халықтық референдум жолымен жаңа Конституция қабылдауға мәжбүр етті. Ол бүкіл халық боп тікелей сайланған Елбасына реформаны жүйелілікке көшіруге тиісті өкілеттілік пен жауапкершілік артты», - дейді.
Ел азаматтары мойындасын-мойындамасын, осыдан отыз жыл бұрынғы референдум нәтижесінде мақұлданған Ата заң, қазіргі мемлекеттігімізді сақтап тұрған ең жоғарғы дәрежедегі құқықтық құжат. Осы құқықтық құжаттың кемелденуіне, азаматтардың мүддесі мен еліміз тәуелсіздігінің берік бола түсуіне қаншама қаламгерлер ат салысты. Солардың қатарында – Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлі, Мұхтар Шаханов, Алтыншаш Жағанова, Жабал Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Смағұл Елубай қатарлы тұлғалар әр кезеңде парламент депутаты бола жүріп, ел мүддесін қаузап, заңдық нормалар үшін қаншама айтысып-тартысты.
Осылардың арасында ұлтшыл ақын Мұхтар Шахановтың заңнамалық процестерде тіл мәселесін өзекті мәселе ретінде қозғағап, «Мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болу керек!» деген ұстанымға адал болғанын халқымыз ұмыта қойған жоқ. Депутат ақын әркез мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғауда табанды пікір білдіріп, оның заңдық беделін қалпына келтіру жолында аштық та жариялағанын несін жасырайық. Ал қазіргі экономикамыздың сорына айналған Кедендік одаққа да алғаш рет батыл түрде қарсы шыққан осы Мұхтар ағамыз басқарған «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысы екенін біреу білсе, біреу біле бермейді.
Әлеуметтік мәселелерде де қаламгерлердің үні айқын шығып жатты. Әсіресе ақын Фариза Оңғарсынова Мәжілісте жүріп, қоғамдағы ең әлсіз топтарды қорғауды басты мұрат етті. Оның «Мен екі заң жаздым… бірінші – Баланың құқықтары… екіншісі – Аналар мен балаларды қорғау…» деуі - Конституциядағы әлеуметтік мәселерге қатысты мемлекеттік қағидаттың нақты іске асуына қаламгер депутаттың тікелей ықпалы болды деп айта аламыз. Былтырғы «Бишимбаев ісінен» кейін де әйел құқығы мәселесінің еліміздің түйткілді мәселелерінің бірі екеніне қоғамның көз жеткендей болды. Сол мәселеге өз кезінде әдебиеттен келген депутаттың алғашқылардың бірі болып үн қатып, алғашқы заңнамалық парағын негіздегеніне көз жұма алмаспыз.
Ал Сенатта қызмет атқарған Жабал Ерғалиевтің пікірлері халықтың атынан сөйлеу мәдениетін талай айқындаған еді. Оның: «Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға жол ашады», - деген ойы елдің заңға деген сенімін арттырып, демократиялық құндылықтарды бекітуге ықпал етті. Бұл – қаламгерлердің парламентте жүріп халық пен билік арасындағы көпір бола алғанының айғағы.
Бір жағынан, парламентке барған Қадыр Мырза Әлі, Алтыншаш Жағанова сияқты қаламгерлер ұлттық руханият пен мәдениет саласына ерекше назар аударса, екінші жағынан, Олжас Сүлейменов пен Смағұл Елубай экология, тіл саясаты, ақпараттық кеңістік сынды стратегиялық мәселелерді заңдық тұрғыдан көтерді.
Осы тұлғалардың бәрін біріктірген ортақ қасиет – әдебиеттен келген азаматтық позицияларының саясаттағы шешуші рөлге айналуы еді. Мемлекетін, ұлтын шексіз сүйе отырып, гуманитарлық таным мен қатып қалған қағидалар арасына жылулық пен келісімнің өзгеше түрін ұсынды. Беделі, зиялылығы көбіне-көп саяси тұрақтылықтың кепілі болды. Конституция мен заңдарды талқылау барысында қаламгерлер ұлттың сөзін сөйледі, халықтың үнін жоғары мінберде ашық жеткізді. Осы тұлғалар депутат болып тұрғанда Парламент тіршілігі қайнап жататын. Қаламгерлердің мысы басқан билік органдарының құты қашып, берекесі қашатын.
Бәрібір мынау ғаламға гуманды көзбен қарай алатын қаламгерлер қауымының Парламенттің бет-беделі, айнасы, таразысы бола алды. Қазақ қаламгерлері Конституцияны – қағаздағы заң емес, халықтың рухани құндылықтарының заңдық бейнесі деп түсінеді. Олар үшін Ата Заң – әділеттілік пен бірліктің, тәуелсіздіктің сенімді кепілі. Сондықтан да ақын-жазушылардың Конституция туралы пікірлері елдің құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамға заңға құрмет сезімін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Конституцияға енгізілген әрбір бапта қаламгер тұлғаларымыздың азаматтық көзқарасы мен ұлттық мүддені қорғауға деген адалдығы аңдалып жатты. Сонау хандар заманынан қалған руханият өкілдерінң хан кеңісінің ортасында болғандығының заңды жалғасы бола алды. Мінекей, осы тарихи сабақтастық болашақ қазақ мемлекетінде де тағылымды аманат ретінде жалғасатынына қашанда сеніміміз мол.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.