Досым Омаров. Абай діндар болған ба?

Бөлісу:

05.08.2025 1080

«Абай діндар болған ба?» деген сұрақтың жауабы дінді қабылдаудың деңгейіне байланысты екі түрлі болады. 

Дінді қабылдаудың екі деңгейі бар. Біріншісі, түрлі діни бағыттарды қамтып, оның тар мағынасын береді. Екіншісі, бүкіл болмысты қамтитын діннің кең мағынасын береді. Біріншісі, діннің сыртқы мәнін білдіретін дүниелік деңгей болса, ал екіншісі діннің ішкі сырын беретін рухани деңгейде. 

Абай дінді екінші, яғни кең мағынасында қабылдаған. Сондықтан, Абай қарапайым деңгейдегі діндар емес, діннің ішкі мәнін түсінетін рухани адам болған деуге болады. Абай хакім болды. Адамзаттың бұл ұстаздары діндерді бөлмей, оларды бүкіл Болмыс көрінісі ретінде қабылдайды. Абайдың осы рухани биік деңгейін түсіне білсек, бізге де діннің шын мәнін түсініп, Болмыс бірлігін толық қабылдауға мүмкіндік туар еді. Сондықтан, Абайдың діни көзқарасын дұрыс түсінудің маңызы зор. 

Дін өзінің кең мағынасында бүкіл Болмысты қамтитын өмір көрінісі. Бұл туралы Абайдың өзінің ««Ғұмыр өзі – Хақиқат» деген сөзінен білуге болады. Бұл арадағы «Ғұмыр» деген сөз қарапайым өмірді ғана емес, бүкіл Болмыс көрінісін білдіреді. Себебі, бізге араб тілінен енген сөздердің барлығы да дінмен байланысты болғандықтан, олар рухани деңгейдегі мағына береді. Яғни, Ғұмыр сөзі қарапайым өмірді емес, оның материалдық және рухани бөліктерін толық қамтыйды.

Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде былай дейді:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті,

Алланы танытуға сөз айырмас.

Абай осылай Алланың бар екенін растай отырып, оны танытуға төрт кітап келгенін сөз етіп отыр. Құранды басқалардан ерекшелемей, басқа кітаптар да «Алланы танытуға сөз айырмас». 

Данышпанның дінді қабылдау деңгейін оның отыз сегізінші сөзінен толық көруге болады. Ол Алланы бүкіл болмыс көрінісі ретінде сипаттады.

Алла-Тағала – бүкіл Болмысты толық қамтитын өте кең ауқымды ұғым. Абай ілімі болса да, ислам қағидасы бойынша да осылай. Себебі, Алладан басқа ештеңе де жоқ, барлығы Оның көрінісі. Сонымен, Болмыс – адамзат дүниетанымындағы ең ауқымдыжәне ең маңызды ұғым. Себебі, Болмыс «бар», «болу» деген түсініктен шығып, барлықты түгелдей қамтиды. Болмыс шексіз, және саналуан көріністерден құралады. Сондықтан, Болмысқа рухани мен материалдық әлемдер түгелдей кіреді. Заттық әлемнің ішіндегілер де, оны сыртындағылар да, түгелдей Болмыс көріністері. Болмыс шексіз, бір және біртұтас дегеніміз осы. Болмысты қазақ Алла, Құдай, Тәңірі деп атаса, ал басқа халықтарда да өздерінің көптеген атауларын білеміз. Бірақ барлығының мағынасы бір – Бір Болмыс. Сондықтан, Болмысты танысақ Құдайды танимыз. 

Алла-Тағала дегеніміз не, немесе Ол кім? Алла-Тағаланы сөзбен жеткізу мүмкін болмағандықтан, Оны жансыз, не болмаса жанды деп атауға да болмайды. Ол барлығын қамтитын шексіз Абсолют болғандықтан Алла туралы тұжырымдар өте көп. Әркімнің өз түсінігі бар. 

Теологияның негізі болып табылатын, Болмыстың бұл бірлігін хакім Абай өзінің отыз сегiзiншi сөзiнде былай деп тұжырымдап берген: 

Бiз Алла-Тағала «бiр» деймiз, «бар» деймiз. Ол «бiр» дегеннiң өзi ақылымызға ұғымның бiр тиянағы үшiн айтылған сөз. Болмаса ол «бiр» дегеннiң өзi Алла-Тағалаға лайықты келмейдi. 

Абай Болмысты Алла-Тағала деп атап отыр. Рухани тұрғыдан алғанда «бiр»,«бар» деген сөздер мәңгілікті бірлік пен барлықты білдіреді. Мәңгілікті «бар» нәрсе ешуақытта жоғалмайды. Егер Болмысты мәңгілікті деп қабылдайтын болсақ, онда мәңгілікті Алла-Тағала – Болмыс, және мәңгілікті Болмыс – Алла-Тағала. Осылай, Абай Алла-Тағала деген сөзбен Болмысты атап отырғанын көреміз. 

«Алла-Тағала «бiр» деген сөздiң өте терең мәнi бар. Бұл исламдағы монотеистік негізгі ұғым. Алла бөлінбейтін бір болса, онда Оның Өзі мен жаратқандарының арасында ұқсастық пен бірлестік болуы керек. Бұл туралы Абай былай деп жазады: Өз пиғылдарыңды Соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла-Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ.

Өмір Болмыспен үйлесімді болса, әркім де Алла-Тағалаға ұқсас қасиеттерге ие болатынын Абай осылай көрсетеді. 

Екінші маңызды ұғым – Алла-Тағаланың шексіздігі. Алла-Тағала шексіз болғандықтан, Ол бүкіл Болмысты қамтиды. Бірақ бұл шексіздікті ақылмен түсiну қиын. Себебі, Абай сөзімен атқанда «Алла-Тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеусізді өлшеулімен түсінуге болмайды». Шексіз Алланы сөзбен де суреттеп жеткізуге мүмкін емес. Оның есімі жоқ, бірақ, ұғымның бір тиянағы үшін біз түрлі сөздермен сипаттаймыз. Әр халық өзінше атайды, сондықтан, біздің қазақ «Алла», «Құдай» және «Тәңірі» деп атайтыны белгілі. Бұл есімдер шексіз бір Абсолюттің атаулары. Түпкі мағынасы бір – бүкіл әлем бір көзден шығады, Ол – таза Рух. Рух атауы көп болғанымен, Ол бөлінбейтін, барлығына ортақ, біртұтас. Барлығы Содан шығады. Ал Одан шыққандардың барлығы қайта қайтып, біртұтас болып, бір орталыққа бағынуы керек. Ол үшін төменгі жандар жоғары жандарға бағынып, құлшылық жасайды. Жан осылай ең жоғарғы Жанға, Түп Иеге қайтып, бірігуге мүмкіндік алады. Сондықтан, Абай бабамыз өмірдің түпкі мақсатын Түп Иеге қайту деп береді. 

Абай әрi қарай сөзiн жалғастырып, Болмыстың бірлігін дәлелдеу үшін өзінің терең ойларын былай деп аша түседі. «Ол «бiр» деген сөз Алла-Тағала ғаламның iшiнде, ғалам Алла-Тағаланың iшiнде», – дейдi. Бұл сөздердің Алла-Тағаланың түрлі аспектілерін, сонымен бірге, бүкіл болмыс өмірінің көріністерін беретін терең мағыналары бар. Шәкәрімнің «Жел мен су, тас, топырақ, шөп пен ағаш, Ғаламда не бар болса, бәрі – жанды» деген сөзі де осы тұжырымды білдіреді.

Енді Алла-Тағаланың кім екеніне келейік. Абай Алла-Тағаланың болмысын «Ғұмыр өзі – Хақиқат» деп береді. Ғұмыр, яғни, қазақша өмір дегеніміз – бүкіл Болмыс көрінісі, ал Хақиқат дегеніміз – Алланың Өзі деп түсінетін болсақ (шынында да солай), сонда «Болмыстың өз – Алла» болып шығады. Осылай, Болмыс Алланың көрінісі екеніне тағы да көзіміз жете түседі.

Шексіз Болмысты түсініп, Оны дұрыс қабылдау өте қиын екені белгілі. Сондықтан, Оны түсінуді жеңілдету үшін заттық әлемнің бір көрінісімен салыстырып көрелік. Себебі, көне дәуір данышпандары айтқандай, төменде не бар болса, жоғарыда да сол бар. Мысал үшін Оны сүтпен салыстырайық. Толық болмаса да, сүттің құрылымы мөлшерлеп болса да, Болмыс көрінісімен ұқсастығы бар. Осылай Алла-Тағаланың шексіздігін түсіне аламыз. 

Сүт бізге ақ түсті, біртұтас, және біркелкі сұйық зат болып көрінеді. Бірақ, оның құрамында, яғни ішінде, біз көрмейтін көптеген элементтер бар. Оларға май түйіршіктері, су, және көптеген химиялық заттар жатады. Сүттен қаймақ, май, ірімшік, құрт тәрізді құндылықтар аламыз. Сүт бүкіл әлемнің бір бөлігі болғандықтан, ол да көзге көрінбейтін үнемі қозғалыста. Егер сүтті былғап, қозғалысқа келтіретін болсақ, қозғалыс әсерінен жеңіл май түйіршіктері, біраз уақыттан кейін сүттің бетіне шығып, қаймақты құрайды. Осылай сүт екі бөлікке бөлінеді. Сүт айыру машинасының (сеператордың) жұмысы да осы май түйіршіктерінің судан жеңіл қасиетіне негізделген. Сеператор сүтті қатты айналдырғанда инерцияның тебу күшімен ауыр су түйіршіктері ортадан сыртқа ұмтылады, ал май түйіршіктері жеңіл болғандықтан ортаға жиналады. Осылай қаймағы сүттің ауырлау сұйық бөлігінен бөлініп алынады. Ал қаймақты әрі қарай былғап, айналдыратын болсақ, май түйіршіктері бірігіп, таза май мен сары су пайда болады. Май сүттің негізгі құндылығы болса, ал сары суы қосалқы бөлігі. 

Енді Аллаға, яғни Болмыс көрінісіне келейік. Сүт тәрізді, Болмыстың да түрлі бөліктері бар. Болмыс үнемі қозғалыста болғандықтан, Оның «ауыр» бөліктері «жеңіл» бөліктерінен бөлінеді. «Жеңіл» бөліктері рухани әлемді құраса, «ауыр» бөліктері материалдық әлемді құрайды. Сүттің негізгі құндылығы қаймақ болса, ал Болмыстың негізгі құндылығы рухани бөлігі болып табылады. 

Сүтті әрі қарай былғап, қозғалысқа келтіргенде май бөлініп шығатыны тәрізді, Болмыс қозғалысында рухани бөлігі бірігіп рухани түйіршіктер пайда болады. Бұл рухани түйіршіктер түрлі үлкен-кішілі жандарды қалыптастырады. 

Бұл құбылысқа тереңірек үңілейік. Себебі, бұл құбылыс барлық жан иелерінің, оның ішінде пері-періштелер, тіпті әлемде пайда болған барлық «Құдай» түсініктерінің қалай пайда болатынын түсінуге мүмкіндік береді. Адамзат өзінің түрлі сана деңгейіне байланысты жоғары әлемдегі бұл періштелерді «Құдай» деп қабылдап, табынған. Осылай «көпқұдайшылық» пайда болды. Төменде не болса, жоғарыда сол болтындықтан, Болмыстың жоғарғы әлемні Оның төменгі әлеміндегі сүт құбылысымен салыстырып көрелік. 

Сүттің ішінде май молекулалары бар. Оларды біріктірсе, май түйіршіктерін құрайды. Сүтті былғау барысында ол ұсақ май түйіршіктері бірігіп, ірі май бөліктері пайда болғаны тәрізді, Болмыста да, рухани қозғалыс барысына Оның рухани қуаты бірігіп, жандар пайда болады. Жандар бірігіп, ұлғая келе ірі рухани бөліктер пайда болады. Бөліктердің қуаты олардың көлеміне байланысты. Осылай қуаттары әртүрлі түрлы жан иелері пайда болады. Кішкене бөліктер қарапайым жандар болса, ал үлкен бөліктері түрлі періштелер, немесе түрлі Құдайлар болып келеді. Құдайлар дейтін себебіміз, олардың қасиеттері бүкіл Болмыс қасиеттеріне, яғни Құдай қасиеттеріне басқа ұсақ жандарға қарағанда анығырақ. Бірақ барлығының шыққан алғашқы шыққан көзі бір, ол Болмыс, және Оның ішінде. 

Періштелер өздерінің дәрежелеріне байланысты материалдық әлемде Болмыстың түрлі көріністерін басқарады. Әлемде жандар өздеріне сай денелер қалыптастырса, ал ірі періштелер Құдайлар деп аталып, тіпті, өздеріне жеке планеталар, әлемдер құраулары да мүмкін. Ғаламда шексіз көп Құдайлар қалыптастырған саналуан әлемдер (планеталар, галактикалар және түрлі жүйелер) осылай пайда болады. Болмыстың бұл бөліктерін Оның Өзінен бөліп жеке қабылдағанда түрлі түсініктер, соның салдарынан түрлі діндер пайда болады. Қоғамдағы түрлі Құдайларға табынған діндердің пайда болуы осының нәтижесі. 

Қандай жан болса да, ол материалдық әлемде өзіне тән қалыптастырады. Көрнеу әлемде адамдар, хайуанаттар ана жатырында, құстар жұмыртқаның ішінде, ал өсімдіктер жердің қойнауында тәндерін құрастырып, өмірге келген соң рухтары керек заттарды табиғаттан өзіне тартып, денелерін әрі қарай құрастырады. Тәндер заттық әлемнің бөліктері болғандықтан, фәни әлемнің ықпалымен олар үнемі өзгеріп, ақырында жойылып отырады. Ал олардан жоғары тұрған Құдайларға келетін болсақ, Олар жаратылып қойған алғашқы элеметтерден түрлі әлемдер құрап, оларды басқарады. Бұл құбылыс физикадан белгілі гальваника деп аталатын заңдылық бойынша орындалады. Әлемде ұқсас заттар біріне бірі тартылып, бірігеді. Осылай әрбір жанның ниеті мен еркіне байланысты түрлі заттық денелер мен ғаламдар пайда болады. 

Май түйіршіктерінің құрамы бірдей болғандықтан, олардың қасиеттері де бірдей. Сол сияқты, Ірі жандар мен ұсақ жандардың, сонымен бірге, барлық түрлі жандардың қасиеттері мен қуаттары ұқсас. Бірақ, әртүрлі. Жанның қуаты рух деп аталса, ал Құдайдың қуаты исламда Нұр деп аталады. Құдайдың қуаты – Нұр болса, ал жанның қуаты – оның рухы. Нұр мен жанның рухы ұқсас болғанымен, бірдей емес, оларды айыра білу керек. Отыз сегізінші сөзінде Абай Нұр мен рухтың ұқсастығын келтіреді. Көне грек ойшылдары «Өзіңді таны, сонда ғаламды танисың» деген. Құдайлар Өздерінің Нұрымен әлемдер құраса, ал жандар рухымен өздеріне дене құрайды. Осылай ғаламдағы галактикалардың және әлемдегі жан иелері мен түрлерінің саналуан көптігі пайда болады. Болмыстың шексіздігі дегеніміз осы. 

Материяның негізі рух, ол рухтан пайда болады, сондықтан рух әрқашан да материядан жоғары. Сүттің майы оның негізгі құндылығы тәрізді, Болмыстың рухани бөлігі де Оның негізгі қуаты. Бірақ сүт болу үшін оның құрамында керекті заттар түгелдей болуы керек. Сүттің ішіндегі заттардың барлығы да сүт болып көрінеді, сол сияқты, Болмыстың ішіндегі барлық көріністер де Болмыс болып көрінеді. Сондықтан, майды көріп, біз сүттің бар екенін білеміз, ал әлем құбылыстарын көріп, Болмысты танимыз.Судың ішіндегі балықтар мұхиттың шегін білмейді. Оның шегін білу үшін мұхиттан шығып, оған сырттан қарау керек. Балықта ондай мүмкіндік болмағандықтан, оған мұхит шексіз болып көрінеді. Сол сияқты, біз де Болмыстың ішінде болғандықтан, Оның шегін біле алмаймыз. Оның бірлігіне ой өрісіміз жетпей, оны бөліп қабылдап түрлі ағымдар, діндерді қалыптастырамыз. Тек қана бір екенін түсініп, бөліктерінен Оның өзінің толық көрінісін көре алғанда ғана әрбір бөлігінен Оның Өзін сезіп, бірлігін тануымызға болады. Болмыстың, яғни Алланың шексіздігі дегеніміз осы. 

Енді данышпанымыздың рухани мұрасынан ғибрат алып, біз де Алланың шексіздігін түсініп түсініп көрелік. 

Алла-Тағала ғаламның iшiнде. Абайдың «Алла-Тағала ғаламның iшiнде» деген сөзі, сүттің әрбір бөлшегі сүттің өзінің ішінде болғаны тәрізді, Алла-Тағала да Өзінің жаратқан түрлерінің барлығының ішінде екенін білдіреді. Алланың бұл аспектісі Оның әлемді қалай жаратып, қалай басқаратынын түсінуге мүмкіндік береді. Алла-Тағала ғаламның iшiнде болса, онда Ол ғаламның бiр бөлiгiнде ғана емес, оның барлық бөлiгiнде болуға тиісті. Ол макрокосм мен микрокосмның, яғни ғаламның, әрбір түкпірінде, барлық бөлшегiнде, әрбiр атомның iшiнде, сонымен бірге, әрбір жан иесінің жүрегінде болуы керек. Бүкіл Болмысты қамтитын мұндай терең ұғымды тек қана рухани деңгейде, жүрекпен Болмыстың рухани және материалдық қуаттары бар. Осы қуаттарымен Ол бүкіл әлемді жаратып, басқарады. Оның Жаратушы қуатынан бүкіл ғалам пайда болады. Оларды жоғары және төменгі деп бөлуге болады. Жоғары қуатқа жандар жатса, ал төменгі қуатқа материя жатады. 

Алла-Тағала әрбiр атомның iшiнде, әрбір жүректе болғандықтан, Ол барлығын біледі, барлық құбылыстың себебі, және әлемдегi барлық құбылысты Өзі басқарады. Бүкіл әлем осы себептен үйлесімді. «Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла» деп Абай Алладан ештеңені жасыруға болмайтынын түсіндіреді. Не болмаса, «Құдайсыз шөптің басы да қимылдамайды» дейді халық. Жаратушыға тілек айтып, не болмаса іштегі сырды жасырып та керегі жоқ. Себебі, Ол ішіңді айтқызбай біледі, және әркімге өмірге керегінің барлығын әуелден берген, және шексіз рахымды, мейірімді болғандықтан, уақыт келгенде барлық тілегіңді орындайды. Өмiрдегi барлық әсем, сұлулық, немесе неше түрлi ақыл жетпес табиғаттың күрделi құбылыстарының барлығы да Алла-Тағаланың шексіз хикметтерінен пайда болады. Алладан ештеңені жасыруға болмайды – Ол барлығын біліп, қадағалап отыр. 

Жүректе ғаламның ішіндегі Алла-Тағаламен бірге, Оның жоғарғы қуаты жан да орналасқан. Жан жүректе орналасқаны туралы «Онан соң жүрек айтыпты: «Мен — адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ» дейді Абай. Жанды осылай басқарып, Алла бүкіл жан иелерінің өмірін бағыттап отырады. Алла мен жанның байланысын ұят дейміз. Алла мен жанның байланысы рухани болғандықтан, ұят сол рухани қуаттың көрінісі, яғни ұяттың негізі рухта жатыр. Рух неғұрлым таза болса, ұят та солғұрлым жоғары болады. Ұят адамның адамгершілігін қалыптастырып, оның өмірін басқаратын негізгі ішкі тірегі. Ол неғұрлым күшті болса, адамның адамдығы да солғүрлым жоғары болады. Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген сөзі осыны білдіреді. Себебі, бұл қасиеттер рухани болмыстан шығады: қайрат тән қайраты емес, жан қайраты, сондықтан ол ыстық; ақыл мидан шығатын суық емес, жүректен шығатын рухани, сондықтан ол нұрлы; жүрек денеге қан жүгіртіп, оны басқаратын суық емес, ол көзі ашылып, Хақтың сәулесі түскен, сондықтан жылы жүрек. Бұл қасиеттер ұлғая келе адамды Абай көрсеткен «жарым адам» деңгейінен «толық адам» деңгейіне көтереді. Адамдар бірінен бірі осы қасиеттерімен артылып, қоғамның түрлі көріністерін тудырады. 

Ұят арқылы Алла жанды, яғни адам өмірін басқарады. Жүректегі Алла кінәрәт істерден аулақ етіп, адамды дұрыс жолға салып, жоғары дамыған ұят Болмыспен қайта бірігуге мүмкіндік жасайды. Абайдың «Түп Иеге қайту» дегені осыны білдіреді. Өкінішке орай, жан нәпсімен былғанған кезде тән құмарымен адам баласы ұятын ұмытып, Аллаға бағынбай теріс жолға түсіп кетеді. 

Ғалам Алла-Тағаланың iшiнде. Абайдың бұл сөзі пантеистік көзқарасты, сонымен бірге, Құдайдың имперсионалдық (тұлғасыздық), яғни әлемдік көрінісін білдіреді. Сүттің әрбір бөлігі оның ішінде болғаны тәрізді, Алла-Тағаланың әрбір бөлігі, яғни бүкіл ғалам Құдайдың ішінде. Сүттің әрбір бөлігінен сүттің өзін білетініміз тәрізді, ғаламның әрбір көрінісінен Құдайдың Өзін танимыз. Ғалам Алла-Тағаланың ішінде, яғни, ғаламды Алла жаратқан, сондықтан, Абай сөзімен айтқанда, «Ғұмыр өзі – Хақиқат». Бұл сөз адамның өмірі Алланың бір көрінісі екенін, оның сондай жоғары бағалы екенін білдіреді. 

Рух бөлінбейтін болғандықтан, Құдайдың бөліктері Оның Өзінен айырмашылығы жоқ. Сондықтан әлемдегі әрбір жан иесі, хайуанаттар әлемі, табиғат көріністерінің барлығы Құдайдың түрлі көрінісі болып табылады. Бүкіл әлем, оның ішінде мен де, сен де Болмыс көріністері. Мен өзім әлемнің басқа көріністерімен біртұтас болғандықтан, олармен біргемін. Сондықтан, басқаға жасаған қиянатым менің өзіме жасаған қиянатпен бірдей. Осылай, Абай берген «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағидасына келеміз.

Сонымен бірге, Құдайдың жаратушы қуаты, яғни, Нұры да осы ғаламның ішінде. Құдайдан басқа ештеңе де жоқ. Осы себептен, «Құдайдан басқа да бар» деген ұғым исламда Аллаға серік қосу, күпірлік болып табылып. Ғаламның барлық көріністері осы Нұрдан пайда болып, Оның Жаратушы қуатын білдіреді. Бүкіл ғалам осы Қуаттан пайда болады. 

Алланың Қуаты, яғни Нұры жоғарғы және төменгі әлемдерден құралады. Олар бірімен бірі тығыз байланыста, және жоғарғы әлемдер төменгілерді бағыттап, басқарып отырады. Осылай адамзат қоғамы мен нәзік әлемдердегі аруақтар, періштелер арасында байланыс орнайды. Періштелер табиғат көріністерін, адамзат өмірін реттеп, бағыт береді. Тіпті, өлген адамдардың аруақтары да ұзақ уақыт қоғаммен байланысын үзбейді. Олар біріне бірі әсер етіп, өзара көмектерін беріп отырады. Қазақ халқының құрбан шалып, аруаққа Алланың шапағат Нұрын тілеу тәңіршілдіктен келе жатқан ежелгі дәстүр. Бұл дәстүрлер Алла-Тағаланы кеңінен түсіну мен ежелгі тәңіршілдіктің айырмасы жоғын көрсетеді. Бұл дәстүрлерді дұрыс түсініп, таза көңілмен орындаудың маңызы өте зор. Жасаған құрбандықтың нәтижесі де осыған байланысты болады. Сондықтан, әрбір құрбандықты рухани деңгейде өткізе білу керек. Фәнилік ынтамен өткізілген құрбандықтың нәтижесі төмен болады. 

Болмыс үнемі қозғалыста. Күн бүкіл космосқа өзінің жылу қуатын беріп, түрлі планеталарға өмір береді. Оның да жаны және материалдық денесі бар. Жаны сол денесімен бүкіл әлемге қуат беріп отыр. Күнді оның ішіндегі Құдай басқарады. Оны күн періштесі дейміз. Ал Жер бетіндегі өмірді Құдай түрлі жан иелері, және басқа періштелер арқылы жаратады, және басқарады. Періштелер Құдайдың фәни әлемдегі көмекшілері болып табылады. Жердің, әрбір хайуанат түрінің, тіпті судың, ауаның, оттың да өз періштелері бар. Қазақ халқы бұл періштелерді жақсы біліп, оларды құрмет тұтқан. Періштелердің басқаруымен материалдық өмір үйлесімді болып отыр. Ашаршылық кезінде қазақ халқы жоғарғы Жаратушыға мал сойып, тасаттық береді. Сол кезде адамдардың құлшылығына разы болған Жаратушы періштеге жаңбыр бергізеді. Осылай бүкіл әлемді бір Құдайдың әлемдік көрінісі басқарып отырғанын түсінеміз. Ал Құдайдың бір екенін ескермей, Оның бөліктеріне, яғни, періштелеріне табынып кеткенде көпқұдайшылдық, яғни, язычество пайда болады. Осылай бір Тәңірге бағынған алғашқы тәңіршілдік көпке бөлініп, құлдырап кетті. 

Болмыстың оның бір Алла-Тағаланың ішінде болғанына негізделеді. Ғаламның бір бөлшегі болғандықтан, әрбір адам Болмыспен тұтастыққа ұмтылуы керек. Имандылық дегеніміз осы. Рухани әрекет пен материалдық әрекеттің айырмашылығы осында жатыр. Иманды әрекет болмыстың бірлігі үшін болса, ал материалдық әрекет Болмысты бөлшектерге бөлуге бағытталады. Иман адам өмірін тура жолға салса, ал имансыздық теріс жолмен адамды адастырып жіберді. Сондықтан, Абай «Пендеге иман өзі ашады жол» дейді. Бұл қарапайым адамға өмірде үнемі естен шығармайтын өте маңызды тұжырым. Өзімшілдіктен шығатын имансыз әрекет Құдайға қарсы, сондықтан күнәлі іс болып табылады. Иманды әрекет арқылы адам Болмыспен бірігіп, өмір мақсатына жетеді. Түп Иеге қайтады. Егер адам өзінің білместігінен оған кері әрекет етіп, тұтастықты бұзатын болса, онда ол қарымта заңдылығы бойынша өзіне тиесілі жазасын алады. Адамның құлдырау жолы осылай болады екен. Қоғамның барлық шырғалаңы, оның ыдырауы, отбасының бүлінуі тәрізді барлық қасірет себебі Абайдың көрсеткен осы Болмыс бірлігін бұзудан шығады.

Ғаламның Алла-Тағаланың ішінде екенін білу арқылы қоршаған ортаның әрбір көрінісінен Құдайды танып, Оның бізге деген махаббатын, қамқорлығын, мейірімділігін сезініп, Оның шексіз құдыреттілігін, ешкімге тәуелді емес екенін түсінеміз. Оған деген иман ұлғайып, махаббатқа айналады. Қоршаған табиғатпен байланыс күшейеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың сахабаларының «Мен ағашты көріп, Алланы таныймын» дейтін сөздері осындай бірлікті білдіреді. 

Әлемдегі барлық жан иелері Болмыстың бөліктері екенін сезінгенде адамдар арасындағы қатынас түзеліп, қоғамда бейбітшілік орнайды. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағидасы іске асады. Иманымыз толығып, өседі. Әрбір жан иесінде Құдайға деген махаббат күшейіп, Түп Иеге қайтуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, әрбір адам болмыс заңдылығын бұзбай, бақытты өмір сүре алады. Иманды қоғам дегеніміз осы.

Құдайдың тұлғалық қасиеттері. Алла-Тағаланың тұлғалық көрінісі ғаламның хикметтерін, шексіз әралуандығын түсіндерді. Әлем көріністерінің шексіз алуандығының себебі неде? Тұлғаны екі қасиеті бар. Олар: еркіндік пен қалау. Бұл екі қасиет Аллада да бар. Бірақ шексіз. Алланың шексіз еркіндігі мен қалауына байланысты шексіз алуан түрлі табиғат көріністері пайда болады. Алланың бір бөлігі болып табылатын әрбір жан иесі де тұлға. Қоғам өмірінің көріністері шексіз аулан болатыны жанның осы екі қасиеттерінің шексіздігінен шығады. Осылай, шексіз жан қасиеттерінен Болмыстың шексіз көріністері пайда болады.

Абай Алланың сегіз тұлғалық қасиеттерін көрсетеді. Ол отыз сегізінші сөзінде былай дейді.

«Алла-Тағаланың сипаттары: Хаят (Өмір, Тірлік), Ғылым, Құдірет, Басар (Түсіну, Білу, Қабылдау), Сәміғ (Естуші, Тыңдаушы), Ирада (Тілек, Мақсат, Қалау), Кәлам (Сөз, Тіл), Тәкин (Тудыру, Жасау, Бар қылу)». Бұл сегіз сипат Құдайдың тұлғалық көрінісін береді. Яғни, Жаратушыда тұлғалық қасиеттер болғандықтан, Оның жаратқандарында да тұлғалық қасиеттер бар. Әлемдегі барлық жан иелерінің тұлғалық қасиеттері Алладан шығады. Алла-Тағала тұлға болғандықтан, Оның жаратқандарының барлығы да тұлғалар. 

Сонымен, тұлғаның негізгі белгісі ерік пен қалау болып табылады. Жан шексіз болғандықтан, оның еркі мен қалауы да шексіз. Сондықтан, әлемдегі тұлғалар шексіз, әлем көрінісі де шексіз. Өмірде бірдей жан иесінің болуы мүмкін емес. Тіпті бір ағаштың жапырақтарынан да тиянақпен қараған адам айырмашылықтар табады. Осылай әлем құбылыстарының сан алуандығы туып, олар қозғалыс арқылы өмірді тудырады. Өмір дегеніміз осы сансыз көп тұлғалардың өзара қарым-қатынасы. 

Әлем заңдылығын Құдай жасағанымен, Ол бұл заңдылықтан тыс және оған араласпайды. Абай бұл туралы «Ауруды жаратқан Құдай, бірақ, ауыртқан Құдай емес» дейді. Болмыстың әділет заңдылығы бойынша өз еркімен жасаған әрекеті үшін жан сыбағасын, яғни қарымтасын алады. Құдай шексіз рахымды және мейірімді болғандықтан, Ол жанның еркін шектемей, әрекетіне толық ерік береді.

Осылай әрбір жан иесінде Құдайға деген махаббат күшейіп, Түп Иеге қайтуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, әрбір адам болмыс заңдылығын бұзбай, бақытты өмір сүре алады. Иманды қоғам дегеніміз осы.

Қорыта айтқанда, біз Алланы толық біле алмаймыз. Оның көріністері арқылы ғана түсінік алып, біраз тануымызға болады. Сондықтан, иманды өсіру үшін ең әуелі ой өрісімізді кеңейтіп, болмыс көріністерінен Алланың хикметтерін сезініп, Оны тануға болады. Абай «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа» деп өмірдің не үшін берілетінін түсіндіреді. 

Абай көрсеткен Болмыстың бірлігін ұмытқан кезде түрлі ағымдардың тартысы басталады. Осылай бүгінгі дінаралық қайшылықтардың негізгі себебін көреміз. Сондықтан, бейбіт өмірдің тура жолына шығу үшін ең әуелі Болмыстың бірлігін дұрыс түсініп, Оны толығымен қабылдай білуіміз керек. Мұндай түсінік барлық қайшылықтарды шешу жолы болып табыладОсылай Абай қарапайым түсініктегі діндар емес, бүкіл болмысты қамтитын рухани деңгейде болғанын көреміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар