«Разы емен, осындай ат мінбесем...»
Бөлісу:
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай ақынның «Аттың сыны» өлеңіне талдау жасалған дөңгелек үстел өтті. Абайтанушы ғалымдардың пікірінше жүйрік аттың жалпы жаратылысын сипаттаған бұл өлең 1886 жылы жазылған. Он бір буынды қара өлең үлгісінде жазылған ғажайып ғазал 1897 жылы Қазан қаласында «Князь бен Зағифа» атты жинақта тұңғыш рет жарияланған екен.

«Ер қанаты – ат» деп ұғымды дана халқымыз ежелден бойына сіңірген. Қазақ музыкасындағы «Сұржекей» мен «Құлагер», «Екі жирен» мен «Екі-ай торы» секілді әндер мен «Телқоңыр», «Маңғабылдың Қарақасқасы», «Жолаушының жолды қоңыры», «Балжыңгер», «Кербез керік» секілді ғажайып күйлер тізімі осы сөзіміздің дәлелі.

Ақын, әйгілі атсейіс Қажытай Ілиясұлы бір сұхбатында: «Менің есебім бойынша, бәйге атының жетпіс тоғыз түрлі сыны болады. Мысалы Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында тұлпар аттың елу үш белгісін жазса, Абайда аттың жиырма жеті түрлі сыны бар. Ал би Боранбай Қабанбайдың Қубасын таңдағанда, жүйрік аттың ең негізгі он сегіз белгісін айырықша атайды» дейді.
Сонымен жылқы жайында сөз болған, дәлірек айтсақ Абайдың «Аттың сыны» өлеңіне қатысты бұл шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы әкімшілік-басқару персоналының ғылыми-хатшысы, «Абай» қорының жетекшісі Аслан Ғафуров жүргізіп отырды.

Шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Ұлттық ат спорты федерациясының «Құрметті президенті» Сәдібек Түгел қатысып кітапхана ұжымына өз алғысын білдірді. Кітапхана басшылығына «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті» деген көлемді еңбегін тару етті.


Содан кейінгі сөзді «Абай академиясының» Президенті, филология ғылымдарының кандидаты Жандос Әубәкір мырза сабақтады. Абайдың айналасындағы біршама естеліктерге тоқталды.



Абайдың осы «Аттың сыны» өлеңін моңғол тіліне аударған аудармашы, ауылшаруашылық саласының маманы Мекеш Тәліпұлы хакімнің осы өлеңіне қатысты пікірін былайша ортаға салды.
Мекеш Тәліпұлы, аудармашы

Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өткізіліп отырған республикалық дөңгелек үстел іс-шарасына қатысып отырғаныма бек қуаныштымын. Енді Абайдың «Ат сыны» өлеңіне қатысты өз ойымды білдіре кетейін. Біз бұл өлеңді оқушы кезімізден жаттап өстік. Ержеткен шағымызда осындай ат мінсек деген арман да болды. Өлең жүйрік аттың бойында болуға тиісті нақты белгілердің барлығын қамтыған. Осы өлеңге талдау жасап зерттеген қытай елінің азаматы, әдебиеттанушы Кәрім Дүйсенбайұлы 8 шумаққа сыйыстырған бұл өлеңде аттың басына қатысты 13 сын, аяғына қатысты 12 сын, денесіне қатысты 24 сын, қимыл қозғалысы мен жүрісіне қатысты 15 сынды қамти отырып барлығы жүйрік жылқының 64 сипаттын бейнелеген болатын.
Мен мамандығым бойынша мал дәрігері, зоотехник болып істедім. Сондықтан малдың жайын жақсы білемін. Бірде Абайдың осы өлеңін аударуға аңсарым ауды. Сөйтіп тегіміз бір, салт-дәстүріміз ұқсас, көшпенді халықтың бірі моңғол тілінде неге аудармасқа деген ұйғарымға келдім. Моңғолдың тіл мамандары мен ақын-жазушылары менің бұл тәржімама байланысты жақсы пікірлерін айтты. Мысалы Моңғолияның Баянхонгор аймағы Жазушылар одағының хатшысы, Халзангийн Тунгалаг есімді қаламгер еңбегімді ұнатқаны сондай «Баянхонгор Таймс» газетіне осы аудармамды бірден жариялаған еді.
Бөлісу: