«Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы сахналанды
Бөлісу:
Семейдегі Абай театрында «Ой толғау – Хәкім Абай» атты монооперасы сәтті сахналанды.
Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы ауқымында 2025 жылдың 5 тамызында Семей қаласындағы Абай атындағы театрда Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, профессор Шахмардан Әбіловтің «Ой толғау – Хәкім Абай» атты монооперасы сахналанды. Бұл сахналық ерекше қойылым – әйгілі өнер тарланының сан жылдық кәсіби шеберлігі мен шығармашылық толғанысының жемісі. Қойылым алдындағы көрермендерге үнқатуында шығармашылық иесі былай деген болатын: Құрметті жерлестерім! Ұлы Абай кемеңгер, әлемдік тұлға! Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылы жазған «Абай – рухани реформатор» деген мақаласында: «Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру, дәріптеу – әрбір азаматтың парызы», - деп айтқан болатын. Сонымен қатар оны ұлттық сананы дамытуға зор еңбек қосқан рухани реформатор ретінде дәріптеуіміз керек. Мінеки, егеменді елімізді, бүкіл әлем Абайды біледі. Абай арқылы қазақты біледі. Қазақ ұлтын, оның мәдениетін, өнерін біледі. Мен өте қуаныштымын. Міне бірінші рет Қазақ елінде, Семейдің Абай театрында монооперамыз қойылып жатқанына өте қуаныштымын. Концертімізге келіңіздер, бұл кеште Абайдың он бір әні орындалып, монолог оқылады. Бұл – біздің бірінші реткі таныстырылымымыз. Абайдың 180 жылдығына, сіздерге арнаймыз! Сол монооперада кездесіп, Абайша ойлап, Абайша ішкі жан дүниемізді тазартып, Абайша имандылыққа, білімге, ғылымға, достыққа өзіміздің санамызды үндестірсек, біз әлемдегі ұлы ел боламыз. Иншалла, ел аман болсын!

Қойылым барысында көрермендер Абай әлеміне, ішкі жан дүниесіне терең бойлай алғаны анық. Сахнадағы дара вокалистің орындауы арқылы Абай туындыларындағы ішкі терең ойлар, адамзат ойшылының алуан-алуан қалып-күйлері, философиялық пайымдары көрермендерге шебер синкретті қойылым түрінде тұңғыш рет ұсынылды.

Хакім Абайдың рухани мұрасын музыкалық өнермен таныту, ақынның ішкі ой әлемін драматургия мен вокал арқылы жеткізу, сондай-ақ жас ұрпақты рухани-мәдени құндылықтарға баулуды мақсат еткен бұл қойылымның фортепиано партияларын көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, танымал Өтетілеу Әлияр сүйемелдеді.

Иә, Абай өмірі мен шығармашылығы опера арқауына тұңғыш айналдырылып тұрған жоқ. Сонау 1944 жылы М.Әуезовтің либреттосы, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің музыкасы арқылы «Абай» операсы алғаш қойылғаны, одан бері де талай-талай өзгерістер мен шешімдер болғаны тарихқа мәлім.

Ұжымдық опера мен моноопераның өзара ұқсастықтары мен өзгешелік ерекшеліктері болатындығы сөзсіз. Бастауын Еуропада сонау ХҮІІІ ғасырдан алатын моноопера жанрына осылайша Абай шығармашылығы да сәтті арқау болып отыр. Хакім Абайдың ақындық, композиторлық, ойшылдық, елшіл қайраткерлік қырларының өзі де моноопераға сұранып тұрғандай.

Тек осындай бай мазмұнды бүгінгі заман талабы мен талғамына сай пішіндеп ұсына білу – шығармашылық иесінің шеберлігі сыналар тұс. Нәтижесі – Абайдың музыкалық мұрасын бүгінгі буын көрермендеріне жаңаша форматта таныстыру үшін тыңнан түрен салған моноопера қойылымының сәтті өтуі, яғни көрермендер көңілінен шығуы болды.
Бөлісу: