Семейде зағип жандарға арналған заманауи кітапхана ашылды

Бөлісу:

06.08.2025 671

Абай облысының орталығы Семей қаласында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған заманауи форматтағы арнайы кітапхана ашылды.  Бұл – елімізде баламасы жоқ инклюзивті мәдени кеңістік. Жаңа кітапхана Сеченов көшесі, 1Е мекенжайында орналасқан және көру қабілеті шектеулі жандар үшін ақпарат алу, білім жетілдіру және шығармашылықпен айналысу мүмкіндіктерін ұсынатын маңызды орталық болмақ.

Салтанатты ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли және облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков қатысты. Іс-шара барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқуды насихаттау, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау және инклюзивті қоғам қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын атап өтті.

– Мемлекет басшысы «Кітап пен кітапханасыз адамның жан-жақты дамуы мүмкін емес» деп айтқан болатын. Бұл – елімізде зағип және көру қабілеті нашар азаматтарға арналған алғашқы арнайы кітапхана. Осы жобаны жүзеге асырған «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы мен «Кемелдік Қадам» қоғамдық қорына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Берік Уәли.

Жаңа нысан жылына шамамен 15 мың адамға қызмет көрсете алады. Кітап қоры – 40 мың дана. Кітапханада 6 үйірме жұмыс істейді. Мұнда Брайль қарпіндегі және дыбыстық форматтағы кітаптар, цифрлық ресурстар, сондай-ақ көру мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы техникалық жабдықтар бар.

Кітапхана тифлотехнологиялар кабинетімен, цифрлық оқу залымен, библиография, әдебиеттерді толықтыру және өңдеу бөлімдерімен қамтамасыз етілген. Мекеме ұжымы алдағы уақытта ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін әдеби клубтар, шығармашылық кездесулер мен арнайы курстар өткізуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Көп оқылғандар