«Жақсы ән мен тәтті күй» атты әдеби-сазды кеш өтті
Бөлісу:
Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Астана қаласында өтіп жатқан мәнді-мазмұнды іс-шаралар тізбегі 6 тамыз күні де өз жалғасын тапты.
Осы күні кешкі сағат 18-де қаланың Байқоңыр ауданы аумағындағы Қаламгерлер саябағында Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалы мен Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен және Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының ұйытқы болуымен «Жақсы ән мен тәтті күй» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кешті тамашалауға жиналған қала тұрғындары алдында Астана қаласында тұратын ақындар Абайдың өзі таңдаған бір өлеңін өлеңін жатқа оқып, күйшілер мен әншілер кешті сазбен әрледі.

Кештің жүргізушісі, ақын Қабиден Қуанышбайұлы бүгінгі әдеби-сазды кештің ерекшелігіне қысқаша тоқтала келе, іс-шараны ашып беру үшін ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы мен Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы» ММ басшысы Сәкен Зиябекұлын сахна төріне шақырды.
Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы өз сөзінде бүгінгі кештің қысқаша мән-мазмұнын ашып берді:
- Армысыздар, қадірлі ағайындар! Хакім Абайдың 180 жылдығы баршамызға құтты болсын! Осы 180 жылдықтың аясында республика аумағында түрлі-түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Біз Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бірнеше іс-шара өткіздік. Атап айтқанда өткенде Жастар театрында қазақтың маңдайалды ақындары бас қосып, Абайға арналған өлеңдерін оқып, бір тамаша іс-шара өткен болатын.

Оған қала жұртшылығы мен қала қонақтары қатысты. Ақындар ақтарыла сөйлеп, Абайдың 150 жылдығынан бері қарайғы дәуірді еске алып, естелік айтқан, арындай жыр оқыған тамаша кеш болған еді. Мінеки енді бүгін қазақтың белгілі ақындары, қазақ поэзиясының жас перілері тағы да осы арда жиналып, Абайдың өлеңдерін сіздердің алдарыңызда жатқа оқымақ. Одан бөлек Абайдың әндері айтылады. Одан өзге Абайдың күйі немесе Абай заманында орындалған күйлер орындалатын болады. Мұндағы тағы бір ерекшелік: Абай заманында үш ішекті домбырамен күй тартылғанын білеміз. Өкінішке қарай бұл үрдіс кейінірек үзіліп қалған. Бүгін біз сол дәстүрді қайта жалғағалы отырмыз. Сондықтан да өте тамаша кеш болады ғой деп ойлаймын! Ауыздығымен алысып тұрған тұлпарлардың тізгінін босатып, ортаға шығарсақ деймін! Баршаңызға да тағы да той құтты болсын! Астана қаласы әкімдігіне және Байқоңыр ауданы әкімшілігіне ерекеше алғыс білдіремін! - деп алғыс-ризашылығын білдірді.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы» ММ басшысы Сәкен Есіркеп мырза сөз алды:
- Армысыздар қадірлі ағайын! Хакім Абайдың 180 жылдығы баршамызға құтты болсын! Биыл ақынның 180 жылдық мерейтойына байланысты қала көлемінді үлкенді-кішілі 140-тан астам іс-шара өтіп жатыр.

Жыл басынан бастап әр түрлі театрландырылған қойылымдарды біздің жас бүлдіршіндерімізге, орта буынға, студенттердің арасында қойып, ұлы ақынның өсиетін ұлықтаудамыз. Мерейтой жақындаған сайын қаламызда іс-шаралардың қарқыны да артып келе жатыр. Күн сайын қаланың әрбір аудандарындағы әр түрлі орындарда біздің өнерпаздарымыз концерттер, театрлық қойылымдар, домбыра думан немесе домбыра-пати, ақын өлеңдерінен жыр шашулар жасап, әндерін халыққа тыңдатып керемет кештер сыйлап жатыр. Ақынның туған күніне байланысты Семейде, Абай аулында ақынның үлкен тойы болатынын білесіздер. Оған Астанадан арнайы үлкен делегация барып, ол жақта да үлкен іс-шаралар өтеді. Бүгінгі келіп отырған іс-шараларыңыз – біздің Елордамыздағы ақындардың қатысуымен Абайдың әндерін орындап, күйлерін шертетін тамаша кеш болады деп ойлаймыз. Сондықтан қош келдіңіздер! Бүгінгі іс-шара жақсы өтсін. Жақсы демалып қайтыңыздар!

Бұдан соң әдеби-сазды кештің шымылдығын ҚР Мәдениет саласының үздігі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт»мемлекеттік концерттік ұйымының солист күйшісі Қайрат Айтбаев ашып, көне қара домбырасымен Тәттімбеттің әйгілі «Көкейкестісін» тамылжыта шертті.

Ақындар кезегімен сахнаға көтеріліп, Абайдың өздері қолай көрген бір-бір өлеңін мәнерлеп оқып берді. Алғашқы болып жұрт алдына шыққан ақын, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Ұларбек Дәлейұлы Абайдың Жапырағы қуарған ескі үмітпен» атты өлеңін оқыды.

Ақын Мұқарбек Жәкейұлы Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым» өлеңін халыққа тыңдатты.

Ал танымал ақын Тоқтарәлі Таңжарық «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңіне таңдау жасаған екен.

Үш ақыннан кейін әнге кезек беріліп, «Шабыт» университетінің ІІ курс студенті, жас әнші Елнар Халықбек Абайдың «Көзімнің қарасын» орындады.

Әннен кейін ақын Толқын Қабылша «Татьянаның Онегинге хатын», ақын Жәнібек Әлиман «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?» өлеңін, ал ақын Дүйсенәлі Әлімақын – ақын «Балалық өтті, білдің бе?» өлеңдерін кезегімен көрермендер алдында мәнерлеп оқып берді.
Бұдан соң тағы да кезек тәтті күйге беріліп, белгілі күйші және зерттеуші Рүстем Нұркенов Абайдың «Тор жорғасы» мен «Май түнін» үш шекті домбырада орындап берді.
Ақындар тағы да кезек алып, Ділдә Уәлибек «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма» өлеңін, ал ақын Наурызбек Сарша «Ем таба алмай...», бүгінгі кештің жүргізушісі, ақын Қабиден Қуанышбай «Жүректе қайрат болмаса...» өлеңін оқыды.

Осылайша әдеби-сазды кеш қорытындыланып, әнші Бақытнұр Әбілез Абайдың «Сегізаяғын» орындады.
Қаламгерлер саябағында сонымен қатар кітаптар көрмесі есігін айқара ашумен қатар, Қасым баспа үйі өзінің шығарған рухани өнімдерін саудалап жатты. Жалпы алғанда саябақ тартымды әдеби атмосфераға бөгіп тұрғанын атап өткен жөн.

Осылайша астаналықтар мен қала қонақтары Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған тағы бір тамаша іс-шараға куә болды. Ертеңгі күнгі іс-шара сәске түсте, 11 сағатта Астана қаласы әкімдігінің алдындағы театрландырылғын қойылыммен жалғасатын болады.
Бөлісу: