Абайға қатысты қос кітаптың таныстырылымы өтті
Бөлісу:
Қазақтың рухани Гипократы Абайдың 180 жылдығына орай, бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай», «Абай. Стихи и поэмы» атты қос кітаптың таныстырылымы өтті. Таныстырылымға Елорданың қаламгерлер қауымы қатысып өз ойларын ортаға салды.


Өзге шығармалармен салыстырғанда Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ романдарының ішіндегі ең көп кейіпкерлері мен жер-су атаулары бар туынды екендігі анық. Мұны әдебиеттанушы мамандар айтып та жүр. Солай десек те осы ұғымдар әлі күнге дейін жекелей зерттелмей жүр. Бұл олқылықтың орынын толтырған белгілі ақын, Алмахан Мұхаметқалиқызының «Абай жолы» кейіпкерлері және Абай» атты жаңа жинағы Мұхтар Әуезов шығармасындағы әйгілі туынды кейіпкерлерін зерттеу, ондағы көркем образдар мен тарихи тұлғалардың өзара байланысын анықтау жолында ерекше еңбек екендігі сөзсіз.

Автор өз кітабында былай дейді: «Абай жолы» роман-эпопеясы бірнеше рет қайталап оқысаң да, әлі күнге дейін кейіпкерлер мен жер-су аттарынан шатаса бересің. Әлем әдебиетін зерттеушілердің бірінің пікірінше «Абай жолы» романы- көркем әдебиеттердің ішіндегі ең көп кейіпкері бар, жер-су аттары мен ру атаулары молынан кездесетін күрделі де ірі шығарма» дегенін оқып едім. Сөйтіп жиырма алты тараудан, екі эпилогтан тұратын төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясының барша болмысын бүге-шігесіне дейін қарап, кейіпкерлерін тарауға бөліп, ру атаулары, жер-су аттарын бөлек тізімдеп шықтым.
Сонымен, «Абай жолы» романы бойынша анықталғандар:
Абайдың туысқандық айналасы – 84 болса, Құнанбай заманындағы кейіпкерлер 187, Абай заманындағы кейіпкерлер – 534, Үш бөлімге бөлген кейіпкерлердің жалпы жиыны – 805, Абайға қатысты жыр-дастан кейіпкерлері – 128, Табиғат құбылыстары – 5, Ру атаулары – 76, Жер-су атаулары – 337, Атақ-даңқ, лауазымдар – 132, Ұлттық киім түрлері – 138, Мата түрлері – 51, Көш-қон жолында тігілген үйлер, баспана түрлері – 52, Ит-құс атаулары – 29, Қол қару түрлері – 37, Жылқы атаулары – 163, Абай мінген арғымақтар – 18.Барлығының жалпы саны – 1970.
Әлемге кеңінен тараған әйгілі роман-эпопеядағы кейіпкерлердің аты-жөндерін тек қана тізіп шығумен шектелмей, әр кейіпкердің тұлғалық, достық, рулық байланысы, тарихи оқиғаларға қатысы, өзектес, сабақтастығын анықтап жаздым. Нәтижесінде роман кейіпкерлерін зерттеу, көркем образдар мен тарихи тұлғалардың байланысын анықтау, көркем фильмдер мен сахналық қойылымдар үшін өте қолайлы жүйелі әдістемелік тәсіл қалыптасты. Романдағы жер-су атаулары түбегейлі отырып Құнанбай әулетінің 15-17 қыстау-қонысы болғаны да белгілі болды» дейді.

Енді екінші кітап жайына келейік. «Абай. Стихи и поэмы» атты бұл жаңа басылымда Абай Құнанбайұлының өлеңдерін орыс тілінде сөйлеткен автор, ҚР Мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткері, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, аудармашы Орынбай Күленұлы Жанайдар. Жанайдар ағамыздың кәсіби аудармашы екендігі бәрімізге мәлім. Жиынға қатысқандар аударманың Абайдың төл нұсқасымен дәл-дәл келетінін айтты. Абай өлеңдеріндегі терең философияны дәл сипаттап, оқырман назарына ұсынған кәсіби аудармашының бұл еңбегіне де келген қонақтар тарапынан жақсы пікірлер айтылды.

Осылайша «Фолиант» баспасынан жарыққа шыққан қос кітаптың таныстырылымын ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп жүргізіп отырды. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойының аясында өткен игілікті бұл іс-шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли қатысып Абайға қатысты тың көзқарастарын айтты.

Қос кітаптың таныстырылымына абайтанушы, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, Назарбаев Университетінің Жаратылыстану әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің профессоры Гүлтас Сайынқызы Құрманбай, сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы сынды зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.


Бөлісу: