Қызылжарда «Мағжан орталығы» ашылды.

Бөлісу:

14.08.2025 976

Есіл бойындағы ежелгі қала Қызылжарда бүгін қуанышты күн! 

Тамыздың он төртінде қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі, ұлттық педагогика мен психологияның негізін қалаушылардың бірі, ұстаз, «Алаш» қайраткері Мағжан Жұмабаевтың атындағы орталық ашылды.

Қазақ даласының әр түкпіріндегі қалаларда ашылып жатқан осындай орталықтардың заңды жалғасы іспетті «Мағжан орталығы» да ұлт руханиятын ұлықтау жолында алдағы күндерде құлшына еңбек етері сөзсіз.

Үлкен істер атқарарлықтай ауқымдағы мәдени хаб ретінде ашылып отырған орталықтың болашағы зор.

Бұл ғылыми-мәдени хаб алдағы кезеңде тарихи мұраны жаңғырту орны болумен қатар, ғылыми зерттеулер жүргізетін, сан түрлі бағыттағы бағдарламалаларды жүзеге асыратын, отандық және халықаралық ауқымдағы диалогтар мен шығармашылық жобаларды жүзеге асыратын зияткерлік кеңістікке айналмақ. 

ХІХ ғасырда салынған әрі сәулет ескерткіші мәртебесіне ие  көне ғимаратта орналасқан «Мағжан орталығына» арнайы мамандардың қатысуымен реставрация жүргізілген екен. Атап айтқанда ғимараттың дизайнын ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков әзірлесе, өзге құрылыс жұмыстары Түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау қорының қолдауымен жүзеге асырылыпты. 

Сонымен қатар «Мағжан орталығының» жанында «Мағжан» арт-композициясы бар саябақ салынған екен. Оған жергілікті кәсіпкерлер мен түркиялық меценаттар бастамашы болыпты.

«Мағжан орталығының» салтанатты ашылу рәсіміне көптеген мәртебелі қонақтар келді. Атап айтқанда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев және ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты өкілдері, сондай-ақ Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасын сақтау ұйымының басшылары қатысты. Салтанатты жиынға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғаузез Нұрмұхамбетов, ұлы ақынның туған-туыстары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев өз сөзінде Мағжан Жұмабаев шығармашылығының ұлттық әдебиетіміз бен педагогикамыздың қалыптасып дамуындағы орнына тоқталды: «Тарихи тұлғаларды ұлықтау – біздің парызымыз ғана емес, ол – тәуелсіздіктің рухани тірегі, ұлттық сана-сезімнің берік іргетасы. Мағжан Жұмабаев сияқты бірегей тұлғаға арналған орталықтың ашылуы – бүкіл ел үшін маңызды оқиға. Мағжан: «Мен жастарға сенемін» деді. Бүгінде оның «Батыр Баян», «Қорқыт» поэмалары, «Педагогика» оқулығы және басқа да туындылары жас ұрпақты отансүйгіштікке, елге адалдыққа, жауапкершілікке тәрбиелеуді жалғастырып келеді. Бұл орталық Мағжан рухын жастарға жеткізіп, оларды батыл ойлауға, абыроймен әрекет етуге және туған жерге адал болуға шабыттандырады.»

Бұл орталықта Мағжан Жұмабаевтың жұмыс кабинеті өзі өмір сүрген дәуірде қолданылған тұрмыстық заттарымен сабақтастыра жасақталған. Мұнда заманауи ақпараттық технологиялардың жетістіктеріне сай жабдықталған мәжіліс залы, медиатека, мұрағат құжаттарын зерттеу кабинеті, сондай-ақ «Мағжан» журналының редакциясы жұмыс істейді. Және де мұнда зиялы қауымға арналған шығармашылық алаң мен «Мағжантану» әдеби клубы жұмыс істеп, онда түрлі форматтағы  кездесулер, пікірталастар, тақырыптық кештер ұйымдастыруға мүмкіндік тудырылмақ.

«Біз, солтүстікқазақстандықтар үшін, Мағжан – тек ұлттық қазына ғана емес, біздің өңірдің мақтанышы. Оның есімі Қазақстанда ғана емес, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстанда, әсіресе Түркияда ерекше құрметке ие. “Мағжан орталығы” тек жергілікті тұрғындардың емес, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келетін қонақтардың да сүйікті орнына айналады деп сенемін», - деп атап көрсетті, өз сөзінде өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов. Облыс басшылығы тарапынан да орталыққа үнемі қолдаулар болып тұратыны сөзсіз.

Бұл орталықтың ашылуы – еліміздің ең қиыр солтүстігінде жатқан, әрі ұлт руханиятының қаймағын әлі де қалыңдата түсуге ділгер өңірдің әдеби, мәдени өміріне үлкен серпіліс берері сөзсіз. 

Мағжан Бекенұлы Жұмабайдың писхолог-педагогтік, ақындық, жазушылық, қайраткерлік қырларын ашу, осы арқылы дара тұлғаны ең әуелі туған елі-жерінде танытып, одан соң барша қазақ еліне, күллі түркі әлеміне есімін үнемі жаңғыртып насихаттау – осы орталықтың басты атқарар миссиясы болуға тиіс деп білеміз.

Солтүстіктің бас қаласында ашылып жатқан «Мағжан орталығы» құтты, онда алда атқарылар барша рухани іс-қызметтер әманда жемісті болғай!

Фотосуреттер ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттар ресурсынан алынды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар