IFLA-ның 89-Генералды конференциясы Астана қаласында...

Бөлісу:

19.08.2025 1119

18–22 тамыз аралығында Кітапханалар мен кітапханалық ұйымдардың халықаралық федерациясы (IFLA)  89-Генералды конференциясы мен Ассамблеясын кеше Астана қаласындағы «EXPO Конгресс орталығында»   ресми түрде ашық деп жариялады. Бес күнге созылатын бұл конференцияның мәні мен маңызы еліміз кітапханалар жүйесі мен кітапханашылар үшін аса зор болмақ.

Әлемде неше түрлі ұйымдар мен федерациялар, қоғамдық қорлар бар. Сол қатарда әлемге гумандық көзқараспен қарайтын, адамзат баласының бақытын жақтаушы ұйымдардың бірі - IFLA Кітапханалар мен кітапханалық ұйымдардың халықаралық федерациясы. Бұл федерация адамзат үшін кітапхана мәдениеті мен кітап атты құндылықтың дамуы мен кемелденуіне үнсіз еңбек етіп жатқанына да ғасырдың бедері болыпты. Тарихы сонау 1927 жылдан басталатын бұл федерация алғаш Шотландияның Эдинбург қаласында құрылады.

Қазіргі штаб-пәтері Гаагадағы Нидерланды Корольдік кітапханасында орналасқан IFLA-ның бірнеше бөлімшелері мен комитеттері бар. Ол туралы wikipedia сайты былай деп ақпарат береді.

«IFLA-ның негізгі бөлімшелерінің бірі ақпаратқа еркін қол жеткізу және сөз бостандығы. Сондай-ақ кітапханаларға қатысты зияткерлік еркіндік рөлін арттыру. Ол БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19-бабында жарияланған негізгі адам құқықтарын қорғайды. Дүниежүзілік кітапхана қауымдастығындағы зияткерлік еркіндік жағдайын бақылайды және IFLA-ның ЮНЕСКО , PEN International, XIX бап цензура индексі және Халықаралық амнистия сияқты адам құқықтарын қорғау саласындағы басқа халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту стратегиясын жүргізеді» - делінген.

Әлемнің 150 елінде мүшелері бар бұл федерацияның ресми ашылу салтанатына Астана төріне 114 елден келген кітапхана ісі саласындағы делегаттар, федерацияның президенті, еліміздің лауазымды тұлғалары мен БАҚ өкілдері қатысты. 

Алғашқы құттықтау сөзді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов кітапхананың университеттер мен студенттер үшін аса маңызды екенін айта келіп былай деді:

«Біз университеттердің электрондық кітапханалық платформаларды, жаһандық ғылыми дерекқорларға қашықтан қолжетімділік жүйелерін, көптілді ресурстарды және білім беру мақсатында VR немесе AR технологияларын қалай енгізіп жатқанын көре аламыз. Бұл шешімдер студенттер мен оқытушыларға ақпаратпен жаңа деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ академиялық мобильділік пен халықаралық қарым-қатынасты жақындастырады. Жылдам технологиялық өзгерістер дәуірінде кітапхана-ақпарат саласы көптеген қиындықтарға тап болуда. Дүние жүзіндегі кітапханаларға кеңес берудің инновациялық жолдарын іздестіру, кәсіби ынтымақтастықты дамыту және болашақтағы бірлескен бастамаларға негіз қалау қажет. Мен осы барыста сіздерге табысты сессиялар, тың идеялар мен нәтижелі ынтымақтастық тілеймін! Бұл конгресс тұрақты даму, білім беру және мәдени әртүрліктегі  жаһандық рөлін нығайтады деп сенемін! Астанаға қош келдіңіздер! Қазақстанға қош келдіңіздер!», - деп әр елден келген қонақтарға ыстық ықыласты лебізін ағылшын тілінде білдірді.

Кітапханалар мен кітапханалық ұйымдардың халықаралық федерациясы (IFLA) президенті Вики Макдональд ханым былай деді:

«IFLA Басқармасы атынан сіздерді 2025 жылғы Әлемдік кітапхана-ақпараттық конгресінде Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын!

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мырзаға, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы мырза Даниел Сержанұлына , Ұлттық комитет төрағасы және Қазақстан университет кітапханалары қауымдастығының президенті Гүлжан Иржанова ханымға, және бас баяндамашы — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің президенті, ЮНЕСКО журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Орынтай Ошанова ханымға алғысымды білдіремін.

Биыл бізде  қатысушы делегаттар саны өте жоғары. Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен және Қазақстаннан 398 кітапхана қызметкері қатысуда . Бұл өте үлкен көрсеткіш! Жалпы қатысушылар саны шамамен 1700 адам болады деп жоспарлап отырмыз.

Бүгін бірнеше рет айтылғандай, IFLA алғаш рет Орталық Азияда Конгресс өткізіп отыр. Бұл — біздің жұмысымыздың жаһандық сипатын көрсететін айқын белгі.

IFLA қауымдастығына жаңа қосылған әріптестерге қош келдіңіздер деймін. Кейбіріңіз IFLA грант иегерлері мен болашақ көшбасшылар ретінде қатысасыздар — сіздердің осында болғандарыңызға қуаныштымын. Бұл халықаралық тәжірибеміздің бастауы болады деп үміттенемін.

IFLA конгресі  ерекше тәжірибе. Әріптестермен жүздесіп, ортақ тұстарымызды талқылап, айырмашылықтарымызды түсінуге ұмтылатын бірегей мүмкіндік. Қиын тақырыптарды қозғау оңай емес, бірақ кітапханаларымызда қалай пікір алмасу үшін қауіпсіз кеңістік құрсақ, бұл конгресс те сондай қауіпсіз алаң болуға тиіс.

Конгресс – бізді біріктіретін ортақ құндылықтарымызды талқылауға арналған платформа. Бұл – халықаралық күн тәртібімізді айқындап, жетістіктерімізді атап өтіп, бір-бірімізден үйрену мүмкіндігі. Ең маңыздысы – бұл біздің ұжымдық дауысымызды күшейту мүмкіндігі.

2023 жылы Роттердамда өткен соңғы Конгресстен бері әлем қатты өзгерді. Геосаяси күштердің ықпалы біздің күнделікті жұмысымызға әсер етуде..

IFLA -ның артықшылығы — бүкіл әлемнің кітапханаларының өкілі ретінде мойындалуы. Бірақ бұл өкілдік шынайы болуы үшін біз жаңашыл, батыл және өзгеге пайда әкелетін шешімдерді қабылдай алуымыз керек.

Болашақты нақты болжау мүмкін емес, бірақ бұл есеп сол болашақты болжауға және қалыптастыруға мүмкіндік береді, әрі кітапханалардың рөлін анық көрсетеді. Қазақстан Ұлттық комитеті осы Конгрессті кітапхана-ақпараттық қызметтің ұлттық тұрақты даму стратегиясын жасауға, кәсіби дамуға жағдай жасауға және Қазақстан кітапханаларын жаһандық желіге біріктіруге мүмкіндік деп санайды», - деп сөзін аяқтады.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы:

«Астананың осындай жаһандық деңгейдегі іс-шараның алаңына айналғанына мақтанамыз. Бүгінде Қазақстан – бай мәдени мұрасы мен табиғи қазыналарын сенімді түрде таныстырып отырған ел. Біз барған сайын әлемдік саяхатшылар үшін таңдалатын ел ретінде танылып келеміз.

Жақында Wanderlust басылымы Қазақстанды саяхаттауға ұсынылатын елдер қатарына қосты. New York Times газеті Алматыны "Бару керек 52 орын" тізіміне енгізіп отыр. Сонымен қатар, еліміз үздік 10 халықаралық бағыттың қатарынан орын алдық.

Визасыз режим арқылы 87 елдің азаматтары Қазақстанға еркін келе алатын болса, ашық аспан саясаты бізге әлемнің көптеген аймақтарымен әуе байланысын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Астана – тек жас астана емес, сонымен бірге іскерлік пен конгресс туризмінің дамып келе жатқан орталығына айналуда. Ірі саммиттер мен диалог алаңдарынан бастап, әлемдік деңгейдегі іс-шараларға дейін түрлі шаралар өткізіліп келеді. Өткен жылы біз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізсек, биыл – Шахматтан әлем кубогы өтті. Сондай-ақ, Астана ірі халықаралық іскерлік шараларға да тұрақты түрде алаң болып келеді.

Ал бүгін, 114 елден келген 1700 делегатты қарсы алу – біз үшін зор қуаныш!

Менің ойымша, IFLA үшін Астананы таңдау – тамаша шешім болды. Халықаралық Кітапханалар қауымдастықтарының федерациясының басшылығына алғысымызды білдіреміз» - деді.

Ұлттық комитет төрағасы және Қазақстан университет кітапханалары қауымдастығының президенті Гүлжан Иржанова ханым былай деп құттықтау сөзін сөйледі.

«Сіздерді елордамыз Астана қаласында өтіп жатқан 89 дүниежүзілік кітапханалық ақпараттық конгресінің ашылуымен құттықтаймын! Еліміздің қашаннан Еуразия жүрегіндегі өркениеттер мен мәдениеттер өткелі болған Ұлы Жібек жолы бойында болғаны біз үшін үлкен мәртебе. Ұлы Жібек жолы біздің жеріміз арқылы өтіп, тек сауда ғана емес, рухани және мәдени алмасудың алтын көпірі болды. Бұл жолмен бірге кітаптар, ғылыми жаңалықтар, философиялық ойлар таралды. Отырар, Тараз, Сайрам мен Түркістан сияқты көне шаһарлар білім мен мәдениеттің ошағына айналды. Әлемге әйгілі «Отырар кітапханасы» сол дәуірдің мәдени деңгейін бейнелейтін нышан болды. IFLA конгресі – біздің еліміз үшін ерекше жыл Ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлы жүз сексен жылдығы мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Биылғы конгресстің: «Білімді біріктіріп, болашақты қалыптастырамыз!» - атты ұраны, Абайдың: «Білім таппай мақтанба», - деген сөзі адамзатқа жол көрсететін ұлы ұстаным. Абай үшін: «Білім – тұлғаның кемелдену жолы. Ал кітап соған апарар қасиетті құрал.» Қазіргі таңда кітапханалар жаңа кезеңге жол алып, басқа қадамға жол алуды бастауда. Жасанды интеллект сияқты заманауи технологиялар бізге сирек қолжазбаларды сақтау, деректерді жылдам іздеу, цифрлық қорлар құру сияқты мүмкіндіктер беріп отыр. Бірақ технология мақсат емес, тек құрал кітапханашының миссиясы басты орында. Ортақ миссиямыз білімді, үйлесімді, бейбіт болашақ құру», - деп сөзін аяқтады.

Кітапханалар мен кітапханалық ұйымдардың халықаралық федерациясы (IFLA) бас хатшысы Шарон Мэмис ханым өз кезегінде былай деп сөз сөйледі:

«Қазақстандықтардың қонақжайлылақтарыңыз бен жаһандық кітапхана қауымдастығына есік ашқандарыңыз үшін алғыс айтамын! Қазақстанда болу – үлкен қуаныш. Бұл – бай мәдени мұрасы мен білімге деген зор құрметі бар ел.

Сіздердің кітапханалардың ұлттық даму, мәдени мұраны сақтау, халықаралық диалог құру және баршаға жақсы болашақ қалыптастырудағы маңызды рөлін бағалайтындарыңыз қуантады.

Қазақстандық демеушілер мен серіктестерге, соның ішінде Kazakh Tourism, Meeting Kazakhstan және Қазақстан университет кітапханалары қауымдастығына алғыс білдіремін! Сондай-ақ халықаралық демеушілер мен көрмеге қатысушыларға ризашылығымды білдіремін.

Сіздердің көпшілігіңіз – OCLC, Zochel және ISN International сияқты ұйымдар – бізбен ұзақ жылдар бойы әріптестік орнатып келесіздер. 

IFLA Бас хатшысы ретінде екі жыл ішінде мен әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген керемет адамдармен таныстым. Кітапханашылардың қызығушылығы, энергиясы, шығармашылығы және, ең бастысы, жомарттығы маған күн сайын шабыт береді.

Біз білеміз – әлем кітапханалар мен, ең бастысы, кітапханашылардың арқасында жақсырақ бола түседі. Бізбен бірге болашақтағы білім мен ақпарат әлемін бірге қалыптастыруға көмектесіңіздер», - деп сөзін аяқтады.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар