Заря Жұманова. Мен ашқан «Америка»

Бөлісу:

08.01.2016 4984



Әдідбек

Біздің ақын-жазушылар бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай: «Жұрт қазір әдеби кітап оқымайды» дегенді үнемі радио мен көгілдір экраннан айтып, газет-журналдарға жазып жатады. Арасында: «Мемлекеттік тапсырыстың өзінде бар-жоғы бір-екі мың данадан аспайтын кітабымыз Алматы мен Астанадан әрі бармай, ел ішіндегі қалың оқырман қолына тимейді», – деп, кітап оқымаудың мінін экономикалық шектеу – лимитке тірейді. Сондықтан болар, әдебиеттің таралымына қатысты дабыл қағып, тығырықтан шығар жол іздеп, мәселе көтеретіндер үздік-создық жалғасып келеді.


«Жақсы кітап шықса, ел неге оқымасын, тек діңкені құртатыны теңізге тамған тамшыдай там-тұм таралым қайсысына жетсін?» дегенге біз де мойынсұнып қойғанбыз. Сырттағы ағайын түгілі, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты белгілі басылымдардың бірінде қызмет істеп жүрген менің қолыма Әділбек Ыбырайымұлының бұдан 10 жыл бұрын шыққан «Ұяластар» атты романы таяуда ғана тиді. Алдымен «Ұяластар» деген аты көзіме жылыұшырады.


Неге екенін кім білсін, бала кезім есіме түсті... Әке-шешеміз қыс кезінде соғым басына жиі кететін. Алты ай қыста ауыл адамдарының бір-бірін қонақ етіп, кезектесіп сыбағасын таттыратын жылдағы әдеті еді-ау. Өңкей ұсақ бала үйде қалатынбыз. Кей-кейде сондайда боран ызылдап, суый бастаған пештің мұржасынан қасқырдың ұлығаны секілді зарлы үн уілдейді. Тап бір біздің үй қалың елдің қақ ортасында емес, айдаладағы ну орман ішінде тұрғандай, сыртта жабайы аңдар үйді торуылдап жүргендей, бойымды белгісіз үрей билейтін. Үрпиген халде ақ қырау қатып, аяз шытырман өрнек салған биік терезелерге қарауға жүрексінуші ем. Үйдегі бар баланың бас көтерері – өзім. Бауырларымды жаныма алып, түйе жүн нән көрпені жамылып, сан алуан ертегілер айтамын. Көбі өзімнің ойдан шығарғандарым. Қызықты ертегілерге елтіп жатып, төртеуміз де талмаусұрап ұйықтап кетеміз. Түннің бір уағында үйге келген апам мен әкем бізге ерекше мейіріммен елжірей қарап: «Ұялас күшіктер құсап жатқан жатыстарынан айналайын», – деуші еді...


«Ұяластар» деген жып-жылы атауы бар жасыл кітапты қолға алғанымда сүттей ұйыған берекелі шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрген бауырлардың бастан кешкен тағдыры романға арқау болған шығар деп ойлағам. Алайда, «Сүргін», «Тығырық», «Бәтуа», «Жапа», «Соңғы дем» деген ішкі тақырыптар көңілге біртүрлі секем ұялата берді. Екіұдай хал биледі. Әйткенмен, бес бөлімнен тұратын көлемді романның ең алғашқы бетінен соңғы бетіне дейін бас алмастан оқып шықтым. Оқып шықтым да өзім ойлағаннан әлдеқайда күрделі, астарлы да қатпарлы терең еңбек екенін ұқтым.


2005 жылдан бері бұл кітап жайлы не әдеби сыншылар, не қатар жүрген қаламгерлер қауымы бір ауыз пікір білдірмегеніне іштей қайран қалдым. Өйткені «Таланттыны құртқың келсе, елемей, елеусіз қалдыр» деген қарғысқа бергісіз қанатты сөзді басқалар білмесе де, әдеби ортадағылар жақсы біледі ғой. Сосын, ерінбей-жалықпай, интернет ақтардым. Ақыры жып-жылы лебізге толы бір рецензияға кезіккенде (Оның өзі де биыл жарық көрген. Мақала авторы филология ғылымдарының докторы Риза Әлмұханова), көп пікірі менікімен бірдей болғанына қуандым.


Қуандым дегеніме жұрт сене қояр ма екен?!. Себебі жылдан-жылға сәл нәрсеге шаттанып, жас бала секілді риясыз көңілмен шын қуануды ұмыта бастағанымыз рас. Жазушы, ақын деген қауым да бала сияқты. Иә, иә, дымқыл құмға қол-аяғын тығып, содан небір «салтанатты сарайлар» тұрғызып, өзі жасаған «ғажайып» дүниеге шын көңілден сүйсініп, тіпті біреу мақтаса төбесі көкке жетіп, одан сайын «керемет сарайының» жан-жағын сәндеп, жабайы гүл мен көк құрақтан бау-бақша отырғызып, қиялы көкке шарықтап кететін сәби мінезді емес пе?! Олар жылдар бойы көз майын тамызып жазған дүниесі жайлы оқырманның бір ауыз жылы лебізіне балаша масайрайды.


Алайда халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген даналық сөзін көбіміз ұмыта бастадық. Қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде басқа тартқан көрпесі аяққа жетпей жүрген адамдар ақшаға ғана емес, мейірімге де кедей. Жылы сөз айтуға да «қауқарсыз», жандары жұтаң тартып бара жатқан сияқты. Сияқты емес, солай. Өзінен басқаны кейінге қойып, мен-мендік алға озған тоғышар тұс бұл. Сондықтан бірқатарымыз жаңа дүниені ұшыратқанда «е-е, мынау да бірдеме жазыпты ғой» деп қарағанымыз болмаса, қайта жылы жауап қоямыз. Сондықтан тираждың аздығы, кітаптың оқылмауына себеп емес. Гәп басқада... данышпан қазақ «ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деп тектен-текке айтпаған болар. Көреалмаушылық пен қараулық жайлап, ниет тарылып, пейіл бұзылғанда бар дүние жоққа айналары хақ. Құдай ниеттен айырмасын делік...


Әдебиет атты үлкен саланың пұшпағын бірге илеп жүрген жандар түгілі, туған бауырлар да жылдан-жылға бір-біріне жатбауыр боп, суық тартып барады. Арқалы ақын Темірхан Медетбек ағамыз айтпақшы:

«Күнін көріп амалдап,

тіршіліктен қалыс қап,

Бара жатыр адамдар

бір-бірінен алыстап.

Оқшау әлем құрып ап,

Саяқ ойлап жүр бүгін,

Күліп-ойнап тұрып-ақ,

Жек көреді бір-бірін»...


Адамдардың, туыстардың, тіпті бір әке, бір анадан туған ұялас бауырлардың бір-бірінен алыстап бара жатқаны Әділбек Ыбырайымұлының да жанын кеміріп, жүрегін мазалап, қолына қалам алғызған екен. Джон Голсуорси: «Тек қана үлкен, жалпыадамзаттық және әлеуметтік түйткілді мәселелер толғандыратын адамдар ғана жазуға тиісті» («Писать должен лишь тот кого волнует большие, общечеловеческие и социальные проблемы») деген сөзді бекер айтпаса керек. Роман авторы қоғам бір формациядан екінші формацияға алмасып жатқан өлара уақ, тұтастай өтпелі шақтың тыныс-тіршілігін суреттеген. Сол кезеңдегі адамдардың шынайы бет-бейнесін, психологиясы мен философиясын жүрек сүзгісінен өткізіп, ұтымды композиция құра отырып, шебер тілмен оқырманға жеткізе білген.


Жазушы, біріншіден, өзі куә болған уақыт пен заманның құрғақ фактісін тізбелемей, әлеуметтік қайшылықтар мен ішкі кереғарлықтың ызғары мен жылуын өз ойы мен бойына сіңіре әрі қорыта алған. Ақырында бір-біріне ұқсамайтын қоғамдық ой, әлеуметтік жүк арқалап тұрған кейіпкерлер бейнесін сомдап шыққан. «Тұтастай әулеттің атына кір жағып, әкесінің әруағын аяққа таптап бата бұзған әпкенің», Жапар екінші інісі Жүсіпті түрмеден құтқару үшін ақша таппай жаны шырқырап жүргенде, әйелінің тіліне еріп, жаңа жиһаздар сатып алып, жайбарақат үйінде отырған тоғышар тете бауыры Сапардың образдарын жазушы ұтымды эпизодтармен жақсы ашқан. Кішкентай баласы 50 долларлық ақшаларды бұрқырата уысына қысып ойнап жүрсе де, жаны қиналып, қарыз сұрай барған досын «жақсы досымды жоғалтқым келмейді» деп мүләйімси ұзатып салған безбүйрек Бәкір мырза, парақор сот төрағасы Нұрлан – нағыз осы заманның персонаждары. Олардың талайы қазір өз ортамызда жүр.


Автор жалпыдан жалқы кейіпкер шығарып қана қоймай, сол кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы оқырман жүрегін дір еткізе, терең ойға батырады.


Ойдағыдай сәтті сомдалған бейнелердің бірі – Нұрғаным ана кескіні. «Жапар шешесін ап-анық көріп келеді. Өңі әбден тотығыпты. Әжімдері қатпарланып, жанарының нұры тайған. Кескіні қамкөңілдіктен күңгірт тартқан. Үсті-басы да қораш, көктемнің қара суығы өтпесін дегендіктен бе көр-жердегінің бәрін иығына іле беріпті. Бет-әлпеті қара күреңденіп, жер татиды. Онысы көкірегіндегі қайнаған қамырығының көбігіндей кілкілдей көзге тосын көрінеді. Тым жүдеу. Құдды айдалада жалғыз қаңғыған Мұңлық пен Зарлықтың шешесінің кебіне енген» (11-бет). Қаламгер сөзбен шебер суреттегені соншалықты, «шіркін, қылқалам иесі болсам, осынау ұлы жүректі қарапайым ананың портретін айнытпай салып шығар едім-ау» деп те ойлаған сәттерім болды.


«Әсіресе, шешелері табалдырықтан аттаған екі ұлының жүзіне базаршылаған адамнан бірдеме дәметкен баладай жаутаң-жаутаң қарай береді.» (42-бет);


«Дудырай қобыраған самай шашын реттеп, орамалын қайта тартты да мұғалімді тыңдаған ұқыпты баладай мұның ауызына қарады» (43-бет);


«– Е-е, жарықтарым-ай, ә-ә... Кетеуі кеткен тірліктің қиюын келтіре алмай жүр екенсіңдер ғой. – Тереңнен бір күрсінді. – Енді қайтеміз, маңдайына жазғанынан көреді де соры қайнаған неме соры қайнап. Бірақ о жерден ол дұрыс адам боп шыға ма, шықпай ма?.. – Лажы таусылған Нұрғаным, ішкі уайымын да ақтарып тастады.» (60-бет).


Өзі үшін өмір сүруді білмейтін, барша саналы ғұмырын ұрпағына бағыштап, ұл-қыздарының тілеуін тілеп, тағдырдың бар азабын бір өзі арқалап жүретін Нағыз қазақ әйелінің келбеті. Таныс. Жаныңа жақын бейне. Омырауынан күн иісі, жусан иісі, даланың иісі, сүт иісі аңқыған қарапайым ананы құшақтап, жұбатқың келеді, жүрегіндегі ауыр қайғысын жеңілдеткің келеді. Бұл – қаламгердің құдыреті. Бей-жай қала алмайсың. Оқып отырып, сапырылысқан сан алуан сезімдерді бастан кешесің.


Желтоқсан көтерілісі кезінде бас кейіпкер орталық алаңнан оңбай соққы тиіп, таяққа жығылған бейтаныс бойжеткенді сүйрете қашады. Көшедегі жаппай етек алған ұрып-соғудан екеуі бас сауғалай қаланың шет жағындағы Жапардың жалдаған жаман лашығына бұқпантайлап, түн жамыла әзер жетеді. Аядай бөлмедегі жалғыз төсекке қатар жатқан студент қыздың пәктігі мен аңғалдығын жазушы көп сөзбен сипаттап әуре болмай, мынадай диалогтармен беріпті:


«Баршагүл іргеге жабысып, қабырғаға бетін берді. Жігіт шет жағынан жайғасты. Әлден уақытта қыздың танауы пыс-пыс етіп жылағаны аңғарылды. «Қайтсін, ертеңгі тағдырына үрейленіп жылайды-ау, бәтір», – деп қорытты жігіт. Өзінің де көкейін қорқыныш кеулей жайлаған, біреуге басалқы айтар жағдайы жоқ еді. Кенет:

Енді менің саған күйеуге тиюім керек, шамасы, – деген құмығыңқы естілген үн Жапардың алай-түлей көңілін одан сайын қотарып, астаң-кестең жасады.

Неге?! – деді қапелімде ауызына өңге сөз түспей, бас жоқ, аяқ жоқ мынадай әңгімені естіген соң жұлып алғандай.

Сенің қасыңда жатырмын ғой... – Көз жасына булығып, сөзін аяқтай алмады.

Жатса не ғылады?

Екі қабат боп қалмаймын ба?

Жапар мына қисынсыз ләмге мырс етіп күліп жіберді.

Неге күлесің? «Жігіттерге жақындама, екіқабат боп қаласың» деп мамам айтқан. Енді мен сенен бала көтеретін шығармын.

Балаң қыздың сәбидей таза, баладай аңғалдығына жігіттің ет-жүрегі елжіреді.

Соған жылап жатырсың ба?

Иә. – Көкірегі жарыла, өзегін от-жалын шарпи шындығын айтты.

Арада біраз үнсіздік орнады. Ықылық араласқан оның жұмсақ демі білінеді. Соны тыңдай лажсыз ойға бөленген жігіттің жүрегіне аяушылық сезім ұялады.

Ештеңені уайымдама. Таң атсын, жатақханаңа дін аман апарып саламын» (402-бет).


Иоганн Вольфганг Гете: «Әр жазушы өз шығармаларында белгілі бір деңгейде, тіпті еркінен тыс, өз-өзін бейнелейді» («Каждый писатель до известной степени изображает своих сочинениях самого себя, часто даже вопреки своей воле») деген екен. Егер жазушы өзі ешқашан бастан кешпеген, өз көзімен көрмеген оқиғаны жазса, жасандылығы бірден көзге ұрып тұрар еді. Ал Әділбек Ыбырайымұлы сондай иланымды жазған. Табиғи. Еш бояма-қоспасыз көріністер.


1986 жылғы желтоқсан көтерілісі болған күнгі орталық алаңды қаламгер былай сипаттайды: «...Аумағы қозы-көш алаңды сыбсыңдаған сөздей сумаңдаған майда бұрқасын әредік тұстан ирелеңдей тіліп өтеді. Үріккен киіктің соңындағы шаңдай бозамықтана көтеріліп барып, қайта жер бауырлайды. Немесе бақсының жынындай шырқ үйіріліп шиырланған күйі біртін-біртін көмескілене жоғалады. Елеусіз ғана ескен леп әбжыландай ирелеңдегенімен күн жарықтық шажырқайдың безіндей шақыраяды»; «... бір кездерде күн жарықтықтың, абайсыз тасқа түскен сұлудың қолындағы шар айнадай шырт етіп сынып, күл парша болатынын ешкім білген жоқ»; «Құдды бір көзге көрінбей арлы-берлі шайтандар шапқылап, қиғылықты салатындай-ақ»; «... қысырақтың үйіріндей топ ары да, бері де ығысады» (36-бет); «Жұрт біразға шейін жер сілкінгендей гүрілдеп, ширыққан толқыныстан басыла алмай тербеліске енді» (39-бет); Жас қазақ жігіттерінің үстінен шағымданған жатжұрттықтарды жазушы былай суреттейді: «Ондайда танысын-танымасын шүлдірлесіп, көң тепкілескен шөжелердей бір жерден табылып, ауыз жаласа қалады» (63-бет); «Құтырған сайтанның құйрығындай ирелеңдеп, төңкерілген машинаның үстінен бозамық бұрқасын жүгіріп өтті» (410-бет)


Артынан ерген інілері үшін басын тауға да тасқа да ұрып жүріп, олардан шыбын жанын аямайтын бас қаһарман – Жапар образы өте сәтті сомдалған. Нағыз бауырмал, үлкен жүректі, жаны нәзік ақылды азамат. Әттең, өмірі қайғылы аяқталады. Қатал да болса жазушы дұрыс шешім қабылдаған. Егер автор оны аяп, алыс сапарда аязды далада жалғыз қалдырмай, шексіз азап шектірмей тірі қойса да, ол бәрібір өмір бойы бауырларының кезекті бір «тосынсыйларына» шыр-пыры шығып, солар үшін өзегі өртеніп мезгілісіз өлері сөзсіз...


Ағайын-туыс арасында ауызбіршілік пен ынтымақтың жоқтығына Ұлы ақын – Абай да күйініп, оны қазақтың бойынан қаншама уақыттан бері қалмай келе жатқан қасыреттердің бірі санағаны белгілі.

«Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзін тосып.

Біріңді-бірің ғиззат, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып» – демеп пе еді.


Алайда, «Ұяластар» романын оқып болып, «баяғы жартас сол жартас» екенін терең түсінесің... Күйзелесің. Қалың ойға шомасың. Жазушының мықтылығы да сонда. Жалпы, әдеби шығарма бір ғана өлшеммен – оқырман жанын рухани жағынан байытатын, адам бойына ізгілік егіп, көңілін тебірентетін қасиетімен ғана бағаланса керек. Роман осы талап үддесінен шыға білген.


Екіншіден, маған жазушының тілдік қорының молдығы және бұрын соңды ешкім айтпаған тың теңеулер таба білуі ерекше ұнады. Сөзім жалаң болмас үшін бірнеше мысал келтіре кетейін:

Күртікке айналған қарды суреттегенде: «қара жердің бетіндегі сойдақталған әжім тектес ой-шұқырын тегістеп, құтты бір жамалы опаланған теледидар жүргізушісіндей даланың өңін жылтыратып жіберген» дейді (5-бет);


«Қалпындағы буазыған мамыражай дүние, мұның оқуға түсуін аңдып тұрғанындай тегенедегі сүтше шайқалды да мұқым жұртты абыр-сабыр жасады» (8-бет);


Бас кейіпкердің қызметтік машинасын: «Лыпылдаған жеңіл неме орнынан бірден атырылып, көл дарияның бетіндегі су жыланша сырғанай жүйтки жөнелді» (17-бет) деп сипаттайды;

«Аз оттап көп жусайтын жылқыдай, аз ұйықтап, жортуылы басым тірлікке түсті» (18-бет);

«... жылан шаққан қойды шабақтағандай, әркім-ақ аңдатпай, біздей тілін бұған сұғып-сұғып алады (20-бет);

«... белі үзіліп кете жаздап тұрған рюмка» (31-бет);

«... қабырғадағы тілі қалмақтың найзасындай сойдиған абажадай сағатқа қарады» (34-бет);

«Әуедегі жұлдыздар жыпырлап, қазір бірінен кейін бірі шолпылдай Жапардың кеудесіндегі ой-мұхитына таматындай» (35-бет).


Ойда-жоқта жалалы болған бауырын түрмеден құтқару үшін Бәкір мырзадан қарыз сұрай барған бас кейіпкер Жапардың көзімен автор, сол дәулетті де сән-салтанатты зәулім үйдің бір бөлмесіндегі пердені былай кескіндейді: «Пердесінің өзі кем дегенде екі қаралық. Құдды бір сахнаның төгілген шымылдығын елестетеді. Екі шетке жартылай ысырылып, бойжеткен қыздың тоқпақтай бұрымына ұқсас жібек жіптен өрілген шашақты баумен белінен қынай байланыпты. Ортасында әппақ үлбіреген желбегейі және бар. Алыстан қарағанда перденің белуарына дейінгі тұсы сылқым келіншектің әсте әшекейге малынған өңіріне келеді екен.» (48-бет).


Бір сүйсінерлігі жазушы ұлттық тұрмыс-тіршілікке тән реңк, нақышқа толы сөздерді орынды қолдана білген: «қара тұяғынан хал кетіп», «үйездеген жылқыдай», «еті қатқан жылқының жауындығындай», «шіріген айылдай шорт үзілді», «тортасы айырылмас тоталитарлық жүйе», «қысырақтың үйіріндей», «қоңыз тірлік», «ерқашты күйге түсті», «майдан қыл суырғандай», «қайғыдан қауызына сыймай тебіренді», «қырсықтың қара тұлыбын бастарына тұмшалаған», «арық сиырдың қабырғасындай», «білегі көтере алмас шоқпар екенін білді, білгеннен кейін беліне байламады», «денелері отқа қақталған бастың терісіндей», т.б..


Байқауымызша, әдеби ортадан тыс жүргенімен Ә. Ыбырайымұлы үзбей жазып келе жатқан қаламгер. Оның бірнеше прозалық және бірқатар жыр жинақтары, бас-аяғы онға тарта кітаптары бар екен. Автордың трагедиясы сол – бірақ оны ешкім білмейді. Оқымаған. Себеп...


Біз соның тек «Ұяластар» романымен таныстық. Туынды ұлттық нақышымен әрі сюжетімен киноға сұранып тұрған шығарма. Егер бұл кітап талантты режиссер мен продюсердің қолына түссе, отандық киноиндустирияның контентін өзгертетініне шәк келтірмейміз.


Бүгінде «жақсы туынды жоқ» деп, ауызды қу шөппен сүрту әдетке айналған. Оған саладағы құзыретті ұйым – Жазушылар одағы да мойынсұнған. Өйткені, дәстүрлі «жыл қорытындылары» бір кезде үзіліп қалды. Ол жиын болған күннің өзінде шығарма туралы тек ақпарат қана беріледі. Сондықтан Одақтағы проза кеңесі (өзге де кеңестер) өз әдеби сараптауын жылына екі дүркін жариялауды салтқа айналдырса жөн болар еді. Ол жүйелілікке ұласса, ақсап тұрған сын жанрының бойына қан жүгіруі де ықтимал.


Біз өткен дәуірдің кескінін қаз-қалпында көру үшін Бейімбеттің шығармаларына үңілеміз. Алдағы уақытта, жаңа дәуір әдебиетіне толыққанды саралау жүргізілгенде социализмнен капитализмге бет бұрған кезеңдегі ахуалды Әділбектен іздейміз бе деп ойлаймын.


Әдебиеттің өкілі бола тұра мен ашқан «Америка» – Әділбек Ыбырайымұлы. Романын оқып, қатты қуанғанымды жоғарыда айттым. Бұрын қалай назарға ілікпегені белгісіз. Белгілісі – ой ұстартып, сөз ұстаған әріптестері оны оқи қойған жоқ.


Сөз жоқ, ана сүтімен ұлтымыздың рухани қазына-байлығын бойына сіңіріп, әлем әдебиетінің ең үздік шығармаларынан үлгі-өнеге ала жүріп, қоғамда болып жатқан тарихи оқиғаларды електен өткізіп және оларды табиғатпен үндестіре, шебер қиюластыра игерген Әділбек – қаламы қарымды, ішкі дайындығы мол, талантты қаламгер. Ол әлі де талай-талай тамаша туындыларымен қазақ әдебиетінің қоржынын толтырып, талабы биік, талғамы нәзік ойлы оқырмандарын қуантар деген үміттемін. Оның таяуда ғана Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық бәйгеде жүлдегер атануы да бұған дәйек.



Заря ЖҰМАНОВА, жазушы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Бөлісу:

Көп оқылғандар