«Пір мен пырақ» кітабының авторына хат

Бөлісу:

28.02.2015 3003

Өлең жазғанмен, өлең туралы жазуға жалқаулана беретін болыппын. Дәрігердей тамырдың соғысын дәл аңғара алам ба, әлде лағып далаға кетіп қалам ба деймін ғой. Әйтпесе өлең өрнектеп отырудан гөрі жазылған өлең жайлы пікір айтудың жеңілірек екенін қу ішің сезеді де. Мен әңгіме етейін деп отырған кітап авторымен жөндеп таныспай тұрып, өлеңмен ауызша қақтығысып көрдім. Әйбат бала екен. Көңілі ақ екен, жақсылыққа жақ екен деп ойладым. Өзінің сыртындай іші де сұлу болар деп ойладым. Бір күні «Жас алаштан» бір топ өлеңін оқыдым. Әртүрлі өлеңдер. Ішіме кіргені де бар, кірмегені де бар. Әйтсе де автордың ақындыққа таласының барына шек келтіргем жоқ.


Оның «Пір мен Пырағының» менің алдымда жатқанына да екі айдың жүзі болды. Оқып шығудың реті келмей-ақ қойды бір. Әділбек жолыққан сайын өз кітабы жайлы бірдеңе айта ма деп аузыма қарайды. Мен оны байқамағансып өтіп кетемін. Осы бір екі жеті шамасы болды-ау деймін Әділбек Ыбырайымұлының «Пір мен Пырақ» атты кітабын парақтай бастадым. Алғаш кітапты жаратпай тастадым, бір түрлі суық, бір түрлі жат көрінді маған. Біртіндеп жақындастым. Біртіндеп Әділбек жүрегімнің қылын шерте бастады. Біртіндеп жыр пырағы мені алыс бір жақтарға алып кеткендей болды. Еркін, еркелеген муза әркімді алып алыс қияларға, алысқа, айға, жұлдыздарға қарай алып ұшты.


«Пірге ілесіп әмбимен жолығыстым,

Періштемен періште болып ұштым.

Пайғамбарлар сөз айтты парасатты,

Жөн үйрендім Абызға қонып үш күн.

Қыдыр көрдім, Бақ көрдім, есендестім,

Енді ала алмас бұдан соң есемді ешкім.

Пенделердің арасы пәтуасыз,

Періштелер ішіне көшем… көштім».


Егде тартып, еңсең түскенде, қарттықпен ұшырасқанда, бойыңдағы отыңнан, қойныңдағы тотыңнан айырылғанда айтылар сөзді жас жігіт неге сонша ерте айтты екен деген күдікті ойға берілгенім болмаса, Әділбектің осы бір жүрек жарды сөзіне мен әбден сендім. Сергелдең күндер кешкелі, сезіммен күбірлеспей, ақылмен арыздаспай ақын байқұс бақытқа ұшыраса ма? Ақын деген алдымен мазасыздық. Тоғайған ағайдан алдайтын сөз шығуы мүмкін де, сені арбайтын, сені болашақпен жалғайтын берекелі сөз шықпауы мүмкін. Жанкешті тіршілік, жан берісіп жан алысқан алапат айқас қана Ақиқатқа қарай бастайды. Ақиқаттан алыстаған күні қалам алып шошаңдауға жол жоқ. Онсыз да телегей өтірік, тексіз сөз туған елді құрдымға жетелеп бара жатыр. Ақын сөзін оқып шындықтың ауасымен тыныстамаса, өтіріктің шіріген ауасымен демалып өлетін жаққа шықты оқушы. Кешегі лениншілдер бүгін Абылайлап айқайлап жатыр. Шындық қайда осы? Ішіміз астаң-кестең. Түсіміз әлем-жәлем. Құдай алдында қол қусырып тұрып айтатын сөзіміз де жоқ сияқты. Өзіміз өзімізге ұқсамай, қайда туып, қайда өскенімізді, өтірікпен өмір бойы сөйлескенімізді енді мойындап, пейілге еріп, пейіштің төріне шықпақшымыз.


Әділбектің кітабында әбігер тіршілік бар. Шимай-шимай шындық шырылдап тіл қатады. Ағындаған тұлпар, сағынбаған жар, арылмаған сор, бағыңды алған ор, қазылмаған көр, жазылмаған жыр, айтылмаған сыр – бәрі қанаттасып, бәрі қабаттасып көңіліңді бей-жай етеді. Кейде май ішкендей санаңда, жүрегіңде бір нәрсе кілкілдегендей зілденесің. Ауырлық көтергендей алқынасың. Бұ қалай? Мына жас жігіт өмірдің шуағын неге аз көреді, асқақтаған арман, биік тау, биік мұрат неге ерте өлген?


«Мүттәйімдер, мүттәйім – заманақыр,

Азып-тозып құриды адам ақыр.

Қатын – жәлеп, еркектер әуей кілең,

Қайда барып тірелмек бала пақыр?»


Мен бұл шумаққа қол қоймаймын. Өмірдің, құдайдың өзі сыйлаған мың-миллион жақсы мұраттарын, сәттерін көруге де мейірімді көз керек, інім. Адамнан безіп ақылдасты қайдан табасың? Жаманнан безгенмен, жақсыдан қалай безесің? Ажалыңа ара түсер анаңнан, сені ғана үміт қып, сені ғана серік тұтынған атаңнан қайда безесің?


Кітабын оқып отырып Әділбек ініммен айтысып, айқайласып отырған сәттерім де аз емес. Қараңғыдан жарық іздеу, оны табу, арықтан семіз, жалқыдан егіз, жаманнан жақсы, қарадан ақ іздеу ақынның ісі, ақын мұраты. Күдікшіл көңілден, секемшіл сенімнен сергитін күш табу мүмкін емес. Сондықтан өмірге баланың, сәбидің көзімен де қарап үйрену керек. Ұлы жырдың бәрі батырдың жеңісімен, ұлан асыр тоймен бітеді. Осыны да ойлау керек, Әділбек. Өмірдің қараңғысынан жарық табу үшін ақындық сенің жүрегіңе қонған, шырағым. Сен мені сергек ойға, асыр тойға баста.


Ақындықтың арғымағына мінген, қолында қаруы жарқылдаған жақсы ініден, жақсы ақыннан ерлікке бастар, ізгілікке жетектер ақпейіл жырлар, жақұттай ажарлы жырлар күтуге хақымыз бар. Өйткені оның ақындық дүниесінде менің де қосқан үлесім, өз еңбегімнің бар екеніне шүбәм жоқ. Үлкен ақын ұлы көштің алдында атой салып жүрсе ғой, шіркін. Көштің шаңына көмілмей шырқап шық, інім.


«Осы жолда түсерміз отқа небір,

Айдалаға бос шаппа, тоқта көңіл.

Қалжыраған кезімде қалтарысқа,

Тастап кетіп жүрмеші, көкпар-өмір!» – депсің Әділбек бір өлеңіңде. Өмірге өзің иелік етпесең, өзің басшылық етпесең, анау ардақты аталарың Әбділдә, Хамит, Қуандық құсап құдіреттене білмесең, судың таязына табаның тайып, майып боп кетуің әбден мүмкін. Жас ақынға данышпан болма демеймін, көктемей жатып солма деймін. Болма демеймін, бол деймін. Алысқа тартсын асуы көп жол деймін. Егде күніңнің жемісі тәттірек болатынын ғана ескертемін. Көзі жасты, көңілі дертті Абайдың да аңсағаны, жетпегені көп. Соңымнан туған оқшау жұлдыздардың жарығы қазақтың аспанын нұрландыра берсін, жарқырата берсін демекпін, жұлдызым менің.


Тұманбай ағаң

1996 жылдың қазаны

Бөлісу:

Көп оқылғандар