Бағытың дұрыс, бауырым

Бөлісу:

28.02.2015 2698


 

Ағадан – ақ тілек


 

 

Әділбек Ыбырайымұлының осыдан бес-алты жыл бұрын мені іздеп келгені бар. Студент екен. Бір бума өлеңін арқалай келіпті. Оның үстіне таяуда өткен жас ақын-жазушылар мәжілісіндегі семинарда жетекшілік еткенім бар еді де, Әділбек сонда өлең оқыпты. Біраз жас ақындар ішінде осы жігіттің өлеңін бөліп алып, айырықша мақтасам керек. Бұл күнде не көп өлең көп, өлеңші көп. Жылт еткен бір жол, шымыр шыққан бірер шумақпен ешкімді таңқалдыра да алмайсың. Ол семнарға қатысқандардың қайсысы ақын болып шықты, қайсысы көп қиқу ішінде шаңға көміліп қала берді – ол арасы маған беймәлім. Ал мынау алдыма қайта оралып соққан Әділбек өлеңдері өз жасына лайық қызық-қызыық ізденісімен, тың топшылау, соны сырларымен ұнай бастады.


 

Ең алдымен мен бұл жігіттің көңіл-күйін, жан сырын шертетін лирикалық жырларындағы ілгерілеп, өрістілей ұмтылып тұрған аласапыран ой кешулерін ұнатып едім. Толқыған ойдың түйдегінен туған, тұрлауы да, дөп басуы да дәл өлеңдер сезім құбылыстарын сан қырынан, сан алуан етіп баяндап жатты.


 

Сонда мен Әділбек өлеңдерін оқып сүйсініп, бір тобын тіркеме хатпен «Лениншіл жас» газетіне, «Жұлдыз» журналына жолдаған болатынмын. Олары жарияланған да болуы керек.


 

Кейін осынау жас ақынның шығармашылық жолын қадағалап жүрдім. Ол «Жас алаш» газетіндегі белсенді мақалалары арқылы журналист ретінде де таныла түсті. Сөйтіп жүргенде 1993 жылы сол газеттен Әділбектің екі бетке басылған «Құмға сіңген қан» аталатын поэмасын оқыдым. Шынын айту керек, кейде мұндай шұбалаңқырау шығармаларды «Кейін оқырмын» деп, сырғытып қоятынымыыз бола береді. Ал мен әлгі поэманы бір деммен бір отырыста оқып шықтым. Шығыс шайырларының байырғы мәнерін, сөз саптауын үлгі ете отырып, Әділбек бүгінгі күннің өлшеміне лайық сапалы поэма жазыпты. Қолына қалам алған әрбір адамның уақыт тынысын, замана өзгерісін қалт жібермей бақылаған, сол өзгерістен қалмағысы, алдын алғысы келетіні ақиқат қой. Бірақ жақсы ниеттен ғана жақсы шығарма туа қоймаса керек. Ол үшін таланттан басқа да, көрегендік пе, білгірлік пе, сәуегейлік пе, әйтеуір бірдемелер керек сықылды. Өзің нысана етіп отырған оқиғаның ішіне кіре араласпасақ, лирикалық қаһарманыңмен бірге қайғырып, қуанар жерде қуанып, күлкі мен көз жасы арасынан да оптимистік өр мінез іздей отырмасақ – босқа арамтер болғаның. Онда шығармаң да қан-сөлсіз, ешкімді ашындырмайтын да, тұщындырмайтын да дүмбілез дүние болып шығады.


 

Әділбек әйгілі ауған оқиғасын тілге тиек ете отырып, кейінгілерге сабақ болуы үшін де шытырманы да, шатқалы да бар, қайғы-қасіреті де көп, ашу, ыза, кек секілді сезімдер түгел тоқайласқан шығарма жазған. Кешеден бүгінге ұласып келген, ұласып келе жатқан алдау, арбау, саясаттағы жалғандық, жадағай ұраншылдықтың ақыры опасыздыққа да, сатқындыққа да апарып соғарын әдемі мегзейді.


 

Әрине, таза поэтикалық тұрғыдан алғанда поэмада ақаулық жоқ емес. Кесіп алсаң май шығар шылқыған поэзия іздесең – мүдіресің. Автор ең алдымен алдына қойған мақсаты – сол күндер трагедиясына жеткен. Қайрыла соғар күн болса, поэма асығыстықтан кеткен селкеулерден арылуға тиіс. Ақырына дейін айтып қалайын, толғап шығайын, әрлеп-сәндеуді кейінге қалдыра тұрсам да болар дегеннен қалып қойған қалтарыс тұстар қайта аршылуы керек.


 

Дәл осы сияқты бас-аяғы бүтін шыққан дүние деп Әділбектің сол газетте жарияланған «Қауызында қара барқын қайғы бар» деп аталатын топтамасын да қосуға әбден болады. Мұнда да дүнияда тірліктегі бақыт та, бақталастық та, рухани сорлылыық та, жаман мен жақсының арасын аша пайымдамайтын марғау бей-жайлық та мидай араласып, оқып біткен кезде ешкімді енжар қалдырмайды. Менің ойымша, өлең құдіреті дегеніміздің өзі сол оқыған кісіні самарқау қалдырмайтын күшінде болса керек. Тек осы жерде «жас адамға өлім күйін көбірек шерте беру қалай болар екен?» деген бір ғана ескертпеміз бар. Осы топтамада өңкей бір қабір, тажал, тамұқ, ақірет, заманақыр дегендер жан-жағыңнан анталап, қысылып, қымтап, қусырып келе жатқандай боласың.


 

1992 жылы «Жалын» баспасы бір топ өндір жастардың өлеңдерінен тұратын «Мерейлі мекен» атты кітап шығарды. Бұл кітапқа Әділбектің де жиырма шақты өлеңі кірген екен. Міне, нағыз жасқа тән, жігітмінез өлеңдермен мен осы топтамада кезіктім. Жастық леп, жігерлі екпіннен жасамыстың сөзін айтудың өзі бойға басқаша қуат бітіріп, желпіндіріп, сергітіп тастайтынын байқадым. Мына бір «Көкпар өмір» аталатын өлеңін тілге тиек етіп көрсек болғандай.


 

 

Көз ұшында көрініп самғаған ат,

Бойға желік бітірді,

Жанға – қанат, – деп алып автор:

 

Делебемді қоздырып ұлы дүбір,

Қамшыладым еріксіз теңбіл көкті, – дейді де:

 

... Осы жолда түсерміз отқа небір,

Айдалаға бос шаппа, тоқта, көңіл.

Қалжыраған кезімде

Қалтарысқа

Тастап кетіп жүрмеші, көкпар-өмір! – деп, түйіндейді бар ойын. Ойлап әкеп исе де, тосыннан туса да өз жасына жарасымды тілек, жігерлі үміт бар.


 

Осы жинақтағы өлеңдерді оқи отырып, мен Әділбектің әсіресе қазақы тірліктің, ұлттық өрнектердің ақыны екенін пайымдадым. Оның өлеңдерінде күре тамырдай болып әрдайым аламан, көкпар, киіз үй, кереге, шаңырақ, құранды ер, ақ бата, кең жайлау, қоғалы көл, құйқалы бел жүреді екен. Сол атадан қалған алып даласына дақ түспесе екен, ақ тілеулі адамдар санасына сызат түсіп, замана дертіне ұласпаса екен деген перзенттік шыр-пыр ой, шырылдаған көңіл әрдайым сезіліп отырады.


 

Осы топтамадағы махаббат жырлары да әуезді, әуенді дәмділігімен ұнады. Бұл да Әділбектің оң жамбасына лайық тақырып сияқты. Бұл тұрғыда әлі де берері молға ұқсайды.


 

Әрине, газеттердегі, журналдардағы, бірер жинақтардағы шашыраңқы өлеңдері арқылы ақын шығармашылығына тұтас баға беру қиын. Оның үстіне мен Әділбекті тосыннан туа салған құйрықты жұлдыздай құбылыс еді деп, поэзия жұлдызы деп атағым келіп отырғам жоқ. Тек өзім үзбей оқып жүрген бір жас ақыннан алған бағытынан бұрылмай, малтыға жүріп, сүріне-қабына жүріп, ізденіп, ілгерілеп бара жатқанын жұртқа құлаққағыс етіп қою еді мақсатым.


 

Өткір пышаққа да оқта-текте қайрақ керек болады. Менің бұл лебізім Әділбек шабытына үстемелей шабыт қосып жатса, қаламы құрғамай, қауырт қимылдауына септігі тиіп жатса жаман ба?


 

Ақын ініме поэзияның азапты ұлы сапарын таңдап алған екенсің, ендеше бетіңнен жарылқасын деп тілеймін де, сөзімді тәмамдаймын.


 


 

 

Сәкен ИМАНАСОВ,

«Алаш» сыйлығының лауреаты

 

«Жас алаш» газетінің 1995 жылғы 31 қаңтардағы саны

Бөлісу:

Көп оқылғандар