Қауыздағы тамшының хан нұры

Бөлісу:

28.02.2015 2568


Өлең деген өлке – кім көрінгеннің дәті барып, десі жүрмейтін өнер. Сондықтан да мәңгілік жасыл жайлауды жұртым деп санайтындардың көбісі жер иесін сыйлап құрметтейді. Ал, «сый, сыйлық қымбат емес – сыйлау қымбат» деген тәмсілге жүгінсек, адам жанының жайлауы – өлеңге «әркімнің де бар бір таласы». Рас, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы». Осынау аксиомаға айналған заңдылықты рухани әлем мың жерден мойындаса да материалдық дүние түпкілікті келісімін бермей-ақ келеді...


Өткенімізге оралсақ, халқымыздың елдігін танытқан кілең ақындар мен батырлар екендігі мәлім. Алайда, сол кездегі билеушілердің көпшілігі ел сиынатын осынау қос қасиеттен құралақан болмаған. Бұған тарихымыздан мысалдар жеткілікті.


Тәу етер тәуелсіздігімізге қолымыз жеткелі бері көбіне ауыздан ауызға көшіп келген әдебиетіміз және солардың тасқа басылған нұсқаларын һәм олардың иелерін танығалы бері көп уақыт өте қоймаса да қазақ дүниесінің әлемдегі рухани бірлестіктегі өзіндік орны барын ұқтық. Бұрынғы «жабулы қазан» ақиқаттарын ақындарымыз да алдағыдан да ашық айта бастады. Солардың бірі – қазіргі жас толқын өкілі Әділбек Ыбырайымұлы.


Жақында ғана «Шартарап» баспасынан жарық көрген «Пір мен Пырақ» атты толымды тырнақалды тұңғыш кітабында (жас таланттың өлеңдері бұған дейін бірнеше ұжымдық жыр жинақтарында жарияланған) автор Өзі мен Өмір арасындағы әрі түсінікті, әрі түсініксіз оқиғалардың ара-жігін ажыратуға ақындық «Пір мен Пырағын» қосқан.


Тірі екен ғой, ажал бұған жетпеген,

Қандай ғажап қасиетті ең көк деген.

Тізгінімді тарттым сәл-пәл аңырып,

Керуенге...

Күнге қарай беттеген...


Кез келген ақын атын жабылған ақкөңіл пенде шын жүрегімен жарылса да, ақжарма көңілін хатқа тізіп, осылай оқырман жүрегіне жеткізе алмасы хақ. Жалпы, ақындықтың жалғыз-ақрецептін данышпан Абай өзінің бір-ақ ауыз сөзімен келтірген: «Тіл өнері – дертпен тең». Ендеше, өлең өлкесінде өзінің ақ жұрегімен алқынып, бар маржанын ақтарып жүрген ақындар да санаулы. «Әрбір жыры – ақынның соңғы жыры» – деген сарапқа салсақ, Әділбектің бізге ұсынылып отырған жыр жинағында бірқатар көңіл күй ауанында алабұлттай жауар жеріне тамбай, жаумайтын жағына қоныстанып кеткен жырлар да баршылық. Дегенмен, шынайы ақын жүрегін шаң тұтпайды. Әрқашанда ақын жүрегі – тот баспайтын алтын бесік. Ол өзі өмір сүріп, жаралып-туған және өркендеуіне үлес қосатын елімен бірге. Ақын жүрегі қашан да туған елінің тамыршысы болып, кез келген жамандығын жасырып, жақсылығын асыруға талпынады. Ара-тұра қоңторғай қоңылтаяқ замандастарының хал-күйін жырлайды. Бұған дәлел:


Дүрліктірді отарба маң даланы,

Жанға шабыт береді самғағаны.

Дөңгелектер әуенін тыңдап жатып,

Дімкәс көңіл соған да малданады.


Осынау жыр шумағында бұрынғы мүлгіген қазақ даласына «экономиканың күре тамыры – темір жолдың» келіп тіреліп, жаңаша қарым-қатынастар алып келгенін, десек те, соның болашағы қандай болатынына деген ақын халін жырлайды.


Бұл деген сөзіңіз Мұқағали айтқандай, «Поэзия – махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады» – деген ұлы қағидаға саяды.


Ақиқаты керек, кез келген елдің перзенті алғашқы өлеңін өзіне ең жақын Анасы мен аяулы жаны, Отанына арнап барып, өзі өсіп жетілгеннен кейін ғана пайымдық фәлсапаларға қол созады. Сондықтан да ақынның:


«Қыдыр көрдім, Бақ көрдім, Есендестім,

Енді ала алмас бұдан соң есемді ешкім.

Пенделердің арасы пәтуасыз,

Періштелер ішіне көшем... Көштім!» – деп жырлауы тегін емес. Оқырманға ұсынған «Пір мен Пырақ» жыр жинағының төртінші бөлімінде «Құмға сіңген қан» деген дастаны кезінде «Жас алаш» газетінде жарияланып, сол арқылы ол елдің мұңын мұңдай білетіндігін, жырын жырлай алатындығын танытқан болатын.


Ақын аталмыш кітабында қазақ поэзиясында бұрыннан бар формалық ізденістерге өзіндік соны соқпақ қосқанын айта кеткен де ләзім. Бұған өлең өнерінде қолданылыып жүрген ырғақтарға жаңа да соны серпін қосқанын айтсақ та жеткілікті. Мәселен, оған:


Іздегей мені шағылдан,

Суырып құмды дамылдамаспын.

Шықпаса үнім жаныңнан,

Тілі жоқ мылқау сағымға қаштым.


Жалынға ұластым... – деген бір шумағы куә. Ендеше, біз өлең өнеріндегі өзіндік биігін іздеген жігітке қашанда «жолының жуасыз, дуасыз» болғанын, ал шығар шыңы биік болғанын, өзі жазғандай, «Қауыздағы тамшыға хан нұрын» тілейміз. Әділбек өз жинағы арқылы ақын деген төлқұжатқа толық ие болды деп сеніммен айта аламыз.



Қайрат ӘЛІМБЕК

«Жас алаш» газетінің 1996 жылғы 31 қазандағы саны.

Бөлісу:

Көп оқылғандар