«Ақкекіл» – айбоз арғымақ...
Бөлісу:
Әр оқырманның әдеби дүниеден іздейтін өз жоғы бар. Соны тапқанда ғана оның рухани шөл қатасы тарқап, мейірі қанғандай болады.
Бұрын көпшілікке ақын ретінде танылған, үш жыр кітабының авторы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлының «Ақкекіл» деп аталатын тұңғыш прозалық кітабы қолымызға ілікті. Поэзияның семсерін лақтырып тастап, прозаның шоқпарына жармасқан Әділбектің жаңа туындысын жасқана ашқанымыз рас.
Біз сөзіміздің біссімілласын кітаптың орта тұсындағы «Ақкекіл» деген әңгімеден бастағанды жөн көрдік. Өйткені, жүйрік ат, көкпар, төрт түлік мал, сағым көмкерген самиян дала Әділбектің талайдан бері таусыла жырлап келе жатқан жеңсік тақырыптары. Осы бір кішкене әңгіме әуелі қоңыржай леппен басталып, аяғына қарай ауыр мұңға ұласады.
«Көркемөнердің шыңы – трагедия» дегендей, автор бұл әңгімесінде дүлдүлдердің ғұмыры қашан да қасіреттен тұратынын, аламан бәйгенің алдында парлап ұшып келе жатқан жампоз жылқының қапияда ажал құшқанын оқырманға жан тебірентерлік сыр қылып шертеді. Автор тілдің ең қарапайым құралдары арқылы-ақ орасан шындықты ашып, айналамыздағы әділетсіздік атаулыға қарсылығын шынайы жеткізеді. Оқиға желісінің ең ширыққан тұсы былай өріледі: «Бұл кезде Ақкекiл соңындағылардан бiр шақырымдай ұзап алған, төбенiң күнбатысына қарай ойысты. Әлгi тастақты ескi жұртқа да таяй түсті, тiптi тұсына іліндi. Сөйткенше болмай, қайдан екенi белгiсiз үш-төрт ит ерткен беймәлім салт атты тұмағы мен тонының шалғайы далақтай айқайға басып, қарама-қарсы жырадан атып шыққаны. Аяқ асты болған құбылыстан үркiп, шошынған ат табан жолынан ауытқып, қазылған ордан секiре-мекiре быжырқай тасқа барып ұрынды. Мәдiбектiң тiзгiн тартқанына дес бермедi. Арынын баса алмай Ақкекiл жықпыл-жықпыл тастың тiк жарлауыт жерiне кеп қалды. Қарсы алдындағы биiктiгi керегедей жардан бар пәрменiмен тау текеше бiр-ақ ырғыды. Өз салмағына өзi ие бола алмай қалды да, мойны астына қайырылып төрт аяғы көктен келе жығылды. Тура бел омыртқаға көлденең жатқан көк тастың қылыштай қыры тидi. Оқыстан ышқынған аянышты дауыс ауаны тiлiп өттi. Ет қызулықпен бiрден тұрып кетпек едi, артқы аяқтары икемге көнбедi, ит сияқты шоңқиып отырып, қайта жығылды. Бiр ұмтылды, екi ұмтылды – тұра алмады...»
Міне, осылай жол тосқан қарақшының кесірінен Ақкекіл арғымақ мерт болады. Жұлыны үзілгеннен кейін мал болмасын біліп, дүлдүлді сойып алады. «Ақкекіл» әңгімесін оқып отырып, есімізге Ақанның Құлагері түсті. Япырмай, әр заманның өз батырашы болады екен-ау!
Әкесінен қалған аманат – Ақкекілінің опат болғанына егілген бала Шоқанның қайғысын айтсаңшы! Қарап отырсақ, әрбір қаламгердің тек өзіне ғана тән бір сүйкімді нәрсесі болады. Ол соны жырлағанда көсіліп сала береді. Мысалы, М. Әуезовте – көк бөрі, Омар Хайямда – шарап, Мельвиде – кит, ал Рудакидің гүлді жырламайтын өлеңі жоқ. Енедеше, Әділбектің де ең бір құсы түсіп, қызына қалам тербейтін тақырыбы – тарланбоздар тағдыры. Сонымен қатар, бұл кітапта «Ақкекілден» басқа да 11 әңгіме, бір хикаят топтасқан. Әсіресе, «Ындын», «Пешене», «Тазының тағдыры», «Қаралы көңіл» әңгімелерінде осынау қым-қуыт аласапыран тірліктегі адамдардың, жануарлардың келер күнге үміт артқан жансебіл ғұмыры шебер тілмен айшықталады. Әділбектің «Ақкекіл» кітабындағы біздің назарымызды аударған тағы бір соқталы туынды – «Сырт айналған дүние» хикаяты.
Қаскөйлердің аяусыз үйіп төккен жаласынан қара шыбынға да қастығы жоқ Тұрпан жазықсыз бәленбай жыл түрмеге отырады. Алланың адам баласына әзер қиып берген бір уыс қайран ғұмырының бірнеше жылын ішпей-жемей қапаста өткізу – ешкімнің басына тілемеймін, қасірет қой!
Кешегі Кеңес Одағы дәуірінде талай арыстай азаматтар осы Тұрпанның кебін кигені өтірік емес.
Адамзат қоғамның осы бір кезеңіндегі саяси енжарлықтың, моральдық азғындаудың, мұратсыздық пен үмітсіздіктің, сарыуайымның, адамға деген өшпенділік пен байлыққа деген ашкөз құштарлықтың әр алуан әзәзіл уы әбден жайлап, рухани эрозияға кеңінен етек алған тұсқа қаламгер бар қаһарын аямай төгеді. Ол қоғам тарихы мен адам тағдырын, халықтық шындық пен хһарактер шындығын, әлеуметтік талдау мен психологияны жігі ажырамас, жұбы жазылмас органикалық бірлікте қарастырады.
Осы бір дүниелерінде Әділбек Ыбырайымұлы бір жақтың басында көзге түспей қордаланып жатқан кішкене бітеу жарадан бүкіл бір халықтың басындағы үлкен әлеуметтік келеңсіздіктерге ой өрбітеді.
Әңгімелер мен хикаяттарды жіліктеп талдау барысында шалағайлығымыз да сезіліп жатқан шығар. «Әрбір жас дарынды көңіл құрғыр демеп жібергісі келіп тұрады», – деп марқұм Ілияс Омаров айтқандай, біз де өнер жазирасына өзіндік қолтаңбасын қалдыра бастаған Әділбектің тұңғыш прозалық дүниелеріне құтты болсын айтуды жөн санадық.
Қорыта айтқанда, мына бір-бірін қиып жеп жатқан алакүлік ғұмырда қуаныш пен қатар қасірет те ырғын екенін Ақкекіл арғымақ арқырай кісінеп, азаматтың есіне қайта-қайта салып тұрғандай.
Жұмабай ҚҰЛИЕВ
«Түркістан» газетінің 2001 жылғы 17 қарашадағы № 46 саны.
Бөлісу: