Әділбек Ыбырайымұлы: АСТАНАМЕН СЫРЛАСУ

Бөлісу:

27.06.2016 2857



Бұдан бұрын хабарлағанымыздай Сәкен Сейфуллин мұражайы Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Астана күні құрметіне арнап өткізген «Азаттық аясында» атты Республикалық жыр мүшәйрасында Бірінші бәйгені иеленген белгілі ақын, жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Астанамен сырласу» атты өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз.


adebiportal.kz 


Төгілген аспанынан алтын арай,                                 

Жеткен жоқ бұл бақытқа халқым оңай.

адилбек.jpg

Азаттық шұғыласына шомылған соң,

Астана қалай тұрсын жарқырамай?!


Асқақта, Азат елдің астанасы,

Ешкімнің мәртебеңе жоқ таласы.

Сен үшін ата-бабам қанға батып,

Байланған арыстардың оққа басы.


Еңсесі мәңгілікке аласармас,

Мәрмәрдан елім неге қала салмас?!

Орынбор, Қызылорда былай тұрсын,

Сенімен Алматы да таласа алмас.


Қаңбақтай үйіргенде құйын-заман,

Қазақтың көзден жасы тиылмаған.

Алматы ару қала болғанымен,

Басына бостандығы бұйырмаған.


Қазақтың әлдилеген кең даласы,

Келеді өркен жайып сан қаласы.

Астана, бірақ сенің орның бөлек,

Өзіңсің Азаттықтың бел баласы!


Шарқ ұрып іздесек те жерді айнала,

Біз үшін табылмайды сендей қала.

Мызғымас Тәуелсіздік тұғыры етіп,

Өзіңді салған адам қандай дана?!


Өмірдің ой жіберсем шалғайына,

Татиды бақыт дәмі таңдайыма.

Жұлдыздай жарқырай бір жерге түскен,

Халқымның біткен қала маңдайына!..


Бөлісу:

Көп оқылғандар