Бодандық болмыспен күрес

Бөлісу:

03.10.2016 4506

(Қабырғалы қаламгер Әділбек Ыбырайымұлының «Бейсауат кісі» әңгімесін оқыған соң өрбіген ойлар)


Жазушылар өміріндегі қоғамдық-әлеуметтік өзгерісті О. Голдсмиттен асырып айтқан ешкім болған жоқ: «Біздің дәуірімізде жазушы бәрінен бас тарта алады. Тіпті, ханзадамен де терезесі тең сөйлесе алады. Бұлай істеуге олардың ақыл-парасаты кепілдік беріп отыр» [Голдсмит О. Гражданин мира... Изд. Наука, М. 1974.]. Өмір келеңсіздігін нақты шындық пен шартты шындықта беруде, көркемдік әдіс ретінде қазақ Готизмінің реализмімен қатар романтизмі де қазіргі милети әдеби процесте қаламгерлерімізге мүлтіксіз қызмет етіп келеді дей аламыз.


Бейсауат кісі.jpg


Ағылшын сентаментализміндегі басты тақырыптың бірі – «қаңыраған ауылдар» өндірістік төңкерістің нәтижесінен туындаса [Кузмин Б. О Голдсмите, о Байроне, о Блоке ... Изд. Худ. Лит. М.1977.], қазақ Готикалық (Құтты Біліктік) әдебиетінде орыс колониялық саясатынан «адасқан қоғам, алжасқан ұлт» тақырыбы туындап [Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Ас.: «Фолиант», 2002.], оның бодандықтың санаға салған ізін, ұлт жадында қалдырған сарқытын прозаик қаламгерлер бір көркемдік әдіс (Құтты Білік) аясында алуан әдеби бағдармен әм әдеби бағытпен түрлі қырынан ірі, орта және шағын прозалық жанрларда алашына ұсынуда.


Қазақ прозасындағы шағын әңгіме жанрындағы сондай сәтті әдеби ұсыным – Әділбектің «Бейсауат кісісі».


Романаға жүк болған тақырыпты арқалаған шағын туынды «Әкең қартаймай құлға жарымайсың» деген дәйекшелі халық мақалымен басталады. «Бұл өзі нені білдіреді. Неге әке қартаюы керек? Неге құлға жаруымыз керек?» деген сауал қойылып, оған автормен бірге оқырман да қосаравторлықпен жауап іздейді. Әрі ұлт әдебиеттанушысы қаламгердің осы туындысын жазарда қандай ұстанымда болғанын ашу үшін талай ғылыми кітапты қопарып, қазақ прозасы классиктерінің бұған дейін осы тақырыпты қаузағандарына ой жүгіртіп, «авторлық жұмбақты» шешуге күш жұмсайды.


Әділбектің бұл әңгімесі оңай шағыла салатын жаңғақ емес, дұрыс талдай алмасаң: «не бел, не белбеу» кетеді. Анахандық дәуірден келе жатқан «Әке мен бала» арасындағы шарпысуды бодандық санадағы әке мен бостан санадағы баланың арасындағы арбасуға ұластырып, бұрынғы «адасқан ұлдың оралуы» мотивін «адасқан әкенің оралуы» мотивімен алмастырған қаламгерлік стратегия өз жемісін бере алғандығын байыптаймыз.


Қазір қаламгерлеріміз шағын әңгімелерін де болсын, романдарын да болсын дәйексөзді сүйіп қолданады. Бұл эпиграф түрінде реалистік туындыларда сиректеу көрініс берсе, гиперреалистік қазақ прозасында немесе постреалистік ұлт прозасында кең қолданыс табуда.


Өйткені, дәйекшелік ойлау (цитатное мышление) қазақ прозалық мәтіндерінің ең жетекші нышаны. Осы «дәйекшелік ойлау» терминіне қазақ пен алаш мәдениеті қалай қарайды!?


Батыстық постмодернизмнің қазақ топырағында өзінше готикалық гиперреализм түрінде түрлене өзгеріске түскен дәйекшелік ойлауы алаш қаламгерлерінің заманалық шығармашылық мәдениетінде орныға бастаған интермәтіндемелік идеясынан туындап отыр. Осы интермәтіндемелікке әлемдік гуманитарлық ғылымда түрліше түсініктеме беріліп жүргені де рас. Бірақ қазақ ғылымында осы бір иесіз қалған жайлаудағы ен жайылымға ешкім де малын өргізе қойған жоқ. Бұл жайлауға мал жаюда француздар алдына жан салмай тұр. Р. Барт өз кезегінде «Әр мәтін интермәтін болып табылады да, оның бойында түрлі деңгейдегі басқа мәтіндер ұшырысады... Әр мәтін ескі дәйек сөзден тігілген жаңа көйлек» десе, «Әдбиет теориясы» туралы оқулығы қазақшаға аударылуды керек ететін тағы бір француз Ж. Женетт бес түрлі мәтіндемелікті алдымызға тартады:


1) интермәіндемелік дегеніміз бір мәтін бойында екі немесе одан да көп мәтіндердің қосанжарласуы (дәйексөз, аллюзия, плагиат және т.б.);

2) мәтіннің өз атауына, сөз соңына, эпиграфқа және т.б. қатысты парамәтіндемелік қатынасы;

3) метамәтіндемелік түсінік беруші ретінде өте жиі өзінің алдындағы ілкімәтінге (предтекске) сыни сілтеме жасайды;

4) гипермәтіндемелік – өзге мәтіннің әлденені жақтырмай ой қозғау мен пародиялауы;

5) архимәтіндемелік мәтіндердің өзара жанрлық байланысы.


Орыстар пір тұтатын Х. Ханссонның пікірі біздің ойымызға қонымды, санамызды сарсаң етпейді. Сонымен аталған зерттеушіше: интермәтіндемелік – мәдени (елдің тарихымен, әрі оның мәдениетімен байланысуы); – жанрлық (постмодернистік романның серілік, тарихи, викториандық және басқада романдық хаттарының өздік стандарттарымен байланысушылығын білдіру); – арнайы (екі индивидуалды мәтіннің мәтіндемелік интеракциялануы кезінде туындау) болып табылады (Возрождение романа. Постмодернистские романы и традиции // Культурология : Дайджест. - 2000. - N 3. - С. 187-193).


Постмодернистік (бізше: гиперреалистік) мәтіндерде ұшырасатын дәйекшелікті қарапайымдай сөз етсек, не ашық (авторды, мәтінді көрсету), не жасырын (көмескі, мысалға, кісі аттарының, оқиға орнының, сюжет желісінің т.б. сәйкесіп келуі) түрде ұшырасады. Екінші жағдай автордың өз оқырманын сөзжұмбақ шешуге тырыстырған ойындық сәті деуге келіңкірейді.


Соцреалистік дәуірдің шекпеніне сыймайтын туындылар жазған: Ә. Нұрпейісов, Т. Ахтанов, Б. Соқпақбаев, Т. Әлімқұлов, Д. Исабеков, Т. Әбдіков, М. Мағауин т.б. қаламгерлердің шығармашылығы жайындағы әңгіме мүлдем бөлек. Олардың интермәтіндеріндегі көпдауыстылық (полифония) өз зерттеушісін күтіп жатыр.


Бұл ыңғайда айтарымыз – шығармашылық тұлғаның хаты: әрі жеке тұлғаттық, әрі оқырманды ойына қозғау салып сөзге шақыратын аралас-құраластықтан (коммуникативтіктен) тұрады. Әділбек әңгімесі осысымен құнды. Автор алашын бодандық санадағы әке мен бостан санадағы баланың арасындағы арбасушы аралас-құраластық пен интеллектуалдық шарпысудың әлегіне түсіріп қояды.


Метамәтіндемелікке ең алғаш қазіргі біздің ұғынуымызға өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның берік діңгегі: дін, тарих, ғылым, психология, өнерді қарпитын «мәтін туралы мәтін» немесе «мәтіндегі мәтіндерге» жуықтау пайымдама жасаған XIX ғ. басындағы неміс романтизмінің теорияшысы Фр. Шлегель «Die Poesie der Poesie» («поэзиядағы поэзия») терминін бірінші рет ғылыми айналысқа түсірді.


Француз философы Ж.Ф. Лиотар мен америка әдебиеттанушысы Фр. Джеймсон XXғ. ортасында «нарратив», «метамәтін» теориясын жасап шықты. Р. Барт өз кезегінде «Әдебиет пен метатіл» (1957) еңбегінде метатіл мен метаәдебиет проблемаларын көтерді.


Жапон зерттеушісі Ким Хюн Еун «авторлық әңгімелеу турасындағы авторлық әңгімелеуді» метамәтінді ұғынуда осы термин туралы лингвистика мен семиотикада қалыптасқан түсініктен өзгеше әдебиеттанушылық қадам жасауымыз оңды болады деген пікір түйеді.


Иә, шығыс зерттеушісі қазақ әдебиеттанушылары да ден қоюға тиіс оңды пікірді алаш гуманитарлық ғылымында күн тәртібіне қоя білді. Осы алаш гуманитарлық ғылымының күн тәртібіндегі мәселеге Әділбектің «Бейсауат кісі» әңгімесі арқылы жауап іздеуге талпыныс жасамақпыз.


Фридрих Шлегель: «Суреткердің арқасында адамзат тұтас тұлға қабілетіне қол жеткізді. Суреткер өз дәуірі арқылы өткен мен келешектің жібін жалғайды» [Литературная теория немецкого романтизма. Документы. Л., 1934.Б.170] дегені ойға қонымды. Болмысты жоққа шығару, өмірді терістеу және батысшыл парасат құдіретін керек етпеуге үндеген бодандық кезең салқыны – қазіргі заман прозасындағы романтикалық аңсарлылықтың басты ерекшелігі мен негізгі нышан белгісі болып табылады.


Аталған әңгімедегі ең бастысы – елден еректенетін фантастогорманикалық қаһарман Қиясбаев Жолдыбайдың айырықша қырынан сомдалуы. Шындық өмірдегі Қиясбай барша қазаққа мәлім тұлға. Автор осы қазақи қиясбайшылық оң жолды емес, батысшыл теріс жолды ұстанушы еуроқиясбайшылықпен идеялық күреске түскенін оқырманына кейіпкеріне ат таңдау арқылы бірден түсіндіре алған. Әрі Жолдыбай деген ат қазақ үшін жақсы ат емес, әрі осы есімді иеленушінің қандай жағдайда өмірге келгенін білдіреді.


Автордың тағы бір жетістігі ұлт басына түскен қос трагедиялық апатты мезет: 1932 мен 1958 жылдарды жасырын символикалық кодпен береді.


Қазақ прозасындағы шарттылықты сөз еткенде кейбір сөздер мен сөз тіркестерінің, кісі аттары мен дәйексөздік қолданыстардың «Символикалық форма», «Символикалық жинақтау», «Символ – образ», «Метафоралық символ» тұрғысынан беретін поэтикалық ұғынылымының басын ашып алуымыз керек. «Осылардың бәрі біз әңгімесін талдап отырған Әділбек Ыбырайымұлының реализмінің мәніне кереғар келе ме, әлде символ тұтас әңгіме құрылысын емес, белгілі бір бөлігіне ғана қатысты ма, мүмкін басқа бір әдістің символы болып тұр ма?» деген сауалдар өз шешімін тек осы туындының бейнелілік құрылымының көп мәнді, көп қырлы астарын терең ашқанда ғана танылады.


1932-2013 жылдар аралығындағы Қазақ өмірін барынша терең беруде Әділбек «Символдық формаға» көбірек жүгініп, өзінің жеке бастық пендеуи толқуын кейіпкерінің өзіндік психологиялық әрі-сәрілігімен ұштастырып, әңгіме кіріспесінде айырықша сипатта бейнелеген:


«...Қайшалысқан көліктер. Жол жиегімен үздік-создық шұбырған адамдар. Әйнектері сәулеге шағылысқан зәулім үйлер.


Бұл өз көзіне өзі нанбай жан-жағына аңтарыла қарады. Әрі-беріден соң басы айналды. Тамылжыған жайма-шуақ күн тынысын тарылтатындай.


Басында шәпкі, үстінде сұр күздік пальто. Мойнына асып алған «ФЭД» фотоаппараты бар.


Ары-бері өткіншілер бұған тіпті көңіл де аудармады. Тек өзі ғана ештеменің мәнісін түсіне алмай абдыраған халде төңірегіне шырқ айнала көз тігеді. Әлдене ұғынса бұйырмасын.


Жұрттың бәрі жеңіл, ашық-шашық киінген. Жүздерінде күлкі болғанымен мейірмандық білдіріп, іш тартпайды. Біреуі қасына таянсашы. Жоқ, ондай ишара байқалмады.


Енді бір таң қалғаны әнеу жігіт жападан-жалғыз келе жатып даурыға сөйлеп, жырқ-жырқ күледі. Міне, жанына да таянды.


– Прошу прощения, подскажите как пройти на улицу «Целинников»?

Қызыл шортилы, шолақ жең әлгі бейтаныс сол қалпы мұны ерен көрмей жанынан өтті де кетті. Мойын да бұрмады. Өзімен өзі сөйлесіп барады.

Бұл оның соңынан аңтарыла қарады. Қайран. «Киім киістері қалай? Мыналарға не болған?» Сонда ғана барып бұл өз үстіне үңілді. Пальто, жемпір... Жан-жағына сезіктене көз тастады. Әне, топтанған 7-8 оқушы балалар келе жатты. Бір қызығы бұл түсіне қоймайтын қазақша сөйлейді. Орысша сөз сирек естілетіндей... әлде естілмейді...»


Келтірген мысалымыздан көзге ұрып көрініп тұрғаны: қаламгер шығармашылығындағы көркем символданған зат («ФЭД» фотоаппараты) тіршілік құбылыстарымен тығыз байланыса келіп, оны автор өз қалауына орай жинақтап, өмірілік пайымдауын жасауына септесіп тұр. Әділбек осы түйіндеуінде бір жағынан өмір шынайылығын, екінші жағынан образға енген ұғым мен идея символдың басты эстетикалық қызметін айқындайды.


А.Ф. Лосев «Реалистік өнердегі символ проблемасы» туралы еңбегінде символ жөнінде: «Ол – шығарманың негізі және орталық өзегі» деген пікір білдіреді. Ал бұл жерде эпизодтық штрихтау топтамасына енген «ФЭД» фотоаппараты» туындының негізгі мәйегі болып табылып, кеңестік дәуірдің әлем мойындаған жетістігін символға айналдырған. Әрі қаламгер оқиғаны тартымды етуде оған түп қазық ретінде иек артқан.


Орыс ойшылы М.М. Бахтин образ – символдардың әдебиетте атқаратын үлкен рөлі туралы: «Образдың символға ауысуы оған ерекше мағыналық тереңдік пен мағыналық даралану үстейді» [Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. 2-е изд. М., 1986.Б.209], – деген ой айтады.


Әдеби жанр табиғатына сай, көркемдік бағыт аясында осындай құбылыстарды дарындылықпен, кең құлашты түрде қайыра тудыруы Әділбектің шығармашылық ізденісіндегі ауысып алуымен емес, ұлттық дәстүр шеңберінде белгілі ұғымдардың белгісіз қырын білгізуде танытқан шығармашылық шеберлігі деп ұғынамыз. Қазақ рухын Солтүстікте ойран еткен «Цилинников»-ты «Тыңшылар» деп астарлап берген сөзбен ойыны – көп нәрсені аңғартады.


Қаламгердің осындай өзіндік сөз қолданыстарын оны шығармашылық тұлға ретінде түсіну үшін, Әділбектің символдарының әмбебаптығын айыра білуіміз қажет. Осы әмбебаптықты «ФЭД», «Цилинников» сынды символ образды сөздер ұқтыра алады. Ойымыз тиянақты болу үшін әңгімеден мына үзіндіні оқып көрелік:


– Улицу «Цилинников» спрашиваете? – деп, бұның өзіне сауал қойды.

– Да.

– Ондай көше бар ма өзі? – деді әлгі баланың желкесінен біреуі қазақша.

– Жоқ! – деп өрекпіді өзгелері.

– Бұл кісі басқа жақтан келген ғой...

Мыналардың шүлдірін түсінбеді.

Осы кезде бұрыштан шыққан жол-патрульдік полициясы жандарына таяна берді.

Бақылауыш базада отырған оператор күмәнді нысанның әрекетін бейне камерадан аңдап, жүлгедегі кезекшілерге ақпарат түсірген еді.

– Азамат!

Жанарында сауалы мол жігіт ту сыртынан естілген дыбысқа үйелменімен бұрылды. Қарсы алдынан фуражкалы адамды көрді.

– Жол-патрульдік полициясы лейтенант Сыдықов! – Аузынан бұрын қолы маңдайына ербең етіп тиді.

Балалар тырқ-тырқ күліп, өз жөндерімен тартты.

– Қай жақтан келіп едіңіз, баратын адресіңізге жете алмай тұрсыз ба? –Кәсіби дағдымен бейтаныстың үсті-басына барлай қарады. Жаз айындағы ұсқыны мен ескі үлгідегі киім киісі еріксіз көз тартты. Қазір ешкім қолданбайтын мойнына ілген антикварлық фотоаппарат күлкі шақырды.

– Я вас не совсем понимаю.

Мұндай жай көпшілік арасында жиі ұшырасатындықтан полиция еш қиналмай орысшаға көшті.

– Алыстан келдіңіз бе?

– Осында тұрам. – Үні сенімсіз шықты.

– Тұратын жеріңіз?

– «Тыңшылар» көшесі...

– «Тыңшылар» көшесі дейсіз бе? – Полицияның жадына ондай атау оралмады. – Құжатыңыз бар ма?

– Қазір... – Төс қалтасынан қып-қызыл куәлік шығарды.

Лейтенант қолына алған құжатқа бір, оны ұсынған иесінің жүзіне бір көз жүгіртіп өтті. Құжатта «комсомол билеті» деп жазылған. Билік өкілі мұндай куәлікті бірінші рет көріп тұр. Тек көне кинолардан байқағаны бар. «Қиясбаев Жолдыбай, бүкілодақтық комсомолдар қатарына 1950 жылы қабылданды».


«Комсомол билеті» – белгілі бір дәуірдегі Марксизм мен Ленинизм идеясына сенген, әлі де одан айнымай келе жатқан Қазақстандағы «кеңес адамдары» әлеуметтік тобын таңбалайтын «Символикалық форма».


Ю.М. Лотман көркем мәтінді сараптауда өнер туындысын қосымша материал ретінде тарихи, әлеуметтік-экономикалық немесе философиялық мәселе аясында қарастыруға, сонымен бірге, белгілі бір дәуірдің тұрмыс-тіршілігін, имандылық нормасын танытатын дерек көзіне балайды [Лотман М.Ю. Анализ поэтического текста (структура стиха). Изд. «Просвещение» Лен. отд. Л., 1972.Б.7].


Қазақ әдеби процесінде заттық ұғымдарды символдандыру арқылы Әділбек Ыбырайымұлы жаңалық әкеп отырған жоқ. Ғылыми ортаға аян белгілі әдеби мәнердің белгісіз қырын аша біліп отыр.


Кезінде Ислам Ұлығ Қайта Өрлеуінің қазақтан шыққан белді тұлғасы Мәшһүр-Жүсіп діни-философиялық мағынадағы өз дастандарында заттық бұйымдарды фантастикалық емес, фантастика тәсілімен (термин – Ю.Манндікі) сөйлейтін қылыш және табақ түрінде фольклорлық негіз бен діни арқауға сүйеніп қолданады:


Алтын табақ сөйледі Жебірейілге:

– Мені әкеп тастап кеттің Мәдинеге!

Құдайдың өзі сүйген елшісі едің.

Иа, Мұқараб періште, өзің сөйле!


Патшаның отарлаушылық лаңын жансызды жандандыру тәсілімен М. Көпейұлы «Мешіт зары» өлеңінде былайша кестелейді:


Сонда мешіттің хал тілімен сөйлегені:


– Медіресе, мешіт болған менің атым,

Бас қосар ішімде жоқ жамағатым.

Хал тілім зарланып, қан қақсайды,

Естіп өт: құлағың бар азаматым! – десе, араға ғасыр салып, Әділбек те өз шығармашылығында осы көркемдік мәнердің жалына жармасқан.


Бар айырмашылық бодандық дәуірдегі қазақ қаламгерлерінің заттық бұйымдарды фантастикалық емес, фантастика тәсілімен қолдануы бір бөлек, бостан дәуірдегі қазақ қаламгерлерінің заттық бұйымдарды фантастикалық емес, фантастика тәсілімен қолдануы бір бөлек.


Жан Поль Рихтер «кереметті қолданудың» екі түрлі тәсілін атап көрсетеді. Біріншісі – материалдық, екіншісі – оған қарсы фантастикалық. Осы екі әдіс егемен еліміздің азат әдебиетіндегі прозалық туындыларда жиі ұшырасады. Біз осыны Әділбектің өзіміз талдап отырған әңгімесінде қалай қолданғанын туындының жанрлық табиғатын, композициялық бітімін сөз еткенде жоғарыда үзінді арқылы біршама тоқталып кеттік.


Қазақ прозасындағы заттық ұғымдардың сәтті қолданылысын Ж. Аймауытов, М. Мағауин, Д. Исабеков және т.б. шығармаларынан молынан кездестіреміз. Жүсіпбек өзінің «Ақбілек» романындағы натуралистік суреттеулерінде өз кейіпкері Тықаңның темекі орауын керемет шеберлікпен берсе, Мұхтар «Қыпшақ аруы» хикаятында балбал мүсінді кеңістік пен уақытқа қатысты үштік өлшемде өрілтсе, Дулат «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты хикаятында «оқ» пен «фото сурет» арқылы тылдағы ауыл балаларының кешегісі мен бүгінгісін қоса суреттей білген. Осы өзіне дейінгі ата және аға буынның қазақ прозасындағы заттық ұғымдардың сәтті қолданылысын Әділбек те ұтымды жалғастыра алған.


КСРО кезінде Имандылық тақырыбы ұлтсызданған «совет адамын» қалыптастыруға арналды. АҚШ әдебиетінде ақ түстілер мен үндістер, ақтар мен қаралар қарым-қатынасындағы проблемалар өзектілігі ақтардың пайдасына шешілсе, КСРО әдебиетінде орыстар (коммунистер) пайдасына жалған халықтар достығы аясында шешіліп отырды. Бұл қазақ ұлтының жаңаша 180 градусқа бұрылып, адам танымастай өзгерген дүниетанымын қалыптастырды. Осы дүниетанымдағы өз ұлтымыздан шыққан жандар әлі де өз ортамызда жүргені жасырын емес. Автор жат дүниетанымдағыларға идеялық соққы беру үшін «Имандылық тақырыбына» барып отыр.


Коммунистердің артта қалған отар елдерді саяси ағарту экспанциясына өткен ғасыр әдебиетіндегі алып тұлғалар: Шәкәрім мен Мәшһүрлер діни имандылықты қарсы қойғызды. Мағжан өз кезегінде пікірі билік басындағыларға ұнай бермейтін еркін ойлылықты қарсы қойды. Үш алыптың әдеби-рухани арпалысы өз кезегіндегі америка қоғамында орын алған ұлтсыздануға – «Имандылықтың сал ауруына» қарсы [Морозова Т.Л. Литературы США ХІХ века: основные тенденции развтия // В кн.: Романтические традиции американской литературы ХІХ века и современности, Б.69] трансценденталистердің әдеби бой көрсетуіне ұқсады.


Міне, осы бір әдеби дәстүрге адалдық – қазіргі қазақ прозасында өз кезегінде пікірі билік басындағыларға ұнай бермейтін «қазақстандық ұлтқа» қарсы еркін ойлылықты әдеби-мәдени сахнаға шығарып отыр.


Сонымен әдебиеттанудағы метамәтін дегеніміз – бұл тек тақырыпқа ғана бет бұрмайтын, сонымен бірге ол туралы авторлық сөзге назарын аударатын мәтін. Біз осыны авторлық туындыларда ұшырасатын өзге мәдениетке деген жаткөздену арқылы ашып көрсетуге талпыныс жасаймыз әрі имагологиялық ой толғаймыз.


«Бөгде» характерге, ділге, мәдениетке қатысты сауал адамзатты оның барша тарихында толғандырумен келеді. Оған әлемнің түрлі елдерінің фольклор мен әдебиетінен көптеген мысалдарды жолықтырамыз. Оны біз әдебиетің үш алыбына қатысты мысалдар арқылы жоғарыда сөз етіп кеттік. Енді қазіргі әдеби процестегі «өзге мен өздің» арасындағы шарпысуды, арбасу мен арпалысты «Бейсауат кісі» туындысы бойынша танытуды алға мақсат етіп қойып отырмыз.


Әдебиет тарихының әрбір даму кезеңінде белгілі бір әлеуметтік жағдаймен байланысты бір мезетте туындаған әр қилы көркемдік әдістердің дүниеге келуін бақылаймыз. Аталған дәуірдің сипатын ашатын негізгі қайшылықты өздерінің дүниетанымы, эстетикалық ұстанымына байланысты қаламгерлер әр түрлі қабылдайды. Эстетикалық тұжырым жақындығы олардың әдіс бірлігін танытады. Осыдан келіп шығатын қорытынды мынау: көркемдік әдіс туралы түсінік шын мәнісінде талдап қарастыруды керексінеді. Сондықтан, қазақ готизміндегі реализм мен романтизм бағыттарының ұқсастығы мынаған байланысты: әдетте есепке алынбайтын өмірді образды бейнелеудің жалпы белгілерінің олардағы қайталанушылығы.


Тарихи ортаның бірлігі (оның астарында рухани және дүниетаным ортақтастығы жатыр деп түсінсек) бір қатар қаламгерлерді өзара жақындастырады. Міне, осы ортақтастық олардың болмысқа қатысының принциптік бірлігін көрсетеді. Тарқата айтсақ, туған халқын тарихтың қозғаушы күші деп қарастыру, олардың эстетикалық идеалынан, ұнамды кейіпкерінің сомдалуынан, өмір процесін бағамдауынан айқын аңғарылып отырады. Осы шығармашылық принцип тарихи болып табылады. Оған бірлік және субъектілік (қаламгер) әрі объективтілік (дәуір мен орта) белгілі тәртіппен бірігеді. Олар ұстанған шығармашылық принципті біз көркемдік әдіс ретінде қарастырамыз.


Шәкәрім:


Айсаны көрсем егер мен,

Тіріл, – дер ем, – қайта, сен.

Сені Құдай деді де,


Айырылды халқың дініңнен! [Шәкәрім Иманым. Ақ Орда 2000.] – десе, Мәшһүр алған бетінен қайтпайтын ақынның өр бейнесін романтикалық рухта арманмен өрілте сомдайды:


Көбіне жек көрінішті менің сөзім,

Өз сөзімнен танбаймын сонда да өзім,

Заманында Пайғамбар не болғанын

Иншалла, тірі болсам көрер көзім.


Аталған мысалдардан біз діни әдебиетіміздегі аңсарлы көркемдік әдіспен жазылған өлеңдердің үзіндісінен Екі тарихи тұлға: Иса ғ.а.с. мен Мұхаммед ғ.а.с. пайғамбарлардың екі түрлі сомдалғанына көз жеткізе аламыз. Шәкәрім мен Мәшһүрдегі шындық өмірде болмайтын оқиғалар. Біріншісінде, ақынның пайғамбарға үмбеттерінің дін бұзарлық қылығы үшін арзулана шағымдану ситуациясы романтикалық шарттылықпен кестеленсе; екіншісінде, ақынның фантастогормониялық о дүниеден күтер рахатты пайғамбар заманында не болғанын білуі сөз етіледі.


Әділбектің әңгімесіндегі айқындаушы нышан-белгісі: қым-қуат шарпысқан психологизм. Адам жанын ұғынудың өзіндік кілтін іздеген қаламгер «ақиқат іздеуші» ретінде оны ұлттық философиядан, қазақи дүниетаным шеңберінен, сезімдік-түйсіктік аядан қарастырып қиялымен шарқ ұрады. Осы арадан келіп, «ғұламаның қасіреті» мен «қайырымсыз адамзат» ұғымдары қазақ прозасында этноцентризм рухында христиандық батыстық әм шығыстық мұсылмандық әдеби ұстанымдармен үндеседі. Осылайша қазақ прозасы әлемдік прозаның құрамдас бір бөлшегі ретінде жоғарғы деңгейдегі әлеуметтік, имандылық және эстетикалық аңсарға толы («ақылдың азабы», «рухани қаталау», «төңкерісшіл арзулы») жеке әдеби әлем болып табылады. Ұлтсызданған Валя апай-Бағила мен Женя-Жолдыбай трагедиясы оқырманды бей-жай қалдырмайды.


«– Арада болмашы үнсіздік орнады. Валя апай сөзін қайта сабақтады. – Женя қызық адам болатын. Ол кезде оның сөздері ақылға қонбайтын. Болашақты көремін дейтін. Бүр күні оған әлденәрсе әсер етті, содан өзгерді. Газеттерге, радиоға жаза бастады. Және жойдасыз, көңілге сыймайтын әңгімелерді айтатын.


Дулат пен Сыдықов Валя апайдың үйінен біраз жайтқа қанығып шықты. Одан кейін Жолдыбайды іздеу жан-жақты жалғасты. Сол әңгіменің желісі дәрігерді мемлекеттік дыбыс архивіне алып келді. Қаптаған сөрелерден 1958 жылғы материалдар жиналған қатарға жіті назар аударылды. Ақырында бір ұштығы табылды. Ескі үнтаспасында Жолдыбай есімді азаматтың сұхбаты сақталыпты. «Сәлеметсіздер ме, құрметті радио тыңдаушылар! Бүгін бізде қонақта облыстық пионерлер үйі жанындағы үйірменің жетекшісі, өнертапқыш Қиясбаев Жолдыбай, – деп басталады диктор әйелдің үні. – Ол болашақтың техникасы мен технологиясы жөніндегі өзінің тамаша жобаларымен бөліскелі келіп отыр. Байсалды үнді ер кісі тыңдармандармен сәлемдесті. «Таяу болашақта, 40-50 жылдың төңірегінде ғалымдардың ізденісімен біздің өміріміз адам сенбестей өзгереді. Жасанды жүректер қолданысқа енгізіледі. Тамақ әзірлеу жылдам және оңайға түседі. Телефон сымсыз тұтқаға айналады. Тек қана ол емес адамның қызуын, қан тобы мен қысымын кішкентай түтікшені денеге тигізу арқылы анықтайтын боламыз.


Дулат дереу Валя апайға телефон соқты.

– Біз сіз айтқан сұхбаттарды үнтаспадан таптық, тыңдап көресіз бе? Мүмкін Женяның дауысын танырсыз».


Осы дербес ұлттық жеке әдеби әлемде бір жазушы түркілік дәргейге, бір жазушы әлемдік жалпыадамзаттық дәрежеге қол жеткізуге өз тарапынан шығармашылық талпыныс жасайды. Ұлттық прозалық томаға-тұйық ноқтаны үзуге талпынған Әділбек әңгімесінде осы екі сипат та бар.


Осы екі сипат мына полистильдіктен танылады:


«– Азаматтардың жеке басын тіркеу, сондай-ақ, құқық қорғау органдарындағы деректер 1932 жылы туған Қиясбаев Жолдыбай деген адамның болғанын растайды. Бірақ ол 1958 жылы емес, 1978 жылы із-түзсіз кеткендердің қатарында. Оның жоғалғандығына қатысты құжат пен жеке суреті бар. Әлгі суреттегі кісінің өңіне қарағанда егделеу адам. Сіздің көрсеткен суретте – жас жігіт.

– Мұны қалай түсінуге болады? – деді дәрігер.

– Ресми іздеу салынған суреттегі адамның жасы 46-да. – Полиция аңтарыла дәрігерге мойын бұрды. – Ол жөніндегі бағыттамада «Жолдыбай өзімен бірге «ФЭД» фотоаппаратын алып сыртқа шыққан, содан қайтып оралмаған» деген сөздер бар.

– Қызық. Жолдыбайдың өзі де дәл осылай айтты. Бірақ, ол 1958 жыл...»


Әңгімеде фантастика элменттерінің араласуы, мистиканың ұшырасуы қаламгердің қалам құдіретімен оның әрін ашады. Әрі автор астарлы оймен өзге тілді, өзге ділді қандастарымыз: кеңестік-ресейлік «орыс әлемінің» бір бөлшегі ретінде жүрген «Бейсауат кісілер» деген авторлық үкім шығарып, қаламгерлік кесік айтады.


Әділбектің аталған шығармасында ұлттық прозадағы дәстүрлі ділмәрлықтың орнын фантастика элменттерін кірістіріп, жасырын мистиканың ұшырасуымен алмастыруы құптайтын қадам. Қазіргі қазақ әңгімесінің тұрапты мен бітімінің өзгеріске түскенін осы туындыны оқу барысында аңғарамыз. Бұрынғы көз үйренген ділмәрлік, арзулы-философиялық аңыстағы классикалық әңгімелердің орнын неоклассикалық жаңа тұрпаттағы туындылар шоғыры біздің буын тарапынан туындай бастады. Әділбек әңгімесінен антитезалық әсіреқазақтық пен еуроқазақтықтың бірін-бірі әжуалаушы иронияны, «дәйекшелік ойлауды», интермәтіндемелікті, пастиш, коллаж, ойын принципін (сандарға құрылған – Ә.Ә.Ә.) ұшыратамыз. Және автор өз санасының бодан болған 26 жастағы суретін әңгіме жарияланған «Әдебиет порталына» туындысымен бірге орналастыруы тегін еместігі сөз ұққан жанға танылып тұрады.


Бодандықтан бостан болғандар мен оның шырмауында әлі күнге қалғандар арасындағы шарпысуға құрылған туындылардың легі тағы бір тамаша шығармамен толықты. Автордың асқан шеберлікпен жұрт көкейіндегі дүниені шымыр туындыға айналдыра білгені оқырманын тәнті етеді. Оқырманын арбап та алатын, санасын сандалтатын бұндай әңгімелер біздің осы бір пікір айтуымызбен шектеліп қалмайды. Қазақ әдебиеттанушыларын бұндай кесек туындылар әр дәуір, әр ұстанымдағы зерттеушілерді өзіне қайыра бір соққызып отырады.


Әбіл-Серік Әбілқасымұлы,

әдебиеттанушы ғалым 

Бөлісу:

Көп оқылғандар