Түркі әлемінде «Мағжан Жұмабаев жылы» жарияланды
Бөлісу:
Биыл қазақ ақыны, публицист, педагог, «Алаш» қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай түркі әлемінде 2018 «Мағжан Жұмабаев жылы» болып жарияланды.
Аталмыш шараның беташары ТҮРІКСОЙЛ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Түркияның Кастамону және Анкара қалаларында өтті. Шараға ақынның туған жері - Солтүстік Қазақстан облысынан делегациялар да қатысты. Мерекелік шара түркі әлемінің мәдени астанасы – Кастамону қаласынан бастау алды. Түрік ағайындар қазақ халқының асыл перзенті Мағжан Жұмабаевты ерекше құрметтейді.
Мағжанның мерейтойы аясында өткен кездесулер мен шаралар ақынның тағдыры қиын өмірбаяны мен шығармашылығын танытуға арналды. Оған зерттеуші ғалымдар, саясаттанушылар мен жазушылар қатысты.
Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» жыры 1915 жылғы Чанаккаледегі шайқасқа арналған. Ақын жыр арнап қана қойған жоқ, қазақтың байларынан қаражат жинап, туысқан халыққа ақшалай көмек көрсетті. Түріктердің Мағжан ақынды ерекше құрмет тұтатындығы да сондықтан»,- дейді ТҮРІКСОЙЛ халықаралық ұйымы Бас хатшысының кеңесшісі Асқар Құрманбаев.
Мағжан Жұмабаевтың шығармалары ондаған тілге тәржімаланған, олардың ішінде түрік, орыс, татар тілдері де бар. Ақынның 125 жылдық мерейтойына орай Мағжанның 26 шығармасы түрік тіліне аударылып, жеке жинақ болып жарық көрді.
Түрік ақыны және жыр жинағының аудармашысы Али Акбаштың сөзіне қарағанда, барынша дәлме-дәл тәржіме жасау үшін ақынның жан дүниесіне тереңірек үңілуге тура келген. Аудармашы Мағжанның әлі толық зерттеліп болмаған. Мағжан – бостандық пен еркіндіктің адамы. Мағжан – түркі халықтарының бірлігі үшін жанын пида еткен тұлға» екендігін айтады.
Түркияның астанасы – Анкара қаласында ақынның мерейтойына орай халықаралық симпозиум өтті. Онда ақын туралы бұрын белгісіз болып келген көптеген фактілер жұрт назарына ұсынылды.
«Біз 1927 жылы деп көрсетілген Мағжан Жұмабаевтың қолжазбасын таптық. Онда ақын туған жылын – 1893 жылғы 7 қараша деп көрсетіпті. Бұл бағалы жәдігерді танысу үшін, Анкараға әдейі ала келдік», - дейді Солтүстік Қазақстан мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова.
Түркітілді ағайындар Қызылжар өңірінің өнерпаздары – Біржан Есжанов, Қайырлы Ғафуров, Дәмеш Құрманкина орындаған ақиық ақынның сөздеріне жазылған әндерді бар ынталарымен тыңдап, олардың асқан шеберліктеріне шын жүректерімен риза болды.
«Жерлес ақынымыздың 1923 жылы Ташкент қаласында жарық көрген жыр жинағын өзіммен бірге ала келген едім. Біз ұйымдастырған көрмеге ақынның жеке мүліктері – Құран мен қолдан тоқылған кілемше қойылды. Олардың ішінде Жұмабаевтар отбасына тиесілі ыдыс-аяқтар да бар», – дейді ақынның туған ауылындағы мұражайдың директоры Айгүл Жүнісбаева.
Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен қаза болуында келер ұрпақтың шешу үшін еншісіне қалып отырған құпия мол. Түркияда ақын атында көше, мектеп және саябақ бар.
Бөлісу: