ҮСТІНЕН «МАЙ МҮҢКІГЕН» ҚАЛАМГЕР

Бөлісу:

03.05.2018 4095

Жапон жазушысы Харуки Мураками бөлек пішінді, өзге кейіптегі қаламгер тұрғысында қабылданған. Оның шығармалары жапон әдебиетіне қатысты дәстүрлі көзқарасты өзгертіп жіберді. Тіпті, «ілгерілеп кеткен» оқырманның өзі мұндай жапон шығармасын кездестірмеген екен.

Қаламгердің романдары мен әңгімелері, міне, отыз жылдан бері Америка, Канада және Батыс Еуропа сияқты елдердегі оқырмандардың жүрегі мен ой-санасын жаулап алған.

Алайда, бүгінгі жапонияның бірден-бір үрдісі бөлек жазушысының шығармалары кейінгі жылдарға дейін орыс тіліне аударыла қоймады. Неге екені белгісіз, көбіне іркіліс тауып кешеуілдей берді. Соңғы он жылдықтың ар жақ, бер жағында қарқынды қолға алынды.

Оның аудиториясының тілімен айтқанда Мураками «бекзада әрі дөкей» қаламгер.

Отыздан асқан токиолықтар үшін жалпы әдебиет бар да және «Муракамидің әлемі» бар. Оның атын білмеу, бүгінде интернетті пайдалануды білмегенмен тең. Тоқсаныншы жылдардағы білімдар жапон жастары үшін Харуки Мураками сұңғыла ретінде танылған және қаламгер бұған саналы түрде ұмтылмағандай көрінеді.

Харуки Мураками – үнемі шетелдерде өмір сүрген жапон. Соңғы жиырма бес жылдың аумағында ол Грекиядан Италияға, Еуропадан АҚШ-қа қоныс аударады. Өстіп тұрақсыз көшіп жүріп үздіксіз жазып келеді әрі жапонша жазады. Культурологиялық эссе, әңгімелер мен ағылшын тілді «эстеттік» әдебиет аудармаларын санамағанда, орташа есеппен жылына қалың бір роман береді.

Егде жапондықтар оны ұнатпайды, ал жастар – әулие көреді. Алайда екі буынның да бір жерден түйісетін ойлары бар: «ол – «өте қатты май сасиды» деген пайымда. Жапондарда қатаң қағида ретінде қабылданған нәрсе, сүтті майлылығына бола тағамға араластыра қолданбайды.

Демек, оның шығармаларына қосылмайтын нәрселер былығып кеткен, барлығы дерлік батысшыл, жапонша әдіптелмеген, кірме, жат. Әрқилы діл мен мәдениет қойыртпағының исі еседі. Сондықтан, Мураками олар үшін «басынан аяғына дейін май мүңкіген» қаламгер. Бір сөзбен айтқанда, космополит ұлды патриот әкеден аулақ ұстағылары келеді.

Оның қаһармандары стэйк, пицца және спагетти жейді, Элла Фитцджеральды тыңдайды. Жалпы, «Мураками әлеміндегі» адамдар джинсы киеді, сникерске әуес, Хичкоктың фильмдерін көреді, «фольксвагенге» мінеді, ішкендері – «Хайнекен».

Ал оның ең атақты романы – екітомдық «Норвежский лес» – «Битлз» әнінің құрметіне аталған. Әрі шығармаларынан жапонша есімдерді, ата текті кездестірмейсің, бар болғаны қалалардың аттары айтылады. Жапония сияқты ел бар екенін емеурінмен ғана еске салады. Диалогтар мен образдарды әлемдік рок-н-ролл мен заманауи батыс әдебиетінен қалқып алып отырады.

Қаламгердің «Охота на овец» («Қойдың ізіне түсу» – шартты аударма) деген романын оқып шықтым. Кейіпкер бір миллиардердің киесіне айналған ерекше жаратылған қойды іздейді. Балуан Шолақтың ақ қошқары сияқты қой екен деп, үңіле түсесің. Алайда, жадағайлыққа ұрынасың...

Мен де сол егде жастағы жапондықтардың ұстанымына қосыламын. Жапон мәдениетін көре алмайсың. Бас кейіпкерлері отыздың ар жақ, бер жағындағы жастар. Көбінесе ішетіндері ішімдік. Өмірге үстірт қарайды. Және осыны бүгінгі заманғы тұрмыстың эталоны ретінде көрсетіп, осылай өмір сүрсеңдер дұрыс болады деп тұрғандай.

Бұл, бірінші қабылдаудағы әсер. Керісінше, ақылды жастар, «жоқ, бұндайға бармауымыз тиіс екен ғой» деген пайымға тоқтауы керек. Осы амал, қаламгердің оқырманның ойлануына қалдырған үлесі сияқты.

1996 жылы жазушы Жұмабай Шаштайұлы бастаған бір топ, Алматыдағы Халықаралық қатынастар институтының студенттерімен кездескеніміз есімде. Сонда жастардың алдында сөйлеген Жұмабай ағамыз «Жастар, біз сіздерге арақ ішпеңдер, темекі тартпаңдар демейміз, арақ ішіңдер, темекі тартыңдар» дегенді айтты. Қатысып отырған ректор тіксініп қалды.

Өкініштісі, соның негізгі астарын түсінетін өре жастарда болмады. Бүгінде нәзік жанды бұраң белдер темекі тартудан ерлерді басып озып, түтін шығарудан поезды артқа тастап кетті. «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» дегенді айтатын қазіргі таңда ата-ана да жоқ шығар.

Муракамиден алатын нәрсе, шетелдерде жүріп, тек ана тілінде қалам тербейтіні. Сөйте тұрып «өнімін» ағылшын тілінде өткізе алуы. Күнін көру үшін де сол ортаға лайық космополиттік бағытты таңдап алған шығар.

1995 жылы «Нью-Йоркер» журналына берген сұхбатында Харукиге тілші мынадай сұрақ қойған екен:

«– Сіз ақшаны жақсы көресіз бе?

– О-о, иә! Мен ақшаны өте жақсы көремін! Оған жазу үшін бос уақыт сатып алуға болады...» деп, жауап беріпті.

Міне, солай бола тұра ол – әдебиет арқылы жапон елінің атын әлем назарына алып шыға алған ұлт жазушысы. Өкініштісі сол туған халқының мәдениеті, мінез-құлқы, ерекшеліктерін жаһан жұртына таныта алмады. Оның жазғаны жалпы адамзаттық өлшемдер мен үрдістер ғана еді.

Тілінен ажырамаған қаламгер – ұлт жазушысы. Біз сондықтан, өкінішке орай, өзіміздің кейбір әдебиеттегі тарландарымызды «ұлт жазушысы» деп айта алмаймыз.

Соңғы жиырма жылдың бедерінде қазақ әдебиетінде де космополит қаламгерлер бой көрсетіп, жалпы дүрмекпен ілесіп келеді. Қазақ қоғамында патриот әкеден космополит ұлды айырып тастайтын қауқар жоқ.

Осының бәрі – ұлттың ұяты бола алған аналардан туған ұрпақ...

Жалпы, иман мен иба, ұлттық мүдде өлшемін білмейтін пенде некен саяқ шығар. Сондықтан, әдеби шығармада көркем пайым мен тұжырым неге үгіттеліп отырғанын ақылға салып, иман таразысына бұрған адам – ештемеден ұтылмаса керек.

Әділбек Ыбырайымұлы

2017 жылғы 19 қазан, сағат 21.00

Бөлісу:

Көп оқылғандар