«Сүй, жан сәулем»: Мағжанның махаббат тақырыбындағы өлеңдері
Бөлісу:
Бүгін Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Бекенұлының туған күні. Мағжан – әлемдік деңгейдегі философ ақын. Оның шығармашылынан жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік тәрізді қарама-қайшылықты философиялық ұғымдарды байқау қиын емес. Ақын дүниені біртұтас құбылыс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде суреттейді. Сонымен қатар, Мағжан өлеңдері сыршыл лирикаға толы. Ғашығына «Сүй, жан сәулем» деп ыстық сезімін білдірген айтулы тұлғаның әр өлеңіне таңданыспен қарайтынымыз шындық. Ендеше, бүгінгі атаулы күнге орай шайырдың махаббат тақырыбында жазылған бірнеше өлеңін оқырман қауымға ұсынамыз.
Құр қалыппын
Сұлу қыз анадайдан сылаңдайды,
Теңімен ойнап-күліп, бұраңдайды.
Адамзат бәрі ғашық, бәрі құмар,
Аһ ұрып, оны көрмей тұра алмайды.
Ептілер ебін тауып, жақындапты,
Болуға ең сүйгені жақын қапты.
He қылсын өзінің қолы жеткеннен соң,
Меңіреуді мен сықылды шақырмапты.
Білмеппін дәнеңесін сырт халықтың,
Сөз қатпай, таң атса да, құр жатыппын.
Ойламай, көз жүгіртпей, меңіреу басым,
Жанаспай, жақын жүрмей, құр қалыппын.
Қайғылы сұлуға
Көркің хор, періште еді сенің жаның,
Ойлаушы ең күні-түні көк аспанын.
Мінезін адамзаттың сынамаққа,
Мезгілді орын ғып ең бұл жалғанын.
Байқадың алыс-жақын тегіс жайын,
Жанашыр ата-ана һәм ыңғайын.
Көзі жоқ кеудесінде өңшең соқыр
Бір көрді сені адаммен қарапайым.
«Қара жер, көкті ойлама, орның,– деді, –
Қара тас мәңгі өлік құрбың, – деді.
Хайуандай бір қазыққа арқандай сап, –
Құр енді, жануарым, тұрдың» - деді, –
Көрдің ғой, жақынында қан болмады,
Қазаққа қыз арқандау таң болмады.
Жан-жаққа мұңды көзбен қарасаң да,
Сен үшін жанын қияр жан болмады.
Солма енді, жерлік емес, жұмақтық гүл,
Шекпе азап, жауыздардан енді құтыл.
Бере алмас саған баға өңшең өлік,
Көкке ұш, асылыңа қайт, періште бол!
Толған Ай
Тұрасың, мейірімді Ай, нұрың шашып,
Бұғып жүр қараңғылық бетін басып,
Толсаң да солсаң-дағы айрылмайтын
Жолдасың - жұлдызыңмен қол ұстасып.
Далада жолаушыға сен жолбасшы,
Егерде жазатайым жүрсе адасып.
Дөңгелек, жарасымды ақ келбетің,
Жүресің жылжып қана әсем басып.
Ажары ақ жамбыдай сұлулардың
Жалғанда тіпті кетпес көркі асып.
Сәулеңнің түскеніне әлдеқандай
Теңіздер жан теңгермес жатқан тасып.
Мәз-мейрам көкте қатар жүргеніне
Жұлдыздар иек қағып жымыңдасып.
Жалғыз-ақ іштен сені жек көреді
Екі жар қол ұстасқан сыбырласып.
«Жарықта қараңдап, бой көрінед!» – деп,
Бір-бірін сүйісе алмас мауқын басып.
Елжіреп көңілдері, құмар қанбай,
Айрылар біраздан соң амандасып.
Тірі бол
Сүмбіл шашы,
Сылқым жасы,
Отағасы
Кәріге.
Сөкпе, жаным,
Тәтті қаным,
Бітті иман
Бәріңе.
Жаның ұсақ
Қоңызға ұсап,
Құшақ, құшақ
Өсек көп.
Шын жаныңмен,
От қаныңмен,
Иманыңмен
Ісің жоқ.
Қыбыр-қыбыр,
Жыбыр-жыбыр,
Сыбыр-сыбыр
Мінезің.
Шық, бері шық,
Кінәлайсың жұрт,
Heгe жырқ-жырқ
Күлесің?
Кесек-кесек
Артқан өсек
Бір көк есек,
Көнбейсің!..
«Баспын» дейсің
«Жаспын» дейсің,
«Қаспын» дейсің,
«Мен...»дейсің.
Бірін боқтап,
Бірін мақтап,
«Алла хақ...»деп,
Жалпаңдап,
Ел дегенің,
Қам жегенің,
Мен білемін -
Бір атақ...
Жылмаң, жыртаң,
Бұртаң-тыртаң,
Бұртаң-тыртаң,
Сұм өмір...
Соныменен,
Алла-ай, сенен...
Эх, ты дур!..
Мейлі құрысын,
Бәрі ұрсын,
Бүлік болсын,
Ізгі жол...
Мен не дейін?
«Сен» демейін,
«Ол» демейін,
Тірі бол!..
Сүйгеніме
Жандым-күйдім, сені ойлап, дамыл көрмей,
Еш жанға сенен басқа көңіл бермей.
Сен - бір жақ, жалған - бір жақ, қатар қойып,
Сені іздедім, жалғаннан қолым сермей.
Қайғы жұттым, «аһ» десем, шықты жалын,
Сыртым - сау, ішімде - өрт жанған қалың.
Күйдірген қалың өрттің зардабынан
Өлгелі тұр сүмірейіп сорлы жаным.
Сөзім, көзім айтып тұр сүйгенімді,
Қуарған, сарғайған жүз, күйгенімді,
Талған жүрек, жүдеген, солған дене -
Сүюдің қолына ен тигенімді.
Күні-түн сені іздедім, қайғы жедім,
«Отқа түскен сорлыңды сүйші»,- дедім.
Төгілген көз жасыма бір иімей,
Денеңді аулақ салдың, қоспай жігің.
Жан ұрдым, жаным қидым, қайрылмадың,
Өміріңше «Кет әрменнен!» айрылмадың.
Шырылдап көз алдында отта жандым,
Тіліңмен де бір аяп қайғырмадың.
Күн болған көңілімде сенің сәулең,
Болып ем өмірімше сорлы әурең.
Міне, мен сені тастап кетпекшімін,
Қош енді, жанып-күйіп сүйген сәулем.
Мен таптым, сүймесең де, өзіме жар,
Керегің жоқ, мейірімсіз жолыңа бар.
Маған енді ол жармен тыныш, рақат,
Бәрібір жазы-күзі жауса да қар.
Өмірінше бірге, тастап кетпегі жоқ,
Сен сықылды қайғылы етпегі жоқ.
Өзгермес бір қалыпта кең тіршілік,
Бірде шаттық, бірде мұң жетпегі жоқ.
Қош, сөулем, бермен қара, сорлыңды көр,
Амандас, мен кетейін, қолыңды бер.
Алдымда құшақ жайып қарсы алатын
Сүйген жарым – мейірімді ол қара жер!
Сүй, жан сәулем
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен.
Кір қойныма, қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным!Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.
Шашың – қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.
Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,
Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін,
Өтпесе түн, атпаса екен таңы да.
Сүйгенім анық
Көрдім де келдім,
Қолымды бердім:
«Сүйем сені, сұлу қыз.
Жүрегім жанып,
Сүюім анық,
Куә болсын көп жұлдыз!»-
Дедімдетілден,
Құшақтап белден,
Қысып сүйе бастадым.
Жақындай бердің,
Қойныма кірдің,
«Кет!» демедің, қашпадың.
«Сүйем» боп сөзің,
Мөлдіреп көзің,
Тақадың сен бетке бет.
Айрылдың естен,
Күндізгі күштен,
Тиіп ыстық етке ет...
Ұшуға іңкәр
Тұра ма тұлпар
Бір жерде ылғи шаң жұтып?!
Жел едім, ұштым,
Талайды құштым,
Кетіппін сені ұмытып.
Бүгін сен көріп,
Қолыңды беріп,
Қайғыменен қарайсың:
«Сендім мен жазған,
Сүйгенің жалған,
Алдадың!» – деп жылайсың.
Алдағаным жоқ,
Арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз!
Тап сол сағат
Сүйгенім хақ,
Куә мынау көп жұлдыз!
Екі бетің, сұлу қыз
(Гейнеден)
Екі бетің, сұлу қыз,
Розадай ойнап, жанып тұр.
Жас жүрегің бірақ мұз,
Жүрегімді қарып тұр.
Мұның бәрі өзгерер,
Көрерсің әлі-ақ, сұлу қыз,
Жүрегіңе жаз келер,
Екі бетте орнар қыс.
Айрылдым сенен, жан сәулем
(Гетеден)
Айрылдым сенен, жан сәулем,
Көруге енді жоқ үміт.
Бірақ соңғы сөздерің
Кетпейді естен боп ұмыт.
Жапанда жалғыз жолаушы,
Аспанда торғай жырласа,
Көзі көкте, тілегі -
Көріп жақын, тыңдаса...
Мен де сондай қапамын,
Тоғайға, қырға қараймын.
Қайғымен жалғыз күңіреніп,
«Жан-жарым!»- деп жылаймын.
Әзірлеген БІРЖАН АХМЕР
Бөлісу: