Жанболат Аупбаев. Орнитолог

Бөлісу:

18.03.2019 7398

Ернар Мұхтарұлы Әуезов

Қазақ əдебиетінің үлкен де ізгі жүректі достарының бірі Алексей Пантиелевтің заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Əуезов жайында жазған “Ұлан даланың ұлы жыршысы” атты естелігінде мынадай жолдар бар.

“...Алматыдан Ыстықкөлге кетіп бара жатқан сапар бағытында біз жер бауырлай ұшқан дуадақты көрдік. Ол қанатын қағып-қағып жіберді де, даланың шалғын шөбіне сүңгіп кетті. Əуезов қатты дауыстап сол жақты саусағымен нұсқап, машинаны тоқтатты. Оның мектепте оқитын баласы Ернар əкесі сыйға тартқан мылтықты ала сап, дуадақ қонған жерге бой тасалап бұға жөнелді.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Жанболат Аупбаев. Балуан Шолақтың немересі

Балалық көңілден туған аяушылық сезім бе, əлде қалың шөптің арасынан əлгі құсты шынымен таба алмады ма əйтеуір ол бір мезетте оқ шығармай орта жолдан ойлы кейіппен кайта оралды...”

– Қазір, – деп еске алады бұдан кейін ұлы жазушының үзеңгі жолдасы өз естелігінде. – Ернар Əуезов – биолог. Ол біздің елімізде, біздің еліміз ғана емес, дүние жүзінде тұқымы əлдеқашан құрып кетті деп есептелініп келген шағаланың сирек түрін тауып, сонын, өсіп-өнуін, көбеюін зерттеп жүр”.

Кішкентай Ернар ата-анасымен

Байқап қараған адамға осында бір символикалық ұқсастықтың шартты түрдегі болса да көрінісі желі тартып жатқандай. Ол – қүйтақандай кұсқа зəбір көрсетуге жүрегі дауаламаған кешегі бала жəне өзінің өмірлік жолын табиғат аясындағы қанатты құстар əлемінен тапқан бүгінгі ғылым өкілі.

Өткен жылдар белесіндегі оқиғамен ол екеуін байланыстырып тұрған не нəрсе екен сонда?

Үшаралдан Алакөлге құлайтын құмдауыт қабақта құлдыраңдап келе жатқан мотоциклдің қоржын орындығында отырған мен осыны ойлаумен болдым. Ал, жолбасшым – Владимир Михайлович Коробкин болса , биылғы жаз күндерінің “түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз” танытқан ойнамалы мінезіне алаңдап келе жатқан сыңайы бар. Қарт қорықшы жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тау бөктерлерінің аралығындағы ойпатқа ойыса бастаған жабағы бұлттарға жалтақтай қарап, көк мо-торлы көлігін қамшылай түсуде.

– Орнитологтар мекені əнебір ашық аймақта, – деді ол кісі бір мезетте. Сөйтті де желден жасаураған жанарын жеңімен сүртіп қойып, мотоцикл тізгінін қалың қамыс арасындағы сүрлеуге бұрды.

Мұнда бізді ең алдымен қарсы алған қалың қау, қордалы мия арасынан ду етіп көтерілген сарбас масалар шоғыры болды. Олардың ұзын тұмсықтары мен адам алақандары шапаттаса “сəлемдесіп” болғанынша көл жиегіндегі төрт-бес шатыр да көзге қылт ете түскен.

Ернар әйелі Ольгамен

...Экспедиция қосында Ернар Əуезов жоқ болып шықты. Жігіттердің айтуына қарағанда ол мана таң аласақсақтанып ата бергенде-ақ кұс балапандарына сақина салу үшін Тасты аралына аттанып кетіпті. Жағаға қай уакытта оралады, ол жағы бұларға белгісіз.

Іздеген адамымызды енді амал жоқ күтуге тура келді. Байқаймын, көл жиегіндегі шатыр адамдарының өмірі оншалықты көңілсіз емес сияқты. Əу баста өздерін: “Анатолий, Юра, Нұрлан, Станислав”, – деп таныстырған Қазақстан Республикасы ылым академиясы зоология институтының қызметкерлері аңқылдаған, ақжарқын адамдар екен. Олардың бірі бітеудей сойылған құс терісінен кеп жасап, ал екіншісі үлкейткіш əйнек микроскопқа үңіліп отырып-ақ біз келгелі бергі аз уақыттың ішінде талай əңгіменің басына су қүйып үлгерді.

– Орнитолог Əуезовтың реликт шағаласы дейсіз бе? – деді əріптестері өзін Максимыч атап кеткен Анатолий: – Несі бар, оны Ернар келмей-ақ сөз ете беруге болады. Өйткені, аталмыш құс түрінің бұл жерден қалай табылғанына кезінде осы отырған бəріміздің де куəгер болғанымыз бар.

– Қызық оқиғаның қиюын қашырма, Толик!

Қазан төңірегінде күйбеңдеп жүрген Станислав əңгімеге əңкілдей кіріскен əріптесіне осылай деп ескерту жасауы мұң екен, мына жақта отырғандар оған өре түрегелді.

– Сен немене өзің... Айтуға болмай ма?

– Одан да алдыңдағы қазанға қара. Əнеки, шыбын түсіп кетейін деп тұр...

Аяқ астынан туған дау көпке дейін толас тапқан жоқ. Оларды манағы əңгімеге оралту уақыт санап қиындап бара жатқан сияқты. Сондықтан желдің ығына қарай көшуге тура келді.

– Сіздер немен шұғылданасыздар осы, – дедім мен дауласудың ұрымтал бір сəтінде.

– Е, бұл сұрақтың жөні баска енді. Себебі ол бізге ұнайды, – десті отырғандар. Сөйтті де о бастағы сөз арнасына түскен олар екіндіге қарай ауып бара жатқан күннен ұзара түскен көлеңкеде отырып, кəдуілгі мамыражай əңгімеге көшті.

Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы зоология институты экспедициясының мүшесі Нұрлан Ахметжановтың айтуына қарағанда жер шарында қүстардыц 8 мың 600-ден астам түрі бар екен. Соңғы ғылыми деректер бойынша Қазақстанда олардың 478 түрі кездеседі. Туған республикамыздағы Алакөл – олардың көбіне қолайлы мекен. Мұндағы аралдардың шаруашылық үшін маңызы жоқтығынан ол жерге адамдардың аз баруы əрі ауа райының континентальді болуы аталмыш аймақтағы көктем мен күзге дейін думаны бір басылмайтын “қүс базарының” толастамауына берік негіз қалаған.

– 181 түрлі құсқа қоныс болған бұл жер біздің зоологтарымыздың назарын өзіне аудармай қойған жоқ, – дейді Нұрлан. – Əсіресе реликт шағала табылды деген сөз жер-жерге тарап кеткен соң 1972 жылы сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қорықтар мен аңшылық шаруашылықтарының Бас басқармасы, Қазақстан Республикасы ылым академия-сы зоология жəне ботаника институтының мамандары Алакөл аралдарын қамқорлыққа алып, оны заң жүзінде бекіттірді де жыл сайын экспедиция шығарып отыруға шешім қабылдады. Содан бері осындамыз. Мұнда біз құстардың маусымдық орын ауыстыруы – миграция мəселесімен, қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық ережесіндегі негізгі міндет – ұядан шыққан балапандарға сақина салумен, қанатты жануарлар өкілдерінің түрлі құрылықтардан өздерімен бірге ілестіріп əкелуі мүмкін-ау деген ауру түрлерінің алдын алумен шұғылданамыз.

Миграция... Құстарға сақина салу... Олардың шет жұрттан алып келер паразиттері – бүрге, кенелермен күрес. Бір экспедицияға бұл аз жүк емес екен, – дедім мен ішімнен. Сөйттім де бала кездегі үлкендерден естіген мына бір аңқау ойды есіме алдым.

Құстардың күз кезінде жоқ болып кетуі ерте кездегі адамдарды да қызықтырған. Ол кездегі өмір иелерінің түсінігі бойынша: “Қарлығаштар қыста батпақ астында мекендейді де көптеген құстар алыстағы Айға ұшып кетеді”, – деген тұжырымда болған.

Аңқау да аңғал сезімдегі осы бір халық болжамы нендей нəрсеге сүйеніп айтылды екен? Зоологтардың миграция деп жүргені алыстан болса да осыған жуықтамай ма? Осы бір сауалды экспедиция жетекшісінің орынбасары Анатолий Максимовичке қойғанымда:

– Шартты түрде алып қарағанда бұл болжам шындыққа жуықтайды. Өйткені құстардың Африка, Азия, Еуропа жерлеріне сапар шегуінің өзі неге тұрады. Ол Айға барып келгенмен бірдей емес пе? Халық қиялы бұл жөнінен қателесе қоймаған, – деді жымиып. Сөйтті де:

– Соңғы кездерде қанатты жануарлардың осы құбылысы – миграцияны анықтау мақсатында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілгенмен, оның кейбір сыр-лары ғылымға əлі белгісіз, – деді сөзін сабақтап: Ал белгілісі – олардың алысқа, тым алысқа үшып бара алатындығы. Оған қараторғайлардьң бір тəулікте 1230 шақырым жол жүретінін айтсақ та жеткілікті болса керек. Алысқа ұшудың тамаша мысалы ретінде Аляска-дан Тынық мұхиттағы Гавай аралдарына дейінгі 3600 шақырымды қонбастан ұшқан қоңыр қанат жылқышы құстардың миграциясын келтіруге болады.

Шатыр көлеңкесінде отырған жігіттер осы əнгімеден соң бір сəтке үнсіз қалғандай болды. Жүздерінде: “Тағы не сұрайсыз?” – деген сауал бар сияқты. Мен көкжиекке көз жүгірттім.

Кішкентай Ернар әкесімен

Дала. Алыста сағым ойнайды. Көкшулан толқындарын жағаға ұрған көл жиегіне көз жетер емес. Оның кемеріне табиғаттың өзіне ғана тəн қайталанбас суретін салып күн қонақтап тұр. Көк күмбезінің қожасы дағдылы жүрісінен жаңылмай отырып, бүгін де тіршіліктің қым-қуыт оқиғасына толы тағы бір үлкен сөйлемін жазып шығып, соның соңғы нүктесін қойып тұрғандай.

– Алакөлді мекендейтін құстар қайда барып қыстайды екен осы?

– Бұл сұраққа сақина салу əдісінен жинақталған тəжірибеге сүйене отырып жауап беруге болады, – дейді Нұрлан: – 1982 жылдан бері біздің экспедиция мүшелері əр маусым сайын нақ осы жердің өзінен 1300-1500 құс балапандарына сақина кигізеді. Қоладан жасалған бұл белгіде арнайы серия, нөмірмен қатар ла-тын əрпімен жазылған “Москва” деген таңба бар. Аталмыш “сəлемдемені” Алакөлден алып аттанатын қанатты жануарлардың Африкаға, Оңтүстік Шығыс Азияға барып қайтқаны анықталды. Дегенмен, бұл көлдегі құстардың көпшілігі Үндістанда, Пакистанда, Иранда қыстап жүр.

Осы мезетте бүгінгі аспаз міндетін атқарып жүрген Станиславтың кешкі асқа шақырған дауысы естілді. Əңгіменің жалғасын ертеңге қалдырған біздер орны-мыздан созалаңдай тұрып, көл жағасына беттедік. Бұл кезде Жоңғар қақпасы түбіндегі аймаққа дала кеші өз үстемдігін жүргізе бастаған еді.

Көл жағасында өткен үш күн. Бұған мен ешуақытта да өкінбеймін. Олай дейтінім, осы уақыт аралығында ғылымдағы сирек мамандық иелері – орнитологтардың өмірінен хабардар болдым, қанатты құстар əлемінің осы көбімізге таныс, бейтаныс сырларына жалықпай үңілдім. Арда табиғат аясындағы сұлулық қаймағы шайқалмаған Алакөл аралдарындағы “құс базарының” қызықтарына қанықтым. Мұның бəрін былай қойғанда есте қалар елеулі сəт – өзімнің іздеп келген адамым – Ернар Əуезовке жолығып, оның реликт шағалалар жайында айтқан əңгімелерін тыңдадым.

“Қызық оқиғаның қиюын қашырма, Толик!” Мен Ернардың құс қиқуымен жаңғырыққан жартасты жағалауда жүріп айтқан жүйелі де жинақы əрі əсерлі əңгімелерін тыңдағанымда Станиславтың осы бір сөздерін əлденеше рет еске алумен болдым. Өйткені, оның бұдан екі күн бұрын Анатолийге айтқан жоғарыдағы ескертуінің мəнін енді ғана ұққандай едім. Сөйтсем, ол экспедиция жетекшісінің əңгімешілдігіне берілген баға екен. Шынында да, құрыштан құйғандай тіп-тік, моншақкөз, қызылшырайлы жігіттің көп сөйлемейтін, сөйлесе шиырып-шиырып келіп лықсытатын сезім бұлқыныстары көп адамдарда кездесе бермейтін бір ерекшелікті танытқандай. Оның сөзінен қандай жайға қанықтық дейсіз ғой сонда?..

Оқиға 1968 жылы болыпты. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы зоология институтының кіші ғылыми қызметкері Ернар Мұхтарұлы Əуезов нақ осы Алакөлде су құстарына сақина салып жүрген кезде, оның орталық аралдарынан сыртқы пішіні қара басты өгіз шағалаға ұқсас ересек құстардың үлкен тобын кездестіреді. Жас ғалым оларды бірнеше күн бойы бақылағанда алғашқы пікірінің дұрыс еместігіне көз жеткізеді. Көз ұяшығының алдын дөңгелек ақ шеңбер қоршаған, қара мойын бұл құстар өгіз шағалаға мүлде ұқсамайды екен.

Сонда бұл қандай құс болғаны? Осы ой оны маусымдық жұмыс аяқталысымен бірден институт лабораториясына жетелейді. Экспедицияда жинақталған материалдарды ой елегінен өткізу, фотосурет слайдалары алдында сағаттар бойы тапжылмай отыру, тар бөлме ішіндегі талай күнгі пікірталас, жер жүзіндегі құстар тіршілігі жайындағы сирек басылым беттерін парақтау...

Ақырында ол келер жылы тағы да сонда, Алакөлге барып, ғайыптан пайда болған əлгі құспен шындап шұғылдануға бел байлайды.

1969 жылы Ернар Алакөлдегі жұмбақ құс бойынан тағы бір ерекшелікті байқайды. Орнитологтардын, бірден-бір сенімді құралы – 300 метр қашықтықтағы нысанаға алған объектісін 4 есе үлкейіп көрсететін жалғыз көзді “Кутузов дүрбісінен” ол өзі көптен бері бақылап жүрген шағала денесінің басқа туыстарына қарағанда екі есеге жуық кіші екендігіне көз жеткізеді. Оның тағы бір көңілге түйіп қалғаны – əлгі құстың сəл нəрседен дүр етіп ұша жөнелетін секемшілдігі болды.

– Демек, – деп ойлаған ол сол жолы: – Бұл тегін қүр болмағаны. Мұны зерттей түсу керек.

Алакөл аралдарынан осы тұжырыммен қайтқан Ернар ол кезде бұл құстың өзіндік тарихы бар екенін білмеген еді. Кейінірек көз жеткізсе, аталмыш қанаттылар өкілі жарты ғасырдан бері түрлі құрылықтағы ғалымдарды əуре-сарсаңға салып келеді екен. Неге дейсіз ғой?

...Швед саяхатшысы Свен Гединнің жетекшілік етуіндегі Орталық Азия экспедициясы 1929 жылдың жазында Монғолияның оңтүстік шекарасына жақын жердегі Эдзин-Гол өзеніне келіп ат шалдырады. Осында аялдаған күндерінде саяхатқа қатысушы зоолог К.Зодербом түрі өздері көріп жүрген шағалалардан өзгешелеу бір құсты кездестіреді де оны атып алады. Экспедиция мүшелері бұл олжаға əу баста қызыға қарағанымен кешікпей ұмытып кетіп, Стокгольмге оралған соң ғана естеріне түсіреді.

Орталық Азия экспедициясы кезінде жинақталған коллекциялық материалдарды сұрыптап, қорытуға отырған швед зоологы Э.Ленберг өзіміз сөз етіп отырған құсты сипаттау барысында оны жаңа түрге жатқыза алмады. Ол бұл құсты тек 1931 жылы ғана барып қарабас шағаланың бір түріне балап, оған реликт шағала деген ат берді. Бұл “көненің көзі” деген үғымға саятын еді.

Сонымен олар əлгі олжаны Стокгольмдегі жаратылыстану тарихы музейіне қойды. Оны зерттеумен кейін американ орнитологы Чарльз Вори айналысты. Өзінің 1962 жылы жарияланған “Орталық Азиядағы реликт жəне қарабас шағалалардың өзге де түрлерінің статусы” атты мақаласында ол осынау беймəлім құсқа толық сипаттама беруге тырысты. Бірқатар белгілерін саралай отырып, ғалым бұл құс қарабас өгіз шағала мен қоңыртөбел шағаланың гибриді деген тоқтамаға келді. Алайда шағаланың алуан түрінің мұндай гибридтері өте сирек кездеседі, оның үстіне осынау екі түрлі қанаттылар өкілінің бас қосып қатар жүргендерін бұрын-соңды ешкім ешқашан кездестірген емес. Олай болса Ч. Вори өз пікірін тек қана морфологиялық белгілер ұқсастығына қарап айтқан деуге негіз бар. Өйткені айналасы қырық жылдан астам уақыттың ішінде экспедициялар Орталық Азия арқылы бірнеше рет жүріп өтті, алайда олардың бірде-біреуі де əлемнің орнитология қазынасын мұндай тамаша олжамен толықтырған емес. Жүртшылық өз кезінде ғалымның бұл пікірімен үнсіз келісті де олжа жайы бірте-бірте ұмытыла берді.

ҰҚСАС МАҚАЛА: Жанболат Аупбаев. Таңжарық ақынның қызы

1967 жылдың маусым айында сол кездегі КСРО-ның Чита облысындағы Борун-Торе көлі аралдарында зерт-теу жүргізген сібірлік зоолог А.Н.Леонтьев басында қара “жамылғысы”, көзінің айналасында ақ сақинасы бар ерекше бір шағаланы кездестіріп, оны ұясынан ұстап алады. Бұған таң қалған ол толық анықтау мақсатымен құстың терісін Москва университетінің биогеография кафедрасына жолдайды. Өкінішке орай бұл жерде ешкім де Стокгольмдегі реликт шағаланы ойға алмайды. Сөйтіп олар да бұл олжаны қоңыртөбел шағала деген тұжырымға телиді.

Ал А. Н. Леонтьев болса зерттеулерін жалғастыра берді. Оны таң қалдырған жайт, Памир мен Тибетте ұялайтын таулы жер кұсының бұл жолы теңіз деңгейінен бар-жоғы бірнеше жүз метр биіктікте жатқан жазыққа келуі еді.

– Бірақ, – дейді Ернар осы арада сəл үзіліс жасап: – Бұл қоңыртөбел шағала да, олардың дүние жүзінде кездесетін 14-тен астам түрінің ешқайсысы да, тіпті бұлардың гибриді де емес еді. Біздің лабораториямыздың қызметкерлері көрнекті ғалым-систематиктердің көмегімен оның өз алдына дербес құс түрі екенін дəлелдеп, бұл қанаттылар өкілінің ете сирек кездесетіндігіне қарай отырып “реликт шағала” деген атауын өзгертпеуді ұйғарды.

Қазіргі таңда бұл құс дүиие жүзі бойынша екі-ақ жерден бой көрсетіп жүр. Біздің елімізде ол Алакөлде ғана бар. Осыны ескере келіп реликт шағала Бүкілодақтық жəне қазақстандық “Қызыл кітапқа” енгізілді де, оның жазғы мекені Тасты, Орталық аралдары мемлекеттік заказник болып жарияланды.

Осы арада: – “Сирек кездесетін бұл құсқа мұндай “жағдай” жасаудың себебі неде?” – деген сұрақтың туындауы мүмкін. Реликт шағала Алакөлдегі жыртқыш жануарлардан, стихиялық апат – су тасқындарынан ғана зəбір көре ме? Жоқ. Ол табиғат тонаушылары – браконьерлерден де жапа шегетін болып жүр. Оған мына бір мысалды келтірсек те жеткілікті.

1982 жылдың жазында Ернар күтпеген оқиғаның куəсі болды. Алакөлге ұя басуға келген реликт шағалалар бұл жолы соңдарынан бірде-бір балапан ертпей қайтады. Ал, келесі жылы олар бұл көлге жылдағыға қарағанда мүлде аз мөлшерде келіп, ертерек ұшып кеткен. Сонда оған не себеп?

– Бəріне кінəлі адамдар болып шықты, – дейді Ернар осыдан сегіз жыл бұрын болған көңілсіз оқиғаны еске алып: – Сол жолы Тасты аралына келгенімізде бейсуат жүрген жандардың үстінен түстік. Қолдарына бір-бір шелек ұстаған олар реликт шағалалар ұясын төңіректеп жүр екен. Жағалаудағы кайықтарында шүпірлеген құс жұмыртқалары. Мұны олар не істемекші? Əлгі көрініске айран-асыр қалған біздің ойымызға кенеттен мына бір нəрсе сап ете түсті.

Сол айда алуан түске боялған жұмыртқалар негізгі белгісі болып саналатын діни мейрам – пасха жақындап келе жатқан болатын. Аудан орталығы Үшаралда ұшпай тұрған тауық жұмыртқасының “дефицит” орнын əлгі сабаздар шағала жұмыртқасының есебінен толықтырмақ болса керек. Шынында да жұмыртқалардың көлемдік айырмашылығы шамалы. Сəл ғана көгілдірлеу шағала тұқымының əрəдік секпілі бар. Оларды тіпті боямаса да болады. Ыстық суға пісіріп алған соң қабық сыртын жайлап сүртсе болды, жалтырап шыға келеді. Дəмі тауық жұмыртқасынан артық болмаса, кем емес.

Шағала жұмыртқасын өздерінің бас пайдасына жаратпақ болған сұғанақ қолды жандар заң жүзінде жауапқа тартылып, тиісті жазаларын алғанмен, табиғат байлығын қалыпқа келтіру оңайға түскен жоқ. Себебі, əлгіндей сұмдықтан шошынған құстар өз ұяларынан жеріп, басқа жаққа ауып кетуге шақ-шақ қалды. Содан не керек бірнеше жылдан соң ғана барып, реликт шағалалар тобы Алакөлге қайта орала бастады.

Ернардың сөзін тыңдап отырып мен мынадай ойға шомдым. Бала кезімізде қолымызға айырсадақ (рогатка) алып, онымен торғай ұяларын атқылағанымызда əжелеріміздің: “Құс жұмыртқасын көп жарсаң, бетіңе секпіл қаптап кетеді. Адам көргісіз жүзіңмен ел бетіне қалай қарамақсың сонда. Құс киесі қатты болады, қарағым. Тиіспеңдер”, – деп тоқтау айтып отыратын.

Енді ойлап қарасақ осы бір сөздің өзі жас өмір иелерін жаман əдеттен жирендірудің табиғи түрдегі тəрбие əліппесі екен-ау. Балалардікін балалық делік. Ал, үлкендердікіне не жорық? Олардың күні шағала жүмыртқаларына қарап қалғаны ма?

Осы бір ой маған Алакөл аралдарында жүргенде де, одан қайтып келе жатқанда да маза бермей-ақ қойды...

1980 жыл.

Авторлық анықтама.

Мақала кейіпкері Ернар Əуезов Мұхаң – Мұхтар Омарханұлының Мұғамила, Лəйла, Мұрат атты балаларынан кейін 1943 жылы өмірге келген кенже ұлы. Анасы – Валентина Николаевна Əуезова. Ернар 1966-1988 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология институтында жұмыс істеді.

Осында жыл сайын ұйымдастырылатын ғылыми экспедицияларда жүріп оның тапқан ең үлкен жаңалығы – жоғарыда өзіміз сөз еткен реликт шағалалар əлемі дер едік. Осы құстар тіршілігін үзбей бақылаудан туған тұжырымы мен Алакөлдегі жан-жануарлар табиғи қорығын құрудағы еңбегі зоология ғылымының кандидаты оның есімін шетелге кеңінен паш етті.

Ернар Əуезов осыдан кейін Экология жəне биоресурстар министрлігінде жұмыс істеп, тəуелсіз еліміздің жан-жануарлар əлемі туралы заң жобалары мен нормативтік актілерін əзірлеуге белсене қатысты. 1995 жылы кенеттен қайтыс болды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар