Мұқағали Мақатаев. Болашақ ғасырлардың шежірешілері

Бөлісу:

09.02.2020 8162

Арыз жазып кетейін

Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау – шапан,
Мынау – атың, мін»,- демей.
Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңынды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,
Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.
...Тойланбаса тойланбасын,
He етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін...

Махаббат па?

Махаббат па?

Махаббат болған еді.
Таудың мен еркін жүрген тағысы едім,
Тапты да, түсірді ғой торға мені.

Махаббат па?
Махаббат болған менде.
Жиі барғам аққулар қонған көлге.
Ал, қазір тоңған жүрек, солған кеуде.

Ғашықтық па?
Ғашық та бола білгем.
Бір-ақ жанға ғашықпын бала күннен
Жанымменен сүйемін, жанарыммен.

Сағыныш па?
Калай оны тауыса аламын.
Сағынғамын, шөлдегем, аңсағамын,
Ақыры шаршағамын, шаршағамын.

Сүйгенім бе?
Сүйгенім өмірде емес.
Үйықтасам, түнде түсім, көңілде елес.
Өлгенше кетер емес көңілден еш...

Жүрегім, жүйкем, бар тұлғам

Жүрегім, жүйкем, бар тұлғам,
Бұл күнде сымдай тартылған.
Лүп етіп самал соқса да,
Ызыңдап қалар антұрған.
ЬІзыңдап, нәзік үн шығар,
Үн шығар-дағы тұншығар.
Шегіне жеткен сым-ішектер,
Үзілейін деп тұр. шығар...
Алдыма өзің келгесін,
Аянам енді мен несін.
Үзілсе, мейлі, үзілсін,
Басып бір көрші пернесін.
Баяғы сазы бар ма екен,
Қуаныш па екен, зар ма екен.
Сыңғырап тұрған сым-ішектер,
Бұл күнде қандай халде екен?!
Саусағың салып пернеме,
Сазды үнің шығар тербеле.
Тыншып бір тұрған тұлпарым,
Тықыршып қалсын кермеде.
Бұл күнде сымдай тартылған,
Жүрегім, жүйкем,бар тұлғам,
Айныма осы қалпыңнан!
Айныма осы қалпыңнан!!!

Күн шуағым

Тағы да таң атады, күн шығады,
Түн келеді,
Тіршілік тыншығады.
Ауысып алма-кезек тұрсын әлі,
Ей, менің өмірімнің күн шуағы.
Ей, менің өмірімнің күн шуағы!
Көлеңкесіз осылай тұршы кәні.
Кейде менен кейіген үн шығады,
Кешіре гер, көңілдің тыншымауын?
Аққуын әлдилеген айдындарым,
Аулаққа ұшып кетсем, қайғырмағын.
Алдыңа арманымның жайдым бәрін,
Аманат өткермеген ай, жылдарым.
Ауғанын, ауысқанын күн бесінге,
Сұм жүрек біледі ғой...
Білмесін бе...
Ей, менің күн шуағым, мүмкіндік бер,
Шығатын күндеріммен тілдесуге.
Кешіре гөр, көңілдің тыншымауын?
Тыншымаймын!
Біткенім - тыншығаным.
Талма түсті тайдыра көрмегейсің?
Ей, жарық күн шуағым,
Күн шуағым!

Болашақ ғасырлардың шежірешілері

Болашақ ғасырлардың шежірешілері,
Сұп-сұрғылт салқын жүзімді
көрсетейін сендерге,
Менің өткен ізімді жазғыларың келгенде,
Тасқа басып атымды,
Суретімді іліңдер, биігірек төрлерге.
Талып, нәзік кім сүйсе,
Менің атым – сол деңдер.
Суретім де достікі,
сүйкімдісі ол досының құрметіне шаттанған.
Жырыменен паңсынбай,
шетсіз-шексіз
мұхиттай махаббатымен мақтанған.
Махаббатын жомарт жан
басқаларға ақтарған.
Жапанда ол жалғыз адасып,
Жоқтарын аңсап, көп көрген,
Досынан жиі айрылып,
қасірет түндер өткерген.
Не деген сұмдық,
көрген ол,
біреуді сүйсең құмартып,
Сүйгенің іштей жасырып,
ызғарын төксе мұнартып.
Керемет сәттер болған-ды,
Екеуден-екеу аулақта
даламен, қырмен, орманмен.
Көшені кезген сенделіп,
Жабысып кеткен құшақпен,
айқасып кеткен қолдармен.

Кетер ме екем

Бірде олай ауытқып, бірде былай,
Бір байламға келе алмай жүргенім-ай.
Таулы аймақтың ауасы секілденген,
Аумалы да төкпелі күндерім-ай!
Өз-өзінен өзегім өртенгенде,
Өз-өзімнен түңіліп, жеркенгенде,
Сары ауру сарғайтңан науқастайын,
Үміт күтем бүгіннен, ертеңнен де.
Нені күтем?
He керек осы маған?
Аяқ-қолым, жанарым, басым аман.
Шаруаның баласы емес пе едім,
Күшіменен тамағын асыраған?!
Өмір деген осынау майданда бұл,
Қолбасы да, қорқақ та сайранда жүр.
Өмір менен өлімнің ортасында,
Кетер ме екем, келе алмай байламға бір!

Бәрін де түсінем

Бәріне де түсінем,
Бәрін білем,
Бірақ білмен өзімнің әлімді мен.
Пайдам да жоқ ешкімге, зияным да,
Ұялтуға қақым жоқ, ұялуға.
Жаяулатып жүріп-ақ, дәмем күшті,
Құрық салам құланға қиялымда.
Қалқасында жүріп-ақ қалтарыстың,
Күшім бар деп, күшіндей Алпамыстың,
Келсін шамам келмесін, шаруам жоқ,
Геркулеспен келеді арпалысқым.
Олай көрем өзімді, бұлай көрем,
Өзімді-өзім патша, құдай көрем.
Кесілмеген тұсауы нәрестедей,
Кездескеннің бәрінен құлай берем.
Шабыт, ашу, шаттық, мұң, ұят қалып,
Жүрген жәй бар, осылай күй ақтарып.
Билей алмай жүрмін мен бір басымды,
Роботы біреудің сияқтанып.
Бәріне де түсінем,
Бәрін білем,
Бірақ білмен өзімнің әлімді мен...

Көшеде

Мен жолымды берейін, өт қарағым,
Несін күттің, несіне көп қарадың?
Анасының бергенін саған берген,
Аруағынан айналдым текті Ананың!
Жалған-ай!
Жарасымды-ау ізет деген!
Иілген біз өтпенен, сіз өтпенен.
Қасиетін халқының сыйламайды,
Атасының дәстүрін күзетпеген
Десек те, жаңа өмір, жаңа заман,
Жақсы ғой бірін-бірі бағалаған.
Түйсіксіз тайлақтардан сақта, құдай,
Тайраңдап алды-артына қарамаған.
Қарағым, ата-бабаң момын халық,
Өтіпті бір-бірінің жолын бағып.
Өсиетін бабаңның орындай сал,
Одан ешкім кетпейді тоныңды алып.
Мен жолымды берейін, өт, қарағым,
Несін күттің, несіне көп қарадың!?
Қор болмассың, құлыны текті Ананың,
Жолын алсаң, өзіңдей текті ағаның!...

Батар күн

Батар күн,
Келер түн,
Атар таң,
Шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын!
Осы мен,осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен, сірә да, өлмейтін шығармын!
Жақындық сеземін –
Жерден де аспаннан,
Жылылық сезінем –
Мұздардан, тастардан.
Өмірім, сірә да,әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған.
Осы,мен,өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын.

Сағым боп аққан сан жылдар

Сағым боп аққан сан жылдар,
Сарпаңға мені салдыңдар.
Тағдырлас маған, тағдырлар,
Қай жаққа кетіп қалдыңдар?
Сайрандап күнде келеті
Саялы баққа бара бар;
Сан етін ойып беретін,
Қай жақта жүрсің, ағалар?
Қанаттыға қақтырмай,
Қамқоршым едің жем берер.
Айдында жүзген аққудай,
Қайдасың, қайран жеңгелер?
Сотқар боп мені есірген,
Қолымнан тізгін тартпадың.
Сақалына орап өсірген,
Қай жерде жүрсің, қарттарым?
Мендегі қызық тағдырға,
Жастарын сүртіп қараған.
Қай жаққа кетіп қалдындар,
Бір анам емес, бар Анам?
Көп жылдар өтті, көп күндер.
Халімді сұрамай бәрің,
Қай жаққа ауып кеттіндер,
Тауымның құралайлары?
Жаныма жайғасыңдар,
Жан сала шыңғырамын:
О, қайда, қайдасыңдар!
Тағдырлас құрбыларым?

Тағы да күз, тағы, міне, сары таңды ұзақ түн

Тағы да күз, тағы, міне, сары таңды ұзақ түн,
Уысында тағы да мен ұйқы дейтін тұзақтың,
Ой-хой, шіркін, тағы да бір күзді, міне, ұзаттым,
Өмірімнің есейгенін сезінемін күзде мен,
Алдағыма асығамын, өткенді әсте іздемен,
Ой-хой, шіркін, болашаққа құмармыз ғой біз деген.
Жүрші, жаным, қоңыр күзде серуендейік жырақта,
Қайтқан құстың әуенімен қоштасайық қыратта,
Күз өткенге кейімеймін, сағынамын бірақта.
Қайтып бара жатыр, әне, сағыныштар-тырналар,
Ақ қайыңдар, тал, теректер... алтын сары сырғалар,
Туған жердің кеудесінде тұнжырайды жылғалар.
Қайда кеткен жасыл алқап, жасыл орман, жасыл маң?
Қайда кеткен жақұт гүлдер паң далаға шашылған?
Қайда кеткен, қалай өткен, кімге барып бас ұрған?!
Қалай біздер қапелімде аңғара алмай қалғанбыз?!
Әттеген-ай, неткен аңқау, неткен аңқау жандармыз?
Келіп қапты-ау сағыныштай сап-сарала арман-күз...

Қиын не бар?..

Мың құбылған қуаныштан, дерттерден,
Қиын не бар, адам жанын зерттеуден?
Мен келемін өз жанымды зерттеумен,
Бірде аяз, бірде жалын, өрт кеудем.
Арзан не бар ойнау менен күлуден,
Қымбат не бар, адам сырын білуден?
Мен әуремін, өз сырымды білумен,
Кеше бұзып, өкінемін бүгін мен,
Жылдарымды еске аламын бүлінген.
Адамдардың жаны менен жүрегін,
Ойлайтын ем, бір кісідей білемін...
Ажырата алмай шуақ, түнегін,
Танығанға мәз болыппын іреңін.
Ертең басқа, бүгін жақсы көргенім,
Өз көзіме өзім,
Ғажап!
Сенбедім.
Кесерткідей ауыстырған ендерін,
Түсінбеймін қылығына пенденің.
Жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген,
Жақыныңның жат боларын кім білген.
Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен,
Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен...

Бөлісу:

Көп оқылғандар