Жазылар естеліктер мен туралы...
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Ғашық-жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымын сахналап, премьерасы өтеді дегенді естіп қатты қуандық. Қойылымның қоюшы-режиссері кім? Қойылым қалай өтпек? Жалпы, Мұқағали жайлы бірдеңемен жұртты таң қалдыру мүмкін еместей көрінеді. Ол өзі айтқан жаңа ғасырдың құрдасына айналған, ең танымал ақын. Содан да болар 9-ақпан келсе жүректе үлкен толқыныс пайда болып, өлең оқуға, жыр тыңдауға құмартамыз. Жаңа театрдың жұмысын көруге бәріміз де асыға жеттік. Талай өнер саңлағының маңдай тері сіңген «көненің көзіндей» болған театр бірден өзіне баурап әкетті. Киелі сахнадан бізді Мұқағали әлемі күтіп тұр екен. Өлең... Тағдар... Махаббат... Сағыныш... Бәрі үйлесіп, жарасым тапқандай. Бозбала ақыннан – рухани биікке көтерілген терең тұлғаға дейінгі баспалдақтар. Мың бұралаң тағдыр жолы. Ағынан жарылған жүрек. Өлеңі – өмірбаяны іспетті. Барлығын да сол сыршыл жырлары айтып тұр. Жасандылықтан ада, ешбір баямасыз тура қайнаған өмірдің өзі дерсің. Мұқағали сонысымен де биік, сонысымен де асқақ қой. Мұңайған аруды, көзіне жас алған аналарды, өлеңдерін бірге оқып отырған жастарды көріп оның жырларының мәңгілік екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Режиссер шеберлігіне тәнті етті. Көз алдымызда әлем күрсінгендей күй кештік. Балалығы соғыспен тұспа-тұс келген ақын тағдырын көріп, Тәуелсіздікке тағы бір мәрте тәубе айттық. Қазақ даласын тұтас жырлаған ақын жүрегінің кеңдігіне, ұлтына деген шексіз махаббатына сүйіндік. Шәмілге жазған хаттар, Шәмшіге деген құрмет, Фаризаға деген ағалық қандай?.. Сүйіндіреді, кей сәтте күйіндіреді. Әйтеу көңіліңді бей-жай қалтырмайтыны анық. Асқақ Алатау, қасиетті Қарасаз оянып сөйлеп тұрғандай. Ақын қаламымен бәріне де жан бітірген. Аспанын бұлт торлап, көңілін мұң басса да ертеңгі жарқын күнге сенеді. Сол сезімдердің барлығы да қойылымда шеберлікпен көрініс тауып, көрермендерді қатты толқытты.
Халқының жүрегіне жыр боп сіңген ақынның туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Ғашық-жүрек» поэтикалық-музыкалық қойылымын сахналап, премьерасын ұсынды.
Атаулы мерекеге орай премьераға ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы, ҚР Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шәрбану Қонақбайқызы Бейсенова және Қазақстанның Жазушылар одағы мүшелері, тағы да көптеген қаламгерлер қойылымның арнайы қонақтары болды. Өз кезегінде сөз алған құрметті қонақтар Мұқағали шығармашылығына тоқталып, қойылымға сәттілік тіледі.
Сахналық қойылым ақынның ой-арманынан, жан сарайынан, ішкі толғамы мен танымынан туған өлеңдері мен әндеріне құрылған екен. Театр актерлері көрерменге жарасымдылық пен тартымды режиссерлік компонеттерден жасалған көркем музыкалық кеш сыйлады.
Қойылымның қоюшы-режиссері Аман Ғұмаров. Мұқағали Мақатаевтың бейнесін театр актері Қазыбек Есқара, ал оның досы Шәмілдің бейнесін актер Ерназар Жаңатілек сәтті сомдап шықты. Сондай-ақ, қойылымға театрдың барлық артистері қатысты. Қойылымды музыкамен сүйемелдеген – театр оркестрі, музыкасын әрлеген – Болат Жолдасов.
Поэтикалық-музыкалық қойылымда еліміздің ақжүрек ақынның «Есіңе мені алғайсың!», «Күн қайда», «Ана, сен бақыттысың», «Жапырақ жүрек жас қайың», «Отыздан асып барамын», «Құм ғана ауған», «Күрең күз», «Бақыт деген», «Сәби болғым келеді», «Қайран жеңгем», «Қазақстаным» шығармалары және одан басқа «Алтай-Атырау» поэмасы, сондай-ақ «Бақыт деген не өзі?!», «Шыда, шыда», «Сүйеді екем», «Шәміл-ау», тағы басқа поэзиялары оқылды.
Қойылым соңында актерлерге Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің атынан ықылас гүлі табысталды.
Елімізде орын алып отырған пандемия жағдайына байланысты Музыкалық жас көрермен театрында барлық санитарлық талаптар сақталды.
Ашылмаған жұмбақ сыры мол терең тұлғалардай Мұқағали өмірінің де тұңғиығы түпсіз тереңде жатыр. Қаншама естеліктер жазылып, шығармашылық әлемі зерделену үстінде. Сонда да айтылар сөз ешқашан таусылмақ емес. Ұрпаққа арнаған жүрек сөзі, рухани мұрасы тұтас ұлттың қазынасына айналды. Жастардың кеудесіне намыстың отын жағып, өмірді тануға тәрбиелеуде.
Мұқағалидың атасы - Мақатай, әжесі - Тиын. Атасы жайлы көп естеліктер қалмаған. Анасы Нағиманның айтуынша, өр тұлғалы, батыр болған екен. Оның бір мысалы, көкпар тартып жүріп сол аяғын сындырып алады. Барған сайын ісіп, шіри береді. Қатердің алдын алу мақсатында аяғын тізеден жоғары шаптырып, киіз бастырады. Содан кейін барып қана жазылған екен.
Ақынның тұлға болып қалыптасуына, болашаққа жол салуына ерекше әсер еткен және пір тұтқан адамы - Тиын әжесі. Жасынан сол әжесінің тәрбиесінде болған. Сөзімен қалың елді өзіне қаратқан, айтқанын істететін, ауылдағы ағайынға сыйлы жан болыпты деседі.
Ақынның балалық және жастық шағы, өскелең шақтың бір бөлігі кешегі кеңес кезеңінде өтті. Ол қоғамдағы догмалар қозғалмас қамалдай еді. Шынында көбі сеніп, иланды. Кеңестік кезең түлектері көп дүниеге көзі жетпеді деуге сену қиын, сол қоғамның көкірегі ояу, санасы сергек санаулылары қоғамдағы қайшылықтарды көріп күйінді, күңіренді. 20-шы, 30-шы жылдардың зұлматтары қазақ зиялыларын қырып тастады. Бірақ, олардың соңынан діні, тілі, тіні әлі бұзылмаған қара өлеңнен қуат алған қазақ ауылдары, халқы қалды. Мұқағалилар сол ауылдарда туып-өсіп түледі. Ақынның кесек туындыларының көбі қасиетті Алматыда туған. Ондағы жан толқынысы, ой елегінен өткізген толғанысы сезіледі.
Тектінің тұяғы Жұлдыз Мұқағалиұлының бір естелігінде әкесі жайлы былай деп еске алады: «Бірде, балалық балғын шағымда, әкеммен Шалкөде жайлауына бардық, сол жерде жақсылап 2-3 күн демалып Қарасазға тарттық. Жолда Шәкірамбал деген жердің маңына келгенде әкем қоймай отырып жүргізушіге көлікті тауға бұрғызып, бір жотаның етегіне тоқтатты. Содан маған «көліктен түс» деп бұйырды да сол жотаның орта шеніне бірге шықтық. Жотаның еңісінде мөлдір бастау ағып жатты. Бастаудың ар жағы қолмен үңгіленген. Бастаудың өзі әдеміленіп ағашпен көмкерілген, шебердің қолынан шыққаны байқалып тұр. Әкем: «Бұл Жолшы атаңның бастауы, суынан қанып іш» деді. Жолшы атамыз (көзім көрді) сол маңайға шеберлігімен, ұсталығымен аты шыққан біздің жақын туысымыз. Өзі де бастаудың тұнық суынан ішіп болғаннан кейін Жолшы атамызға бағыштап дұғасын оқыды. Бұл әкемнің табиғат анаға деген ықыласы, аруақтарға деген құрметі және ұлына берген бір сабағы еді».
Әлбетте, нағыз өлең терең толғаныстан туады. Ол әбден піскенде жарыққа ұмтылады.
Әрбір адамның ішкі жан дүниесінде айтылмайтын сыры іспетті бір қоңыр әуен жатады. Ол адаммен бірге туып, ақтық демімен бірге аяқталады. Қиындығы сол, көбі сол іштегі қоңыр әуенді сыртқа шығармай құса болады. Ал, Мұқағали сол ішінде жатқан сазын, жан сырын, еліне ақтара жырлаған ақын.
Ақынның 45 жылдық ғұмырын 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – соғыстың салқынын жанымен сезген кезі. Екіншісі – ұлттық болмыстың табиғатын жырларымен өрнектеп берген кезі. Үшіншісі – көзбояушылықтың бәрінен біржолата безген кезі. Мағжандарды атқан қызыл қанды қоғам Мұқағалиларды тірі жүргізе қояр ма?..
Ол отбасына өзі ұстанған мына қағиданы айтудан жалықпады: «Менің өлеңдерім орта жолда қалмайды, түбі ел арасында өзінің лайық орнын алады. Балаларым, осыны ойларыңа мықтап ұстаңдар!» - деумен өтіпті. Шынында, оның қаншама тағдыр салған қилы жолдарға төтеп беріп, өз жолынан тайдырмай алып жүргені осы мызғымас сенімі болса керек.
Мұқағали Мақатаевтың тағдыры мен поэзиясы - Отанға деген адалдық пен сүйіспеншіліктің жарқын мысалы. Ол шынайы патриотизмнің, Отанына, туған жеріне, халқына және ана тіліне деген сүйіспеншіліктің үлкен үлгісі. Ақын бізді терең ойлауға, сүюге, адалдыққа тәрбиелейді.
Ол әрқашан өз оқырманын табатынын білген. Қайтыс болардан біраз бұрын, өзінің күнделік жазбасында ақын: «Жылдар өтеді, жаңа ұрпақ келеді және олар әрқайсымызды өз орнымызға қояды. Мен өзім туралы айтамын: мен 21 ғасырдың буынымен құрдаспын, мүмкін одан да алыс ұрпақтың туысымын».
Ғалымдардың зерттеуі Мақатаев поэзиясының жан-жақты екенін дәлелдейді. Онда Пушкин мен Данте, Пастернак пен Жансүгіров, Бродский және Моцартпен үндестік жатыр. Мақатаевтың шығармалары ұлттық код пен бай дәстүрге негізделген.
Ол қазақ орыс классиктерін, шетелдік әдебиеттерді, соның ішінде Уолт Уитменді, Дантеның «Құдіретті комедиясын» аударды. Оның есімі Абайдың, Әуезовтің және басқа да қазақ әдебиеті классиктерінің есімдерімен қатар аталады.
Мұқағали және оның құрдастары майданға аттанған есіл ерлерді алмастырып, елдегі негізгі жұмыс күшіне айналды. Олар мал жайып, жер жыртып, егін орды. Әйелдермен және қарт адамдармен бірге өздерін тылдағы өмір үшін жауаптымыз деп санады.
Мұқағали Мақатаевтың және соғыс уақытындағы балалардың тағдыры туралы ой қозғай отырып: «Он екі жаста біз бәріне қол жеткізе алдық: зауытта станоктарда тұрып, қажет болған жағдайда арбалар айдап, қой бағып, қораларды күзеттік» - дейді досы әрі жерлес жазушы Әнуар Әлімжанов.
«Біз кез-келген жылы сөзге қалай жылай алатынымызды білдік, жұмыс істедік, тек адамдарға, біздің ауылға, біздің колхозға қажет болғандықтан ғана өзімізді бақытты сезіндік. Біз үшін мейірімділік адамзаттың ең қасиетті белгісі болды» - дейді бір сөзінде.
Осынау тағдыр болашақ ақынның жүрегінде мәңгі сақталып, оның бойында барлық жетім балаларға деген мейірімділік сезімін оятты. Мұқағали Мақатаев өз құрдастарының атынан, жердегі барлық жетімдердің атынан адамдарға қайтыс болардан бұрын жазған «Моцарттың реквиемі» өлеңінде ағынан жарылды.
Ия, ақиық ақын 45 жылдық ғұмырында сан ғасырға азық болардай мол мұра қалдырды. Күпі киген қазақтың қасиетті қара өлеңін биіктерге өрлетті. Оған бәріміз де куә болып отырмыз. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін жыр жолдарын» көкірегінде саңылауы бар әр бір оқырман жатқа айтады. Жалпақ жұртшылықтың жадында жатталған ақын өлеңдері уақыт өткен сайын өскелең ұрпақты да өз әлеміне үйіріп келеді.
Ақын мұрасы, өлеңдері біздің бүгінгі қазынамыз ғана емес, келешектің де еншісі, құрметтеп бағалайтын байлығы. Поэзия пырағын ауыздықтап, ұлттың рухын асқақтатып, ардақтаған қаламгердің өлеңдері үлкен бір көркем әлем іспетті.
Бөлісу: