Тұрсынбек Әлиұлы. Ауа жеңгемізді көреміз деп үйіме іздеп келгендер де болды
Бөлісу:
Тұрсынбек Әлиұлы көпшілік оқырманға «Австралияда нең бар еді, құлыным?!» деп аталатын, желілес бес кітаптан тұратын романымен танымал қаламгер. Шығарма Тәуелсіздіктен кейінгі ең көп оқылған кітаптардың қатарына жатады. Аталмыш романның ел іші-сыртында үш жүз мыңнан аса оқырманы бар. Одан сырт жеті рет жеке кітап болып басылып шықты. Роман несімен қызық? Не үшін көп оқылды? Авторға қанша табыс әкелді? Жазушының өзінен сұрап көрелік.
- Қадірлі Тұрсынбек аға, алдымен уақыт шығарып, шағын сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет айтамын. «Австралияда нең бар еді, құлыным?!» атты романыңыз соңғы жылдары еліміздегі ең оқылымды кітаптардың бірі болды. Оқырман тарабынан осыншалық сұранысқа ие болуының себебі не болуы мүмкін? Романның идеясы қалай келді? Жазылу барысы туралы айтып берсеңіз?
- Романның аты - УЛУРУ. Неге бұлай, бір қарағанда түсініксіз ат екенін кейін айтармын. Бірақ оқырманға «Австралияда нең бар еді, құлыным?!» деген атпен танылып кетті. Оған себеп 5 бөлімнен тұратын романның - бірінші бөлімі. Бірінші бөлімінің аты – «Австралияда нең бар еді, құлыным?!».
Бірінші бөлімі осы атпен жарық көргеннен кейін жұрт кітаптың аты осындай екен деп ойлап қалды. Бірақ осы атпен танылып кеткені де дұрыс болған секілді. Қызық, өзгеше ат қой, ә? Әрі қазақы.
Жарайды, бастысы ол емес. Бастысы өз оқырманын тапқаны.
Бұл кітап 2015 жылы жарық көргенімен ол анағұрлым ертеректе жазылған болатын. Ол кезде жаспыз дегендей, қазір қарап отырсам құлашты біраз кеңге сермеген екенмін.
Кітабім 15 жылдай тартпамда жатып қалды. Басында жарияласам деген ой болмады. Жай, өзім үшін жаза салғам. Жюл Верн секілді жазып көрейін деп... Бала кезде көп оқыған авторым ғой. Бірақ қазақ әдебиетінде бұл жанрды кездестірмедім. Содан кейін өзім жазып жүрген түрім ғой. Кейін ұмытып кетіппін.
Бір күні қағаздарымды ақтарып отырып, көріп қалдым да, сәл өңдеп, біреуге көрсетіп алсам ба екен деген ой келді де, Ұлт сайтына хабарласып, соған жібердім. Бірінші оқыған - Ақберен Елгезек. Ол «мынауыңыз өте қызық дүние екен, жарияласақ қалай қарайсыз?» деді.
- Әдебиетке келе ме өзі?
- Иә.
- Онда өзің біл, дедім.
Содан не керек бір-ақ күнде атақты болып шыға келдім. Телефон шалмаған адам жоқ шығар? Басында қорқып кеттім. Бірдеңені бүлдіріп қойдым ба деп... Енді... бұрын әдеби шығарма жазып, жариялап көрмегенмін, тіпті жазушы боламын деп ойламағанмын да, алдыма ондай мақсат та қойған емеспін, сүйтсем оқырманға бірдеңе жетіспей жүрген бе, әлде дәл сондай шығарманы жұрт күтіп жүрген бе, оқылымы керемет болды. Ғажап десем де артық айтқандығым емес. Бұл жағынан оқырманға ренішім жоқ. Шыққан күні-ақ «Ұлтта» 5 мың, Қытайда 8 мың адам оқыпты. Кейін оны салмаған сайт қалмады. Абай кз, Алашайнасы, Гу-гу т.б. Қытайда ол кезде Сен қазақ деген сайт болған. Сол бірінші ұсынды. Кейіннен текшелерге көшіп, жұрт қатты талқылады. Барлығын есептеп көрсем 300 мыңнан асып кеткен. Сол кезде. Қазір енді санауды қойдым. Көбін сайттардан алғызып тастадым. Кітап қылып сатайын деп...
Хат жазғандары қаншама. 5 мыңдай хат алдым. Бәрі шын болған оқиға ма деп сұрайды. Мақтайды. Таңданады. Неше түрліні естідік қой.
Бірде «Әдебиет порталы» жылдың ең үздік кітаптарының рейтінгін жариялаған екен, менің кітабым бірінші тұрғанын көріп, бір марқайып қалдым.
Оқырман тарапынан қатты оқылуының себебі шығарманың қазақ әдебиетінде бұрын жазылмаған тың тақырып болғанынан ба деп те ойлаймын. Әйтпесе әдебиетке тән алып бара жатқан көркем тіл жоқ ол жерде. Қарапайым тілмен жазылған. Ағылшындар авантюра, орыстар приключение деп атап жүрген жанрды біздер шым-шытырық, шытырман, бастан кешкендер деп және тағы да басқаша атап жүрміз ғой, менің өз басыма жиһангерлік хикая деген көбірек ұнайды. Жиһангерлік хикая! Күшті емес пе?! Жиһангерлік хикая фантастикамен ұштасса әдемі шығатын секілді.
Қазіргі оқырманды таң қалдыру, бірдеңеге еліктіру өте қиын. Оның қолында смартфон бар. Интернетте отыр. Ол смартфон арқылы бүкіл әлемді бақылап отыр. Деңгейі өскен. Бәрінен құлағдар. Таңдау құқығы мол. Сондықтан өзің олардан асып тұрмасаң, тың дүние ұсынбасаң сенің жазғаныңды менсіне бермейді. Сосын менің әдебиет туралы түсінігім де сәл басқашалау. Тілі көркем, бай деп айта беруге де болмайды, айтар ойың ерекше, тың болмағы дұрыс. Тек тілге қарап қалған ештеңе жоқ. Тақырып таңдай білу де ұтымдылық. Кітаптің тілі оқырманға түсінікті қарапайым болса көп ұтады. Әдебиет тек сезімнен ғана тұрмайды, онда танымдық мәселелер де қамтылғаны дұрыс. «Австралияда» тарих пен география әдебиетпен ұштасып тұр. Әжептеуір білімді болып шығасың. Көп нәрседен хабар аласың. Оқырманды жалықтырып алмау да маңызды. Жарты сағат табиғатты суреттеп тұрып алу да артық. Бұрынғы стиль, тақырыптар ескірген. Оқырман қазақ жазушыларының «жоңғарды қыра бергенінен», тарих, ауыл тақырыбынан жалыққан. Тіпті, қазақ қалаға көшіп алған жоқ па? Қазір қозы мен лақты айыра алмайтын оқырман өсіп шықты. Ауылды қойып, қала тақырыбына, тіпті әлемдік «территорияға» шығып кететін уақыт әлде қашан келді деп ойлаймын.
Романның идеясы қалай келгеніне келетін болсақ, енді ол кезде жаспын, қияли да болсам керек, әлемді қалай аралап шықсам екен деп ойлап жүруім де мүмкін. Үндістердің тағдырына қатты қызығатынмын. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған халықтың болашағы алаңдататын. Жюл Верннің де әсері бар. Бірде Алматыға бара жатқан жолда кездейсоқ бір адаммен кездесіп қалдым. Қырғыз жігіт. Әңгімеден әңгіме шығып отырып, романдағы баяндалған жәйттердің біразы айтылды. Содан әсерленіп келіп, қолыма қалам алдым. Екі-ақ күнде сүйкеп тастағаным есімде. Содан кейін ұмыт қалды. Кейіннен тауып алдым. Арғы жағы белгілі...
- «Австралияда нең бар еді, құлыным?!» романыңызбен оқырманға не айтқыңыз келді?
- Жақсы сұрақ. О баста ештеңе де айтқым келген жоқ. Болған оқиғаны баяндап шықтым. Болды. Кейіннен жұрттың балалары сұрақ қойып қоймады ғой. Ауа қайда, кейінгі тағдыры не болды? Бала не істеп жүр? Өзіңізбен бірге неге ала келмедіңіз? Неткен қатыгез адамсыз? Анандай сұмдық сұлуды көзіңіз қиып қалай тастап кеттіңіз? деп маза бермеді. Тіпті, Ауа жеңгемізді көреміз деп үйіме іздеп келгендер де болды.
Ойпырым-ай, ә, осы жұрт не болса соған сенетін болған ба деп таңданып жүрдім. Сенімді жазғанмын ғой, ә деп те қоямын. Кейіннен сұрақ көбейіп кеткеннен соң екінші бөлімін жазуға отырдым. Ол «Ауаға оралу» деп аталады. Ауаны не өлтіріп, не алып келу керек болды. Әйтпесе мына жұрт қоятын емес. Бұл бөлім де жақсы шықты. Ішінде фантастикалық элементтер де бар демесең.
Шығарманы жазу барысында алғашқы ойым, Ауа мен баланы елге алып келу болатын. Кейіннен бұл ойымнан айнып қалдым. Шын өмірде қалай болды, солай жазғым келіп кетті. Ауа қаза тапты.
Сүйтсем бұным мүлде дұрыс болмаған екен. Ауаның өліміне қайғырған жанда сан болмады. Барлығы мені сөкті. Жылағандар қаншама. Анандай періштені өлімге қалай қидыңыз, бала қайда деген хаттардың астында қалдым. Басында бұған еш мән бермеген болатынмын. Бірақ кейіннен осындай өкініштер көбейіп, сұрақтар қойыла бергеннен соң мен шынында да оны тауып алмаққа бел будым. Осылай үшінші бөлімі жазылды. Періште деп аталады. Оқыған адамдар біледі. Мен оны таптым да. Осылай-осылай о баста бір ғана бөлімнен тұрған кітап 5 бөлімге дейін кетіп қалды. Шағын 5 кітап десе де болады. Ақыры «қой, жұртты жалықтырып алармын» деп тоқтадым. Бірақ ойымда 6-бөлімі де тұр.
Бұл кітап арқылы кейіннен мен бір үлкен мәселеге жұрттың, қоғамның назарын аударғым келді. Ол – Өмірдегі әділетсіздіктер. Бүгін бізге ақыл айтып жүргендердің /батыстың/ кешегісінің сұмдық болғанын жеткізу. Жаңа жерлерді жаулап алу барысындағы жауыздықтар. Үндіс халқының тағдыры. Трагедиясы. Қазақ айтады ғой. Өзіңе қарап ал деп. Дәл сол. Кітаптің аты неге Улуру? Білесіз бе? Улуру деген қандай мағына береді? Австралиядағы жергілікті халықтың тілінде ол «көлеңкелі жер» деген мағынаны білдіреді. Көлеңкелі жер. Күнделікті өмірдегі, тарихтағы біз байқай бермейтін, бізге белгісіз, бізге көрінбейтін өмірдің екінші жағы, көлеңкелі тұстары.
- Романыңыз жарық көрген соң, Бішкек қаласында басылып шыққанынан хабарымыз бар. Бауырлас қырғыз елі кітабыңызды қалай қабылдады?
- Кітапты оқыған адам біледі, онда басты кейіпкерлердің бірі – қырғыз жігіті. Қырғыз жігітінің бастан кешкендері бауырларына қатты әсер етсе керек, олар менің кітабымды тегін-ақ шығарып берді. Баяғыда бір апым «кедей мәрт келеді» деуші еді, рас айтқан екен. Біздің қазақта кітап оқитындардың ақшасы жоқ, ақшасы барлар кітап оқымайды ғой. Оларда басқаша ма деп қалдым. Жақсы қабылдады.
Біздің қоғамда қазір бәрінің басын қалай байысам деген ой жаулап алған ба деп қалдым. Тіпті, туыстар бір-біріне қарайласпайтын, көмектеспейтін жағдайға жеттік. Бұл жағынан Жапонияға жетіп қалдық. Жабайы капитализм.
Өзім қимылдап, баспа ашып, кітабымды 7 рет шығарып, әдеби агент болып, оны жарнамалап, жұмыс істедім. Ешкімнен көмек болған жоқ.
- Кітабыңыздің дақпырты Австралияға да жетіпті. Ол жақтағы мәлім бір университеттен арнайы шақырту да келген сияқты. Ол шақыртуды неге қабыл алмадыңыз? Австралиялық оқырмандарыңызбен кездесудің сәті неге түспеді?
- Бір күні поштама ағылшынша жазылған бір хат келіпті. Басында мән берген жоқпын. Келіп жатқан көп хаттың бірі шығар деп ойладым да қойдым. Кейін ашып қарадым да, таң қалғаннан ойланып, отырып қалдым.
Мәссаған!!! Менің кітабымды Австралияда оқыпты. Австралияда!! Бұ қалай? Олар ағылшындар емес пе? Менің кітабым әзірше қазақ тілінде ғана шыққан. Сүйтсем, хатты жазған өзіміздің бауырымыз, қазақ жігіті, сол жақтағы университетте оқитын бала болып шықты.
Ол «Аға, мен негізі Канадаға кетіп бара жатыр едім, бірақ сіздің кітапты оқығаннан соң, қатты әсерленіп, аттың басын Австралияға бұрдым. Қазір осында оқып жатырмын. Сіздің кітап туралы жүрген жерімде айта жүремін. Күннен-күнге оған қызығушылар көбейіп келеді. Қазір оны білмейтін жан жоқ. Жуырда университетімізде кітапты талқыладық. Студенттер сізді көргісі келеді. Сізге қоятын сұрақтары көп. Сіз келе аласыз ба? Қорықпаңыз. Біз сіздің қауіпсіздігіңізге 100 пайыз кепілдік береміз. Барлық жерде күзетпен алып жүреміз. Өзіміз шығарып саламыз...» депті.
Сосын «аға, мен сіздің кітабіңізді алып, Улуруға барамын, суретке түсемін, сіз жүрген жерлермен жүріп өтемін» депті. Улуру - Австралияның оңтүстік-батысындағы аспаннан түскен алып тас.
Көп ойландым.
Ақыры «жер ортасынан асқанда тәуекелге бармай-ақ қояйын» деген тоқтамға келдім.
- Кітапты орыс, ағылшын тілінде шығару ойыңызда жоқ па?
- Бар. Аударам деп жатқандар болса, қарсы емеспін. Қытайдағы бауырларымыз кітапты жақсы оқиды екен. Ол жақта да төте жазумен шықты. Бізде, баяғыда жұрт кітапқұмар еді ғой. Олар әлі солай ма деп қалдым. Және оларда бір жақсы жүйені көрдім. Оқырман кітабыңды оқыса, ұнатса, сенің шотыңа автоматты түрде ақша түседі.
Бұл бізге өте керек дүние ме деп қалдым. Қазір Қазақстанда кітап шығару, оны тарату жүйесі жоқ қой. «Аға, сіз бізде, Қытайда тұрсаңыз, Бейжіңдегі ең қымбат үйде тұрып, қымбат машина мініп жүретін едіңіз, бұл жақта жазушыларды қолдау жағы керемет»,- депті оқырман сол жақтан жазған бір хатында.
- Сізді шығармашылық ортадан жиі көре бермейміз. Жалпы қоғамнан да тым саяқ жүретінге ұқсайсыз. Қаншалықты азат, тәуелсіз адамсыз? Шығармашылық адамға еркіндіктің маңызы қаншалық?
- Мен жалғыздықты ұнататын адаммын. «Соңғы 20 жылым қоғаммен араласпаумен өтті» деп Өтекең айтқандай, мен де соңғы 10 жылда ешқайда шыққан емеспін. Жеке кәсіппен айналысамын. Жұмыс көп. Қол да тие бермейді.
100 пайыз тәуелсіз адаммын. Маған ешкімнің, менің де ешкімге керегім жоқ деп ойлаймын. Сондықтан ешкімнен қорықпай өз ойымды, пікірімді айта беремін. Ертең маған мынаның кесірі тиіп кетпес пе екен деп аяқ тарту деген менде жоқ. Өйткені тәуелсіз адаммын. Материалдық тұрғыдан да. Құдай ешкімге күнімді түсіре көрмесін. Ертең бір конкурста қазы болып қалса менің шығармамды өткізбей қоюы мүмкін деп оның кітабын өтірік мақтап қою деген менде атымен жоқ. Шығармашылық адам еркін болса тіпті жақсы. Тіпті маңызды да.
- Оқырманның көп болуы жазушыны масайратып жібермей ме? Танымалдылықтың кері әсері бола ма? Қазір не жазып жүрсіз?
- Иә, масайратып жібереді. Енді өзің ойлашы, күнде біреулер звондап кітабыңді мақтай берсе, күпініп шыға келмегенде не істейсің?. Тіпті, «кітабыңыз қазіргі қазақ әдебиетінің ең биік шыңы» дегенді естігенде көзің қарауытып кетеді. Бұндай кезде үйдегі жеңгең орныма қойып отырады. Мақтана бермеші, дейді ол. Сенің шығармаң жай, ортаңқол бірдеңе. Бір оқығанға қызық, содан соң ұмытасаң. Күпінбей отыр, деп...
Ата-бабамыз «қатын-жау» деп қалай дұрыс айтқан, ә?!!!
- Қазір не жазып жүрсіз?
- Ештеңе.
50-100 кітап жазған жазушылар бар. Оқырман бір-екі шығармасын ғана біледі. Бүкіл әлемге танылған Робинзон Крузоның авторы да біраз бұрқыратқан. Бір-ақ кітабы тарихта қалды. Абай жолы, Тынық Донның авторлары да өнімді жазған. Бірақ біз олардың басқа шығармаларын біле бермейміз. Мәселе санда емес сапада ғой. Қағазды да аяу керек. Қағаз дегеннен шығады, қазір қағаз кітаптің күні бітіп келеді. Электрондық кітаптар алға шықты. Болашақта қағаз кітапты мүлде көрмейтін боламыз.
- Ел аузынан «кітабымды сатып, коттедж алдым» деген сөзіңізді естіп қалдық. Бұл қаншалықты рас? Біздің елде шынымен кітап жазып ақша табуға болады ма?
- Болады. Коттедж түгілі ұшақ та алуға болады. Тек қазақ тілінде ғана емес, ағылшын, қытай, орыс аудиториясына шығу керек. Қазақ аудиториясы шағын. Алысқа бара алмайсың. Ағылшын тілінде жазсаң тез таныласың. Қытай, испан, орыс тілдері де сондай.
Анау, Нөбіл беретіндер қазақ тілін білмейді. Әйтпесе біздің ақындардың ішінде лайықтылары бар екенін көретін еді.
Қазіргі заманда алданып қалу да оңай. Әлемдік әдеби агенттіктер бар. Олардың мақсаты -ақша табу. Солар ортаңқол бір жазушыны жарнамалап, жер көкке сыйғызбай мақтап, кітабын сатып жатады. Тіпті 50-60 тілге аударып, керемет ақша табады. Мақсатына жеткен соң оны ұмытып кетеді. Жазушы да ұмыт болады.
Әлеуметтік желілерде менің кітабым да жиі-жиі жылт ете берген уақыт болды. Бұл менің әдеби агент ретіндегі жұмысымның нәтижесі еді. Соның арқасында ақша таптым. Үй алған кезде көмегі тиді. Кітап та тауар. Ол пайда әкелуі керек.
Мен ақша үшін жазбаймын дейтіндерді конкурстарда көрші, қырып жібере жаздайды. Әкесін, көкесін, бәрін салып, құйтырқылықтың бәріне барады.
Негізі қырықтан асқандарды ешқандай да әдеби конкурсқа қатыстырмау керек. Қырыққа дейін таныла алмай, өзін мойындата алмай жүрсе өзінің соры. Жастармен жағаласуды қою керек.
Жазушының асыраушысы – оқырман. Басқа жолдың бәрі шын талантты көлеңкеде қалдырады. Кітабың жақсы болса оқырман сатып алады, сонымен күніңді көресің, жаман болса, ешкімге өкпелеме. Тіпті қаламақы төлеу, кітабыңды мемлекет шығарып беру деген де дұрыс емес деп ойлаймын. Бұндайда пысықтар алға шығып кетеді. Талант болсаң оқырман сені өзі-ақ тауып алады, өзі асырайды.
Баяғыда Сталин дәрігерлерге жалақы төлеттірмепті. Оларды халық өзі-ақ асырайды деп. Жазушыны да халық асырайды.
Негізі мал табу - еркектің бірінші міндеті. Бірақ адал табу керек. Абай атамыз «есектің артын жусаң да мал тап...» деп айтқан жоқ па?
Одан асырып кім айтыпты?
Өзімді бір керемет жазушымын демеймін, бірақ кітабімнің жақсы оқылғаны, жақсы өткені рас...
- Әсерлі әңгімеңізге рахмат!
Бөлісу: