Парасат майданының жауынгері
Бөлісу:
Астанада жазушы, драматург, Франц Кафка атындағы Халықаралық әдеби сыйлығының Алтын медаль иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдіктің 80 жасқа толуына арналған «Парасат майданының жауынгері» атты кеш өтті. «Райхан» атты әңгімесінен бастап «Ақиқат», «Әке», «Оралу», «Парасат майданы» сияқты дүниелері қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген жазушымен дидарласып, жүздесуге асыққан көрерменге Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының залы лық толды.
«Осыдан бес жыл бұрын, 75 жасымда осындай басқосулар болған еді, сонда мен әңгімемнің басында өмірден озған екі-үш досымның атын атап еске алған едім. Бес жыл ішінде тек мемлекет басшылары ғана емес, бүкіл дүние өзгерді. Пандемиядан екі жыл ішінде жетпістен аса жазушы қайтыс болыпты, олардың ішінде ең аяулы достарым бар еді, ең жаманы осылардың бәріне барып топырақ салуға шамамыз келмей қалды. Соның ішінде біздің жанымызды күйзелткен Қаңтар оқиғасы бар, осының бәрі қосыла келгенде бізге қаншалықты қиын болғанын аңғаруға болады деп ойлаймын», - деген жазушының сөзінен кейін көрермен орнынан тұрып, қазақ руханиятына еңбек сіңірген адамдарды еске алды.
Ақын, Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз сөзінде: «Тозақ оттары жымыңдайды», «Оң қол» шығармаларымен өстік, сол «Оң қол» түсімізге кіргендей болды ғой. Қайталап оқығың келеді, оқисың да, ол – классика. Әдебиет – дастарханда ине шаншар орын жоқ жер, сол заманда да Төлен ағалар әдебиетке келгенде әдебиетте ине шаншар орын жоқ болатын, бұл кісілер келді де орын алды, «Тозақ оттары жымыңдайдыны» оқығанда біздің өзіміздің отаршылдықта жүрген хал-күйімізді көрдік, ақындарда «Махамбеттің монологы, негрдің монологы» деген, өзіміз айта алмағанды солардың аузымен беретін әдіс болатын, солардың бәрінен Төлен ағамыз озып кетті, сонау үндіс тайпасының халі мен біздің қазақтың халі ұқсас болып шықты. Катарсис деген бар, бұл адамның жан-дүниесін тазарту, ағамыз да шығармасы арқылы алпыс жылдан бері оқырманның жан-дүниесін тазартумен келе жатыр. Ол – лай суды тұндырумен бірдей. Дүниенің казустары, шиеленістері, ең бір адамды күйзелтіп, қиналуға жеткізетін қиын нәрселерді өз шығармасына арқау етіп алып шығады. Ана жылы «Жұлдыз» журналының 90 жылдық мерейтойын өткіздік осы Астанада, сонда «Түрксой Евразия жазушылар одағы бірігіп түрік әлемінің әдебиет саласындағы Жыл адамын таңдауымыз керек», - дегенде, мен Төлен ағамызды ұсындым, 25 елден келген делегацияның ішінде Төлен ағамыз түркі дүниесінің Жыл адамы атанды. Сол кезде ұлттың тағдыры жөнінде кесек-кесек ойлар айтты», - дей келіп, мерейтой иесіне қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқаны үшін «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағын табыстады.
Кешті жүргізген журналист, ҚР Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт жазушының көпшілік біле бермейтін қырларын ашуға тырысты. Осы кеште жазушының оңашада өлең жазатыны, күйшілік өнері жайында айтылды. Сахнада актерлер жазушының жас кезінде жазған өлеңдерін оқыды.
«Парасат майданын» алғаш оқыған сәттен «Мынау Кафканың өзі ғой», - деп баға берген қаламгер Анатолий Ким бейнебайланыс арқылы жазушыны құттықтады.
Жазушының әкесі туралы әдемі естелігі, әсіресе үзеңгілес досы Дулат Исабеков туралы айтқан әңгімесі кештің әрін аша түсті.
«Дулат екеуміз бір-бірімізге анекдот айтқанды жақсы көреміз. Әзілі жарасқан досты ғана шын дос деп айтуға болады. Ол енді менен көбірек айтады, анекдотты көбірек шығарады, менен басқа да «жертвалары» бар оның. Бірақ өзі де оңып тұрған жоқ. Бір рет екеуміз Москваға баратын болдық, ол кезде жазушылардың жиналысы болатын, содан кетерде маған: «Жолдан сені соғып ала кетем, сен тырп етпей отыр», - деді, күтіп отырмын, уақыт кетіп жатыр, кетіп жатыр, самолетке жететін уақыт қалмай қалды. Келсек самолеттің ұшып кеткеніне он минут болған. Мен әбден күйдім. Мынау жайбарақат, қиналмайды: «Әне жерден барып су ішейін», - дейді әуежайға су ішу үшін келгендей. «Сен түсініп отырсың ба, самолеттен қалып қойдық қой!» - деймін ғой, сонда ол түк болмағандай: «Бірінші рет емес, қалып отырғаным», - дейді.
Қош, содан Москваға келдік, жиналыс өтті, мен бір семинарға қалатын болып, ол кететін болып шығарып салдық, ол кезде шығарып салғанда ресторанға апарады, 6-7 адам ішіп-жеп, мәз болып, бар жақсы тілекті айтып, «Жақсы жет, жұмсақ қон», - деп Дулатпен қоштасып бетінен сүйіп шығарып салдық, бір кезде біреуі: «Ойбай, анау қайтып келе жатыр», - дейді. «Е, не болып қалды?» - деймін. Сөйтсек: «Билетті қарамаппын, күндіз сағат екіде ұшады екен десем, түнде ұшып кетіпті», - дейді. Кейін барып есіме түсті бұның ұмытшақтығы. Баяғыда бұл Ялтаға баратын болды, ол кезде жазушылар үшін Ялтаға барып демалу арман, оған билетті 2-3 ай бұрын алып қояды, сөйтіп бұл өзіне, әйеліне, үш баласына бес билет алып қояды алдын ала, сөйтеді де... самолеттен қалып қояды. Содан ыңғайсызданып он күн үйден шықпай жатып, он күннен кейін шығады, жұрт: «Ей, сен көрінбей кеттің ғой, қайда болдың?» - десе: «Ялтада болдым», - деп айтады дейді екен. Бірде бір досымыз келіп соны айтып отырсам: «Ей, қойшы, екеуің тек жұртты күлдірем деп айта бересіңдер», - деп сенбей қойды. Бір кезде әйелім келді вокзалдан, біреуді шығарып салуға кеткен, әңгіменің аяғы Дулат туралы болып кетті: «Ойбай, жаңа вокзалдан көрдім ғой, Қызылордаға қойылымының премьерасына шыққан екен, пойыздан қалып қойыпты», - дейді». Осы әңгімедегі қос жазушының арасындағы сыйластыққа өрілген құрдастық қалжың залды жылытып жібергендей болды.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты жазушы, драматург Дулат Исабеков сахнаға шыққанда жиналған көрермен бір серпіліп қалғандай болды:
- Төленді сексенге келеді деген сайын, «тық десе тауыққа тиеді» деп, маған да тиіп жатыр, - деп қалжыңмен бастады ол сөзін. - Бұдан бұрын сексеннен асқан Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин болатын. Одан кейін рекорд жасаған Әбіджәміл ағамыз. Мен адамның ғұмырын жазған шығармасымен есептеймін. Бір шығарма жазып, мәңгіге қалуға болады. 20 том шығарып атын ешкім білмейтін ақындар бар. Бір том шығарған Абайды әлі оқып жатырмыз, оқыған сайын алдыңнан басқа Абай шығады, ал 20 том шығарған адамның 19 томында не барын білмейміз. Айналайын, Төлен, сенің шығармашылығың туралы айту деген – теңіздің жағасында отырып қасықпен су ішумен бірдей ғой. Біздің жазушылардың Кафкадан кем емес екенін, Ирвин Шоудан кем еместігін ауыл арасында емес, Лордтар палатасындағы кездесуде айтқанмын. «Төлен, Әбіштер қай сынға салсаң да озып шығатын қаламгерлер, Европа сендер неге теріс қарап тұрсыңдар, бір мезет қырын қараңдаршы, шығыс әдебиетін көресіңдер, шығыс әдебиеті деген қазіргі қазақ әдебиеті. Онда ағылшын, неміс жазушысынан қалыспайтын үш-төрт жазушы бар, соларды оқысаңыздар шығыс жайлы, шығыстың батысы жайлы біліп, сәл керегелеріңіз кеңіп, шаңырақтарыңыз биіктер еді, өкінішке орай сіздер әлі бізге бұрылмай тұрсыздар!» - деген едім», - дей келіп, жазушы Д.Исабеков құрдасы Төлен Әбдікке: «Мен сені Әуезов театрында өтетін 80 жасыма шақыра келдім, самолетке билет алсын деп ақшасын да алып келдім», - деді. «Осының ішіндегі анекдоттың 20 проценті өзің туралы», - деп өзі шығарған анекдоттар жинағын ұсынды. Құрдастардың қалжыңы өте жарасымды болды.
Жазушы әңгіме арасында қаламгер лабораториясына қатысты да пікірін білдірді: «Адамның ішкі жан-дүниесі сыртқы дүниеге тікелей байланысты, сондықтан адамның жанына үңілсең сен одан қоғамның картинасын көре аласың. Ол кезде цензура деген болды. Бет-жағын сездірмей, буалдырландырып, күрделендіріп жазуға тура келді. Мысалы, шығармада үндістер трагедиясын қозғап отырып: «Қазір бізде коко жапырағын шайнамайды деп ойлайсыз ба, қазір бізде жалған идеялар жапырағын шайнайды», - деген сөздер болды, сол байқалмай кетті».
Сондай-ақ, кеш иесі жас кезінде актерлік өнерге құштар болғанын да әдемі әңгімелеп берді. Әсіресе, Алаш мұраты туралы пікірінен олардың аманатын қастер тұтатыны байқалып тұрды: «Мен өмірдегі ұстазым дейтін бір адам бар: Сейітбек Нұрқанов деген кісі, бір ғажап адам еді. КазПИ-дің орыс факультетін сталиндік стипендиямен бітірген адам еді, жағымпаздық, тамыр-таныстық, рушылдық дегеннің бәрінен жиіркеніп, өзі оңаша өмір сүрді. Сол кісі Алашты бала кезімнен құлағыма құйған адам», - деген естелігі де салмағы бар әңгіме болды.
Кеш барысында ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы өлең оқып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев құттықтау сөз сөйледі. ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын депутат Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы, «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатын ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай оқып берді.
***
Оң қол туралы бірер сөз
Төлен Әбдіктің «Оң қолын» білмейтін оқырман аз шығар. Осы шығарманы талдай бастасаң символ ұғымы еріксіз ойға оралады. Символ әрі көркем бейне, әрі ұғымның қызметін атқарады деп әдебиет теориясында оқытқаны есте, (кейде символ мен метафораларды шатыстырады, бірақ, символдың басты белгісі контекст арқылы берілетін белгілер мен мағыналар).
Төлен Әбдік цензура күшті, әркім аузына мұқият болуға тиіс уақыттың өзінде оңашада өзін қылғындыратын оң қолды символдай отырып, саяси көзқарасын білдірген қаламгер. Бұл жерде ғалым Б.Қанарбаеваның «Қазақ әдебиетіндегі постмодернизм» еңбегіндегі талдауы көңілге қонымды. Мысалы, Т.Әбдік осы әңгімеде аурудың коды 17 саны деп береді, ғалым Бақыткамал Қанарбаева бұл қыздың жасы ғана емес, 1917 жыл болуы да мүмкін деген ой айтады, ғалымның айтуынша, қазақтың салт-санасына, жалпы дүниетанымына төңкеріс әкелген 1917 жыл, сонымен бірге нешетүрлі озбырлық пен қатыгездік те осы кезден басталған. Демек, автордың 17 саны символ, белгі. Мұндағы Алманың өзі ұнатып, тебіреніп оқыған «Дауыл» өлеңінің таңдалуы да бекер емес. «Кеменің діңгегі қирап, рулі сынған, желкені жыртылған» дегенде жазушы осы арқылы символистердің тәсіліне жүгінеді. Бұл алда болатын қауіп-қатер, ұлы өзгерісті білдірер еді.
Алманың әрекетінде үрей бар, ол үнемі үрей құшағында болады. Үрей – ең қуатты қару. Тек үрей туғызу арқылы ғана адамдарды бағындырып дегеніңді жасатуға болады. Адамдарды үнемі бақылауда ұстаған, еркіндікті қалайтын өзгеше пікір-көзқарасын байқаса қудалап, қуғынға ұшыратуға бейім кеңес одағы да үрей туғызу арқылы күшті болып отырды. З.Фрейд өзінің «Психоанализ» деген еңбегінде үрей-қорқынышты рационалды және иррационалды деп екіге бөле отырып, үрей-қорқынышқа ағзаның өзіне қауіп төнген жағдайға орай білдіретін реакциясы деп анықтама береді, сондай-ақ, ол адамның ішкі тілегі қанағаттандырылған жағдайда да бойдағы үрей-қорқыныштың қалып қоятынын, кетпейтінін айтқан. Үнемі осындай қорқыныш үстінде жүретін Алма ақыры өзіне қол жұмсады. Азаматтардың санасы мен сол кездегі биліктің тартысы осындай символ арқылы бейнеленген. Әрине, қызды ұнатып қалған дәрігер оны емдемек болады, мүмкін ол да бір кездегі З.Фрейд сияқты жүйке-психика аурулардың себебіне үңіліп, өзі емдеп жүрген ауру адамның саналы әрекеті мен санасыздық сезім күйі арасындағы қарама-қайшылықтың жауабын іздестірген шығар. Бірақ ол Алманың жанын сауықтыратын әдіс тауып үлгермейді. Бұл да тұспал, автордың ойынша қираған дүниені жөндегеннен гөрі оның орнына жаңа дүние жасаған яғни жаңа қоғам құрған дұрысырақ. Бір ойландыратыны – Алма адамдар ортасында емес, жалғыз қалғанда ғана қатты қорқып, үрейге билетеді, бұдан шығатын қорытынды – адамдар әруақытта көпшілік ортасында, бірлікте болуы тиіс, егер жалғыз болсаң үрей мен қорқыныш үйір, жалғыз болсаң шеңгелі қатты оң қол яғни – «билік» аямайды. Бұл біздің бүгінгі жағдайымызға да қатысты ой.
Кейбір әдебиетшілер «Оң қолды» мистикалық әңгімеге де жатқызады. Адамның о баста өзімен бірге жаралған дене мүшелерінің бір күні өзіне қарсы шығып, шабуыл жасауы шынымен де мистика ғой, дегенмен автор мұны түсіндіруде психологиялық тұрғыдан келеді. Яғни бұдан ішкі тұлғаның екіге жарылуын көреміз, бір дененің ішінде екі түрлі жанның тайталаса өмір сүруі – психопатияның бір түрі.
Ғалым Б.Қанарбаева бұл әңгімені мифтік тұрғыдан қарастыра келіп, автордың өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылып, сол кездің өзінде «ешқашан қирамақ түгілі қабырғасына сызат түспейді» деген Кеңестер Одағы туралы мифтің күл-паршасы шығатынын тұспалдайтынын айтады. Яғни, Американы жау көрген кеңес одағы түптің түбінде сыртқы әсерден емес, өз ішіндегі бюрократтар мен парақорлардың кесірінен күйрейді, өз ішіндегілері өзіне жау болады. Бұл жерде оң қол тек психопатиялық ауытқу түрінде емес, бәрін бір қолдан билеп, басқарам деген жүйе, өз қателіктерін өзгеден көріп, қуғындап, жазалап, тұтқындаумен болған жүйені жазушы осындай тәсілмен бере білген деп тұжырым жасайды.
Бөлісу: