Әдебиет ісін қаламгердің хоббиі ретінде қарастыру керек!

Бөлісу:

21.06.2023 2745

Жазушы, журналист, «Көршінің қызы», «Жылан кегі» кітаптарының авторы  Қанат Әбілқайырмен бүгінгі қазақ әдебиетінің жай-күйі туралы аз-кем ой бөліскен болатынбыз.

- Әдебиет – ардың ісі, оған үлес қосып жүргендер нендей талапты арқалап жүр? 

- «Әдебиет – ардың ісі» деген сөзді алғашында Мұхтар Әуезов айтса керек. Әуезовке дейін де, одан кейін де осы қанатты сөзге мағыналас талай ой айтылған. Айтыла да береді. Бірақ, мұндай сөздерге мейілінше иланбаған, мейілінше сенбеген жөн. Бұрынғысын білмеймін, меніңше, қазіргі әдебиет арға өлшем бола алмайды. Егер «әдебиет – ардың ісі» болса, сол іспен айналысып жүрген қаламгерлер неге арсыз? Неге жалтақ? Неге екіжүзді? Неге қорқақ? Соңғы жылдары халықтың басынан небір қанқұйлы тағдыр өтті. Сол халықтың басына күн туғанда «ардың ісімен» шұғылданғандар қайда болды? Осыған жауап бере аласыз ба? Ар-ұят, ождан деген сөздерді сұлу қылып сылап-сипап айтуға болады. Сұлу қылып жырлауға болады. Бәрі айтып та, жазып та жүр. Ал, шын арлы болсаңыз, соны бойға сіңіріп өмір сүру керек. Арлы адамның иісі бойыңыздан, ойыңыздан аңқып тұруы керек қой. Меніңше, әдебиет ісін қаламгердің хоббиі ретінде қарастыру керек. Жай – хоббиі. Былайша айтқанда – ермегі, әуестігі. Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», - депті. Рас, Абайға өз заманында жұртты ояту керек болған шығар. Ал, біздің халық қазір керісінше қаламгерлерді оятып: «Қарғам-ау, қиялдап қуа бермей, жөні түзу іспен айналыссаңшы!» - деп тұратын заманға келдік. Абайдың мойнында тұтас қазақ халқының әдебиетінің, сөзінің жүгі артылып тұрды. Ал, қазіргі қаламгерлерде ол жүк жоқ. Қазақ оянған. Онсыз да ояу ұлтты оятып әуре болудың қажеті қанша? Абайдан кейін әдебиетке саяси ағартушылар келді. Олар жақсы болсын, жаман болсын әдебиетті саясатқа құл қылды. Әдебиет идеологияға қызмет етті. Қазіргі идеология тик-токқа, яғни әлеуметтік желіге қоныс аударып үлгерді. Демек, бүгінгі әдебиет идеология үшін де қажетсіз құрал болып қалды деген сөз. Яғни, әдебиетпен ауырып жүрген біздің мойнымызда ұлт, мемлекет, билік, саясат тағы басқасының алдында ешқандай міндетіміз жоқ. Жазсақ өзіміз үшін жазамыз... Оны міндетсіну, қазақтың бар қайғысын көтеріп жүрген адамдай «қызара бөрту», оны бұлдау тым күлкілі. Әлемге әйгілі Леонардо Да Винчиді алыңыз. Суретші, музыкант, ойшыл, жазушы, оқымысты Да Винчи түрлі саланы ермек етті. Оның ермегінен туған туынды тұтас адамзаттың игілігіне айналды. Бізде де қаламгерлер ермегіне, хоббиіне адал болса деймін. Сол адалдық өнер туғызып, ол қазақтың, қала берді адамзаттың игілігіне жараса, одан артық бақ болмас. Соны терең түсінер кездің тез келгенін қалаймын...

- Әдебиет жандану үшін қазір нені қолға алған абзал? 

- Әдебиетті жандандандыру үшін қаламгерлер тағдырлы болуы керек. Олардың тағдырлы болуына тәуелсіздіктің отыз жылдығында барлық жағдай жасалды. Тіпті, артығымен жағдай жасалды. Желтоқсан мен Қаңтар көтерілістерінің ортасында қазақтың басына не кеп, не кетпеді? Әр жыл, әр кезең «мені жазшы» деп сұранып тұр. Тіпті, соңғы жылдардағы еліміздегі саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік теңсіздіктер туралы жүздеген роман жазуға болады. Яғни, қазіргі өмірдің өзі, қазіргі мемлекеттік саясатымыз, қазіргі идеологиямыз жазуға барлық орайды туғызып, жазушыларға «жақсылық жасап-ақ» жатыр. Сол орайды тиімді пайдалана алмай отырмыз. Билік қазақ әдебиетінің болашағы үшін көп қателікті әдейі жіберіп: «Мені сынап, шындықтың қанын тамызып тұрып, бір туынды туғызшы!» - деген сайын, біз оны мақтап, межеден қиыстап кетіп жатқандаймыз. Қоғамның мүгедек санасы да талай шығармаға арқау болуға сұранып тұр. Тәуелсіздік алғалы мың құбылған мінездердің қай-қайсысы болмасын көркем шығармаға тақырып болуға жарайды. Тек жазу керек. Басқа саланы білмеймін, кері кеткен қоғам үшін қаламгерлер қауымы билікке рақмет айтуы тиіс. 

- Қазақ әдебиеті әлем әдебиетіне не бере алады? 

- Әлемнің есігін ұзақ жылдардан бері қағып келеміз. Әл әзір есіктерін ашқысы жоқ. Ашпайды да. Біз соны біле тұра қаға береміз. Әлем үшін біз Ресейдің колониясы секілдіміз. Біздің халықтың ойы – ресейліктердің ойынан алыс кеткен емес. Әлемге орыстың көзімен қараймыз. Санамызда отарсыздану жүрген жоқ. Сондықтан, қытай келе ме, ағылшын келе ме, басқа келе ме, отар бола салуға дайынбыз. Ондай ұлт кімге қызық? Қазақ өзін таныған күні әлем бізге өзі келеді. Оған дейін Абайды да, басқаны да әлемге өткізе де, сата да алмаймыз. Тіпті, ақшасын беріп, аудартсаң да оқымайды. Бұл жайында Тұрсынжан Шапайдың жазғаны да бар еді. «Қазақ өзін таныған күні әлем бізге келіп сәлем береді» деген мағынада. Мен сол сөзге келісемін. Өйткені, әлем мәдениетіне ұлт ретіндегі өз құндылығымызды ұсыну үшін қазақтың санасы шын мәнісінде тәуелсіз болуы тиіс. Қазақ өзін қор сезінбей, өзгемен терезесін тең еткенде ғана біздің әдебиеттен әлем өз қажетін тауып алады.

- Нобель алушылар тенденциясына қарасаң, өз ұлтының кемшілігін тізіп беріп отырғандай болады. Бізде осы үрдіс қазір белең алды, осындай әдебиет ұлтты түзей ме? 

- Әдебиеттің басты міндеті ұлтты түзеу емес. Әдебиетті тәрбиенің, идеология мен саясаттың құралы етіп, аузы күйген елміз. Әдебиет адамды тәрбилейтін дін емес қой. Әдебиет – өнер, рухани азық. Рухани айна. Айна сіздің кескін-келбетіңізді көрсетеді. Айнадағы түріңізді көріп, тәрбиеленіп кетпейсіз ғой. Яғни, рухани айнадан рухыңызды көресіз. Одан кейінгісі... тәрбиелене ме, қапалана ма, ашулана ма, қуана ма, оқырман ырқындағы іс. Рас, Нобель сыйлығы саясиланғанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, ұлтынан теріс айналғандар бұл сыйлықты сөзсіз аларына кепілдік те жоқ. Демек, біздегі жазғыштардың не қазақсыз, не Нобельсіз қалары анық. Қазақты өтірік сүйіп, өтірік жалаң ұран жазу да сәннен қалды. Қазір баяғы қазақтың кереметтігіне тамсанар адам жоқ. Сондай-ақ, ұлтты іске алғысыз етіп тастау да абыройлы іс емес. Шын өмір, шын оқиға көркем туынды болып жазылса, ол Нобель алса, «қазақты жамандап алды» деуге де болмайды. Сондықтан, қашпаған сиырдың уызынан дәметпей-ақ қоялық.

- Әдебиетке материалдық қолдау аз дейміз, қолдау қандай болу керек? 

- Мемлекет мемлекет болып, халықтың қалтасынан салық алып, жер асты, жер үсті байлықтан пайда тауып отырған соң, еліміздегі барлық саланы қаржыландыруға міндетті. Мәселен, қоқыс тазалаушылар мемлекет ақшасын тендерден ұтып алып, қаланы тазалайды. Сол тазалықшыларға: «Қаланың қоқысын жиюды қоя тұрып, мемлекетті, мемлекет саясатын мақта!» - деуге бола ма? Дәл сол сияқты әдебиетке мемлекет көмектесуі керек. Бірақ, қайырым ретінде рақмет күтпеген жөн. 

Сосын, мемлекет қаламгерлерге көп қаламақы береді екен. Соған үш жыл талпынып, қол жеткізе алмадым. Оны алудың жолын да білмеймін. Өз қатарластарымның ішінде ең өнімді еңбек етіп жүрген жазушы сияқты едім. Ыңғайын байқасам, әлдебір комитеттің басшысына жақпай қалсам керек. Содан болар, иттің итақайы алған дүние маған бұйырмай тұр. 

Мұны неге айтып отырмын? Мемлекеттің әдебиетке бөлген қаржысына мемқызметкер – қожа. Түсінікті тілмен айтсақ, жол жөндеуге миллиардтар бөлінсе де, жолдарымыз шұрық-тесік болып жатады ғой. Әдебиетке бөлінген қаржы да сол жолға бөлінген ақша сияқты. Әрине, министр, комитет жағалайтын пысықтар жырғап жүрген шығар. Ал, біз сияқты қаламгерлерге кеше жасалып, бүгін шұрық-тесік болған жолдармен жүру тұруға тура кеп тұр.

- Ақын-жазушылар интеллигенттердің көш басында жүру үшін қандай мінез керек? 

- Интеллигенттердің көш басында жүру үшін қаламгердің өзі интеллигент болуы керек қой. Қазіргі кезде ондай интеллигент бар дегенге өз басым сенбеймін. Сосын, сәл мінез керек шығар. 

- Бүгінгі әдебиетке кеп жатқан жас буынға көңіліңіз тола ма? Бақытгүл Сәрмек, Ақжол Түменбай... 

- Ақжол інім жақсы ақын болса керек. Өзім ақын болмаған соң оған не дей қояйын? Ал, Бақытгүл Сәрмек – жас жазушы емес. Отыздың мол ішіне кірген, оң-солын таныған қаламгер. «Ақындардан жеріну» деген әңгімесінен бастап, әдебиетте біраз сойқанды салды-ау деймін. Тың туындылармен бірнеше әдеби мәлімдеме жасады. Ағылшыншаға аударылып, әлемнің есігін қақты. Қатаң реализмге иек артатын, қоғамға сыни көзқараспен қарай алатын жазушы. Сосын, тағы бір әдеби мәлімдеме жасаған қаламгерді айтайын. Әдеби ортаны Есбол Нұрахмет «Таңқы танау, жалпақ бет» деген әңгімесімен «жыртты». Адамдардың бірдей ойлап, бірізді болып бара жатқанын дәл олай суреттеген қазақ қаламгерін көрген жоқпын. Сосын, Қанат Тілеуханның «Қайтқан қыз» деген туындысын алыңыз. Қанат қазіргі қазақ қыздарының тағдырын боямасыз суреттеп, сол әңгімесімен әдеби мәлімдеме жасады деп ойлаймын. Бірақ, құрдастарым мен бізден кейінгі жастар ренжімесін, әдебиетте жақсы шығарма жазып, әдеби мәлімдеме жасау тым сиреп кетті. Жоғарыда мақтаған қаламдастардың соңғы жазғандарын да оқып жүрмін. Олар маған баяғы мәлімдемелерін жаңғырта алмай, яғни өз биігіне қайта көтеріле алмай жатқандай көрінеді. 

- Қазақ әдебиетін дамыту үшін қандай алғышарттар қажет деп ойлайсыз? 

- Әдебиет қоғамдық жұмыс емес. Әдебиетті әркім өз шеберханасында туғызады. Оны дамыту үшін жазушы еркін ойлы болса дейсің. Еркін ойды қалтаның қалыңдығы қамдайды. Яғни, бай болмай, еркін ойлы да бола алмайсың. Әдебиет дамуы үшін халық баюы керек. Халық тойынса, сосын ұлттың сөзін іздейді. Бұл жалпы алғанда табиғи сұрыптау секілді процесс. Жазушы ақиқат пен әділетті іздегенде ғана керек деу аздық етеді, бүгінде жазушы өмір шындығын боямасыз көрсете алуымен құнды туынды жазбақ. Дегенмен жастардан үміт зор.

- Сын мен сыншының дәрежесі түсіп барады, бұл әдебиетке зиянын тигізе ме? 

- Меніңше, жаңа буынның сыншылары әлі өсіп-жетілмеді! Мәселен, Әлішер Рахат деген ініміз «Параллель» деген роман жазды. Оны баяғының соц-сыншыларына сынатсаңыз, бірден жоққа шығара салуы мүмкін. Әлішердің кейіпкердің ішіне енудегі, адам жанын танудағы талпыныстарын бағалауға өресі жетпей қаларына сенем. Сондықтан бүгінгі таңда жазып жүрген жазушылардың шығармасын бүгіннің шынайылығына сап сынайтын әдебиеттанушылар қажет. 

Әлішер өткен жылдары «Үздіксіз әуез» деген әңгімемен әдеби мәлімдеме жасады. Ол әңгіменің арқалаған жүгін, айтар ойын ысырып тастап, сөйлемдерін сынаған сыншыларды да көрдік. Сондықтан, біздің әдебиет әділін айтар жаңа заман сыншысына зәру.

Өткен жолы Мақсат Тәж-Мұрат аға екеуміз он шақты жас қаламгердің жазғандарын талқыладық. Жастардың таланттарына таңдай қаға отырып, кейбір әлемдік ойлардың көлеңкесін көшіргендерді, онысы қазақы қалыпқа сыймай қалғандарды тізіп шықтық. Мұны неге айтып отырмын? Бүгінгі оқырманды алдау мүмкін емес. Яғни, сыншысы жоқ болғандықтан да кейбір «көлеңке көшірмелер» көп мақтала бастады. Бұл тенденция дұрыс емес. Әдебиет өсу үшін өрелі сын қажет-ақ. 

- Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:

Көп оқылғандар