Журналистика тарихына үңілсек...

Бөлісу:

27.06.2023 3093

Мынау шулы ғаламды толассыз ақпарат ағынынсыз елестету тіпті де мүмкін емес. Ақпарат – ақыл иесі адамзат қоғамының үздіксіз тұтынатын рухани өнімі. Адамзат қоғамы дәуір алға жылжыған сайын ақпаратқа тәуелді бола түсуде десек артық болмас еді. Ақпарат дегенде журналистика еске оралатыны бекер емес. Ақпаратты өндіру, өңдеу, таратумен айналысатын мамандық иесі – журналист. Журналистің қызметтік айдыны – журналистика. Журналистиканың анықтамасы не өзі: «Журналистика (немісше – Journalismus, французша – journalisme, ағылшынша – journalism) – 1) баспасөз, радио, теледидар, кино, интернет сияқты ақпарат құралдары арқылы елдегі және әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалар, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және табиғи құбылыстар жөнінде жұртшылыққа мағлұмат беріп, қоғамдық пікір қалыптастыратын әдеби-шығармашылық қызмет түрі; 2) белгілі бір халықтың нақты бір кезеңде шыққан газет-журналдарының жүйесі, оларда жарияланған материалдар жиынтығы; 3) баспасөз тарихын, теориясы мен практикасын зерттейтін ғылым саласы», - дейді, Уикипедия анықтамалығы.

Журналистика, журналистік қызметтің өріс алуы – неміс өнертапқышы Иоганн Гутенбергтің (1397-1468) сонау 1440-жылдары баспа машинасын жасап шығаруынан басталатынын көреміз. Ендігі жерде ақпаратты қолмен көшіріп жатпай, баспа машинасында қанша қажет, сонша тираждап басып шығару – үлкен жетістік болды.

ХІХ ғасырда журналистика бар шығармашылық қарымын газетке салғанын көреміз. Бұл үрдіс ХХ ғасырда да жалғасын тапты. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», - деуі газеттің ақпарат берудегі қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

Газеттің пайда болуымен бірге алып қарастыратын болсақ, журналистиканы шындығында ең ежелгі мамандықтардың қатарына жатқызуға болады. Ежелгі Египетте перғауынның жарлықтарын, өзге де маңызды хабарларды жұртшылыққа хабарлау үшін қоғамдық орындарда арнайы тақтайшалар орнатқан. Бұл күні кешеге дейін болған, тіпті қазір де бар хабарландыру тақтасының алғашқы нышандары болды. Сондай-ақ Ежелгі Римде, қазіргі жыл санаудан бұрынғы 59-жылдары әдеттегі газеттердің алғашқы баламасы ретіндегі хабарландыру тақтайшалары шыға бастаған екен. «Acta diurna senatus ас populi» яғни «Сенат пен рим халқының күнделікті хатмамалары» деп аталған бұл ақпараттық тақта кейіннен екіге бөлінген. Біріншісі – «Acta senatus» - сенаттағы жиындар мен ондағы маңызды шешімдер туралы форум қабырғасында ғана хабарлаумен шектелді. Бұл – мемлекеттік ресми салмақты басылымдар санатының негізі болды. «Acta diurna» атты екінші арнадағы басылым бұқара халыққа барынша қолжетімді, мазмұны сан алуан сипатта болды. Бұл тақтайша – қазіргі бұқаралық газеттердің, оны шығарушы дируналистер – қазіргі журналистердің «түп-тегі» болып саналады. Яғни бүгінгі «журналист» деген мамандық атауы – күнделікті ақпарат әзірлеуші «диурналистен» бастау алады деген сөз. Жоғарыдағы анықтамада көрсетілген, роман тілдеріндегі журналистика терминінен қатысты бірізділіктің өзі осыдан туындап отыр.

Журналитік қызметтердің басын қосушы журналистика термині алғаш Францияда пайда болған екен. Әу баста бұл сөз «журналдар жиынтығы» деген мағына берген болса, тым кейін, ХІХ ғасырдан бергі кезеңде ғана қазіргі мағынасында қолданыла бастаған. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 25 маусымдағы №431 қаулысымен 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнің болып бекітілген болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері – қоғамдағы алуан түрлі әлеуметтік топтардың өзара түсіністігін қамтамасыз етуге, ортақ түсіністіктегі пікір қалыптастыруға ықпал жасайтын, билік пен жалпы жұртшылық арасындағы көпір ретінде үзіліссіз жұмыс атқаратын ерекше саланың жауынгерлері. «Мемлекет қауіпсіздігі», «ұлт қауіпсіздігі» деген ұғымдар қай-қашан да болмасын маңызды. Қазіргі ақпараттық ғасырда бұл ұғымдардың мән-мағынасы тіпті арта түсуде. Жаһандану дәуірінде өркениеттер арасында ақпараттық майдан шегіне жетіп, қорғаныс иммунитеті әлсізді қуаты басым әлдінің біртіндеп меңдетіп жұтып жіберу үрдісі көз алдымызда толассыз жүріліп жатқаны еш жасырын емес. Осы тұрғыдан алғанда «мемлекеттің немесе ұлттың ақпараттық тұтастығы мен қауіпсіздігі» ұғымы қазіргі күні трендке айналып отыр. Мұның қажеттілігіне деген көрнекі мысалдар да жетерлік. 

Журналист – халықтың арасында, яғни хан мен қараға дейінгі баршаның ортасында жүріп, олардың тыныс-тіршілігін медиа айдынына алып шығып, көрермен, тыңдарман, оқырманның ақпараттық сұранысын қамтамасыз етуші, тынымсыз жанкешті мамандық иесі. «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ», - деген қазақ журналистикасының ардагері Шерхан Мұртазаның сөзі – әсіресе журналист жұмысының күрделілігін дәл сипаттайтын айтылым. Берілуге тиіс ақпараттың бояуын тым қоюлатып немесе тым сұйылтып жіберуге болмайтын, яғни өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, діттеген жерге жету – салқынқанды, сабырлы журналистиканың ұстанымы. 

Заман алға жылжыған сайын ақпаратты жинау, өндіру, өңдеу, таратып ұсынудың жолдары да әртараптанумен бірге, журналистік мамандықтың сипаты да үнемі өзгеріске түсу үстінде. Өткен ғасырлардағы баспа, радио, телевидение, кино журналистикасына кейінгі кезеңде ғаламтор журналистикасы қосылды. Күні кеше ғана толып жатқан мамандардың қатысуымен, қаншама ауыр техникалық құралдардың көмегімен соншама уақытты сарп етіп дайындаудан, өңдеуден кейін тұтынушыға жететін ақпарат өнімі Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай «көзді ашып жұмғанша жылдам хабар алғызатын» деңгейге жетті. Қолында гаджеті, ғаламторға шығуға мүмкіндігі бар кез келген адам кешегі маманды кәсіби журналистің жұмысын атқарып кетуіне толық мүмкіндік бар. Осы айтылымның өзегінде аз да болса шындық болғанымен, расында мүлде олай емес. Кәсіби журналистика мен әуесқойлықтың арасында анағұрлым айырмашылық бар.

Бүгінгі бұқаралық ақпарат әлемінде азаматтық журналист, халықаралық қатынастар маманы, блогер, копирайтер т.б. мамандықтар өз орнын тауып, сұранысқа ие болуда. Фактчекинг, әлеуметтік журналистика, дата-журналистика т.б. ұшқырлықты, әбжілдікті, жаңа техникалық құралдар мен озық технологияларды мейілінше меңгеріп, жаңарып отыруды қажет ететін деңгейге дейін қарыштап барады. Цифрлы журналистиканың мүмкіндігі – адам айтқысыз. 

Журналистік зерттеу мен журналистік тектеу-тексеру атты журналистиканың көптен бері қалыптасып дараланған қос бағыты қай қоғамда да болсын, қажет бола берері сөзсіз. Әсіресе бұл демократиялық қоғамға тән үрдіс. БАҚ саласын, яғни журналистер қауымын «төртінші билік өкілдері» деуі тегін емес. Қай қоғамда болмасын, көлеңкелі, күрделі, түйткілді, айқара ашып көрсете отырып түйінін шешетін мәселелер аз болмайды. Журналистердің кәсібилігі, білімділігі, батылдығы мен ұтқырлығы осындай мәселелерді зерттеп, ашып көрсетудегі іс-әрекетімен айқындалмақ.

Қазақ журналистикасы – жалпы әлемдік журналистканың даму үрдісі аясында ұлт мұратына қызмет етіп келе жатыр. Қазақ журанлистикасы өз бастауын сонау ХІХ ғасырда орысша-қазақша аралас тілде шығып тұрған «Түркістан уәлаятының газеті»(1870) мен «Дала уәлаятының газеті» (1888) басылымдарынан алады. Осы және басқа да алғашқы газеттер патша үкіметінің саясатын, мүддесін көздеген бағытта болса да, ол қазақ тілінде шыққан, осы тілді қажет еткен алғашқы басылымдар болуымен ерекшеленеді. Орыс тілінен аударма қосымша ретінде жарық көріп тұрған бұл газеттердің қазақшасына губернатор кеңесіндегі аудармашылар жауапты болған. 1879 жылы Орынбор қаласында облыстық басқарманың газет үстелі құрылып, оның ресми органы шыға бастады. Орыс тіліндегі газеттің қазақша қосымшасы ретінде 1895 жылдан бастап «Торғай» газеті он бес жыл бойы шығып тұрған.

1907 жылы Петербургте шыққан «Серке» газеті, 1911-1915 жылдары Троицкіде жарық көріп тұрған «Айқап» журналы шығып тұрды. Қазақтың көрнекті қаламгері, баспагері мен редакторы талантты журналист және педагог Мұхаметжан Сералин – қазақтан шыққан алғашқы журналист, баспагер болды. Бұл журналда С.Торайғыров, С.Сейфуллин, С.Көбеев, С.Дөнентаев, Б.Майлин, М.Жолдыбаев, Ж.Сейдалин, Б.Бекжанов және басқа да қазақтың зиялы тұлғаларының журналистік жолы қалыптасты.

Сондай-ақ Ғ.Қарашев, Б.Қаратаев, С.Меңдешевтердің журналистік қызметі арқылы 1911-1913 жылдары Ордада шығып тұрған «Қазақстан» газетінен кейін 1913 жылы алғашқы саны басылып шығып, 1918 жылға дейін 265 номері халықтың қолына жеткен «Қазақ» газеті – қазақ журналистикасының шынайы көрініс табуы болып саналады. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Жанұзақ Жәнібекұлы,  Мұстафа Шоқай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Халел Ғаббасов, Жақып Ақбаев, Халел Досмұхамедұлы, Сәбит Дөнентайұлы, Жаһанша Сейдалин, Ахмет Мәметов, Жұмағали Тілеулин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Райымжан Мәрсеков, Хайретдин Болғанбаев т.б. қазақ зиялылары аталған басылымда өздерінің қаламгерлік талантын танытты. 

Одан бергі кезеңде қазақ журналистикасы өзінің заманауи қалыптасып даму тарихының көшін лайықты алып жүре отырып, қазіргі дәуірге жетіп отыр. Қазіргі күні отандық ақпарат әлемінде қазақша контент басымдыққа ие болады түсуде. Яғни қазақша ақпаратқа деген сұраныс арта түсуде. Бұл – қазақ журналистикасының алдында тұрған үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті қалт жібермей отандық масс-медиа ауқымын мемлекеттік тіліндегі сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету – қазақ журналистикасының жауапты міндеті, ұлттық руханият алдындағы парызы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар