Ақжүрек ақын – Ақмарал!

Бөлісу:

16.08.2023 3516

Қазақтың сөз өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген, сөзі сара, жолы дара, айтулы айтыскер ақын, сегіз қырлы, бір сырлы тума талант Ақмарал Леубаеваның осыдан бірер жыл бұрын іркес-тіркес – «Сіз үшін» жыр жинағы мен «Іңкәр жүрек» атты ән топтамасы қатар жарық көрген еді. Ақынның қос кітабындағы жырлары мен әндері елдің қанжығасына байланған мол ырзық екені даусыз. Ақмарал ақын әз әлемінің есігін көзі қарақты оқырманына айқара ашты. Оның өмірі – өлең! Өлеңі – өмір! Болмысы бекзат ақынның сөзі де кәусар бұлақ-тайын. Жанның түкпіріндегі құпияңды дөп басатын құдіреті бар. Көңілдің күйін дәл тауып, пернесін тербеуі де сондай әсем. Оның жыры асқақ әйелдің қайсар мінезін, кеңдігін, нәзіктігін әр түрлі иірімге салады. 

«Сен маған сүюді үйреттің, 

ұмытып кеткен едім. 

Басымды июді үйреттің, 

өзімшіл өктем едім» дегізеді... «Атақты үнді ақыны Рабиндранат Тагор өзінің бір өлеңінде «Әлемдегі барлық заңдылықтарды жеңетін бір ажал – ол менің махаббатым!» деген екен. Ақмарал ару да өзінің «Сен маған сүюді үйреттің» деген өлеңінде ғашық болған адамға мына өмір қандай керемет болатынын, сүйген адамның өмірге деген көзқарасы мүлдем басқа болатынын, махаббаттың құдіретінің арқасында адамның мінезінің де өзгеретінін әдемі суреттей алған деп ойлаймын. Әдетте, өмірде біз махаббаттың бар не жоқтығы жөнінде түрлі пікірлер есітіп жататынымыз да жасырын емес. Ал, бұл шығарма адамға позитив, сенім ұялататын өлең! Өйткені, тек сенім ғана адамдарды махаббат шыңына, сүйіспеншілік биігіне бастай алады! Мен Ақмаралдың шығармаларынан өмірдің өзін көрем! Осы өлең арқылы бізге Жаратушының адамзатқа берген теңдессіз сыйы – ғашық болу құдіретіне ие екенімізді ұмытпау қажеттілігін еске салатындай. Ең қызығы, бұл шығармада кейіпкер әдеттегідей сүйдім, күйдім деген сезімдерді ашық айтпай, нәзік, өзі ұнатқан кейіпкердің іс-әрекеттерімен бейнелейді. Байқасаңыз, автордың бірінші кейіпкердің ғашықтық сезімін екінші адам арқылы жеткізе білуі – поэзия жанрында сирек кездесетін құбылыс» - деп бағалайды ақын, сазгер Бастар Есқараев.    

Немесе: 

«Жиегі кестем қалды тігілмеген, 

Оқтауда кеспем қалды кесілмеген, 

Бір шеті көрпем қалды түрілмеген, 

Өйткені, сені ойладым бүгін де мен»... 

Деген әнге сөз жазған, ал кей әнге өзі ән жазды. Сондай әннің бірі де, бірегейі де «Қуанышым-қазынам». Бұл әнді бала күннен тыңдап өскендіктен бе екен, көкейден кетпей тұрып алатыны қызық. Ұмытылмайды да, ескірмейді де. Бәріміз де жаттағанбыз. Бәріміз де талай кеште, тойда думандатып домбыраға салып шырқағанбыз. Елдің есіндегі есті ән. Барша жұрттың жүрегінен орын алған. Сонысымен де қымбат. Гүлнәр Салықбаеваның сөзіне жазылған «Мен сенің қорғансызыңмын» деген ғажап ән бар. Оның да әнін жазған Ақмарал Леубаева. Елдің сүйіспеншілігіне бөленген әндері де, өлеңі  де аз емес. Тіпті көп. «Ақберен», «Қыз мұңы», «Адамдар кешіріңдер», «Гүлназым», «Ей, бұрынғы ғашықтар», «Сен-мен», «Ойлаған махаббаты бұлай деп кім?», «Жаралы жанның әні бұл», «Наурыз әні», «Ақмарал», «Қазағым», «Гүлдәурен», «Он алты жас», «Туған жер», «Тағдыр» да ән әлемінде бағасын алған жауһарлар. Талай қошеметке бөленген әндер. Ғажабы ерен, тамашасы таудай. Одан бөлек ел жадында жаңғырып тұрар жырлары да баршылық.

Соның бірі: 

«Хабарласпағаның дұрыс болды, 

Тоналған жанымды талағаның шығар. 

Осыған лайық деп санағаның шығар,

Алдану саған жарасады деп,

Ащы мысқылмен қарағаның шығар. 

Адаспай тапқан арманым деуші ем,

Алдамшы ойға жанағаным шығар,

Осылай болуды қалағаның шыған» деген өлеңінде өмірде көп кездесетін, бірақ ашық айтыла бермейтін ғашықтың өкінішін сипаттапты. Тағдыр сынағынан сынып кетпей, төтеп берер ұлы күш – ол адамның жаратылысы. Адамның кез келген қиындыққа қарсы тұрар рухы бар. Қиындық, сынақ, қиянат – көңілді морт сындырғанмен, сол морт сынған жерінен бастап адамның рухы оянып, қайраты күшейе беретінін көрсететін айналма жол. Бір сәттік қиындық әр адамға тән. Ақын соны өр рухпен жырлаған. Ол «Бағалағанға алтын, табалағанға тас-құм» екенін де өзі айтып ескерткен дегдар болмысты ақын. Оның тағдыры өлең тамшысынан құралған. Сара сөздің сардары дерсіз. Өлең дейтін әлемнің патшайымы! 

«Мұны айта алмасымды ұғындым,

Ережесін бұзбау үшін ұғымның.

Ерінімді тістелеумен еріксіз,

Үнсіздіктің үңгіріне тығылдым.

Сәулең түссе, өрши түсіп ынтығым,

Көңілімнің жамап қоям жыртығын. 

Жалт еттің де, өмірімнен жоқ болдың,

Жанып өшкен жалынындай шырпының» - деп жырлайды ол. Сөзінің бәрі тізілген моншақтай, шетінен інжу-меруерт. Сезіммен өріліп, өрлікпен өрнектеледі. Сүйсінесіз, толғанасыз, толқисыз. Жүректен шыққан сөздің жүрекке жетпей қалмауы мүмкін емесін мойындайсыз. Өмір атты асау толқынды мұхиттың бар сезіміне куә боласыз. 

«Сағымданып кеткен алыс сағыныш, 

Жүрегімде жасап жатыр жарылыс.

Көңілімді көктем еткен көк кептер,

Қанатыңа хат байладым, алып ұш. 

Хат байладым, сезімімнен сыр іліп,

Арманымның ақ пердесі сырылып. 

Шыныменен сол күндер ме күдігім,

Қайта-қайта қарайлаймын бұрылып» - деген өлеңде таусылмас сағынышын жыр етеді. Адамның бәріне тән ұлы сезімнің бірі – сағыныш. Сағынасыз, аңсайсыз, сүйесіз, шағынасыз, жігерді құм етесіз, кешіресіз, күлесіз... Өмірді өмірден айнытпай жырлаған арынды ақынға разылық білдіресіз. Осы бір нәзік түйсінуіне, әспеттемей-ақ, әсірелемей-ақ өз әлеміне ерте білуіне, ырқыңыздан, ықтиярыңыздан тыс еріп кеткеніңізге таңқаласыз да тамсанасыз. Ол о баста тек өлең үшін жаратылған асқар тау ғой!

«Ақылға салған адамдар,

Алақан тосты жолыма. 

Жара салған жарандар,

Қиқуын қосты соңыма. 

Күндестік дейтін қоңырау,

Қазақтың біткен сорына! 

Жаныма жақын жақсы еді,

Танытты жаман жат қылық. 

Алды-артын ойлап қойғаны,

Көрсетті көпке сақ қылық. 

Қақ ортасында теңіздің,

Кемеден кетті лақтырып. 

Етіме тісі өтпейтін,

Епсізге қойды қаптырып» - деген өлеңінде көңілдегі дықты өшірер дауа іздегендей. Ақмарал ақын – көк айдындағы ақ кеме іспетті. Толқыннан толқын тудыра білетін шеберлігіне тәнті боласыз. Оның өнеріне сүйсініп қана қоймай, жан-жүрегіңізбен, ерік-жігеріңізбен, ыстық ықыласыңызбен тұтасымен жұтыласыз. Елітесіз, еміренесіз... Жаны сұлу ақыннан жақұт жырлар төгілер... 

«Рас, мен ақын емеспін, 

Мен ендеше неге өліп-өшемін өлең десе?» деген сөзді Шайсұлтан Шаяхметовке жырда сыры тұнған көңілі саф, жүрегі аппақ ақындар айтқызған болар, бәлкім?! Өлең – елдің қазынасы. Сол қазынамызды байытқан, жыр-әнімен молайтқан дарынды ақынның бірі әрі бірегейі Ақмарал Леубаева. Өлеңді қастерлейтін жанның бәрі де оның жыр жинақтарынан жанға жақын, тұма өлеңдерімен сусындары сөзсіз. Ақындықты абырой деп білген жыр тұнған жүректен қазақтың жыр қоржынына таңдаулы жырлары қосылып жатыр. Соның қаншамасы ән болып, ел аузында жүргенін айтыңыз! 

«Ей, оқтаулы Ақберен,

Сен ұшқан құсқа епті едің,

Торыңа түстім, ойнадың,

Сен тойғанша сайрадым.

Өткен соң жұрттың өткелін,

«Сендей бұлбұл көп» дедің.

«Көлімді тастап, теңізге

Ұша алмаймын, жоқ» дедің. 

Алдымды Алла біледі-ей,

Өзіме аян өткенім» - деген ғажап жыры әнге айналып, осы күні сән болған жеңілтек әндерден бәсі бөлек екенін көрсетіп келеді. Жалпы Ақмарал Леубаеваның әндері ғажап. «Соңғы кезде қайта-қайта тыңдай бергім келетін бір ән бар. Сөзіне сазы сай ма, әлде сазы сөзіне сай ма? Қалай десем де, сөз бен саз, саз бен сөз айдындағы жұптары жарасқан аққудай керемет үйлесіп тұр. Бір шумаққа бүтін бір тағдыр сыйып тұр. Тауқыметін ақынжанды адамдар ғана сезе алатын тағдырлы ән осылай өрнектелсе керек-ті» - депті бұл ән хақында жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы. 

«Ей, бұрынғы ғашықтар» деген әні де тамаша. 

«Жолыңа жүрмін қарайлап,

Жолаушым кеткен алысқа. 

Ауылдың шетін маңайлап,

Бір келіп кетші Арысқа. 

Желіге құлын байладым, 

Уығын тербеп үйдің жел.

Ей, бұрынғы ғашықтар,

Сендер қалай сүйдіңдер?» - деген әні кең таралған әннің бірі. «Неткен шеберлік! Бір әнде алыста қалған жастық шақ, басымыздан өткерген іңкәр сезімдер, жылқылы ауыл, желідегі құлын, түрілген керегеден аңқыған жусан иісі, сыңарын іздеп сезімі алабұртқан бойжеткен секілді суреттер. Әннің тұла бойынан халқымыздың әдептен оздырмайтын тәрбиесі көзге ұрып тұр. Қызды ауылды жағалап жүріп итке де таланған, жардан да құлаған жастық шақ. Дініміз бен дәстүрімізді мансұқтайтындар көбейіп тұрған осынау заманда «Ей, бұрынғы ғашықтар» әні ұлттық дәстүрді жаңғырту үшін таптырмайтын көрнекі құрал» - дейді тарихшы Өмір Шыныбекұлы. 

Шын мәнінде өлеңнің бәсі тек шынайылықпен биіктейтінін әр оқырман білсе керек. Сол шынайылықты сезінгенде жыр да, ән де жүректен жүрекке қона береді. Оқырманның да, тыңдарманның да көңілінен орын алады. Етене жақын болады. Ақмарал Леубаеваның шығармашылығында осындай шынайы шығармалар өте көп. Солардың дені ел ішінде жаттаулы. Бұл ақынның бағы. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар