Бозінгендей боздаған – Жамалхан Қарабатырқызының жоқтаулары

Бөлісу:

23.04.2024 1209

Бұл күндері көңілден көшіп, санадан өшіп бара жатқан халықтық салт-дәстүрлердің бірі – жоқтау жыры. Жоқтау – дауыс айту деп те аталады. Қазақ халқының әдеп-ғұрпында адам қайтыс болғаннан бастап, оның жыл уағы толып, асы берілгенше жоқтау айтылады. Біз төменде осындай қазаның қайғысын емдейтін, қайтыс болған адамның қадір-қасиетін айтып, үлгі-өнегесін жеткізетін, сағына еске алатын тұрмыстық салт-дәстүрге тән жоқтау жырын жаңғыртып, түлетіп-түрлендіріп жырлаған ақын Жамалхан Қарабатырқызының жоқтау өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Жамалхан Қарабатырқызы 1941 жылы 29 ақпанда ҚХР-ның Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданының Жайыр тауында дүниеге келген. Ол – Шынжаңдағы қазақтардың айтыс өнерінің көшін бастаушы тұлғалардың бірі. Жамалхан Қарабатырқызы – Қытай мемлекеттік фольклор қоғамының, Мемлекеттік аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының мүшесі, Іле Қазақ автономиялы облысының Халықтық саяси консультативтік кеңесінің тұрақты мүшесі міндеттерін атқарған. Сонымен бірге ақын ауыз әдебиеті және оның кейбір түрлерін зерттеуге ден қойған. Атап айтқанда «Айтыс және менің әріптестерім», «Бердіхан қандай ақын», «Ауыз әдебиетіндегі әйелдердің орны», «Көркемдік пен шешендік», «Жоқтаулар нені айтады», «Айтыстың мінезі», «Бесік жырының белгісі», «Ауыл әуендері», «Жыр нөсері», «Жарты әлемнің жарық жұлдыздары», «Ақындар айтысы» (2 том) және «Қазақ қолөнершілігі» секілді көптеген сын-зерттеу еңбектерінің авторы.

Ақын 2022 жылы 2 шілдеде өзінің туған жері Дөрбілжін ауданында 82 жасында дүниеден өтті.

***

Жамалхан апамыздың әкесі Қарабатыр мен менің әкем Қизат Дөрбілжін ауданының Сареміл дейтін ауылында бірге өмір сүрген, үзеңгі жолдас, дәмдес болған адамдар еді. Жамалхан апамыз біздің бала кезімізде басқа ауылға ұзатылып кеткен екен. Мен есейе келе ол кісінің Бердіхан Абайұлымен, Жұмағали Құйқабайұлымен айтыстарын және әр жерде замандастарына айтқан әзіл өлеңдерін естіп, жаттап алып той-томалақтарда айтып жүрдім. 1986 жылы Дөрбілжін ауданында өткен ақындар айтысында Жамалхан апамызбен алғаш танысып, өзімнің өнерге деген құштарлығымды жеткіздім. Ол кісі менің алғашқы айтысыма өз бағасын беріп, жылы лебізін білдірді. Ал, кейін мен 1995 жылы Дөрбілжін аудандық мәдениет үйіне директор болып бардым. Сол уақыттан бастап Жамалхан ақынмен 20 жылдай қызметтес болып бірге жұмыс атқардым.

Осылайша Жақаңмен (жұрт ол кісіні осылай атайтын - авт.) ұстаз-шәкірт болып айтыс сапарларында, той-томалақтарда үнемі бірге жүріп, танымал тұлғаның өмір жолы мен өнер жолына куә болдым. Көрген үлгім де, алған әсерім де көп болды. Бұл менің көкірегімдегі ең бір асыл қазына деп есептеймін. 2006 жылы Жамалхан Қарабатырқызы Қытай елінде шығармашылық кешін өткізді. Мен сол тойға арнап ұстазымның ел біле бермейтін жоқтау жырлары туралы ізденіп, «Жамалхан Қарабатырқызының жоқтау жырлары» деген тақырыптағы зерттеу мақала жазған болатынмын. Бұл кісі халық алдында айтыстың көшін бастап, құрметке бөленіп, сахнада жарқылдап жүрсе де, өмірде көкірегіне шер байлаған ауыр тағдырды да басынан кешкен адам екен. Көптеген жақындарынан мезгілсіз ерте айырылыпты. Ақын күйеуі мен балаларының, туған сіңілісі мен інісінің  ауыр қазасының батпандай қайғысын көтерген. Сонда бір байқағаным, апамыз айтыста қандай адуынды, алымды, шешен болса, жоқтау айтуға келгенде де ет жүрегіңді елжірететін ойлы, салмақты сөздер айта білетін.

Мен 1987 жылы Жамалхан апаны ең алғаш көрген күні жоқтауын естіп едім. Бақытхан деген сіңілісі қайтыс болды. Сол жерге жақындарына көңіл айтуға  барсам, Жамалхан апамыз келіп жоқтау айтып отыр екен. Дауысын қатты шығармайды, баяу дауыспен іркілу жоқ, айта береді. Бірге барған адамдарым көңіл айтып, дабырлап жатты. Мен не деп айтып жатыр екен деп, жоқтауына құлағымды түре қаламын ғой. Сонда былай деп дауыс салып жатыр екен апамыз:

Айналама қараймын,

Жалғызда неге жараймын.

Айналама қарасам,

Қайғысын көрем талайдың.

Жоғарғыға қарасам,

Өзімді қор санаймын,

Төменгіге қарасам,

Шүкірлікке балаймын.

Жарқылдап жүрген күніңнің,

Елесін қайдан табайын...

Осы екі шумағы менің есімде қалды. Одан кейінгісін «Ой, Жамалхан сабыр қыл!» - деп басу айтқан жұрт естіртпей кетті. Сол жерде есіме сақтап алған осы екі шумақ өлеңнің өзі адамға ой саларлық дүние емес пе?!

Осыдан бастап Жақаңның жоқтау жырына тәнті болып, жалғасты жинауға кірістім. Иә, тәңір Жақаңдай дара тұлғаның тағдырына бақ пен сорды қатар сыйлады. Осының бәрінде Жақаң қабырғасын қайыстырған ауыр қайғыға қарысып шыдап, жанынан жанартаудай қопарылыс жасап туған жоқтау жырларынан медет тауып отырған секілді.

Жақаңның бір жоқтауында:

Қайғыға толы бұл кеуде,

Мұңымды айтам білгенге.

Қайғысы бар ма дейді-ау ел,

Жылтырап сыртым жүргенге, - 

деген еді.

Енді ақынның басынан өткен ауыр күндердегі жоқтау жырларына назар аударайық. Ақынның Айгүл атты қызы кішкентайынан ақылды да, зерек болып, сүйкімді қылықтарымен көрген елдің таңдайын қақтырып, өзі де: «Осы балам тірі жүрсе бір жерден шығар-ау», - деп үкілі үміт артып жүргенде, ойламаған жерден бір-ақ күн ауырып, көзінен ғайып болады. Ақын осы тұста, маңдайға басқан балауса үмітінің мезгілсіз солған гүліне ауыр қасіреттеніп отырып:

Боқшаң бір қалды-ау асылып,

Бес тасың қалды шашылып.

Талантың ерте жетелеп,

Кеттің бе қарғам асығып.

Отбасындағы ойнағым,

Сүт бетіндегі қаймағым.

Қайғыға кетті-ау алмасып,

Күндегі салған сайраның... – 

деп ауыр өкініш білдіреді. 

Осы екі ауыз жоқтаудың өзінде-ақ мектеп табалдырығын енді ғана аттаған сәбиінің иесіз, ілулі қалған боқшасы (сөмке - ред.) мен шашылып қалған бестасы (балалар ойынайтын тас – ред) арқылы отбасын базар етіп, томпаңдап жүрген сүйкімді сәби образын көз алдыңызға елестетеді. Содан еріксіз көңіліңді босатып, жүрегіңді жылатады. Енді бір жағынан «талантың ерте жетелеп кетті ме» - деп әсерлі ой ұштап, сәбиінің бөлекше бейнесін қиялына қанат етіп, ғайыптан жауап іздейді, өзін-өзі жұбатқандай болады

Жақаңның құдай қосқан қосағы Сенбай Апишаұлы – текті әулеттен тараған, жоғары білімді ағартушы болған адам. Өкінішке қарай денсаулық жағдайымен бірталай жыл бір аяқ, бір қолынан жансызданып ауру төсегінде жатып қалады. Жақаң қанша дертіне шипа іздесе де, науқастан айықпай, ақыры 1989 жылы 49 жасында дүние салады. Ақын өмірдегі сүйеніші болған арысының тым ерте келген қазасына күңірене күйзеліс білдіріп, егіле жоқтайды:

Ауырға төзген сабырлым,

Ақылға тұрған қадірлім.

Қайғыңда қалып арттағы,

Қаралы шапан жамылдым.

Басқалқам, қайран арысым,

Кірлетпей өткен намысын.

Жасауың керек еді ғой,

Балаларыңның бағы үшін.

Әзіліңді айтсаң келіскен,

Езуден енші бөліскен.

Қадірлі қайран құрбымды,

Алдырып қайттым өрістен.

Шыға алмай өрге кемістен,

Таппадың тірек еңістен.

Пәнидің тарттың азабын,

Орының бір болсын пейіштен, - 

деп балаларының қормал әкесі, өзімен бірге өмірдің соқпақ жолдарында тұрмыстың жүгін бірге арқаласқан, айналасына сыйлы, көкірегі кең сарайдай сабырлы да, төзімді адал жарының 49 жаста, өмірден ерте озғанын езіле жырға қосып, жол ортада жалғыз қалғандай күй кешеді...

Осылайша уақыт көші бәрінде тоғанағына сыйдырып өте берді. Бірақ, ер мінезді адуын ақын қалған ұрпақтарына амандық тілеп, ауыр қайғыдан енді ғана серпіле бергенде, қатал тағдырдың рақымсыз шеңгелі оның бауыр етінің тағы бір бөлшегін бөліп кетті. Міне бұл жеті жасынан бастап кемтарлық күйге түскен 24 жастағы Жарқын деген ұлының өмірден өтуі еді. Ширек ғасыр ғұмырын, ауру азабымен көңілін сындырып өткен баласының көкірегін қарс айырған қазасында ақын:

Шертіп бір асық атпадың,

Шіреніп тізгін тартпадың.

Үмітпен келіп өмірге,

Арқалап арман аттадың.

Қақпалап допта теппедің,

Қасыңа нөкер ертпедің,

Анаңды кетті-ау меңдетіп,

Мезгілсіз солған көктемің.

Қайтейін қайран Жарқыным,

Қапаста кеткен алтыным.

Ашылмай кетті-ау бір гүлің,

Өмірдің көріп салқынын... – 

Адам баласы жастық кезеңін балалық шақ және бозбалалық шақ деп екі белеске бөлетіні бәрімізге белгілі ғой. Ақын осы екі дәуірді жоқтау жырының алғашқы шумағына-ақ қапысыз сыйдырып, ғажайып шеберлік танытады. Айтар болсақ, «шертіп бір асық атпадың» деп балалық шақтың қызыққа толы базарына бара алмағанын айтса, «шіреніп тізгін тартпадың» деп жалынды бозбалалық  шағының шарбатынан тата алмай арманда өткенін, ат құлағымен ойнайтын көшпелі өмірдің картинасымен елестетеді...

Қарабатыр шаңырағынан тоғыз ұл туса да, бәрін де ертелі-кеш жер ананың бесігі жөргектеп кеткен. Содан әрең тірі қалған Еркінді әке-шешесі және Жақаң бастаған әпекелері, артымыздан ерген жалғыз бауырымыз, қара шаңырақтың иесі деп қатты еркелетіп өсіреді. Өкінішке қарай Еркіні ержетіп, енді ғана үйлі-баранды болған кезде әке-шешесі арт-артынан дүние салады. Көңіліне медеу, өміріне тиянақ болып тұратын ата-ананың қайғысы Жақаңа осал соққан жоқ. Ботадай боздап жоқтау айтты:

Торғын мен торқа кигізген,

Жорға мен жүйірік мінгізген.

Қормалым қайдан табылар,

Көлеңке саймен жүргізген.

Мейірмді қайран анашым,

Жалғаған жегжат арасын.

Әлемді алты айналсам,

Табылмас сендей панасын.

Төркінге келсем төрледім,

Арманға құлаш сермедім.

Айырылып асқар белімнен,

Айдыным кеуіп шөлдедім, - 

деп асқар бел әкесінен, айдын көл анасынан арт-артынан айырылғанда іштегі өкінішін, өксігін, күйіп тұрған кеудесін жалбыз жырымен емдеп, шаңыраққа ие болып қалған жалғыз бауырын медеу көріп, соған ғұмыр тілеп сабырға көшкен.

Қатал тағдыр жарлы мен жалғызыңа, асылың мен аяулыңа қарасын ба, әке-шешесінің қазасынан енді ғана сергіп, көңілінің бұлтынан арыла бергенде, көп көргендей жалғыз бауыры Еркінге де айықпас аурудан бұғалық түскен. Көп өтпей бауырын да бес баласы мен асыл жарын артына қалдырып, қырықты қырқалаған шағында ажалдың құрығы алып жөнеле береді. Сонда артынан ерген жалғыз бауырының мезгілсіз қазасына жаны мүжіліп, жүрегі езіліп, күйіктен күңіренген Жақаң басына түскен ауыр қайғыны тағы да, боз інгендей боздаған жоқтау жырымен қарысы алады. Ал көрейік не деді екен аруана:

Еркінім қайран Еркінім,

Іздеп бір келер төркінім.

Көңілге шөккен қайғымды,

Кімдерге айтып серпідім.

Қайғылы қара шаңырақ,

Қалдың-ау тағы аңырап.

Артыңда қалды-ау бейбағың,

Қозы мен қойдай маңырап.

Жалғызда өскен шынарым,

Білмедім ерте сынарын.

Ұлы бір таудың төсіне,

Ұясын басқан ұларым.

Ұларым кетіп ұзаққа,

Қалдырды-ау артқа тұманын.

Айтады жұртым тоқта деп,

Қайғысыз пенде жоқ па деп.

Мен жыламай кім жылар,

Қойған соң тәңір жоқта деп!..

Осылай жалғаса берген сұңғыла ой, сұлу жыр моншағы, естіген жұрттың тұла бойы шымырлап, ет жүрегі елжіреп, қос жанарыңнан парлаған жасқа еріксіз тізгін бересің...

Туыс-туған көп болғанымен әрқайсысының өз орыны бар ғой. Ақын бірде Қазақстанда сапарда жүргенде, белгілі кино актері, жақын немере бауыры Қалелбек Ерболатұлы қайтыс болады. Жақаң сапарын доғарып, шұғыл ауылға оралып, бауырының орнына барады. Жанындай жақсы көріп, іштей мақтаныш етіп, көңіліне медеу санап жүретін тетелес бауырын соңғы сәтте көріп қалмағанына опық жеп, былай деп жоқтау айтады:

Көнеден қалған сарқыным,

Көместе жатқан алтыным.

Тереңге батып сен кеттің,

Бетінде қалып қалқыдым.

Асқардан аққан тұнығым,

Асылдан қалған сынығым.

Мейірімсіз қатал сұм тағдыр,

Салмаған кімге құрығын.

Бұзылмай кеткен қаймағым,

Бұлғанбай кеткен қайнарым.

Айналып барар өрісім,

Алыста тұрған айбарым... – 

деп бауыры Қалелбектің туысқа бауырмал, досқа адал, жайсаң мінезді ақжарқын азамат екенін жоқтау жырына сіңіріп, образды ой, шешен тілмен бейнелейді.

2000 жылы менің аяулы анам өмірден озып, басыма ауыр күн түсіп, қайғыдан қабырғам қайысып отырған кезде, Жақаң келіп, қайғыма ортақтасып жоқтау жырларымен, көңіліме медеу беріп кеткені есімде. Алайда ауыр қайғы үстінде ол кісінің айтқан жырларының көбін жаттай алмай қалдым, тек мына шумақтары ғана есімде қалыпты:

Төскейден аққан бұлағың,

Төбеңнен жанған шырағың.

Шырағың сөніп қапыда,

Таусылып тұр-ау шыдамың.

Қалжырасаң қуатың,

Зар жыласаң суатың,

Ақ сүтіменен анаңның,

Асылда болған мұратың.

Қатеңді жуып кешірген,

Қаратер болып өсірген.

Аялап баққан жан анаң,

Қайтып бір кетсін есіңнен.

Иманды болсын жан анаң,

Сен үшін болған садағаң.

Сапарға шықсаң алыстап,

Жолыңа ұзақ қараған... 

Осылай шұбыртып бірталай жоқтау айтқан еді қайран Жақаң...

Тағы бір жоқтауын 2007 жылы менің кенже бауырым қайтыс болған кезде айтқан болатын. 32 жасында мезгілсіз келген қазасы кімге болса да жеңіл тимесі белгілі ғой. Сондай бір ауырлап отырған кезде Жамалхан ақын да келіп ақылын айтып, жоқтау жырымен күйреп тұрған көңіліме дем берген еді. Сондағы жырының бірнеше шумағы былай басталады:

Егізде болсаң біреуің,

Еңіске түссең тіреуің.

Тіреуің сынып мезгілсіз,

Езіліп тұр-ау жүрегің.

 

Ағалық етсең келіскен,

Ауырын жүктің бөліскен.

Артыңнан ерген ініңді,

Алдырып қайттың өрістен.

 

Тай-құлындай тебіскен,

Таласып емшек еміскен.

Бауырың қайдан табылар,

Бал менен уды тең ішкен.

 

Шаршап бір келсең тынысың,

Шалқып бір жүрсең ырысың.

Тынысыңнан айырылып,

Қоңқылдап тұр-ау қу ішң...

Осылай кете беретін жоқтау жырларына ой жүгіртер болсаң, ақынның арзан ұйқас, сылдыр сөзге бой ұрмай, не айтса да өмірден қармап, дәстүрді қаузап, әруақ пен тірінің ортасын қапысыз жалғап айтатын ғажайып жырына еріксіз таңдай қағып, таңданасың да, тәңірдің жаратылысына сыйлаған дарынына дән риза боласың...

Кәдірхан Қизатұлы,

ақын

Бөлісу:

Көп оқылғандар