«Кітапханашы күнделігі» сахнадан оқылды

Бөлісу:

14.10.2024 2533

Бұған дейін кітапханашы туралы спектакль көрмеген сияқтымыз (әдеби шығармалар бар екені белгілі). Бұл жағынан келгенде Музыкалық жас көрермен театры «Кітапханашы күнделігі» атты моно-қойылымын көрерменге ұсыну арқылы алдағы 24 қазан - Кітапханашылар күніне тарту жасағандай болды, өйткені, бұл қойылымда кітапханашы оқырманға кітап тауып беріп, әртүрлі мәдени іс-шара ұйымдастырып жүгіріп жүретін міндетінен бөлек, кітаптың адамзат дамуындағы роліне кеңірек үңіле отырып, осы қоғам үшін жаны ауыратын руханият жоқшысы ретінде көрінді. 

Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызының туындысының желісімен қойылған моноспектакльді қоюшы-режиссер  Асхат Маемиров қойылымға қатысты ой өрбітеді. 

Асхат Маемиров:

- Біз Асанәлі Әшімов сиияқты актерлердің күнделігін білеміз, ақындардың, мысалы, Мұқағалидың  күнделігін білеміз, тарихшылардың күнделігін, ондағы қоғам, заман туралы ойларын білеміз, ал кітапханашы күнделігін білеміз бе? Осындай дүниені айтқан кезде іштей ойланып қалдым, қалай болады екен жалпы деп. Кітапханашы дегенде тек кітап беруші адамның бейнесі елестейді, ал оның өмірінде, жан сарайында болып жатқан тебіреністер, толғаныстар, кітапханашының философиялық деңгейі, танымы қандай болу керек, осы кітапты оқып шыққаннан кейін өзгеріп сала бердім. Ғазиза Құдайбергенқызының осы кітабын кітапханашы болам дейтін адам оқып шығуы керек деп ойлаймын. «Кітапханашы күнделігінде» жалпы кітапханашының интеллектуалдық деңгейі, оның ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы парызы, қарызы, осының барлығы арқау етілген, сондықтан сахнада музыка тілімен жалғыз кейіпкер арқылы жеткізуге тырыстық, біздің көрермендеріміз кітапханашылар болып жатыр.

Музыкалық жас көрермен театрының артистері шырқаған әндер арқылы қойылымның ажары ашыла түсті. 

«Сәлеметсіз бе, ғажайып кітапханашы! Маған осыдан артық мадақтың қажеті жоқ ау», - деп сыр ақтарған кітапханашының (актриса Инабат Ризабекқызы)  кітаптың адам жанына әсері, кітапхана атмосферасы жайлы, адамның бір-біріне деген көңіл жылуы, қарым-қатынастар жайлы толғаныстары рет-ретімен беріледі. «Мейірім, ізгілік, қамқорлық. Ең керегі осы. Еуропада волонтерлер кітапханада жұмыс істейді, бізге де керегі осы. Технология қанша дамып, адамдар арасындағы қатынас жаңа өріс алғанымен, үлкен-де, кіші де өзін тастанды сезінеді», - деген ой айта келіп, кітап арқылы мейірімді жақындатып, жылылықты таратуға болатынын айтады.

Осы жерде Дидар Амантай ағамыздың: «Қазіргі заманда қазаның жиілігі, қатігездіктің өрістеуі, немқұрайдылықтың көбеюі ұлы романдарды оқымағандықтан, ғұлама персонаждарды танымағандықтан, қамқор образдарды білмегендіктен туындап отыр. Ұлы шығармалар адам бойына кісілік қасиеттерді егеді. Кітап адамды жанашырлыққа үйретеді» деген пікірі ойымызға еріксіз оралады.

Ғазиза Құдайбергенқызы, кітап авторы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры: 

-        Арнайы отырып алып күнделік жазайын дегендіктен емес, шынында  бұл екі жыл бойғы ешқандай редакциясыз лықсып келген менің ойларым еді. Шығармашылық ортада, мәдениет, өнердің ортасында біз де адамбыз, нешетүрлі күй кешеміз, негізі бұл кітап та, қойылым да кітапханашы мамандығының мәртебесін артыру мақсатында ғана жарыққа шыққан дүние. «Кітапты сүймеген – Құдайды сүймейді» дейді Шерхан Мұртаза. Кітапты сүю арқылы кітапханашы болдым. Мені таңдаған мамандық. Кітапханада күллі әлем тоғысады. Әр күні қызық. Сол үшін күнделік жазайын деп шештім. Барлық сұхбаттарымды да осы жерден оқисыз.

Кітапханашы толғамы ойға жетеледі. Арасында өлең оқылып, ән шырқалды. Шаршағанды басып, жанды сергіткен кеш болды десіп жатты әсерімен бөлісуге асыққан бірқатар көрермен. Енді қойылымға қатысты әлеуметтік желідегі пікірлерге кезек берсек… 

Ұларбек Дәлейұлы, жазушы: Агрессияға толы қоғамнан, жабырқау адамдар арасынан қашып барып, жаныңа тыныштық табатын жер - театр. Бүгін «Кітапханашының күнделігі» моно-қойылымына барып, театр аурасын сезіндік.

Қарагөз Сімәділ, республикалық «Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары: 

- Бүгін Асхат Маемиров ағамыз басқаратын Астана музыкалық театрында кітапханашының жан сыры ақтарылды. Таңғажайып әлеммен тілдестік, сұлулықпен сырластық.

Серікбол Хасан, балалар ақыны: 

 - Ғазиза Құдайбергеннің «Кітапханашының күнделігі» кітабы бойынша қойылған моноспектаклді тамашаладық. Бұл мен көрген төртінші моноспектакль екен. Режиссер Асхат Маемиров күнделіктен керемет қойылым жасап шығарыпты. Ғазиза апайдың өзі айтқандай, театрға барып, тазарып қайттық. Кітап, кітапхана бар кезде, өмір мәнді де сәнді. Келе жатқан кітапханашылар күні құтты болсын!

Тимур Бектұр, IT ағартушы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі: 

- Оқитын ұлтқа айналу үшін - оқитын отбасыға айналу керек шығар, - дейді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайберген апай. Бүгін бір тамаша кеш болды. Біраз жылдардан бері кітапхана саласында еңбек етіп келе жатқан, библиограф Ғазиза Құдайберген өзінің «Кітапханашы күнделігі» атты кітабының тұсаукесерін әдемі моно-спектакльмен таныстырды.  Менің ойымша, бүгінгі спектакльдің де, «Кітапханашы күнделігі» кітабының да басты құндылығы, ол - жаттанды лирика мен сылдыр пафос қана емес, сонымен бірге заманауи көзқарас пен технологиялық өзгеріске оң көзімен қарап, прогрессив тұрғыда ой түйгізгенінде. Әйтпесе, қай кітапханашы траблшутиң туралы ой қозғап, Кремний алқабының азулы техно-инвесторы Питер Тильден үзінді келтірер еді?  Шара әдемі өтті. Кітап - ой саларлық үзіктерге тола. Алып оқырсыздар…

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар