Қаржаубай Сартқожаұлы: Біз көк түріктердің тікелей ұрпағымыз
Бөлісу:
Біздің түркологтар не істеп жатыр?! Түрік тектес елдердің ғалымдары былай тұрсын, әлем археологтары көне түрік дүниесін жанталасып зерттеуде. Ақиқатын айтқанда, түркология саласында шын еңбек етіп жатқан елімізде санаулы ғана ғалым бар. Солардың бірі, тіпті бірегейі – Қаржаубай Сартқожаұлы. Қаржекең қазір Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің 2001 жылдан бері эпиграфика зертханасын басқарады.
«Руника жазуының кілтін ашқан – Томсен»
- Көне түрік дүниесін ең әуелі Батыстың ғалымдары зерттеді. Содан кейін ғана өзіміз қолға алдық. Өз ата-бабамыздың дүниесін неге өзіміз бірінші болып зерттемедік деген сұрақ туады?
- Батыстың ғалымдары түрік дүниесін зерттей қояйын деген жоқ. Олар оған кездейсоқ кездесті. Батыстың ғалымдары көне түркі жазуын алғаш рет 1723 жылы Сібірден ұшыратты. Аң-таң болды, бұл неғылған жазу, кімдікі деп бас қатырды. Бұл жазуға орыстар, готтар, ирандықтар, славяндар, финдер таласып әркім өздерінің ата-бабасының қалдырған мұрасы етіп дәлелдеуге кірісті. Бұл - 200 жыл бойы ешкімге құпиясын ашпаған руника жазуы.
Финляндияда Финоугор қоғамы деген болған. Олар әлгі жазуды өз ата- бабаларының жазуы деп ойлады. Өйткені, финдер тегінде Сібірде өмір сүрген. Олар көшіп-көшіп Москвада тұрған. «Москва» сөзі фин тілінде өзен деген мағыныны береді. Олар қазіргі Финляндияға Москвадан барған. Осы себепті Финоугор қоғамы Сібір жазуын зерттеуге керемет ат салысты. 200 жыл бойы құпиясын ашпай келген Сібірдегі руника жазуын 1889 жылы атлас етіп шығарған.
Сондай ақ, Сібірдегі үлкен сібіртанушы ғалым Н.Ядринцев Моңғолияға экспедицияға шығады. Оның ойы бұл жазуды табу емес, Шыңғысханның бұрынғы астанасы Харахорым қаласын зерттеу еді. Ол Харахорым қаласының солтүстігіне қарай 44 шақырым жерде жатқан Қарабалық деген қаланың орнына келеді. Қаланың негізгі аты Ордабалық. Ол - көне түріктердің астанасы болған. Қала маңында өте көп ескерткіш сынықтары жатады. Қараса, ғалымдарды таңғалдырып 200 жыл бойы құпиясын ашпай келген, әрі өзі Сібірде көрген жазу со қалпында тұрады. Ескерткіштің екінші жағында қытай жазуы. Көзі шырадай жанады. Н.Ядринцев олардың бәрінің эстампажын (қалыбын) жасап алады. Мұндай жазу енді қайда бар деп тұрғын халықтан сұрайды. Жергілікті тұрғындар Орхон өзенінің шығыс жағында шамамен 20 шақырым жерде үлкен ескерткіштің тұрғанын айтады. Олар Орхон өзенінен тура өтіп кете алмайды. Атпен, арбамен жүрген.
- Бұл қай жылы?
- 1889 жылы. Олар жүріп отырып 45 шақырым жердегі Харахорымға барады. Харахорымның орны томпақ болып сілемі ғана қалған. Одан еш нәтиже шығара алмайды. Сосын Эрдэнэзу шіркеуіне барады. Ондағы ескерткіштер сайрап тұр. Эрдэнэзудің алтындаған жүз тоғыз мұнарасы күнмен шағылысып осы күнге дейін жарқырап тұр. Барсаң өзің таңғаласың. Оны мұқият хаттап алған соң, әлгі тұрғындар айтқан ескерткіштерге бет бұрады. Алып ұстын алыстан көз тартады. Ол кезде оның Күлтегін екенін білмейді ғой. Батыстың ғалымдары таңғалып жүрген руника әріптері ұстын бетінде айпарадай тұр. Бір жағында тағы да қытай жазуы. Қатты қуанады. Неге? Қытай жазуы тұр деген сөз оның кілтінің табылуы оңай деген сөз. Барлық жазулар мен ескерткіштердің эстампажын жасап алып еліне қайтады. Үлкен сенсация болды. Әлем ғалымдары таңғалысады. 1890 жылы қаңтар айында Санк-Петербургтегі Ресей Императорлық академиясында археологтардың сегізінші халықаралық конференциясы өтеді. Онда Ядринцев баяндама жасайды. Конференцияға О.Гейкель бастаған Финнің бірнеше ғалымдары қатысқан. Гейкель Ядринцевпен жүздесіп, мән-жайдың бәрін сұрап біліп алады да, ерте көктемде Моңғолияға аттанады. 1890 жылдың маусым-шілде айында Моңғолияға жетеді. Күлтегін, Білге қаған ескерткіштерінің эстампажын алып, суретке түсіреді, бәрін егжей-тегжей жазып сызып алады. Еліне барады да оларды үлкен атлас етіп шығарып жібереді. Міне, осы күннен бастап Ресей мен Финляндияның арасында бәсекелестік басталады. Қызғаныш туады. Орыстың ғалымдары В.В.Радлов (оның шығу тегі неміс қой - Қ.С.) пен О.Доннер жазудың кілтін табуға жағаласады. Осы кезде Финляндияның ғалымы В.Томсен да құпия жазумен шұғылданады. Ол - тіл жағынан өте білімді теоретик. Ақыры В.Томсен жағаласып жүріп, 1891 жылы 25 қараша күні құпия жазудың кілтін ашады. Ол әуелі Гейкельдің қытайдағы орыс елшісінің көмекшісі, аудармашы П.Поповка жіберіп, оқытып алған қытай мәтіннің алғашқы толық емес аудармасын пайдаланады. Попов қытай тілін жақсы білген. Бірақ, ол көне мәтінді дұрыс оқи алмаған. Тукию деген сөзді анықтайды. Тукию деген сөз-“түрік” деген сөз екен ғой деп ұғады. Күлтегінді Куиютеле деп оқыған. Осылар Томсеннің қолына келіп түседі. “Түрік”, “Күлтегін” деген екі сөзді ашады да құпия жазудың кілтін ашады. Қуанғаны соншалық, ол кезде батыстың ғалымдары өте ақ көңіл, адал болған. Дереу В.Радловқа хат жазып, мен кілтін таптым, мынау мынадай екен деп әр таңбаның мәнін тапқан сайын жіберіп отырған. Жаңалықты ашқан Томсен. Ал Радловтың қызғанышы соншалық, Томсеннің ашқан жаңалығын пайдаланып, Күлтегін ескерткішінің мәтінін Томсеннің рұқсатынсыз өз атынан жариялап жібереді. Осыған қатты ренжіген Томсен ауырып қалады. 1,5 жыл ауруханада жатыпты. Сауыққасын Радловтың әлгі еңбегін мұқият қайта қарап, өрескел қателіктер жібергенін көреді. Осыдан соң Томсен жаңа оқылымын жасап, Радловтың қателіктерін көрсететіп байырғы түрік тілінің грамматикасын қоса жасап қайта жариялаған. Оны көрген Радлов шошып кетеді. Енді басқаша әрекетке көшеді. Қазақ, қырғыз тілдерін жақсы білген П.М.Мелиоранский деген жас ғалыммен бірігіп іске кіріседі. Екеуі бірігіп 1897 жылы екінші басылымын жариялайды. Мелиоранский ұстазы Радловпен келіспей қалса керек. Мелиоранский өзі бөлек 1899 жылы Күлтегін мәтінінің оқылуын үшінші рет кітап етіп бастырады. Осымен 4-5 жылдың ішінде Күлтегін ескерткіші туралы еңбек 4 рет жарияланып кетеді. Олардың бәрі де Гейкель, Радлов түсірген түпнұсқамен жұмыс жасаған. Одан кейін ешкім түпнұсқамен жұмыс істеген жоқ. Ал, бұл кез 1892-1899 жылдар. Сөйтіп байырғы түркі жазуын зерттеу арқылы түркологияның іргетасы қаланды. Ол кезде қазақ деген халық кім еді? Көне дүниені зерттейтін үлкен ғалымдар жоқтың қасы еді ғой. Шыны кере, әлемдік деңгейде сөз айтатын интеллигенция болмады емес пе. Революциядан бұрын да, кейін де Ахмет Байтұрсынов сияқты ғалымдар болды. Ақаң қазақ ұлтының жазу графикасына реформа жасады. Бәріне де үлгеру қиын ғой. Олардың алға қойған басқа да мақсаттары болды. Одан кейін соғыс басталды. Соғыстан кейін орыстың шовинистік көзқарасы күшейіп кетті. КСРО деген елде тек орыс тілі болуы керек деген идеология белен алды. Орыстан басқа ұлтта ұлттық мақтаныш болмауы керек. Төбеден ұрып кеп, ұрып кеп отырды. Байырғы көне түрік мұрасын зерттеуге талпынғандарды қыспаққа алып отырды. Көне түрік жазуын зерттеуге Қазақстаннан бірде-бір ғалым Моңғолияға бара алмады. 1982 жылы алғаш рет Қазақстанға келіп Ғ.Айдаров ақсақалмен таныстым.
Бірде моңғолдың белгілі ғалымы Чой Лувсанжав еліміздегі тарихи ескерткіштер моңғолдікі емес, сенің мұраң! Иесі сенсің. Бұл сенің ата-бабаңның дүниесі, осымен айналыссаң қайтеді, - деді. Бұл 1968 жылы мамыр айының 17-і күні болатын. Ертесінде уағдаласқан сағатта бардым. Үстелін кітапқа толтырып қойыпты. Ішінде 1951, 1952, 1957-жылдары шыққан С.Е. Маловтың кітаптары бар, Радловтікі бар, Көне түрік сөздігі, бар 5-6 кітап. Осылардың бәрі ал да «келер жылы дәл осы уақытта келіп емьихан тапсыр» деп әлгі кітаптарды құшақтасып бөлмесінен шығарып салды. Кітаптың бәрі орысша, мен орысша білмеймін. Ең бірінші орыс тілін үйрену керек болды. Күндіз-түні отырдым. 6 айдың ішінде орыс тіліндегі кітапты оқи алатын дәрежеге жеттім. Одан кейін көне түрік жазуын үйренуге кірістім, әйтеуір әріптерін білемін. Тағы алты айдай уақыт мұғалім берген кітаптарды түгел қотарып, мүжіп, 8 дәптерге көшіріп шықтым. Бір жыл өтті. Дәл сол айтқан күні, айтқан сағатта бардым. Жақсы қабылдады, емтихан алатын сынай танытты. Бұл енді үлкен ғалым, білмей қалсам ұят болады-ай деп қобалжи бастадым. Қолына кітапты алды да Күлтегіннің түрікшесін, яғни руникасын оқы деді. Өзі транскрипциясын қарап отырды. Зырылдатып оқып бердім. Сөйтсем, үлкен ғалымым көне түрік жазуын білмейді екен. Әбден оқытқызып алды да, енді мына сөйлемді моңғол тіліне аудар деді. Өзі оның орысшасын қарап отырды. Аударып бердім. Мұқият тыңдап алды да, жә, саған беретін менің түрік тілім осымен аяқталды. Мен көне түрік тілін білмеймін. Менің мақсатым сені дайындау керек болатын, сен менің ойымнан шықтың, енді осының соңынан түс. Қандай кітаптар пайдалану керек екенін ұқтың ғой деді. Мені кітапхана бастығына ертіп апарды да, әлгі кітаптардың бәрін менің атыма жаздыртып, кітаптарды университетті бітіргенге дейін сұрамауын өтінді. Оның үстіне қалалық орталық кітапханаға барып жүретінмін. Онда да осы кітаптар бар екен. 3 айда біразын үйге тасыдым. Сөйтіп жүріп көне түрік жазуын игеріп кеттім.
«ТМД елдерінде бірінші рет бізде «Жазу тарихы мұражайы» ашылды»
- Көне түрік жазуын түпнұсқадан оқитын неше адам барсыздар?
- Тура тастан, яғни түпнұсқадан оқитын әлемде 6-ақ адам бармыз. Біреуі менің ұстазым – С. Кляшторный Санкт-Петербургте, сосын Мәскеуде Дмитрий Васильев деген жігіт бар. Англияда тұратын американдық ғалым Г.Клосон, Түркияда Т.Текин, О.Серткая, қазақстандық Алтай Аманжолов пен мен бармын, болды. Сосын көне ұйғыр жазуын білетін 10 адам бармыз. Оны үйрену маған қиын болған жоқ. Бір-ақ айдың ішінде игеріп алдым. Ал, көне манихей жазуын оқитын дүниежүзінде екі-ақ адамбыз. Бірі – Берлин университетінің профессоры Петр Цима. Біздің түріктекті этнос бүкіл тарихында 16 түрлі жазу үлгісін пайдаланған. Соның басын қосып ректорымыз М.Жолдасбековтің ұйымдастыруымен «Жазу тарихы мұражайын» Еуразия Ұлттық университетінде аштық, көріңіздер түркі әлемі елдері ішінде бірінші рет ашылып отыр.
- Елімізде байырғы түрік жазуымен, тілімен айналысып жүрген жастар бар ма? Бар болса, қандай дәрежеде?
- Шығыстану институтында Нәпіл Базылханұлы айналысады. Оның дайындығы жақсы. Жапон, манчжур, түрік тілдерін жақсы меңгерген. Мен ойлаймын, бұл жігіт алтайтанумен шұғылданса тым ұзаққа барар еді. Өйткені, Қазақстанда алтайтанушы жоқ. Әлемде аз.
- Сізді Қазақстанға кім шақырды?
- Мен Моңғолияның Ғылым академиясында 21 жыл қызмет еттім. Стамбул, Анкара, Берлин, Токио, Мәскеу, Томскіде үлкен-үлкен халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасадым. Қазақстандағы ғалымдар мені жақсы біледі. Баян-Өлгей аймағындағы ғылыми орталықты басқаратынмын. Бір күні Астанадан Ақселеу Сейдімбек телефон шалды. Аман-саулықтан кейін ол кісі Премьер министрдің орынбасары И.Тасмағанбетов пен Еуразия Ұлттық университетінің ректоры М.Жолдасбековтың тапсырмасымен телефон шалып отырғанын айтты. Астанаға шақырды. Осылайша Еуразия Ұлттық университетіне келдім. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, бұл үш азамат қазақ халқының мәдениетін, тарихын өзіне қайтару үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген үлкен ғалымдар ғой. Мені түу Моңғолиядан бекер шақырған жоқ, ұлт мәдениетіне пайдасын тигізсін деп отыр ғой. Жағдайымды жасады. Мен келген соң Үкімет Күлтегіннің көшірмесін әкелуге, тапсырыс беріп, барлық мәселені шешіпті. Біз енді үлкен ғылыми конференцияға дайындықты бастап кеттік...
- Күлтегін ескерткішін университетке тықпаламай, ел көретін Үкімет үйінің алдына қойса қайтеді?
- Оны Президент мәдениет орталығына да қоюға болады. Бірақ, біздің университет те ғылыми орта ғой. Сондықтан да ол ғылыми ортада тұруы керек. Өйткені, оны таңертеңнен кешке дейін қараймыз. Студенттерге үйрету керек. Жастарды ғылымға тартуда Күлтегіннің әсері ерекше. Ал, көрме залында тұрса ел көреде де кете барады.
Кезінде жігіттерге мынадай ой айтқан едім. Күлтегін, Біліге қаған, Тұй-ұқұқ, (Тоныкөк) Күүлі-чор, Теркін, Тэс, МШУ сияқты тоғыз ескерткіштің көшірмелерін алып, Астанадағы жаңа алаңға әкелу керек деп. Сосын оған үлкен монумент орнатып қойса. Үйленген жастар соған барып тағзым етсе, қандай ғанибет! Бірақ, ол орындалған жоқ. Болашақта істелетін шығар. Оны қолға алу керек деп ойлаймын. Өйткені, көне түрік - біздің тарихымыздың іргетасы. Дүниежүзінде түрік-тектес 38 ұлт бар. 10 ұлттың тілі жойылып кетті. Біз бұған ерекше құрметпен қарамасақ, өз тарихымыз алдында қылмыс жасаған боламыз. Көне түрік дүниесін жақсы зерттеу керек. Оны жақсы игеру арқылы оған дейінгі сақ, скифтерді жақсы игеретін боламыз. Бер жағындағы Қазақ хандығына дейінгі ашық кеңістік жатыр ғой, соның құпияларын ашатын боламыз. Танымдық, салт-дәстүрлік құндылықтарымыз байырғы түрік мұраларында жатыр.
«Күлтегін ескерткішін алғаш көргенде, жүрегім лүпілдеп, ерекше қуанышқа бөлендім»
- Күлтегін ескерткішін алғаш рет қашан көрдіңіз? Со кезде қандай сезімде болдыңыз?
- 1975 жылы маусым айының соңына таман көрдім. Моңғол-Совет біріккен экспедициясының Моңғол жағын басқардым. Екі ел біріккен бұл экспедиция осы жылдан бастап 1990 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеді. Көп еңбек сіңірді.
1975 жылы маусымда үш адам Күлтегінге бет алдық. Ғажап! Алыстан көз тартады кең жазира! Ұзақтан манаурап үлкен монумент тұр. Жақындаған сайын көгілдірленіп көрінеді екен. Жүрегім лүпілдеп ерекше бір қуанышқа бөлендім. Бұл құдірет қой! Құдірет. Менің ата-бабамның 1370 жыл бұрынғы сөзі, арман-мақсаты, көз жасы, қайғы-қуанышы бәрі-бәрін паш етіп тұр ғой. Барып тасты сүйдім. Тасты сүйіп жатсам, С.Г.Кляшторный: “Әй, қазақ, саған бұны не керегі бар. Бұл көк түріктер, қазаққа үш қайнасада сорпасы қосылмайды” дейді. Үндеген жоқпын. Көзімнен жас шығып кетті. Өз мұраңнан өзіңді жатсындырып, баба мұрасын иесіздендіруді әбден шебер меңгерген коммунистердің қылығы еді. Бәрін фотоға түсіріп, жекелеген мүсіндердің суреттерін сызып алдым. Күлтегін ескерткіші дегеніміз кешенді дүние. Оның ішінде тоғыз тас мүсін бар. Тасаттық тасы бар. Екі қой тас бар. Су құйып қойған науа тас бар. Сол суға қолыңды жуып барып мүсіндерді ұстау керек. Осының бәрінің суретін сыздым. Күлтегін ескерткішінің бірінші бетін көшірдім. Кляшторный: “Көшірмей-ақ қой, оны Радловтар, Гейкельдер көшіріп кеткен, қайтесің” дейді. Оған көнбедім. Ұлы баба мұрасын ұстаған сайын, қараған сайын рухтанасың, көңілің өседі. Мақтаныш сезім билейді.
Күлтегінге жыл сайын барып тұрдым. Ондағы тас мүсіндердің біразы қираған. Басы сындырылған. Күлтегіннің де, Қатынының да (әйелінің) мүсіндері қираған. Күлтегіннің бас мүсіні 1957 жылы Чех Моңғол экспедициясы жер астынан тапқан ғой. Ол да қираған. Бұлар неге қирады? Әлі күнге дейін таңғаламын. Кляшторный сияқты орыстың ғалымдары бұны үшінші түрік қағанаты, яғни ұйғыр қағанатының адамдары қиратқан деген жалған деректер таратты. Бұл пікірді Л.Н.Гумилев қолдады. Еш уақытта ондай болған жоқ. Өйткені, 1255 жылы Моңғолия жеріне Қарақорымға келіп, Күлтегіннің ескерткішін көрген парсының тарихшысы Ата мәлік Жувейннің “Әлемді иеленуші жаһангердің тарихы” деген екі томдық кітабы бар. Сонда ол ашық жазған. “Мен көне түріктердің қалдырған ескерткіштеріне бардым. Барсам, басында күзет тұр екен” дейді. “Адамдардың мүсіні бар екен” дейді. Міне 1258 жылға дейін бұларды ешкім сындырмаған. Ал, Күлтегін жазуында былай делінген: “Күлтегін ескерткішін орнатқаннан кейін бұған Біліге қаған жарлығымен күзет қойдық. Күзет сақшыларының басшыларына ияғон-Тархан деген атақ бердік” дейді. Бұл қазақ ұғымындағы шырақшылар. Міне, 732 жылы қойылған күзет 500 жыл бойы қаншама қағанат ауысса да, бүкіл бүтін ұлт көшіп кетсе де, 1259 жылға дейін ұрпақтан-ұрпаққа аман-есен жалғасып келген. Баба аруағын сыйлау деген осындай болар. Бұған ұқсас салт бар ма? Мәселен, Шыңғысхан Тибетте қайтыс болды, солай ма? Оның сүйегін арбамен әкеле жатқан кезде доңғалағы сынып ішкі моңғолдар жеріне келгенде түнеуге міжбүр болады. Тәртіп бойынша жолда аялдауға тиіс емес еді. Олар бір күн емес бірнеше күн аялдаған сияқты. Сол қонған жерге шіркеу орнатып, маңайына күзет қойған. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Шыңғыс хан мен көне түріктердің арасында 500 жылдық тарих бар. Ол ұмытылмаған. Көшпенділердің салтында осындай қайталау молдап кездеседі. Түріктер аруақтарын қорлатпайды. Күлтегіндердің сүйегі әлгі ескерткіштер тұрған жерде жоқ. Ескерткіштердің алдыңғы жағындағы таудың үстіне жерленген. Күні бүгінге дейін ғалымдар Күлтегіннің кешенді ескерткіштері тұрған жерді адамдардың бейіті, зираты деп түсініп жүр. Ол мүлде қате түсінік. Ол кешенде Күлтегін мен әйелінің мүсіні бар. Тәу ететін орын ғой.
- Сіз Күлтегін ескерткішінің тасын қай жерден алғанын білесіз бе?
- Ескерткіштің айналасында дәл сондай тас жоқ. Оны қайдан әкелгенін мен іздедім. Маңайындағы ауыл ақсақалдарынан сұрадым. Мұндай тастың қайда барын олар айтып берді. Ескерткіш кешен тұрған жерден 60 шақырымдай қашықтықтағы таудан тасын дайындаған екен. 50 шақырым машинамен, қалған жерді атпен жүріп өттім. Таудың тұмсығы көк жартас екен. Содан кесіп дайындағаны белгілі болды. Өзен бойында Күлтегін ескерткішіндей екі үлкен тас жатты. Бірі көлденеңінен, бірі ұзынынан сыныпты. Оларды тастап жаңадан қайта тас дайындап алып 60 шақырым өңірге әкелген.
- Осынша алыс жерге тасты қалай жеткізген?
- Оны маған сол өңірдегі бір адам айтты. Қыста Орхон өзенімен жеткізген болар дейді. Тастың астына қабығы тазаланған сырғауылды қойып отырып, сүйменмен итеру арқылы жеткізген екен. Міне, біздің ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына өсиет қалдыру үшін 60 шақырым жерден өзен бұрылыстарын қоса есептесек 100 шақырымдай жерден мұз үстімен сырғытып 3,15 м. биік тас әкелген. Сонда қаншалық күш жұмсап отыр. Жалғыз Күлтегіннің тасы емес, тоғыз тас мүсін: екі қой тас, науа тас, тасаттық беретін үлкен бір тас – көлденеңі 2,20 м., ені 2 м., биіктігі 1,10 м. Ол – нән тас. Салмағы 10-12 тонна. Бұл не деген еңбек! Қандай азап десеңізші. Ұрпаққа өсиет сөз, баба тарихты қалдыру дегеніңіз неткен қиындықпен жолға қойылған десеңізші. Иә, бәрін де бүгінгі біздерүшін жасаған ғой. Содан бері міне, 1370 жыл өтті. Біз оның құндылығын бағалай алмай отырмыз.
«Күлтегін мүсіндері грек-рим мүсіндерінен кем емес»
- Тасқа жазуды қалай жазғаны туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Біреулер қашаумен қашаған дейді, ерітінді қолданған деген де пікір бар? Сіздіңше қайсысы дұрыс?
- Тасты тегістеп алып, түзу сызықтар сызған да қылауышпен (қыл қаламмен) жазу жазған. Сосын жазудың үстіне шөптен жасалған ерітіндіні сіңіріп қайта жазып шыққан. Со кезде тастағы жазудың ізі құмданып үгітіліп түседі. Оны өткір қашаумен үгітіп түсірген. Әріптердің биіктігі 2-3 см, ойықтың тереңдігі 2-3 мм. Күлтегін мен Біліге қағанды қытайлар жасаған. Ал қалғандарын түріктер өздері істеген. Жазу ештеңе емес сен мүсіндерді көр. Бұл грек-рим мүсіндерінен кем емес. Күлтегіннің бейнесін, әйелінің, Біліге Қағанның бейнелерін шебер мүсіндеген. Олардың бейнесін ақ мәрмәрдан жасаған. Оның өңделуін көріңізші, керемет! Грек-рим мүсіндері бұның қасында сәлем бере алмай қалады. Осы мүсіндер арқылы көне түріктердің бет-бейнесін көре аласың. Мен таңғаламын. Моңғолдар әйел адамды бүсгүй дейді. «Бүсгүй» деген сөз - белбеусіз деген сөз. Қазақ әйелдері белбеу буынбаған. Күлтегін ескерткіштеріне әйелдердің мүсіндері тұр, белбеусіз. Бұл - көшпелілер әлемінің әйелдеріне тән дәстүр. Болашақта көне түріктердің киімі туралы бөлек кітап шығарғалы отырмын. Ойдан ой туады, мына шетел актерлері ойнап жатқан «Көшпенділер» киносындағы қазақтардың киімінің орнына моңғолдардың киімін қолданып жатқан сияқты. Ойлану керек. Бізге айтса, ақыл-кеңесімізді аямаспыз.
- Қазақстан ғалымдары жеке-жеке жүріп атақ шығарамын дегенді қою жөн болар. Олардың қолдарында байырғы түркі мұраларының фонды жоқ. Көне түрік жазба мұраларының қоры Еуразия университетінде жасалды. Орхон ескерткіштерін әлем ғалымдары қаузағалы 110 жыл өтсе де күні бүгінге дейін толық сипаттамасыболмаған еді. Сол сипаттаманы біз жасап шығардық. «Орхон ескерткіштерінің толық Атласын» дайындадық. Ұстындардағы жазылған мәтіндерді О.Гейкель, В.Радловтардан кейін бір де бір зерттеуші қайта қарап тексермеген. Біз 18 жыл, 18 тоқсан бойы түркі кешендеріндегі әр бір мұраны қолмен ұстап, көзбен көріп өлшеп, ұстындағы мәтіннің әрбір графикасындағы орнын анықтап, қайталап көшіріп, эстампаж жасап, калькаға, фотоға түсіру арқылы өз вариантымызды дайындадық. Республика ғалымдары біріккен түрде арнайы бағдарлама жасап жұмыс істеуіміз қажет. Қазақтанушылардың бәрі түрколог бола бермейді. Алтай Аманжолов ағамыз сияқты маманданған ғалымдар қажет-ақ.
- Олар олай деп қарамайды. Түріктер дейді. Түріктер екенін әбден мойындайды. Ескерткіштер тұрған орынды ұлылардың орны деп атайды.
- Күлтегіннің кешенді ескерткішінің бүгінгі жағдайы қалай? Моңғол үкіметінің қарамағында ғой?
- Моңғол мемлекеті ғана емес ЮНЕСКО-ның қарауында.Сыртынан темір қоршау орнатқан. Бірақ олар өз ата-бабаларымыз деп қарамайды ғой.Ал біз қанымыз, жанымыз деп қараймыз.
- Осыған біздің Үкімет көңіл бөлді ме?
- Белгілі археолог Зейнолла Самашев екеуміз моңғол жеріндегі Ордабалық қаласын зерттеуге ұсыныс жасап отырмыз. Хархорымның жанында Ордабалық деген қала бар. Моңғолдар Харбалтас дейді. Отырардан да үлкен қала, 25 шаршы км. Ол алғашқы екінші және үшінші түрік қағанатының астанасы болған.400 жылдық тарихы бар. Мұнда өте көп дүние жатыр. Ордабалық қаласын қазуға арналған жоба байырға мұрамыздың білгірі Иманғали Тасмағамбетов бауырымыздың алдында жатыр.
- Түріктектес елдер көп қой, олар моңғол жеріндегі ата мұралар туралы қандай пікірде?
- Түріктектес елдер байырғы түркіні түп қазығымыз деп бағалайды. Бәріне ортақ мұра деп көреді. Қазір Моңғолияда осы мұраларды Американың, Англияның, Жапонияның, Кореяның, орыстың, немістің, түріктер сынды тоғыз елдің археолог-ғалымдары бәсекелесіп жанталасып зерттеуде.
- Біз неге қол қусырып отырмыз?
- Құдайға шүкір, Үкіметімізде ақша бар, Қазақстанда түрік тілін зерттейік деген ниет жақсы. «Түркология» журналын Түркістандағы Қазақ-Түрік университеті шығарып отыр. Біздің байланысымыз аздау. Барлық қор біздің қолымызда. Көне түрік, манихей, көне ұйғыр тіліндегі құжаттар менің қолымда тұр. Ізеп жүрген зерттеушілерді көрмедім. Ғалымдардың ортасында бірлік, ынтымақ аз-ау деймін.
- Бізде көне түрік тілін үйрететін арнайы бөлім немесе курс жоқ па?
- Әзірге жоқ.
- Онда баба мұраларын қалай зерттейтін боламыз?
- Осы мәселемен мен біраз жағаласып едім, болмады. Енді, биылдан бастап магистранттардан, аспиранттардан дайындап жатырмыз. Әрине, бәрі ғалым бола бермейді ғой. Кірісемін деушілер баба мұрасына қызыға ғашық болғандай болып келу керек. Ондай фанатиктер әзірге көп емес. Көне түрік жазуын зерттеу үшін тек тілін білу аз. Тарихын, этнографиясын, дүние танымын, археологиясын білу керек. Осындай дайындықпен келгенде ғана құпияны ашуға болады.
Қандай да бір халық өзінің өткен өмірін мақтан тұтады. Шыққан тегін жақсы білмеген ұрпақ келешегіне сеніммен қарай алмайды. Сондықтан, ұрпаққа тарихын, мәдениетін, тілін санасына сіңіріп, шыққан тегі асыл екенін құлағына құйып отырсақ, ол ұлтын сүйеді. Ұлтын сүйген ұрпақ елін жерге қаратпайды. Бүгінгі өз қағынан өзі жеріп жүрген “қара орыстармыз” –өз тарихынан, мәдени құндылығынан мақұрым өскен адамдар. Міне, осы жағынан алып қарасақ, байырғы түрік мәдениеті ұлттық идеологиямыздың фундаменті болар еді.
- Байырғы түркі мұраларында қазаққа байланысты дерек қаншалықты?
- Қарғам-ау, бүгінгі қазақтардың мінез-құлқы, дүниетанымы, ою-өрнектері, тілін, дінін т.т.с.с бәрі-бәрін содан табасың. Қазақтың қыпшақ, керей, найман, шекті, әлім, жетіру, арғын, адай т.б. тайпаларының атаулары тас бетіне қашалған. Түріктектес халықтардың ішінде тек бізге – қазаққа тікелей қатысты. Қазақ халқын құраған тайпалардың тікелей ата-бабасы. Оған ешкім таласа алмайды.
Қырғыздардың байырғы қырғызы бар. Ал, Стамбул түріктері – Қазар (Каспий) теңізінің жағасынан кеткен селжуктердің, одан бұрынғы отыз-оғыздың ұрпақтары. Алтайлар мен тұбалар – түркілер батысқа қоныс аударғанда жолда қалған ұрпақтары. Қзбектердің негізгі тайпалары қазақ құрамынан барған тайпалар, сосын қарлұқтар. Міне, бізден басқа кім байырғы түріктерге таласпақ? Ешкім де таласа алмайды. Қазақтар – көк түріктердің тікелей ұрпақтары.
- Еуразия университетіндегі Күлтегін – пластмасса. Оны сол өңірдің тасынан қашап жасауға болмады ма?
- Болады. Бұл туралы жігіттерге айтылған. Күлтегіннің тасын алған жерін де білеміз. Күлтегін мен Біліге қағанның ғана тастары бөлекше. Басқаларының тастарын Қазақстаннан алып, тас ұқсатушы шеберлерге жасатуға әбден болады.
- Сіздің арманыңыз не? Ол орындалды ма?
- Айналайын-ай! Ойлаған, армандаған ойымның 10 пайызын да орындай алмай қиналудамын. Тәулік 48 сағат болса ғой, шіркін!
Мынау Орхон ескерткіштерінің толық атласының 2 томын берсем. Одан соң ұйғыр, манихей графикасымен жазылып қалған Шығыс Түркістан, Дунхуан мұраларының 6 томын бастырсам, сонсоң байырғы түрік киім үлгілерін жасап ұсынсам, байырғы түрік таңбаларының толық жинағын берсем... Сосын ғылыми атақ үшін емес, таза ғылым үшін еңбек ететін, ұлтын сүйетін шәкірт дайындасам деген арман бар. Не дейін, біздің тарихтың шаңы қалыңдап кеткен. Бұны эксковатор шөмішімен тереңдеп қазып шығарып, халықтың өзіне қайтару керек. Бәрі де ұлт үшін, қазақ деген қайғысы мен қасіреті көп халықты құлдық санадан азат ету үшін жасауға тиісті еңбек қой. Ақшалы азаматтар бұған тым-тым ақылмен қарап, қаржысын ұлт намысы үшін жұмсау қажет-ақ. Кежегесі кері кеткендер мен ұлтынан безгендерді көріп жүрегім ауырады.
Еренғайып Қуатайұлы
Ақ жол Қазақстан
№39(60) 26.09.03, 8-9 бб.
Бөлісу: