Қаржаубай Сартқожаұлы. Махаббат самалы
Бөлісу:
Орта бойлы, аққұбаша бала жігіт университеттің оқу корпусынан шыға салысымен, күнқағар үлкен көз әйнегін салды да, оң қолына үкілі домбырасын ұстап, сымдай түзу көшенің сол қанатымен аяңдады. Көңілі алай-дүлей.
Әлдебір нәрсесі ұмыт қалғандай ма қалай, жүрегі қобалжып, мұңды бір әуенді әлсән-әлі қайталайды. Үстіндегі ақсұры пиджагы мен қыры пышақтай сымына қарап-ақ студент екені аңғарылады.
Студент жұрты қызық қой. Олардың жаны көгілдір лирикада, көңілі шетсіз-шексіз романтикамен астасып, түймедей жүрегінде ұланғайыр ыстық, ынтызар махаббаттың оты лаулап, көкірегін өртеген сол бір бейнені жатса да, тұрса да ұмыта алмай, сусап аңсаумен күнді батырып, таңды атырады.
Ол үйреншікті әуезді доғарды да өзімен-өзі боп кетті.
«...Өмірде екі рет ғашық болуға бола ма? Азғантай өміріңде екі тұрмақ он рет ғашық болуға неге болмасын? Себебі сен өмірге құштар болсаң, егер мына өмірді шын жүрегіңмен ақтарыла сүйсең, сенің көкірегіңдегі махаббаттың шегі болуға тиісті емес. Жоқ, өмірге құштарлық пен өмірлік жарыңа деген сүйіспеншілікті ауыстырып алдың-ау?
...Әрине, мен өмірімді де сүйемін, жанарлары түңгі аспанның жұлдызындай жамыраған қалың қара көздерді де сүйемін!
Олай емес, шындық дегеніміз шындық қой. Сен одан асып кете алмайсың. Әуелі өзіңді, сонан соң басқаны түсіне білгенің абзал.
... Сонда ғана жүректің жалғыз екенін түсінесің. Бәлкім, алғашқың тек сырттай қызығушылық болар...»
Іштей тартыстың қызу ортасында келе жатқан Шүкіманның көз алдына жапалақ көз, домалақ қара қыз елестеді. Аяғын сәл шалыс басып, тынысы тарылып, өңі сұрланып кетті. Көз алдына елестеп тұра қалған қыз, беті бүлк етпестен жымиғансып таяй бергендей болды. Ол: «Тоқта! Бері келші» дейтіндей. Шүкіман оған жиіркенішті көзқараспен қарап, оны іштей мүсіркеді де: «Сүйе білмеген адам жиіркене де білмейді» деп күбірледі.
...Қомағай нәпсісін тия алмау әйел адамның ең аянышты мүсәпірлігі. Бұл байғұс та сол бір осалдығын жоя алмады ғой» деп іштей ой түйді де қайтадан ішкі тартысқа түсіп кетті.
«... Мэнгэнцэцэг ше? Мэнгэнцэцэгте аналық мейірім аса мол. Ұяңдық пен нәзіктік оның негізгі қасиеті. Сонда сен алдыңғының жамандығын көріп жиіркенесің де, Мэнгэнцэцэгтің жақсылығын көріп бас иіпсің ғой.
... Байқап қарашы, сезім диалектикасына бойлай бермейміз. Құлай сүйген адамның тек жаксылығын ғана көресің. Тіпті оған кіршік жолататын сенде хал жоқ қой. Егер титтей оғаштығын сезсең, ол сезім сенің сүйіспеншілік сезіміңді теуіп тастайды емес пе?
... Қыз пәк көңіліңді түсініп, жаңағындай күнәсіз сезіміңді сыйлай, аялай білсе ғана ол махаббат болады да, нәзік сезіміңді аяққа басса сүйіспеншілік тұрмақ онда махаббаттың иісі де жоқ деген сөз...»
Шүкіман ауыр күрсінді де, Мэнгэнцэцэгті көз алдына елестетті. Жәудіреп тұратын ұяң ботақан көз өзіне кірпік қақпай қадалып қалғандай болды. Ол «Шүкіман» деп алабұртып, дегбірсіздене күтетін сияқты.
Ой құшағында келе жатқан Шүкіман құмырысқаның илеуіндей құжынаған нөпір топқа сіңіп кетті. Жанай сүйкеп өтіп жатқан көкөрім жастардың жанарында ұшқын ойнап, әлде бір қуаныш пен бақыт, қиял мен арманның ізі көрініп, барлығы да «Махаббат сезімін» құшақтап өтіп жатқан секілді. «Махаббат сезімі» демекші, дәл осы шақта көшеде есіп тұрған жәйбір самал емес махаббаттың майда самалы.
Махаббат самалы көшедегі жүздеген қыз-жігіттердің сезімін желпіп, қолаң шашымен ойнап, ақ тамақтарын қытықтап өтіп жатыр. Аймалап өпкен сайын алабұртқан гүл өрім жүздерін онан әрмен сұлуландыра, онан әрмен сүйкімдендіре, көкірегінде ұялаған қимас сезімін қытықтап ұлғайта түсетін сияқты.
Қайсыбірі лықсып сыртқа теуіп жатқан сол сезімнің жетегінде аяғы аяғына тимей арманның ақ құсына асықса, енді бір толқыны махаббаттың майда самалына мас болып, керсаумал күйде керімсал жылжиды.
Мына бір топтар маңайында кім кетіп, не болып жатқанын да білмей әйтеуір басы ауған жаққа лағып бара жатқан есалаң халде. Әне біреулері
өмірлік серіктерін түсінде көріп, өңінде таппай әуре-сарсаңға түсіп жүрген жандар іспетті.
Міне осылардың барлығы махаббат самалына мас болып, құйынына соғылып, өздерінің жансеріктерінен тая соғып адасып кеткен жандар сиқты көрінді Шүкіманға. Ол осылайша өз-өзімен сарсаң боп келе жатып, бақтың көк қақпасына жанары іліне бере өңі балбұл жанып сала берді. Осы көк қақпа Шүкіман үшін өте ыстық. Барлық құдіретті күш жүрегі мен сезімінің кілті ылғи да бір осында сияқты боп сезіле береді.
Жолы болғанда Меңдеші бақ ішіндегі орындықта болуы мүмкін ғой. Иә, шынында Мэнгэнцэцэгтің ұяңдығы мен нәзіктігі басқа қыздардан артық па қалай? Оның жанары жаудырап тұрып бір жымың еткенінің өзі жанына жылдық азық беретін сияқты. Шіркі-і-н, осы қыздардың жанарында не құдірет бар екен?!...
Керісінше жігіттер де оларға солай көріне ме екен? Нәзіктік пен пәктік, сұлулық пен құштарлықтың түйіскен ноқаты әлде осы жанар ма екен? Тек осы қас-қағыммен-ақ мың жігіттің өзін бір секунтта байлап тастап жүре бермей ме?! Ол басын шайқады.
«Аға, аға!» - деп жүгіріп келе жатқан кішкентай қыздың даусы Шүкіманды ой тереңінен суырып алды. Шүкіман кішкентай қызды жоғары көтеріп, маңдайынан иіскеді.
- Әпкем шоколад әкеп берген. Міне, міне! - деп, енесінің алдында ойнақтаған лақтай тік-тік ыршып-шоршып, тұлымшағы желбіреп, құлдыраңдап кетті.
- Әне, Меңдеш, біз жаңа ғана келдік, -дейді анадайда отырған әпкесін нұсқап. Ол бұл екеуіне көзінің астымен жымия қарап отыр. Жанарында еміренген ерке сезімнің бал қаймағы діріл қағады.
Кішкентай қыз Шүкіманның бір саусағынан ұстап алып сүйрелеп оны Мэнгэнцэцэгтің қасына алып келді.
-Танымайтын ағайға кісі еркелей ме екен? - деді Мэнгэнцэцэг жымиып.
- Танымағанда ше, сіз екеулеріңіз үнемі осында әңгімелесіздер ғой. Солай емес пе, иә, ағай? - деп кішкентай қыз қадала қарады.
- Шүкіманның көкірегінде сайрап келе жатқан көп ойлардың берекесі қашып ешбірі тілге үйрілер емес. Жігіт өзінен-өзі қысылып, ерні кеберсіп, тамағы құрғап, шөлдеп отырғандай. Оның бей- ерекеті кетіп, көзінің алды тұманданып әлсін-әлі бұлдырай береді.
- Көзінің алды тұманданып бұлдыраған сайын қиялдың кемесіне отырып дүниенің бір шетінен бір шетіне дейін жүріп жетуге дайын тұр. Амал не... иә, амал не, жүрек, тек жүрек қана алқынып, кеудеде дөңбекшиді. Қыз жігітке қиылып қарады да, жанарын басқа жаққа сырғытып әкетті.
- Осының алдындағы әкесінің бір сөзі жүрегіне инеше қадалып отыр.
- Қайда барып келдіңдер? - деп әкесі кішкентай қызынан сұраған-ды.
- Мэнгээ екеуміз қазақ ағайдың жанына барып ойнап келдік, - деді қызы баяғы пәктігіне салып.
Әкесі жақтырмаған сыңай танытып:
- Қайдағы қаңғыған қазақ?! - деп Мэнгээні ала көзімен атып, кішкентай қызды зекіп тастады. Бірақ оған Мэнгээ мән берген жоқ, сол сәтті кездесудің тәтті көріністері дәл қазіргідей көз алдында. Әкесі қарсы екендігін Мэнгэнцэцэгке осылайша білдірген еді. Содан бері бұған ас батпай жүр. Он ойланып, сан толғанып, ақыры әркім өз бақытын өзі білуге тиісті деген тұжырымға келген.
- Сені дәл қазір келе қоймас деп ойлап едім, - деді Мэнгэнцэцэг алабұртқан сезім лебі бетіне теуіп, қуанышын жасыра алмай. Тағы да үнсіздік. Маңайы сары алтынның буына малынғандай батып бара жаткан күрең кызыл күн сәулесіне шомылып күреңітеді.
Махаббат самалы үрлеген бұраң бел тал мен ақ балтыр қайыңдардың бұтағы майыса ырғалып, әлсіз сабақтағы жапырақтарға дейін болымсыз діріл пайда болған. Есе-теңдік бермей тау өзеніндей жөңкіліп жататын машиналардың ағысы да, құлақ тұндырар гүрілі де жоқ, сілтідей тұнған тыныштық.
Көп үнсіздікке қыздың сабыры жетпеді білем:
- Айналайын, мамаңа бара ғой, мен қазір артыңнан барам, - деп кішкентай сіңілісін үйіне қоя берді.
Өзін де, өзгені де қинап, өзгеден де, өзінен де жасырып, іштей күңіреніп, іштей егіліп отырған жігіттің мына кейпін бірде аяса, бірде осылай отырудың өзі қызға ұнайтын сияқты. Жігіттің бұл қылығы қыздың ынтызарын арттырып, жүрегіндегі тұтанған махаббат отын одан әрмен үрлей түсіп отыр.
Мэнгэнцэцэг еркелеп құлап кеткісі де, бас салып құшақтағысы да келеді. Бірақ қыздың аты қыз ғой. «Қыз» деген ат оны бұл қылыққа бастырмады.
«Өз құныңды өзің түсірме! Жігіт алдында өзіңді такаппар ұстай біл. Немесе, «ұялсаңшы өзің» деп біреу желке тұсына келіп, жәбірлеп тұрғандай болды.
Ол жігіттің алдында көлденең жатқан домбыраға қолын созып ала бергенде сүйріктей жұмыр саусағында діріл пайда болды. «Аса құдыретті әрі жұпыны аспаб, шерте білетін болсамшы» - деп күбірлеп құмарта қарайды.
Домбыраның шанағын кеудесіне басып, қос жанарында ұшқын лаулап емірене аймалап үйіріледі. Ботинкасының ұшымен жер шұқылап отырған Шүкіман, Мэнгэнцэцэгтің қолынан домыраны алды да, ақырындап ойнай жөнелді. Көптен бері көкейінде жүрген осы бәр әуеннің қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалды.
Домбыра үні тым шағындап шығып та кетпейді, күңіреніп тұрып та қалмайды, безектеп шығатын безбен үн де емес, шектен тыс даңғара дыбыс та жоқ. Таулы жердің ерке самалындай құйылып келіп, еркелей құйқылжып, ақтарыла төгіліп жатқан майда самал іспетті. Енді бірде айналып үйіріліп, еркелете әлдилеп, аялаған саздар жүректі балқытып, буын-буыныңды босатып, сезіміңді еріксіз қытықтайды.
Жаны сұлу, сезімі нәзік қыз атаулының көкірегінде бөлеулі жататын асыл сезім, аяулы діл, құпия құмарлығы болады ғой. Соның бәріне дәл қазір домбыра тыңдап отырған Мэнгэнцэцэгтің шырадай жанған жанары мен аққұбаша өңіне теуіп шыққан күнәсіз пәк сезім алауына қарап-ақ куә болар едіңіз. Сіз сонда ғана « Махаббат» атты сезімді көзбен көріп, қолмен ұстағандай сенер едіңіз. Егер қыз алдында істеген күнәңіз болса өзіңізді өмір бақи кінәлап өтер едіңіз. Күй сазынан жігіттің ыстық демінің шарпысы, алқынған жүректің дүрсілі, алау көңілінің арманы, ыстық алақанның оты есіп тұр. Кеудедегі түймедей жүрек өз орнын тарлық етіп, бұлқынып тыпыршиды. Жігіттің денесі жеңілдеп, нәзік те ерке сазды онан әрмен төгіп-төгіп жіберіп тоқтата қалды. Күйдің тоқталуы мұң екен жан тәнімен беріліп тыңдап отырған Мэнгэнцэцэг жігіттің мойнына асыла кетті. Жігіттің алабұртқан ыстық демі оны мүлде баурап алды.
Төзімнің жеткен шегі осы болар... Жігіттің қос білегі қынама белге оралып, ерінге ерін төніп бара жатты. Манадан бері ағаш бұтағына қонып ап қит-қиттап отырған қос балапан қанатымен қағысып, жоғары қарай көтеріліп барады. Дәл осы шақта екі жасты бөтен көзден жасырғандай күн алаулап батып бара жатты.
Бөлісу: