Мағжан мен Қошке
Бөлісу:
Алаш қозғалысының жарқын тұлғалары Мағжан Жұмабайұлы мен Қошке Кемеңгерұлының тағдырлары қаншалықты ұқсас болса, шығармаларында айтылар негізгі ой соншалықты сарындас, идеялас. Аталған екі қайраткер уақыт пен кеңістік жағынан алғанда бір кезеңде өмір сүріп, бір дәуірде еңбектерін жазды, ортақ қоғамдық-саяси іс-шараларға қатысты. Мағжан Қошкеден үш жас үлкен. Ол туған Сарытомар ауылынан Қошке дүниеге келген Ырғызбай жайлауы (қазір Омбы жері) небәрі жүз шақырымдай қашықтықта жатыр. Екеуінің балалық шақтары Батыс Сібір аймағының бір шетінде, ақ қайыңды, көлдері мол жазық далада өтті. Мағжанның атасы Жұмабай – қажыға барып келген тақуа адам болса, Қошкенің әкесі Дүйсебай да ХІХ ғасырдың соңында қажылық парызын өтеген діндар, көзі ашық кісі. Мағжан мен Қошке кеңестік дәуірде екі мәрте тұтқындалып, абақты мен айдаудың қасіретін кешіп, ақыры бірі 1937 жылдың қарашасында Омбыда, екіншісі 1938 жылдың наурызында Алматыда оққа ұшты.
Бұл екі тұлғаның өмір жолдарындағы ұқсас жайттарды көрсеткенде ол мысалдардың қайраткерлерге азамат, қаламгер ретінде қалыптасуларына қаншалықты ықпал еткенін байқағымыз келеді. Жеке адамға тұлға ретінде қалыптасуына шыққан тегі, өскен ортасы, алған білімі мен тәрбиесі, аралас-құралас болған замандастары әсер етсе, осы жағынан алғанда Мағжан мен Қошке тағдырларында ұқсас тұстарды көп байқауға болады.
ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамы оқуға, әсіресе, орыстың білімі мен өнеріне ерекше ден қойды. Көзі ашық Бекен болыс пен Дүйсебай қажы өз балаларына сауатты білім беруге тырысты. Ауылдағы Ахметдин молдадан сауатын ашқан М.Жұмабайұлы кейін Қызылжардағы Мұхамеджан Бегішевтің медресесінде оқиды. Бозбала Мағжан 1908 жылы Қызылжар қаласында Алаш қайраткері М.Дулатұлымен танысып, оның алдынан дәріс алады. Міржақыптан ақындық тәлім-тәрбие көріп, қоғамдық-саяси көзқарасын қалыптастырады.
Қ.Кемеңгерұлы да Мағжанның жолымен әуелі ауылдағы Белгібай молдадан сауатын ашып, кейін Омбы қаласында Приход мектебін бітіреді. Жас Қошкенің азаматтық көзқарасын қалыптастырған, оған ұлт мәселесіне қатысты оң тәрбие көрсеткен адам – өзінің туған жездесі, алаштың көрнекті қайраткері Отыншы Әлжанұлы (1873–1918). Отыншы мен Міржақып – Әлихан бастаған Алаш қозғалысының аға буын өкілдері. Олардың қоғамдық-саяси істері, жазған еңбектері, өмірлік ұстанымдары Мағжан, Қошке сынды кейінгі буын Алаш қайраткерлеріне үлкен ықпал етті. 1918 жылы О.Әлжанұлы қызылдардың қолынан мерт болғанда Қ.Кемеңгерұлы былай деп жазды: «Ел-жұртыңды, туысқандарыңды тастап, мәңгі сапарға жөнелдің. Жаңа гүлденіп келе жатқан Алаштың көшбасшы азаматтарға өте мұқтаж уақытында қанішер, жендет большевиктердің қолынан мезгілсіз қаза таптың. Ертеден ел қамын ойлап, Алаш тілегін қолыңа шырақ қылып ұстап едің, сол шырақтан өміріңнің ақтық сағатына шейін айырылмадың. Білім дариясына сусындауыма, саяси көзімнің ашылуына себепкер болып, ұлтшылдықтың өріне сүйреп едің, алыста жатсаң да, ақыл сабағыңды хатпен беріп, ұстаз болып едің. Жұмсақ сөзді, мәлім жүзді, көркем мінезді қымбат жездем, дидарыңды көре алмадым-ау! Опасыз тағдыр, баянсыз дүние! Мейірімсіз өлім! Амал жоқ… Иманың жолдас болсын!» (Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. 1-т. – Алматы: Алаш, 2005. 192-б.).
Опат болған Отыншыға қалың қазақ елі түгел қайғырды. М.Дулатұлының да қабырғаны қайыстыратын мұнақыбы сол кезеңде баспасөзде жарық көрді. «… Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұхамеджан, Халел, Жаһанша, Жақып, Отыншылар – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттың рухани көсемдері еді», – деп көрсетеді танымал алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай (Жұртбаев Т. Талқы. – Алматы: Қазақстан, 1997. 76-б.). Яғни Міржақып Мағжанға азамат ретінде қалыптасуға қаншалықты әсер етсе, Отыншы да Қошкеге соншалықты ықпал етті деуге негіз бар.
ХХ ғасырдың басында халықтың сана-сезімін оятқан үлкен күш – баспасөз болды. Ұлттық баспасөздің қанаттанып жатқан кезеңінде өмір сүрген Мағжан мен Қошке өздерінің азаматтық көзқарастарын күнделікті жарық көріп жатқан саяси-әлеуметтік мақалалар, хабарлар, азаттық рухтағы көркем шығармалар арқылы қалыптастырды. Мағжанның өлеңдері «Айқап» бетінде 1911 жылдан бастап жарық көрді. Ақынның осы басылымда жарияланған «Жатыр», «Шын сорлы», «Күз күні», «Жазғытұры», «Дала, қала», «Бұлбұл» т.б. өлеңдері оның атын аз уақытта жалпақ елге жайды. Қаламгер Қ.Кемеңгерұлы ақын Мағжанның есімін «Айқап» арқылы таныды деуге негіз бар. 1926 жылы Қ.Кемеңгерұлы: «…Мағжанның ақын болғандығы «Шолпандағы» «Бұлбұл» деген өлеңінен көрінген», – деп жазады. Қ.Кемеңгерұлы да өзінің әдебиет саласындағы жолын поэзиядан бастаған. Ақынның алғашқы жазған көркем шығармалары: «Солған гүл», «Бақ іздеген» секілді өлеңдері, Пушкиннен, Никитиннен аудармалары да «Айқап» бетінде 1915 жылы басылды. Екі ақын шығармаларында үндестікті, ортақ сарынды, табиғатты суреттеуде ұқсас көркем тәсілдерді байқауға болады. Мағжан «Жазғытұры» өлеңінде:
Май кірді, жер құлпырды, гүлдер жайнап,
Жібектей көкорайлар жатқан жайрап.
Сұлудай бұраңдаған бұтақтарда,
Ән салып, әр түрлі құс тұрған сайрап, – деп жазса, Қ.Кемеңгерұлы осы өлеңмен аттас туындысында әсем табиғаттың көрінісін:
Кіріпті табиғаттың әбден түрі,
Алты ай қыс кетір еді жерден соры.
Тоя алмай қызығына жазғы күннің,
Сайрайды әнші құстар күні-түні, –
деп суреттейді. Екі ақынның «Жазғытұры» деп аталатын өлеңдері бір журналда жарық көреді. Мағжанның туындысы 1913 жылы жарияланады да, ол кейін Қошке өлеңінің жазылуына себеп болғандай. Екі шығармада көркем табиғаттың бейнесі тамаша беріледі. Сонымен қатар, екі өлеңнің идеясында айырмашылық бар. Мағжан өз туындысында жыл мезгілінің көркем суретін бейнелеумен ғана шектелсе, Қошке шығармасының соңында:
Көгалда жазғытұрым сауулы бие,
Сары қымыз сапырулы тегенеде.
Ішкен ас, жеген тоқ болушы едің,
Түсесің енді, жұртым, қандай күйге? – деп тебіренеді. Он тоғыз жастағы Қошке жалғыз табиғат көрінісін ғана суреттемей, әлеумет мәселесіне де тоқталып, туған халқының тағдырына алаңдаушылық білдіреді.
М.Жұмабайұлы мен Қ.Кемеңгерұлы 1913 жылдың күзінде Омбы қаласында танысты. Бұл уақытта Мағжан Омбы мұғалімдер семинариясына оқуға түссе, Қошке Орта дәрежелі Омбы ауылшаруашылық училищесіне шәкірт ретінде қабылданады. Екі азамат осы уақытта мәдени-ағартушылық бағыттағы қазақ жастарының жасырын ұйымы «Бірлікке» мүше болады. «Бірлік» ұйымының мақсатында ауылдан келген қазақ шәкірттеріне жәрдем көрсету, ұлттық баспасөзді дамыту, көркем шығармаларды жазу, театрға арналған әдебиеттерді жариялау секілді мәдени шаралар болды. Сонымен қатар, ұйым жастары саяси-әлеуметтік істермен де айналысқаны туралы мәліметтер бар. «Бірлік» ұйымының қолжазба журналы «Балапанға» Қ.Кемеңгерұлы редакторлық етсе, ол басылым жайында Мағжан «Балапан қанат қақты» деп аталатын аллегориялық шығарма жазды. «Алашты мәдени-әдеби жағынан озық ел қатарына қосу, кітап, оқулық жазу, газет-журнал шығару, т.б. секілді мәселелерді күн тәртібіне қоюы – «Бірлік» пен оның үні «Балапанның» тарих алдындағы үлкен қызметі. Ұйым әдебиетті – ұлт тағдырына жауапты күш деп есептейді. Ол, әсіресе, жаңа әдебиеттің іргелі саласы – драматургияны өрістетуді жиі айтады», – деп көрсетеді «Бірлік» ұйымы мен «Балапан» журналына қатысты құжаттармен жіті танысқан белгілі алаштанушы ғалым Д.Қамзабекұлы (Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Астана: Фолиант, 2002. 265-б.).
Алаш қозғалысына екі қайраткер де саналы түрде қатысты. Олар Алаш идеясына, Алаш көсемдерінің ұранына, жалпы Алаш қозғалысының қазақ ұлтына беретін жақсылығына имандай сенді. Аға буын Алаш арыстарының соңынан еріп, өздері де қазақ халқының азаттық жолындағы көрнекті қайраткерлеріне айналды. 1917 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітіріп шыққан М.Жұмабайұлы саяси-әлеуметтік іс-шаралардың ортасына, қазандай қайнаған қоғам жұмысына, ұлт тағдырына қатысты өзекті мәселелерді шешетін жиындар мен съездердің ішіне кірісіп кетті. Осы жылы Омбы қаласында өткен Ақмола облысы қазақтарының съезіне қатысып, ол жерден Бүкілқазақ съезіне делегат болып сайланды. 1917 жылы желтоқсан айының 5-13 аралығында Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпы қазақ-қырғыз съезіне Мағжан мен Қошке де делегат болды. Бес миллион қазақтың тағдыр-талайын таразыға салып қарастырған осынау аса маңызды тарихи жиын 82 делегаттың басын қосты. Олар елдің болашағын, жердің тағдырын саралады. Қиын-қыстау заманнан халықты аман алып өтуді ойластырды. Ат төбеліндей қазақ зиялыларының ішінде Мағжан мен Қошке де тарихи шешімдерді шығаруға атсалысты.
Азамат соғысы кезінде М.Жұмабайұлы мен Қ.Кемеңгерұлы негізінен Омбы қаласында болды. Осы жерде екі қайраткердің өз замандастары: А.Сейітұлы, М.Сейітұлы, Б.Серкебайұлы, Ж.Садуақасұлы, Б.Айбасұлы, Е.Байғасқаұлы, С.Садуақасұлы, А.Досжанқызы, М.Саматұлдарымен бірлесе үлкен маңызы бар саяси іс-шараны өткізгенін айрықша атауға тиістіміз. 1918 жылдың мамыр айында Омбы қаласында қазақ жастарының Бүкілелдік бірінші съезі ұйымдастырылды. Оны өткізуді «Бірлік» ұйымының жастары мойнына алды. Съезге қазақ даласының түкпір-түкпірінен делегаттар шақырылды. Олардың ішінде М.Әуезов сынды оқыған, көзі ашық азаматтар да болды. Жиынның ұйғаруы бойынша қазақ жастарының басын біріктіретін ортақ ұйым дүниеге келді. Оның атын делегаттар «Жас азамат» деп бекітіп, осы аттас газетті шығаруды қолға алды. Аталған газеттің редакторлығына Қ.Кемеңгерұлы сайланды.
«Жас азамат» газетінің қазақ тарихындағы орнын ғалым Д.Қамзабекұлы өз зерттеулерінде жақсы ашады. Аталған газеттің бірінші санында М.Жұмабайұлының «Жастарға» атты өлеңі жарияланып, оның алдынан автор қазақ жастарына төмендегідей үндеу сөз тастайды: «…Жастар! Алда жүрген, алаш жолына аянбай қызмет қылған адал жүрек ағалардан үлгі-өнеге алыңдар. Елдіктен, ерліктен айырылып, екі жүз жылдай еңсесі түскен елді ойлаңдар. Күнді – түн, жақыныңды – жат, пайданы – зиян деп жүрген толық саяси құқықтарын іздеп алуға ер жетіп, есі кірген елді ойлаңдар». Газеттің осы санында Қ.Кемеңгерұлы: «Түбінде қазақтан капиталистер шыққанда, фабрика-зауыт көбейгенде, тұрмыстың өзін де тап-тапқа бөлер, оған шейін социализм күйін күйлемей тұра тұрайық. Бұқарашыл орыс қиялиларының жеке дара ұстаған жалпы бақыт-махаббатына көтермеші болмай, таза Жапонияның жолымен жүріп, бірлік-берекеден айырылмай, ұлтшылдықты сақтау керек. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген аталарымыздың алтын мақалын естерімізден шығармайық», – деп туған халқына тоқтау айтады, азаматтық пікірін көсем сөз арқылы жеткізеді. Қайраткер бұл мақаласында қазақ халқына социализмнің ауылына жетуге әлі ерте екенін түсіндіріп, тапқа бөлінген орыс халқынан жаман үлгіні алмауға, бірлік-берекеден айырылмауға, Алаш көсемдерінің салған ізімен жүруге шақырады. Байқап қарасақ, екі арыстың бір газеттің бір санында жарық көрген еңбектеріндегі ойлары ортақ, пікірлері бір. Мағжан ақын өзінің атақты «Мен жастарға сенемін» атты отты өлеңін де алғаш рет Қошке редактор болған осы «Жас азамат» газеті арқылы елге жеткізді.
Қ.Кемеңгерұлы 1920 жылы Омбы губерниялық білім беру бөлімінде қырғыз-қазақ секциясының мектептен тыс білім беру инструкторы ретінде қызмет істейді. Омбы облыстық мемлекеттік архивінде «Омбы губерниялық білім беру бөлімі» деп аталатын қорда Қ.Кемеңгерұлы туралы деректер бірнеше істе кездеседі. Ағартушы Омбы білім беру бөлімінде 1920 жылдың бесінші сәуірінен 1921 жылдың бірінші қаңтарына дейін қызметте болады (Омбы облыстық Мемлекеттік архиві. 318-қор, 1-тізім, 73-іс, 8-б.). Аталған қорда Қ.Кемеңгерұлымен бірге М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы бір мезгілде жұмыс атқарғанын растайтын деректер бар. Мағжан секция бөлімінің меңгерушісі болып 1920 жылдың оныншы мамырынан 1921 жылдың он бесінші ақпанына дейін қызмет істейді.
Мәскеуде оқып жүрген Мағжан «Алқа» әдеби ұйымын құруды жоспарлап, оның «Табалдырық» бағдарламасын жазғаны белгілі. Бағдарламаның мазмұнын талқылауға Ташкент, Орынбор, Семей, Қызылжардағы қазақ оқығандары қатысты. Соның ішінде Қ.Кемеңгерұлы да болғанын бүгінде архив құжаттары дәлелдейді. Қошке 1937 жылы ату жазасына кесілгенде оған қойылған айыптың бірі – «Алқа» платформасына қатысқандығы болатын.
Қазақ поэзиясының ХХ ғасырда жасаған ең ірі өкілдерінің бірі Мағжан Жұмабайұлының есімі көзі тірісінде-ақ аңызға айналды. Оның әдемі лирикасы қазақ әдебиетін үлкен сатыға көтеріп, поэзия жанрына төңкеріс әкелді. Ақынның қуатты да көркем, идеялық мазмұны күшті шығармалары арқылы бірнеше буын қазақ оқырманы тәрбие көрді. Оның ниеттестері мен қарсыластары жауһардай жырларын сүйсініп оқыды, одан ғибрат алды. Сонымен қатар, көзі тірісінде жалғанның жақсылығын аз көрген, тоғышарлар мен пендешілікке бой алдырған көре алмаушылардың құрбанына айналып, ауыр тағдырды басынан кешкен, «сұм өмірі абақты болған» ақын да – Мағжан Жұмабайұлы. Жалған дүниеден азаппен, қорлықпен, жаламен қуылған, кінәсіз ату жазасына кесілген ақиық ақынның аяулы есімі тағы жарты ғасыр бойы әдейі қараланып келді, өлеңдері оқырманға жеткізілмеді. Тірісінде өзі, өлгеннен кейін есімі мұнша қиянат көрген қазақ әдебиетінде, әлем әдебиетінде Мағжандай ақын өте сирек.
Еркін ойлау заманы орнағаннан бері Мағжан ақынның жанашырлары, шын зерттеушілері, іздеушілері көбейді. Ол игі жұмыс, алдымен, қазақтың өзі үшін қажет. Алайда, ақынның жұмбағын толық ашып болған жоқпыз. Оған жаңа ой, тың пікір білдіре алатын азат рухтағы зерттеушілер қажет. Бұрын ағаттық жасадық, қателескен екенбіз, енді ақын аруағының алдында кешірім өтінеміз деушілердің сөздеріне әділ баға беретін де күн келді. Мұндайда Міржақыптың:
Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде.
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып Алаш жүргенде.
Бұл күнгі көп көсемдер
Сұраймын сонда қайда едің?! – деген өлең жолдарын еріксіз еске аламыз.
Мағжанның азаматтық тұлғасын, ақындық күш-қуатын шын бағалай білген, поэзиясының құбылыс екендігін көзі тірісінде мойындаған, оның қиын-қыстау заманда жанашыры, ниеттесі болған адамның бірі – Қошке Кемеңгерұлы. Қаламгер Қ.Кемеңгерұлы өзінің көркем әдебиет мәселелері туралы жазған мақалаларында, зерттеу кітаптарында Мағжанның ардақты есіміне кір келтірмейді, рухани мұрасына объективті әділ баға береді, керісінше оны мейлінше қорғауға, таяз ойлайтын сыншылардан арашалауға тырысады. Сыншы «Көркем әдебиет туралы» деп аталатын айтыс мақаласында С.Мұқановқа былай жауап береді: «Сәбиттің ойынша, ақын тегінде үйренумен, атақты жазушылардан үлгі алумен суретші болатын көрінеді. Мен де (мақтанып жіберейін) бір қазақтың баласындай орыс әдебиетімен таныспын, өлең жазу әдісін де білемін, бірақ қанша тырбансам да Мағжандай болатын емеспін. «Кім… би болғысы келмейді, бірақ бола алмайды» дегендей, талайлар Мағжандай болғысы келеді, бірақ талантында кемістік болатын шығар».
Мағжан мен Қошкенің ой-аңсары бір, ниеті ортақ. Олар адамзатты таланттар мойындатады, ұлтты тұлғалар бастайды деп сенді. Ақын Мағжан Абылай хан, Баян батыр, Кенесары хан, Наурызбай сұлтан сынды талай тарихи тұлғалардың бейнесін өлең сөзбен өрнектеді, олардың көркем әдебиеттегі өлмес образын жасады. Сол арқылы ұлы тұлғалардың ардақты есімін халық жадында мәңгі қалдыруға тырысты.
Қ.Кемеңгерұлы Мәскеуден 1924 жылы жарық көрген «Қазақ тарихынан» атты кітабында: «Кенесары қалың қауымға қауға түскен бір шағым оттай болып, халықтың толқынын көтеріп жіберді… Халық қаһарманы Кенесары мен Наурызбай өлген соң қазақ елі жылдың оны өткенде мүлде жуасыды», – деп қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін бастаған көсеміне өзінің әділ бағасын береді. Осы орайда белгілі әдебиетші ғалым А.Ісімақова былай деп жазады: «Қазақ әдебиетінде, елдің тарихында тұңғыш рет Кенесары ханға «Халық Қаһарманы» деген бағаны Қ.Кемеңгерұлы берген. ХХ ғасыр басында Кенесарының атын атауға тыйым салынған Голощекин заманында адамзат тарихы деңгейінде ұлттық тарихқа әділ баға берген Алаш әдебиетшісі Қ.Кемеңгерұлының тарихи тұлғаға әділ атақ беруінің өзі ерекше ерлік екенін ескерсек, бұл бүгінгі тәуелсіз елдің қазақтары үшін әділ ғалымдықтың үлгісі болып қала бермек» (Ісімақова А. Алаш әдебиеттануы. – Алматы: Мектеп, 2009. 335-336-б.б.).
Қ.Кемеңгерұлының жары – Гүлсім Жәмиқызы (1904-1988) жолдасы атылғаннан кейін қуғын-сүргін қасіретін, абақты мен айдаудың бәрін көрді. Ол қолындағы үш баласын жеткізіп, жолдасының ардақты атына кір келтірмей өмірден өтті. Сол кісі Мағжанның зарлы өлеңдерін, қилы тағдырын үнемі айтып отыратын.
Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
Қарашығым, құлыным деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым…
Ас бола ма сасық сорпа, қара нан?
Алма бетте қалмады ғой ыстық қан.
Қоңырау қағып, оятады ақырып,
Тым болмаса сібірлеп те атпай таң, –
деген Мағжан ақынның өлеңдерін біз алғаш рет аяулы әжеміздің аузынан естідік. Сол кезден бері Алаш рухы бойымызға сіңе бастады, сол уақыттан бері Алаш мұратымен жүріп, Алаш жолын зерделеуге ден қойдық.
Мағжан Жұмабайұлы мен Қошке Кемеңгерұлының өмір жолдарынан, жазған еңбектерінен ұлтқа риясыз қызмет істеудің үлгісін байқаймыз. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысының да істеген ерен қызметі, жазған құнды мұралары – ұлт-азаттық күрестің өзіндей бағалануға тиісті ғажап құбылыс.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент.
Бөлісу: