Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Жамбыл Жабайұлы
Жамбыл Жабайұлы (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені. Шыққан тегі – Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы.
Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық –жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. М. Әуезовтың «қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері ХІХ ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның өзге өңірлерін ертерек шарпыған отаршылдық ел ішінің дәстүрлі қалпына өктемдігін жүргізіп, шырқын бұзып үлгергенде, Жетісу алабы әзірше қағаберісте еді. Екіншіден, бұл өңірдің ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәстүрі шын мәнінде ХІХ ғасырдан бергі жерде айрықша биік өреге көтеріліп еді. Осы кезеңде Жетісуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуі, Біржан, Шашубай, балуан Шолақ сияқты дауылпаз әнші-ақындардың келуі, Таластан – Жалайыр Түбектің келуі, оңтүстіктен – Майкөт пен Майлықожаның келуі, Атыраудан – Құрманғазының келуі, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебіне деген ұмтылыстарына байланысты еді.
Осындай өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған . Ол бозбала шағының өзінде ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал –құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Бұлар ғана емес қырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшылармен өнер өрелестіріп, қырғыздың көл-көсір поязиясынан тағылым алады, ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі. Жамбыл енді ақындық суырыпсалмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлап, ақындық жыраулық өнерін соны қырымен таныта бастайды.
Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар- үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмәрә тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді. Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады.
Жамбыл - әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда , халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» - деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл - жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.
Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі. 1945 жылы 22 маусымда Жамбыл дүние салды.
1946 жылы ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның жүз жылдығын салтанатпен атап өтті. Мерейтойына қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялык жинағы орыс және қазақ тілінде басылып шықты. Жамбыл Жабаев Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Көп оқылғандар
Мұхтар Мағауин: Абайдың белгісіз әңгімесі
09.08.2022
3956
Жас жігітке өмір туралы ашық хат
08.08.2022
1273
Ар ұстанымы, имандылық және серт
08.08.2022
778
Абай шығармаларының түпнұсқадан аударылуы
10.08.2022
592
Серіктің жыр сапары
12.08.2022
355
Жантас Еркін. Лиза
13.08.2022
247
Күліп отырып, күрсінесіз бе...
03.08.2022
5597
Мұхтар Мағауин: Абайдың белгісіз әңгімесі
09.08.2022
3956
Акутагаваның әңгімесі
05.08.2022
2816
Құндыздың жүрегіндегі көбелек
21.07.2022
2585
Нұрлайым Батыр. Салынбай қалған портрет
01.08.2022
2464
Дүниенің кем-кетігін түгендеген
28.07.2022
2233
Ілекең феномені
04.08.2022
1835
Нұрбек Мырзабекұлы. Көлеңкелі өмір
19.07.2022
1832
Көркем әдебиеттегі қара шаңырақ пайымы
28.07.2022
1746
Ықылас Шалғынбай. Қиялда аққан өзен
26.07.2022
1689
Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылық өнері туралы
05.08.2022
1663
Өлең-жырлардағы жылан бейнесі
02.08.2022
1470
Ерлан Аманқожа. Қаламыңның ұшында тұрған өлең
23.07.2022
1390
Сенің алтын тұяғың бар, самға енді Көкмойнақ
19.07.2022
1372