Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
С
Сағат Әшімбаев

Сағат Әшімбаев

Сағат Әшімбаев (1947–1991) - 1 мамырда Алматы облысы, Райымбек ауданында (бұрынғы Нарынқол ауданы) дүниеге келген. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Баспасөз бетіне оның алғашқы тырнақалды мақалалары 1966–1967 жж. аудандық «Советтік шекара», облыстық «Жетісу» газеттерінде жарияланды.

Еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкерлігінен бастаған ол кейін сол бөлімнің меңгерушісі болып істеді. 1973 жылы «Жас Алаш» газетінен «Жұлдыз» журналына сын және библиография бөлімінің бөлім меңгерушісі болып ауысады. Ол біраз жыл бойы осы әдеби журналдың алқа мүшесі болды. 

1976–1979 жж. «Жас Алаш» газетінде редактордың орынбасары болып істеді. 1974 жылы жарық көрген «Сын мұраты» атты алғашқы кітабына Қазақстан Жастар одағының (Қазақстан Ленин комсомолының) сыйлығы берілді (1976).

1979–1980 жж. «Жалын» баспасында қызмет істеді. 

1980–1986 жж. Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау жөніндегі агенттіктің (ВААП) Қазақ бөлімшесінің бастығы. Осы жылдары қоғамдық негізде тағы бірқатар қызметтерді қоса алып жүрді: Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің алқа мүшесі, КСРО Жазушылар одағы жанындағы сын кеңесінің мүшесі болды. 1986–1991 жж. Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болып қызмет істеді. Ол 80ші жылдардың басынан теледидарда «Жүректен қозғайық» атты бірнеше жылға созылған тізбекті бағдарлама жүргізді. Өзі теледидарға қызметке келген соң, осы хабарлардың өзектес заңды жалғасы ретінде «Парыз бен қарыз» атты авторлық бағдарлама енгізіп, оны бірнеше жыл тұрақты түрде жүргізіп отырды. Қазақстаннан тыс тұратын қандастарымыздың арасында түсіріп қайтқан «Қауышу» хабары да кезінде өте жоғары бағаланды.

С.Әшімбаевтың негізгі тақырыбы – сын жанры. Оның қаламынан туған зерттеуталдау тұжырымы, көңілге қонымды сын мақалалары мерзімді баспасөз бетінде жүйелі жарияланып тұрды.

Туған жері Райымбек ауданында өзі оқыған мектебі С. Әшімбаевтың атымен аталады. Алматы қаласындағы бір көшеге оның есімі берілген. Қазақстан Журналистер одағы тағайындаған С. Әшімбаев атындағы ең үздік телехабарларға берілетін жүлде бар.

Шығармалары: «Сын мұраты». Әдеби сын мақалалар. «Жазушы», 1974; «Талантқа тағзым». Әдебисын мақалалар. «Жазушы», 1982; «Парасатқа құштарлық». Әдебисын мақалалар, портреттер. «Жазушы», 1985; «Шындыққа сүйіспеншілік». Әдебисын мақалалар, портреттер, эссе. «Жазушы», 1993; «Ақиқатқа іңкәрлік». Әдебисын мақалалар. «Ана тілі», 1997; 2 томдық шығармалар жинағы. Портреттер, зерттеулер, толғаныстар. Астана, «Елорда», 2006; Азаматтыққа адалдық. Әдебисын мақалалар, зерттеулер, толғаныстар. Астана, «Раритет», 2007.

Көп оқылғандар