Ғайсағали Самиғоллаұлы СЕЙТАҚ

Ғайсағали Самиғоллаұлы СЕЙТАҚ 1958 жылы 1 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылында дүниеге келді. Ол – М.Горький атындағы (қазіргі Жәңгір хан атындағы) Орда орта мектебінің 1976 жылы түлегі. 

Бітірген оқу орны:

1980 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогика институтының (қазіргі М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ) филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы:

1980-1982 жылдары Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. 1982 жылдан облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Бүгінгі таңда – «ҚазАқпарат» ұлттық ақпарат агенттігінің БҚО бойынша меншікті тілшісі.

Қоғамдық жұмысы:

Облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы тәртіптік кеңесінің мүшесі болды. 

Өңірдегі әдеби-мәдени іс-шараларға жиі қатысып, Қазақстанның өркениетті даму жолы, атқарылып жатқан игі істер туралы және қоғамды ізгілендіру, бейбіт өмір мен әділдікті қолдау бағытындағы ой-пікірлерін алға тарып отырады.

 

Шығармашылық жолы:

Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі. 1987 жылы бір топ өлеңдері «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енген. Әр жылдары «Маңдай» («Жалын», 1990), «Аман бол, атамекенім» («Дастан», 1996), «Нарынның нар ұлдары» («Жазушы», 1998), «Ай-арудың алқасы» («Өлке», 2001), «Тек пен тамыр» («Арыс», 2005), «Жақыным менің – жалпақ ел» («Сөздік – Словарь», 2007), «Қасиет қонған қара жер» («Арыс», 2018), «Қасиет қонған қара жер» (жаңартылған басылым, «Қазақ кітабы», 2020), «Жығылмас жалғыз бар туым» («ШұғылаПринт», 2023) жыр кітаптары жарық көрген.

Өнер жолындағы жетістіктері:

1987 жылдың қорытындысы бойынша үздік топтама өлеңдері үшін республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың және спорт журналистері арасында 2015 жылғы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты. 

Қадыр Мырза Әлі атындағы мүшайраның бас жүлдегері. Қазақ радиосы ұйымдастырған «Қазақстаным – қара шаңырағым» және облыстық «Орал өңірі» газетінің 90 жылдығына орай өткізілген «Жайық жырлайды» республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2024). «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісімен (2026) марапатталған.

 

Мемлекеттік марапаттары:

«Құрмет» орденінің (2026), «Ерен еңбегі үшін» медалінің (2016), «Қазақстан тәуелсіздігіне – 10 жыл» және «Астанаға – 10 жыл» мерекелік медалінің иегері.

Ақынның өлеңдеріне белгілі композиторлар Донеділ Қажымов, Қырымгерей Қажымов, Еркін Нұрымбетов, Қуандық Мәдір және басқа өнер қайраткерлері ән жазды.
 

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan