Басты бет
/
Авторлар
/
Көмек Ыбрайұлы

Көмек Ыбрайұлы

 

Өмірбаян

Көмек Ыбрайұлы, 1950 жылы 26 наурызда Маңғыстау ауданы, Тиген елді мекенінде дүниеге келді. 1957 жылы Шайыр сегізжылдық мектебіне оқуға барып, 1961 – 1965 жылдар аралығында Т. Г. Шевченко атындағы мектеп – интернатта тәрбиеленді. 1967 жылы Тұрыштағы Сам орта мектебін бітіріп, үш жыл Маңғыстау совхозының науқанды жұмыстарында еңбек етті. 

1970 жылы Шымкент педагогикалық мәдениет институтының мәдени – ағарту факультетіне оқуға түсіп, 1974 жылы мәдени қызметкер және ұлт – аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығы бойынша бітіріп келіп, жаңадан құрылған Бейнеу ауданы мәдениет үйінің директоры болып тағайындалды.

Аудан мәдениетін дамытуға атсалысып, ең алғашқы «Арай» вокалды – аспапты ансамблін құрды.

1975 – 1976 жылдары армия қатарында болып, Отан алдындағы борышымды өтеп келді.

1977 жылдан бері Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында Амангелді атындағы сегізжылдық, Маңғыстау ауданында Онды орта, С.Жанғабылов орта, Ақтау қаласындағы №20, №21 орта мектептерінде саз пәнінен сабақ берді. 

2013 жылы зейнетке шығып, қазір № 28 «Балдәурен» бөбекжайында музыка жетекшісі қызметін атқарады. 

1991ж. тұңғыш өткізілген аудандық «Жыл мұғалімі» сайысының жеңімпазы болды. Осы жылы ұстаздық көп жылдық еңбегі бағаланып, «ҚазССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды және ән – саз пәні бойынша педагогикалық іс тәжірибем облыс көлемінде екі рет кітапша болып таратылды. Отыз жылдан аса ұстаздардың облыстық біліктілік арттыру институтында әріптестеріне ән – саз пәнінің әдістемесі бойынша дәріс берді. 

 Ұстаздық жұмыспен балалар ақындығын, сазгерлікті қатар алып келе жатыр. 

Балаларға арнап жазған, республикалық әр түрлі баспалардан шыққан. жиырма алты кітабы бар. Оның ішінде «Ақ бұлақ» атты таңдамалымның I және ІІ томы Алматы қаласындағы «Баянжүрек» баспасынан жарық көрді. 1 – сыныптың «Сауат ашу» және 3 – сыныптың «Қазақ тілі» оқулығына өлеңдерім, 2 – сыныптың «Музыка» оқулығына әні енгізілді.

Балаларға арналған және эстрадалық жанрда жазылған 300 дей әндері, 54 күйім кітап болып шықты. Әндерінің сөзін де, сазын да өзі жазады.

 «Ән шырқайық, балалар!» атты үнтаспам (диск) 2014ж. Алматы қаласы, «Қазақ толқыны» студиясынан қызы Ибраева Нұрдананың өңдеуімен шықты.

Әндерін республика сахналарынан, радио, теледидардан Лұқпан Жолдасов, Ақылбек Жеменей, Айжан Нұрмағанбетова, Нұрлан мен Мұрат, Айгүл Қосанова, Асқар мен Асанәлі Көшеровтер, Айсұлу Құдабаева, «Қоңыр» тобындағы Жазира сынды белгілі әншілер мен «Заман», «Самал», «Самға» топтары орындап жүр. 

 Бес баланың әкесі. Жолдасы – Байжан Гүлсара Құсайынқызы ардагер ұстаз, «ҚР Халыққа білім беру ісінің үздігі» (1991ж.). 

Республиканың, облыстың, қаланың қоғамдық, мәдени өміріне белсене араласып келеді. 

Мерейлі мереке, маңызды шараларға байланысты гимндер жазды:

1. «Дарынды ұрпағымыз бабалардың» (сөзі мен әні: К.Ыбрайұлынікі) атты жалпы білім беретін мектеп оқушыларының республикалық пәндік олимпиадасының Әнұраны, 2009.

2. «Қазақстан –Ақтау гимні» (сөзі мен әні: К.Ыбрайұлынікі) Маңғыстау облыстық телеарнасына 40 жыл толуына орай, 2010ж.

3. «Ақ жол» Жастар қанаты» жастарының Гимні» 2016 жыл.

4. «Жас жасақшылар гимні» (сөзі мен әні: К. Ыбрайұлынікі) - Қызылордада өткен республикалық жас жасақшылар сайысында гран-при алды, 2020ж.

5. «Жас қанат» мектеп оқушыларының гимні(сөзі мен әні: К.Ыбрайұлынікі), 2025ж.

 Өнерге баулыған шәкірттері өте көп.

Республикалық жыр – терме байқауының жеңімпазы, қазір саз пәнінің ұстазы, сазгер, әнші Шалабаев Қондыбай, республикалық күйшілер сайысының лауреаты Денебаев Алмаз, Беларуссияда әншілер байқауында II орын алған Бектұрғанов Жігер (қазір Маңғыстау өнер колледжінің ұстазы, әнші), Астанада өткен «Тазша бала –2006» сайысынан Гран – При алған Мөңке Сұңғат (марқұм боп кетті), Италияда өткен әншілер сайысында I орын алып, Алтын Медальмен оралған Түнбай Айдана, Республикалық «Бозторғай» ән байқауының және Голливудта өткен өнер додасының жеңімпазы Сатыбекова Мадина, сондай-ақ қыздарым: ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі», «Жыл адамы - 2024» марапатына ие болған, әнші, ақын, сазгер Ыбрай Нұрзада, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» Мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің әртісі, Өнертану ғылымының магистрі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық байқаулардың жүлдегері, қобызшы, ақын, сазгер Ибраева Ботагөз, «Арай», «Жас қанат» халықаралық фестивальдерінің дипломанты, қазір Талғар мәдениет үйінің қызметкері, әнші, вокалист – ұстаз, концерт жүргізуші Ибраева Нұрдана сияқты шәкірттері бар. 

 Еңбектегі жетістігі үшін алған марапаттары.

 Халықаралық марапаттар:

  1. 2006-2009 жж. Балалар әдебиеті шығармашылығы бойынша Алматыда өткен Халықаралық «Дарабоз» жабық бәйгелерінде жүлделі орындарды иемденді.

  2. 2020 ж. «Есті көктем самалы» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды (Алматы қаласы. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет) 

 Республикалық марапаттары:

  1. 1992 ж. «ҚазССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды (Халыққа білім беру ісінің орынбасары Б.Сапарбаев). 

  2. 2015 ж. жас ұрпақты өнерге баулып, патриоттық тәрбие берудегі еңбектері үшін «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалімен марапатталды (ҚР«Ақжол» КДП төрағасы А.Т.Перуашов).

  3. 2016ж. жастардың қоғамдық жұмысына белсене араласып, «Ақ жол» Жастар қанаты» жастарының Гимнін жазғаны үшін Алғыс хатымен марапатталды (ҚР «Ақжол» КДП төрағасы А.Т. Перуашов).

  4. 2016 ж. Қосай атаның 500 жылдық мерейтойына шығармашылығымен үлес қосқаны үшін облыстық «Қосай ата» медалімен марапатталды («Қосай ата» қоғамдық қорының төрағасы С. А. Төленов). 

  5. 2017 ж. Білім беру саласында еселі еңбегі үшін ҚР «Ұстаз жолы» қоғамдық Қорының Алғыс хатымен марапатталды (ҚР «Ұстаз жолы» қоғамдық Қорының президенті Ә. Тәжібай).

  6. 2020ж. ҚР «Мәдениет саласының үздігі» медалімен марапатталды.

  7. 2025ж. «Qazaq radiosy» мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірлескен жобасы саналатын «Әншуақ» республикалық қазақ тіліндегі балалар әндері радио фестиваліне белсене атсалысып, еліміздің балалар әндерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды.(Астана, «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Н.Кушеров)

  8. 2025ж. «Әншуақ» қазақ тіліндегі балалар әндері фестивалі аясында өскелең ұрпақтың шығармашылығын дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және ана тілімізге деген сүйіспеншілікті арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды. (Астана,ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директорының м.а. Д.Садвакасова)

 Облыстық марапаттары:

  1. 2014 ж. Біліктілік арттыру жүйесіндегі сапалы қызметі үшін және көп жыл бойы ұстаздарға ән саз пәні бойынша лекция оқып, әдістемелік көмек көрсеткені үшін «Өрлеу» Біліктілік арттыру орталығы Маңғыстау облыстық институтының медалімен марапатталды (директоры И.Т.Джумағалиева). 

  2. 2015 ж. «Армандаған мамандық» атты облыстық жанұялық конкурсқа қатысып, Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды (Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б. Нұрғазиева).

  3. 2018 ж. Ақтау қаласының «Құрметті азаматы» (Ақтау қаласының әкімі Ғ. М. Ниязов) марапатына ие болды. 

  4. 2025 ж. Бейнеу ауданының «Құрметті азаматы» (Бейнеу ауданының әкімі Р. Шалбаев) марапатына ие болды.

 Шығармашылық – есептік концерттері:

Кездесу – поэзия кештері өте жиі өткізіледі. Айына екі–үш кездесу анық болып тұрады. Негізгі аудиториясын құрайтын балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері. 

2005 жылы Н. Жантөрин атындағы драма театрында облыс тұрғындары алдында шығармашылық есеп беріп, «Сағымсың ба сен!» атты әдеби – музыкалық кешін өткізді.

2017 жылы Бердіхан Әлменнің «Сөз бен саз» бағдарламасымен шығармашылық–есептік концерті өтті.

2023 жылы Бердіхан Әлмен «Сөз бен саз» бағдарламасы аясында Астана қаласында Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шайыр ауылынан шыққан төрт ақын – сазгер – шығармашылық кешін өткізді.

2025 жылы Ақтау қаласы әкімшілігі және Ақтау қалалық білім бөлімінің басшылығымен қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен 75 жасқа толуына орай қаламгер шығармашылығынан «Өлең – жүректің үні» атты әдеби – музыкалық кеш өтті.

2025 жылы Бейнеу ауданы әкімшілігі ұйымдастыруымен 75 жасқа толуына орай қаламгер шығармашылығынан «Бар менің қос қанатым» атты әдеби – музыкалық кеш өтті. Осы жылдың аяғында облыстық әкімшіліктің қолдауымен, облыстық мәдениет және спорт басқармасы мерейлі мерекеме байланысты шығармашылық-есептік кешін өткізуді жоспарлап отыр.

 Жарық көрген кітаптары:

1. «Көжек» Алматы, «Жалын» баспасы,1982 жыл.

2. «Көбелек» Алматы, «Жалын» баспасы,1985 жыл.

3. «Сыйлық» Алматы, «Жалын» баспасы,1987 жыл.

4. «Сиқырлы үшбұрыш» Алматы, «Жалын» баспасы,1991 жыл.

5. «Қызық шұжық» Алматы, КазПолиграфцентр, 1999 жыл.

6. «Мейрам ай» Алматы, «Жамбыл» баспаханасы, 2000 жыл.

7. «Жетіген» Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі,2001 жыл.

8. «Тапқырлық»Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі,2001 жыл.

9.«Апа,туған күніңмен!» балаларға арналған ән кітабы. Алматы, «Өнер» басп. 2004ж.

10. «Жиделер гүлдегенде» күйлер жинағы. Алматы, «Нұрлы әлем» басп., 2008ж.

11. «Ақбұлақ»Таңдамалы. І том. Алматы, «Баянжүрек» баспасы, 2010 жыл.

12. «Ақ кеме» әндер жинағы. Алматы, «Баянжүрек» баспасы, 2010 жыл. 

13. «Көкпар» Алматы, «Баянжүрек» баспасы, 2013 жыл.

14. «Бәйге»Алматы, «ҚАЗақпарат» баспасы, 2013 жыл. 

15. «Наурыз» балаларға арналған ән кітабы. Алматы, «Баянжүрек» басп., 2015ж.

16. «Ақбұлақ» Таңдамалы. ІІ том. Алматы, «Баянжүрек» баспасы, 2016 жыл.

17. «Суайттар» Алматы, «Нұрлы әлем» баспасы, 2017 жыл.

18. «Әдемі тас» Алматы, «Нұрлы әлем» баспасы, 2017 жыл. 

19. «Қонақбай Ата» соавтор Г. Байжан. Алматы, «Баянжүрек» баспасы, 2018 ж.

20. «Есті көктем самалы» Алматы, «Баянжүрек» баспасы, 2019 жыл.

21. «Жауқазын» балаларға арналған ән кітабы. Алматы,«Информ » басп.,2020 ж.

22. «Перне ғұмыр» күйлер жинағы. «Информ – А» баспасы, 2020 жыл.

23. «Шуақ», «Таймас» баспа үйі, Алматы, 2021 жыл. 

24. «Қайырлы таң», «Нұрлы әлем» баспасы, Алматы, 2022 жыл.

25. «Ізгілік нұры», «Информ – А» баспасы, Алматы, 2023 жыл.

26. «Ауылым – алтын бесігім», «Информ – А» баспасы, Алматы, 2025 жыл.

27. «Әй, суайттар-ай», «Информ – А» баспасы, Алматы, 2025 жыл.

28. «Қош келдің, көктемім!» «Информ – А» баспасы, Алматы, 2025 жыл.

 Ән – жырымен, күйлерімен, аңыз – ертегілерімен тек облыс емес, республика балаларын рухани байытып, тәрбиелеп келеді.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Халыққа білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ақтау қаласының «Құрметті азаматы» , Маңғыстау ауданының «Құрметті азаматы», Бейнеу ауданының «Құрметті азаматы» 

.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan