Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Мір Шайыр

Қазіргі қазақ әдебиетінің эстетикалық байлығы мол, көкжиегі кең деп білсек, талантты ұлт қаламгерлерінің әрқайсысы шын мәніндегі қайталанбас тұлға ретінде дара-дара. Сондай дара тұлғалардың бірі – әдебиет сүйер қауымға кеңінен танымал ақын, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мір Шайыр – Мырзағали Іңірбаев әдебиетімізге соны үлес қосып келе жатқандар қатарынан. Мір Шайыр 1952 жылы 19 қыркүйекте әулиелер мекені Маңғыстаудың жәннат жері Шайырда діни білімді еңбеккер отбасында дүниеге келген. Қашаған, Закария сынды дүлдүл аталарымыздың жырларын үлкендер тәрбиесінен бала кезден жаттап өскен ол сөз өнерінің құдіретін ерте сезеді. Шығармашылық еңбек жолын 1973 жылы Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетінде әдеби қызметкерліктен бастаған ақын ҚазМУ-дің журналистика факультетін, Алматы Жоғары партия мектебін бітірген, сондай-ақ техникалық және әскери-саяси білімді. Ұзақ жылдар журналистік, партиялық саяси қызметтерде болып, халық тарихы мен өмірін білгірлікпен, жанашырлықпен зерттей, оны өркендетуге құлшына жүреді.

Көп оқылғандар