Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Ж
Жүкел Хамайұлы

Жүкел Хамайұлы

Жүкел Хамайұлы 1958 жылы 20 мамырда Монғолияның Қобда аймағының Бұлғын ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Монғолия Жазушылар одағының жанындағы Жоғары әдебиет кафедрасының поэзия бөлімін, 1995 жылы Дания-Монғолия халықаралық журналистика курсын аяқтаған. 

1979–1984 жж. Монғолия Жастар одағының мәдениет-оқу орталығында, 1987–1990 жж. Монғолия орталық радиосының редакциясында арнайы тілші, редактор, «Рух» үнпарағының Бас редакторы, 1990–1991 жж. «Әлем» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, қазақ тіліндегі «Шарапат» газетінің Бас редакторы, 1995–2000 жж. «Қазақ Елі», «Ана тілі» апталықтары мен «Қазақстан тарихы», «Ислам әлемі» журналдарында бөлім меңгерушісі, 2004 жылдан «Алатау» апталығында бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен.

Баспасөз бетінде алғаш рет 1979 жылы көрінген. 80-жылдардан бастап монғол тілінде жазатын ақын, аудармашы ретінде танылды. Шығармаларын монғол, қазақ тілдерінде жазады. Жекелеген туындылары орыс тіліне аударылған. Көптеген қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын монғол тіліне аударған. Монғолия ұлттық Жазушылар одағының мүшесі. 

Абай Құнанбайұлының толық шығармаларын монғол тіліне көркем аударғаны үшін Түрік тілдес халықтар ІІ поэзия фестивалінің лауреаты болған.

«Шуақты сезім» (1986), «Жылу, сәуле» (1987), «Топырақ-тозаң» (1989), «Ақтық сөз» (1992) ұжымдық жинақтарына өлеңдері енген. Құран сүрелерін, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін, Сейітхан Әбілқасымұлының «Қара боран» романын, М.Егеуханның «Ару арманы» жинағын, Махамбет Өтемісұлының жырларын, Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс ханның шарапаты» шығармасын, Жамбыл Жабаев, Ақыт Үлімжіұлы, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменовтің шығармаларын монғол тіліне аударған. Х.Пэрлэнің «Көшпенділер тарихын көне таңбалар арқылы зерттеу», А.Амардың «Моңғолдың қысқа тарихы», Лұбсанданзанның «Ежелгі хандар негізін салған төрелік жосығы» туындыларын, У.Уйтмен, А.Мачадо, О.Дашбалбар, Ж.Болд-Эрдэнэ, Мэнд-ООЕО, А.Чакраворти, И.Хистің шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Көп оқылғандар