Базарбек Түкібаев
Түкібаев Базарбек Әмірбекұлы (Балапан БАЗАР) - 1960 жылы 14 тамызда Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында туған. 1967 жылы аудан орталығындағы Жамбыл орта мектебіне бірінші сыныпқа барып, 1977 жылы бұрынғы В.И.Ленин, қазіргі Шәмші Қалдаяқов атындағы орта мектепті бітірген. Мектеп бітірген соң екі жыл – 1977-1979 жылдары аудандық Шәуілдір автотранспорт кәсіпорнында жүргізуші болып еңбек етті. 1979 жылы КазГУ-дің даярлық курсына түсіп, 1980 жылы журналистика факультетіне қабылданған.
1985 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітіргесін республикалық «Жаңа фильм» – «Новый фильм» журналында редактор (1985-1987жж.), С.Мұқанов мемориалдық музей-үйінде кіші ғылым қызметкер, аға ғылыми қызметер (1987-1989 жж.), Алматы облысы Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінде редактордың орынбасары (1989-1991жж.), ОҚО Отырар аудандық «Отырар алқабы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгеруші (1991-1992жж.), республикалық «Жас қазақ» газетінде жауапты хатшы (1992-1996жж.), республикалық Қазақ радиосында Ақмола облысы бойынша меншікті тілші, Қазақ радиосы Астана студиясының бас редакторы (1997-2001, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшының орынбасары (2001ж.), ОҚО «Оңтүстік» радиосының бас редакторы (2002-2003жж.), «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы («Қазақстан-Шымкент») директорының орынбасары – бас редактор (2003-2009жж.), республикалық «Тәлімгер» газеттер бірлестігінің директоры – бас редактор (2009-2011ж.ж), Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінде жауапты хатшының орынбасары (2011) секілді бірқатар жауапты қызметтер атқарған.
2011 жылдан Астана қаласында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия –Ақпарат» орталығында бас маман – жетекші журналист болып қызмет істейді. 2015-2018 жылдар аралығында Журналистика және саясаттану факультетінің «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасында телерадио журналистикадан сабақ берді және 2013-2016 жылдар аралығында Халықаралық «Мәңгі Ел» тарихи-танымдық журналының қазақ редакциясын басқарды.
Б.Ә.Түкібаев Қазақстан Жазушылар одағы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай республикалық БАҚ арасында «Казтрансойл» жариялаған байқаудың І орын иегері (2001 ж.), ОҚО «Жылдың үздік журналисі» (2009 ж.), Республикалық «Тәуелсіздік толғауы» байқауының лауреаты (2016 ж.), «Қазақ журналистикасының қайраткері» (2021 ж.) «ҚР Ақпарат саласының үздігі» (2021 ж.), «ҚР Мәдениет саласының үздігі» (2021 ж.), «Күлтегін» (2021 ж.), «Гумилев» (2025 ж.), «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» (2021 ж.) медалінің иегері. Ол «Аудитория», «Кеш жарық», «Қарлығаш», «Өнер өрісі» ұжымдық және жеке «Айып етпеңіз», «Баққараған» кітаптарының авторы. Сондай-ақ, «Қазақ радиосының» Алтын қорындағы «Тәуелсіздік», «Аққан жұлдыз», «Пәк сезім», «Оңтүстігім киелі», «Журналистер», «Құрдастарым елуде» секілді бірнеше ән мәтіндерінің авторы.
Базарбек Әмірбекұлы публицистикалық және сатиралық шығармаларымен оқырманға танылған, қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасында өз қолтаңбасы бар қаламгер. Туған ел мен жер алдындағы азаматтық борышын адал атқарып жүрген Б.Түкібаев қоғамдық өмірде белсенді, қаламы қарымды, жан-жақты шығармашылық иесі, әдебиеттегі алдыңғы аға-буынның ақ батасын алған ол, ізін жалғаған іні-қарындастарына кісілік келбеті, адамгершілік ажарымен қадірлі.
Отбасылы. Бір ұл, бір қыз, екі немересі бар.
Ұялы: 8777035 45 12
Бөлісу:
