Қалаубек Тұрсынқұлов (1934–2009) 25 наурыз күні Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы Шарболат ауылында туған.
1953–1957 жж. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында оқып, орыс тілі мен әдебиеті мамандығын алды.
1957–1959 жж. өзі оқыған Ленин атындағы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
1959–1961 жж. Қазақстан ЛКЖО Қаратас аудандық комитетінің бірінші хатшысы, 1961–1963 жж. Оңтүстік Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1966–1969 жж. Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарады.
1969–1972 жж. Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, 1972 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ұйымдастыру жөніндегі хатшысы, 1992–1997 жж. Мемлекеттік телерадио компаниясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары секілді жауапты жұмыстар атқарды.
Алғашқы шығармаларын елуінші жылдардың екінші жартысында жазды. «Қалкен Шарболатұлы» деген атпен «Кәпірзада» пьесасы, әңгіме, повестері баспасөзде жарық көрді. Алғашқы әңгімелер мен повестер жинағы «Алысқа тартқан жол» 1969 жылы шықты. «Арман азабы» пьесасын, «Есіңде ме сол бір кез», «Хал қалай, жолдас хатшы», «Кешіккен хат», «Анды-Қарағыз» повестерін, «Поляр шеңберінің маңында», «Олар оралған жоқ», «Сардана мен қызғалдақ», «Қазығұрт: аңыз бен ақиқат» секілді роман-эсселер жазды.
К.Яшеннің пьесаларын, Р.Файзидің «Айналайын атыңнан» романын, Ғ.Гулямның «Ташкенттіктер» романын, И.С.Тургеневтің «Бейбақ», С.Даниловтың «Мангары» повестерін, Л.Н.Толстойдың әңгімелерін, және басқа да жазушылардың шығармаларын аударды. Жекелеген повестері орыс, украин, белорус, чех, өзбек, тәжік, якут, татар, башқұрт, армян, т.б. тілдерге аударылған. Өзбек тілінде 3 кітабы, саха тілінде 3 кітабы, Мәскеу баспаларынан 3 кітабы жарық көрген.
Екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Саха Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Саха Республикасы Мемлекеттік сыйлығы мен Эрлик Эристин атындағы әдеби сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері.