Әбдіжәміл Нұрпейісов
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов (1924-2022)
- 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып жүрген суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
Ата-тегіне тоқталсақ, Арал маңын ежелден қоныс еткен. Жетінші атасы Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туған. Осы үшеуі, Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім қыран салып саяттаған, ауылнай қызметін атқарған кісі. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеген. 1944 жылдың 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапқан.
Жазушы өзі туралы сыр- сұхбатында: «Біздің ру Жақайым, одан Бәйдібек, одан Бәйімбет шығады. Бәйдібек батырлау, бір тайпа елдің басшысы, көсемі болған кісі. Әбілқайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай айшайысып жүретін өркөкірек, өзімшіл жан болыпты. Орыс офицерінің жазуында 1745 жылы қайтыс болды делінген. Батырды жерлеуге Нұралы хан және Есет батыр келіпті.
АЛтыншы атамыз Қалдан жуас, қой аузынан шөп алмас момын кісі болыпты. Дегенмен, өз жөнін ақылына бағындырып отырады екен. Бесінші атамыз Арғынбай заманында би болған, сөз білетін, от ауызды кісі деседі. Бірде жол жүріп келе жатқан Арғынбай ауыл шетіндегі үйге келіп түседі. Үй иесі дастархан жайып: “Ареке, алдыңызға жібек дастарқан жайдық, зерен қойдық, сол зерендегі асқа ат қойып ішіңіз”, – депті. Ыдыстағысы боза болса керек. Сонда Арғынбай тұрып: “Мынау мойтап деген ас екен, Ішіп ал да ой тап деген ас екен, Ақылды ішсе – дана болатын ас екен, Ақымақ ішсе – диуана болатын ас екен”, – деп сусынды ерніне тигізіп, қайтарып беріпті деседі. Арғынбайдың басында құлпытас бар, оны баласы Сыланбай кірешілерге ілесіп Орынборға барған кезінде әкеліп орнатқан. Сыланбайдан – Нұрпейіс, Нұрпейістен – Кәрім, Кәрімнен – өзім. Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: “Қай күні тудым?” – деп сұраған едім, “Оны қайтесің?” – деді. “Комсомолға өтейін деп едім”. “Ит біліп пе. Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін”, – деген еді жарықтық. Нұрпейіс екі сайлауда болыс болған, екінші сайлаудың ортасында мешіт ұстаған. Имамы Бұқарадан бітіріп келген Үмбет ақын. Беларан деген аласа тау бар. Қатпар-қатпар тас, алқа бел ұзын, бір тұмсығын теңізге сұғып жатады. Сол жердегі ауылда оқыдым. Бізде Арқадағыдай аштық болған жоқ, теңіз жағалап балық аулағанның өзегі талмайды екен. Зәт дегеннің үйін жалдап оқыдық. Кейде әйелі шығып: “Бүгін сабақ болмайды. Қожайын ауырып қалды”, – дейтін. Ол күні қуанып үйге қайтамыз. Ақерке есімді сұлу апайымыз сабақ берді. Нұрпейіс ерте 53 жасында қайтыс болды. Қаңтарда әжем бақилыққа аттанды. Мен де шешемді мойындаған жоқпын. Нұрпейістің кенжесі болып өстім. Сол жылы өзім жалаңаяқ болған соң мектепке бармадым. Келесі жылы 2-сыныптан оқыдым. 3-сыныпты Құландыда, 4-сыныпты Көкаралда бітірдім. Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-сыныпта интернатта жаттым», – дейді.
Сәбит Мұқановтың “Адасқандар” мен “Жұмбақ жалауы”, Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романының алғашқы екі кітабы (эпопеяның екінші кітабы кейіннен шықты), Сервантестің “Дон-Кихот” романының қазақша аудармасы қол сөмкемізден түспеуші еді”.
10-сыныпты оқып жүріп повесть жазғалы бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды.» – дейді жазушы естелігінде.
1942 жылы орта мектепті тәмамдасымен армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты. Ә.Нұрпейісов естелік кітабында өзі туралы былай сыр шертеді : «Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды. Аштықта есектің етін жегендер де болыпты. Мектепте оқып жүргенімде күнде маған сүтке салып, бір кесе сөк беретін. Әкемнің екі әйелі болды. Кешқұрым туыстар біздің үйге жиналатын. Көшелі атамыз кіріп келіп, екі келіні тазалап отырған шикі қаздың басын алып, тұмсығынан ұстап, аузына салып, ұзақ талмап шайнайтыны есімде қалыпты. Бұл аштықтың тіршілігі еді. 1943 жылдың наурыз айында лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқыттым. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын, – дейді жазушы.
1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріскен. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқыды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп,оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың иегері атанды. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы да болып қызмет істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланды. 2000 жылдан бастап ПЕН клубы жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы да. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Атап айтсақ, Француз Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыздық Шыңғыс Айтматов, башқұрттық Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф Шрейдер, қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, т.б. ол туралы тебірене жазды.
Қуатты қалам иесінің жазып жүрген естеліктері де көркем мемуарға жаңа леп әкелді. Қаламгердің жанкештілігі сондай, дүние жүзіне әйгілі шығармаларының өзін әр басылымы сайын қатаң сын тезіне салып, ұштап, сүргілеп, қырнап, мінеп отырады. Бұл – көркем сөз құдыреттілігі алдында бас ию деген сөз. Әдебиетке сүйіспеншілікті, ар ісіне берілгендікті ұлы Абай айтқан «жар ісіне» теңгеру, «қорлығына», «мазағына», “азабына көну”. Әдебиеттің жауапкершілігі зор дүние екендігін байыбына бара түсінгендік болып табылады.
«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.
Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері.Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер : Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.
2022 жылы 5 ақпанда дүниеден озды.
Көп оқылғандар
Жадыра Шамұратова. Жеңеше
Өмірзақ Қажымғалиұлы. Сергу
Ақжан Аманжол. Біз неге жаздық тағдырсыз өлең...
«Ауылым» әнінің авторы өмірден озды
Көкбөрі Мүбарак. Ырғақпен сөйлеген ақын
Әбіш Кекілбаевтың «Дәурен кешкен» жыр жинағы жарық көрді
Жақсының көзі. Салтанат Мұстафина. Б.Майлиннің шөбересі
Юй Хуа. Соқыр ішек
Таулықтың жары (авар ертегісі)
Маржан Ершу. Пишта
Эрих Фромм "Еркіндіктен қашу"
Әмірхан Балқыбек. «Тәураттағы» баба түркі іздері
Абай университетіндегі «Латын» ғылыми-практикалық зертханасы
Сауытбек Абдрахманов. Құран және Пушкин
Жексенбай Қайыпұлы. Дүниені бағамдасаң биіктен...
Екеудің Эмиль Чоран жайлы әңгімесі
Қос шынар
«Менің бақытым алған атақтарым мен марапаттарымда емес...»
Гүлжамал Майлина. Аяулы жолдас, адал жар
Бір күні бәріміз оянармыз
Айбек Оралхан. Менің хан апам...
Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» жинағы жарық көрді
Талапбек Тынысбек. Шығыстың қоңыр аюы...
Жасанды интеллект және әдебиет
Жақсының көзі. Дәнел Әлкейқызы Марғұлан
Қуандық Түменбей. Социалистік бәсеке
Ясунари Кавабата. Аригато