Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Қ
Қазыбек Нұрқасым

Қазыбек Нұрқасым


1936 жылы 1 мамырда Іле қазақ автономиялы облысына (ҚХР) қарасты Текес ауданының Шетмыс деген жерінде туған. 1957 жылы Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасыми атындағы педагогикалық училищені бітірген соң, Тарбағатай аймағына қарасты Шиху аудандық орта мектебінде 1961 жылға дейін мұғалім болған. 1956-60 жылдары Шыңжаң педагогикалық институтында сырттай оқыған.


1962 жылы ата-анасымен бірге Отанына оралды. 1968 жылы ҚазМҰУ-дің филология факультетін бітірген. «Жазушы» баспасында корректор, «Жалын» альманахында проза бөлімінің меңгерушісі, 1976 жылы «Жалын» баспасында аға редактор болды. 1983 жылдан 1987 жылға дейін шығармашылық жұмыста. 1987 жылдан 1990 жылға дейін Қазақстан Жазушылар одағы сын, проза секцияларының кеңесшісі және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Одаққа мүше қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 1991 жылдан еларалық «Заман-Қазақстан» газетінің тілшісі, кейін халықаралық «Түркістан» газетінің әлеуметтік және рухани мәселелер бөлімінің бастығы, 2003 жылдан бері «Жалын» журналының бөлім редакторы болып істейді. «Ақ ешкі» атты тұңғыш әңгімесі 1969 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жарық көрді. Х.Абдуллиннің «Қияндағы қырандар», М.Зұлпықаровтың «Зиян тартқан қари», «Сапар», Т.Тохтамовтың «Соңғы толғақ», «Бүлдірген сай», «Шатқалда түйіскен жол», А.Әшіровтің «Нұр ана», Ж.Мұсаевтың «Өшпес іздер» шығармаларын аударған.


Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2009), «Райымбек» ауданының Құрметті азаматы.


Шығармалары: 


Тұсаукесер. А., «Жазушы», 1972; Шалғайдағы мектеп. А., «Жазушы», 1974; Бейтаныс. А., «Жалын», 1976; Ағайын. А., «Жалын», 1982; Ауылдағы ағайындар. А., «Жазушы», 1988; Ой таразысы. А., «Жазушы», 1991; Сын охотника. М., «Советский писатель», 1990; Дала өрнектері. А., «Балауса», 1994; Алтын орданың құрылуынан құлауына дейін. А., «Рауан», 1998; Мемлекет туралы ойлар. А., «Жазушы», 1998; Тасада қалған тарландар. А., «Білім», 2003; Халық сүйген қаламгер. А., «Өлке», 2006; Біз оралман емеспіз. А., «Жазушы», 2008. 


Құрастырған және аударған кітаптары:

Қырғыз жазушысы Ш.Сәдуақасов «Айна» (Балаларға арналған әңгімелері). А., «Жалын», 1985; Сәлемдеме (Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр, қытай жазушыларының әңгімелері). А., «Жазушы», 1989; Орамал (Қазақстан жазушыларының әңгіме, повестері). Үрімжі, Шыңжаң халық баспасы, 1990; Қырғыз халық ертегілері: «Тапқыр бала». А., «Жалын», 1991; Мың бір хадис. А., «Жазушы», 1994.

Көп оқылғандар