Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Н
Нұржан Наушабайұлы

Нұржан Наушабайұлы

Наушабаев Нұржан (Нұрмұхамбет) (1858, қазіргі Қостанай облысы Алтынсарин ауданы  – 1919) – ақын. Діни-ағартушылық бағыттың көрнекті өкілі. Анасы Қадишадан (Шал ақынның қызы) жастайынан айырылған ол нағашыларының қолында тәрбиеленген. Троицк қаласында З.Расулов медресесінде білім алған. Жастайынан араб-парсы тілдеріндегі кітаптар мен татар, башқұрт жазушыларының шығармаларын оқыды, әнші, сері, балуан атанып, дидактик. үлгідегі нақыл, терме, толғау, мысал және назым, ғақлия жырларын жазды. Оның 40 шақты өлеңі мен айтыстары “Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы” (1903), “Маңзұмат қазақия” (1903), “Алаш” (1910) атты жинақтарында Қазан қаласында басылған. Наушабаев өлеңдерінің негізгі тақырыбы – өнер-білім мен адамгершілік қасиеттерді насихаттау. “Заманның қалпына айтылған сөз”, “Тақпақ”, “Терме”, “Леп ұрған жігітке” өлеңдерінде, сондай-ақ А.И. Крыловқа еліктеп жазған “Түлкі мен әтештің хикаясы”, “Өгіз бен есек”, т.б. мысалдарында адамның мінез-құлқы мен жамандық-жақсылық, әділдік жайын, замана бағытын, қоғамдық құбылыстарды сипаттады. Адам бойындағы қараулық, дүниеқорлық, тойымсыздық көріністерін сынады. Дидактикалық жанрда жазылған “Қырық тілек” атты 13 жұмбақтан тұратын ғақлия өлеңі көркемдігімен ерекшеленеді. Қоғамдық жайларды исламдық тұрғыдан таразылап, діни өлеңдерінде Құран Кәрімнің маңызын, қасиетін түсіндіруге талпынған ақын мұсылманның парыз-уәжіптеріне талдау жасайды (“Қырық парыздың баяны”, т.б.). Наушабаев шығармаларында татар ақыны, әнші Сапарғали Қуанышұлымен жұмбақ айтысының орны ерекше. Хат үлгісіндегі жазбаша сөз сайысында қарсыласы тарапынан қойылған 25 жұмбаққа Наушабаев тапқырлықпен жауап беріп, білімдарлығын көрсеткен. Айтыс көркем тілімен, заман ағысы мен қоғамдық өзгерістерді шебер бейнелеуімен құнды. Айтыс мәтіні 359 жолдан тұрады, алғаш “Манзұмат қазақия” (1903) кітабында, кейін “Айтыс” жинағының 2-томында жарық көрді. Ы. Алтынсаринге арнаған өлеңінде ағартушының еліне, замандастарына өнеге көрсеткен биік азаматтық тұлғасы айқын көрініс тапқан. Өлеңнің 3 шумағы Ы. Алтынсарин құлпытасына қашап жазылған. Ақынның “Көкем-ай”, “Көңіл ажар”, “Жан сәулем”, “Асылай”, “Мұқидаш”, “Бес тілек”, т.б. әндері ел арасына кең тараған.

Көп оқылғандар