Алтынбек Құмырзақұлы

Алтынбек Құмырзақұлы
Рейтинг: 5
Өмірбаяны

Алтынбек Құмырзақұлы – әдебиет тарихшысы, журналист, тарихшы

1990 жылдың 22 қарашасында  дүниеге келген. ҚР Жазушылар және журналистер одағының мүшесі. ҚР Ақпарат саласының үздігі. ҚР Президентінің алғыс хат иегері. «Шапағат» медалінің иегері. 

Жеті жасында Қарқаралы ауданы Көктас аулындағы №4 орта мектептің  бірінші сыныбына қабылданып, Қарағандыдағы Н.Нұрмақов атындағы дарынды балалар мектебін тәмамдаған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін, аталған университеттің магистратурасын тәмамдаған. «Журналистика» мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің докторанты.

Ғылыми мектебі: ф.ғ.д., профессор, Жандос Смағұловтың  жетекшілігімен «Науан Хазірет: тарихи тұлға және көркем образ» тақырыбында бакалаврлық диплом жұмысын қорғады.

Ф.ғ.д. профессор, айтыскер ақын Қойлыбай Асановтың жетекшілігімен «1986-1996 жылдардағы ұлттық публицистиканың саяси тақырыптары»  тақырыбында диссертация қорғап, «Журналистика» мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі академиялық дәрежесін иеленді.

Әдеби-ғылыми нысаны: әдебиеттану, әдебиет тарихы.

Ғылыми-зерттеу нысаны: Әдебиеттану методологиясы мен теориясы, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының мәселелері.

Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы «Арқа ақшамы» аймақтық газетінде тілші болып бастады. «Suqbat.kz» интернет-жобасының жетекшісі, жоба авторы, «Ruh.kz» порталының бас редакторы м.а., «Дәстүр» республикалық журналының Астана қаласындағы меншікті тілшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ғылыми қызметкер, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Жобалық кеңсе (ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы) жетекшісінің орынбасары, Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының ғылыми қызметкері, қазіргі уақытта «Qazcontent» АҚ «Қазақстан тарихы» интернет-жобасының Бас редакторы. 

 Шығармашылық еңбектері

Көркем әдеби шығармалары: Алғашқы әңгімелері Қарағандыдағы  «Жастар әлемі», «Тіл және рух» журналдары мен «Арқа ақшамы» газетінде жарияланған.  Ғ. Мұстафин атындағы прозаиктер байқауында арнайы сыйлықпен марапатталып, әңгімелері байқау жинағына енген. 

Ғылыми бағыттағы кітаптары: «Нар тұлға Науан хазірет» (2023), «Бай-Өлкедегі күйшілік мектеп» (2022) (А. Байтанмен бірге), «Моңғолия қазақтарының сыбызғышылық өнері (2024) (А. Байтанмен бірге), «Науан хазірет – Күрескер тұлға» (2025) ғылыми-танымдық, көркем әдеби еңбегінің авторы. 

Ғылыми бағыттағы ұжымдық еңбектері: «Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесі: тарихы мен тағылымы (1920-1930 жылдар)» (2022) атты ұжымдық монография авторы, «NDH Digest» (2018) тарихи-танымдық кітаптың құрастырушысы, «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және тәуелсіздік құндылығы» (2016) атты ұжымдық конференция жинағының құрастырушысы.   

Ғылыми экспедициялық сапарлары: 

 «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» халықаралық экспедициясының ұйымдастырушысы (Қазақстан – Ресей – Моңғолия, 2023);

«Алаш жолымен» халықаралық экспедициясының ұйымдастырушысы (Астана – Мәскеу – Рязань – Санкт-Петербург, 2023); 

«Алаш жолымен» халықаралық экспедициясының ұйымдастырушысы (Астана – Анкара – Стамбұл – Алматы, 2024); 

«Алтай мұрасы» халықаралық экспедициясының мүшесі (Қазақстан – Ресей – Моңғолия, 2016)

«Шоқан ізімен» халықаралық экспедициясының мүшесі (Қазақстан – Қырғызстан, 2018)

 «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Алтай мұрасы», «Астанадан Семейге дейін...», «Ұлытау», «Сыр Алаштың - анасы» сынды республикалық, халықаралық экспедициялардың қатысушысы әрі ұйымдастырушысы болды.                                    

 Шығармашылық жетістіктері

А. Құмырзақұлы – қаламы  жүйрік журналист, проза тақырыбында қалам тербеген. Әңгімелері мен публицистикалық еңбектері газет-журналдар мен кітаптарға жарияланған. Сондай-ақ жас зерттеушінің ғылыми-танымдық, әдеби-сыни зерттеу жұмыстары мен мақалалары республикалық, халықаралық басылымдарда жиі жарияланып келеді. 50-ге жуық ғылыми мақала авторы. Қазақ тарихында есімдері атаусыз қалған Сәбит Дамола (Зуқа батырдың әкесі), Науан хазірет, Шәймерден Қосшығұлов, Смағұл (Қырыққанбас) батыр, Байтайлақ батыр, Мұстақым Малдыбай сынды тарихи тұлғаларымызды қалың көпшілікке таныстырып, олардың атына көше, ескерткіш соғу жұмыстарына үлес қосып келеді.  «Алаштың ақ жолы» атты халықаралық байқауының жеңімпазы (Астана, 2017); ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпазы; 2012 жылы «Мен - Қазақпын» жалпыоблыстық байқауының «проза» номинациясы бойынша жеңімпазы; Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan