Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
З
Зейін Шашкин

Зейін Шашкин

Зейін Жүнісбекұлы Шашкин  (31.12.1912, қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданы — 29.3.1966, Алматы) — жазушы. 1930 — 1933 жылдары Мәскеудің Тарих, философия және әдебиет институтында (МИФЛИ) оқыған. 1933 — 1937 жылы Қарағанды қалалық комсомол комитетінің хатшысы, Семей педогогиялық институтында, ҚазПИ-де (қазіргі ҚазҰПУ) оқытушы, 1949 — 1955 жылдары Көкшетаудағы Бурабай санаторийінің Бармашы (қазіргі “Светлый”) пансионатында дәрігер, ал 1955 — 1956 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші қызметтерін атқарған. 

Шашкин Зейін Жүнісбекұлы баспасөзде алғаш өлеңдерімен, зерттеу мақалаларымен 20 ғасырдың 30-жылдарынан бастап көрінді. 1934 жылы “Абай поэзиясының ерекшелігі” атты еңбегі жарияланды. Е.Ысмайыловпен бірігіп жоғары оқу орындарына арналған “Әдебиет теориясының оқулығын” (1940) жазды. Кейін Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ ауылының тарихи-әлеуметтік халі әрі 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалыс, жеке адамдардың жан дүниесі, олардың дүние танымы суреттелген “Таң атты” (1955, орыс тілінде), “Ұядан ұшқанда” (1957), сондай-ақ халықтар достығы, замандастарының өмірі, туған жерге деген сүйіспеншілігі тартымды бейнеленген “Темірқазық” (1959), “Өмір тынысы” (1964), “Ақбота” (1966) повестері мен әңгімелер жинақтары, Жетісудағы саяси-әлеуметтік өзгерістерді кезең көрінісімен шынайы өрнектеген “Тоқаш Бокин” (1958), қазақ әйелінің қоғамдағы алатын орны, оның өндірісті, өнер-білімді, мәдениетті өрге бастаудағы және отбасындағы рөлі, әлеуметтік, этикалық, эстететикалық көзқарастары баяндалатын “Теміртау” (1960), адамдар санасындағы және тұрмыстағы жаңа салт, озық дәстүрлерді таратудағы зиялы қауымның рөлі, дәрігердің қоғам алдындағы парызы, басшы қызметкерлердің еңбек адамдарымен қарым-қатынасы, өзара сенім, достық, бірлік рухын қалыптастырудағы өнегесі айшықты кестеленген “Доктор Дарханов” (1962), тың және тыңайған жерлерді игерудің алғашқы кезеңіндегі көрген қиыншылықтары, ой-арманы, адамгершілік асыл қасиеттері арқау етілген “Сенім” (1966) романдары жарық көрді.

 “Заман осылай басталады”, “Ақын жүрегі” пьесалары республикалық, облыстық драма театрларда қойылды. Оның шығармалары негізінде “Мазасыз таң” атты көркем фильм түсірілді. Туындылары шет ел тілдеріне аударылды. “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған.


Көп оқылғандар