Алтыншапақ Хаутай
Ақын Хаутай Алтыншапақ 1990 жылы Моңғолияның Қобда аймағында дүниеге келген. 2007-2011 жылдар аралығында Баян-Өлгей аймағының № 5 аға мектебінде білім алған. 2007-2011 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін оқып, тәмамдады. 2011-2013 жылдары осы университетті ары қарай жалғастырып, педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Республикалық, халықаралық көптеген жыр мүшайраларының жеңімпазы. «Азаттығым – ғажап күнім», «Жаңа ғасыр жырлайды», «Тау мен өзен жырлары», «Алтын тұғыр» атты жыр антологияларына өлеңдері енген. 2010 жылы Алматыда қалалық студенттер арасында өткен «Поэзияға көктем келді» жыр мүшайрасының бас жүлде иегері. 2010 жылы Астана қаласында Мәдениет министрлігің ұйымдастырумен өткен «Туған тілім - тұғырым» атты халықаралық жыр мүшайрасында ІІ орынға ие болған. 2011 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық жас қаламгерлер фестивалінде үздік шығып, мемлекеттік тапсырыспен кітап шығаруға жолдама алды. Осы фестивальде Қадыр Мырза Әлі атындағы сыйлыққа ие болды. 2012 жылы Әдебиеттің маңызды түрлерін басып шығару бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен «Қаламымнан сағынышым сырғанап...» атты жыр жинағы жарық көрді. Сол жылы Дүниежүзі қазақтары құрылтайының халықаралық өнер фестиваліне қатысқаны үшін дипломмен және сол жылы ХV халықаралық «Шабыт» фестивалінен поэзия номинациясы бойынша грамотаға ие болды.
2015 жылы республикалық «Еліме келіп елеулі болдым» атты жыр мүшайрасында І орынға ие болды. Осы жылы «Қамшы» порталының өткізген «Қазақ хандығына 550 жыл» атты бәйгесінде «Жасын ғасыр» поэмасы арқылы «Үздік поэзия» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болды. 2016 жылы Алматы қаласының 1000 жылдығына орай өткізілген «Ару қала – Алматы» атты республикалық жыр мүшайрасында ІІІ орынға ие болды. Сол жылы Тұңғыш Президент күніне арналған қалалық жас ақындар мүшайрасында екінші орынға ие болды. 2016 жылы «Ауыл» партиясының алғыс хатымен сыйланды. 2018 жылы Таңжарық Жолдыұлының 115 жылдығына арналған халықаралық жыр мүшайрасында ІІІ орынға ие болды. 2019 жылы Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына арналған мүшайраның арнайы жүлдесіне және «Құлагер - қаламгер» медаліне ие болды.
2021 жылы мемлекеттік тапсырыспен «Ай шапағы» кітабы жарық көрді. 2022 жылы Қырғызстан Республикасының «Туран биримдиги» «Мыкты калемгер» медалына ие болды.
Мерзімдік басылымдарда өлеңдері жиі жарық көреді. Өлеңдері түрік, қырғыз, ұйғыр, моңғол тілдеріне аударылған. Бірнеше ән мәтіндерінің авторы. Ақынның шығармашылығына арналған бірқатар радиохабарлар бар.
Бөлісу:
